Түрік ойшыл ақыны Юнус Эмре – Анадолудағы түрік тілі мен әдебиетінің және сопылық ойшылдықтың ең ірі өкілі. Оның атақдаңқы тек қана Анадолу аймағымен шектелмеген, түркітілдес мемлекеттеріне, сонау Балқан түбегіне, Мажарстан, Алмания, Америка сынды әлемнің көптеген елдеріне дейін жеткен. Сондай-ақ, ол түркі халықтары тарапынан қолдау көріп, көптеген аңызәңгімелерге, зиялы жұрттың интеллектуалдық басқосуларындағы талас тартыстарға арқау болған. Осы себептен ұлттық сипаттағы әрі әлемдік деңгейдегі түркиялық ақынның кім екендігін айтар болсақ, онда бірден Юнус Эмренің есімі еске түседі.
Юнус Эмрені жақсы түсіну үшін әуелі ақынның өмір сүрген дәуірінің ерекшеліктерін білу керек. Ол ХІІІ ғасырдың соңы мен ХІV ғасырдың басында, яғни Селжук мемлекетінің соңғы кезеңінде Анадолу да өмір сүрді. Ол кез – Анадолуның ең бір қиынқыстау кезеңі еді. Селжуктар билік еткен дәуірде, әсіресе Бірінші Алаеддин Кейкубат патшаның кезінде Анадолуда саяси тәртіп толығымен орныққан болатын. Кония, Сивас, Ерзурум сынды көптеген қалалар ғылым мен мәдениеттің орталықтарына айналғанды. Алайда бұл кезең ұзаққа созылмады. Қияседдин Кейхусрев патшаның кезінде көптеген қиындықтар белең ала бастады. Сол тұста Анадолуның басына бұлт үйірілді. Саяси таластартыстар, одан кейінгі моңғол шапқыншылығы, селжуктардың жеңілісі және т.б. факторлар Селжуктар кезеңін тоқтатып, Анадолуда Бейліктер кезеңінің басталуына жол ашты. Бұл – Түркістан мен сол аймақтың төңірегінен көшіп келген түркітектес халықтардың Анадолуға орналасқан кезі еді. Көшу процесі де оңайға соқпады, талай қан төгілді. Одан кейін крест жорықшыларының шабуылы басталды. Олар да Анадолудағы талай тарихи байлықты, рухани жәдігерлерді қиратып кетті. Міне, осы келеңсіз жағдаяттар тек қана саяси және экономикалық мәселелердің туындауына жол ашқан жоқ.
Сонымен қатар, теріс ағымдар мен құдайсыз сенімдердің кең етек алуына себепші болды. Осылайша, халық діни сенімнанымынан күдер үзіп, ертеңгі күнге күмәнмен қарай бастады. Осы кезде Юнус Эмре түрік тілінде жырлап отырып, ана тілін толғаныстың (тафаккур) тіліне айналдырып, адам баласын жақсылыққа, сұлулыққа және турашылдыққа шақыратын сопылық мәдениеті арқылы ынтымақ пен бірлікті насихаттаған өте ықпалды ақын болатын. Анадолудағы сопылық (тасаввуф) ағымының және түрік поэзиясының ірі өкілі, түркі әлеміндегі ақындардың ішінде тау тұлға ретінде мойындалған Юнус Эмренің өмірбаяны, қай дәуірде, қайда туғаны, өмір сүргені, қалайша ғұмыр кешкені және қайда қайтыс болғаны туралы жеткілікті мағлұматтар жоқ. Бұл туралы тарихи деректер айтарлықтай кем. Ал ақын турасында келтірілген деректер әрқалай.
Сондай-ақ, ол туралы айтылған аңыз әңгімелерді қосқанда, өмірбаяны әр алуан болып келеді. Осы себептен ақын туралы әртүрлі көзқарастар қалыптасты, әртүрлі ақпараттар тарады. Бұған қарамастан, осы уақытқа жинақталған тарихи деректерге, соңғы зерттеу жұмыстарға және аңызәңгімелерге зер салып көргенімізде, Юнус Эмренің өмірбаяны туралы мынаны айтуымызға болады: Юнус Эмре 1240 (41) жылы туған. Туған жері туралы қалыптасқан көзқарас бойынша, Сиврихисар аумағында орналасқан Юнус Эмре ауылы, яғни Сарыкөй ауылы. Оның ұстазы Таптұқ Эмре де осы аймақта өмір сүрген. Бекташи сопылық ағымында қалыптасқан көзқарас бойынша, Юнус Эмре – жер адамы, яғни еш жерде білім алмаған. Алайда Қылуеттілік сопылық мектебіне қарай, ол – білім алған және жағдайы өте мықты болған тұлға. Шынтуайтында, ол әуелі білім алып, сосын сопылық жолына түскеннен кейін бірталай жерді аралайды. Жерді аралаудың басты мақсаты ғылым үйрену, өзі сияқты руханияттың темірқазығына айналған тұлғалармен көрісу болуы мүмкін. Сондай-ақ, сопылық ілімін таратуды да мақсат етуі мүмкін. Ақын Юнус Эмренің білім алған алмағаны белгісіз. Алайда оның жырларын зерттей келе, мынадай нәтиже шығады: ол бір кездері білім алған және Конияда білім алуы ықтимал. Сол кездегі ресми тілдер қатарында жүрген араб пен парсы тілдерін, исламдық ілімдерді толық меңгерген. Қасиетті Құран Кәрімнен басқа Інжіл, Зәбур және Тәуратты да оқығандығы өлеңдерінен байқалады. Кейбір деректерде Юнустың әріп танымағаны туралы айтылады. Біздің ойымызша, бұл деректер ойшыл ақынның шынайы ілімге көз жеткізу үшін позитивтік ғылымнан гөрі, рухани ғылымды меңгергеніне қарай келтірілген.
Сонымен қатар, оның кішіпейілділігіне қарай да айтылуы мүмкін. Өйткені медреседегі білімін тәмамдаған болса да, сопылық жолына түскеннен кейін танымдық білімді таңдаған болуы керек. Ал ол үшін захири (сыртқы) білімнен көрі, ақиқат білімі қажет. Бұл таңдау оның ұстазы, шейхі Таптұқ Эмрені танығаннан кейін түседі. Ойшыл ақын Юнус Эмренің қайтыс болған уақыты 1320 (21) жыл. Ол туған ауылында жерленген. Кей деректерге қарай, ол Караман, Қыршехир, Бурса, Ыспарта, Орду, Маниса сынды он төрт жерде жерленген екен. Тіпті Әзербайжанның КаҺ аумағында да кесенесі бар. Алайда бұларды қабірден гөрі, сопылық тілімен айтқанда, «мақам» дегеніміз дұрысақ. Юнусты сүйген елжұрты ақынға құрмет көрсетіп, өз жерлерін берген және ақынның атымен атаған. Бұл басқа да Юнустардың болуы ықтимал екендігін де көрсетеді. Халық ақыны туралы егжей-тегжей мәліметтердің көбісі аңыз әңгімелерде айтылған. Осы тұста екі дереккөзін атауға болады. Біріншіден, Бекташи Уәлиятнамасы. Аталған дерекке қарағанда, Юнус ауылдың кедей тұрғындарының бірі. Қуаңшылық кезде ақын атақты әулие Қажы Бекташ Уәлидің дәргейіне барып, бидай сұрайды екен. Бекташи мектебінің негізін қалаған Қажы Бекташ Уәли ақын Юнустың жандүниесінің кіршіксіз таза екендігін байқайды. Содан оған бидайдың орнына рухани ілім ұсынады. Бірақ Юнус рухани ілімнің не екендігін білмегендігінен қайтадан бидай сұрайды. Кейін ауылына қайтқанда, қателескендігін ұғады. Әулиенің алдына қайта барып, рухани ілім сұрайды. Сол кезде Қажы Бекташ Уәли оны Таптұқ Эмреге жібереді. Юнус Таптұқ Эмренің дәргейіне келеді. Мәнжайын түсіндіріп, оның дәруіші болады. Ал Қылуети деректеріне қарай, ақын Селжук мемлекетінің астанасы Конияда білім алып, содан соң туған жеріне жақын Наллыханда би болған екен. Сол кезде атақты сопылық ілімінің ұстазы Таптұқ Эмремен танысып, би болудан бас тартып, шейхтің дәруіші болады және сопылық жолына түседі. Мұнда Қажы Бекташ Уәлимен болған кездесу туралы ешқандай мағлұмат келтірілмейді. Ойшыл ақынның бұдан кейінгі өмірлік оқиғалары екі бөлек аңыз әңгімеде бірдей баяндалады. Ол жерде Юнустың Таптұқ Эмренің дәргейінде отыз не болмаса, қырық жыл қалатындығы айтылған. Ол өз ұстазына қызмет етеді. Ұстазы оған таудан отын тасытады. Қырық жыл бойы осы міндетті атқарып жүреді. Кемелденген шақта ұстаздың рұқсатымен және қалауымен ол ақиқатты жырлай бастайды. Кейін ұстазы оны Анадолуның түкпіртүкпіріне исламдық білім мен ғылымды жайып, имандылықты үйретуге жібереді. Осылайша, Юнус көпті көріп, көп жерді аралап, оқыған жырлары арқылы ақиқатты уағыздайды. Содан айлар ағылып, жылдар жылжып өтеді. Ол ұстазын сағынады. Дәргейіне қайта оралады. Юнустың бойындағы кемелділікті байқаған ұстазы оны туған жері Сарыкөйге жібереді. Осылайша ақын өлеөлгенше өзі құрған дәргейінде шәкірт тәрбиелейді. Кейін осы жерде қайтыс болады. Аталған аңыз әңгімелер Юнус Эмренің өмірбаяны, ғылым мен сопылық жолындағы ізденістері мен ақындығы, сапарлары мен қайтыс болуы туралы ақпарат беріп отыр. Аңыз әпсаналардың көбісі шындықтан алшақ болғанымен, талдаудың нәтижесінде шыққан кейбір тарихи шындықтар Юнус Эмренің өмірбаянын көрсетеді деген ойдамыз.
Юнус Эмре – исламдық сопылық идеясының негізінде туған ақын. Сондықтан ол үнемі исламдық ақиқатты жырлап өткен. Бұл идеяның негізінде Алла және адам сүйіспеншілігі жатыр. Ал осы сүйіспеншілікті өзек етіп алған сопылық идеясына қарай, Алла ғана жалғыз шынайы болмыс иесі. Барлық сопылар сынды Юнус та осы тұрғыдан ой қозғайды. Болмыс пен тіршілікті, өлім мен махаббатты, өмір мен ғаламды осы көзқарас бойынша жырлайды. Осы себептен ол Алла, иләһи махаббат, болмыс, жоқтық, өмір мен өлім сынды тақырыптарды көп қозғайды.
Юнус Эмре – исламдық көркем мінездің жыршысы. Көркем мінездің кедергісі немесе дұшпаны – нәпсі. Сондықтан ол нәпсіні кемелдендіруге, толық адам болуға үгіттейді. Оның санасында барлық болмыс иелеріне сүйіспеншілікпен қарау арнайы орынға ие. Яғни ол адамға және ғаламдағы барлық тіршілік иелеріне махаббатпен қарауға үндейді.
Осы себептен Юнус Эмрені «махаббаттың жыршысы» ретінде бағалайды. Оның махаббат философиясында жаратылысты Жаратушының құрметіне сүю, ренжітпеу, жақсылықты тілеу, азға қанағат ету, құлшылықты молынан атқару, дүниеқоңыздыққа ұрынбау, тәкаппарлықтан арылу сынды ақиқаттар орын алған.
Юнус Эмре үшін басты мәселе – достық. Әуелі, Алламен, содан кейін жаратылыспен достасу, бейбіт өмір сүру, жамандық пен зұлымдықтан алыс болу сынды тақырыптар ақынның өлеңдерінде арқау болған. Ол – шынайы мұсылман ақыны. Кейбір мазхап пен тариқаттар оны өздеріне қаратады деген жаңсақ пікір бар. Ол бүкіл мұсылман жұртқа, тіпті барлық адамдарға бір көзбен қараған. Әсілі, дін өзара түсіністік пен сабырлылыққа, келісім мен үйлесімге және сүйіспеншілік пен махаббатқа негізделеді емес пе. Ол құлшылықты о дүниедегі азаптан сақтану не болмаса сауапқа кенелу мақсатында атқаруға қарсы шыққан. Оның пікірінше, құлшылық тек қана Аллаға деген сүйіспеншілік үшін атқарылады. Юнустың ойынша, дәруіштік – бетбей нені көрсететін сыртқы көрініс емес. Яғни дәруіштікті символ етіп көрсететін «шекпен мен қалпақ» дәруіштік емес. Дәруіштік – Хақ тағаланың жолында халыққа қызмет ету. Халыққа пайдалы болуды мақсат ету. Ол үшін адам баласы өз нәпсісін тізгіндеп, кемелділікке қарай ұмтылады, жүрегін Аллаға деген сүйіспеншілік сезімімен толықтырады, одан кейін тек қана ізгі амалдар жасайды. Осы себептен Юнус Эмре өз дәуірінде және кейінгі кезеңдерде де ұлты бөлек, сенімі басқа әртүрлі халықтар тарапынан мойындалған және ерекше құрметке бөленген. Яғни ол ұлттық қазына болуымен қатар, әлемдік деңгейдегі тұлғаға айналды.
Өйткені ол адамдарды бірбіріне бауыр ретінде көрген. Ешкімді шеттетпеген. Әр адамның көңіліне жұбаныш болған. «Сүйіндіріп, сүйелік баршаңызды» деп жырлай келе, бүкіл әлемді сұлулық пен бейбітшілікке шақырған. Ақын Юнус Эмре өзіндік бір өмірлік философияның не болмаса, түсініктің өкілі емес. Ол да өзге сопы ақындар іспетті исламдық сопылық ойының жыршысы болған. Бұл түсініктің негізінде тәухид идеясы, яғни Алланың бір болу идеясы бар. Бұл идеяның жалғасында Мұхаммед пайғамбардың Алланың Елшісі екендігі айтылады. Сондай-ақ, Құран Кәрім мен пайғамбар хадистері – барлық мұсылмандар үшін негізгі дерек көз. Адам баласы діни үкімдердің теориясына сеніп, амал жүзінде іске асырған кезде Алланың алдында ізгі және салиқалы құл болуы мүмкін. Мұндай биік мәртебе оны қоғамның алдында да өсіреді. Сопылық жоғарыда аталған исламның негізгі идеяларын тұтасынан қамтиды. Ғалам – Алланың бір сипатының шағылысы не болмаса ізі. Яғни барлығы Алланікі. Бұл түсінікке қарсы шығатын және кедергі болатын нәпсі. Осы себептен адам баласы өз нәпсісін иләһи идея негізінде тәрбиелеп, кемелдендіріп, менмендіктен баз кешіп, жаман мінезден алыстаған болса, тәухид идеясына қол жеткізе алады. Сондықтан сопылық дейтін ұғымға көркем мінезге тәрбиелейтін жүйе ретінде қарау керек. Юнус Эмре сынды барлық сопылар адамдарға Алланың бір болу идеясына негізделетін осындай көркем мінезді үйреткен.
Сондықтан сопылар шын мәнісінде көркем мінездің нағыз үлгілері болған. Юнус философиясындағы ең маңызды ұғымдардың бірі – адамды сүю. Шын мәнісінде, әлем әдебиетінің өзінде адамды соншалықты ұлықтайтын және сүйетін ақынды көру мүмкін емес. Батыстың гуманизм деп мақсат еткен ойдың дәрежесіне Юнус ғасырлар бұрын жеткен. Алайда оны батыстық көзқарастағы гуманист деп атау қиын. Өйткені гуманизмде адам баласын Құдайдың дәрежесінде дәріптеу бар. Юнус болса адамды керісінше Алланың ең көркем және ең керемет жаратылған тіршілік иесі болғаны үшін сүйеді.
Сонымен қатар, гуманизмдегі адамдық құндылықтар – ежелгі грек және латын мәдениетіне негізделген Еуропаның адамдық құндылықтары. Юнус болса адамға ислам құндылықтары тұрғысынан қарайды. Сол сияқты Батыс гуманизмді өз аймағында іске асырып отырып, өзге дін және ұлттарға сүйіспеншілікпен қарамайды. Осы себептен Батыстың адамгершілік идеясы толық қалыптаспаған. Юнус Эмре болса жетпіс екі елге бірдей қарайды. Өйткені діні, тілі, ұлты кім болса ол болсын, бәрі адам және адам ретінде бәрі Алланың құлы. Осы сияқты көзқарастардың нәтижесінде Юнустың адамгершілік идеясы мен Батыстық гуманизм идеясы толық үйлеспейді. Юнустың адамды сүю идеясы исламдық тұрғыдан қолға алынғанда ғана мәні өседі. Ал бұл мәннің негізінде Алланың бар болу идеясы жатыр.
Адам баласы Алланың құлы ретінде нәпсісін азғындыққа итеру арқылы емес, керісінше менмендіктен арылып, нәпсіқұмарлықтан алыстап, пәни екендігін ұғуы арқылы Аллаға жете алады. Ал оның жолы Аллаға деген сүйіспеншіліктен өтеді.
Алланы сүйген адам әрбір болмыс иесін Оның туындысы ретінде бағалап сүйеді және құрметтейді. Оның үстіне бұл сүйіспеншілік сөз жүзінде ғана қалмайды. Амал жүзінде, іс жүзінде көрінеді. Осылайша сүйіспеншілік көркем мінездің басты ережесіне айналады. Юнус Эмре барлық мұсылман жұртты тіпті адамзатты құшағына алғандай. Осы себептен оны тариқаттардан биік ақын ретінде бағалау керек. Оның ақындығы әрі ана тілі – түрікшеге мән беруі, тіпті қоғамдық ықпалы тұрғысынан келгенде, Түркістанның пірі Қожа Ахмет Ясауи бабамызбен үндесетіндігін көреміз. Бұның басты себебі, Анадолудағы сопылық ілімінің дамуы Ясауи дәруіштерінің арқасында жүзеге асқандығы. Юнустың да сол ілімді үйренгені айдан анық. Оның өлеңжырларына зер салғанымызда, арада 150 жылдай уақыт айырмашылық бола тұра Ясауидің ықпалы байқалады. Юнустың Қожа Ахмет Ясауидің кейбір өлеңдеріне жауап жазуы сөзімізді дәлелдей түседі. Ясауидің хикметтері мен Юнустың иләһилері мазмұндық жағынан бірбіріне ұқсайды. Алайда бұл ұқсастық өзара ықпалдастықтан емес, бір міндетті, бір миссияны арқалағандығын көрсетеді. Сопылық ілімінің екі өкілі арасындағы негізгі айырмашылық – Ясауидің өлеңдері дидактикалық сарында жазылса, Юнустың өлеңдері лирикалық сипат алады. Ақын Юнус Эмре – юнустанушығалымдардың пікірінше, бұрынғы Анадолу түрік тілінің ең ірі өкілі. Ол – Қожа Ахмет Ясауимен Түркістанда бастау алған сопы медресесі поэзиясының Анадолудағы негізін қалаушысы. Сол кездегі негізгі тілдер – араб және парсы тілдеріне мән бермей, түрік тілінде ғана ақиқатты жырлап өткен. Осылайша, сол кезден бастап, түрік тілін әдебиеттің тіліне айналдырған. Ал өлеңдерінде орын алған араб және парсы сөздері ислам мәдениетінің өкілі екендігін көрсетеді. Жалпы алғанда, өлеңдерінде өзге тілдегі сөздер аса көп емес. Тіпті сопылық (тасаввуф) сынды өзіндік ұғымы бар ой жүйесін түрік тілінде жеткізу арқылы Юнус тілдің дамуына да үлкен үлес қосты. Оның поэтикалық тілі барлық түркітектес халықтарына түсінікті. Ақын түрік поэзиясының өлшемі болып саналатын «аруз» түрімен жырлаған болса да, негізі қара өлең өлшемін қолданған. Көп жағдайда өлеңдері төрт жол шумақтан құрылған болса, кей өлеңдері екі жолды шумақтар болған. Ол зиялы ретінде де қоғамнан еш уақытта алшақтап кетпеген және халық түсінетін тіл мен стильде жырлаған. Лирикалық стильде баяндаған. Оның өлеңдеріндегі негізгі ерекшелік – шынайы образдар. Алла сүйіспеншілігін, адам махаббатын, сағыныш пен айырылысуды, өлім мен өмірді Юнустай нәзік сезіммен жырлаған басқа ақынды табу қиын. Ойшыл ақын Юнус Эмре иләһи жанрында жырлап өткен және ғасырлар бойы оның өлеңдері оқылып келеді. Ол өлеңді өлең үшін, өнер үшін емес, діни және сопылық ілімін жалғастыру үшін жырлады. Осы себептен ол бүгінгі күнге дейін Анадолуда ғана емес, бүкіл әлемде сүйікті ақындардың біріне айналды.
Юнустың поэтикалық тілі – ХІІІ-ХІV ғасырлардың халық тілі. Оғыз диалектикасын поэтикалық тілге айналдырып, барлық ақындарға керемет үлгілерді мұра етіп қалдыру ақынның биік жетістігі. Осылайша, ақынның поэзиясы кейінгі ақындарға ықпал етті. Көптеген ақындар Юнустың поэтикалық сарынымен жырлап өтті. Әсіресе, сопылық әдебиет, ұлттық әдебиет үлгісіндегі өлеңдердің жырлануына ақынның поэзиясы молынан әсер етті. Юнус Эмренің бүгінге дейін қалған екі туындысы бар. Бұлардың ішіндегі Диуан (жинақтары) негізгі өлеңдерін қамтиды. Оның өлеңдері жүзден асады. Алайда негізгі жинақта үш жүз өлең қамтылған. Демек кейбір өлеңдер басқа Юнустардың өлеңдері болуы мүмкін. Оның жинақтары бірнеше мәрте басылып шығарылды. Жаңа түрік тілінде де жарық көрді. Бұлардың ішінде Бұрхан Топырақтың, Фарук Кадри Тимурташтың, Абдулбаки Гөлпынарлының дайындаған жинақтары бар. Диуан – Юнус Эмренің ақындығын көрсететін басты туынды. Бұл туынды лиризмге толған өлеңдерді қамтиды. Тілдік тұрғысынан келгенде, қазіргі әзербайжан диалектикасына келеді. Ал қазіргі түрік тілі Юнустың арқасында әдеби тілге айналды. Тіл қолданысы, философиялық ойды жеткізу ерекшелігі тұрғысынан ақынның қосқан үлесі зор. Сондықтан Юнусты бұрынғы Анадолу жұрты сөйлеген түрік тілінің ең ірі өкілі деп қабылдаймыз.
Аударған Мәлік Отарбаев,
Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің дипломаты, жазушы-аудармашы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.