«Бұл – түс емес. Бұл – шындықтың үнсіз шегі».
автор
Сейілдің осында отырғанына сағатқа жуықтады. Бәрі таныс, бірақ бәрі өзгерген. Уақыт бұл жерден әлдеқашан өтіп кеткендей. Тек Қара ағаш қана баяғы қалпы. Жапырақтарынан құйылған көлеңке ауаға төгіліп тұр.
Өзімен ерте келген жеті жастағы ұлы Димаш мәз болып ойнап жүр. Бұл – баланың атамекенге алғашқы қадамы. Ауылдың таза ауасы мен ескі үйдің кең ауласы ерекше әсер еткен секілді. Жүрегі қуаныштан лүпілдейді.
Кеше қаладан шығарда:
– Әке, біз қайда барамыз? – деп сұраған.
– Тамырымызға, балам...
Әкесінің жауабын түсіне қоймаса да, төрт қабырғадан ұзарын сезді ме, машинаның артқы есігін жылдам жапты.
Ауылға жеткен соң көліктен түсе сала Қара ағашқа қарай жүгіріп кетті. Құшағын жайып, діңіне бетін сүйеп ұзақ тұрды. Кішкентай саусақтарымен қабығын сипалап, жапырақ сыбдырына құлақ түрді.
– Қарашы, қандай үлкен ағаш, әке!
– Иә, бұл – менің ескі досым. Енді сенің де досың болады.
– Ол сөйлей ала ма?
– Сен тыңдай білсең, сөйлей алады. Жапырақтары жүрегіңнің соғысын айнытпай қайталайды.
Димаш үзіліп жерге түскен жапырақтың бірін алақанына салды. Қою жасыл түсіне қарап тұрып:
– Әке, мен де өскенде Қара ағашқа келем бе? – деп жапырақты аялай сипады.
– Иә, ұлым. Сен де күндердің бір күні осында балаңды ертіп келесің, – деп жымиған Сейілдің дауысынан үміт пен сенім қатар сезілді.
Бала ойланып қалды.
– Менің балам да маған сұрақ қоя ма?
– Әрине. Балалардың сұрағы көп болады.
– Сонда мен де сен сияқты жауап берем бе?
– Сен менен де жақсы жауап бересің, – деді. Осы бір сәт көкірегіне әлдебір сағыныш ұялап, жүрегі нәзік шымыр етті.
Димаш алақанындағы жапыраққа қарап тұрған қалпы:
– Мен бұл жапырақты қалаға алып кетем. Оған сурет салам. Сосын мектепке апарам, – деді.
– Не саласың? – деді әкесі таңырқап.
– Қара ағаш. Көлеңке. Екеуіміз.
Бала күліп жіберді. Күлкісі жапырақтың сыбдырындай – жеңіл, бірақ терең. Әкелі-балалы екеу үнсіз қалды. Қара ағаштың жапырақтары әлдебір таныс әуенмен баяу тербеліп тұрды.
Бұл – Сейіл жарық дүниеге келмей тұрып-ақ тамыр жайған ағаш. Сәби күнінен күлкісін де, көз жасын да өзегіне жұтып алған. Содан болар, тамырлары жерге емес, жадындағы жарық пен көлеңкеге бойлап кеткен. Әлгінде оған жақындай бергенде-ақ, аяқ дыбысына ұқсас жүрек соғысын сезінді.
Баяу ескен желден жапырағы сыбдыр етті. Үнсіздікті бұзған сол сыбдыр ескі естелікті қайта қозғап, ішкі сезімдері секундтарды да ілестірмей, көз алдынан сырғып өте берді.
Осы жасына дейін қара ағаштың жапырағы түскенін көрген емес. Аңызақ жел айналаны күйдіріп, тіршілікті тықсырғанда да, сүреңсіз күзде де жасыл жамылғысын жамылып, көлеңкесін төгіп тұрғаны – тұрған. Тіпті, әне бір жылғы қуаңшылықта да қыңқ етпеді.
Сол жаз аспан айналып жерге түсті. Тіршілік тоқтап, ауада уақыт пен кеңістіктің шекарасы еріп жатқандай көрінді. Көктен тамшы тамбай қойды. Өзен-көлдің арнасы кеуіп, демі тарылды. Қуаңшылықтың құрғақ тынысы табиғатты да, адамды да бозартып жіберді.
Шілденің аптап ыстығынан ауладағы көк тіреген төрт терек қурап тынды. Жерге түскен жапырақтары топыраққа емес, ауаға сіңіп кетті. Тамырлары бос кеңістікке ілініп қалғандай, шарасыздықтың күйін кешті. Келесі жылы олардың ешқайсысы бүр жармады. Бұл апаттан тек Қара ағаш қана аман қалды.
Ертеректе жай түскенде де осы Қара ағаш бүлінбей қалған екен. Ол – бүгінгі ауыл сыртындағы жай тартқыш үлкен мұнара әлі тұрғызыла қоймаған заман. Жаздың жайдары күнінде күтпеген жерден аспанды бұлт торлап, сатұр-сұтыр найзағай ойнайды. Сол найзағай ойнаған қасіретті күні Сейілдің ата-анасының тұла бойы тұңғышы Кәмеш апасы жай түсіп, жан тәсілім етіпті. Үлкендер жағы: «Қара ағашқа таяқ тастам жерде ойнап жүр еді. Байғұс бала жанұшыра жүгіргенімен, ағаштың түбіне жетпей құлады. Жай оғы жас ғұмырды осылай жалмады, – деп көздеріне кемсеңдей жас алатын.
Қара ағаш – осындай ауыр қасіретке де куә болған жансебіл. Жылдар бойы өткен күннің өкініші мен үмітін қатар сақтап келеді. Оның бойына желдің тілін ұғатын сабыр сіңген. Тасты жарып шығатын қайсарлығы тағы бар. Сол қайсарлық оны талай сынақтан сүріндірмей өткізді. Бірақ ол бір ғана нәрседен – тамырынан ажыраған жоқ. Оның күші – топырақпен тұтасып кеткен рухында.
Қара ағаш тағдырдың қатал талқысына көнгенімен, илікпеген. Бүгілгенімен, тізе бүкпеген. Дауыл соқса да, от шарпыса да – шайқалмайды. Сабыры – тыныш теңіздей, сенімі – шайқалмас тас қабырғадай берік. Үнсіздігімен биік. Уақыттың өзіндей тұрақты. Өмірдің бар ащысы мен тұщысын татуындай-ақ татып, тамыры мен рухы бірге жасасып келеді.
Алысқа жол жүретін жолаушылар да Қара ағаштың түбіне тоқтап, бір уақ көлеңкесінде тыныстап алатын. Сол көлеңкеде өткен мен келешектің арасын жалғап тұрған бір тыныштық бардай.
Қара ағаштың түбіне келгенде уақыттың өзі баяулап, сәттер сілтідей тына қалатын. Оның көлеңкесі шаршаған жанға тыныштық сыйлар пана секілді. Саясында отырған жан ішкі дауысына құлақ түріп, өмірдің үнсіз сабақтарын тыңдағандай болады. Бұл жерден өткен әрбір жолаушының күндердің бір күні қайта соғып, сол баяғы үнсіз тыныштықпен тағы бір рет тілдескісі келетіні содан...
Сейілдің анасы: «Бұл ағаш сен туған түнгі жаңбырда жапырақтарын жамылғы еткен», - дейтін. Содан ба, Қара ағаштың түбінде отырып жоғалған бейнесін іздейді. Кейде басқа бір уақыттың ішінде жүргендей күй кешетіні бар. Өзіне тым таныс, әйтсе де дәл сипаттап бере алмайтын бір сезім мазасын ала береді.
Қара ағаштың діңі күнделік секілді. Жел ескен сайын парақтарын аударып, өткен өмірімен қайта қауыштырып тұрады. Кейде осы күнделік өзіне тиесілі емес сияқты. Ішінен әлдеқашан өмір сүріп кеткен өзге бір жанның хикаясын оқып тұрғандай болады. Бірақ неге екені белгісіз, әр жолы содан өзін табатын.
Қара ағашқа арқасын сүйеді. Діңінен құйылған шуақ тұла бойын жылытып, ішкі әлеміне баяу сіңіп бара жатты. Көзін еріксіз жұмды. Жапырақ арасында ойнаған самалдың сыбдыры ескі бір әуенді еске салды. Жүрегі баяғыда көмескі тартқан ырғақпен соққандай.
Кенет жапырақтар ұмыт болған тілде сөйлей бастады. Ескі күлкілердің үні сана түкпірінде жаңғырып, алыстан балалықтың даусы талып жетті. Бейне бір көңілдің тереңінен шыққан таныс саз секілді.
Біртіндеп Қара ағаштың көлеңкесіне емес, ішіне еніп кетті... Ескі үйдің табалдырығынан аттай бергенде, төбесіне тамшы тиді. Бұл – су емес, сағыныш тамшысы еді. Едені де бұрынғыдай сықырламайды. Бірақ әр қадам басқан сайын артында бір ескі дауыс сыбырлап қалып отырғандай.
Жазу үстелінен күнделік көрді. Ашып оқып еді. «Адам – тамыры өткенге тартып, көлеңкесі бүгінге жайылып, үміті болашаққа бойлаған тірі ағаш» деп жазылыпты.
– Әке, – деген дауыстан селк ете қалды. Жапырақ сыбдырымен қатар шыққан баласының дауысы ішкі ұйқысынан оятып жіберді. Ескі үй, есінде жоқ ескі терезелер, үнсіз сөйлеген қабырғалар – бәрі артта қалып, қазіргі заманға қайта оралғандай болды. Өмірінің жалғасы – дәл осы бала екенін, өзінен кейін де өмір-өзен өз арнасымен ағатынын, тамыры үзілмей, әрі қарай өрбитінін іштей түйсінді. Қара ағаш құсап, тағдырдың талқысына қанша мүжілсе де, енді өзі де біреуге сая болар шаққа жеткенін анық аңғарды.
Сейіл жан-жағына көз тастады. Жүрегінде түсініксіз сағыныш бүр жарды. Күн сәулесі ағаш жапырақтары арасынан сығалап, үміттің әлсіз шуағындай жанына жылы тиді.
Қара ағашпен қимай қоштасты. Көлеңкесінде жанының бір бөлшегі қалып бара жатқандай сезінді. Күн желсіз тып-тынық, жапырақтары әлсіз дірілдеп тұр. Әлде бірдеңе айтқысы келгендей. Сейіл көзін тайдырып әкетті. Жүрегі бұл қоштасуды көтере алмайтынын сезді.
Қалаға қайтып бара жатқан жолда Димаш артқы орындықта тәтті ұйқы құшағына енген еді. Қолында – Қара ағаштан үзіліп түскен жалғыз жапырақ. Бауырына басып алған. Бәлкім, ертең-ақ сол жапыраққа қарап отырып, әкесінің бойындағы туған жерге деген алапат сағынышты, байырғы атамекенінің тынысын сезінер.
...Көзін жұмса, өзін Қара ағашқа айналып кеткендей сезінеді. Тамырымен өткеннің тереңіне бойлап, бұтағымен беймәлім болашаққа үміт артып тұрғандай. Қабығында балалық шағының шаттығы, діңінде шешілмеген сұрағы сақтаулы. Саясынан ұлының күлкісі естіледі, ал самалмен тербелген сыбдырында әкесінің демі бардай.
Өмір – қара ағаштың көлеңкесінде басталып, сол көлеңкенің саясында аяқталатын саяхат тәрізді.
