Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПРОЗА
/
Мұқан Абдуллаев. Жол (әңгіме)...

Мұқан Абдуллаев. Жол (әңгіме)

21.02.2026

1854

Мұқан Абдуллаев. Жол (әңгіме) - adebiportal.kz

Ол бұл сапарға қашан шыққанынан бейхабар. Әйтеуір, бала боп есін білгелі осы шұбалып жатқан шаңдақ жолды бойлай жүріп келе жатыр. Алыстан, жол бойынан мұнартып көрінетін ғажайып көріністердің сағым екенін бұл білмеуші еді ғой онда.

Қолынан жетелеп, бұл сапарға ерте шыққан ата-анасы бар. 

«Шаршадым», деп еркелесе болды, екеуі мойнына кезек мінгізетін, өздері бұл сапардан қажып келе жатқанын білдірмейтін. Бұл зерігіп, қайтадан жерге түскенін, жүгіргенін, шалшық суды жігерлене кешіп ойнағанын көріп, ата-анасы қуанысып қалатын. Басынан сипап, арқасынан қағатын. Бұл есейе бастады, нәзік денесі осы сапарда қатайды, ширады. «Өзім» деген  ұстаным өзіне өзін білгір, қуатты көрсетті. Әкесінің жолда тура жүру керегін ескерткенін ести тұра, бұралаңға салды, анасының бұрынғыша еркелете сөйлеген үнін жақтыртпай қалды.

Бұлар не біледі? Бұл мардымсыз жүріспен бұл сапарда не өндіреміз деп ойлайды бұлар?..

Бірде өз білгеніне салып, жол жағасындағы шалшыққа тайып жығылды, енді бірде майлы құмға үстін бүлдірді. Сонда жерден көтеріп, үстін жөндеп, жүруге қолайлы түзу жолға қайта салып отырған әке-шешесі болды.

Ол кейде бұл жолға таңқалатын. Кейбір тұсы қотырлана біткен, шалшығы мен татыраңы, сортаңы мен суы бар жол жүруге де қолайсыз-ақ. 

Жол шетіндегі тікен-шеңгел де қатерлі. Кейбір тұста қайда апарары белгісіз бұрылыстар да ұшырасып қалады, бірақ ата-анасы осы жолдан ауытқыған емес. Азабы мол жол болса да, осы жаман жолдың барына шүкір айтып, сынына сабыр қылған жолаушылар. 

Бұл ес біле бастағанда бұл жолаушыларға кішкентай қыз қосылған.

Ата-анасы табан жырар тастақты жолмен жүрсе де, ну тікеннің арасымен өтсе де осы қызына жол азабын тартқызбаған. Оның орны бірде әкесінің мойнында, бірде анасының құшағында.

Бұл тағы есейгенде алдында самсап тұрған сансыз жолдардың барын аңғарды. Ылғи мәуе бақтың арасымен, ақ бұлақтың жағасымен өтетін ғажап жолдар. Тартып кетер ме еді, шіркін!

Алайда, ол жолдарға түсер болса, алдында келе жатқан үш жолаушыдан көз жазып қалмақ. Амал жоқ, қайтадан ойлы-қырлы жолмен тартып келеді.

Тағы есейгенде алыстағы басқа жолдарда кетіп бара жатқан жолаушыларды аңғарды. Ішінен сауық құрған бозбала, нұр жүзді бойжеткендер көрінеді. Алғаш өзі ұнатып қалған қыздың жолына тауып бара алмады, ол бұл жолға келе алмады. Көп ұзамай оның жолы басқа жаққа бұрылып кетті.

Ол енді анық есейді. Әке-анасы да бұрынғыша қайратты емес, есесіне ол қайрат бұның бойында. 

Ол бала күнінің қарымтасын қайтарғысы келмеді. Әкесі оны тікенді асуларға кезіккенде мойнына мінгізіп алар еді ғой. Анасы жетелеп жүрер еді. Бұл өйтпеді. Өзіне ар санады.

Көп ұзамай, ол ғазиз жандардың да сапардан шаршай бастағаны білінді. «Аһ-үуһі» көбейді. Таяққа сүйеніп жүретін болды. 

Бұл сонда да пысқырып қарамады. Қалып кетіп жатқан оларға анда-санда көз салып қойып, жүре беретінді шығарды.

Бір күні сапар жолынан әкесін таба алмады. Сүйенетін таяғы кәрі кеуде анасының қолында қалған екен. Ол енді екі таяққа сүйеніп жүретін бопты, бетіне әжім, самайына ақ түсіпті. Баяғы кішкене қыз бұл кезде өсіп, анасын бір жағынан демеп жүретін болған.

Көңілінің алыс түкпірінде қалған балалық шағын есіне алып, көзіне жасын бір іркіп алды да, бұл жүре берді. Тоқтамады. Бірде бұл анасының қасында келе жатып, оның дұға сыбдырын құлағы шалып қалды. 

«Е-е, Алла, осы баламның сапарын оңды қыл...»

Бір күні ол осы жолдан анасын да таппай қалды. Сонда барып бұл сапардағы ең құнды жолдастарын жоғалтқанын біліп, сан соғып қалды. Сапар ортасында тоқтай қалып, бетін басып өкіріп жіберді. Қаншаға дейін отырғаны есінде жоқ, бірақ жол оны қайта жүруге мәжбүрлеген. 

Артында келе жатқан қыз да еміс-еміс анасын есіне алып, жылай басып келе жататын. Бірде алыстағы басқа жолда кетіп бара жатқан бейтаныс жігіт оны өз жолына шақырып тұрды. Енді бірде артында келе жатқан қыздың да жолы сол жігіттің жолына қарай бұрылды. Бұл қарындасынан осылай көз жазды.

Әлбетте, бұл тіршілік заңы. Бұрын анасының жолы да осы жолға келіп қосылған, қарындасының жолы да басқа жолға, басқа сапарға қосақталып, беймәлім бағытқа жүріп кетті. 

Беймәлім дейді ау, бұның келе жатқан бағыты да беймәлім, әйтеуір тоқтамау керек. 

Бірде баяғыда өзі көріп, ұнатқан қызды көзі қайта шалып қалды. Оның жолы алысқа бұрылып кеткен болатын. Енді бұл жүрген жолға әжептәуір жақын. Ол екеуі алыстан тілдесіп келе жатты. Енді бірде жақындай берді, ақыры ол қыздың жолы бұнікіне бұрылды. Сонымен, бұл жалғыз сапар шегіп келе жатқан жоқ, бұның өмір жолында өз жолдасы, өз жары бар.

Баяғыда, бала күнінде алыстан көрген ғажайып кескіндер осы болар-ау деп топшылады. Өзің ұнатқан адамның қолынан жетелеп, сапар шеккен неткен ғанибет! 

Алайда, барлық кезде бұлай болған жоқ. Кейде бұның мінезінің кесірінен жары екеуі ұрысып қалатын. Сондайда жарының алдында бұл жолдан ажырап кететін бұрылыстар көп болушы еді. Жары бұрылмады. Бұның артынан жүре берді. Ұстамдылығы екеуінің арасын сақтап қалды. 

Жарының осы мінезіне сүйсініп бұл жүрді. Баяғыда, әкесі мен анасының сапар үстінде бір де бір рет сөзге келгенін көрген емес. Осылай жүріп-ақ, сол кісілердей болып кетерміз деп ойлайтын да қоятын.

Бұл сапар қандай керемет! 

Бірде бұлардың сапарына кішкентай ұл бала қосылды. Тентек, қылықтары тәтті-ақ. Ол да баяғы өзі секілді бұл жолға бірден үйренісе қоймады. Бұл оны мойнына отырғызып алып жүретін, кейде қолынан жетелеп жолдың дөңайбат тұстарына көтерілетін. Өз сапарын ұлы жалғастыратынына шексіз қуанышты еді...

Бұлардың сапарына тағы бір кішкене қыз қосылды. Баяғы өз қарындасы секілді. Кейде жарын қай-қайдағы бұларға тоғыспайтын жолдармен жүріп бара жатқан адамдардан қызғанатын, кейде сапардан шаршап, бәрін тәрк еткісі келетін. Сондайда кішкентай ұлы мен қызын көріп, олардың келешегі үшін бұл сапарды қуана жалғастыратын.

Баяғыда кеудесіне кеу-кеулеп енген жастық оты енді тарқай бастады. Жолда кезігетін кей сынақтар енді әжептәуір қиындықтай көрінді. 

Бір күні ұлы мойнынан қарғып түсіп, май топырақты қуана таптап, жол бойымен жүгіре жөнелгенін көріп, өткен күндері есіне түсті. Ол да тап осылай жасап еді. Ұлының жүрегін жастық сарын кернейтіні, өмірдің әр иірімдеріне қызыға қарап, сауық пен сұлуға ғашық болатынын іштей сезді. Ал қызы ұяң, биязы. Баяғы өз қарындасы секілді. Келбеті болса жарына аумай тартқан.

Бірде дөңестеу жерге ентігіп шығып жатып, құлдиға түсіп келе жатқанында аяғы шалынып кетті. Алдында кетіп бара жатқан ұлы оған еріне көз тастады да, қызық қуып кете барды. Сонда барып кеудесін алғаш рет өкініш оты өртеді. Шашына ақ кіріп, аяқ-қолы дірілдеп сала берді. 

Сапардың ендігі бір бөлігінде жол азабынан арыған жан жары жоғалды. Баяғы оқиғаның ізімен қызы жылап-сықтап, ұлы бұрылмай кете барды.

Бұл өзін жалғыз қалғандай сезінді. Тағы бірде қызы өз жолын басқа арнаға бұруға, өзі ұнатқан жанмен сапарлас болып, сол жолға кетуге рұқсат сұрады. Бұл қызын қимай, маңдайынан ұзақ иіскеп, көзінің жасы алты тарам болып, рұқсатын берді.

Ендігі сапарда ұлы екеуі ғана. Ұлының түрі әлгі... Баяғы өзі секілді. Мейлі, әйтеуір бұл да өз орнын осылай жүріп тапты ғой. Тапсын ол да.

Байқаса, баяғы бойын билеген бұла күштен жұғым қалмапты. Жол шетіндегі судан өзінің жадау, шаршаңқы түрін көріп, көңілі пәс түсті. 

Ол осы сапарда не бітіріп үлгерді? Бұл сұрағына өзі жауап бергісі келмеді. Өз-өзінен үнсіз құтылғысы келді. Ішкі жан-дүниесі «ештеңе» деген сөзді жаңғырта айтып тұрса да, мақұлдауға дәті жетпеді. 

Осыдан соң талай азапқа салған сапардан бұл да жоғалды. Өзі жүріп өткен жолда ізі сайрап қалды. Алдағы жолға ұлының ізі түсетін болады.

Ұлы бұрылып артына қарап, әкесі жоқ екенін байқады да, жол шетіне тізерлей отыра қалып, бетін басып еңкілдеп қоя берді...

2024 жыл

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan