Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПРОЗА
/
Мұқан Абдуллаев. Кәріптас...

Мұқан Абдуллаев. Кәріптас

07.11.2025

3429

Мұқан Абдуллаев. Кәріптас - adebiportal.kz

Санасы сан-саққа кетіп талай отырды. Азабы жеңілеймеді. Тереңіне тартып әкете берген. Қойыртпақ. Шығар жол, қылар қайран жоқ. Қаламын құр қармап, әлденелерді жазған болды, қайта сызып тастады. Қалғып кеткен екем дейді. Жар… Қара жол… Шашылған сүйек, шіріген киіз… Жалғыз жаяу кетіп бара жатты. Сосын… шарана, оқпан, қызыл жағалы… Көзін қайта ашты. Дәл сол сурет. Көз алдында қалып қойған, көкірегіне жатталып қалған. Енді сүйкеп жаза бастады. Жаңағы қойыртпақтың бір ұштығы шықты да, сетінеп сия болып құйыла берді… Әуелгі сүлде – жапандағы жалғыз еді.

* * *

Ілініп әрең келеді. Шұлғауы шешіліп түсіп қалған жалаң табанын шеңгел жырып, шөңге кірген. Есі кіресілі-шығасылы. Жанары сөніп бара жатып, жарық дүниені қайта көреді. Көреді де, ұмтылады. Алға. Тапырақтап, тездетіп жүргісі келеді. Басқан ізі кері кетіп, жығылып қала жаздайды. Аспан – ақ селдір бу, көзкөрім жерді өрт шалып тұрғандай, аяғының асты мұнартып барып айқындалған. Әзер келеді. Таңданды. Баяғыда өліп қалса керек еді. Жоқ, тіршілік үшін адам соңғы тамшы қаны кеуіп кеткенше, миының соңғы қыртысы кеберсіп барып семгенше күреседі екен. Жұтынды. Тіршіліктің бір жұтым тамызығы – бір жұтым сілекей жоқ. Қаңсып кетіпті. Ақыры қақырынды. Түк жоқ. Шегі шұрылдады. Қорқырап, өзінше жоқтау айтып барып сап басылған. Өз-өзін қорытуға кіріскен сықылды. Есіркеп бұл нәубеттің қайдан келгенін жете ұқпаған. Және көнекөздердің ешбірінен бұрын бұндай нәубет болыпты дегенді есіткен емес.

Таң ата, жер қарауыта бере әртелден Өскеменді бетке алып жаяу шыққан. Бұрынғы сәл кеңшілік заманда аттыға бес сағаттық жол еді. Шаруасы тығыз қазақ таң қылаңыта сапарлап кетіп, бесін ауа бере елде отыратын. Ал жаяу… Ғұмыры ат үстінде өткен қамсыз қазақ бес сағаттық жолдың жаяуға қаншаға түсетінін есептеп, бас қатырып жатып па? Ендігі жетсе керек еді ғой. Кеш түсіп келе жатқандай, әлде таң қайта атты ма? Батқан күн батысынан қайта шықты ма? Солай-ау, заманақыр… Жоқ, сәске сияқты. «Иә, Құдая, неге қарғап қойдың сен мені?!.». Бар күш-қуаты дауыстап осы сөзді айтқан мезетте-ақ сарып болған сыңайлы. Алға жетелеп, алдап келе жатқан тіршіліктің соңғы жіптігі – соқыр сәуле де жоғалуға айналды.

Сансырап келе жатқан тәнінен жаны ытқып ұшқан-ды, көкірегіндегі бір жылы дем суып бара жатқан-ды. Алдамшы сәуле біржола жоғалғанда күдерін үзіп еді. «Ойпыр-ау… Дүниені алдамшы деп осы үшін атапты-ау… Жер басып, жарық-жалғанға алданып жүргеннің өзі бақыт екен, бәрінің мәні сонда ғана екен!». Арқасын дырау қамшы сойып өткенде барып есін жиды. Әп-сәтте меңіреу қараңғыдан жарыққа шыққан. Жалғыз сәуле емес, дүн-дүние аппақ, соңыра түрлі-түрлі түске енген, жап-жарық екен. Демек, тірі. Бойына қайтадан қан тарады. Не бұл?.. Әлде, адам о дүниеге осылай аттана ма?

Жаңағы қамшы – әзірейілдің асасы болар… Артына бұрылды. Жоқ. Ешкім де, ештеңе де. Қамшы да, жаушы да көрінбейді. Иен. Борсыған иіс лезде лоқсытып жіберді. Аш адам жөнді лоқси да алмайды екен. Аяғының астына қарай бере ұшып түскен. Мүрде. Жоқ, шүберек. Киіз. Енді қараса – киім екен. Дұрысы, кенепке оралудың орнына киімімен қалған мүрде. Ырсиған сүйек, ажыраған ет… Күнес беті шіріп, астында қалған ар жақ жүзі сол күйінде қалған, киізбен киіз болып кеткен тарқатулы қара толқын шашты да аңғарды. Әйел. Иегі шығыңқы, жүзі жүдеу екен. Бауырына қысқан құрым киізі бар, ашып көруге дауаламады. Жүзіне қарап тұра беруге де жасқанып еді. Құндақ қой ол, құндақтағы сүйегі қатпай, буыны бекімей сор кешіп кете барған бейшара ғой ол!..

Бажайлап маңайына енді қарады. Толы адам. Ендігі адам емес – жансыз мүрде. Жолдың екі жиегіне кезекпе-кезек тырапай асқан көрінеді. Қара жолдың үстінде де жатыр. Екі жиекке саптай тұрғызып, бір сәтте атып тастағандай. Шіріген шұлғау, ырсиған сүйек, әлі түгел шіри қоймаған ет… Аспан асты, жер үсті – қоңырсық, жиіркенішті сасық… мүрде… қара жер… тағы да мүрде… меңіреу көк те – өлік, қыбдыр-сыбдырсыз қара жер үсті де – өлік… Есіркеп бойын әзер жиды. Ештеңе ойламауға, аспан астындағы көмусіз қабірханаға көз жібермеуге тырысып бағып. Бірақ, мына аштан шыбындай қырылғандардың несібі артық екен: олар осы ғажапты, осы ғажап-сұмдықты, ғаламат сұмдықты көре алмайды да, ойлай да, елестете де алмайды.

– Құдая, – деді сыбырлап Есіркеп. – Заманақыр ақыретің осы болса – анау жеті қат аспанды аударып, мына өлікке бөккен далаңды көме салшы соныңмен! Көме салшы соныңмен!..

* * *

Оң жақ беткей – етегі тұтасқан қарағайлы биік жар. Сол етектен сылдырап жылға ағып өтеді екен. Тіршіліктің, тірліктің сүйкімді үніндей боп сылдырайды. Есіркеп мұздай судан қанып ішіп, бетін жуып, аз отырған. Көзкөрімдегі қисапсыз мәйітке көз жіберіп. Буалдыр. Көз алды емес, келері. Ертеңі. Ертеңге іліге ме, қазірі. «Сылдыр-сылдыр…», «сылқ-сылқ…». Баяғы, жайлау беттегі күміс бұлақтың күлкісі құдды. Соның өзі болмасын деп те ойлап еді. «Баяғы»… Һеһ, кең, керемет замана екен ғой. Сол күміс бұлаққа келіп, дәретін алып отыратын үлкен әкесі не қилы баян шертетін. Ақсақал құран аударып, хат танушы еді. Әуелі, әпсана аңыздар. Құдай Тағаланың пендесін жаратқаны, ұжмақтағы уақиғалар. Сонсоң, қазақтың қиссалары. Іле өз атасы көрген хан Абылай, өзі шетіне ілінген хан Кене заманы. Бәрі-бәрі ғаламат болып естілетін. Ақсақал ақырында қазірге, одан келешекке сөз шығындайтын. «Қайдам, нәубет заман тумаса…» дегендей. Ол кезде Есіркеп бозөкпе бозбала ғой, әрине, күледі.

«Сылдыр-сылдыр»… «Сылқ-сылқ»… Соңыра, «қыңқ-қыңқ»… Әлдебір дауыс шықты. Ыңылдайтын секілді. Қыңқылдады. Адам… шарана дауысы. Шарана дауысы екенін жылағанынан таныған. Әлде бұның сәл сыбдырынан оянды ма, әлде талықсып жатып тағы бір безілдеуге әлі келді ме, қайдан білсін. Сол, сол. Бақырып жылаған, шақырып жылаған сәби. Жанына араша сұрап жатыр. Әне, қарағайдың бұтағына ілінген құндақ ішінен. Көріп жатыр. Құндақ ауық-ауық тербеледі. Құлап кетердей. «Сорлы, қай сорлы екен бауыр етін салаңдатып қарағайға іліп кеткен?!.». Адам деген… Кейде оны ақтап шығуға жиренесің. Баланың ышқынған үніне құлақ түріп қана жатқан Есіркеп құндақ ілінген бұтақтың астынан ағып тұрған шырышты аңдағанда ұшып түрегелген. Ғайыптан бойына әл-дәрмен құйылып, қоймалжың шырышқа қомағайлана бас қойып еді… Тәтті. Кермек екен. Жоқ, ащы. Дәмнен ада. Баяғы заман болса, шыбын да қонбас осы бәлеге бас қойған өзінен жиренер еді. Қазір осы қышқылтым, қою шырыштан артық азық жоқ. Қоймалжың бастау алған өзектен бас көтере бере, ілулі жаялықтың да тыншығанын көрді. Азар болса, өліп қалған шығар деген. Шетінеп емес, өліп. Мына нәубет өлім атты уын жас-кәріге қарап сеуіп жатыр ма, жоқ; бәрін де өлтіріп, жалмап, жұтып жатыр, бәрі де «өлді», шетінемеді, қайтыс болмады, шаһид кешпеді, о дүниеге сапарламады, бәрі де өлді, өліп қалды, кесім жалғыз – өлім, азаппен келетін өлім. Болды.

«Періште-ай, бақұл бол!» деп бетін сипай бергенде шарана тағы қыңқылдаған. Есіркеп қолын бір сілтеді де, қара жерге қонжия кетті.

* * *

Ұйықтап кеткенін ат дүбірінен оянған соң аңғарған. Дүбір желіске, желіс аяңға ұласып, қалың қарағай ішіне үш атты келіп кірді. Жылғаға жете бере тегіс аттан түсті.

– Алла! – деді Есіркеп әзірейілі жалғыз емес, баяғы үлкен әкесі айтып отыратын мүңкір-нәңкірін ерте келгенін көріп.

– Господи! – деді үш жолаушы иенде кезіккен албастыдан шошып. – Это… человек?! – деді біреуі зәресі кетсе де зәрлі мәнерге салып бүркемелеген үнмен.

– Қазақпысың? – деді екіншісі.

– Ойбай-ау, ағатай, қазақпын!

– Ұлық табарыш, адам екен, адам болғанда – қара қырғыз, – деді маймөңкелеп манағы екінші.

– Сіздер де жолаушы ма едіңіздер? – деді Есіркеп баяғыда Өскеменде жалға жүріп игерген шала орысшаға сап.

– Иә, табарыш. Қалқозға ел қалай ұйысып жатыр, көруге шықтық. «Міне, былай ұйысып жатыр», деп, жол бойында жайрап жатқан ондаған кісінің сүйегін көрсеткісі келіп еді. Күн жарық емес, оның үстіне, бәлелі сөз басымды жұтар деді.

– Жөн екен, – деді оның орнына.

– Ныспың кім болды?

– Есіркеп.

– Исиркап… Иср… Исиркеп, сложно… Жарар.

– Мына кісі – үлкен бастық, Карамзин деген. Анау – милисә, өзім – Тұрар деген боламын. Тілмашпын, – деді манағы екінші, ендігі – Тұрар сөзге жағаласып.

– Ілтифатыңа рақмет.

– Қай әртелдің жамағатысың? – деді Карамзин жайғасып, жантайып жатып, – осында қонамыз, ертең таң азанымен жүреміз, тым кеш шыққан екенбіз, жатар орынға бір қырғыз ауылына ілінем бе деп ем.

– Осы тақаудағы бірінші әртелденмін, ұлық табарыш.

– Қалқоз болдыңдар ма?

– Жоқ әлі.

– Онда, ертең барып, елді қалқоздастырамыз. Орысшаға икемің бар екен, құлақ та емес секілдісің, сені председатель сайласам да жарайды.

– Мың рақмет, ұлық табарыш!

– Әзірге, – деді есінеп, – осында түнеп шығамыз. Ұлық табарыш Карамзин де, мілісә да, соңыра тілмаш та қара жерге жантая кетіпті. Құндақ салаңдаған қарағайдың діңіне сүйеніп отырып, Есіркеп те қалғып кетті.

* * *

Таң рауандап атты. Ерте көктемнің сүйекке жетер салқыны Есіркепті бірден сергіткен. Жылмақай тілмәш мілісә мен Карамзинді оятып жүр. Түнде түрлерін көрмеген еді, тұрпаттарынан шырамытты – плащын жамылған сұңғақ бойлы, сәнімен сақал қойып, мұрт бастырған, қызыл жұлдызды көк фуражкасын көзіне баса киген мына орысың – ұлық табарыш Карамзиннің өзі, қасындағы қызыл жағалы – қатып әскери форма, былғары етік киінген, қолын айқастыра пысылға бас қойған тәпелтектеу, бірақ жуантық кісі – мілісә, әлпетін орысқа ұқсатты, не де болса, славян текті, шені де төмен болмаса керек. Ал қалбалақтап жүрген мына қазақ тілмашқа көңіл аударып қарамады да. Карамзин әуелгі тілмашының «мырза-мырзасымен», кейінгі мілісәсының «табарыш-табарыштауымен» әзер түрегелді. Ұйқышыл кісі екен, қызыл көзіне бірінші іліккен тілмашқа дүрсе қоя берген.

– Ертемен жүріп кетем деген сіз едіңіз, табарыш, – деді мілісә.

– Иә, иә, – деді тілмаш та тапырақтап.

– Өй, ұйқымның садағасы кетсін, – деді көзін қайта жұмып. – Осы жаман қырғызды ел қылып ұйыстырам деп-ақ, түнгі ұйқымнан айныдым, күндіз күйбең кештім. Амалың не, өкіметтің тапсырмасы, жайылып жүрген чуркаларды адам қыламыз деп несі бар екен-ей?!

– Уақасы жоқ, табарыш. Осы жабайы далаға алғаш социализм әкеліп, коммунистік өренге жол ашқан деп төбесіне көтереді әлі сізді. Шүбәңіз болмасын!

– Лайым, лайым. Тұрып, киімдерін қағысып, мұздай суық суға беті-қолдарын шайысқаннан соң, Карамзин қоржынынан жолазығын шығарған. Нан екен. Өзіне бір тілім алды. Мілісәға бір тілім, тілмашқа да біреу. Сосын, ет суырған. Бөліп отырып, жартыға жуығын мілісәға берді. Қазақ тілмаш сұраған да жоқ, оған ілтифат та болмады, ақ нанын былшылдатып жегенді білді.

– Оу, біздің сапарласымыз бар екен ғой, – деді Карамзин манадан бұларға жұтынып көз жіберіп отырған Есіркепті енді аңғарғандай бағжырайып.

– Алыңыз, сізге де қалды. Еттен дәметпеді де. Нан болса…

Карамзин қоржынынан шынымен-ақ нан суырды. Бір тілім. Және оны ет пәршелеген қолымен ұстап отырып, аздап майын жағып алды. Есіркеп Құдайы бергендей тәубешілік айтып, ұлық табарыш өзіне лақтырып кеп жіберген нанды қағып алды да, алғысын жаудырды. «Кең адам екен», деді ішінен. «Бір тілім нан болса да, өмірім бір күнге ұзарды. Тәңірі тілеуін берсін, мың жасасын маған нан берген осы орыс ұлығы! Осы ғой мені ажалдан арашалап отырған!». Осы сәтте ол өзіне ғана емес, тұтас жұртына аштық жасап берген осы секілді дөкірлер десең де, мойындамастай күйде еді. Қалай мойындасын? Аштықтан құтқарған адамды аштыққа ұрындырды деп қаралауға бола ма? Бір тілім нан жұқ болған жоқ.

– Анау сенің дорбаң ба еді? – деді Карамзин еті мен нанын жеп бола бере, кешелі бері талда ілулі тұрған жөргекті нұсқап. Есіркеп бас шайқауға ғана үлгерді. Оның құндақ екенін, аштыққа ұрынған әлдебіреудің жан сауғалап бара жатып, сәбиін осылай кең жөргегімен іліп кеткенін айтып үлгерген жоқ, тіпті оқталып та үлгермеді. Бұл оқталам дегенше Карамзин белдігінен суырып, көздеусіз ата салған наганның оқпанынан балқып шыққан оқ шүберекке дөп тиді де, бұтақтан ұшырып түсірді. Түк жазықсыз, Құдай алдында күнә түгіл қарапайым амалдан ада, бірақ тәкаппар Тәңірінің жазып берген өзгеше тағдырын арқалаған шақалақ осылай үн-дымсыз, таң ата бере атылған оқтан өлді. Әрине, Карамзин білген жоқ.

– Қарынға бірдеңе барған соң бұл да жақсы ермек, – деді оның орнына өзімсініп, өзі қаласа оқпанынан тоқтаусыз жеті оқты кезекпе-кезек бүркетін құдіретті наганын орнына тықпалап жатып.

– Дегенмен, артық шығындап қойдым. Есіркеп жұтынды да қойды. Бейшара сәбиге обал болды… Әйтсе де, манағы бір жапырақ нан аздық қылды ғой деген ауыр ойға ауып кетті. Кешегі өзекке көзі түсіп еді, қарағайдың сарғыш шырышы таңғы салқынмен беті кебірсіп, қатып тұр екен. Түрегеп, әлгіні алақанымен алды да, ұмарлап-жұмарлап, жан қалтасына сүңгітті. Есіркеп тілмашқа мінгесті. Үш ат мінген төрт атты қара жолдың бойымен тартып отырды. Тұлпарының тұяғында тапталып қалып жатқан мүрделерге мән берген Карамзин болмады.

– Біз мына далаға социализм орнатамыз, – деді тек нық сеніммен дауыстап, – ешқандай шығын бұған кедергі бола алмас.

– Сәтсәлійзім деген не? – деп сыбырлады Есіркеп.

– Адамның бәрі теңескенді социализм дейді, – деді білгіш тілмаш.

«Бәрін аштан қатырып онсыз да теңестіріпті ғой», деді ішінен.  «Сәтсәлійзімнің барақатын әуелі мына өліктер көріп жатыр екен, біреуі біреуінен артық емес, бәрі бірдей, бәрі тең, бәрі де ит өліммен өлген бейшара!».

* * *

– Иә, Жасаған, мың шүкір өзіңе! – деді Қанымжан апа қара қазанның ішін жуып жатып. Қазан аспағалы қашан. Бір елі шаң тұрып қапты. Соны асығыс-үсігіс жуады да, қолымен шашыратып төгеді. Шаңы арылып, есесіне түбіне лай су тұнып қалған қара қазанға қайтадан жарты шелек су құйылады.

– Болып қалдыңыз ба? – деді қазанға төне түсіп Ақбидай.

– Ә-ә, болды, шырағым, қазір, тұр, мынаны төгіп жіберейін, үстіңе шашырап жүрмесін.

Қара қазан ақ шаңнан арылған соң, ет салынды. Тек бұл емес, әртел боп бұйығып отырған ауылдың аспанына төрт-бес жерден түтін көтерілген. Оқыстан тірі қалған елдің жаны кіріп, дуылдасып қалып еді. Ағадай мырза ел былығып, бай-құлақты кәмпескелерде қалың жылқыны таудан ары айдатып жіберіп еді. Ол кезде әртел жоқ, ел еркін отырған. Кейін қыспақ күшейген соң, малшы аулымен бірге көше тұрды. Тау асып, аралықта бас сауғалай тұрамыз деген. Қуғын келе қалғандай болса, Қытайға өтіп кетпек. Ағадай ауған жылдан соң елді әртелге кіргізді, бар малын жиып ап, жалғыз қораға қаматып, бетіне қаратып қойды. Жұт келді, тұяқ қалмады, нәубет орнады. Ақыры – міне. Елден ауық-ауық хабар алып тұратын Ағадай жүз қаралы қой, бір үйір жылқы айдатып, кіші әйелі Ақбидай ауылымен бірге көшіп жеткен.

Бәйбіше аулы шекара беттегі қоныста. Әрі қауіпсіз, тар болса да тақыр қоныс емес екен. Байдың шағын, алты қанат ақшаңқан ақ үйі әртелдің шеткері жағындағы жазаңға тігілген. Бойында дәрмені, кеудесінде шыбыны бар азамат түгел, малшы-бақташымен бірге сол жазаң бетте, сойыста. Бұл ду – соның дуы. Ілмиіп осы күніне іліккендер есі шығып ет жеген. Тері-терсек қайнатып, сорпа қылған жұрттың аузы асқа жарыған. Азапты тіршілігінің әр сәтін Құдайға нала мен қарғыс арнауға жұмсап жүргендер бүгін тірі қалатынына, ертең де тірі болатынына, арғы күнге де өлместен ілігетініне сенген де, өзі қарғаған Құдайынан кешірім сұрап, тәубеге түскен. Енді бүгін болмаса, тұтас ауыл аштан қатып қалады екен. Құдай Ағадайды бүгін емес, ар күні айдап келсе, мырза аз ғана аш-арықтың емес, жұртта қалған сансыз мүрденің үстінен түседі екен.

– Ата қазақ айтатын бұрын-соңды мың жылдық тарихта ел мынадай нәубетке ұшыраған емес, – деді көзі ашық Ағадайдың өзі, – қалмақтан ығып шұбырғанда да жұрт бұлай жүдемепті-міс. Құдай сақтасын… Әбден арыған ел бар тамақтың өзін жөнді ішіп-жей алмайды екен. Қарап отыра беруге жүрегі дауалаған жоқ, Ағадай тысқа шығып кетті.

Заман, адам… Баяғы кең дүние тарылып, заманның өзі бұлағай тартып, қағынып кетсе де, бұрынғы аңқылдақ, бейғамдау кең мінезінен айнымаған халқы… Басқа жұртта заман емес, адам өзгереді дейді екен. Жоқ, қазаққа келгенде теріске шықты: заман өзгерді, бүлінді, адамы баяғы қалпында қалды, заманына ілесіп бүліне алмағасын бүл болды. Анығы – күл болды десе болады. Қалың ойдың құрсауында, қара қойтастың үстінде отырған да қойған. Тек арғы қырдан ауып түсіп, әртелге беттеген үш аттыны көргенде барып ойы бөлінді.

* * *

Үш емес, төрт атты екен. Төртеу болғанда, ат үшеу. Бір-бір арғымаққа мінген еңгезердей екі орыс, үшіншісі арық-тұрық, жүрдек те көрінбейді, үстіне мінген екі қазақты әрең алып келеді. Еш үйге аял қылмай, тіке Ағадайдың отауына салдыртып келді. Артқы екеуі аттан түскен, екі орыс қаздиып отырған да қойған.

– Кто ты? – деді ызбар шашып үлкен орыс. Ішіндегі дәуі осы болса керек.

– Кім боласың? – деді тілмаш қолма-қол.

– Ассалаумалейкөм!

Карамзин алайып қарап қана тұрды.

– Табарышқа сенің сәлеміңнің боққа да керегі жоқ, – деді тілмаш Карамзиннен бетер ызбарланып, ақырып сөйлеп, – атыңды айт та, жөніңе тұр!

– Ағадай. Ағадай Сұлтанғарин.

Мырза осыны айтты да, тілмаштың тасасында тұрған кісіге көз жіберді. Айқын таныған жоқ, шырамытқандай болды – баяғы қырбайласып, бітісе алмай жүретін Есіркеп пе деп еді. Әртелге оның ауылы да біріккен, бірақ өзін көрмеді. Мынау сол сияқты. Карамзин тағы гүр-гүрлеп бірдеңе айтты. Шіңгірлеп тілмашы аударып берді. «Осы әртелдің қырғызысың ба?» депті. Ағадай басын изеген. «Мынау – әртелдің малы ма?» деді сонсоң отар мен үйірді меңзеп.

– Бәрі осы жұрттың малы, – деді Ағадай.

– Өтірік! – деді Есіркеп шарт кетіп. Орысша айтты, Ағадай түсінген жоқ. Үңіліп қарап қалған.

– Мынау – өкіметтен қашып кеткен құлақ, ұлық табарыш! Ел әртелге кіргенде безіп кеткен сатқын! Совет өкіметінің адал атына тас атқан, қорлаған бай! Анау – соның малы!

Карамзин бұлқан-талқан болды. Өзі наганын Ағадайда тақап тұра қалды да, мілісәға діңк етті: – Тінт!

Алақұйын мілісә винтовкасын алға сұғынып, отау ішінде ас ішіп, жан шақырып отырған өлмелі жұртты айдап шықты. Ақбидай қасарысып шықпағасын, белінен құшақтай қысып, есікке сүйреп әкелді де, итеріп жіберді. Ақбидай ұшып түскен. Еңіреген дауысы қоса шыққан. Ағадай тістеніп қана тұрды. Мілісә ешқандай өкіметтің қағазын таппаған. Оның есесіне ескі құранның ішіне салынған соқыр патша заманындағы қағаз ақшалар, түйіншекке түйілген алтын теңгелер шықты. Мілісә өзі әкеліп Карамзиннің қоржынына салған.

– Кулак! – деді Карамзин Ағадайға сұқтанып. – Айдатам! Айдатамын мен сені!

Мілісә атына мінді де, Ағадайды жаяулатып Өскеменге айдап кетті. Винтовкасын тақап барады. Байқаусыз шалыс қадам үшін-ақ бір оғын жұмсамақ. Атты орыстан құтыларсың, құтылсаң, ал бірақ мылтықтың оғына тұтылатының хақ. Карамзин Ақбидайды да қосып айдатқызбақ болған.

– Тиіскізбеңіз! – деген Есіркеп шыр етіп.

– О не?

– Менің қатыным!.. Карамзин Ақбидайдың жас жуып кеткен ақ жүзіне, аштық қыса қоймаған келісті тұрпатына қарап сеніңкіремей аз тұрды да, қолды бір сілтеді. Ақбидай ақ отауда аңырап қалды.

– Әй, Есіркеп! – деді Ағадай айдалып бара жатып, – не ақың кетті менде? Қатынымды неге тұтып қалдың?!

– Алдым ақымды, – деді Есіркеп те естірте сөйлеп, – мың жасағыр қызыл жағалылар әперді. Қатыныңды аман алып қалдым, қуан!

– Сенің ақыңды мына көккөздер әперсе, менің ақымды Құдай әпереді сенен!

– Оттапсың, – деді Есіркеп. – Болды, жердегі де, көктегі де Құдайың – осылар. Қазір барасың да, ақыретінің алдында жауапқа тартыласың. Дозаққа түсесің!

Карамзин Ағадайдың жігіттеріне қайыртып, бар малды айдатқызып әкетті. Малмен қоса жігіттердің өздері де айдалып бара жатыр еді. Кетерінде Карамзин шикісі, піскені бар, бүкіл етті бір үйге үйгізді. Өкіметтің малын жеуге арланбайсыңдар ма, түртуші болмаңдар, ертең жігіттер арбамен келіп, тәркілеп алып кетеді деді. Айтпақшы, ауыл қалқозға біріккенін, қазірден бастап бұл ауыл – әртел емес, қалқоз екенін, қалқоз председателі – Есіркеп Болғанбаев болып бекітілгенін айтып кетті. Есіркеп көңілі өсіп, айдаулының артынан желіп бара жатқан Карамзинге қарап қала берді.

* * *

Міне, содан бері бес жыл өтіпті дейді. Пенде сондай ескіліктерді, тәубешіл ойларды күнәға батқан соң барып ойына алады ғой. Жаңа түн жарымда Ақбидайдың ілгексіз сабан үйіне кіріп бара жатқанда да, сипалап әзер тауып, келіншекті түркілеп оятқанда да, көрпесін ашып, етегін түргенде де соның бірі ойына оралмаған. Ақбидай да үн шығарған жоқ. Баяғы, Ағадай айдалатын жылы жазда осы Есіркеп түн ішінде ақ отаудың есігін бұзып ашып, ұйқыда басқанда, өзінің қарсыласуға әлі келмеген, ерінің ақ төсегін былғаған кезде таң атқанша жылап шыққан. Кейін де Есіркеп келіп жүрді, бұл да көзі бұлаудай болып ісіп, таңды атырып жүрді. Есіркептің әйелі Ырысжан сезеді екен, бүкіл ауыл біледі екен, ешкім бірақ ләм дей алмаған.

Санаулы қауқарлы еркектің бірі, әрі председатель. Бетіне ешкім келмеген еді. Қазір қалқоз жұмысындағы іскер жұмысшыға айналған Ақбидай үшін осының бәрі үйреншікті өмірге айналған еді. Таң ата бере Есіркепке үйіңе кет деді де, теріс қарап жатып алды. Пысылдап, ұйықтап кетіпті. Есіркеп кеткен жоқ. Ойға шомып ұзақ жатты. Күлді. Баяғы Карамзин үйгізіп кететін ет… Соны әкетуге сол күйі ешкім келмеп еді-ау. Дөкей председательге айналған Есіркеп соны апта бойы күзетіп шығып еді-ау. Өкіметтікі деген. Ешкім келмеді. Босқа шіріп, борсып кетті. Ал, аш ел… Сирей берген, сирей берген. Қызық. Күлкілі. Ағадай қазір қайда екен? Көрсем дейді. Ақ отауында армансыз жатты, қатынын құшты. Енді өзін бір көрсе. Пенделік арманының шегі сол-ақ сияқты. Сонда айдатпай-ақ қойғанда, қалай болар еді?..

Көзіне баяғы қарағайда салаңдап ілулі тұратын құндақ елестеді. Шырылдап қалай жылағаны құлағында тұр. Жол үстінде жайрап қалған мүрделер де ойына оралды. «Менен бе, заманнан ба?» деген мазасыз ой жанын мүжіп барады. Өзі ме? Әлде, заман ба? Өзі болса, айуаннан төмен екен. Адамның жүрегі соншалықты қатып қалуы мүмкін бе? Жоқ деді. Қатпаған. Қатса, бұлай ойлатқызбас еді. Өзімді жазғырмас едім. Заман шығар деді. Жоқ, адамның жүрегі қатып қалатын көрінеді. Киінді де, шықты. Жер қарайып қалыпты. Айналасына көз жіберді. Ешкім жоқ секілді. Ана бір кәрия көрмеген болып тайқып барады. Үйіне беттеді. Күн шыға бере есік қағылды. Жаңа келіп суыған төсегіне қайта жатқан Есіркеп тұра қойған жоқ. Үуһілеп жүріп Ырысжанның өзі ашқан. Соқталдай екі кісі. Қызылжағалы. Есіркеп ұшып тұрды.

Екеу жөнсіз, жосықсыз төрге озды. Етікшең. Үйін тінтіп жүріп, сандықтың түбінен ақық тас тапты. Үлкен алтын моншақ секілді. Үй іші алакөлеңке-тұғын.

– Мынау не? – деді Есіркепке көрсетіп.

– Білмеймін, көргем жоқ.

Үйді ақтарып-төңкерді де, басқа ештеңе шықпаған соң, біреуі Есіркепті қолын қайырған күйі алып шықты. Ұсталдың деді. Халық жауы деген санатқа ілігіп кетіпті. Тек оны соңында білген. Ал мына екі дөкір жарытып ештеңе айта қоймап еді. Соңыра ілесіп шыққан біреуі манағы моншақты күнге қаратып тұрып, үңіле қарады. Ешқандай асыл тас емес, жеңіл бірдеңе екен. Лақтырып жіберді. Ырысжан үн-түнсіз аттандырған. Есіркеп те тілін тістеп кете барған. Тек әлден соң Ақбидайдың аңыраған дауысы шығып еді.

– О, Құдай, жақсы ерімді алып ең, жаман ерімді де басыма көп көрдің бе?! – деп зар айтты.

Есіркеп енді сенді. Адамның жүрегі тас болып қата алады екен. Манағы жұмбақ тас та есіне түсті. Баяғы, жөргек салаңдаған қарағайдан аққан шырыш. Соны жұмбаздап, домалақтап ала шыққан еді ғой. Кейін сол желімдей бәлені сандыққа салып тастаған. Қатып, кәріптас болып кетіпті. Кәріптас… Ақбидай… Шарана… Ағадай… Ағадай сол кезде атылып кеткен, шарана наганның оғына ұшып өлген, Ақбидай да ендігі тірі өлік. Кәріптас боп қатып қалған жүрегі бір демде жіпсіді де, еріп қоя берді. Еңіреп қоя берді.

* * *

Ол бұл әңгімесін де аяқтады. Соңғы нүктесін қоя бере буын-буыны босаңсып кетті. Қарағайдың бұтағына ілулі құндақ көз алдынан кеткен жоқ. Ауық-ауық тербелгені, наган оғына ілігіп, пәрше-пәрше боп ұшып түскені… Жоқтап ұзақ отырды. Бір шарананы емес, аштан қатып өлген мың шарананы, жарық дүниеге кейін де келе берер мың шарананы, жарыққа бұлқынып шығар күні шешесінің құрсағында қалып, мүрде ішіндегі мүрдеге айналған мың шарананы. Қазақты жоқтады. Бар өткелектен өтіп, бүгінге жеткен қазіргі қазақты емес – сол нәубет болмағанда қаулап көктер, жайқалып жетілер қазақты. Яғни, жоқ халықты жоқтапты. Елесін тірілтіп, қиялдап отырып.

Сонымен, «жаман ер» Есіркеп айдалып кете барды. Оның арғы тағдырын жас жазушы өзі де білген жоқ. Ойламады. Жүйкесі бекіді. Еңсесін басқан зілмауырдан құтылып, ата қазақ алдындағы міндетінің бірін жеріне жеткізе атқарды. Тынысы кеңіп шыға келген-ді. Рауандап таң атып келеді екен. Бозамық сәуле сығалаған терезеге бір қарады да, жазу үстелінен тұрып кетті.

 

Отызыншы маусым, 2025.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan