Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПРОЗА
/
Нұрасыл Зиядибеков. Ұрланған күн...

Нұрасыл Зиядибеков. Ұрланған күн

05.11.2025

3308

Нұрасыл Зиядибеков. Ұрланған күн - adebiportal.kz

(Хикаят)

–  Жаз, жаза ғой! – деді бұйрық мәндегі сөзін жұмсарта сөйлеп. 

Дөңгеленген үстел үстінде ақ шаңқан орамал тағынған қыздың алдында ақ парақ пен қалам тұрды. Білегі сенімсіздікті сезгендей қайта-қайта үрке қозғалып, әріптерді әрең байланыстырады. 

– «Құрметті папа - мама мен бұл үйге өз еркіммен келдім, және ешкімге ешқандай шағымым жоқ» деп жаз!, - деді қарсы бетте шұқшия қарап отырған егде кісі. 

Қыз алқымына әлдене тығылып, үнсіз ғана оның айтқандарын жазумен болды. Дәл осы сәтте  сөйлемнің соңына сыздықтап аққан мөлдір  жас тамды…

–   Нүкте!

Ол үйден сыртқа қарай таңғы салқындықты тұла бойынан рақаттана өткізді де, буланған салқын ауаны көкірегіне толтыра жұтып, қалтасын қармана шықты. Санының түбіне дейін тереңдеп кеткен қалтасына оң қолын сүңгітіп жіберді де темекісін алды. Мұрны қусырыла сол жақ тұсына қақырынып бір түкіріп алды. Содан соң екі алақанын біріктіре  жұмып, темекісін тұтатты. Үлкен үйден оны шығарып салуға кешегі егде кісі шықты. Алдымен одан мазасы қашпағанын, тыныш ұйықысын сұрады. Жағдай сұрасып болған соң алғыс айта жөнелді:

– Өркенің өссін айналайын Ғанижан, өздерің демеп жәрдемдеспесеңдер біздің  жүгірмекке үйге келін әкелу деген ой санасына да сығаламаған!

– Жастар бақытты болсын бастысы апа! Досымыз, оның үстіне сіздің де қолыңыз ұзарсын, ауылға береке келсін деп тырмысып жүргеніміз ғой.

– Жөн екен айналайын, бірақ өзің де абай бол құлыным, қазір қыздар бұзылған, ата салттан безінген, қит етсе үстіңе арыз жазып ертең…

Ғани қасын кере аузынан қыстырған темекісін алып, сөзін аяқтатпады: 

– Апау, маған бола уайымдамаңыз, мен қыздарды бес саусақтай танып алғам, осымен ауылға әкелген сегізінші қызымыз ғой, түгел қалды осы ауылда! Түгел! Бүгінде бәрі абыройлы келін болып, құтты мекеніне қонып отыр. 

–  Ее дұрыс, дұрыс!

– Келесі айда  той, дайындала беріңіздер, ана Қорғандардың үйіне келін әкелеміз! – шылымының соңғы тартымын будақтатып шығарды да қалдығын жерге тастап, аяғымен мыжғылады.

Оған оның осы күйбеңі қатты ұнайтын. Достарымен думандатып қиқуға сала бүкіл ауылды басына көтере жаңа келін әкеліп, есесіне абыройын асқақтатып «қаһарман» атану, ауыл жастарын жинап таңға дейін ұйқы атаулының не екенін білмей тойлату, арғы күні көзінің ісіп кеткеніне қарамастан кешегі ертегідей болған қызықтарды таңғы салқынға керіліп тұрып жолдастарымен еске алу – оның жанын рақатқа бөлейтін. Сол қызықтардың қайталанбағанына біраз болған еді, Ғани сағына қалаға асығыс аттанды. Лаунж бардың ішіне кіргенде барлығының дастархан басына жайғасып үлгергенін, ал қабырғада «21» саны гелий қосылған үлкен  шарлармен безендіріліп қойғанын көрді. Бүгін Әлияның туған күн кеші болатын. Жиналғандар Әлияның группаластары мен сыныптастары, құрбыларынан құралған дос-жарандары болатын. Ғани туған күн иесін құттықтап жолдастарының жанына жайғасты. 

Қасы қалың, жағы шығыңқы ірілеу келген Ержанды қасына шақырып алды:

–  Не істейтінімізді білесіңдер ғой, жігіттерге айттың ба?

–  Иә, иә дайынбыз.

–  Қорғанды шақырыңдаршы ортамызға отырсын! – дастархан шетіндегі бадамша көз, бұйығы  жігітке қолын бұлғады. 

    Қорғанмен қысқа ғана қайырып амандық сұрасып болған соң, Ғани кешке жиналған қыздарға назар аударды:

– Қорған қашан үйленесің осы сен, тойға барайық бәріміз, қуанышыңда қызметте болмаймыз ба?!, - деп қағытпа қалжыңға басты.

– Ой қайдағы үйлену бірінші қыз табайық!

– Қарашы айналаңда қандай сұлу қыздар жүр, өзіміз-ақ тауып берейік!

– Ой жоға... деп қызара бастады. Содан соң жиналған қыздарға көз жүгіртті, олар расымен бірінен бірі өткен ғажап көрікті еді.

– Мысалы осы жерде отырған қыздардың қайсысы ұнады, айтшы?!

   Қорған айтқысы келмеп еді, оған жігіттер болмады, арқасынан қағып, әңгімеге айналдыра жауапты суырып алды.

– Күнайым… жақсы қыз сияқты…

Отырғандар күлкіге қақалардай жамырасып кеткен.

– Дәмесінің зорын-ай мынаның… адам бірінші өзіне қарап алмай ма?!

   Қорған айтқанына өкініп, іші удай ашып одан бетер қызарақтап кетті.

– Ештеңесі жоқ, біздің Қорған да оңай жігіт дейсіңдер ме, аламыз қызды аласың ғой Қореке?

–  Қалай болады екен ол…

–  Жігіт емессің бе?! Қыз ұнап тұр ғой ал! Жүрсең жүре бересің!

Сыныптастардың әңгімесіне Кенже араласты:

– Расымен Күнайым деген нағыз келін болатын қыз, пысық қолынан келмейтіні жоқ, оқыған қыз, ең бастысы дәстүрді берік ұстанады екен, нағыз саған керек қыз ғой! 

Екі сағат уақыт Қорған көндіруге кетті. Ақырғы шешім қызды алып қашатын болып келісті. Достары жігіттің үйіндегілеріне алдын ала «келіндеріңіз келе жатыр» деген  хабар жеткізді. Телефонның ар жағында тұрғандар өз құлақтарына өздері сенбей абдырап қалды. 

– Не дейд Құдайым-ау! – олар осы сөзді кемінде он мәрте айтты. 

–Бар енді, сөйлес деймін қалыңдығыңмен таныссаңшы!, - деп жігіттер қуанысып, Қорғанды артынан итере бастады. 

Күнайымның бөлек бітімі, сол кеште басқалардан айрықша болғандығы күмәнсіз ақиқат еді. Иығына түскен шашы ақ тамағына түскен кішкентай қалмен сондай үйлеседі. Бұл үстіне иығы ашық сарғыш көйлек киген жиырманың ішіне жаңа енген сүйкімді қыз еді. Қорған алға қадам басқан сайын жүрегі атқақтап, тынысы жиілей бастады. Лаунж бардың ішін осы кезде ерекше әуен әуелетіп әкетті. Бұл Шакираның «She wolf» әні болатын. Қорған Күнайымға қарап келе жатыр.

                                        «S.O.S. she is in disguise

                                         There's a she wolf in disguise »

Қыз құрбыларына қарап күлді. Мүмкін бұған да күлетін шығар. Қорған оған не айтарын білмей дал болды.

                                         «A domesticated girl

                                          That's all you ask of me,»

Осы кезде Қорған  Күнайымның жанарын ұстап үлгерді. Әннің қайырмасы жаңғырып жатты.

                                       «There's a she wolf in the closet,

                                          Open up and set her free

                                          There’s a she wolf in the closet 

                                          Let it out so it can breathe!»

Бірақ Қорған оған ештеңе айта алмады. Тек көзіне мойнына асылған бойтұмар түсті. Жұмыр етіп құйылған, іші қуыс түтікшеден және шынжыр бауға жалғанған салпыншақтардан тұрады. 

–   Бойтұмарың әдемі екен!

–   Рахмет, мен үшін өте құнды дүние, кішкентайымнан түрлі жамандықтан сақтайды деп әжем сыйлаған. Ес білгелі мүлдем шешпегем!, - деді жанарын тұмарына қарай төмен түсіріп. Содан соң бұл әрекетіне өзі қысылғандай артын жылы жымиыспен жапты. 

Кеш аяқталуға жақындағанда жігіттер қыздарды көңіл көтеретін басқа жерге баруға көндірді. «Қымбат жерге барамыз, бұл отырысымыз түк емес» деп қыздарды далада тұрған алты көлікке бөле бастады. Тек Күнайымды ғана Ғани «сыймайды екенсің осында отыра салға» салып, өз көлігіне артқы орынға Қорғанның қасына жайғастырды. Күнайым ешнәрседен секем алмастан көлікке отырды. Олардан бөлек көлікке Кенже мен Ержан да болды. Күнайым өшкелі тұрған телефонына қуаттағыш сұрап еді, бардачок ішінде қуаттағыш барын Ғани ғана білді.  Бірақ ол телефонның қосылғанын қаламады. Бұл алдын ала мұқият ойластырылған жоспар болатын. Көліктер қозғала бергенде жігіттерде ерекше бір толғаныс пайда болды. Бұлар қаланың ішінен жарты жолда қалған қыздардан кештің жалғаспайтынына кешірім сұрап, әрқайсысын әр жолдан тастап кетеді. Тек тізбектеле келе жатқан көліктердің ішінен бір қыз ғана түспейді. 

Тас жолдың бойымен зымырай жүйткіп келе жатқан жастар толқынын тоқтатар ешкім жоқ. Әуенді дәл сол мезеттегі көңіл-күйлерімен қабаттаса үйлесетіндей бақырта шығарып, айқай-шу, қиқуға сала басып келеді. Жолда бірін-бірі озып, терезеден бастарын шығара қылжақтап, тілін көрсетіп өтіп барады. Оған Күнайым ішек-сілесі қатып күледі. Одан соң Ғаниге «тез, қалып қоймайық» дегендей ым-ишарасын жасайды. Ғани оны сөзсіз түсініп, одан сайын баса түседі. Ғани жолдастарына бәрі өзі ойлағандай болып жатқанына балаша мәз болып, қулана жымиып қойды. 

Бірте-бірте жол бойындағы жаңа заманауи ақ түсті бағаналар енді аракідік қана жанатын сарғылт бағаналарға ауысты. Көлік ішіндегі «күйтабақ» та бағанағыдай жылдам ырғақты жалғыз музыкалық битке құралған мағынасыз әндерден, өрмекшінің торы салақтаған ескі әуендерге көшті. Барған сайын жол қараңғылана берді. Ауылға он шақырымдай қалғанда ғана Қорған Күнайыммен ашық таныса бастаған еді. Күнайым «қашан келеміз» деп жігіттердің құлақ етін әжептеуір жеп қойған, олардың оның көңілін аулауға тырысуы амалсыздан айтылған әңгімедей естілді. Кенет көлік бірден даңғыл жолдан оңға қарай топырақ жолға түсе бергенде Күнайым ол үшін  «қымбат» жер қайта келмеске айналғанын түсінді де жүрегі қысылып кетті. 

–   Қайда келеміз, қыздар қайда? – даусының тұтығып шыққанын өзі де байқамады.

–    Қыздар жоқ!, - деді шыдамаған Ержан.

Күнайымның дүниесі төңкерілді. Алдыңғы салонға бүкіл денесімен ытқып ұмтыла рөлге бас салды. Ғани бұны күтпеген еді, көлік ары-бері шайқалып соғыла жаздағанда екі қолын жабыстыра өз ырқына бағындырып үлгерді. Қыз жан айқайы шығып бақыра жөнелді.

–  Шеш…. Алыңдар дедім ғой қызды ұстаңдар алдыға жібермей! – деп айқайлады Ғани.

     Арттағы көліктер бұлардың оғаш қимылын ерекше бір биге балап, бұлар да соны қайталай қыр соңынан ирелеңдеп бұрыла жүргізіп келеді.

–   Тоқтат машинаны, жіберіңдер!!! Тоқтат Ғани!!! 

     Ғани тоқтаған жоқ, есесіне жылдамдықты үдете  жөнелді. Адуынды қыз бар күшімен жүргізушіні арқасынан ұрып, аяғымен тепкілей бастады. 

–   Мынауың нағыз жабайы ғой!, - деп шошынды Кенже.

–   Бұл жерде нағыз жабайы сендерсіңдер! 

Қасындағылар қызды аяқ-қолын қымтап алып, барынша босатпауға тырысып бақты. Сол мезетте Күнайым қапсыра қысып құшақтай алған Қорғанның саусағын аямай тістеп алғанда анау бірден қолдарын тартып ала қойды. Лезде рөлдің үстіндегі айнасы бар күнқағарды жұлып алды да Ғаниді періп кеп жіберді. Ғани қасындағыларды боқтап қызды алдыға тырп етпестей қысып ұстауды бұйырды. Күнайым енді екі жағынан байлана қозғала алмастай артқы орындыққа жабысты да қалды. Қызық, көлік тоқтамағанша Күнайымның сыртқа шығуы былай тұрсын, терезені түсірудің өзі мүмкін емес еді, ал оның бойындағы бар қуатын сапыра жұлқынуын қасындағылар бос әурешілікке баласа да ол әрекет етуден жалықпады. Отырған орнынан ытқып секіре қап, иықтарын ұстатпай жұлқынып тыныш отыра алмады. Бір кезде екі көзінен ыстық жас тама аңырап жылай бастады. 

–   Бастады енді мынау! – деп жақтыртпады Ғани.

–  Айттым ғой алмай-ақ қояйық деп, жібере салайықшы құрысын бәрі! – деді Қорған жалынышты үнмен. 

Бірақ бәрі кеш болды. Ол осы сөздерді айтып болған соң көлік тоқтай қалды. Лезде шұбырған адамдардың шуылы көлікті қоршап кетті. 

Арғысы көрген түс секілді. Тек жұлқынып, кері шегініп, дүниені басына шығарып ақыра тартынғаны есінде. Шұбырған адам бұған жармасып, өз ырқына бағындыра алмай әлек болды. Десе де көпшілік діттегеніне жетті, күштілері қызды үйдің ішіне алып кірді. Сыртта дуылдасқан жұрт жамырасып, дүрілдете тойды бастап кетті. Ғани ауылдың тағы бір сыбағасын әкеп бергендей мәз. Аузына темекісін қыстырып, ауылдың бүкіл жастарын жинап, асау қызды қалай көндіргенін аңыз ғып әңгімелейді. 

Бұл кезде Күнайым түпкі бөлмеде айналасына алақтап, қолын жүрегінің үстіне қойды. Иығына тіреліп отыра қалған жеңгелері аузы босамай қызға көп нәрсені шүлдірледі. Күнайым оларды естімеді. Олардың жанарына қарағанда «біз де осылай келгенбіз» деген сөзді ғана құлағы шалып қалды. Күйеужігіттің шешесі «айым, күнім» деп еркелете келіп қағаз бен қалам әкелді. Күнайым мең-зең. Тамағына өксік тығылып, артық сөз шығаруға дауаламады. Өзін кінәлі сезінгендей қораштанып, бір бұрышқа жантайып отыра кетті. Көздерін тұңғиыққа батырған ол етегіне қағаз түскенін сезді. Көз жасын оң жеңімен сүртіп, орнынан атып тұрды да қағазды жыртып тастады. Одан соң шығаберіске ұмтыла жөнелді. Артынан жеңгелері тұра жүгірді. Бөлмеден шығып ас үйден сыртқа қарай өте бергенде есік алдында бүктеліп кемпір жатты.

–  Шырағым, айналайын кесіп өте көрме!

Қыз қысқа уақытқа абдырап қалды. Одан соң өзінен де күтпесе керек, бар жігерін жинап, адамдық намыстан аттап өтіп бара жатқандай үлкен кісіден аттап өте шықты. Кемпір аяғына жармасты. Қалғандары ойбайлап сұмдыққа құр қараумен болды. Күнайым жүрісін тежемей алдыға кете бергенде кеудесіне ауа жетпей мойны қысылды. Кемпір  бойтұмарына жабысыпты.

Күнайымның жүрегі дүрсілдеп, тынысы тарыла бастады. Қарт ананың қолдары дірілдей, әлсіз саусақтары бойтұмарды мықтап ұстап қалған. 

– Оны шешпе, айналайын! Бұл сені сақтайды! — дауысы үзілердей шығып, көзінде жалын ойнап тұр. 

Күнайым сілейіп қалған күйі бойтұмарына қарады. Әжесі берген аманат. Ол осы күнге дейін бұған қорған болды емес пе? Бірақ енді ше? Енді ол өзін тұншықтырған, тұсаулап, тағдырын өзінен тартып алған секілді. 

Қыз бар күшімен тартты. Бойтұмар үзілмеді. Кемпірдің қолы оны одан сайын қыса түсті. Жанары жасқа толып, ашу-ыза аралас сезіммен Күнайым бар пәрменімен бұрылып, кәрі қолды сілкіп жіберді. 

– Менің тағдырымды ешкім шешпейді! 

Бірақ кемпір оған қайта жармасты.Тамағы қызарып алдыға ұмтылған сайын тынысы тарыла бастады. Бойтұмар оны жібермей мойнын қысып, басып алды. Күнайым оттегі жетпей жөтел келе бастағанда алдыға соңғы мәрте тағы созылды. Дәл осы сәтте еденге тырс еткен бөлшектер шашырады. Бойтұмар шырт үзілді…Күнайым сыртқа жұлдыздай ақты. Осы мезетте бөлме ішіндегі адамдар да, айқай-шудың бәрі тым-тырыс бола қалды.  Аяғын да киіп үлгерместен ол басы ауған жаққа безе жөнелді.

Күнайым артына қарамастан есікті серпе ашып, жүгіре жөнелді. Жалаң аяғы суық топырақ қауып, қиыршық тастардан табаны ауырсына бастаса да еркіндік шарасы ортаймаған жалғыз жолсерігі - сүттей жарық ай сәулесіне қарай жүгірді. Тек сол ғана оған жеті қараңғы түнде жол көрсетті. Сырттағылар түн ішін кезіп,  аппақ орамалымен безіп бара жатқанын сезіп, алғашында жын - періні көргендей үрпиісіп қалған. Одан соң қыздың артынан жігіттер қуалай жөнелді. Салқын топырақтан ортада кеңінен көсіле жатқан жып-жылы тасжолға аяғы енді тие бергенде белінен жуан қол тартып қалды. Ержан қызды иығына салып әкелді. «Субарудың» артқы есігіне жаңадан қосылғалы жатқан жұпты күштеп кіргізіп есікті құлыптап тастады. Одан соң екеуі ашық әңгімеге көше бастады. Қыз басқа амалы қалмағандай осы сұрақтардың өз аузынан шығып жатқанына сенер-сенбес күйде отырды.

– Мен саған шын мәнінде не үшін керекпін?

Жігіт тосылып қалды.

– Сен мені бақытты ете аласың ба, әлде мен сенің бақытыңның тек бір бөлігі болуым керек пе?

Жігіт кәдуілгі қыздарға айтатын уәждерді үйіп-төгіп салды. Бағанағыдай емес, батылданып қыздың нәзік қолдарынан ұстай алды.

– Қайда жұмыс жасайсың?

– Ауылдағы орта мектепте физикадан сабақ беремін. 

Одан соң жігіттен болашаққа деген көзқарасын сұрады. Сыртта тұрғандар бұларға кеңкілдеп күлді. Ары қарай жастарда негізгі үш сауал қойылды «не көресің? не оқисың? не тыңдайсың?». Содан соң есік ашылды. Біразға созылған әңгімеден соң қыз үндемей ұзақ отырды. Осы кезде үй алдынан ақ жаулықты ана шықты.

– Қалмаса одан әрі, кетсін қаласына! Немене, менің балама қыз құрып қалды дейсіңдер ме?! Керек емес, көзге көрінбей кетсін тәйірі!

Қызды көндіре алмай әлекке түсіп тұрғандар одан сайын қысылды. Басын көтергенде Күнайымға тіл бітті. Оның көздері жалынышты көрінді және даусы да тұтығып шығатындай:

– Мен бұл жерде қала алмаймын, біз мүлдем бөлек адамдармыз. Менің азанда жұмысым бар.

Таң қыла бере бастағанда белгіленген жоспардан тыс субару жолға шықты. Тымырсық далада қаланы бетке алған. Көлік ішінде Қорған ғана болмады. Артқы орындықта терезе көрінісіне жанарын қойып Күнайым өзін кінәлі сезінгендей үнсіз отыр. 

– Қала салсаң нең кетеді-ей?! Таң атпай адамды сандалтып сен де!, - деп Ғани жақтырмаған сыңай танытып бұған зекіді. 

Күнайым жұмған аузын ашпады. Дәл осы мезетте радиода Шакираның әні қалықтады.

                                       «There's a she wolf in the closet,

                                          Open up and set her free

                                          There’s a she wolf in the closet 

                                          Let it out so it can breathe!»

Бағанадан бері болған оқиғаның бір түн ішінде өткеніне сене алмайтындай. Шу жан айқайға ұласқан хаус бір сәтте ізім-ғайым жоғалып, өлі тыныштыққа айналды. Субару Қазыбек би көшесіндегі қыз жұмыс жасайтын офистың дәл алдына келіп тоқтады. Ғани қоштасарға еш сөз таппады. Күнайым ештеңе болмағандай ғимараттың ішіне кіріп, жұмыс орнына жайғасты. Ерте келген екен, сағат әлі «7:48»-ді көрсетті. Үстеліне отырған күйі жағын таянып ойға батып кетті. Оның ойын қасына келген әріптесі бұзды. Бұның бетінен сүйіп, жылы амандасты да бөлмедегі айнаға барып шашын түзей бастады:

– Қалайсың Күнайымка, бәрі жақсы ма демалысың қалай өтті?

– Керемет Маржан, тұрмысқа шығып үлгердім,- деді ойлы жүзбен.

– Жынды қыз айтпайтының жоқ сенің!- деп күлді де Маржан шығып кетті.

Жұмысқа бекер келдім бе деп те ойланды Күнайым. Бағанадан бері үстел үстінде ол сәл қызарыңқы бірақ босап қалған ақ тамағын нәзік саусақтарымен қайта-қайта сипалаумен болды. Мойнына жоқ нәрсені іздегендей алақанын қояды. Ең сорақысы – ол өзін қайтадан кінәлай бастады.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan