Мұхарбек Жәкейұлы 1974 жылы 2 қазанда Торғай облысы Жангелдин ауданы Көкалат ауылында дүниеге келген.
1998-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің «Қазақстан сарбазы – Воин Казахстана» газетінде тілші, тілші-ұйымдастырушы, бөлім бастығы болып қызмет еткен. 2007-2018 жылдары Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінде аға офицер, бөлім бастығы, басқарма бастығы болып қызмет атқарған.
2018 жылғы шілде айында запасқа шығарылды. Әскери атағы – подполковник. 2006-2007 жылдары АҚШ-та әскери журналистика мамандығы бойынша білім алды. Бірқатар Еуропа елдерінің әскери оқу орындарында тәжірибеден өткен. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. ҚР Ақпарат саласының үздігі.
І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» және көптеген мерекелік медальдармен марапатталған. Бірқатар ән мәтіндерінің және «Алтын ұям – Албарбөгет» публицистикалық кітабы мен «Күзгі нота» жыр жинағының авторы.
Соңғы сөз
(Ақаңның монологы)
Абақты.
Тәнім – тұтқын, елім – бодан,
Зауалы тар заманның ауырлаған.
Ақтық сөз арзу айттым Алашыма,
Қан жауып тұрған шақта қабырғадан.
Тар заман.
Азапты күн, ауыр зұлмат,
Сүндетсіз түкті ауызбен бауыр қылмақ.
Ағысқа қарсы жүздім амалым не,
Болса да жұмыр басқа өмір қымбат!
Киізден туырлығы керегелім –
Жұртымның көзі ашылса деген едім.
Алаштың айбары асқан заман туып,
Атады бір күн таңың, сенем, елім!
Заманның сынға салды өкпегі айдап,
Серт еттім ғазиз басты оққа байлап.
Есейтті «...он үшімде ой түсіріп»,
Жыңғылды – қызыл қанға бөккен аймақ.
Тәңірі тарықтырмас түздегіні,
Пішіліп туған ерміз біз кебіні.
Топырақ бұйырмаған Сартүбектің,
Сыңси ма жетімсіреп күз-көңілі?
Айта алмай ақтық сәтте жоқтауымды,
Шыбын жан шыжғырылып оққа ілінді.
Өлім – хақ, жала – нақақ...
Жеткізер кім
Ақкөлдің жағасына ақ тәнімді?!
Жазылар тәнге түскен таңса жара,
Ұлт үшін ұлы күрес – тән санаға.
Соңғы үкім – қорғасын ғой тоғыз грамм,
Соңғы сөз – қазақ үшін жан садаға!
Қаталдық
Есқали ағайға
Тезге салу сотанақ пен сотқарды,
Заңға томпақ келеді екен – кейде бұл.
Шекесінен шерту қиын боп қалды,
Шектен шығып кеткен кезде үйдегі ұл.
Шалдуарды тоқтатуға жарайтын,
Қабақ шыту ғұрып болды байырғы.
Қаталдықты қатігездік санайтын,
Бір түрлі өзі біздің қоғам зайырлы.
Тәртібіне мойынсұнып тік тұрар,
Мұғалімнің кім қаймықпас мысынан?
Айналасын айбарымен ықтырар,
Сескенуші ек директордың сұсынан.
Тиіп кетсе бізге ағайдың таяғы,
(Құқыңды іздеп, бітпес дауды көбейтпе).
Ата-анаңның үкімі сол – баяғы:
«Адам болсын дегені ғой сен итке!»
Міне, осылай етек жинап, ес жидық,
Қатал ұстаз қабағынан сес көріп.
Өзгерте алмас ережесін еш бұйрық,
Біздікі ылғи біртүрлілеу естелік.
Тәртіпсізді тізгіндесе ағамыз,
Ақиқаты – артық болар қош көрмеу.
Шәкіртінің арасында, қараңыз,
Біреуі жоқ болбыраған бос белбеу.
Қажет сәтте қаталдық қой керегі,
Іздегенмен табылар ма енді емге?
Шапалақпен шарт еткізгім келеді,
Шыбық тимей шыңқ етерді көргенде.
Қарабас, Бақай
Әкем мен әжемнің рухына
Әлқисса, сөз бастадым ілгеріден,
Уәжіп – амал ету білгенімен.
Әкемнен естігенім есте қалса,
Сырымды ағытайын ілгегінен.
Жасымнан құйып өскен құлағыма,
Адалдық осы болар сыңарына.
Күпірлік жасау күнә – мұсылманға,
Тағдырдың түскенімен сынағына.
Қуанып, енді бір сәт мұңдана ма,
Сол мұңнан жаны ширап шыңдала ма?
Бәрі бар, дүние-мал, нығмет бар,
Осы үйге жетпей тұрған – «іңгә» ғана.
Күйдірген көкірегін күрсінумен,
Көз жасын қос мұңлықтың түн сімірген.
Құдайға құлшылықпен күн кешіпті,
Күдерін үзбей ертең, бірсігүннен.
«Адамды жаратқан соң пәндә қылып,
Әйтеуір, өлтірмейді арман-үміт.
Жасаған, қабыл ет деп тілегімді», –
Соқыр қыз сұрайды екен жалбарынып.
Бір перзент сүю – арман екеуіне,
Жарының бала беріп етегіне.
Дариғай-ай, тас емшегін бір жібітсе,
Дұшпанның қалмас еді өсегіне.
«Ішінде бұрымдының ақсарым-ай,
Тағдырды таңдап жүріп қосқаным-ай...»
Ыңылдап қой соңында күйеуі жүр,
Пейілің түсе көрсін, патша құдай!
Қысы-жаз білегіне батқан құрық,
Шопан аз айтатұғын мақтан қылып.
Кей күні жалғыздықтан жабырқай ма,
Кететін киік аулап, қақпан құрып.
Көкте құс, жерде аңмен тілдеседі
(Біреудің қызық дейсің кімге шері?)
Қайтатын қанжығасын майлап сосын,
Жазылып бойындағы мың кеселі.
Жылмиып сынай қарап, көз қиығы,
Соқса да сыпсың өсек, сөз құйыны,
Жүйрік ат, құмай тазы, берен мылтық,
Сүйген жар – аласармас өз биігі.
Төгілсе тойбастарда ән-күй керім,
Тосылмай ортаға шық, бар – билегін.
Аңқыған жұмақ иісі – жұпарынан,
Бесікке бөлейді әлі әлдилерін.
Осы үміт ұстап тұрған шаңырақты,
Әйтпесе, қырдағы елдің заңы қатты.
Қатын ап үсті-үстіне тоқалдыққа,
Талайды тағдыр тезі аңыратты.
Болса да жақсы сылтау – мынау, міне,
Әзірге айтылған жоқ бұл әңгіме.
Сенімді нығайтқанмен үміттері,
Сейілтер көңілдегі күмәнді не?..
Жүрген кез жауап іздеп бұл сұраққа,
Таң шіркін қандай тәтті тыншып атса!
Түсінде аян кепті: «қыз берем» деп,
(Құдай-ау, сенен бұлар ұл сұрап па?!)
«Ежелден ескі жұрт қой, аралас көп,
Арғынның баласынан саған әспет.
Қос қызың – көз қуаныш:
Бірін – Бақай,
Атарсың енді бірін – Қарабас деп!»
Осылай, аян келген таң алдында,
(Оқырман, сен де бірге ояндың ба?)
Сүйсініп мен де отырмын әкем үшін,
Сүйінші жетпейді ме хабар мыңға!
Өзгертпей орысшаға некеде атын,
Сақтаған ата-анаға махаббатын.
Келеді осы екі қыз даңққа бөлеп,
Қырық жыл қой қайырған әкем атын.
Ағузу, әл-фатиха – жеке қатым,
Дұғама қосып әке-шешем атын.
