Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ҰМЫТПАҢДАР МЕНІ
Оның кейіпкерлері үнемі Құдайды іздейді......

29.07.2024 1936

Оның кейіпкерлері үнемі Құдайды іздейді... 14+

Оның кейіпкерлері үнемі Құдайды іздейді... - adebiportal.kz

Жазушы А.Мантайдың шығармашылығы әдебиеттанушы ғалымдардың зерттеу нысанына көп іліге қойған жоқ. 2014 жылы осы жол авторының «Ар арызын жазатын қаламгер» деп аталатын мақаласы «Үркер» журналында жарық көрді. Онда жазушының «Жаңбырлы көктем» деп аталатын тұңғыш прозалық жинағына енген «Қабір гүлі»«Балалықтың көктемі»«Маргарита»«Депрессия» сынды әңгімелері талдау нысанына алынады. Мақала авторы: «Аягүлдің «Маргаритасы» мен «Балалықтың көктемі» және «Қабір гүлі» әңгімелері оқырманды еріксіз елітіп әкетеді. Балалар әлемін шебер бейнелей алған туындылар. Әңгімелерін оқи отырып, оқырман да өзінің балалық шағына саяхат жасағандай күй кешеді. Жоғарыда аталған әңгімелеріндей емес, кейіпкерлер ойшылдыққа салынбайды, естелік-эссе түріне келіңкірейді»,  дейді.

Ал жазушы өмірден өткеннен кейін оның шығармашылығы туралы пікір білдірген әдеби-мәдени ортаның өкілдері аз болған жоқМысалы, Н.Ақыш: «Аягүл жарқын үнімен, ерекше қалам қуатымен әдебиетке жалындап келген жастардың қатарынан еді. ...Аягүлдің шығармаларында оқырманды бірден баурап алатын көркемдік бар еді, себебі жазушының өзінде нағыз қаламгерлік талант болатын. Ол өмірден өткенімен, санамызда, көркемдік әлемімізде өмір сүреді», – дейді.  Ал аудармашы Г.Бақытжан оның шығармаларының ерекшелігіне тоқтала отырып, жазушы «бұрынғы сенім күл-талқан болып, ортасындағы ұрпақ әрі-сәрі күйде қалған, жас буын жанталаса ізденген қоғамдағы адамдардың көңіл күйін, психологиясын талдап көрсететінін» жазды. 

Жоғарыда аталған авторлар жазушы шығармашылығы хақында оң пікір айтса да, біз оның шығармашылық әлеміне ғылыми тұрғыдан жан-жақты талдау жасаған салмақты еңбектерді кезіктіре алмадық. 

А.Мантайдың бастапқы кітабына енген дәстүрлі прозаға жататын шығармаларымен бірге, соңғы кітаптарына енген модернистік-постмодернистік әңгімелері әлі тұтас талдау нысанына алынған жоқ. Осы тұрғыдан алғанда, қазіргі әдебиеттегі көркемдік үрдістердің табиғатын танып, ғылыми бағасын беру үшін де тәуелсіздік тұсында өзгеше қолтаңбасымен әдебиетке келген қаламгерлердің шығармашылық портретін жасау, олардың өзіне тән стильдік машық-мәнерін анықтау қазіргі әдебиетті зерттейтін мамандардың алдында тұрған келелі міндеттердің бірі деп есептейміз. Бұған дейін А.Мантайдың үш кітабы жарық көрген: тұңғыш прозалық жинағы «Жаңбырлы көктем» (2009) деген атпен шықса, 2019 жылы «Жүрекке оралу» деген екінші кітабы оқырманға жол тартты. Аталмыш екі жинақтың арасында уақыттық тұрғыдан ғана емес, жанрлық-стильдік тұрғыдан да едәуір алшақтық бар. Екінші жинаққа бұрынғы әңгімелерінен бөлек, жаңа он үш әңгімесі енген. Біз бұл әңгімелерден жазушының шығармашылық тұрғыдан толысып, модернистік-постмодернистік поэтиканың үлгілерін еркін қолданғанына куә боламыз. Ал 2023 жылы «Аягүл» деген атпен жазушының шығармалары мен ол туралы естеліктер топтастырылған жинақ жарық көрдіАталмыш кітапта «Жүрекке оралу» жинағына енбеген «Меланхолия» атты әңгімесі енген. Яғни, соңғы кітапты жазушы шығармаларының мейлінше толық нұсқасы ретінде қарастыруға негіз бар. А.Мантайдың шығармашылық ғұмыры тұтасымен үздіксіз ізденістен, әдеби эксперименттер жасаудан тұрады. Тіпті ол өмірінің соңғы жылдарында берген сұхбаттарында роман жазып жатқанын бірнеше рет тілге тиек етіп, романын өз елімізде шығарған соң, Ресей, АҚШ, Англия, Канада, Франция, Испания сынды елдерде шығаруды жоспарлап отырғанын айтқан еді. Өкінішке қарай, бұл романы оқырман қауымға жеткен жоқ... 

Аягүл Мантайдың шығармашылық әлемін екіге бөліп қарастыруға болады. Біріншісі – ауыл өмірін арқау еткен дәстүрлі проза үлгілері болса, екіншісі – әдетте қала тіршілігін негіз еткен модернистік сарындағы шығармалары. Жазушының алғашқы екі кітабы осы екі кезеңнің жемісі: «Жаңбырлы көктемде» дәстүрлі прозаның үлгілері жинақталса, «Жүрекке оралу» жинағына мәңгілік сұрақтармен бетпе-бет келген күрделі кейіпкерлер жүйесіне кезігеміз. Бірінші жинаққа енген шығармалары ауыл адамдары секілді қаншалықты қарапайым әрі тартымды болса, екінші кітабындағы жаңа әңгімелері қаланың тыныс-тіршілігі секілді күрделі әрі күрмеулі. Әрине, бұлай бөлудің өзі шартты екенін айта кеткен жөн. Болмаса екі кезеңге де ортақ ерекшеліктер жоқ емес. Қалай болғанда да, автор өзі өмір сүріп отырған қоғамның шындығын шығармаларына арқау етті.

А.Мантайдың алғашқы әңгімелерін тәуелсіздік тұсындағы қазақ балалар әдебиетінің үздік үлгілеріне жатқызуға болады. Әсіресе, «Балалықтың көктемі», «Маргарита», «Қабір гүлі» деп аталатын шығармаларының жөні бөлек. 

Жазушының тұңғыш жинағына енген аталмыш әңгімелерден, Д.Исабекова айтқандай, «...қазақы тұрмысты, қазақы психологияны, қазақы мінезді бүге-шігесіне шейін білетін, білгенін көркем туындыға шебер айналдыра алатын, әсіресе, жас балалар әлемін алдыңа қаз-қалпында жайып салатын шынайы жазушыға тән қасиеттерді таба» аламыз. 

Шағын әңгімелерден біз оңтүстік халқының менталды болмысын, өмірге деген көзқарасын, өмір сүру салтын – жалпы халықтың бүтін бітімін танимыз. Қазақ ауылының боямасыз суреті көз алдыңа келеді. Осының бәрі нәзік лиризммен өріліп берілгенде, оқырманның жүрегіне қозғау салмай тұрмайды. Бұл әңгімелерде балаға тән аңғалдық та, тазалық та, ең бастысы, тұнып тұрған шынайылық бар. Содан да болар, оқырман аталмыш әңгімелерді оқи отырып өзінің балалық шағына саяхат жасап қайтқандай күй кешеді. Балалармен бірге дүние тану сапарына шыққандай әсер алады. 

А.Мантай – адам жанының терең қатпарларын аша отырып өмірдің іргелі де күрделі мәселелері төңірегінде ой қозғауға құштар жазушы. Ол қайсыбір әңгімесінде де мәңгілік сұрақтарға жауап іздейді. Қарапайым адамдардың өмірін суреттей отырып адамзаттық мәселелерді көтере біледі. Бір сұхбатында жазушы: «Адам – тас секілді соншалық мықты, гүл секілді соншалық нәзік жаратылыс», – деген екен.  Өзі де сол «тас секілді мықты, гүл секілді нәзік жаратылыстың» – өзінің жанында үздіксіз жүріп жататын психологиялық иірімдердің табиғатын тану һәм таныту жолында еңбек етті. А.Мантайдың шығармаларының өзегінде жалғыздық һәм жатсыну мәселелері тұр деуге боладыСебебі, ол «Құдайға жеткізетін адами құндылықтарды таптап кететін» («Бөтен» әңгімесінен) жандардан барынша аулақ болғысы келген сыңайлы. Қоғамдағы моральдық-этикалық құндылықтардың деградацияға ұшырауы, тән қалауының жалпы адамдық мұраттардан үстем түсуі, әлеуметтік қарым-қатынастар жүйесіндегі теңгерімнің бұзылуы сынды үлкен мәселелер А.Мантайдың экзистенциалды прозаға қадам басуына түрткі болды. Содан да болар, оның шығармаларында адам жанының еркіндігі, мейірімділік және адалдық құндылықтары айрықша көрініс тапты. Жоғарыда аталған қоғамдық мәселелердің шешімін жазушы осы құндылықтардан іздеді. Тіпті бұл жазушының ертеректе жазған шығармаларынан да анық көрінеді. Соның бірі – «Жауһар» әңгімесі.

«Жауһар» әңгімесінде қиюласқан күрделі сюжеттік желі жоқ. Жалпы, қазіргі жас қаламгерлердің сюжеттен гөрі, идеялық концепцияға айрықша күш салатыны аңғарылады. Мұнда оқиғалық желі тым бұлдыр, бірақ кейіпкерлер арасындағы диалогтік қатынас барынша салмақты. Тіпті оқырман өзі жап-жас қыздардың дәл осылай ойшылдар секілді тіл қатысып отырғанына сенімсіздікпен қарайды. Бірақ олардың тағдырын білгенде еріксіз нанады. Қала шетінде пәтер жалдап тұратын екі қыз таныстары шақырған сауық кештеріне бармай, болашақ ханзадаларын қиялдап, кітап оқудан бас алмайды. Шегір көзді көрші жігіт Жауһардың арын таптайды. «Бір бақытсыз жанды өмірге әкелмей, сауап іс жасауға» бекінген Жауһар ауылына кетіп, ақыры өзіне қол салып өмірден өтеді. Араға бес жыл салып өздері тұрған пәтерге барған кейіпкер арбаға таңылған шегір көзді жігітпен тілдеседі. Бірақ ол өз ісіне өкінген адам емес, қайта құрбысын қорғай алмаған мұны кінәлайды. Жалпы, әңгімеде белгісіздік басым. Екі кейіпкердің таным-түсінігінде де, рухани-психологиялық жай-күйінде де, олардың айнала-болмысқа деген қарым-қатынасында да тұрақты әрі жүйелі байланыс жоқ. Бұлдыр да белгісіз әлем ғана бар. Шындықтан гөрі жасандылық, махаббаттан гөрі алаяқтық, үміттен гөрі үрей басым. «Ұйықтап жатып ояу жатқандай, ояу жатып ұйықтап жатқандай сезінетін» кейіпкерлерге кез боламыз. Ал ұрпақ өрбіту адамзатқа ортақ құндылық болып саналғанымен, ақ-адал некенің жоқтығынан, қайта жиіркенішті сипатымен танылады. Жауһар өзіне қол жұмсау арқылы болашақта өмірге келетін сәбиге қастандық жасаймын деп ойламайды, қайта дүниеге келер баланы бақытсыз болудан сақтаймын деп өзіне қол жұмсайды. Әңгіме тәуелсіздіктен кейінгі дүрбелең кезеңнің картинасын боямасыз беруімен құнды. Құндылықтар жүйесінде айтарлықтай трансформациялар жүріп жатқан, моральдық-этикалық құндылықтар мен материалдық-экономикалық құндылықтардың текетіресі барынша шиеленіскен кезеңнің бейнесі нанымды суреттеледі. Жауһардың өмірін құртқан шегір көзді жігіт те соңында арбаға таңылып, жалғыз қалады. Құрбысы өз жанын ешкім түсінбейтін болған соң да өз өмірін қиды. Құрбысынан айырылыған кейіпкер де жалғыз. Шығармада, осылайша, «шынайы өмір сүргісі келмейтін» жалғызіліктілердің болмысы ашылады.

Қазіргі қазақ прозасындағы елеулі ерекшеліктердің бірі – жалғыздық құбылысы. Рухани-моральдық құндылықтарға қарағанда материалдық құндылықтардың үстем болуы, соның себебінен мәдени құлдыраудың айрықша күшеюі әсіресе тәуелсіздіктің алғашқы ширегінде көрініс тапты. Міне, осы кезеңде қазақ прозасында да экзистенциализмнің белгілері айқын көрініп, қоғамнан жатсынған, әлемге жалғыздықтың көзімен қарайтын кейіпкерлер саны күрт өсті. Мұндай кейіпкерлер үшін қоғамдық қатынастардың бәрі – абстракция. «Жауһардан» біз осыны айқын аңғарамыз. Екі қыз қоғамнан бөтен, өйткені жасандылыққа жаны қас. Шынайы болайын десе, өлімді ғана ойлайды. Экзистенциалистердің негізгі идеяларының бірі де осы, адам шындыққа тек өлім сәтінде ғана жетеді деген ой. Содан да, мұндай шығармаларда мұң басым, кейіпкерлердің күлкісінің өзі мұңға толы. Мысалы, А.Мантаева кейіпкерлер күлкісін сан құбылтып береді. Жауһар «мұңдана күледі». Біресе «мұңлы жымиса», біресе «көңілсіз езу тартады». «Мәңгілікке құштарлық» әңгімесіндегі кейіпкер «зорлана жымияды». Әйтеуір, Аягүлдің кейіпкерлері өмірге қапа.  «Жауһарда» екі уыз қыздың жылап отырғаны айтылады. Қиыны – себепсіз жылайды. Сөйте тұра, «мұңдана күледі». Аягүлдің кейіпкерлері өлімді жиі еске алады. «Жауһарда» адамзаттың бұл өмірге өлу үшін келгенін ескертеді, «түбі бәрінің өлетінін ойласа, жүрегі қуанышқа бөленетін» кейіпкерді «Интуиция» әңгімесінен кезіктіреміз. «Мәңгілікке құштарлық» әңгімесінде де кейіпкер «әдеттегідей өлімді ойлап отырады». «Томпақта» да өлік шығатын үйде тамақ іздеп жүрген ашқұрсақ бүлдіршін кездеседі. Мұның бәрі автордың таным-түйсігі мен ішкі психологиялық әлемінен ғана емес, өз замандастарының ішкі рухани-аксиологиялық тұғырының қандай екенінен хабардар ететін белгілер деп есептейміз. Осы арқылы жас қаламгерлер біздің санамызда әбден орнығып қалған ұғымдарды қозғағысы келеді. Әбден қалыптанып қалған құндылықтарға басқа қырынан баға беруге талпыныс жасайды. А.Мантайдың кейіпкерлері аз айтады, бірақ соған көп нәрсе сыйғызып айтқысы келеді. «Жауһардан» бүгінгі қала жағалап, пәтер жалдаған қазақ жастарының әлеуметтік жағдайы ғана емес, олардың психологиялық бітім-болмысы мен ішкі күйініш-сүйініші де айқын көрінеді. 

А.Мантай сұхбаттарында өзінің шығармашылық миссиясын, қаламгерлік ұстанымдарын, кейбір әңгімелерінің идеялық концепциясын және әдеби-эстетикалық көзқарастарын ашып айтқан. Бұл жазушының көркем туындыларындағы кейбір құпия-кодтарды ашуға, жазушының қаламгерлік қолтаңбасын тануға мүмкіндік беретін маңызды материалдар болып саналады. Мысалы, ол «Айқын» газетінің тілшісіне берген сұхбатында: «Жалғыздықты, өзіммен өзім болғанды жақсы көремін. Себебі, жалғыздық – шығармашылық. Жалғыздық – өзіңмен өзің арпалысу, итжығысқа түсу», – дейдіБұдан біз автордың шығармашылық әлеміндегі жалғыздық, қоғамнан жатсыну мәселелерінің түп-төркіні оның тұлғалық болмысымен тығыз байланысты екенін байқаймыз. Ал басқа бір сұхбатында көркем шығармаға қойылар талаптар төңірегінде ой өрбітіп былай дейді: «…тілі тым жұтаң болмаса, бірақ адамзаттық идея көтерсе; сюжеті, тақырыбы адамзатқа ой салса, ақиқатты танытып, бүкіл адамзаттың бір-біріне деген мейірімін оятса, ұйықтап жатқан саналарды сілкілесе, міне, сол құнды шығарма»Жазушының өзі де үнемі осы өлшемдерге сай шығарма жазуға ұмтылды. А.Мантайдың шығармаларының тілі көркем де кестелі дей алмаймыз. Себебі, ол шығарманың тілінен гөрі идеялық жүгіне, айтар ойына көбірек ден қояды. Қаламгердің бар мақсаты – оқырманға ой салу, санасын сілку. Сондықтан, сыртқы әлемді ұзақ суреттеп отырмайды, керісінше адам жанына тереңірек үңіледі. Осы мақсатқа жету үшін жазушы әдетте психологизмнің көркемдік құралдарын жиі пайдаланады. Мысалы, кейіпкерлердің дүниетанымын көрсетіп, психологиялық болмысын таныту үшін монолог, диалог, ішкі диалог, екі ұдайылық, өзін-өзі талдау сынды құралдарды қолданады. Содан да болар, жазушының шығармаларында қиюласқан шым-шытырық сюжеттік құрылым жоқ, оның орнына жеке адамның, әдетте жазушының өзінің ой-санасындағы күрделі өзгерістер көркемдік нысанға ілігеді. Сонымен қатар, А.Мантайдың шығармаларының тілінде қазақ тілінің өзіне тән әуезі сақталады. Автордың өзі бір сұхбатында: «Прозада музыка болуы керек. Проза оқығанда алыстан классикалық музыканы естісең, ол онда жақсы дүние», – дейдіҚал-қадарынша мәңгілік сұрақтарға жауап іздейтін, Құдаймен, өзімен гармонияда өмір сүру үшін жазатын жазушының шығармаларынан біз жоғарыда аталған эстетикалық өлшемдердің сақталғанын байқадық.  

А.Мантай модернистік поэтиканың мүмкіндіктерін еркін қолданады. Әсіресе, бұл оның екінші кітабына енген жаңа әңгімелерінен анық көрінеді. Аталмыш жинаққа енген кейбір туындыларды интеллектуалды прозаның үздік үлгілеріне жатқызуға болады. Оның шығармалары әдетте сыртқы әлемді суреттей отырып адамның болмысын танытатын реалистік туындыларға ұқсамайды, керісінше жеке тұлғаның ішкі әлеміне терең үңіліп, ой-санасындағы сапалық өзгерістерді суреттей отырып мәңгілік сұрақтарға жауап іздейді. Ал бұл өз кезегінде қаламгердің метафизикалық мәселелерге дендеп бойлауына жол ашты. 

Оның кейіпкерлері үнемі Құдайды іздейді. Мысалы, «Соқыр санадағы» Айза мен Сәбираның арасындағы диалогтарды Құдай туралы танымның көркем интерпретациясы деуге болады. Екі кейіпкердің әңгімесі мәңгілік сұрақтар төңірегінде өрбиді. Жазушы инклюзия тақырыбын көтере отырып мүмкіндігі шектеулі адамдардың әлемімен таныстырып қана қоймайды, сондай-ақ жазушы шын мүгедек көзі көрмейтін Айза емес, он екі мүшесі сау бола тұра жүрек көзі ашылмаған көптің мүгедек екенін астарлап айтады. А.Мантай қоғамдағы келеңсіздік атаулының түп-өзегінде адамдардың Құдайдан алыстауы жатқанын бірде ашық, бірде емеурінмен жеткізеді. «Құдайдан алыстаған сайын өмірі күрделеніп, өзге түгіл, өзін танудан қалған» адамдардың тағдырын суреттей отырып оқырманның санасын сілкіп, «жанын рухпен нұрландырғысы келеді». Бақыт атаулыны материалдық құндылықтардан іздеген, бірақ өмірден өз орнын таппай дал болған адамдарды рухани құндылықтарға ұмтылдырып, шынайы еркіндік жолына шақырғандай болады. А.Мантайдың шығармаларының өзегінде адам Құдайдың тура жолымен жүргенде ғана гармонияда өмір сүріп, шын бақытқа жетеді деген идеялық концепция жатыр. Біз мұны жазушының бір емес, бірнеше әңгімесінен байқаймыз. Оның Құдай туралы айтылмаған әңгімесін табу қиын. Жазушы Құдай қайда деген сұраққа кейіпкерлерінің аузына сөз сала отырып жауап береді: «Құдайды алыстан емес, өз жүрегіңнен ізде!» Ол өмірдің мәнін Құдайды іздеу дейтін үдеріспен байланыстырады. «Құдайды іздеу арқылы ғана баянсыз өмірден мән табуға болады», – дейді «Жүрекке оралу» әңгімесіндегі кейіпкерОның ойынша, «әлемді ізгілік, мейірімділік, Құдайға деген махаббат құтқарады».

Жазушының «Абстракция» деп аталатын әңгімесі, аты айтып тұрғандай, белгісіздікке толы. Сонымен қатар, аталмыш шығармада да ауыр мұң бар. Жалпы, жазушы шығармаларында мұңды қоюлата түсетін элементтерді жиі пайдаланады: құлазыған табиғат, жаңбырлы күн, түн қараңғылығы, өлім туралы талқы т.б. Осы секілді элементтерді «Абстракциядан» да байқауға болады. Бойжеткен мен музыкант арасындағы диалогтарда тағы да экзистенциалдық философияның нысаны саналатын іргелі мәселелер сөз болады. Шығармадағы уақыт пен кеңістік тым шектеулі, оқиға бір бөлменің ішінде, бірер минуттарда ғана өтеді. Аталған туындыда уақыт пен кеңістіктің, тіпті сюжеттің де рөлі тым солғын. Алайда жазушы екі кейіпкердің дүниетанымындағы қайшылыққа көбірек назар аударады. Жігіт қызды сүйеді, ал қыздың оған ықыласы жоқ. Ол үшін өмірдің мәні – мәңгілік ұйқыСодан да ол жігіттің бойынан өліктің иісін ғана сезеді. Бірақ бойжеткен шарап ішкенде оның бұған дейінгі қатқыл қалпы жұмсарып сала береді. Қысқа ғана шығармадан біз әйел жанының нәзік иірімдерін тани түсеміз. Алайда, шығарма толық аяқталмай қалғандай әсер қалдырады. Шығарманың шешімін автор оқырманның өзіне қалдырған сияқты. Жазушы мұндай қадамға әдейі барған болуы да мүмкін. Туындының тақырыбына қарап-ақ осылай пайымдауға болады. Жазушы әдетте көркем шығарманың бізге үйреншікті композициялық құрылымын емес, мүлде өзге сипаттағы, белгілі бір жүйесі сақталмаған композициялық құрылымды қолданады. Осылайша, абстракция, дерексіздік пен белгісіздік арқылы ақиқат болмысты шынайы танытуға болады деп есептейтін модернист жазушылардың машық-мәнерін пайдаланған деп топшылаймыз. Себебі, олар үшін мына өмір – мән-мағынасынан айырылған кеңістік. Сондықтан да, кейіпкер үшін өмірдің онтологиялық һәм аксиологиялық салмағы жоққа тән. 

«Абстракция» әңгімесіне қарағанда жазушының «Жүрекке оралу» деп аталатын әңгімесі өзінің көркемдік қуатының молдығымен ерекшеленеді. Әңгіме үш түрлі этюд түрінде беріледі. Біріншісінде қыздың Санат атты жігітпен әңгімесіне, екіншісінде сыған әйелмен диалогтарына, үшіншісінде Тоғжан деген құрбысымен болған әңгімеге куә боламыз. Үш үзік те ретімен беріледі және бас кейіпкердің бейнесін толықтыра түседі. Мұндағы Санат та, сыған әйел де, Тоғжан да бас кейіпкердің тұлғасын танытуға қызмет етіп тұр. Дегенмен, аталмыш үш үзік бір-бірімен тығыз байланысып тұр деп айту қиын. Өзгермейтін бір нәрсе болса, ол – бас кейіпкердің қиялындағы жігітке деген махаббаты. Яғни, ол отбасы бар жігітке бес жылдан бері ғашық. Алайда онымен бірде-бір рет кездеспеген, өмірде көрген адамы емес. Бірақ ол жігіттің өз «қиялындағы үйшіктен шыққанын қаламайды»Санасының түкпіріне жасырған сол адамды ғана ойлайды. Қиялындағы қақпаннан құтқаруға тырысқан Санаттың: «Қиялмен өмір сүру адамды Құдайдан алыстатады», – деген сөзіне құлақ аспайды. Себебі, кейіпкер үшін қиялының жемісі саналатын ғашығынан айырылып қалудан қорқынышты дүние жоқ. Тіпті оның өз уәжі де бар: «Біреуді ұнату, жақсы көру, сүю – ол қылмыс емес». Тіпті қиялындағы жігіттің екінші әйелі болып тұрмысқа шығуға да қарсы емес екенін Санатпен, Тоғжанмен болған диалогтардан көреміз. Біз бұдан жазушының постмодернистік поэтиканың ең негізгі көркемдік тәсілдерінің бірі саналатын симулякрды пайдаланғанына көз жеткіземіз. Асылында, сымбатты жігіт – өмірде жоқ адам. Ол тек бас кейіпкердің санасында ғана өмір сүреді, оны бар етіп тұрған да бас кейіпкердің қиялы ғана. Осылайша, жазушы адам психологиясының бір құпиясын шығармасында көрсете білген деп есептейміз. «Өмірде мақсатына жеткен кезде жеңісінің баянсыз екенін түсінеді. Құдайға деген махаббат қана мәңгілік», – дейді бас кейіпкерАсылы, жазушының айтпақ ойы да осы соңғы сөйлемнің астарына жасырылған деп ойлаймыз.

А.Мантайдың алғашқы әңгімелері мен соңғы әңгімелерінің арасында айтарлықтай айырмашылық бар. Мысалы, «Жаңбырлы көктем» мен «Жүрекке оралу» әңгімелерін алайық. Бірі – жас жазушының балалық шағын танытса, екіншісі қай тұрғыдан да толысқан тұлғаның ой-санасындағы күрделі өзгерістердің көркем суреті тәрізді. Екі шығармадағы уақыт пен кеңістік, баяндау жүйесі, кейіпкерлер әлемі, композициялық құрылымы, ең әрісі, айтар ойы мен көтерген мәселесіне дейін өзгеше сипатта көрінеді. Бірі – дәстүрлі әдебиеттің, бірі постмодернистік әдебиеттің эстетикалық өлшемдерімен жазылған. Осы екі әңгіменің арасында тұрған жиырмаға жуық көркем туынды жазушының өсу жолын көрсетіп тұр. «Жаңбырлы көктем» мен «Жүрекке оралу» – А.Мантайдың шығармашылық тағдырының екі ұшы іспетті. Жазушы «өлмейтұғын сөз қалдырды». Себебі, ол саяси-идеологиялық таптаурындардан ада, мәңгілік мұраттарды арқау еткен өміршең туындыларды жазып қалдырып кетті... 

Нұрбол ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер

институтының ғылыми қызметкері


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар