Оралу
Ұлытау облысы Сәтбаев қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен рухты публицист, жазушы М.Иманжанов пен Б.Бұлқышевтің 110 жылдығына арналған «Заман біздікі» республикалық проза байқауы жарияланғаны белгілі. «Әдебиет порталы» аталған байқауға платформа ретінде ақпараттық қолдау көрсетуде. Байқауға келіп түскен шығармалар бүркеншік атпен жарияланып отыр. Оқырмандар порталымыздың әлеуметтік желілердегі парақтарында шығарма авторына емес, жазған шығармасына пікір білдіріп отырса деген өтініш бар.
Қарағандының күзі өзгеше еді. Бұл жақтың аспаны биік болмайтын. Сұрғылт бұлттар жерге жақындап, көмір иісімен араласып кеткендей көрінетін. Таңертеңгі салқын ауада алып мұржалардан шыққан ақ бу баяу көтеріліп, қала үстіне үнсіз жайылатын. Ұшақ әуежайға қонғанда, Данияр терезеден ұзақ қарап отырды.
Он бес жыл. Осы уақыттың ішінде ол Қазақстанға бірнеше рет келген. Бірақ Қарағандыға ат ізін салмаған екен. Көлік әуежайдан шыққанда таныс та, бейтаныс та көшелер бірінен соң бірі сырғып өтіп жатты. Жаңадан салынған жолдар, биік үйлер, алыстан қарауытып көрінетін өндіріс орындарының мұржалары...
— Қала өзгеріпті, - деді ол қасында отырған шетелдік әріптесіне емес, өзіне.
Жүргізуші жымиып қойды.
— Өзгермеген жер жоқ қой, аға.
Данияр үн қатпады. Кейде өзгермейтін жалғыз нәрсе — адамның ішінде қалып қоятын уақыт екенін ол жақсы білетін.
Халықаралық тау-кен инженерлері форумына әлемнің әр түкпірінен мамандар жиналған екен. Ағылшын, неміс, жапон, корей тілдері араласып, үлкен залда бір сәтке дүниенің төрт бұрышы түйіскендей әсер қалдырды. Данияр Лондондағы компанияның техникалық директоры ретінде шақырылған. Тіркеуден өтіп жатқанда мойнына ілінген бейджге көзі түсті. Dr. Daniyar Tursyn. United Kingdom.
Осы жазуға өзі де үйреніп кеткен. Бірақ белгісіз бір себеппен дәл бүгін бұл атақ та, қызмет те көңіліне жеңіл көрінді.
Форум барысында жүргізуші келесі баяндамашыны таныстыра бастады.
— Қазақстанның тау-кен өндірісін цифрландыру жобасының жетекшісі, техникалық ғылымдар магистрі, «Қазақмыс» корпорациясының бас инженері...
Данияр ноутбугінен басын көтермеді.
— ...Айбар Сейітов.
Данияр жылы жүзбен басын көтерді. Залдың алдыңғы қатарына қарай баяу басып келе жатқан адамға ұзақ қарады. Самайына аздап ақ түскен. Иығы бұрынғыдан кең. Жүрісі баяу. Бірақ жүзіндегі сабыр өзгермепті. Сол Айбар... Англиядағы жатақхананың тар бөлмесінде бірге тұрған. ...Емтихан алдында таң атқанша есеп шығарған... Темзаның жағасында отырып, болашақ туралы таласқан Айбар...
Соңғы рет бетпе-бет кездескендеріне тура он бес жыл болған екен. Арадағы қашықтық кейде адамға ең жақын болған жанның өмірінен де алшақтатады. Бірақ соның өзінде әлдебір таныс есім жүректің бір түкпірінде сақталып қалады екен.
Айбар мінберге көтерілді. Зал тына қалды.
— Қайырлы күн, әріптестер...
Дауысы да өзгермепті. Тек баяулапты. Салмақ қосылыпты. Данияр баяндаманы емес, уақытты тыңдап отырғандай күй кешті.
Форумның ресми сәті аяқталып аяқталған соң жұрт сыртқа ағылды. Кофе үстіндегі қысқа әңгімелер басталды. Бір кезде қарсы алдынан таныс дауыс естілді.
— Данияр... Ол жалт бұрылды. Айбар күлімсіреп тұр екен. Екеуі бірнеше секунд үнсіз қарап қалды. Сосын құшақтасты. Құдды он бес жыл бір сәттің ішінде жоқ болып кеткендей.
— Өзгермепсің.
— Сен ғана өзгеріпсің, - деді Данияр күліп.
— Қартайып кетіппін бе?
— Жоқ. Есейіп кетіпсің.
Айбар күліп жіберді. Сол баяғы күлкі. Асықпайтын. Даңғаза емес. Іштен шығатын жылы күлкі. Бір сәт үнсіздік орнады.
— Англия қалай? - деп сұрады Айбар.
— Жақсы.
— Үйреніп кеттің бе?
Данияр жауап бермеді. Айбар да сұрағын қайталамады. Екеуі терезенің алдына келді. Төменде ауысымнан шыққан жұмысшылар автобусқа мініп жатыр екен. Қара киім. Шаң басқан каскалар. Шаршаған жүздер. Айбар соларға ұзақ қарап тұрды. Данияр оның нені көріп тұрғанын түсінбеді.
— Саған бір жерді көрсеткім келеді, - деді Айбар.
— Қайда?
— Біз алғаш жұмыс бастаған шахтаға.
Данияр үнсіз бас изеді. Сол сәтте көмір иісі мұрнына келгендей болды. Жадында көмескі тарта бастаған бір әлем қайта тірілгендей. Жол бойы екеуі көп сөйлеспеді. Көліктің терезесінен сыртқа қарап отырған Даниярдың ойы әлдеқашан он тоғыз жасына, Ұлытаудағы шағын ауылдан шыққан қара торы жігітпен алғаш кездескен күнге қарай кетіп бара жатқан еді.
Форумның алғашқы күні аяқталған соң Даниярды жергілікті телеарна мен бірнеше республикалық басылымның тілшілері қоршап алды.
— Данияр мырза, әлемнің жетекші тау-кен компанияларының бірінде техникалық директорсыз. Ұлыбританияда ұзақ жылдан бері еңбек етіп келесіз. Қазақстанға келген сайын жастарға не айтасыз? Данияр бір сәт ойланды. Көз қиығымен дәліздің арғы жағында әріптестерімен сөйлесіп тұрған Айбарға қарады. Сосын баяу ғана жауап берді:
— Англияда жүрген жылдары мен әлемнің ең мықты инженерлерімен бірге жұмыс істедім. Олардан технологияны, жүйені, тәртіпті үйрендім. Бірақ табандылықтың не екенін Ұлытаудан келген бөлмелесімнен үйрендім. Ол ешқашан өзіне жеңіл жол іздеген жоқ. Сондықтан бүгін оның Қазақстан өндірісін жаңғыртып жүргенін көріп кеудемді мақтаныш кернеп тұр
Журналист:
— Бұл сөзіңізді «Болашақ» бағдарламасының түлектеріне үндеу деп түсінсек бола ма?
Данияр жымиып:
— Егер үндеу болатын болса, ол өте қарапайым. «Болашақ» сенің қай елде оқығаныңмен аяқталмайды. Ол сенің алған біліміңді қай елдің игілігіне жұмсағаныңнан басталады.
Осы сөз ертеңіне республикалық газеттер мен ақпараттық сайттардың тақырыбына айналды. Даниярдың бұл пікірі әлеуметтік желілерде де кең тарады. Бірі қолдады, бірі пікір таластырды. Бірақ көпшілік оның сөзінен бір адамның емес, бір буынның жауапкершілігін сезінді. Ал сол кезде Даниярдың өзі бұл сөзді ешқандай ұран үшін айтқан емес. Ол жай ғана қарсы алдында тұрған Айбарға қарап, жүрегіндегі шындықты айтқан болатын.
Ауылдан ұшқан арман
Айбар дүниеге келген Ұлытау ауылы картадағы кішкентай ғана нүкте еді. Көктемде лайсаңнан жолы жабылып, күзде желі күшейсе, электр жарығы өшіп қалатын. Автобус аптасына екі-ақ рет қатынайтын. Ал қыс түссе, ауылдың үстінен бораған ақ түтек дүниенің бәрін жұтып қойғандай көрінетін. Бірақ Айбар үшін жер бетінде одан артық мекен жоқ еді. Таң ата салысымен әкесі тракторын оталдыратын, оның гүрілі бүкіл ауылды оятатын.
— Тұр, балам, - дейтін әкесі. — Жер ұйықтап жатқанда еңбекші ояу болуы керек.
Айбар бұл сөздің мағынасын бала кезінде түсінбейтін. Бірақ әкесінің әр күні таң қараңғысымен басталып, түн қараңғысымен аяқталатынын көріп өсті. Әкесінің қолы үнемі топырақпен араласып сіңген қара майдан қап-қара болып тұратын. Кешкісін үйге шаршап келгенде, сөйлеуге де мұршасы келмей үнсіз ғана дастарқан басына отыратын. Айбар оның шаршаған жүзін көретін де, ештеңе сұрамайтын. Әкесі де көп сөйлемейтін. Бірақ оның әр күні бір нәрсені айтып тұратын. Еңбек етсең — жер сенікі.
Анасы ауыл кітапханасында жұмыс істейтін. Кітапхана деген аты ғана. Ескі клубтың бір бұрышындағы екі бөлме. Сөрелерінде сарғайған кітаптар. Терезеден түсетін күн сәулесі. Ескі кітаптың өзіне ғана тән иісі. Айбардың балалығы сол иістің арасында өтті. Анасы кейде кітаптарды шаңнан сүртіп отырып:
— Кітап деген — жол, балам, - дейтін.
— Қайда апаратын?
— Өзің іздеген жерге.
Сонда Айбар кітаптың ішінде шынымен жол болады деп ойлайтын. Ол жолдың қайда апаратынын әлі білмейтін. Бірақ бір күні кітаптардың арасынан тапқан суреттер мен карталар оның ауылдан әлдеқайда үлкен дүниенің бар екенін сездіре бастады. Жетінші сыныпта оқып жүргенде ауданнан келген мұғалім мектепке әлем картасын әкелді. Көк түсті үлкен карта. Балалар оны алғаш көргенде шулап кетті. Мұғалім таяқшамен елдерді көрсетіп тұрды:
— Мынау — Америка.
— Мынау — Германия.
— Мынау — Англия.
Айбар орнынан тұрып, картаға жақындай түсті. Теңіздің ар жағындағы кішкентай ғана аралға ұзақ қарады.
— Сонда осында адамдар тұра ма?
Балалар күліп жіберді. Мұғалім де жымиды.
— Иә. Миллиондаған адам тұрады.
Айбар картаны ұзақ қарап тұрды. Сол күні кешке үйіне келген соң анасынан:
— Апа, Англия бізден алыс па? - деп сұрады.
Анасы үнсіз қабырғадағы ескі атласты алып шықты. Бірнеше бетін ақтарып барып, кішкентай аралды көрсетті.
— Алыс екен...
— Алыс.
— Сонда оған жетуге бола ма?
Анасы баласының жүзіне қарап күлді.
— Адамның аяғы жетпейтін жер болмайды. Кейде ниеті жетпей қалады.
Сол түні Айбар ұзақ ұйықтай алмады. Ол алғаш рет дүниенің өзінің ауылынан әлдеқайда үлкен екенін сезінді.
Мектептің физика пәнінің мұғалімі Серік ағайдың бір әдеті бар еді. Сабақ біткен соң асықпайтын балаларды алып қалып, түрлі тәжірибелер көрсететін. Бір күні ескі электр қозғалтқышын бөлшектеп отырды.
— Келші, Айбар.
Ол жанына жақындады. Серік ағай қозғалтқыштың ішін көрсетті.
— Мынаны көріп тұрсың ба?
— Иә.
— Темірдің жаны жоқ.
— Иә.
— Бірақ адамның ақылы кірсе, темір де жұмыс істейді.
Айбар үнсіз тыңдап отырды. Серік ағай қозғалтқышты қайта жинап шықты. Қуат көзіне жалғағанда, ескі мотор ызыңдап айнала жөнелді. Сол дыбыс Айбардың құлағында ұзақ сақталды. Сол күні үйіне қайтып бара жатып, ол ауыл сыртындағы электр бағандарына ұзақ қарап тұрды. Аспанмен таласқан сымдар бір жақтан келіп, бір жаққа кетіп бара жатты. «Әлем де осылай байланысып жатқан шығар...» деп ойлады алғаш рет.
2005 жылдың күзі. Мектепке облыстан комиссия келді. Жиналыста бір әйел сөз сөйледі.
— Балалар, «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша әлемнің үздік университеттерінде білім алуға мүмкіндік бар....
Залда сыбыр көбейді. «Кім Англияға барамын дейді?», «Англия қайда, біз қайда?», артқы жақтан біреу күліп: « Бізді кім жібереді?!», тағы біреулер қосыла күлді. Айбар күлген жоқ. Ол жай ғана терезеге қарады. Терезенің сыртында күздің желі сарғайған жапырақтарды мектеп ауласына айдап жүр еді. Сол сәтте оның ойына анасының баяғы сөзі оралды:
«Кейде адамның аяғы емес, ниеті жетпей қалады...»
Айбар ішінен ғана: «Мен барамын», - деді. Дауыстап айтқан жоқ. Өйткені кейбір армандарды алдымен өзің ғана естуің керек.
Сол түні әкесі кеш келді. Үсті-басы дизельдің иісі. Қолдары жарылып кеткен. Шай үстінде Айбар біраз үнсіз отырды да:
— Әке... Мен Англияда оқығым келеді, - деді.
Әкесі үнсіз шайын ішіп отырды. Ұзақ үнсіздіктен кейін ғана:
— Ол жақ алыс қой.
— Білемін.
— Қорықпайсың ба?
Айбар ойланып қалды.
— Қорқамын.
Әкесі баласына қарады.
— Онда неге барасың?
Айбар алғаш рет өз сұрағына өзі жауап бергендей болды.
— Өйткені кейін қайтып келемін.
Әкесі басын көтеріп, баласына ұзақ қарады. Сол кеште ешқандай ақыл айтқан жоқ. Тек орнынан тұрып, баласының иығына қолын қойды.
— Ендеше қайтатын жолыңды ешқашан ұмытпа!
Бұл сөздердің мәнін Айбар көп жылдан кейін ғана түсінді.
Жаңбырлы қала
Ұшақ бұлттың арасынан баяу төмендей бастады. Терезеден қараған Айбар алғаш рет теңізді көрді. Көк емес. Сұр. Аспанмен араласып кеткен бір шексіздік.
— Ladies and gentlemen... Welcome to London...
Бейтаныс дауыс бірнеше тілде қайталанды. Айбар ештеңе түсінбеді. Тек соңғы екі сөзді ғана ұқты.
London. Welcome.
Көңілі біртүрлі болып кетті. Адам кейде арманы орындалғанда емес, арманының ішіне кіргенде қорқатынын сол сәтте сезінді. Әуежайдың есігінен шыққанда ұсақ жаңбыр себелеп тұр екен. Жаңбырдың өзі де басқа. Ауылдағыдай сатыр-сұтыр жаумайды. Жай ғана үнсіз жауады. Қаланы жуып емес, сипап тұрғандай. Айбар алақанын тосып еді. Суық тамшылар саусақтарының ұшына қонды. «Демек, Англияның жаңбыры да адамға алдымен амандасады екен...» деп ойлады ішінен.
Университет жатақханасына жеткенше ешкіммен сөйлескен жоқ. Көліктің терезесінен көз алмай қарады. Қатар-қатар қызыл кірпіш үйлер. Екі қабатты автобустар. Велосипед мінген адамдар. Бәрі асығып барады. Бірақ ешкім жүгірмейді. Қызық. Осынша асығыс қалада ешкімнің жүзінен абыржу байқалмайды.
— Room 418.
Қолына кілт ұстатқан әйел күлімсіреп бірдеңелер айтты. Айбар тағы да жартысын ғана түсінді. Күлімсіреудің аудармасы болмайтынын сонда білді. Есікті ақырын ашты. Бөлме іші тап-таза. Терезе алдында бір жігіт ноутбукке үңіліп отыр екен. Есіктің сықырын естіп, бұрылды. Екеуі бір-біріне үнсіз қарап қалды.
— Қазақсың ба? - деді әлгі жігіт. Айбардың жүзі бірден жадырап сала берді.
— Иә.
— Уһ... Жігіт орнынан тұрып, күліп жіберді.
— Ақыры қазақ келді-ау!
Екеуі қол алысты.
— Мен Даниярмын.
— Айбар.
— Қай жақтан?
— Ұлытау.
— А-а...
Данияр ойланып қалды.
— Жезқазған жақ па?
Айбар жымиды.
— Иә.
— Мен Астанаданмын.
— Білем.
— Қайдан?
— Теледидардан.
Екеуі күліп жіберді. Сол күлкі екеуінің арасындағы алғашқы бөтендікті алып кетті. Кешке қарай Данияр асханаға ертіп барды. Айбар мәзірге ұзақ қарап тұрды. Әріптердің бәрі таныс сияқты. Бірақ сөздердің ешқайсысы таныс емес. Данияр мәзірді қолынан алып:
— Сен бүгін маған сенсеңші.
— Неге?
— Әйтпесе десерттің орнына сорпа ішіп кетуің мүмкін.
Айбар тағы күлді. Сол күннен бастап жатақхананың тар бөлмесі екеуінің ортақ әлеміне айналды. Бірақ алғашқы күндер Айбар үшін оңай болған жоқ. Дәрісте профессор сөйлейді. Тақтаға формула жазады. Студенттер бір-бірімен әзілдеседі. Айбар формуланы түсінеді. Әзілді түсінбейді. Кейде сабақтан шыққан соң жатақханаға дейін ешкіммен сөйлеспей қайтатын. Бір күні кешке ол дәптерін жауып қойды.
— Болмайды...
Данияр кітаптан басын көтерді.
— Не болды?
— Мен мұнда қателесіп келген шығармын.
— Неге?
— Бәрі менен озық. Аудиторияда менің ғана білімім әлсіз.
— Жоқ.
— Жоға, көріп тұрсың ғой, кейде біліп тұрған формуламды айта алмаймын, ағылшыным жетпейді.
— Жетеді.
— Жетпейді.
Данияр үнсіз орнынан тұрды да, терезені ашты. Сыртта жаңбыр жауып тұр екен.
— Ана ағашты көріп тұрсың ба?
— Иә.
— Былтыр күзде жапырағы жоқ болатын.
Айбар түсінбей қарады.
— Биыл ше?
— Қайтадан көгерген.
Айбар үнсіз қалды.
— Ендеше сен де көгересің.
Айбар жымия алмады. Данияр қайтадан орнына отырып:
— Бәріміз бір кезде бірінші курс болғанбыз, досым, — деді.
Сәл ойланып:
— Ал сен бізден ұзақ жол жүріп келдің. Сондықтан өзіңе уақыт бер.
Сол түні Айбар ұйықтай алмады. Жаңбыр терезені баяу тарсылдатып тұрды. Ол әкесінің қолын есіне алды. Жарылған алақан. Анасының кітаптарын есіне алды. Ескі кітапхананың иісі. Серік ағайдың: «Темірдің жаны жоқ. Адамның ақылы кірсе ғана қозғалады...» деген сөзі есіне түсті. Айбар орнынан тұрды. Үстел шамын жақты. Дәптерін қайта ашты. Таң атқанша оқыды.
Темзаның жағасында
Күз Лондонға білдірмей келетін. Айбар оны ағаштардың жапырағынан емес, адамдардың жүрісінен байқайтын. Жазда саябақта асықпай жүретін жұрт күз түсе қолдарын қалталарына салып, иықтарын сәл еңкейтіп алатын. Қала бұрынғыдай жарқырап тұрса да, адамдардың жүзінен сағыныштың жұқа көлеңкесі өтетіндей.
Бір күні кешкі сабақтан кейін Данияр:
— Жүр, қалаға шығайық, - деді. Екеуі метромен өзен жағасына келді.
Темза... Айбар бұл өзен туралы талай кітаптан оқыған. Көз алдына келгенде, ол өзеннен бұрын уақытқа ұқсап кетті. Су үнсіз ағып жатыр. Көпірлер үнсіз тұр. Ғасырлар бірінің артынан бірі өтіп жатқандай. Екеуі жағалаудағы орындыққа отырды. Ұзақ үнсіздік орнады. Мұндай үнсіздік тек жақын адамдардың арасында болады. Оны сөзбен толтырудың қажеті жоқ. Данияр қағаз стақандағы кофесін бір ұрттап:
— Білесің бе, - деді. — Кейде осы қаланы тастап кеткім келмейді.
Айбар өзенге қарап отырды.
— Неге?
— Мұнда бәрі бар.
— Не бар?
— Мүмкіндік.
Данияр сәл ойланып барып қосты:
— Әлемнің ең мықты университеттері. Озық технология. Үлкен компаниялар. Адам өзін дамытатын орта.
Айбар жымиып қойды.
— Адам өзін өсіретін ортаны өзі де жасай алады.
Данияр күліп жіберді.
— Сен әлі де идеалист екенсің.
— Бәлкім.
— Жоқ, рас. Сен ауылдан шыққан күні-ақ әлемді өзгертемін деп келген сияқтысың.
Айбар басын шайқады.
— Жоқ.
— Онда не үшін келдің?
Айбар бірден жауап бермеді. Өзеннің арғы бетінде шамдар бірінен соң бірі жана бастады. Судағы жарық дірілдеп тұр.
— Бала күнімде біздің ауылда жарық жиі өшетін, - деді ол ақырын. Данияр үнсіз тыңдап отырды.
— Сонда әкем трактордың аккумуляторын үйге әкеліп қоятын. Шам жағып, мен сабақ оқитынмын. Бір күні одан: «Неге әкеліп жүрсіз?» - деп сұрадым.
Айбардың жүзінде әлсіз күлкі пайда болды.
— «Сенің сабағың үзілмесін деп», - деді. Бір сәт үнсіз қалды.
— Сол кезде түсінбеппін. Қазір түсінемін.
Данияр кофесін алақанына қыса түсті.
— Әкең жақсы адам екен.
— Иә.
— Бірақ соның бәрі үшін өз өміріңді құрбан етуге болмайды ғой.
Айбар оған бұрылып қарады.
— Құрбан ету?
— Иә. Қарашы... Екеуміз оқуымызды бітіреміз. Бізге мұнда жұмыс береді. Айлығымыз жоғары болады. Ғылыммен айналысамыз. Неге соның бәрінен бас тартуымыз керек?
Айбар біраз үнсіз отырды.
— Сен бас тартқың келмей ме?
— Жоқ.
— Мен де.
Данияр аң-таң болып қарады.
— Сонда?
Айбар баяу ғана:
— Мен ештеңеден бас тартпаймын. Мен тек өз орныма қайтамын.
Жел көтерілді. Темзаның бетінде ұсақ толқындар пайда болды. Данияр басын шайқады.
— Сен бәрібір түсіндірмедің.
Айбар біраз отырды да, кенет:
— Сен бала кезіңде ең алғаш велосипед тепкен күнің есіңде ме? - деп сұрады.
— Әрине.
— Құлағансың ба?
— Бірнеше рет.
— Сонда әкең ұстап тұрды ма?
— Иә.
— Бір күні қолын жіберді ме?
— Иә.
— Бірақ сен оны байқамадың ғой?
Данияр күліп жіберді.
— Иә.
— Неге?
— Өйткені өзім кетіп бара жаттым.
Айбар өзенге қайта қарады.
— Кейде адамды біреу ұстап тұруы керек. Бірақ бір күні өзі жүруі керек.
Данияр ойланып қалды. Айбар сөзін жалғады:
— Менің елім де сондай. Бізге сырттан дайын жол іздеудің қажеті жоқ. Өз жолымызды өзіміз салуымыз керек.
Данияр оған ұзақ қарады.
— Бір адамның қалағанынан не өзгереді?
— Бір адамның кеткенінен де көп нәрсе өзгереді.
Бұл жолы Данияр жауап бермеді. Жатақханаға қайтып келе жатқанда екеуі көп сөйлеспеді. Тек метро стансасынан шығарда Данияр:
— Айбар.
— Иә?
— Егер бір күні сенің ойың өзгерсе...
— Иә?
— Маған айт. Біз бір компанияда жұмыс істейміз.
Айбар оның иығына қолын қойды. — Егер бір күні сенің ойың өзгерсе...
— Иә, саған міндетті түрде айтамын.
Екеуі күліп жіберді.
Келесі көктемде олар диплом жұмыстарын қорғады. Сол күні университеттің бас ғимаратының алдында суретке түсті. Екі қазақ. Бір диплом. Бір бөлмеден басталған екі жол. Суретте екеуі де бір жаққа қарап тұрды. Тек кейін өмір олардың көзқарасын ғана емес, жолын да екі айырды.
Қарағандының қара алтыны
Ұшақ Қазақстанға қонғанда, Айбар терезеден ұзақ қарады. Бұл жолы ол бала кезіндегі арманына емес, өзінің өткеніне қарап келе жатқандай еді. Төрт жыл бұрын осы елден кетіп бара жатқанда жүрегінде мың сұрақ болған. Енді қайтып келе жатыр. Қолында диплом. Жанында шетелдік университеттен алған білімі мен алғашқы тәжірибесі бар. Бірақ ең бастысы — өзіне берген бір уәдесі бар. «Қайтатын жолыңды ешқашан ұмытпа».
Әкесінің сөзі құлағында қайта жаңғырды. Қарағанды оларды салқын қабақпен қарсы алды. Лондонның жаңбыры басқа еді. Мұнда желдің өз мінезі бар. Қалаға кіреберістен бастап қарауытып жатқан өндіріс орындары көрінді. Биік мұржалар. Темір жол. Көмір тасып жатқан вагондар. Данияр көліктің терезесінен ұзақ қарап отырды.
— Қала қаталдау екен.
Айбар жымиып:
— Адам сияқты.
— Қалай?
— Сырты қатты болғанымен, іші жылы болуы мүмкін.
Данияр басын шайқады.
— Сен бәрінен мағына табасың.
— Ал сен бәрінен мүмкіндік іздейсің.
Екеуі күліп жіберді. Баяғы әдет. Бірақ енді олар студент емес еді. Енді олар өмірдің өзіне келіп тұрған.
Алғашқы күндері екеуіне де оңай болған жоқ. Университет аудиторияларындағы теория енді өндірістің шынайы өмірімен алмасты. Кітаптағы есептердің орнында нақты шешім күтетін жағдайлар тұрды. Айбар алғашқы күннен-ақ кабинеттен гөрі өндірісті таңдады. Тәжірибелі инженерлердің жанынан қалмайтын. Әр тетіктің не үшін дәл солай жұмыс істейтінін сұрайтын. Жұмысшылардың есімдерін жаттап алды. Ауысым аяқталған соң да асықпай, кеншілермен бірге шай ішіп, олардың әңгімесін тыңдайтын. Өйткені кітап оған жабдықтың құрылысын үйреткенімен, өндірістің шын болмысын адамнан үйренетінін ол ерте түсінді.
Шахтаға алғаш түскен күн ұзақ есінде қалды. Жердің асты мүлдем басқа әлем еді. Жоғарыда адамдар өз мәселелерімен жүрсе, төменде әркімнің әрекеті өзгелердің қауіпсіздігімен байланысып жатты. Сол жерде оны тәжірибелі кенші Қасым аға қарсы алды. Алпысқа жақындаған. Шашы ағарған. Көзінде жылдар жатқан адам. Қасым аға шамын жағып, қараңғылыққа бір сәт үнсіз қарады.
— Мына жер адамды жақсы тәрбиелейді, - деді.
— Қалай?
— Мұнда қателесуге болмайды. Бұл кітап емес, бұл бағаны келесі күні түзетуге болатын университет емес, балам.
Айбар үндемеді. Қасым аға оған бұрылды.
— Қорқып тұрғаныңа қысылма. Қорқыныш кейде адамды сақтыққа үйретеді.
Сосын Айбардың иығынан қақты.
— Қорықпайтын адам қауіпті. Жердің астында батыр емес, жауапты адам керек.
Бұл сөз Айбардың есінде қалды. Данияр да жақсы жұмыс істеді. Ол ақылды әрі білімді еді. Тез үйренді. Басшылық оның қабілетін бірден байқады. Оның ойлау жүйесі өзгеше болатын. Ол өндірісті тек жұмыс орны емес, үлкен экономикалық жүйе ретінде көретін.
Бір күні Данияр Германиядан келген ұсынысты папкадан шығарып, үнсіз Айбардың алдына қойды. Айбар құжатқа көз жүгіртіп:
— Құттықтаймын, - деді.
Данияр күліп жіберді.
— Маған ғана емес. Екеумізге.
Айбар оған қарады: — Екеумізге?
— Иә. Жаңа жоба. Жалақысы да жақсы. Технологиясы мүлде басқа. Кәсіби жағынан өсетін керемет мүмкіндік.
Айбар үнсіз қалды.
— Құжатты толық оқымайсың ба?
— Шешімімді бұрын қабылдап қойғанмын.
— Айбар, тыңдашы, - деді Данияр сәл дауыстап. — Бізге білімімізді шыңдау керек. Жаңа технология көру керек. Бізге мұндай мүмкіндік күнде келе бермейді. Осыншама білімді бір ғана өндірістің ішінде қалдырып қоймайық. Дамиық.
Айбар досына ұзақ қарады да:
— Сен барғың келе ме?
— Иә.
— Онда бар.
Данияр оның жауабына таңғалды.
— Ал сен ше?
Айбар аспанға қарады. Қарағандының үстін қою сұр бұлт басып тұр еді.
— Мен қаламын.
— Неге?
Айбар біраз үнсіз отырды.
— Бір күні әкем маған: «Қайтатын жолыңды ұмытпа», - деген. — Мен сол жолды жоғалтқым келмейді.
Данияр үндемеді. Бөлме ішіне ауыр тыныштық орнады. Данияр досының шешімін түсінуге тырысты. Бірақ түсіну мен келісу — бір нәрсе емес еді.
...Арада бірнеше ай өтті. Қарағандының қысы түсті. Қала ақ қарға оранды. Өндіріс орындарының үстінен шыққан түтін суық аспанға көтеріліп, бірте-бірте сұр бұлтқа сіңіп жатты. Бір күні түнде өндірістен шұғыл хабар келді. Шахтадағы жабдықтың жұмысында ақау шыққан. Телефон шырылдағанда Айбар ұйықтап жатқан. Ол бірден жиналды. Ауыр сәтте Данияр:
— Айбар...
— Иә?
— Қазір бармай-ақ қойсаң қайтеді? Таңертең бірге барармыз.
Айбар оған қарады.
— Таңертеңге дейін күтуге болмайды.
— Бірақ сен күні бойы жұмыс істедің.
Айбар күртесін қолына алды.
— Мен инженермін, Данияр.
Ол күртесін киді.
— Ол жерде менің әріптестерім бар.
Есікті ашып тұрып, бір сәт кідірді.
— Уайымдама. Хабарын айтамын.
Есік жабылды. Данияр бөлмеде жалғыз қалды. Ол терезеге қарады. Сыртта Қарағандының суық түні жатыр еді. Сол сәтте Данияр алғаш рет Айбар екеуінің арасындағы айырмашылық дипломда да, жалақыда да, тіпті таңдаған елінде де емес екенін түсінді.
Жер астындағы жарық
Қарағандының түні ауыр еді. Қар үнсіз жауып тұрды. Қала сыртындағы өндіріс орны алыстан қарағанда бұрынғыдай тыныш көрінетін. Биік мұржалардан көтерілген ақ бу қара аспанға сіңіп, түнгі тыныштықты қоюлата түскендей. Бірақ жердің астында тыныштық жоқ еді. Түнгі сағат екіден өте телефон шырылынан оянып, Айбар шахтаға асығып келе жатты. Көшеде аяз бет қарып тұр. Қарағандының қысқы желі адамды ғана емес, ойын да сергітіп жіберетіндей.
Шахта қақпасының алды адамдарға толы екен. Бірі телефонмен сөйлесіп жүр. Бірі үнсіз тұр. Бірі жерге қадала қарап қалған. Айбар сол сәтте өндірістегі ең ауыр жүк техниканың емес, адам алдындағы жауапкершіліктің салмағы екенін сезінді. Аға диспетчер жағдайды қысқа баяндады.
— Төменгі бөліктегі байланыс үзілді. Жабдықты тексеріп, жағдайды анықтау керек.
Айбар каскасын қолына алды. Дәл сол кезде иығына біреу жай ғана қолын қойды. Қасым аға. Шашына ақ кіргенімен, жанары әлі өткір. Осы шахтада қырық жылға жуық еңбек еткен тәжірибелі маман.
— Түсесің бе? - деді ол.
— Иә.
Қасым аға үнсіз басын изеді.
— Онда бір нәрсені ұмытпа. Батыр болуға тырыспа.
Сәл үнсіздіктен кейін сөзін жалғады: — Жердің астына батыр емес, ақыл керек.
Көтергіш төмен сырғи бастады. Жарық біртіндеп алыстап, жер бетінің дыбыстары өше берді. Темірдің бірқалыпты гуілі ғана естіледі. Сол сәтте Айбардың есіне бала күнінде әкесінің трактор жүргізуді үйреткені түсті. Алғаш рет рөлге отырғанда қатты қорыққан.
Сонда әкесі:
— Темірден қорықпа. Бірақ темірге сеніп кетпе. Оны бәрібір адам басқарады, - деген.
Ол кезде бұл сөздің салмағын түсінбеген. Бүгін түсінді. Жер астында әр шешімнің артында адам жауапкершілігі тұр. Уақыт та мұнда басқаша өтетіндей. Бір минут ұзаққа созылады. Бір шешімнің салмағы бірнеше күнге жететіндей көрінеді. Топ жұмысты асықпай, есеппен жүргізіп жатты. Ешкім артық сөйлемейді. Өйткені мұнда әр сөздің де, әр қадамның да өз салмағы бар.
Айбардың соңын ала жеткен Данияр жер бетінде қалып қойды. Ол шахта ауласының шетінде үнсіз тұрды. Қараңғылыққа жұтылып кеткен көтергішке ұзақ қарады. Жүрегі алғаш рет инженерлік есепке емес, адам тағдырына алаңдап тұрды. Осы сәтте ғана Темзаның жағасында айтқан сөздері есіне түсті. «Мүмкіндік... Өсу... Әлем...» Бір кезде өмірінің басты өлшемі болған осы сөздер дәл қазір оған тым алыстап кеткендей көрінді. Ол Айбардың таңдауын бұрын да түсінуге тырысқан. Бірақ алғаш рет оның таңдауының бағасын сезінгендей болды.
Таңға жуық жұмыс аяқталды. Көтергіш қайта көтерілгенде алғашқы болып Қасым аға шықты. Артынша Айбар көрінді. Шаршаған. Үсті-басы көмір шаңына боялған. Бірақ жүзінде баяғы сабыр. Данияр оған қарай жүрді.
— Жағдай реттелді, - деді Айбар жай ғана. Данияр басын изеді. Айтатын сөз табылмады. Қасым аға каскасын шешіп, Айбардың иығына қолын қойды.
— Бүгін сен инженер екеніңді көрсеттің!
Бір ауыз сөз. Бірақ Айбар үшін оның салмағы алған барлық дипломнан ауыр еді. Жарақат алғандар ауруханаға жеткізіліп, шахта қызметкерлерін тынышталдырғаннан кейін ғана олар демалуға кетті. Бұл шахтадағы ауыр жағдай телеарналар мен интернет пабликтерде түрлі ақпаратпен жазылып жатты. Сұхбат сұраған журналистерден Айбар бас тартты. Өйткені бұл істі ол ерлікке емес, жауапты жұмыс деп қабылдады.
Кешке жұмыстан шыққан соң ауылға телефон шалды. Телефонды анасы көтерді.
— Балам...
— Апа...
— Амансың ба?
Айбар бір сәт үнсіз қалды.
— Аманмын.
Телефонның ар жағында тыныштық орнады. Ана жүрегі бәрін сезіп тұрғанын ол білді.
Біраздан кейін анасы жай ғана:
— Әкең көрсе... Не дер еді?
Айбардың тамағына өксік тығылды. Ұзақ үнсіздік.
— Ештеңе демес еді...
Анасының дауысы дірілдеп шықты.
— Иығыңнан қағар еді...
Айбар көзін жұмды. Бала кезінде әкесінің дәл солай үнсіз арқасынан қағатыны есіне түсті. Кейде адамның бүкіл өмір бойы іздейтіні — бір ауыз мақтау емес, әкесінің үнсіз ризалығы екенін ол сол сәтте анық сезінді.
Сол түні Данияр қонақүйдегі бөлмесінде ұзақ ұйықтай алмады. Компьютер экранында Германиядағы компанияның ұсынысы ашық тұр. Бұрын бұл хат оған жаңа өмірдің есігіндей көрінетін. Бүгін мүлде басқаша еді. Ол жалақысына да, қызметіне де қарамады. Терезеден Қарағандының түнгі шамдары көрініп тұрды. Ол Айбардың таңдауы туралы ойлады. Досы өзіне ұқсап өмір сүруге міндетті емес еді. Бірақ оның таңдауының алдында құрмет сезімі оянды. Данияр экранды жапты. Терезеге қарады. Қарағандының қараңғы аспанының астында өндіріс орындарының жарықтары жылтырап тұрды. Бірақ адам қараңғыда жолын жоғалтпауы үшін кейде бір ғана шам жеткілікті. Данияр сол түні Айбардың қандай шам болғанын алғаш рет түсінді. Бірақ өз арманынан бас тарта алмайтынына анық көзі жетті.
Оралу
Он бес жыл. Адам өмірінде он бес жыл аз уақыт емес. Бір баланың азамат болатын уақыты. Бір әкенің самайына ақ түсетін уақыт. Бір арманның өмірге айналатын уақыты. Осы жылдар ішінде Данияр көп нәрсеге қол жеткізді.
Лондон.
Берлин.
Торонто.
Сингапур. Әлемнің ірі компаниялары. Үлкен жобалар. Мыңдаған шақырымдық сапарлар. Бір әуежайдан екіншісіне жалғасқан өмір. Айбар екеуі алғашқы жылдары анда-санда хабарласып тұрды. Туған күнде құттықтады. Жаңа қызметке тағайындалғанда бір-біріне қысқа хабарлама жіберді. Бірде Айбардың анасының жағдайын сұрады, бірде Данияр жаңа жобасының басталғанын айтты. Сосын хабарламалар сирей бастады. Біреуінің жұмысы көбейді. Екіншісінің жауапкершілігі артты. Уақыт айырмасы, сапарлар, жиналыстар, отбасы, өндіріс... «Кейін сөйлесерміз» деген сөздердің арасынан жылдар өте берді. Бірақ достық жоғалған жоқ. Ол жай ғана үнсіздікке көшті. Кәсіби ортада Даниярдың есімін білмейтін адам аз еді. Ол әлемнің әр түкпірінде жұмыс істеді, талай елдің өндірісін көрді, талай үлкен жобаның басында тұрды. Бірақ кейде қонақүйдің биік қабатындағы бөлмеде жалғыз қалғанда, терезеден бөтен қаланың шамдарына ұзақ қарап отырып, өзіне бір ғана сұрақ қоятын.
«Мен қайда бара жатырмын?» Ол бұл сұрақтың жауабын ұзақ уақыт іздегенін Қарағандыға келгенде ғана түсінді. Форум аяқталған соң Айбар оны шахтаға ертіп барды. Қала сыртындағы жолмен келе жатқан көлікте екеуі ұзақ үндемеді. Бұл үнсіздік бөтен адамдардың емес, бір-бірін сөзсіз түсінетін ескі достардың үнсіздігі еді.
Үнсіздікті Данияр бұзды:
— Білесің бе, мен кейде сенің өміріңе қызығамын.
Айбар оған бұрылып қарады.
— Менің өміріме ме?
— Иә.
— Неге?
Данияр сәл жымиып, терезеден сыртқа көз салды.
— Өйткені сен не үшін өмір сүретініңді ерте түсіндің.
Айбар жауап бермеді. Біраздан кейін:
— Ал сен ше?
Данияр терең дем алды.
— Мен көп нәрсеге жеттім. Кішкене кідірді.
— Бірақ кейде қайда бара жатқанымды түсінбей қалдым.
Айбар оның сөзін бөлмеді. Данияр алғаш рет өзіне дауыстап айтып отырғандай:
— Бәлкім, мен ұзақ уақыт бойы биіктік пен бағытты шатастырып келген шығармын.
Айбар оған қарады. Бірақ ештеңе демеді. Бұл кезде жауап емес, адамның жанында үнсіз отырудың өзі жеткілікті еді.
Шахта маңындағы биік төбеге шыққанда, төменде Қарағандының шамдары бірінен соң бірі жана бастады. Алыстан қарағанда, жер астындағы мыңдаған адамның еңбегі жер бетінде жарық болып тұрғандай көрінді. Данияр ұзақ қарап тұрды.
— Сен осыны күнде көресің бе?
— Күнде.
— Шаршамайсың ба?
Айбар жымиып қойды.
— Шаршаймын.
— Онда барлық адам армандайтын керемет мүмкіндіктерден бас тартып неге қалдың?
Бұл сұрақты Данияр оған он бес жыл бұрын Темзаның жағасында да қойған еді. Бірақ бүгін оның үні басқа болатын. Айбар төмендегі қалаға көз тастады.
— Өйткені бұл жерде менің еңбегімнің жалғасы бар.
Данияр үнсіз басын изеді.
— Бәрін өзгерте алдың ба?
Айбар күліп жіберді.
— Жоқ, әрине
— Онда?
— Бәрін өзгерту міндет емес. Ол төмендегі шамдарға қарады.
— Кейде бір жерді өзің келген кездегіден сәл жақсырақ етудің өзі жеткілікті.
Данияр досына қарады. Темза жағасындағы жас жігіт есіне түсті. Ауылдан келген, бірақ өзіне үлкен әлемді сыйғыза алған Айбар. Сол кезде оның не айтқысы келгенін түсінбеген еді.
Енді түсінді.
Әуежайда қоштасар сәт келгенде, екеуі үнсіз құшақтасты. Бұрынғыдай. Тек бұл жолы ешкім ешкімді өз жолына шақырған жоқ. Данияр ұшаққа мінер алдында кенет тоқтады.
— Айбар.
— Иә?
— Сен Темзаның жағасында бір сөз айтқан едің.
— Қай сөз?
— «Мен ештеңеден бас тартпаймын. Мен тек өз орныма қайтамын», - деген.
Айбар үнсіз күлімсіреді. Данияр біраз тұрды да:
— Мен ол кезде түсінбеппін, - деді. Сәл кідірді.
— Қазір түсінген сияқтымын.
— Нені?
— Адамның өз орнын табуы үшін кейде бүкіл әлемді аралап шығуы керек шығар.
Айбар досының иығынан қақты да шешіле сөйледі:
— Ең бастысы — қай жерде тұрғаның емес, сол жерде не үшін тұрғаның. Досым, сен әлемге біздің елден де талантты ғылым адамдары шыға алатынын дәлелдеп жүрсің. Дәл сенікіндей жол да біз сияқты дамушы мемлекет үшін керек. Сондықтан шетте жүрмін деп өзіңді сөкпе. Сен Қазақстанның бір бөлшегісің! Ойлашы, сен әлемді дамыту үшін Қазақстан атынан еңбектеніп жатырсың.
Екеуі бір-біріне қарап күлімсіреді. Данияр өзін жеңіл сезініп тұрғанын, досының мүмкін туған жерінің алдындағы өзін кінәлау сезімінен арылғандай, көңілінің орныққанын сезінді. Бұл жолы қоштасу бұрынғыдай ауыр болмады. Өйткені екеуі де бір-бірінің жолын енді өзгерткісі келмейтін. Тек бір-бірінің қадірін түсінетін.
...Үйдегі ескі серванттың үстінде Айбардың әкесінің қара-ақ суреті тұр еді. Ол орнынан тұрып, суретті қолына алды. Әкесінің жүзі бұрынғыдай сабырлы. Бұрынғыдай қолдарының қатқылын сезінгендей болды, бірақ Айбар сол қолдардың жылуын аңсайтын.
«Қайтатын жолыңды ешқашан ұмытпа». Ол әкесінің сөзін енді басқаша түсінді.
Қайту деген — өткенге оралу емес екен.
Қайту — өзіңнің кім екеніңді жоғалтпау екен.
Сыртта кеш батып бара жатты. Ауысымнан қайтқан жұмысшылар мінген автобус көшеден баяу өтіп барады. Қарағандының шамдары бірінен соң бірі жанып жатты. Айбар терезе алдында ұзақ тұрды. Осы қалада оның жастығы өтті. Алғашқы еңбек жолы. Әкесінің аманаты. Анасының үміті. Даниярмен достығы. Ең бастысы — өз таңдауы қалды.
Данияр досы туралы ойланды. Оның ашқан ғылыми жаңалықтарын ойлады. Ойы бала кезіне ауысты. Бала кезінде туған жеріне картадан ұзақ үңілетін. Кейін одан алыстап, әлемнің талай елін аралады. Бірақ қанша жер көрсе де, адамның кейде бір ғана жерге қайта-қайта оймен оралатынын түсінді. Бұған Данияр досы арқылы тағы бір көз жеткізгендей. Себебі туған жер — сенің өткенің ғана емес. Ол сенің жауапкершілігің. Сенің еңбегің. Сенің қайтып келетін жолың. Айбар әкесінің суретін орнына қойды. Сырттағы шамдарға тағы бір қарады. Қарағандының аспаны бұрынғыдай сұр еді. Бірақ оған енді ол сұр көрінбейтін. Өйткені осы аспанның астында оның еңбегі, оның таңдауы, оның өмірі бар еді. Ал адам өз өмірінің мәнін тапқан жерде ғана өзін бөтен сезінбейді.
Оралу — кері қайту емес.
Оралу — өз орныңды табу.
Лақап аты: Мұғалім