Бейнесін екеуінің жырдан соқтым,
Әйтпесе, боп жүргенім бекер ақын!
***
Еседі көктем лебі,
Көңілім күздей бірақ.
Бұлт орап Көктөбені,
Аспан тұр үзбей жылап.
Жаңарар дүйім ғалам,
Жабырқау біз ғанамыз.
Бақытты бұйырмаған,
Басқадан қызғанамыз.
Көңілді нала қылған,
Біз үшін сынақ бұл күн.
Жас тамып жанарыңнан,
Сен үнсіз жылап тұрдың...
Арада жылдар жылжып,
Күй кешіп төзімменен.
Сезімді құрбан қылдық,
Түндерге көз ілмеген.
...Мен бәрін кеш ұғындым,
Жүрегім сыздады аса
еске сап есіміңді,
Алматы. Күз. Қараша...
***
Тежеуге күшім жетсе көш-ғұмырды,
Ұрлатып әне бір жыл жастығымды.
Іздерім қалып қойған Жароковта,
Іздедім Алматыдан қос бұрымды.
Сұңқарға сынық көңіл, сыңар қайда,
Тұтқын боп жүргенімде тұманды ойға.
Тағдырым табыстырып ойда жоқта,
Таныстық біз екеуміз трамвайда.
Теліген тәтті үмітке сүйінішім,
Жіберген шығар сені сүю үшін!
Шөліркеп кәусарыңа құлаушы едім,
Жаныма жай таптырмай жымиысың.
Қым-қуыт дүниенің дүрмегінде,
Серттесер сұлу едің бірге өлуге.
Сағына сағат санап кезіккенше,
Қайтушы ек трамваймен күнде бірге.
Қайтейін...
Қарлығашым, бағыңды ұрлап,
Сезімнің бірге таттық балын қымбат.
...Есімде әлі күнге аялдамаң,
Қалатын жолайрықта қолың бұлғап.
Көшесі шиыр-шиыр күнәмдай көп,
Көңілсіз Алматы тұр (мұңайған боп).
Қыс түспей қар жамылған қарашада,
Сен жоқсың... сосын ескі трамвай жоқ.
***
Айтайын деп айтпайсың ғой сырыңды,
Сейілту де керек шығар мұңыңды?
Айып етпе, Алматыдан қызғансам,
Жыл сайынғы сенің туған күніңді!
Саған арнар тілегім де сіңірлі,
Бұйыртпапты бірге кешу ғұмырды...
Ал әзірге ақ жүзіңнен бір сүйгіз,
Желмен жеткен өлеңіме күбірлі.
Пешенеге жазылса да жол – дара,
Тыйым бар ма тамсануға таңғала?
Алатаудың армансыз-ау ақ қары,
Кірпігіңде кідіретін сәл ғана.
Түгендеген бойыңдағы мініңді,
Айналамның аяр бәрі, жырынды.
...Мұндай өлең жазу – көптен арманым,
Туған күнің жақындатты бүгінгі…
Соңғы өлең...
Өкініш боп өткен күндер тізбегі,
Еміс-еміс елесімен есті аңдып,
Көкалаттан көшкен бұлттай күздегі,
Кеңістікке кетем ылғи бос қаңғып.
Маңдайыма жазылғаны қашсам да,
Кермегі ащы келте ғұмыр жердегі.
Онсыз да ертең мұңдасармыз мақшарда,
Осы сені сағынбаудың бар ма емі?
Не жоғалттың құлазыған бағымнан?
Бұрынғыдан бурыл тартты сезім де.
Таңғы түстей тәтті мұңға малынған,
Өлең сенің қалып қойған көзіңде.
Ақ жүзіңді жасырғанда жер-кебін,
Үлбіреген үмітім де бірге өшкен.
Таң бозында бүгін тағы сен бе едің,
Періштелер кейпінде кеп тілдескен?
Осы болсын өзің жайлы соңғы өлең!
