(Жазушы Әкім ТАРАЗИДЫҢ «Мұстафа Шоқай» романы хақында)
Тәуелсіздік алғалы айтулы тұлғаларымызды, ғалымдарымыздың мақалалары мен жазушыларымыздың кітаптары арқылы танып-біліп жатырмыз. Бар екен ғой, нар екен ғой бабаларымыз! Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Смағұл Сәдуақасұлы, Мұхаметжан Тынышбайұлы, Халел Досмұхамедұлы, Санжар Асфендияров... Бұл тізімді осылайша соза беруге болады. Туған жері мен халқын елжірей сүйген, сол үшін жандарын қиған бабалар рухы не деген асқақ! Мұстафа Шоқай есімі де сол ұлы бабаларымыздың қатарында! Жастайынан зерек, алғыр, ұлтшыл Мұстафа бабамыз, білімділігі мен біліктілігінің арқасында терең ойшыл, оқымысты, мемлекет және қоғам қайраткері деңгейіне жеткен тұлға. Қоқан хандығы мен Ресей империясының тұсында ел билеп, халқын қанды қырғыннан аман алып қалған Торғай датқаның ұрпағы Шоқай бидің баласы Мұстафаның тәрбие алған әулеті, өсіп-өнген ортасы, сол тұстағы әлеуметтік-саяси оқиғалар да жас жігітті ерте есейткен сынды. Және Мұстафаның жастық шағы кезіндегі ортасы да кілең мықтылар еді. Қазақ ұлтының саяси көзқарасының ұйытқысы болған, жоғарыда есімдері аталған Әлихан Бөкейханұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы бастаған зиялылардың бәрі Петербург университетінен білім алғандар ғой.
Мұстафа Шоқай Ташкенттегі ұл балалар гимназиясының үшінші сыныбында оқып жүрген жылы Түркістан жұртшылығын елең еткізген оқиға болғаны мәлім. 1905 жылы империяның астанасын дүр сілкіндірген төңкерістің салдары Ташкентте де айқын сезілді. Жер ауып келген орыс зиялылары мен түрлі өндіріс орындарында жұмыс істейтін жұмысшылар ғана емес, студенттер мен жергілікті тұрғындар да төңкерістің төркінін білді, түсінді.
Ия, тарихтағы Мұстафа Шоқай сынды нар тұлғаны, «жүректен қозғайтын, әдептен озбайтын» сөз өнері - көркем әдебиетте жан-жақты сомдау, адам ретіндегі күйініші мен сүйінішін, жан толқынысын суреткерлік көрегендікпен көрсете білу үлкен дарынның ғана қолынан келсе керек.
Мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті жазушы-драматург Әкім Таразидің «Мұстафа Шоқай» романы, сөз жоқ ғибраты мол, әсері ерекше дүние. Автордың аталмыш жаңа романы Ә. Тарази шығармашылығындағы елеулі кезең, екінші тынысын аңғартқандай.
«Мұстафа Шоқай» (1) заман шындығын, қатпар-қатпар адам жандүниесін, сырын, мұңын кеңінен, тереңнен толғайтын кең құлашты күрделі роман қатарына жатады. Соған орай, басты қаһарманды да сәтті таңдаған. Былайша айтқанда, қаһарман романды, роман қаһарманды көтеріп тұр деуге әбден ылайық. Оған романның «әп» деп басталғаннан өзіне баурап, жетелей жөнелгені дәлел. Роман бозбала Мұстафаның балалық шағына, яғни оның Ташкенттегі ұл балалар гимназиясындағы небәрі он екі күні арқау болған.
Тарихта таңбаланған он екі тәулік, сыр-сипаты ерек, қадау-қадау, шым-шытырық оқиғаның бір ғана кітапқа желі-арқау болып тартылуы үшін қаншама тер төгу керек десеңізші! Ең бастысы, жазушы тақырыпты бүге-шігесіне дейін жақсы меңгерген, жақсы зерттеген. Мына тұсы қалай өзі деп күманданбайсыз. Шала сауатты, шала ақсүйек, шала бастық, шала ұлтшыл, шаш ал десе бас алатын ұрдажық, менмен, өз буына өзі піскен Кобриннің, Самосовтың, оған кереғар қаһармандар, адамшылықтың, әділеттің шынайы өкілдері – Дорренің, Беляевтің образдарын қопарып көрсеткен, жеріне жеткізе бейнелеген. Соның жарқын мысалы, Түркістан өлкесіндегі құпия бөлімнің бастығы – Александар Иванович Кобрин. Қараңыз: «Кеш батпаса екен деп тілейді. Кеш батса, тез ұйықтап кетсем екен деп тілейді. Ұйықтар алдында түс көрмесем екен деп жалбарынады. Әлдекімге жалбарынады, кімге жалбарынатыны өзіне де белгісіз...» (3 бет).
Апыр-ай, өзін-өзі жегідей жеген, қорғасындай ауыр түстерімен арпалысқан бұл адам кім өзі? Түсін өңім деп ойлайды, өңін түсіне айландырып алған ба? Көзін аштым деп ойлауы мұң екен, қып-қызыл от, қап-қара жалын ортасына түседі. Бұйра шаштарының арасына ирелеңдеп жылан ба, жоқ әлде шылаушын ба, әйтеуір бірдеңелер кіріп кеткен сияқты ма, қалай? Түсіне алмай, біле алмай дал ұрады. Тұрғысы келеді, бірақ орнынан тұра алмайды. Енді бір қараса, тұрып отырған сияқты. Қалқайып, құр сүлдері ғана отыр. Жатайыншы деп ойлайды, жата алмайды. Сонау-сонау, төменге, терең шыңырауға құлап бара жатқандай... Түсініксіз жәйттер... Тағы да шалықтайды, сөйлейді, сөйлеседі біреулермен. Сонда сөйлескені Петля ма? Жоқ, Петля емес, киргиздар! Қайдан жүр олар? Әне-е, әуелде көз ұшында қарауытып, одан соң біртін-біртін жақындап қос атты тақап қалды, міне жақындады. Дәл терезенің түбіне кеп тоқтады. Екі киргизға екі оқ... Болды, бітті, құтылам сөйтіп... Құтылу қайда-а? Қос атты терезенің алдына келіп, көлденеңдеп, тұмшалап тастады. Ештеңе көрінбейді... Ах, киргизы!.. Сендердің көздеріңді құртпай адамзат жақсылыққа жетпейді. Бәрін сендер құртасыңдар! Жеп қоясыңдар! Адамзатты тозаққа түсіретін сендер! Киргизы... Қолындағы мылтықтың шүріппесін басып қалған. Бірақ гүрс еткен дауыстан өзі шошып оянғандай болды. Кенет сыртқы есік шиқ етіп ашылды. Әлгіндегі екі киргиздің біреуі босағада тұрып түлкі тымағын шешті. Екіншісі де түлкі тымағының бауын әрең шешті. Енді қараса, құлап барады. Еденге құлады. Айналасы тұман, терең шыңырау, құз... Миы зырқ ете қалды. Әлде, бұны атты ма? Сонда... сонда ажал деген осы ма? «Александр Иванович!» деген Колесоның дауысын естіді. Достары бетіне су бүркіп, құлап жатқан адамды тұрғызып алды.
Бұл – кеңпейіл, аңқау, ақкөңіл, көнбіс қазаққа тізесін батырған, ойына келгенін істеп, ойран салған озбыр адамның образы. Кобрин ауру, Кобрин сана дағдарысына ұшыраған. Бірақ, ол өз кемшілігін білмейді. Мен осындай адам болуым керек деп ойлайды. Содан да өмір бойына үрей құшағында жүреді. Көшпелілерден қатты қорқады. Бәрін «киргиз» атайды. Бұл үрей, бұл қорқыныш Кобриннің соңынан өкшелеп қалмайды.
Жазушы Кобрин образын жеріне жеткізе зерттеген! Құпия полицияның бастығы Кобрин қанішер! Адам бейнесіндегі сайтан! Өзінің түрі де ұсқынсыз. Мұрны ұзындау ма, үшкірлеу ме, сол жақ танауы жырық, маңдайы тар, құлақтарында да мүкістік бар. Кісіге қарағанда мүләйімси қарайды, аяныш тудырады. Азиаттарды иттің етінен жек көреді. Алдында отырған адамды төмендетіп, келекелеп, жер қылып сөйлеуді жақсы көреді. Оның ойынша адамды сыйласаң, басыңа шығады. Сол үшін таптап, балшықша езу керек. Кәдімгі «саудың тамағын ішіп, аурудың ісін істейтін» адам. Өйтпесе, құпия бөлімнің бастығы бола ма Кобрин.
Қасиетті Құран-Кәрімде: «Аллаһ тағала адамдарға еш зұлымдық қылмайды. Бірақ адамдар өздеріне-өздері зұлымдық қылады» - дейді. Ендеше, Кобрин зұлымдық иесі. Оның құйтырқы залымдығы мен сайқалдығы ерен! Ет пен сүйектен жаралған адамның осындай қарау іс-әрекеттерге баруы зұлымдық емей не болушы еді?
Кобрин түс көріп, шатасып, шалықтап жатқан кезде әлдекімнің қолы маңдайына тиіп: « - Александр Иванович, что с вами? Подождите, откройте глаза. Подождите... Вам надо лечиться, милый. Мы вас будем лечить» ( 11 бет) дейді ғой.
Құпия полицияның бастығы Кобрин, гернерал-губернатор Самосов, Ташкенттегі ұл балалар гимназиясы директорының орынбасары Зеленскийлер ауру! Сырқат! Сол тұстағы Ресейді, алып Ресей империясын а у р у л а р басқарған! Сырқат қоғам! Сырқат басшылар! Сырқат басшылар билеген қоғам, ауру басшылар басқарған империя, алпауыт мемлекет оңа ма?! Оңбайды.
Кобрин мен Петлиннің жағдайға байланысты құбылып, өзгеріп тұратын мінездері қандай жек көрінішті. Генерал-губернатор алдында көрініп қалуға, мақтанып қалуға жасаған хамелеон-актерлік мінездері шебер берілген. (248 – 260 беттер).
Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы Самосовтың әлемін, жан дүниесін жазушы терең зерттеген. Орынтағына мастанған, ісіп-кепкен бюрократ шенунік, Ташкенттегі ұл балалар гимназияның екі түлегіне, біреуіне – алтын, екіншісіне күміс медаль тапсыру үшін Самосов гимназияға баруға жиналып жатыр.
Губернатор кеңсесі мен гимназияның арасы бір жарым шақырымдай. Мүмкін одан да жақын болар. Сол араға қалалық бақтан бастап көшенің екі шетіне тұтастай тізіп әскер қойылыпты. Таяқ тастам жерге жаяу баруға да болады емес пе? Пайым-парасаты мен ақыл-ойы шектеулі Самосов олай істемейді. Генерал-губернатор деген атағы бар бастыққа жаяу жүруге болмайды! Тәкаппарлық буы әкетіп бара жатыр. Астына мінген автомобилі де елден ерек! Әдейі істеген бе, әдейі жасалған ба, автомобильдің тұмсығын аппақ қып бояп қойыпты. Бұл бір ерекше салтанаттың белгісі.
Романды оқығанда бейне бір көп сериялы көркем фильмді көргендей толқып, әсерленіп, қиналып, ыза болып, біресе отқа, біресе суға түскендей күй кешесіз. Жазушының тілі бай, өлең оқығандай әсерде отырасыз.
Сонымен генерал Самосов автомобильдің үстінде шіреніп отыр. Самосовтың бұл іс-әрекеттері, Ташкенттегі ұл балалар гимназисының директоры һәм Түркістан өлкесі генерал-губернаторының штаттан тыс кеңесшісі Дорре мырзаның көзімен берілген. Ал Дорре мырзаның ішкі ойлары, монологы ғажап! Сол ойы арқылы шілтиген, менмен, тәкаппар басшылардың (Самосов, Кобрин т.б.) тайыздығы, шенқұмарлығы, нәпсіқұмарлығы айқара ашылған! Ғажап ашылған! Дорренің ішкі ойында бәрі бар! Шындық бар! Ақиқат бар!
«... Дорре іштей күлді. Күле алмайтын адам мырс еткенін іштей сезді. Осы мен де қызықпын. Оркестрде нем бар? Генерал-губернаторда не шаруам бар? Келсін, білгенін істесін. Одан келер-кетер ештеңе жоқ. Сайқымазақ қой бұлар, сайқымазақ. Ал, келе жатыр міне. Самосов тастан қашалған пұт сияқты сіресіп тұра қалыпты. Мұртын едірейтіп жоғары қарай қайырып қояды өзі. Әй, қызық-ай! Түсініксіз заман ғой, түсініксіз. Соған түсінбей жүрген мен де қызықпын. Мұртын едірейтіп қақшиып отырған, автомобилін ала-құла қып бояп алған АНАУ да қызық. Мына тұрған екі батальон солдат иектерін көтеріп сіресіп қалыпты. Бұлар да қызық. Мәшиненің алдында отырған адьютант сымбатты-ақ жігіт, генерал Еникеевтің үлкен ұлы. Ол да қызық. Генерал оған айқайласа, ол төмендегілерге айқайлайды.. Төмендегілер солдаттарға айқайлайды. Бұл ғажап бір дүние. Цирк. Театр. Ойын. Бәрі айналып келгенде құлқынға келіп тіреледі. Құлқын...» ( 39 бет)
Сонымен генерал-губернатор мінген ақ тұмсық автомобиль әлі келе жатыр. Ол келеді деп ауланың ішіне жинап қойған халықты бері қарай шығарып жатқан ешкім жоқ. Шақырайған күннің астында тұр пысынап. Бәрі де сценарий бойынша, генерал келгенше жан баласына қыбыр етуге болмайды.
Бір кезде қалалық бақтың дарбазасынан он екі-он үш жастардағы үш бала жүгіріп шықты. Бірі ала тақиялы, ала шапанды, екіншісі қазақша киінген, басында түлкі тымақ. Ал күн болса шыжып тұр. Үшіншісі – орыс бала, жалаңбас, шолақ жең ақ көйлек киген. Үшеуінің қолдарында үш бума гүл. Олар ақ тұмсық автомобильге тұра жүгірді. Генералға гүл ұсынбақ. Әлдебір бастық жағынып, үш баланың, үш ұлттың өкілін гүл тапсыруға әкелген-ау. Бірақ саптағы солдаттар әлгі үш баланы шап бере ұстап алды. Одан соң бес-алты полиция жетті айқайлап. Үш баланы жерге құлатып, аяқ-қолдарын байлап-матап, алып кетті. Генерал Самосовтың есі шығып бір тұрды, бір отырды. Зеленскиий қол-аяқтары байланған балаларды барып төмпештей бастады.
Ұл балалар гимназиясының директоры Дорре мырза адал жан. Оның адалдығын бүкіл Ташкент біледі. Бүкіл Түркістан біледі. Зиялы десең зиялы, мәдениетті десең мәдениетті. Сол үшін де, генерал-губернатордың мына сайқымазақ тірлігіне іші қыж-қыж қайнайды, ызалы. Адам қызық деп ойлады Дорре мырза. Ол Еуропа қалаларында талай-талай театрларда болған. Мәскеуде де, Петерургте де бірнеше рет сахналық қойылымдарды тамашалаған. Бірақ, дәл бүгінгідей ғажап комедияны көрмеп еді. Гоголь болар ма еді, апырым-ай...
Ақыры, ошарылып күткен елдің тағатын тауысып, бір шақырымға жетер-жетпес жерге соншама әскерді төгіп, сапқа тұрғызып, әуре-сарсаңға салып, әрең дегенде келіп жетті-ау генерал Самосов.
Бірақ, алтын медаль және ұлы мәртебелі императордың Санкт-Петербург университетіне еш сынақсыз түсу жолдамасы Мұстафа Шоқаевқа, ал күміс медаль және ұлы мәртебелі императордың Санкт-Петербург университетіне еш сынақсыз түсіру қақысы Беляев Алексейге беріледі дегенін естіген генерал-губернатордың түсінен сойқан ашу байқады Дорре. Бұлай етуге болмайды! Алтын медальді жабайы халықтың өкілі алуы тиіс емес! Шовинист генералдың түсінігінде, бұл Дорренің саяси соқырлығы! Түркістан өлкесінде императордың он миллион бес жүз мың боданы тұрады. Олардың бәрі бұратана, кіріптар! Ал алтын медаль императордың аса берілген өкілі - орысқа ғана тиесілі. Ол Беляев Алексей! Осы тұста жас та болса Мұстафаның намысшылдығы, әділет, адалдық деп соққан жүрегі, қайсар рухы қасқая қарсы тұрды. Генерал-губернатордың шешімімен бұрмаланған әділетсіздікке төзбеді. Күміс медальді алудан бас тартты. Оның батыл қадамын гимназия директоры Дорре мен Мұстафаның сыныптас достары да қолдады. Жиналған ата-аналар да гуілдей жөнелді. Жайшылықта көп сөйлемейтін тұйық, момын жігіт Алексей Беляев те аса мәртебелі, генерал-губернатор мырзаның алтын медалінің қажет еместігін айтты.
Ұл балалар гимназиясын бітіргелі тұрған кезде болған жоғарыдағы оқиға, бұған дейін Түркістандағы саяси ахуалдың жай-жапсарын кітап арқылы ғана білген жас Мұстафаны орыстардың баса-көктеген, шовинистік пиғылдары бірден есейтіп жібергендей. Қайтсем халқыма қорған-пана боламын деген ой мазалады. Түркі тілдес халық мекендеген Түркістанға орыс неге соншалықты өш? Нені іздейді? Сөйтсе, сол жерді мекендеген қырғыздардың, өзбектердің, тәжіктердің, қарақалпақтардың түрікмендердің, бұқар эмирлерінің, Жетісу бойынан, Қаратау бойынан, Сыр бойынан орыс оқуын оқып, алыс-алыс қалаларға барып, күнін көріп жүрген қазақтардың ұлттық сезімдері төмен екен-ау. Шетінен кісімсінген, кеуде соққан, ісіп-кеуіп семірген әлдекімдер. Тәжіктердің сиқы анау, екі тілде сөйлейді, парсыны аңсап, түріктерден қашады. Түрікмен де түсініксіз. Тілдерінде де, пиғылдарында да жарықшақтық, «алты бақан алауыздық» бар. Қайтсе болады? Тұтас бір өлкенің тағдыры менің қолымда деп анау Самосов, Кобриндер жүр шіреніп.
«Алла залым елді тура жолға салмайды» дейді Құран-Кәрімде. Ел несімен залым? Сөйтсе, шілдің боғындай пышыраған Түркістан жұртында ауыз бірлік, имандылық, тату тірлік жоқ екен. Бас-басына би болған, жеке-жеке түйе айдаған аз халық бір-бірімен ұстасқан, тістесіп жатқан шонжарлардан аса алмайды екен. Билік маңайы бүгін қату, ертең тату, бірін бірі мұқатқан, кекеткен тоғышар топтар.
Кітаптағы тағы бір елеулі кейіпкер, Мұстафа Шоқайдың досы – Вадим Чайкин таза, адал жігіт. Жаны нәзік Вадим Мұстафа десе ішкен асын жерге қояды, қашан да көмек қолын созуға әзір.
Романның соңына таман Мұстафа мен Вадим Чайкиннің Оспан ағасына еріп, ата-анасы тұратын, қазақтар Бұғыл атап кеткен Фогелевка селосына кетіп бара жатқан сәті суреттеледі. Жол-жөнекей алдарынан Әли есімді жігіт жолығып, кеше кешке Белгібайдың ауылына қарай қару асынған жиырма шақты мұжықтың өткенін, бүгін қайыра қайтып бара жатқанын, ұнжырғалары түсіп кеткендігін айтады. Білмеймін, Оспан аға жүрегім бір жамандықты сезеді дейді Әли де толқи сөйлеп.
Арада бес-алты шақырым жер жүрген соң көтеріліп барып, дөңестен төмен түсетін жерде бұлар аңтарылып тұрып қалады. Әлдебір қолайсыз оқиға болғандай ауыл жым-жырт, тым-тырс. Атын тебініп, шаба жөнелген Әли үйдің алдына түсіп, іле-шала атып шығады да айқайлап жылай бастайды.
Алла сақтасын! Сұмдық көрініс! Зұлымдық емей немене?! Төрт ұл, екі қыз бен Мұстафаның ата-анасын қолдарын артқа қайыра байлап, атып тастаған.
« - Звери, звери, звери! – деген сөзді үш рет қайталап Мұстафаны құшақтап Вадим досының бетіне бетін басты». ( 382 бет)
Романды бір мақала көлемінде талдап шығу мүмкін емес. Ондай мақсатты біз алға қойған жоқпыз.
Түркістанның бірлігі мен тәуелсіздігін ту етіп, туған елінің азаттығы жолында жат жерде опат болған Мұстафа Шоқай хақындағы көрнекті жазушы Әкім Таразидің жаңа романының бірінші кітабы, сөз жоқ сүбелі шығарма. Келесі кітаптың бұдан да қызықты һәм әсерлі болуына тілектеспіз.
Мамыр, 2009 жыл.
Толымбек Әбдірайым
жазушы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.