Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Найзағай отына суарған ақ алмас ...

23.08.2018 9249

Найзағай отына суарған ақ алмас

Найзағай отына суарған ақ алмас  - adebiportal.kz

Белгілі бауыржантанушы Мамытбек Қалдыбаймен арадағы әңгімемізді қазақтың әскери әдебиетіне, оның ішінде даңқты қолбасшы, Совет Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының соғыс тақырыбында жазылған кейбір шығармаларға көзқарасы төңірегінде өрбіттік.

– Александр Бектің батыр Бауыржан батальонының Москва түбіндегі қиян-кескі ұрыстары туралы әлемге кең таралған «Волоколам тас жолы» романының «Үрей» деп аталатын бөлімінде: «– Келісіп алайық, – деп сөзін жалғастырды ол. – Сіз шындықты жазуға міндеттісіз. Даяр кітапты маған әкелесіз. Мен бірінші тарауды оқимын да: «Нашар, өтірік жазылған! Үстелге сол қолыңызды қойыңыз» деймін. Бір! Сол қолыңыз шабылады! Екінші тарауды оқимын: «Нашар, өтірік жазылған! Үстелге оң қолыңызды қойыңыз». Бір! Оң қолдан айырылдыңыз! Келістік пе? – Келістік, – деп жауап қаттым мен. Екеуіміз де әзілдеп тұр едік, бірақ күлген жоқпыз» – деген жолдар бар ғой. Баукең өзінен неміс басқыншыларымен жан беріп, жан алысқан шайқастар сырын баяндап беруді сұраған тілшіге өте қатал қарап, оны дамыл-дамыл оқ борап, гүрс-гүрс бомба жарылған соғыс шебіне салып алып отырғанын аңдаймыз. Өзі қарауындағы қалың әскерімен қан майданға екі жүз жеті мәрте кіріп, аман шыққан батыр, білуімізше, осы тақырыпта жазылған өзге дүниелерге де сонша жоғары талап қойған. Әлбетте, о кісінің кейбір пікірлері қайшылықты да болуы мүмкін. Дегенмен, өзіңізден батырдың белгілі туындыларға берген бағасын мүмкіндігінше ашық жеткізуіңізді өтінер едік. Өйткені жас ұрпақ содан ой түйіп, қорытынды шығаруға тиісті.

– Баукең майдан тақырыбындағы шығармаларға мейлінше әділ қарап, қатты сынға алғаны рас. Оны бүгінгі кейбір оқырман аса қабылдай алмай, ренжуі де ғажап емес. Дегенмен, айтып көрейік. Көзіқарақты оқырман мәселе мәнісін өзі безбендеп, салмақтап алар.

– Ендеше сөзді соғыс туралы кесек туындылардың алдыңғы легінде тұрған Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романынан бастасаңыз. Батыр осы шығармаға қалай қарады екен?

– Бұл 1945 жылы алғаш «Қазақ батыры» деген атпен шыққан дүние ғой. Баукеңнің аталған кітапқа көңілі тола қоймаушы еді. «Басталуының өзі сәтсіз. «Қашып келемін, қашып келемін», – деп бастайды. Мұндай жауынгер елін қалай қорғамақшы?! Жазушы, қайта, қиындыққа қасқайып қарсы тұратын биік рухты көрсетуге күш салмай ма? Күрескерлік ерік-жігер қайда? Мұндай кемшіліктің бәрі соғыс табиғатын білмегендіктің кесірінен. Жарайды, қаламгер алғы шепте болмай-ақ қойсын. Бірақ сол майдан шебінде болған адамдармен ақылдасуы керек еді» дейтін... ­

– Шынында, соғыс туралы кесек дүние жазуға дайындалған сәтте Ғабеңнің кейбір өнер адамдары секілді майданға іссапарға сұрануға ниеті болды ма екен? Әлде...

– Иә, ондай орайлар кездесіпті. Баукең де осыны айтатын: «Қартайып отырған шағы емес. Ретін тауып барып, он-он бес күн оқ-дәрі иісін сезініп қайтса артық болмас еді» деуші еді. Айтпақшы, Ғабең де кезінде әскер қатарына шақырылған көрінеді. Шашын алдырып, гимнастеркасын киіп, енді еріксізден аттанғалы тұрған сәтте Қазақ ССР Сауда халық комиссары қызметінде жүрген Ілияс Омаров кездесіп қалады. Сөйтіп, Әскери комиссариатқа барып, бұ кісі Әдебиетке өте керек адам деп алып қалыпты. Баукең маған: «Қазақ солдатын» оқыған шығарсың. Осыдан елді ойлантатын, толғантатын қандай күрделі оқиға есіңде қалды?» деп сұрағаны да бар. Сөйтті де өз сұрағына өзі жауап берді: «Ондай көріністер жоқ. Тартымсыз. Соғыс тақырыбын үйде отырып бал ашқан секілді жазуға болмайды ғой. Әрине, Ғабең – тілі бар жазушы. Бірақ бір ғана тіл арқылы қан майдан шындығын көрсете алмайсың. Шындық – бәрінен қымбат» деді. Осыны айтты да, Лев Толстойдың ізденімпаздығына, керемет еңбекқорлығына тамсанды. «Ол Қырым соғысына өзі қатыспағанда, солдаттарды өзі басқарып, жаумен бетпе-бет келіп шайқаспағанда «Соғыс және бейбітшілік» романын жаза алмас еді. Тіпті, бұл жөнінде ойлануының өзі неғайбіл. Одан соң ол архивте де көп отырған адам көрінеді» – деді.

– Мұныңыз қызықты дерек екен.

– Наполеон Мәскеуге кірген соң Тарутино селосына шегініп барып жайғасқан Кутузовке өзінің елшісі маркиз Лористонды жіберіп: «Екі жағымыз да соғыстан шаршадық. Енді бір мәмілеге келейік» деп сәлем айтыпты. Сонда Кутузов: «Сіздер шаршасаңыздар, біз әлі соғысты бастаған да жоқпыз!» деп жауап қайтарады. Осыны естіген француз императоры «ойбай, мыналар сұмдық қой» деп шанаға отырып, алды-артқа қарамай еліне қарай зытқан екен. Әскері әбден бүрсеңдеп тоңған. Тоз-тозы шығып, әлсіреген. Құр сүлдері қалған. Аш-жалаңаш. Келетін азықтың жолын орыс партизандары кесіп тастапты. Толстойға осы жәйтті архивтен оқыған соң жазу туралы ой келеді. Бұған қоса ол француз тарихшыларының да ғылыми еңбектерін пайдаланыпты. Сондай-ақ оқиғаны дамытып, шығарманы шырқау шегіне жеткізе түсу үшін соғысқа қатысқан тірі куәлердің естеліктеріне де сүйенеді. Баукең осы жәйтке сүйсінетін. «Ал Ғабит Мүсіреповтің архивтерде отырған-отырмағанын білмеймін» дейтін.

– Әрине, майданға тікелей өзің кіріп, көп оқиғаны өз басыңнан өткерудің жөні бөлек қой. Атақты «Қаһарлы күндер» романының авторы Тахауи Ахтанов кейін өзінің осы шығармасына келуі туралы: «Мен соғысқа 1942 жылдың күзінен бастап аяғына дейін қатыстым. Көргендерім аз емес. Ал осы шығармама қай тұсты өзек етіп аламын, қандай оқиғаларды берем? Бұл ой да аз толғандырған жоқ. Қай шығармада болсын кейіпкерлерлі ең қатал сынға салу керек. Сонымен соғыстың ең қатерлі кезеңін – 1941 жылдың күзін алуға бекіндім. Бірақ мені қинағаны – ол уақытта мен майданда болғаным жоқ, тіпті әскер қатарына да ілікпеген кезім. Соны суреттеуге хақым бар ма деген сұрау да қинады. Бірақ ойлап-ойлап осы кезеңді суреттеуге бекіндім. Өйткені, соғыстың табиғаты бір. Ажал – біреу. Оның үстіне мен соғысты сырттан бақылағаным жоқ, ішінде болдым. Төрт рет жараландым. Және 1942 жылы сол Москва маңы – Ржев төңірегінде соғыстым. Сөйтіп барлық жағдайды екшей келгенде – үш жыл бойғы соғыстан көрген-білгенімді – 1941 жылдың қаһарлы күзіне топтауға болады екен деген ойға келдім» – деп жазыпты. (Ахтанов Т. Керуен. Әдебиет туралы ойлар. «Жазушы. – Алматы. 1969 ж. 268-б.).

– Баукең үнемі оқтың өтінде жүріп сарбаздарын шабуылға өзі бастап шыққаны мәлім. «Шайқастардың бірінде жас қазақ жауынгерімен екпіндеп қатар кетіп бара жатқанмын, ­­– деп әңгімелегені бар. ­­– Қыстың күні. Қақаған аяз. Әлгі жігіт бір мезгілде оқ тиіп, мұрттай түсті. Жүзіне қарасам, түрінде жеңіске деген құштарлығы, сенімі ұйып қалғандай екен. Таң қалдым. Адамның психологиясын өлімнің өзі де бірден өзгерте алмайтын болып шықты. Сөйтіп аңтарылып тұрғанымда тұсымнан: «Сволочи! Нашего помкомвзвода убили!» деп жүгіріп өтіп бара жатқан орыс солдаты да кенет ажал құшты. Менде оған қарайлайтындай жағдай жоқ. Алға қарай аршындай ұмтылып, құстай ұшып келемін. Әлден мезгілде Молчанов деген командирлердің бірі жараланып құлап жатқанын көрдім. Қолтығынан демеп, көмектеспекші болып едім: «Жолдас, комбат! Маған бола алаңдамаңыз. Алға кете беріңіз. Жәрдемдесетін біреу табылады ғой. Бөгелмеңіз!» деді. Қандай саналылық! Ауыр жараланса да шешуші сәттегі борышты жіті сезініп жатыр. Кезінде Ілияс Омаров: «Сен Бауыржан, соғыстан кейін Мәскеудегі Әдебиет институтына түс. Өзіңді әдебиетке арна» деп ақыл қосып еді. Мен ақымақ болып әскери салаға кетіп қалдым. Академияда сабақ бердім. Сөйтіп уақыттың көбін өткізіп алыппын. Майдан әңгімелерін Әзілханға, саған талмай айтып жүрген себебім, көрген-білген, көкейге түйгенімнің бәрін өзім қағазға түсіріп үлгере алмайтын болған соң барлық сөзді сендер арқылы қалайда ұрпаққа жеткізсем бе деп талаптанамын»... ­

– «Психология» деп қалдыңыз. Бауыржан Момышұлы қан майданда оқ пен от ішінде жүріп әрбір сарбаздың, әрбір кіші командирдің соғыстағы жай-күйін жан-жүрегі арқылы өткізіп, әкери педагогика мен әскери психологиядан да баға жетпес мұра қалдырған айрықша тұлға ретінде ерекшеленеді. Даңқты қолбасшының осы қырын жіті түсініп, лайықты бағалаған адамдар бар ма?

– Үлкен ғалым, белгілі психолог, ғылым докторы, профессор Құбығұл Жарықбаев Алматы қаласындағы республикалық ұлттық кітапханамызда сөйлеген бір сөзінде: «Орыс психологтары арасында «Ум полководца» деген көлемді кітап жазып, Наполеон мен Суворовтың қолбасшылық әрекеттеріне ерекше психологиялық талдау жүргізген Борис Тепловтың да, сондай-ақ әсекери психология тақырыбында іздене тер төгіп келе жатқан дүние жүзінің озық психологтарының да еңбектерін салыстыра оқығанымда, біздің Бауыржан Момышұлының «Қанмен жазылған кітабы» («Соғыс психологиясы») бәрінен еңсесі биік, өте терең еңбек деген тұжырымға келдім. Өкініштісі, оны өз деңгейінде талдауға біздің психологтарымыздың өресі жетпей жатыр» – деді. Сол секілді кезінде Әскери Академияда Баукеңнің алдын көрген, СССР Қарулы күштері Тылы бастығының бірінші орынбасары, штаб бастығы, генерал-полковник Иван Голушко да өз кітабында: «Біз барлық кезде Момышұлы лекциясын қызығушылықпен күтетінбіз. Ол қандай бір материал болсын, көбіне қағазға қарамай, схемаға, әскери тәжірибеге сүйене түсіндіріп, әр тезисін өнегелі мысалдармен бекітетін. Тактиканың күрделі мәселелерін творчестволықпен шеше білуге баулитын. Ол шенге бас имес қарапайымдылығымен және тыңдаушылардың бәріне қатаң талап қоя білетін қасиеті арқылы біздің сүйіспеншілігімізге бөленген еді» деп жазыпты. Бұл – зор баға. (Голушко И.М. Солдаты тыла. – М.: Воениздат, 1982. – 196 с.).

– Алапат өрт ішінде пісіп, найзағай отына суарылған ақ алмастай жарқылдаған Бауыржан батырдың соғыс жайындағы әрбір шығармадан мейлінше дәлдікті, жан-жақты тереңдікті күтетінін, қаны сорғалаған шындықты талап ететінін түсінуге болатын сияқты. О кісі соғыс жылдарында «Халық – қаһарман» (1941), «Емен» (1944) деп аталатын кітаптар шығарып, соғыс ауыртпалығын жырлаған Ғали Орманов еңбегіне қалай қарады екен?

– Ақын Ғали Орманов соғысқа барыпты. Майдан ахуалын көріп, біліп жазған адамдардың санатындағы қаламгер. Бірақ Баукең бұ кісінің де шығармашылығына көңілі толмады. «Дарыны жетісіңкіремеді. Екіншіден, тақырыпқа деген қызығушылығы, құштарлығы азырақ болды» дегені есімде.

– Майдангер жазушы Сәуірбек Бақбергенов те әскери тақырыпқа едәуір қалам тербегені мәлім. Тіпті, бұ кісі де әйгілі Панфилов дивизиясы құрамында қызмет етті білем. ­

– Баукең Сәуірбек ағаны да тілі бай қаламгерлер қатарына жатқызатын. «Оны бірде осы жағынан Шерханға мақтағанымда, ол інім менің тілім одан гөрі құнарлырақ дегенді аңғартты. Сәуірбектің тілі көркем, кестелі болғанымен, соғыс тақырыбындағы жазғандары үстірт екені рас. Оның бір шығармасында әскери комиссар бірнеше адаммен жау қоршауында қалып, ең соңына дейін атысады. Немістер ақырында олар бекінген шағын үйге өрт қояды. Сонда әлгі жетекші партиялық билетін көтеріп шығып, оққа ұшады. Бұл ­– түсінген, игере білген адамға керемет оқиға. Міне, жазушы осыны лайықты деңгейде көрсете алмады», – деп еді. Мен Баукеңнен: «Оның себебі неде екен? Қаламгер жақсы материалды неліктен пайдалана алмаған?» деп сұрадым. – «Өйткені, ол да алғы шепте болған жоқ. Жағдайды өз көзімен көріп, бастан кешіріп, іштей күйзеліп, істі сана сүзгісінен өткізе алмағандықтан әңгіме шала-пұла, шикі болып шығады» – деген жауап алдым.

– Иә, бұл Сәкеңнің партбилетін сығымдап көтеріп шығып ерлікпен қаза табатын Рашид Жанғожин жөніндегі «Жанғожин», «Белгісіз солдат» хикаяттарындағы оқиға ғой.

– Солай сияқты. Сөйтсек, Сәкең алғы шепте емес, көбінесе ішкі жақта, байланыс қызметінде жүріпті.

– Бауыржан батырдың атақты «Намыс гвардиясы» пьесасы туралы пікірі көпшілікке мәлім. Мүлде ұнатпаған. Пьесаны Мұхтар Әуезов Ұлы Отан соғысының алғашқы жылдары Әлжаппар Әбішевпен бірігіп жазған екен. Жағдай түсініктірек болу үшін оқушы назарына Бауыржан Момышұлының майданнан авторға жазған хатынан үзінді ұсына кетейік: «Мұхтар аға! Сіз қалайша «Намыс гвардиясына» байланысты бейғамдыққа, тым аңғал сенгіштікке жол беріп алғансыз. Сіздің көркемдік қуаты күшті, өте бай, орамды, ұтқыр, тұшымды да терең ойлы, айшықты талантыңызға білімсіз, тар өрісті, парасатсыз қосалқы авторыңыздың қосарласуы жасанды, өкінішті, анайы болып шыққан екен... Пьесада тәртіп, әскери және күнделікті өмірдегі мінез-құлық пен әдептілік нормалары мүлдем көрсетілмеген, порнографиялық жүгенсіздікке дейін жеткен, орынды да, орынсыз да кез келген сәтте ернін тоса беретін, өзінің ішкі сезімін тежей алмайтын ана ақымақ Нина деген кім?.. Бұйрықтың күші, оның мүлтіксіз орындалуы, әмір етуші қатал командир ойының нақтылығы қайда? Жауынгерлік тапсырманы орындау жөніндегі неғылған әңгіме, бос мылжың, кімнің саптың басында жүруіне байланысты неғылған саудаға салушылық, неғылған еркіне салушылық пен жалынып-жалбарынушылық?.. Сіздің Төлегеніңіз ұрыс даласының солдатынан гөрі сахна сайқымазағына айналған. Достармен қарым-қатынаста тік әрі дөрекілеумін – бұл менің кемшілігім. Сіздің ағаттығыңызға тек жазалаумен ғана көмектесе алатыныма өте өкініш білдірмекпін. Аса құрметпен, өзіңіздің Бауыржаныңыз. 17.11.1942. (Момышұлы Б. Қанмен жазылған кітап. Алматы; Қазақстан, 1991. – 229-б.)

Суретте: Совет Одағының Батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы мен жазушы, бауыржантанушы Мамытбек Қалдыбай.

– «Намыс гвардиясы» басынан аяғына дейін ұнаған жоқ деп еді. Мұхаң Бауыржанның сынымен келіседі: «Үш күннен кейін Мұхаң менің үйіме келді. – Сенің хаттарыңды алдым. Абай туралы дұрыс айтқан пікірлеріңе мың алғыс. «Намыс гвардиясы» туралы айтқан ескертулеріңе толығынан мен қол қоямын». (Момышұлы Бауыржан. Көз алдымда бәріңсің. – Тараз, 2007. – 3-б.). Баукең 1943 жылдың аяғында майдан даласынан Алматыға келіп, қазақ зиялыларының алдында дәріс оқыған сәтте Мұхтар Әуезов конспект жазып отырыпты. Бұл мұра қазір Мұхаңның музей-үйінде сақталған көрінеді. Заңғар суреткер алдағы уақытта соғыс жайында кесек дүние жазамын ба деп ойланған секілді. Осыдан кейін Ғабит Мүсірепов екеуі киносценарий жазу қамымен тауға барып демалып, іске де кіріскен көрінеді. Дәл осы кезеңде «Бауыржан – ұлтшыл» деген сөз шығып, нешеқилы дүрбелеңді өткерген Мұхаң әлгі жазбаларының бәрін дереу жояды. Баукең: «Тіпті, о кісі менің өзіне майданнан жазған оншақты хатымды да құртып жіберіпті. Осы әрекетін ешбір кешірмеймін» деп кейін өз күнделігінде жазыпты. Дегенмен, батыр Мұхтар Әуезовті аса жоғары бағалап, жақсы көргені анық. «Намыс гвардиясының» қалай жазылғанын, алғаш идея қалай туғанын анық біле қоймаймын. Тегінде, бастаманы Мұхаң көтерсе керек. Баукең драмалық шығарманың кемшіліктері туралы айта келіп: «Біліп жазбағаннан кейін елдің көңілі қалады, халыққа кері әсер етеді. Ал кәсіби біліктілікпен жазылса, авторлар бұқара көпшіліктен қаншама алғыс алар еді, қаншама рухани байыр еді. Қайратына қайрат, ақылына ақыл қосар еді. Ал «білмеген у ішеді» демекші, дүниетанымның тарлығы бәрін бүлдіреді» дегені бар. Батыр 1944 жылы Москвада да жазушылар алдында сөйлеген екен. Осы жиынға Қазақстан коммунистік партиясы Орталық комитетінің идеология жөніндегі хатшысы, бюро мүшесі Мұхамеджан Әбдіхалықов та қатысыпты. Сонда Баукең кең танымал орыс жазушыларына: «Соғыс кезінде қалам ұстап, елдің мұңын мұңдап, қайғысын бөліспеген жазушы жазушы емес. Елдің тағдыры шешіліп жатқан кезде көпшілік қаламгерлер үнсіз қалды. Сіздердің араларыңызда алғы шепке қайсыңыз бардыңыздар? Түтіннің, оқ-дәрінің иісін қайсыңыз иіскедіңіздер? Қайсыңыз солдатпен сөйлестіңіз? Қатардағы жауынгердің мұңын, қуанышын, қайғысын білесіздер ме? Соны, байқауымша, көпшілігіңіз білмей жазып жүрсіздер» депті. Батыр Александр Фадеевтің әйгілі «Молодая гвардия» туындысын да аса ұната қоймағандай. «Әлгі жерде керемет қайран қалдым, – дейді жағдайға тікелей куә болған Мұхамеджан аға. – Бірде-бір адам өйтіп сөйлей алмады». Баукең сол жолы да Лев Толстойды, Эрнест Хемингуэйді мысалға алып, «Хемингуэйдің «Шал мен теңіз» повесі шағын ғана дүние, бірақ бірнеше романға татиды» депті. Азуын айға білеген жазушылар қазақ батырының пікірімен үнсіз келіскендей. Арасында шешеннің әділ сөзіне тәнті болып қол соғып, ризалығын жасырмаған да адамдар бар секілді. Жазушы Алексей Сурков үзілісте әдейі бұрылып келіп амандасып, Баукеңнің арқасынан қағып: «Жарайсың, ерім! Ризамын!» депті.

– Қарап отырсақ, Баукең әлгі сәтте отыз төрт жаста екен. Әдебиетке деген дайындығы сол кездің өзінде атақты әлем жазушыларының ешқайсынан кем еместігі айқын көрінеді.

– Ол рас. Баукең: «Жазушы адам көп ізденуі қажет. Нағыз биікке шығу үшін көп білу керек. Өзіміздің дүниелерді ғана емес, шетелдік озық шығармаларды да еркін игеруге тиісті. Әсіресе, қазақтың халық ауыз әдебиетінің мұраларын жақсы білуі керек» дейтін. Мәселен, «Қыз Жібек» жырындағы Төлеген мен Бекежанның образдарына тамсанатын. Бекежанды «Тарлан» деуші еді. «Көрмейсің бе, «өлтіріп Төлегенннің атын алдым!» деп жападан-жалғыз өзі қасқайып келіп тұр! Кімнің қолынан келеді мұндай ерлік?! Ал сендер оны «жағымсыз кейіпкер» дейсіңдер» деп күлетін-ді.

– Батыр атақты партизан Қасым Қайсеновтің шығармашылығына қалай қарады екен?

– Қасекеңді жек көрмейтін. Бірақ «ол дүниетанымын кеңейте түссе жақсы болар еді» деуші еді.

– Бауыржан Момышұлы ғұмырбаянына қатысты көрнекті шығармалардың бірі Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» диалогиясы ғой. Батыр бұ кісінің еңбегін қалай бағалаған?

– Жоғарыда Қасекеңе айтқан кемшілік бұ кісіде де жоқ емес дейтін. Бірақ ол саған қарағанда ширақ, іскер, сенен он есе пысық дер еді. Бірде Әзекең Баукеңді Дмитрий Снегин, Сапарғали Бегалиндермен бірге үйіне қонаққа шақырыпты. Сонда: «Әлгі отырыстан рухани жағынан қоңылтақсыңықырап қайттым. Нәрлі әңгіме ала алмадым» деп қалғаны бар. «Ақиқат пен аңыз» кітабы талқыланған кезде Әзекең: «Бауке, ертең талқылау болатын еді; сіз де қатыссаңыз» деп қолқа салыпты. Сонда Баукең: «Сен, Әзілхан, қызық екенсің ғой. Мен сені ақылды жігіт пе деп жүрсем, мұның қалай? Бұл – мен туралы жазылған кітап, сондықтан ешқайсың қарсы шықпаңдар деп қалай бармақшымын? Өз кітабыңды өзің қорғап шық. Қорғай алмасаң, қор болып жүр» деп ренжіпті. Талқылаудан кейін Әзекең: «Маған кейбір адамдар қатты айтты, Бауке. Қатты сынады» деген екен.

– Сынаған кімдер екен? Сіз білесіз бе, Мәке?

– Әсіресе, Сәуірбек Бақбергенов: «Сенің Бауыржан Момышұлына, Александр Бекке қосқан қандай жаңалығың бар? Оны байқай алмадық. Әңгімені баяндаушы – Бауыржан. Сондықтан кітаптың қаламақысын соған беру керек» деп мұқатқан көрінеді. Сонда Баукең Әзекеңе: «Оларға өкпелеудің қажеті жоқ. Шүкір деу керек. Маған көптеген оқырмандар хабарласып, кітапты рахаттанып оқып жүрміз, еңбек жақсы деп жатыр. Қапаланба, жазушыға бұдан артық баға болмайды» депті.

– Батыр өзі де өте еңбекқор адам екенін аңдаймыз. Өле-өлгенше қаламы қолынан түспеген жанкешті кісі екені байқалады. Мұның сыры неде?

– Иә, Баукең қандай жағдайда да қағаз-қаламына адалдығын сақтаған адам. Жоғарыда айтылғанындай, ол көкейіндегі мол қазынасын халқына жеткізуге тырысты. Кейде маған телефон соғып: «Мен сені сағынғаннан немесе өзіңе әлдебір жағдай жасайын деп хабарласып отыр деп ойлап қалма. Өзімнің миымды жаттықтыру үшін, ой-санам қалпында ма екен, алжымаппын ба, соны тексергелі қоңырау шалып отырмын» дейтіні бар еді.

– Сізді де сынаған кездері бар шығар?

– Әрине. Менің өзі туралы алғашқы кітабымның екі жүз беттейін оқып кетті ғой. Маған да қатты сындар айтты. «Сен портретті қайта-қайта бере береді екенсің. Бір жерде бергеннен кейін жетпей ме! Одан соң кейіпкер тілін сақтамайтын көрінесің. Оқырман оқып отырғанда бұл пәленше жазушының кітабы деп жазбай тануы керек. Лирикаға көп барасың. Оныңның түрі мынандай: «Қыз бен жігіт тоғайға барыпты. Мамытбек пен Әсемкүл екеуі көк майсаның үстіне құлай кетіпті» деп жазасың. Жұрт бұдан не ұғады? Олардың ішкі ойы, сезімі, көзқарасы қайда? Табиғат көрінісі ше? Және табиғат деген тек орман-тоғай емес, оған адам болмысы да жатады. Мысалы, сен кенет кіріп келгенде мен тыжырынып қалуым мүмкін. Немесе қуанамын. Бұл да табиғаттың көрінісі. Кейбір адамдардың көңіл күйін, оның қандай кісі екенін дауысынан-ақ аңдайсың. Жүрісінен танисың. Психолог болсаң, мұның бәрін телефон арқылы да біліп отырасың» деді.

– Баукең соғыс тақырыбына қалам тартқандардың арасынан кімдерді жоғары бағалаған?

– О кісі Совет Одағының Батырлары Нарсұтбай Есболатов пен Төлеген Тоқтаровтың ерлігіне арналған «Ер туралы жыр» (1942), «Жиырма бес» (1942) поэмаларының авторы, Халық ақыны Нұрпейіс Байғанинның еңбегіне бас иді. Әлбетте, Жамбыл Жабаевты қадір тұтты. Лайықты мақтан етті. «Жәкеңнің бір ғана «Ленинградтық өренім» жырының өзі ғажап емес пе!» деп масаттанушы еді. Майдан даласында мерт болған Баубек Бұлқышевтың дарынын лайықты бағалады. Аузымен құс тістеген небір орыс қаламгерлерінің өзін жолда қалдырып кетті деп тамсанатын. Одан соң өзінің батальонында саяси жетекші болған Мұхаметқұл Сләмқұловты биік қоюшы еді. Ол кезінде «Социалистік Қазақстан» газетінде жұмыс істеген қаламы жүрдек журналист екен. Сарбаздарды алғы шепке бастап бара жатқанда неміс мергені тура маңдайдан атыпты. «Мұхаметқұлдың сүйегін құшақтап еңіреп жыладым. Ол тірі қалғанда керемет роман жазатын еді. Оның өліміне әлі күнге дейін өкінемін» деді.

– Елдің арасында батыр Бауыржанды әлі күнге дейтін күндейтіндер бар. Неге олай?

­– Ноқтаға басы сыймаған хас батырдың жан әлемін екінің бірі түсіне қояды деу қиын. Әсіресе, оны жаны лас, көзқарас аясы тар, дүниетаным деңгейі бір уыс, талғамы төмен, саяз адамдар мүлде түсіне алмайды. Өресі жетпейді. Қараптан қарап жүріп оның даңқын қызғанады. Бірақ Баукеңе бәрібір ғой. Оның еңбегі, өмірі ұрпаққа керек! Баукең арамыздан кеткенмен, өнегесі жалғасып жатыр. Бүгінге де, келешекке де қызмет ете береді.

Құлтөлеу МҰҚАШ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар