Өнердің міндеті – адамның жан сезімін ісі арқылы ашып беру. Мүсінші мүсін өнері арқылы адамның сырт пішінімен қатар ішкі жан дүниесін де жеткізген. Қоғамдық қатынастардың өзгеруі мүсінші-суретші шеберлерінің алдында да үнемі күрделі міндеттер қойып келді.
Қазақстанның тәуелсіздік алуымен, кең ауқымдағы мәдени-экономикалық өзгерістерге байланысты мазмұны мен түрі бойынша нағыз ұлттық монументалды өнерді дамыту үшін мүлде бөлек мүмкіндіктер ашылып, жаңа ізденістерге жол ашылды. Соның арқасында Қазақстанның мүсін өнері де жаңа таланттардың ізденістерімен толығып, сапалық бетбұрыс басталды деп толық айта аламыз. Сондықтан жалпы мүсін өнерінің жай-күйін айтқанда, тікелей уақыттың бет-бейнесін таныта алатын мүсіншілерге барынша қатысты екенін еске салу біздің міндетіміз.
Мүсінші Өмірзақ Шановтың шығармалары әрқашан да өнерсүйер қауым мен өнертанушылардың назарын аударып келеді. Көптеген шығармашылық көрмелерге қатысқан, үнемі идеялық белсенділігінен танбаған мүсінші. Оның ізденістерінде құрылымды пластика қабаттасып келіп, тақырыптың мазмұнын байытып, композициясын жетілдіре түседі.
Ақын М. Дулатов ескерткішінің эскизі. Көрініс түрі. 2009
Ол жасаған туындылар өткір зейіннен өтіп, өзіндік жанр мен стиль типінде көзге түсіп, қазақ мүсін өнерінің кәсіби түрін жандандыра түсті. Енді бір жағынан, қоғамның ілгерілеуші күштері тарих барысында, сондай-ақ өнерде де көркем бейнелеудің стильдік ізденістеріне зәру болатыны шындық. Әлеуметтік ілгерілеушілікті ынталандыратын, адамзаттың тұрмыс-тіршілігін, қоғамның дамуын шын мәнінде алға жылжытатын, белгілі бір дәуірде өмір сүруші адамға расында да жаңа қадір-қасиеттер сыйлай алатын дүние, тарихта көбіне сол дәуірдің, сол заманның бет-бейнесі, негізгі сипаты деп табатын дүниесі болады. Классикалық бейнелеудің монументалдылығы өнердің тек мол мүмкіншіліктері ғана емес, өнердің сипатының танымдық мәнінде, сондай-ақ қажеттілігінде.
Ақын М. Мақатаев ескерткішінің эскизі.
Ө.Шановтың тапқан дүниесі қазақ топырағандағы классицизм. Автордың мүсіншілік стихия мінезі – классицизм десек қателеспейміз. Архитектоникасы, композициясының анықтығы, басты әрекеттің бөлек көрсетілуі, пішіндерінің мүшеленуі, жекелеген ауқымдардың тым айқындылығына қол жеткізілетін кеңістіктің барельефтік түсіндірілуін бірден байқауға болады. Мұның барлығы – рационализмнің элементтері. Осының бәрі сайып келгенде Өмірзақ Шанов шығармашылығының өзегі. Өзінің сезімі мен тебіренісін, толқынысын жүгендей алатын философтың «байсалдылығы», төзімділігі табиғатына тән болғанымен, шығармаларындағы композицияның салмақтылығы мен ұстамдылығы да белгілі бір дәрежеде осындай маңызға ие. Әр жұмысының сұлбалық айқындылығы мен пішіндерінің мүшеленуі оның мүсінділігін күшейтеді. Аса мұқияттылық, зейін қою деңгейінің артуына әрқашан жағдай жасайды.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарына. 1987. Гипс.
Жақыннан көріп, тамашалау үшін композицияның ұсақ-түйектерін, егжей-тегжейлі, кезекпелі оқылуы, бейнелерінің сан қырлылығы, фактурасының сұлулығы, композициясының әрбір бөлшегінің қарап, тамсанып, түйсінуге қорек болатын бейне бір академиялық заңдылықтардың пластикалық шежіреге толы жағдайын көруге болады.
Ақын Қадыр Мырзалиевке ескерткіш. 2015. Қола.
Мүсінші жаңа бетбұрыс жасауға икем. Қай тақырыпты алса да мүсінші адам мінезінің қалтарыс-қатпарына батыл барлау жасайды.
Ө.Шанов құбылыстардың түбіне үңіліп, олардың астарына үңіліп, ол жөнінде өзінің меншікті пікірін қалыптастыруға ұмтылады. Ө.Шановтың мүсін өнеріндегі ой ұшқырлығы мен психологиялық тұжырым ерекшелігі, қиял мен ойдың ұштасуы, ұлттық ерекшеліктердің түрленуі арқылы жандандырылған түрлері көптеп кездеседі. Пішін суретшінің ой-қиялына бағынышты бола отырып, оның қолының икеміне қарай сан мыңдаған түрге еніп құбыла түседі.
Жазушы Ғ.Мүсірепов ескерткішінің эскизі. 2003. Гипс.
Салт атты сақ сарбаздарын бейнелегенде лаконизмділігі мен қарапайымдылығы айқындылығына әсер етіп қана қоймай, экспрессияны еркіне бағындыра білген. Оның қатаңдығы, батылдығы және мазмұнының салтанаттылығы ерекше көрінеді.
Мүсінші тарихты, оның негізгі заңдылықтарын қаншалықты терең, дұрыс түсінген сайын, оның қолынан шыққан туындылары да, эстетикалық орынды пішінде түсіріліп, көрерменнің сана-сезіміне де соншалықты терең әсер етіп, өнерде өз орнын көрсете алған. Сонда мүсіншінің туындылары толысып, мінсіз сомдалып, аталмыш туындылардың монументалдылығы айқын бола береді. Өнер туындыларының «мәңгілігінің» алғышарты да осында.
Жазушы Ф. М.Достоевский мен ғалым Ш.Уәлиханов ескерткішінің эскизі.
Тірі көркем шығармашылық әрдайым адамзат болмысының негізгі мәселелерін жоғарыда баяндалған маңызында қоюға түрткі болып, адамды тікелей тарих заңдарымен қақтығыстыруға талпынады. Осыған дейін өнердің осы мәселелерімен бас қатырған мүсінші біздің қазақ өнерінде болған емес.
Юморға да өте бейім, психологиялық тереңдік, бейнелі дүниені ой елегінен өткізіп көрсету тәсілі туралы айтсақ та, ең бастысы Ө.Шанов шығармашылығы бүгінде өзінше бір әлем екендігі.
Жанарбек Берістен,
профессор, философия ғ,к.
ҚР Мәдениет қайраткері
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.