Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ
/
Наурыз жыры. Бір өлең туралы бірер сөз...

Наурыз жыры. Бір өлең туралы бірер сөз

22.03.2026

57

Наурыз жыры. Бір өлең туралы бірер сөз - adebiportal.kz

Балалар ақыны Қуат Адистің шығармашылығы туралы әдебиеттанушы Елдос Тоқтарбайдың «Наурыз жыры. Бір өлең туралы бірер сөз»  атты мақаласын жариялап отырмыз.

Қыс қыр асып кетті аулақ,

Шығады енді көк қаулап.

Наурыз тойы басталды,

Жерошақта от лаулап.

 

Жердің тұнық тұнбасы –

Жылт-жылт етті жылғасы.

Жақсылықтың бастауы –

Келді міне, жыл басы!

 

Жылдан жылы жетті леп,

Күн де нұрын төкті кеп.

Жас желекке ақ құйдық,

«Ақ мол болсын!» -деп тілеп.

 

Білінгеннен қасқа таң,

Жасады әжем асқа қам.

Жас көшеттен тал егіп,

Бұлақ көзін ашты атам.

 

Қалғығанда тыныш түн,

Қыдыр кезді қыр үстін.

Татуласты араздар,

Ұлы күні Ұлыстың.

 

Шырқалғанда ән-дастан,

Жаңғырып тұр таңғы аспан.

«Наурыз көже» қайнайды,

Жеті түрлі дәм қосқан.

 

Еріп ақ қар – ақ әлем,

Алды бір сәт дала дем.

Асыр салып, ойнаған,

Той қызығы – баламен.

 

Бәйге алаңын шаң қылып,

Тәмам жұртты таң қылып.

Шын жүйріктер қара үзді,

Шабандарды қалдырып.

 

Дәл осындай құтты күн,

Шабандоздар шықты кіл.

Көкпар кетті додадан,

Тақымында мықтының.

 

Жылдың басы – елге құт,

Кетсін бәле жерге еніп.

Алтыбақан тебеді,

Қыз-бозбала тербеліп.

 

Ақ көл-көсір, асың да...

Молшылық қой, расында.

Ақ батасын берді атам,

Дастарханның басында.

 

Табиғатпен жарасқан,

Елім осы – бағы асқан.

Ән салып тұр барлығы,

Тамсанып тұр дала, аспан.

Бұл белгілі балалар ақыны Қуат Адистің «Наурыз тойы» өлеңі.  «Наурыз тойы» – ең алдымен балаларға арналған, жаттауға жеңіл әрі мазмұны түсінікті шығарма. Ақын күрделі ойларды қарапайым тілмен жеткізіп, баланың қабылдауына ыңғайлы етіп құрған.

Өлеңнің тілі анық, ұйқасы жеңіл, жолдары қысқа. Сондықтан бала тез жаттап алады. Әр шумақта бір нақты көрініс беріледі: көктемнің келуі, Наурыз көженің дайындалуы, ата-әженің ісі, балалардың ойыны. Бұл – баланың көз алдына елестетуіне оңай, есте сақтауын жеңілдететін өте ұтымды  тәсіл.

Мазмұны да тәрбиелік мәнге бай. Өлең арқылы бала Наурыз мейрамының мәнін түсінеді: үлкенге құрмет, кішіге ізет, еңбек ету, табиғатты аялау. Мысалы, әженің ас дайындауы, атаның бата беруі, әкенің тал егіп, бұлақ көзін ашуы – бәрі де үлгі болатын әрекеттер. Бала осы арқылы ұлттық құндылықтарды бойына сіңіреді. Сонымен қатар, өлеңде ойын, жарыс, қуаныш көріністері бар. Бәйге, көкпар, алтыбақан сияқты элементтер баланың қызығушылығын арттырады. Өлең тек үйретіп қана қоймайды, сонымен бірге балаға мерекелік көңіл-күй сыйлайды.

Қызылорда облысының шалғай ауылында тұрып-ақ бар қазақтың баласын жырымен тәрбиелеп отырған Қуат Адистің «Наурыз тойы» өлеңі – қазақ дүниетанымындағы жыл басы, жаңару, табиғат пен адам үйлесімі идеясын көркем бейнелеген туынды. Өлеңнің өзегінде тек мерекелік сипат емес, терең философиялық, этнографиялық және тәрбиелік мазмұн жатыр. 

Өлеңде ұлттық салт-дәстүр айқын көрініс табады. Наурыз көженің «жеті түрлі дәммен» жасалуы – молшылықтың, берекенің белгісі. Ақын бұл арқылы қазақ халқының дүниетанымындағы «жетілік» ұғымының киелілігін де аңғартады. «Ақ мол болсын» деген тілек – тек дастарханға емес, бүкіл өмірге арналған бата. Яғни, өлеңде тұрмыстық көрініс арқылы философиялық ой беріледі.

Балаларға балдай жыр енген әйбат кітап 

Жалпы алғанда, Қуат Адистің бұл өлеңі – ұлттық кодтың, дүниетанымның, рухани жаңғырудың символы ретінде танытатын шығарма. Мұнда табиғат, дәстүр, отбасы және қоғам біртұтас жүйе ретінде көрінеді.

Құрметті ата-ана! Балаңызға осы өлеңді мәнерлеп оқып беріңіз. Бірге жаттаңыз. 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan