Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Прозалық поэзиямызды «әдеби реформацияға» ұластырғ...

18.10.2019 4434

Прозалық поэзиямызды «әдеби реформацияға» ұластырған дарабоз 12+

Прозалық поэзиямызды «әдеби реформацияға» ұластырған дарабоз - adebiportal.kz

(Бауыржан Қарағызұлының "Әдебиет порталына" жарияланған өлеңдері хақында)

Әдеби үдеріс дегеніміз – белгілі бір дәуірдегі ұлт, ел, аймақ әм жаһандық ауқымындағы әдебиеттегі құбылмалы да, қопармалы әм томағатұйықтағы тарихи-шығармашылық келбеттің түрлі тұрпаттағы болмыс-бітімі.

Әр тарихи дәуірдің өз әдеби сұрқылтайы бар. Ол – қаламгер орынды қолданса, басына бақ қондыратын, қадіріне жетпесе, шығармашылық абыройын айрандай төгетін жаңашылдық.

Қазіргі қазақ әдебиетінде дәстүрмен бірде ішек-қарындай арласқан, енді бірде ат-тонын ала қашқан жаңа эстетикалық идеялар, көркемдіктің соны өлшемдері бой көрсете бастады. «Осы бой көрсеткен жаңа эстетикалық идеялар, көркемдіктің соны өлшемдер ақындардың іні буынында қалай көрініс тапқан?» - деген әдебиеттанушылық заңды сұрақ туындайды.

Иә, шығармашылық ортада жаңашыл ақын атану үшін өнердің қыл қобызының бұрауын өзгертіп, өзіңше жаңа өрнек сала білу екінің бірінің маңдайына жазыла бермейді. Ал, бұл енді ойқастап әдеби экспермент жасап, поэзияның кіршіксіз ақ көйлегін жағал бояумен өзім білемдікке салып бояп шығу емес. Алаш баласында бұрын-соңды ешкім айтпағанды айтып, қалам ұшына іліктіріп, өзгелерге өз әдеби әміріңді жүргізу.

Осындай әдеби әмір жүргізу бағына Бауыржан Қарағызұлы ие болып отыр. Оған әдебиет мэтрі Тыныш ағамыздың мына сөзі куә: «...Ең бастысы, Бауыржан ақын ой ойлауда өзіндік дара жол тауып, соны барған сайын кеңейту үстінде. Ол жол – ақ өлең (верлибр) мен қара өлең һәм қасиетті қара сөз синтезі түріндегі ерекше стиль. Оның кез келген өлеңінде сол ерекшелік үнемі алабөтен жарқырап, анық көрініп тұрады. Мысалға «Шын. Дық» атты шығармасын алайық. Әрине, ондағы айтылар мәністің «Ауа – мұхит» түсінігі көптеген ақындар санасында да елес берген идея десек, қателесе қоймаспыз. Мәселен, кезінде біз де «Аспан – мұхит, оның түбіндегі адамдардың балық» екенін, «қайтыс кезінде, сол балықтарды Жаратушы өзінің тылсым қармағымен аулап алатыны» сияқты қиялилыққа берілгенбіз. Алайда, олайша ой өрбіту – өлеңнің болмашы бір арзан деталі сияқты болып қана қала береді. Ал, Бауыржанның аталмыш өлеңінде ондай қиялдың поэтикалық ауқымы Тәңірінің Өзіне дейін «жетіп», мәні мен мәнісі һәм маңызы космостық көркем ұғым деңгейіне бір-ақ көтеріледі. Сенбейтіндер оқып көрсін сол Өлеңді.Төрт-ақ шумақпен ақындық рух көзі ғана көре алатын тылсым көріністі бере білу – шеберлік...»

Енді өзіміздің Бауыржан шығармашылығы жайлы көкейдегі ойымызды жайып салайық. Әсілі өлең жазбайтын жанның, ақынға баға бергені асылық сияқты. Өзі өлең жазып, біреуді көкке көтеру – дарындылықтың далаңдаған әпербақандығы болып шығатын шығармашылық фактілерге де жиі кезігеміз. Өзі шайыр бола тұра өзгелерді дарынсыз санайтын ақындар шоғыры да баршылық. Бірақ әдебиеттанушы ретінде әдеби терминдердің жалына жабысып, ақын жанының тереңіне үңілуге болады. Әлемдік деңгейдегі ұқсастық пен еректік туралы ой толғауға әдеби аренадағы ғалымдарымыз көбіне алтын уақытын қимайды. Солай десек те, Тыныштықбек ағасының абыздық алғы сөзімен берілген Бауыржан Қарағызұлының «Әдебиет порталына» жарияланған өлеңдері болмыс-бітім бөлектігімен еректеніп, қазақ әдебиетіне де прозалық поэзияның стильдік айшықтары ене бастағанын айқындады. Бармақ өлшеміндегі қазақ философиялық қара өлең үлгісі "әдеби реформацияға" ұшырағанына көз жеткіздік.

Иә, Бауыржан ақын не жазса да, ұлттық дүниетаным аясына ой мен пікірін тоғыстыра біледі. Оған төмендегі "Сенім" өлеңінің шымыр да, ширақ құрылымдық-концепциясы куә. Бұрынғы қазақ әдебиетіндегі жылт етпе ақындық афоризмдер құлашын кеңге жайып, замана тынысымен "неоқара өлеңдік" форматтағы авторлық кесек концепциялы өлеңге айналған.

«Мемлекет деген – бос елес,

бизнес» – деді, жел маған.

«Құдайдың қолы бос емес,

молдалар сені алдаған.

Жылт болса егер санаңда,

көресің өзің, көкешім.

Алданған кезде адамға,

Құдайға сеніп кетесің...»

...Сенемін ғой.

Екінші "ГАЛСТУК" өлеңі абстрактілі, жасырынбақ логикалы "неоқара өлеңдік" өзгеше тұрпаттағы дүние. Бар-жоғы 6-ақ тармақ.

Түн іші. Жоқ, мүмкін таң алды,

немесе түстегі асынан,

бір адам табылмай қасынан,

бастығы, досынан, қасынан,

қиянат көргенде, сыпырып басынан,

қанша адам асылып өлді екен осыған?!

Бауыржанның ақындық ізденісі өз жемісін беріп отыр. Қазақ әдебиетіне де прозалық поэзияның стильдік айшықтары өзіне ақындар қауымының назарын аудартатын соны құбылыс. Бауыржан осы құбылыстың өз тұстастары арасындағы көш басшысы. Ізденісің әдеби даңқ әкелсін, аударма арқылы әлемге таныл демекпіз, өз стилі мен оң-солын тапқан бауырымызға!!!

Бұл шығармашылық толысқан шақтағы іні буын ақындары тарапынан өзгелерге өз әдеби әміріңді жүргізу үрдісі бір Бауыржан емес, басқада ақын інілеріміз де орын алып жатыр. Олардың кім екенін тарқата жазу бүйірден әдеби сыншылардың килігуінен ада тек әдебиеттанушылардың еншісіндегі дүние.

Әбіл-Серік Әліакбар


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар