Қар қалың жауды. Дала үскірік емес, дегенмен тұла бойды сілкіндіріп алар аяз бар. Қырдың басына орын тепкен ақала ордаға қарай салт атты адамдар беттеп келе жатты. Бұл сегіз қанатты, дәулетті бай үй – кәдуілгі жұрт қоныстанған өңірден оңаша тігілді. Алдын ала сауын айтып, хабарлаған соң, кермеге қарай өрелілер танауларынан бу бұрқыратқан аттарын байлады. Шақырылғандардың жүзі айтарлықтай қатқыл көрінді. Жақсылар мен жайсаңдар ақала орданың алдында гүрс етіп асынған қаруларын тастады. Жерге құлаған қарулардың арасында оқшауланып, көзге айрықша көрінген орыс мылтығы да бар. Жылқылар кісінесті. Адамдар сөйлесті. Төрде бұларды құшақ жая төре Шералы қарсы алды. Бұл айбынды ақсүйек, Кіші жүз ханы Шерғазының бауыры еді. Қасында екі нөкері малдас құрған. Әуелі игі жақсылар шаңырақтың ішіне кірген беттен иіліп, төремен еңселері көтеріңкі амандық сұрасты. Содан соң барлығы дөңгелене өз орындарына жайғасқан. Жиналғандар ішінде сұлтандар мен оғландар, би-батырлар, мырзалар болды. Оң жақ төрде байсалды, қияқ мұртты, дөңгеленген қара көздері от шаша күлімдеп Барақ сұлтан отырды. Одан төменіректе жиналғандардың қимылын мұқият бақылап отырған қырыс қабақ Қасен сұлтан. Қарсы бетте орақмұрын қара сақал Жұмақан би. Одан кейін орысша киінген, жасы жиырманың ішіне жаңа кірген Құсбек сұлтан жайғасты. Ол төменде отырған жауынгерге жақтырмаған сыңай танытып қайта-қайта бұрылып қарайды. Араларында көзге бірінші түсетіні төменде отырған жауынгер, өр рухты Айым бегім еді. Бұл кең иықты қазақ қызы ел алдында сұмдық беделді, осыған дейін оның жасаған ерліктері жұрт алдында әлі күнге дейін аңыз болып айтылады. Мәселен екі жыл ғана бұрын Жайық қарақшы казак әскерлерінің жақын ауылдарға көрер күн көрсетпей шауып, ойына келгенін істеп кететін қашанғы әдеті-тін. Соны естіген Айым бегім дереу сол маңға аттанады. Келе сала сауытын шешіп, қатардағы қарапайым келіншек боп, қырмызы қып-қызыл орамал тағынады. Қанша жерден өркеуде жауынгер болса да, таңғы шықтай жылтылдаған жанары мен оның түнектей өзіңе тартып алар қап-қара түйілген шашы әсіресе қызыл орамалмен үйлескенде қыз баласына тән ерекше нәзіктікті сыйлайтын. Жұрттан ерек Айым сұлуды казактар байқайды. Бұл басқаларға тиіспеуін сұрап, есесіне басты олжа өзі болатынын айтқанда қарақшыларда басқа амал қалмайды. Содан соң қызды алып казактар нулы орман ішіне еніп кетеді. Айым бегім оларға «Кім мықты қаруларыңды тастап, жекпе-жекке шығыңдар мен соныкімін» деген. Ақымақ казактар шешіне қалып бір-бірімен қырыла бастайды. Осы кезде жаужүрек Айым бегім санына жасырған ұзын қанжарды алып бүкіл казакты бауыздап шыққан. Сол сәттен бастап Айым бегім халық батырына айналды. Бұдан соң ауыл казактардан біразға дейін тынышталып қалды.
Сабаларға салқын қымыз құйылды.
–Ал ардақтыларым, ел-жұртың аман ба? Шаруаң бүтін бе?
–Аманбыз, ақсүйегім! – десті отырғандар.
–Бес қаруды сыртқа қалдыратын ғұрыпты Әбілқайырдың заманынан бері көрмеп едім, бұл қай қылығың болғаны? – деді Жұмақан би. Қалғандары «рас» дегендей бұрылып сұлтанға қарады.
–Сөзің орынды асыл биім, дегенмен бұл өзге кеңестен өзгеше жиын. Айрықша салқынқандылық, істің мән-жайын байыптап, бағамдап қарау қажет.
Отырғандар бұл не мәселе екен деп төреге бажайлай қарасты.
–Өздерің жақсы білесіңдер, ежелгі жау қалмақтан арылғанмен елдің жағдайы аса тәуір емес. Шығыста қу қытайдың араны ашыла жаздаса, күнгейде атына мініп алған қоқан қоқан-лоқыға көшті. Жайықтың жағалауы тыншымай, Сырым батырдан басталған, бүліктен көз ашпады.
– Сол бүлік не үшін болды? – деді жұлып алғандай Барақ сұлтан. Дегенмен бұл жауапты қажет етпеген сауал еді. Шералы сұлтан оған ойлы көзін тастап, сөзін ары қарай жалғады.
–Жайықтың оң жағалауына осының алдын алу үшін Ішкі Орда салынды. Кіші жүздегі жағдай әлі бір қалыпқа түскен жоқ. Халықтың тыныштығын, бейқам тіршілігін ойлап, ақ патшамен үлкен іс талқыланды.
Беделділер патшадан кезекті бұйрық келгенін соны талқылауға жиналғандарын енді түсінді.
– Орта жүзде Уәли хан дүниеден озған соң, Шерғазыны патша сарайына шақыртып еді. Ескі жүйе ескірген, халықтың өсіп-өркендеп, ілгері жылжуы үшін басқарудың жаңа түрін ұсынбақшы.
Көзі шақшиып, Қасен сұлтан сұстана қалды.
– Басқаруы несі тағы?
– Губернатор Сперанский жаңа жарғы шығарған көрінеді. Соны Александр патша мақұлдапты. Округтік приказ екен. Хан деп дүрлігіп едіңдер, енді әрқайсыңның бас-басыңа билік берілетін болады. Жерді округтерге бөледі, округтер болысқа ал болыс ауыл-аймаққа бөлінеді. Әр округтің жеке басқарушылары аға сұлтандар сайланады. Аға сұлтан 15-20 болысқа қарайды, әр болыс 10-12 ауылға қарайды, әр ауыл старшыны 50-70 шаңыраққа бас-көз болады.
– Ал хан ше? – деді Айым бегім.
–Бұрнағы хан билігі ендігі жоқ, бұдан былай мына өздерің – сұлтандар басқарасыңдар! - деп Шералы отырғандарды көзімен бір сүзіп өтті.
Бірер сәт киіз үйдің ішінен тірі жан иесінің үні шықпады. Одан соң Шералы төре жиналғандарға Сперанский әзірлеген «Сібір қырғыздары» туралы жарғыны толығымен таныстырып, бүге-шүгесіне дейін түсіндірді. Көмекшілерінің біреуі ортаға картаны әкеліп қойды. Шералы сұқ саусағымен нұсқап, жақын арада құрылмақшы болған Аякөз, Ақмола, Көкшетау, Қарқаралы, Үшбұлақ және Баянауыл округтерін көрсетті. Әрқайсына бір-бір төреден аға сұлтан тағайындалады.
– Байырғы билігіміз хан лауазымын тартып алмақшы ма, сондағы өзің би өзің қожа болатынымыз қайсы? – деп шамданды Қасен сұлтан. Басқа ақсүйектер де оның сөзін қолдап, қарсылықтарын білдірді.
Шералы картаға үңілуін лезде тоқтатты:
–Хан билігі беделінен айрылып қалды. Халық сайланған ханды орыстың кезекті қолшоқпары ретінде қарайды. Ел тарапынан ханға деген сенім жоқ.
– Елім дейтін ер болмады, ерім дейтін ел қайдан болсын! – деді Барақ сұлтан.
Шералы сұлтан сәл кібіртіктеп қалды.
– Билік біз қалағандай әділетті үлестірілетін болады. Әр адам таққа жабыспай, үш жыл ғана отыра алатын болады. Патша сендерді салықтан толығымен босатады. Шешімді Шерғазыға өзім жеткізетін боламын! Ортақ пәтуаға келейік, кесімді сөз айтылған соң, ал не дейсіңдер бұған?
– Төрем игі істі айтып отыр! – деді күтпеген жерден Құсбек сұлтан. Бұл екі көзі шоқтай жанған жас сұлтан Әбілқайыр ең алғаш Кіші жүзді Ресейдің құрамына қосқан кездегі жиырма тоғыз старшынның ішінде алғашқылардың бірі боп ант берген Жаһанша сұлтанның ұрпағы еді.
–Ақ патшаға қарсы шығуы былай тұрсын, өз ханына өзі шабатын күйге жеттік. Соңғы уақытта Шыңғыс тұқымдары да бой көтеріп, қарсылық танытатын болған. Жаңаратын заман келді. Хандық билік - өткеннің елесі. Әр төре өз аймағыңды басқарасың. Бәленің бәрі дерлік ханның билігінен болып жатқан жоқ па?
– Тәйт, тарт тіліңді! Құрығың қысқарғанмен, у төккен тілің ұзарайын депті ғой сенің! – деп шорт кесті Барақ сұлтан.
Іс насырға шапқалы тұрғанда сөзге Шералы араласты:
–Ал биім, қара қылды қақ жарған әділім өзіңсің, сен не дейсің? – сөз кезегін қолдау сұрағандай Жұмақан биге қалдырды. Жұмақан би бағанадан бері ойлы көзімен, ешкімге белгісіз бір мұң меңдеп алғандай шұқшиып, терең әрі ұзақ толқу үстінде отыр еді. Киіз үйді басына көтерердей аздап жөткірініп алды да, сөз бастады.
–Көңіл көншітерлік іс көріп тұрғам жоқ. Аруағыңнан айналдым Жантөре сұлтан нақ сайыпқыранның өзі еді. Кешегі Байбақтының Сырымы бастаған, қисайған биліктегі кіші жүз хандарына қарсы көтерілісінде өз қаны ақсүйек әулетіне емес, шырылдаған халық жағында Сырым батырдың жанында болды. Жантөре хан емес халық, жақындық, туысқан емес ар-ұждан әділет жолын таңдап еді. Хан билігін алады дейсің, ханнан айрылдым дегенің көсеміңнен айрылғаның емес пе?! Көсеміңнен айрылғаның көрер көкжиегіңнен айрылғаның емес пе?!
Бидің сөзі отырғандардың жүрегін шымырлатып әкетті.
–Хан неге беделінен айрылды соны ойладың ба? Ғасырлар бойы ханын аспанға асқақтатқан халқың неге көтеріледі? Ханға қарсы толқу бұдан бұрын болмап па еді? Кешегі Тахир ханға не үшін «ханталау» жасалды? Салиқалы санадан айрылып, тұлдырсыз қалған Тұрсын ханды ер Есім не себепті жазалады? Соны ойландың ба? Кешегі Тәңірі текті, Тәңірі сыпатты
қағандардың ұрпағы едік. Халқы үшін күндіз отырмайтын, түнде ұйықтамайтын бір ханның табылмағаны ма?! Аласарып қалған хан әмірі халқын бақытқа кенелтпей, ақиқат жолынан тайған соң әлcірейді. Алаш жұртына, оның бағы үшін таласып, көгеруінің жолында белуардан қан кешіп, қар жастанатын қарыздар адам болса ол бірден- бір төре әулеті емес пе?! Айтып отырғандарым рас па дегендей Жұмақан би сәл кідіртіп, сұлтандарға оқты жанарын қадап, үнсіз тұрды. Сұлтандар көздерінен от шашардай қайраттанып кетті. Жаңағы қадау-қадау сөздердің бәрі Шералыға айтылып жатқандай ол да іштей өзін-өзі табалап тұрған тәрізді. Қабағына қар жауған Жұмақан би сөзін жалғастырды:
– «Бөлінгенді бөрі жейді» деген қазақ. Өткен замандарда қатынын сұратып алыпты дегенді естідік, шаңына ілестірмес дүлдүлін сұрап алғанды да көрдік. Енді елдің тірегі хандықты сұратып алуы қай ақылға сыяды?! Елдігінен айрылды деген осы емес пе?! Елдікке қатер төнгенде қайқы қылышпен қайғы жақындатпаған едік, бүгінгі күніміз осы болғаны ма? Ендеше қажеттілік туындаса сол қайқы қылышты суырып, үнімізді естіртетін уақыт келді. Бұл приказға келісім беруге болмайды.
Құсбек пен Шералыдан басқа сұлтандардың барлығы бидің сөзін қоштады, ортақ ниеттес екенін білдірді.
–Демек жаңа законға қарсы болғандарың ғой? – деді Шералы.
–Ақсақал дұрыс айтады. Мына тар заманда қақсап қалғанымыз кімнің кесірі білесің бе?! – деп Барақ сұлтан тұрды.
–Сенің атаң Әбілқайыр! Анна патшаға қол қойып бермегенде қандай еді?! Ордабасыдағы құрылтайда дүйім алаштың қолбасы болды. Аңырақайда жауды аңыратқан қаһарман болды. Атағы бүкіл қазаққа шарпыды. Тек кіші жүз емес, Орта жүз бен Ұлы жүз де бар тағдырын соған сеніп тапсырды. Ал соңында не болды? О дүниеге алып бармайтын атағы үшін бүкіл қазақты Ресейдің қол астына қаратты. Сондықтан шақшадай басымыздың мына жерде шарадай боп отырғаны...
– Орныңды біл Барақ!
–Төрем, бұған жол беруге болмайды! Жаңа жарғы халықтың жағдайын тек ушықтыра жөнеледі. Бұл сұлтандар арасына салынған іріткі, бізге бір орталықтан жүргізілетін билік керек, - деп Айым бегім орнынан ұшып тұрды. Құсбек сұлтан:
– Енді жетпегені қатын-қалаштың ақылын тыңдау еді!, - дей бергенде Айым бегім сол жақ бел тұсының ішінен қанжарын суырып алды да сұлтанның дәл иегінің астына сұғып алды. Қан бұрқ етті. Өз қанына өзі қақалып, дірдектеп барып артқа қарай сұлап түсті. Дастарқанның бетін қан жуды. Шералының екі нөкерінің біреуі Айымға жармаса беріп еді, Қасен сұлтан құлақ шекеден оны шауып түсірді. Шералы осы сәтте өз адамдарына бұйрық берді.
— Жылдамдатыңдар тез!
Осы сәтте киіз үй ішіне қаруланған әскер кіріп, сұлтандарға бас салды. Киіз үй тірі тамұққа айналды. Сұлтандар бар қайратымен біраз қарсыласып еді, дегенмен әскердің саны басым болды. Әскер қарусыз сұлтандарды аяусыз қанын ағыза қырып салды. Жауынгердің қылышын тартып алған Шералы Барақты өз қолымен өлтірді. Жасына қарамай бидің де жанын суырып алды. Тек оң аяғы жараланған Айым бегім сыртқа қарай ақсаңдап ұмтылды. Оның артынан Шералы жөнелді. Қанын сорғалатып, жерге тамыза сүйретіліп бара жатқан Айым бойына бар күшін жинап атына мінуге тырысты. Бұл көрініске қарап Шералы миығынан күлді. Иесінің халін қасиетті жануары лезде сезгендей өзі төмендеп мінгесуге ыңғайланды. Айым Шералыға қарап:
–Сенің осы оспадар сатқындығыңа хан ием не дер екен көрейік! – деп шаба жөнелді.
Шералы аяғының астында ыңғайлы жатқан орыс мылтығын алды да көздеп тұрып Айымды атып түсірді. Оқ Айымның оң иығын тесіп өтті. Қайсар қыз оң жаққа ауып түсті. Аппақ қарды құлаған жас қыздың қаны жуды. Киіз үйде мүлдем сұлтан қалмады. Жалғыз сұлтан Шералы ғана атына қарғып мініп шаба жөнелді.
Кіші жүз ханы Шерғазыға тек бір сұлтан жетті. Әңгіме ұзаққа созылмады. Кіші жүздің соңғы ханы Шерғазы бірден шешімді сұрады.
–Ал, сұлтандарым, батырларым, ел-жұртым не дейді?
– Төрелер өз келісімін берді хан ием! Халқың сені қолдайды – деді бауыры Шералы.
–Дұрыс болған екен! – деді Шерғазы.
Бұл Кіші жүздің соңғы ханы болатын...
