Ыбырай Дүйсенұлы 1988 жылы ҚХР, Текес өңірінде туған. Пекиндегі орталық ұлттар университетінің Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын тәмәмдаған. Қазір Пекиндегі орталық телевидение сайтының редакторы болып жұмыс атқарады. Қазірге дейін жүзге жуық аударма өлеңдері жарық көрген. 2014 жылы Қытай таңдамалы өлеңдер жинағын қазақшаға аудару жобасына қатысқан.
Әдебиет сүйер қауымға Ыбырайдың өз өлеңдерінің топтамасын ұсынып отырмыз.
Өле сеніп өмір осы дегенге
Мен білмеймін, не береді өлең бұл,
Әйтеу еріп жетегінде келем құр.
Өзімді өзім илеп алып үнемі,
Өз жонымнан таспа тіліп өрем жыр.
Иә, әрине, білгенге ауыр сөз ісі,
Кең болмайды, шен болмайды өрісі.
Екіталай шақта, әуелі, дос-жарың,
Кеп тұрады “қойшы осыны” дегісі.
Кең екенін бұл дүниенің байтағы,
... маған қарап тұрмағанын қайқаңы.
Олар тағы кімнің өлең жазбай-ақ,
Өмір сүріп жатқандығын айтады.
Енді өлеңнен айтам өзге кімге сыр,
Не демейді бұраңдаған бүрге тіл.
Жөн-ақ...
Бірақ, мен бір күні солардың
Өзін тастап кетпесіме кім кепіл?!
САҒЫНЫШ
Келер кейде торта май жеп,
Шәйда отырып бір кеңескім.
Сендер келіп қонса ғой деп,
Сәл кеңірек үйге көштім.
Тәте!
Бар өзіндік аспан, өлкем,
Еңкею һәм шалқалау жоқ.
Жақсы асхана, бақша көрсем,
Жүрмін ертіп барсам-ау деп.
Әке!
СЕН МҮМКІН...
“Ұнаттым” өмірді бұл күн,
“Кешірдім” тізген әлегін.
Сен, мүмкін, көңілді жүрсің,
Болмаса іздер-ақ едің.
Не дейін, сезімді кермек,
Серік қып қоймақшы үркек түн.
Қоштасқан “көңілді бол” деп,
Шағымды ойлап “мырс” еттім.
Сағынған сәттерім анық,
Сен жайлы есіме таңмын.
...
Бір ұзақ хат теріп алып,
Қайтадан өшіре салдым.
КІШКЕНТАЙ БАҚЫТ
Байлыққа күнде кенеліп,
Көмек қып көпке саналы.
Қолыңнан бірдеңе келіп,
Көкке қол жетпесе дағы.
Барыңды байтақ санайтын,
Елп етіп ере кетпейтін.
Ешкімге жалтақтамайтын,
Ештеңе керек етпейтін.
Жеп-жеңіл шағын ғана әрі,
Тұратын толғанып атып.
Сондай бір таңың болады,
Сезінсең ол дағы бақыт.
КІШКЕНТАЙ ҮМІТ
Сен әппақ едің,
Кіршіксіз тегі.
Мен бастап өзім,
Үркіттім сені.
Қайрылар деп едім мен,
Жеткенің кәні?!
Сен үріккен сол өңірден,
Кетпедім де әлі.
Көп жыл өтті...
Сен басқа біреудің,
Басына қондың.
Мен де басқа біреуін,
Асырап алдым.
Басылды есірген дене,
Енді ой бөтен.
Кей істі кешір деуге де,
Келмейді екен.
ҮЗІНДІ
Аяқтауға аз-ақ қалған шақ “дойбы”,
Өткен елес күрмеуменен жатты ойды.
Музыкант та, сұлу қыз да қартайды,
Ән сол қалпы жас күйінде қап қойды.
Боз музыкант, сұлу ару, әсем үн,
Тәтті ырғақпен басталған-ды басы оның.
Мұңлы ырғаққа ауысатын тұсында,
Қызына айтар зілі жатыр әкенің.
“Басыбайлы жандармыз біз тағдырға”
Деп өксікпен айтылатын жанды ырғап –
Қайырмаға таяу қалған тұсында,
Жігіт қызды күтіп еді жаңбырда.
Қыз-дағы оны сүйген дейді от ділмен,
Қайырмаға жігіт мұңы көп сіңген.
...
Ешкімді де кіналамай, ақыры,
Қызға бақыт тілеген-мыс, өксумен.
Ән сол қалпы жас күйінде...
ХАБАР
Көп сауалға жауап тауып кей түннен,
Мәмілеге келіп тірлік дейтінмен.
Әлі жүрмін бұл қалада баяғы
Сені сүйіп қалған сол бір кейпіммен.
Мінезімнің біраз қыры қажалды,
Жүрек сәл-сәл сазарды...
Содан кейін алмайтын боп кеттім мен,
Жарым түнде телефонмен мазаңды.
Аз да емес, көп те емес күлген күн,
Келмейді әзір ешкімге де сыр бөлгім.
Ештеңеге пікір білдірмеймін де,
Ешкімге де өпелемейтін болдым.
Көбең тартып көкіректің дәмесі,
Үйретті ептеп тағдырдың бұл тар өсі.
Оқырсың не оқымассың, бәрібір,
Мен жайлы әйтеу білмек болсаң бары осы...
СЫР
Басқалардың уақыты үшін сенделіп,
Басқалардың бақыты үшін шерленіп.
Өле сеніп өмір осы дегенге,
Жүргенімде екі етекті тер көміп.
Кешір мені, айналайын, он сегіз,
Қайтып кеткен екенсің ғой сен келіп.
Бұлаң қағып бара жатса мырза кеш,
Бастасам деп жінігумен жырға көш.
Түк бітірмей жүргенде
Сен де үндемей кетіп қапсың, жиырма бес.
Сүйе алған мен сүйе алмаған туралы,
Қиялдаған, қия алмаған туралы.
Өзегіңді өртесе де үндемей,
Тек жырыңды жиі арнаған тұлғаны.
Ойлантатын отыздың
Еміс-еміс естілді енді сырлы әні...
Жыли, тілсіз, батып жатты қырда күн,
Ритімсіз қонып жатты ырғағым.
Кешір, мені қанша аядың, кім білсін?
Мен сені әйтеу аямаппын, жылдарым.
Алдағы өмір, мүмкін, енді салқын өр,
Игілікке жолықтырғай арты мол.
Тартып келем, мүмкін бітті жарты жол.
Уыздай қыз, қабағында кірбің бар,
Тым асығыс өте шықты кес-кестеп,
Он сегізге келмеді әлі, бәлкім, ол...
МЕН СЕНІ АЛДАҒАМ ЖОҚ, БАЛА КЕЗІМ
Мен сені алдағам жоқ, бала кезім,
Сенемін тербеп бір күн алам өзім.
Асыр сап бара жатып, жалт бұрылып,
Қарайсың тесірейіп қара көзің.
Соңғы шақ сені осылай көп көремін,
Мүмкін, сен бұл кейпіме өкпеледің.
Есейе, мүмкін, саған ұнамады,
Туған жер, достарыңнан шеттегенім.
Дей алман бүгін сендей аяулы ұлмын,
Қазір мен көп ортадан саяқ жүрмін.
Әуелі ел сүйеді-ау деген осы,
Жазамын әр тармағын аяп жырдың.
Иә, иә, бос тұр әлі көп көгенім,
Ертерек биік шыңға көктемедім.
Айтпақшы, мен сүйетін сол әпкеңді,
Қаласың сен де ұнатып деп сенемін.
Сен оны танымайсың қазір мүлде,
Ал сенің өртенетін жаның күнде.
Анау қыз кейін алысқа аттанады,
Қарамай сағынбадың, сағындың не.
Қой... емес бұл басында көзделгені,
Боп алдым көп қыртатын сөзге ергелі.
Әйтеуір, сенің сол бір қалыбыңнан,
Шынымен біраз нәрсе өзгермеді.
Мысалы, сенің адал тілектерің,
Телмірген мына әлемге жүрек-көзің.
Мысалы, сенің оңай сенгіштігің,
Жығылсаң жасың оңай дір етпеуі.
Оп-оңай жақсы көріп қалатының,
Біраз мұң және содан табатының.
Дап-дайын тұратыны беретінің,
Табылмай қалатыны алатының.
Жұлдызын көп санаушы ең жақұт көктің,
Алысқа көз тастаушы ең асық боп тым.
Мен сені кеп тұрады еркелеткім,
Мен сені кеп тұрады бақытты еткім.
Туған жер... мәңгі күндіз өлкем менің,
Жөн бе еді аясымен өлшенгенім.
Содан соң кете бардым, сен көз салған,
Биік пен алыс жақты көрсем дедім.
Бір күні алты қырды шалғандаймын,
Бір күні тасбақаша тарбаңдаймын.
Бір күні мүлде алыстап кеткендеймін,
Бір күні бір-ақ адым қалғандаймын.
Маған сен, мені ұмытпа, бала кезім,
Жол тауып түбі ол жаққа барам өзім.
Бір күні қайта оралған мені көріп,
Күледі, жымияды қара көзің...
Алдыңа тартар, міне, осы мәнім,
Иіскеп сонда Құштай топырағын.
Биік пен алыс жайлы әңгіме айтып,
Мен сені алдыма алып отырамын.
МІНЕЗ
Өтті мен өрге ұмтылған өлеңді шақ,
Қонды ма салқын сабыр, кемел нысап.
Елп етер шақта етектен тартар бір күш,
“Е, Аяз, әліңді біл” деген құсап.
Жолды ұстап кереметтей мияқтты аңдып,
Өспесек те, өзімізше ұятты ар қып.
Ержеттік, силар кісі кездессе егер,
“Құмырысқа жолын білген” сияқтандық.
Шалқайман мынау менің аспаным деп,
Өмір жай көз шығару, бас жару жоқ.
Аяңдап өте шығам аз-ақ бұлттап,
Тұрса да жауып-жауып тастағым кеп.
Тіпті айтпан, бекзатпын деп мүлдем дара,
Сүйікті ел, не қылсақ та сізден баға.
Біздікі қасиетті қазағымның,
Қастерлеп қара сөзін жүрген ғана.
Бала қаз айдыныңда жүзді делік,
Бұйырса қанат қақсын сізді көріп.
Атыңнан айналайын, қазақылық,
Алдыңда сенің мына біз кім едік?!
ТАМЫЗ ТАҢЫ. ӘКЕ
Уыз дәмі кетпеген таңдайының
Балғын шағым,
Көрместен таң байызын.
Жұрт ағылып жатады шабындыққа,
Иығына артып ап шалғы, айырын.
Солқ-солқ желіп астында торы бәсең,
Көрінетін сол сурет көзіме әсем.
Төрттен-бестен біріккен топ ішінде,
Жалғыз бара жататын менің әкем.
Қапырық күн, қақпайды құс қанатын,
Айта жүріп күбірлеп күстанасын.
Шәй, қарбызын түйіп ап шабындыққа,
Шешем барып келеді түске жақын.
Шалғы жүзі, айырдың сабы жасық,
Қажып біткен жұрттың да бабы қашып.
Батады кеш, күн асып кеткен қырдан
Көпке дейін тұрады жалын атып.
Солқ-солқ желіп астында торы бәсең,
Көрінетін сол сурет көзіме әсем.
Төрттен-бестен біріккен топ ішінде,
Жалғыз келе жататын менің әкем.
Жиылып бір аспаннан сары жалау,
Аяқталып шешемнің сауыны анау.
Шам түбінде әкем мені алдына алып,
Шәйға отырға сәттерді сағынам-ау.
Қалай шығар мал байқұс қыстан ұзын?
Қайтем енді, бауыр жоқ, пыспады ұлым.
Екеуара шәйды ұзақ сораптайтын,
Әңгіме етіп қу қолдың қысқалығын.
- Жалғыздықты қайтейін даттап, күндеп,
Біртер бір күн қай жаққа қашпақ міндет.
Сосын әкем иіскейтін маңдайымнан,
“Осы қарғам ержетсін, тоқтап тұр”- деп.
Тоқтамады, бірақ та, күресін жыл,
Жігіт болдым бұл күнде үлесім – жыр.
Әкем әлі көтеріп шалғы, айырын,
Баяғыдай қу малмен күресіп жүр.
Бізді-дағы ел айтады-ау толысқан деп,
Қалтам қоңыр болғанда қоныс тар бек.
Жүрмін қалада оянып әкем түгіл,
Әр таңына тамыздың борыштар боп.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.