Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПОЭЗИЯ
/
Мерей Ақылбек. Үнсіз кеңістік...

Мерей Ақылбек. Үнсіз кеңістік

02.02.2026

4664

Мерей Ақылбек. Үнсіз кеңістік - adebiportal.kz

Жаңа поэтикалық кезең келді. Қазақ ақындарының қырық жылғы ізденісі енді ғана жемісін бере бастағандай. Кейінгі жастардың ойлау ағыны мен эстетикалық танымы осындай ойға жетелейді. Бұл тұтас жас перілер туралы сөз. Мерей Ақылбек сол жас перілердің бас нояндарының бірі. Бір ерекше мінезі алға шығуға ентелемейді екен. Қашанда өз әлемін қызықтап оңаша жүреді. Сондықтан ата газетке өлеңін өзім сұрап алдым. 

«Үнсіз кеңістік» атты поэтикалық цикл жеке тұлғаның жалғызсырауының тереңіне жасырылған ұлт жадының жан айқайы. Иесіз үй, тастанды бақ, ескі терезе, көне есік, бәрі де, үнсіздіктің мұнарына сіңіп, уақыттың шаңына көмілген аяулы аңсар. 

Сондықтан да бұл циклде басты персонаж - кеңістік пен уақыт. Сол екеуінің қиылысындағы белгісіздік ақынның жүрегін тырнап, көңілін алай-дүлей етеді. Бірақ оның өткенге сағынышы ностальгияға ұласпайды. «Көзге жас алмайық» дейді жас шайыр. Өйткені еске алу шерге шомылу емес, өрге ұмтылудың рәуіші.

Жас шайырға кеңістіктерді ашатын бұдан да биік поэтикалық ізденіс пен эстетикалық қуат тілеймін. Үнсіздіктің тілін түсінетін қаламгер көбейсе, әдебиетіміздің кеңістігі кеңейе түсері анық.

                                            Ербол АЛШЫНБАЙ

  Ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері

 

 Бос үйдің тынысы

Бұл үйде енді ешкім тұрмайды.

Тек жел тұрады…

Әр түн сайын есік сықырлап ашылып,

Ішке ескі естеліктер енеді,

Шаңмен бірге тозаң боп,

Көлеңкелердің ішінен жол тауып келеді.

 

Төбеден тозған сәуле құлайды,

Күн емес, кешегі балалық түскендей.

Босағаға сүйенген ескі күртеше

Атамның иісін

Әлі де жасырып тұрғандай.

Кетпеген, кеткісі келмеген…

 

Терезе әйнегі сызылған,

Ішінен емес,

Сыртынан да емес,.

Көктем де бұл үйге енбейді баяғыдай,

Көктем бұл жаққа

Бұрылуды ұмытқан.

 

Ағаш иіскеген мысық қана

Босағаны мекен қылады,

Ол да сенімсіз…

Тым ескі үйдің табалдырығын

Тек құс пен қараңғы ғана

Түземейді.

 

Қабырғада шегесі ғана қалған

Сағаттың орны,

Уақыттың жарасы.

Тілсіз қалып, тоқтап қалған

Сол сағатпен бірге біз де

Кішірейіп кеткенбіз, бәлкім.

 

Мен үйге үңілем,

Үй маған емес,

Мен оған бөтенмін.

Тым ұзап кетіппін…

Сезімнен,

Жылулықтан,

Және…

Бәрінен бұрын өзімнен.

 

Кетейік.

Көзге жас алмай-ақ.

Себебі бұл үй жылау үшін емес,

Еске алу үшін салынған…

Жол бойы үндемей жүрейік,

Құлап кеткен дуал естіп қалмасын…

 

II Тасталған бақ

Бұл бақта енді гүл өспейді…

Тамырлар түбімен жұлынғандай емес,

Бірақ жылаған топырақтың

Жүзіне қарасаң,

Өмірден шаршаған үнсіздік

Жайғасып алған.

 

Шарбақ қисайыпты.

Оны біреу итермеген,

Уақыт итерген.

Ішке кірсең,

Саған бір кездері күлген

Қыздардың дауысы естілетіндей,

Бірақ жаңғырығы жоқ.

 

Жан-жаққа шашылған теректер,

Өзара сөйлескен елестер,

Бәрі де – жалғыз.

Бұтақтарының ұшында

Кешірілмеген сөздер ілініп тұр.

Құс келмейді.

Себебі бұл жер,

Сағыныштың үйіне айналған.

 

Аяғыңның астында

Шіріген алмалар жатыр.

Біреуінің жартысы тістеліп қалған,

Сол бір жаздағы сүйіс,

Естен кетпей қалғандай…

Бақ бізден бұрын ұмытпаған бәрін.

 

Сөрелердегі бос құмыралар

Су сұрамайды.

Өйткені бұл жерде

Үміт суарып тұрмайды ештеңені.

Тек бір мүжілген орындық

Күнге қарап иіліп отыр,

Қартайып кеткен сияқты…

 

Біз бұл бақтан ештеңе алмаймыз.

Керісінше,

Қалдырып кетеміз.

Көзіміздегі ізімен,

Тынысымыздағы салқынмен,

Жүрегіміздегі бір үзіліспен…

 

III  Шаң басқан терезе

Терезе алдында тұрып көрдің бе?

Сыртқа емес,

Өзіңе үңілетіндей боп…

Ішкі беті шаң басқан әйнек,

Жарықты да,

Жадыны да

Кері қайтарады.

 

Сырттан қарасаң,

Бұл үй әлі тірі сияқты.

Қарағай көлеңкесі қозғалып,

Тыныштықты алдайды.

Бірақ ішке кірсең,

Саған ұмтылған

Ескі ауа тұншығады…

 

Терезенің шетінен

Бір тал шыбық иілген.

Көзінде су да жоқ,

Көлеңке де жоқ,

Тек тіршілікке деген

Қайта оянғысы келмеген

Шаршау бар.

 

Кезінде бұл терезеден

Ана қарайтын еді.

Үйге оралмаған

Әкелерге қарап,

Кір жуып жатқан

Жастыққа үміт ілген…

Енді ол көздер - бұлдыр.

 

Перде  жартылай ашық.

Кейде желмен бірге

Біреудің елесі қозғалады.

Сол елес – бізбіз, бәлкім.

Бұл үйге кешігіп келген,

Бірақ ештеңе өзгерте алмайтын…

 

Шаңды сүрткің келер.

Бірақ терезе сенікі емес.

Кілт жоқ, иесі жоқ,

Күтім де жоқ.

Жан тыныштығына жетпей тұрған

Бір жұтым жарық сияқты…

 

IV Соңғы есік

Бұл үйде барлығы жабық…

Тек бір есік сәл ғана ашық тұр.

Жел сәл түртіп өтсе,

Қалтырайды,

Қалқып бара жатқан

Қағаз есік сияқты.

 

Сол есік бұрын

Үлкен тойларға ашылған.

Келін түскен,

Көже ішілген,

Жас босанған әйелдің

Шешесі кіріп,

Көзінің жасын сүрткен…

 

Қазір сол есікті

Тек сағым ғана түртеді.

Сыртында тұрып

Сәлем беретін ешкім жоқ.

Есік ескі,

Ал есте…

Бәрі жаңа еді.

 

Бір табалдырық,

Бір ғұмыр сияқты.

Ішке енсең,

Тыныс тарылғандай.

Шаң…

Тыныштық…

Қуысқа тығылған ұмыт қалған ұрпақ.

 

Есік тұтқасы шала сынған,

Оны біреу жұлқып кеткендей.

Бәлкім, біз кеткен соң

Келген біреу

Ішке енгісі келген шығар?

Кейде бос үйдің өзі де,

Сағынышпен есігін ашады…

 

Есіктің жанында

Қалған аяқ киім жоқ.

Тек бір ұмыт қалған бәтеңке

Мүктің ішінен қарап тұр.

Кімнің? Қашанғы? Не үшін қалған?

Білмейміз…

Бірақ ол да – куә.

 

Соңғы есік…

Сыртқа емес,

Ішке апарады.

Біз сыртында тұрмыз,

Кіргіміз келеді…

Бірақ бұл – үйдің емес,

Жадтың есігі.

 

 V  Уақыттың елесі

Уақыттың елесі жүр есік алдында,

Қоңыр самалдай, байқатпай еседі үн.

Күн сайын сол көше, сол шаңды жолмен

Бізді кешегі күнімен кеселеп жүр.

 

Таныс иіс…

Таныс тастар…

Бірақ ештеңе таныс емес.

Жадыдағы жапырақтар

Бүгінгі талда тербелмейді.

Тек елес…

Тек бір сәттік мұң ғана

Жүрекке кіріп, үнсіз кетеді…

 

Сағат емес,

Қабырғадағы көлеңке жылжиды,

Ол да уақыт,

Ол да бізді іштей қуалап келеді.

Айнаға қарасаң,

Бала кезің жоқ,

Бірақ көз – сол күйі.

 

Уақыт - қатты сөйлемейді.

Бірақ күтіп тұрады.

Кейде есіктің сықыры

Сол бір сәтті қайта әкеледі:

Әжемнің даусы…

Атамның аттаны…

 

Бәрі өтті.

Бірақ әлі жүр.

Себебі уақыт ешқашан өлмейді,

Ол тек елеске айналып,

Жанымыздың көлеңкесін

Үндемей басып өтеді…

 

VI  Сағыныштың ізі қалған кеңістік

Бұл жерден әлдебіреу кетіп қалған,

Бірақ толық кете алмаған.

Із қалған…

Тынысы…

Көлеңкесі…

Түнде күбірлейтін

Әлсіз дауыс қалған.

 

Шаң басқан орындықтың

Қыры сынған.

Бірақ отыруға болар еді…

Қарсы жақтағы терезеден

Сол бір жан қарағандай

Сезіледі…

 

Төсек орны жат емес,

Бірақ иесі жоқ.

Тек жастықтағы ойық

Әлі де біреудің маңдайын аңсап тұрғандай.

Шешіп үлгермеген көйлектей

Сағыныш ілініп қалыпты ілгекке.

 

Бұл кеңістікте үн жоқ,

Бірақ үнсіздік тым көп.

Әр тықыр,

Әр сықыр,

Кешегі сөздердің жаңғырығы.

Тек оларды

Тек жүрек естиді.

 

Біз бұл жерге

Біреуді табуға келеміз,

Ал өзімізді жоғалтып шығамыз.

Себебі

Сағыныштың ізі қалған кеңістік,

Ешқашан бос болмайды.

Ол - сені ішіне жұтады.

 

Кейде үнсіз қарап тұрасың…

Сосын бір қадам шегінесің.

Себебі мұндай орыннан

Аяқ емес,

Жан шегінеді…

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan