Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ӘҢГІМЕ
/
Нұрлыбек Саматұлы. Пәтер (әңгіме)...

Нұрлыбек Саматұлы. Пәтер (әңгіме)

06.04.2017

10582

Нұрлыбек Саматұлы. Пәтер (әңгіме) - adebiportal.kz

Біреу ыңырсығандай ма?

Мазасыз бір үн жүйкесін жеміріп барады екен. Селк етіп шырт ұйқыдан үркіп оянды. Әуелі ештеңе түсінбеді. Манаурап, ұйқылы-ояу жатты да қойды. Жатқан жері көзге түртсе көргісіз тас қараңғы. Көңіліне үрей бар ма немене? Жүрегі дүрсілдеп кеткені несі? Әдетте оң қол жақта алақандай терезе болатын еді ғой. Сол терезе түн баласы бозарып білінетін. Енді терезе де жоқ, бозамық сәуле де байқалмайды. Жым-жылас. 

Нұрлыбек Саматұлы. Пәтер (әңгіме)

 

Ойында әлгі бір ыңырсық үн оралды. Иә, иә біреу жаңа ғана ыңырсыды ғой. Артынша тым-тырыс бола қалды. Бұл не? Құлақ түріп, бірауық тың тыңдап еді, қайта шалынбады. Бұның оянғанын сезіп қалғандай, ыңырсуын сап тыйыпты. «Түсім бе? – деп, алағызыған көңілін алдаусыратпақ болды да: – әй, бірақ, түске ұқсамайды, анық естідім ғой, – деді өзіне өзі іштей. – Иә, біреу ыңырсыды ғой!»

Жан-жағын сипалап, қорқасоқтап созған қолы жұп-жұмыр жалаңаш кеудеге кезікті. От боп жанып жатыр. «Мәдемі! Мәдемі ғой!» Қуанышы қойнына сыймай, осы жаңа ғана үріккен көңілі кенет, күрт серпіліп, көкірегін алабөтен бір шаттық кернеп ала жөнелсін. Мына бір көрден айырғысыз түнектің қай жер екені есіне енді түсті. Кеше екі кештің арасында көшіп келген жаңа қонысы. Қарындасы Гүлнұр тауып берген пәтер. Терезе жақ бет әуелеп өскен қалың ағаш екенін кеше байқаған. Қараталдың әйдік бұтағы әйнекті солайымен жауып тастаған, түнгі аспанның болмашы бозаңын қалқалап. Бұрынғы тұрағы алақандай әйнегі бар жатаған жер кепе еді, мынасы екінші қабатта. Жерден ажырап, биік үйде ұйықтауы осы. Бірінші рет.

Жүрегі лүпілдеп, дүниені ұмытсын. Жанында, бір жамылғы астында тұла бойы қорғасындай балқыған Мәдемі. Дем алысы білінбейді. Ұйқысы шайдай ашылған. Анары тып-тығыз екенін көзі көрмесе де, алақанымен сезіп жатыр. Қандай бақыт! Алпыс екі тамырын қуалаған ыстық лептің лықсуын-ай! Алды-артына қарайлатар емес. Балғын денеден бұрқырап ескен жұпар иісті құшырлана сімірген көңілі масаң. Анарының ұшына ерні тигенде, қыз үркіп оянды. 

– Амантай... – Үні естілер-естілмес алқынып жетті.

– Мәдемі... – Жігіттің дауысы толқын көміп өткендей тұншығып шыққан.

Ақыры аңсарын тапты. Сілелері қатқанша ләззатқа малтыған олар сол күйі кірпіктері қармасып, қалғып барады екен...

 

...Тағы сол жаншылған дауыс... ауа жетпей алқына ма-ау... жаны қиналып ауырсына ма-ау... Әне, енді тіпті анық естілді. Тап ірге тұстан... жоқ әлде аяқ жақтан ба?

Жігіт ояна келе жастықтан басын шалт көтеріп еді, анау үн-түнсіз қалды. Қайта естіле ме деп, елеңдеп күткен үміті ақталмады. «Қабырғалас көршілер шығар? – деп ойлады ол жамылғыны кеудесіне қарай ақырын тартып жатып. – Этаж үйдегілердің көретін күні осы-ау! Құрысын! Құрып кетсін!» 

Сәлден соң «Әлде талға қонған құс па? Жыламсырап үн шығаратын құстар болатын еді-ау тайгада!» деп әскерде жүрген кезін еске алды.

Жұмбақ жайды елемеуге тырысып, өзін алдарқатып бақса да, көңілі жуық арада жайланбай қойғаны.

 

Бұл жолы Мәдеміні оятпай, шашын ғана иіскеді. Қыз осыны күткендей қозғалақтап, оянып кетсін. Ұйқылы-ояу былдырлап, тәттілік тілегендей жалаңаш білегін созды. Амантай оның қалай тез оянғанына қайран. Әлде ол да қалап жатыр ма? Тал бойы тосыннан тұтанып, кенет ысып ала жөнелгені содан. Күйті келген бураша екпіндей ұмтылып, үлбіреген тамағынан, балғын анарынан ашқарақтана асығыс сүйе бастады. Құмарта сімірген жұпар иіс ақыл-естен айырып, жаңағы жағымсыз жайдан жұрнақ та қалдырмапты. Лып көтеріп құшағына алды. Аялап алдына отырғызды. Қауырсындай жеп-жеңіл-ау! Осы қылығы оған да ұнады сірә, қытығы оянғандай жігіттің кеудесінен аптығып өбе бастады. 

Тұла бойларын балқытқан ыссы толқынға екеуі бір батып, бір шығады.

Сүйсінген дыбыстары толқын арасынан бір естіліп, бір естілмейді...       

 

***

 

...Әлгі бір мазасыз ыңырсық үн оянбасына қоймады. Тағы басталды. Бұл жолы тіпті анық-ау! Осы өздері жатқан бөлмеде. Қол созым жерде. Сұмдық-ай! Бағана қалай аңғармаған, енді құлақ қойса, мынау басқа емес, қыздың дауысы. Иә, иә, дәл өзі. Қыз. Қарпуы қатты әңгүдік біреу о бейшараны естен тандыра ұйпап, аяусыз езгілеп жатыр ма немене? 

Амантайдың көзі ұйқыда болса да, санасында бұлдыр түйсік бар. Түн тұмшалаған аядай бөлмеге жын-шайтан үйме-жүйме боп, толып кеткен екен дейді. Түпсіз түңғиыққа құлдилап құлағандай шақша басы шыр көбелек айналып, бұлдыр түйсігі естен танды беймәлім бір халге ұлассын. 

Анау ыңырсуын қойып, енді булығып жылай бастапты. Жәбір көрген, көкірегі күйген. 

«Бейшара-ай, өкпесі өшті-ау!» 

Осымен үшінші мәрте екенін біліп жатыр. 

Төңірегін түгел сезінсе де, кеудесі тасқа бастырылғандай қимылдауға зар боп қалғаны қорқынышты. Басын көтере алсашы. Күш-қуаты сарқылған, былқ-сылқ өзі де өлік сияқты. Қанша тырысып бақса да, жұмылған көзі ашылмады. «Пісміллә» деді бір заманда ерні әлсіз қыбырлап. Қауметі соған жетті. Сол-ақ екен, сығырайып көзі оңай ашылды. Қыздың да жаны жай тапқандай, кенет үні құмығып, тым-тырыс бола қалды. Сонда байқады, өзінің де жанарына жас толып тұр екен. 

Терезеден бозарып таң білінді. Жарығы тым жұтаң. 

Құлағынан ыңырсыған жұмбақ үн кетпейді.                                               

                                                         

***

 

Кештетіп жұмыстан оралғанда байқады, қуықтай пәтеріне бүгін жан жадыратар шаттық орнай қалғанын. Қаланың қарбалас тірлігінен титықтаған жүйкеңді әп-сәтте шуаққа бөлей қоятын шырын шаттық. Әлбетте ол Мәдемімен бірге келді. Соған қуанды. 

О-о, бұл өзі осынау бақытты сезінбегелі қай заман? Жамбаспұл төлеп тұрған жалдамалы бөлмесі қашан көрсең жүдеу еді-ау! Орыс кемпірдің, адыра қалғыр, сол ескі құжырасынан безіп кеткісі келетін сонда. Безгенде қайда барады? Білмейді. Алып қаланың тұрғыны болғанына міне, үшінші жыл. Оны да ойға алғаны осы жаңа. Үш жылда қазан асып көрген емес. Үйден ыстық ас ішуді ұмытқан. Жалғыздың күні құрысын!

Ал бүгін... бүгін бәрі басқаша. Үйдің іші тап-таза, айнадай жарқырайды. Ыстық астың айрықша хош иісі бұрқырап, жанға жайлы жылы леп лекілдеп есіп ол тұр. Өзі жап-жас, өзі сүп-сүйкімді әйел заты ып-ыстық құшағын жайып, мойнына асылып, қуана қарсы алып жатқаны мынау. Кешкі асты қатар отырып, бірге ішу де бақыт екен. 

...Амантай Мәдеміні жас балаша алақанына салып, көтеріп әкетті. 

– Ұят-ай... – Қыздың дауысы былдырлаған сәбидің уілі сияқтанып естілді. – Түн болсын да... 

– Ұяласың ба?

– Ұялам. Қарама-шы-ы.

– Иә, иә. Міне... жұмдым көзімді.

Жігіт салмағын сезінген сайын, өн бойын от кеулеп бара жатқанын аңғарды...

 

Тас боп, қатып қалған екен, тағы да сол құлақ қажаған ыңырсу. Шошып оянды. Қараңғылық қоюланып кетіпті. Түннен шықпағыр әлгі үн шорт кесілген. Бөлме тыныш. Бұ не сонда? Осы жаңа ғана... ап-анық естіді ғой. Оянып кеткені де содан емес пе? Қос қолымен басын шеңгелдеп, мең-зең боп отырып қалды. Әлде құлағы ма шулаған? Көңілінде күмән көп. «Осы үйде бір пәле бар, – деп ойлады бір мезет, – жын-шайтан бар!» Енді шын қорқа бастады. «Пісміллә, пісміллә!» деді сосын сыбырлап. Бар білгені сол. 

Сан сапалақ сұрақ ой-қиялын көкпар қып, сан-саққа алып қашады. «Әлде... Мәдемі ме жылаған? – Өз ойынан өзі шошынды.  – Қарғыс атқыр сол түнгі оқиға түсіне еніп жатпасын...» 

Демі дірілдеп шықты.

 

***

 

Мекеме бастығын әуежайға түннің бір уағында жеткізіп салған соң, тақымындағы шетелдік көлікті қалаға қарай бұрған еді. Бағыты өңкей жер үйлерден тұратын жұмысшы қыстағы. Осы ауданда жалдап алған бөлмесі бар. Қыстаққа апаратын қараңғы көше бос, жүйткіп келе жатқан жалғыз өзі. Кенет оң қапталдан біреу жанұшыра атып шыққаны. Машина астына түсердей, тұп-тура бері ұмтылсын. Тежегішті басып үлгерсе де, қағып кеттім бе деген қорқыныштан төменгі жағы шымырлап, жуық арада ес жия алмай, рөлге тас боп жабыса қалыпты. Ол болса есікті жұлқып ашып, апыр-топыр мініп жатыр. Мойнын бұрып үлгергенше: 

– Ағай, жүріңіз... жүріп кетіңіз! – деп зар еңіреп, жылап жіберсін. Қараса... анадан жаңа туғандай тыр жалаңаш біреу. Біреу емес, қыз. 

– Жүріңіз, ағай, жүріп кетіңіз, аға-тай-и-й... – Абдырап отырған бұның иығын қос қолдап жұлмалай бастады. 

«Сұмдық-ай! Кім мынау? Жын ба, шайтан ба?» 

– Әне, келді! – Қыздың ащы дауысы айылын жылдам жидырды. Тас көшені тарсылдатып жүгірген екеу жуықтап қапты. Мәшине тұрған орнынан ыршып қозғалды. 

«Такси ұстап, соңымнан түссе қайттім? – Қапелімде мұз жұтып қойғандай қолқа-жүрегі қалтырап мұздасын. – Басым пәлеге қалмаса етті!»

Қараңғы тар көшемен жалғыз соқтыртып кеп, бұрқ-сарқ қайнаған үлкен даңғылға ауысқан соң ғана жылдамдықты бәсеңдеткен. Қатарында бүрісіп отырған қызға назар салғаны сосын. Ол боталаған жанарын кеңірек ашып, бұны жаңа көргендей үркіп бір қарады да, көзін төмен алып қашты. Киіктің ылағындай шап-шағын қыз. Шашы жалбырап тұр. Қолын кеудесінен айырмай қалай жапса да, құлын мүшесін жасыра алмай әлек. Арқалыққа асулы кәстөмін қыздың алдына тастап жатып:

– Не болды? – деді. – Кім олар?

– Ха-хайуан-дар... – Сықсыңдап жылап жіберді. Дір-дір еткен жалаңаш иығын игере алар емес. Тысқа жалтақ-жалтақ тастаған көзі үрейге толып тұр.

– Қайда тұрасың? 

– А-а-а?

– Үйің қайда?

– Үй ме... үй... – деді өксігін баса алмай. Бота көзі мөлт-мөлт. 

– «Ша-шаңыраққа» а-апа-ра а-ала-сыз ба? – деді сәлден соң сөзін үзіп-үзіп. 

Белді мекеме бастығын таситын мәшине қыз тұратын ауданға құйындай ұйытқып, әп-сәтте жетті.

– Осы, – деді қыз жасқана сөйлеп, – осы ара... тоқтаңызшы.

Тоқтады.

– Анау үй... 

– Көк қақпа ма?

– Cол...

Жағалай жер үйлер түскен көше тып-тыныш. Бірін бірі мігірсіз қуалаған қос қанден иттен өзге, қыбыр еткен тірлік нышаны байқалмайды. Қыз нұсқаған үй жақ мүлгіп тұр. Жарық сөнген. Қақпа жабық. Шарасы түгесіліп қыз алақанымен бетін басып, пыш-пыш жылайды. 

– Ағам... – деді бір кез иегі кемсең-кемсең етіп.  – Ағам...

Жігіт тіл қатпады. Оның мына тауқыметі енді өзінің иығына ауысқандай, жаны жүдеп сала берді. Қыз демін ішке тартып, тым-тырыс дыбыссыз отыр. Кеудесіне қамсау болған кәстөм төмен жылжып кетіпті. Ай сәулесі аймалаған анары көзді еріксіз суырады. Жігіт кәстөмді жөндеп, иығын қымтап қойды.

– Мә, жеңгеңе соқ, – деді қалта телефон ұсынып. Ол бұның айтқанын естімегендей, қырын қараған қалпы қалшиып отыр. 

– Жеңгем телефон ұстамайды, – деді біраздан соң үмітсіз сыбырлай сөйлеп. Демінде діріл бар. – Ағамның нөмірі... есімде емес.

– Қайда апарайын, айтшы баратын жерің бар ма?

Қыз басын шайқады. Сорғалап аққан көз жасын сүртпей үнсіз егіле берген.

Жігіт моторға жылдам от беріп, машинаны кері бұрды. Қыз не нәрсеге де көндім дегендей кеудесіне домалаған басын көтерместен, бүрісіп отыр. 

 

*** 

 

Көлікті автотұраққа қойып келген соң, жарықты жақпай қабырғаны сүйкеп барып, төсекке киімшең қисайды. Төсегі тықыр алаша үстіне төсей салған құрақ көрпеше. Жатар кезде қапталдағы темір кереует жаққа назарын жықты. Күнде жұмыстан кештетіп келгенде серіппесін солқ еткізіп, сонда құлай кететін. Бүгін өйтпеді. 

Ұйыған аяғын рақаттана созған күйі, көзін жұмбай едәуір жатты. Бүгінгі оқиғаның әсерінен арыла алмай көңілі алаң. Бұ не жағдай? Енді не болар екен? Енді не болатынын ойлап үлгермей қор ете түсті. Артынша селк етіп көзін қайта ашты. Құлағының түбінен әлгі бір қыз «а-ға-тай...» деп жыламсырап үн қатқандай. Шырын ұйқының шырайы кеткен. Күнде өзі дамылдайтын темір кереуетте қыз жатқанын ойлап, ұйқысы шайдай ашылсын. Көз алдында қыздың бұлтиған жалаңаш анары. Кетпей тұрып алды. 

«Гүлнұрға деп сатып әкеп қойған гүлді халат өзіне жараса қалды-ау!»

Иығына жапқанда өзіне жәудірей қарағаны сондай сүйкімді көрінген.

«Жанына барсам ба екен? – деп ойлады. – Бағанадан қалай келмеген ойыма?»

Соған таң! 

«Шын-ау, тіпті! Әлде шошып кете ме? Қой, шошымас... шошып не көрініпті? Отызға кеп қалдым. Әлі бір қызға қол сап көрмеппін!» 

«Енді көр. Уылжып жатыр ғой. Қол созым жерде, – дейді бір ойы дегбірін алып. – Жігітпісің? Жігіт болсаң, тұр орныңнан!»

«Қой, қой» дейді бұл басын алып қашып.

«Жүрегің дауаламайды, ә?» 

«Жоқ, неге?» 

«Бар ендеше! Бірден бас салма. Аялап оят. Шашын сипа, иегін ұста. Бойын үйрет!»

«Апырай, ә!» 

Жастықтан басын көтеріп, қабырғаға сүйеніп отырды.

«Әп, бәрекелде! Міне, жігіт! Көре қал, сонда өзі-ақ ысырылып орын береді».

«Ысырылып жатпаса ше? Әрі барыңыз десе ше?» 

«Үйіңе өзі кеп тұр ғой!» 

«Онда анау жексұрындардан айырмам қайсы? Әй, қойшы, құрысыншы!»

Қалай қиялдаса да, жатқан орнынан тұрып, қыздың көрпесін көтеруге батылы бармады. Ұяты тежеді ме, ынжықтық па, құдай білсін! Сөйтсе де қыз жаққа құлағы түрулі. Дем алысы білінбейді. 

«Қыздар қалай тым-тырыс ұйықтайды, ә!»

Кенет темір кереует сатыр-сұтыр қозғалды. Қыз екен ұшып тұрған. Бір аттап жанына жетті. Сылқ түсіп, тізерлеп отырды. 

– Не... не болды? – деді жігіт басын жастықтан жұлып алып.

– Біреу келе жатыр! 

– Қорықпа, ешкім жоқ қой. – деді бұл. Десе де жүрегі кеудесіне сыймай атқақтап кеткенін аңғарды. – Қорықпа. Мен бармын жаныңда.

– Жоқ... келе жатыр! – Дірдектеп жылап жіберді.

Жігіт қыздың білегінен ұстап, бауырына тартты. Ол оңай илігіп, жігіт бауырына тығылды. Тұла бойын билеген майда дірілден көпке дейін арыла алсашы. Дегбірі қаша берді. Біраздан соң ғана өз-өзіне кеп, жігіт құшағында жатқанына ыңғайсызданды ма, басын көтерді. 

– Атың кім? – деді жігіт оның құлағына сыбырлап. 

– Мәдемі...

– Мен Амантаймын.

Екеуі осыдан соң тіл қатыспай тым-тырыс отырып қалды. Үнсіз ұғысқан деген осы ма? Бір уыс боп бүріскен қыздан суыртпақтап сыр тартқаны содан кейін. Оның үзіп-үзіп сыбырлап айтқан сөзінен түсінгені – мектепті осы жаз бітірген. Оқуға түскен. 

– Қорқып отырсың ба? – деді сәлден соң Амантай аузына сөз түспей.

– Қорқам!

– Менен ше?

Қыз едәуір үнсіз қалды да:

– Сіз жақсы адамсыз, – деді баяу  ғана.

Амантай оның иегін сипай ұстап, жүзін өзіне бұрды, ерніне ерні жанасты. Мәдемі басын алып қашпады. Былқ-сылқ етіп, жігіттің ыңғайына бағына берді.

 

***

 

Таңертең орыс кемпірдің құжырасынан көңілі біртүрлі алабұртып шықсын. Қобалжу да бар. Көңілі астаң-кестең. Бұл не? Бақ па, өзі келген? Әлде сор ма, алдан ораған? Қайсысы болса да тәуекел деп, тас түйін бекінген түрі бар. Бұйырғаны осы шығар?! Мәдемінің жәудірей қалған бейнесі көз алдында.

Екеуі таң бозарып атқанша көз ілмеген.

– Сені ешқайда жібермеймін, – деген бұл сонда үздіге сөйлеп. – Менің қасымда қаласың! Қаласың ба? Айтшы? 

Мәдемі жауап берудің орнына Амантайдың мойнынан тас қып әнтек құшақтай алды. Кеудесіне жүзін жасырды. Қыздың көз жанары ыстық жасқа толып шыға келгенін түйсігімен сезді Амантай. 

Сол қылығы енді жүрегін елжіретіп келеді. Бастығының алыс қалаға ұшып кеткенін де жақсылыққа жорыған. Базарға бара жатып, көкірегін көңілді бір күй тербей берді. Бар ойы Мәдеміге киім сатып алу. 

Гүлнұр қайда екен деп, енді бір сәт қарындасын ойлап кетті.

– Шырағым, балам! Жалғыз қарындасың. Сенен басқа сүйенер кімі бар? Қарайлай жүр! – деп еді кемпір шешесі анада ауылға барғанда. – «Мен де барам қалаға, мен де ақша табам» деп үйден безді ғой. Айтқанды қылмай. Қорқам, заман жаман!

Анасының сол аманаты жатса-тұрса ойында. Не жұмыс істейді, қайда тұрады, білмейді. Әкесі тірі болса, оқуға түсірер еді. Әттең, ана дүниеге ерте аттанды. Аға боп бұның да қайыры аз. Кейде, сонан ба, Гүлнұрдың алдында өзін кінәлі сезініп, можып қалады. «Екеуміз бір үй жалдап тұрайық, апамның көңілі жайланып жүрсін» деп еді бір кездескенде:

– Уайымдама, таныс қыздармен бірге тұрам. Жұмысқа жақын, – деп көнбей қойған Гүлнұр.

«Істеп жүргенің не жұмыс? – десе, – ақша табатын жұмыс» дейді жұмбақтап. 

«Иә, саған, көп болса, кафеде даяшы шығарсың. Ыдыс-аяғы шығар жуатының? Ауыл қыздарының бұдан басқа істейтін жұмысы бар ма қалада?» деп ойлайды бұл кей-кейде. 

«Ақша табатын жұмыс дейді-ау! – деп енді іштей кейіп келе жатыр. Сөйтсе де: – Айналайын-ай, мынадай үлкен қалада ауылдан келген қыз балаға қауіп көп қой!» дейді мүсіркеп.

 

***

 

Көзі ілінсе болды, әлдекім ыңырси бастайды. Қатарынан екі түн байқады. Бұның қалғыған кезін аңдитын бір пәлесі бар. Көзін жұмуға да сескеніп қалған. Содан секем алып, бақырайып жатқаны мынау! «Кім ол? Неге ыңырсиды? Оянып кетсе, тынши қалатыны несі? Неге? Неге?!» 

«Мәдемі сезді ме екен? – деп ойлады бір кез. Ол болса алаңсыз ұйқыға кеткен. – Сезбегені жақсы, – деп тағы толғанды. «Түсім болса етті» дейді және оны жаманатқы қиғысы келмей. Әр ойдың басын бір қармап жатып, бір шешімге келді. Онысы – адыраспан тұтатып, бөлмені аластау. «Жын-шайтан, пәле-метер сонымен кетеді» деуші еді анасы. 

«Қысылғанда бұл да мамамның жәрдемі шығар» деп анасын еске алды. 

«Байғұс мамам үлбіреген ұялшақ келінін көргенде жүрегі жарыла қуанады әлі, – деп жақсы ой ойлауға тырысты. – Тойдан соң ауылға шошайтып жалғыз тастамай, қасыма көшіріп алам. Жұмысым бар. Гүлнұр да табыссыз емес!» 

Көзі ұйқыға іліге беріп, қуана жымиды... 

 

О-о, тоба! Тағы жетті құлағына. Алдындағыдай қорқып-үрікпеді бірақ. Өзін өзі сабырға шақырып, жұмбақ жайдың тылсымын тануға талпынып еді, анау бұның сонысын сезгендей үнін өшіріпті. Қайдағы өшіркен, құлағында жаңғырып тұр. Өзіне таныс үн сияқты ма, қалай? Иә, иә, бұрын онымен сөйлескен тәрізді. Құдай-ау, кім ол? Есіне түссеші. 

«Адамның өңі тәрізді түстер де болады екен-ау!»

Сабырлы қалпын сақтап оянған Амантайдың басына бірден келгені осы ой. Кеудесін көтеріп бір уық тапжылмай отырды да, тәлтіректеп тұрып, екі қолымен қараңғыны қармап терезеге тақау барды. Пердені ысырып ашқанда, Мәдемінің қасы-көзі бұлдырап байқалды. Оған екіұдай оймен үңіле қараған Амантайдың өңі жабырқау. Шырын ұйқыға шым батқан Мәдемінің қиғаш қасы қиылып, алақандай бейкүнә жүзі беймарал балбырай қалыпты. Езу тартып күлімсірей ме қалай? «Жоқ, жоқ, – деді Амантай күбірлеп. – Мәдемі емес! Басқа...» Басын шайқап, ақырын шегіншектей берді.

Бөлме тыныштыққа бөгіп тұр. Сағаттың әлсіз тырсылы ғана құлаққа талып жетеді. 

«Сонда қалай... сонда қалай?» 

Тұншыға жылаған қыз дауысы құлағынан кетпей, ыңырсып тұрып алған.

 

***

 

Жұмыс соңында шаршап, қалжырағанын аңғарды. Түнгі ұйқыдан маза қашқан, ит тартқан терідей қырық құрау. Көзі кіртиіп, сіркесі су көтерер емес. Ыңырсып жылаған әлгі бір қыздың үні... Не қылған қиын жұмбақ? Түсі де емес, өңі де емес! Түсіне де ұқсамайды. Өңіне де келмейді. Не пәле бұл! Екі түн... жоқ, үш түн қатарынан жүйкесін жүндей түтті емес пе? Кім ол? Кім? 

«Өзім емес пе екем? – Өз ойынан өзі үркіп, бет-аузын сипап байқады. – Осы мен ауыра бастаған жоқпын ба?» 

Есік көзінде көрші кемпір отыр. Бағана ертемен жақтырмай қарап, ұзатып салған. Сол отырған орнынан тұрмаған ба немене? Басы салбырап, жұмыстан жабырқау қайтқан бұған көз тігіп:

– Сен бала, келгіштеп кеттің ғой, – деп дүрсе қоя берді. – Немене ақшаң көп пе? Байсың ба?

– Түсінбедім, әже? – Кемпірге сұраулы жүзбен аңтарыла қарады.

– Түсінбедім... түсінбедім? Бәлені түсінерсің! – Кемпір күйбеңдеп, орнынан әрең тұрды. – Өзің тәп-тәуір бала сияқтысың. Жезөкшелерге ылағып, ауру тауып алсаң қайтесің? Жүр сосын өмір бойы іріп-шіріп.

– Жезөкше? Кім жезөкше?

– Мені бір иісалмас жә-мә-ән кемпір деп пе ең? Сендей желіккен балдардың есіл-дерті анау ғой... анау пәтердегі жезөкшелер. Қой, қой, оларды жұрттың бәрі біледі. О, тоба! Қазақтың жезөкше болған қызын да көрдік!

Селдірек шаш астынан құйқасы ағарып көрінген секемшіл кемпірдің көзінде күмән тұр. Бұл түкті де ұқпай жылыстап өте берді.

 

***

 

Бота көзі мөлдіреп, құшақ жая қарсы ұмтылғаны қандай қуаныш! Неткен бақыт! Бақыт деген бар дәмдісін көмейлетіп бірден асата салмай, мысқалдап таттырып, бір тәттіден соң бір тәттіге ынтықтырып, тамсантып қоятынымен қымбат-ау!

Жайдары күліп, алдынан шыққан Мәдемі көңіл кірбіңін жуып-шайып жіберді. Құшағына кіріп үлгермеді, есік қоңырауы ойбайын салсын. Гүлнұр екен. Үстіне кигені кіндіктен төмен, көкіректен жоғары. Әп-әдемі қою қара шашын сиырдың үйтілген басындай сап-сары қып күйдіріп бояп тастаған. «Не боп барады өзі?» Қарындасының киім киісін жақтырмай тұрса да, оның басқа кез емес, тап қазір келегенін құп көрді. Ауылда шошайып жалғыз қалған кемпір шешесін көшіріп алмақ болғанын айтуға асық.

– Кел, төрге шық.

– Қазір, қазір. Жұмысқа бара жатып... сендерді көре кетейін деп.... Мә-ә, үйді жайнатып жіберіпсіңдер ғой! – Гүлнұр таңданысын жасыра алмай, айналасына қарай береді. – Біз, екі қыз тұрдық осы үйде. Жұмыс, жұмыс деп, ештеңесіне қарамаппыз. Әй, өз үйің болмаған соң...

Амантай оның «осы үйде тұрдық» дегеніне тіксініп қалды. Бірден ойлағаны – көрші кемпірдің сөзі. 

...Елеңдеп, қанша тосса да, сонан былай ыңырсып жылаған қыз дауысы қайтып естілмеді. Ізім-ғайым жоғалды.

 

15.12.2006 жыл

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan