Қазаққа тән амандасу әдебі қандай?

Ел тарихында айрықша орын алар алғаш Құрылтай сайлауы өткен күні Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы өз дауысын берген соң, журналистерге арналған брифингте тың пікірімен бөлісті. 

Қазаққа тән амандасу әдебі қандай? - adebiportal.kz

Президент көпшілікке азаматтардың жүріс-тұрысының жаңа мәдениеті мен қоғамдық әдеп қалыптастыру қажеттілігі жайында айтып өтті. Оның ішінде амандасу мәдениетіне ерекше тоқталды. Мемлекет басшысы қазаққа тән ұстамдылық пен өзара ілтипатты сақтау бүгінгі қоғамда аса маңызды екенін жеткізді. Оның бұл пікірі ел аузында қызу талқылануда. Осы турасында зиялы қауым өкілдері өз көзқарасын білдірген еді.

Мереке Құлкенов жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы:

Құрылтай сайлауы кезінде Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы журналистер қойған сауалға жауап беру барысында, қазақтың амандасу салты жайлы өте орынды айтып өтті. Қазақ ешқашан бір-бірімен күнделікті сүйісіп, құшақтасып амандаспаған. Ер мен ер қол алысып, «Ассаламуалейкум» десе, қыз балалар, келіндер алыстан ғана ізетпен сәлемін салып, амандық сұрасқан. Жасы үлкен жанмен амандасқанда, жастар басын иіп, қолын кеуде тұсына қойып сәлем берген. Бұл біздің атадан қалған дәстүріміз. Қазіргі күні үлкен де, кіші де, жас та кәрі де, ер бала да, қыз бала да бәрі құшақтасып, бетінен сүйіп амандасып жатады. Тіпті ыңғайсыз. Президентіміз осы мәселені дәл уақытында айтып, дер кезінде көтеріп отыр. Біз өзіміздің бабадан қалған сәлем беру, амандасу деген дәстүрімізді қайтадан жаңғыртуымыз қажет. Қазақта әдетте, құшақтасып қол алысу – алыс сапардан оралған кезде ғана орын алған. Туған еліне, топырағына қайта оралып, ағайынмен жылдап көріспеген соң, сағынышын басу мақсатында құшақтасып, ет жақын адамдарын бауырына қысып амандасқан. Бұл бөлек дүние. Ол - ұзақ уақыт көріспегеннен кейінгі амандасу. Ал күнделікті сәлемдесу қазақ үшін «Ассаламуалейкум» деген бір ауыз жылы сөзде жатыр. Қазаққа қатысы жоқ сүйісіп амандасу мәдениетін бойымызға сіңіруді тоқтату керек. Қасым-Жомарт Кемелұлының нағыз қазаққа ғана тән амандық сұрасу жайлы көтерген өзекті тақырыбы жайында мен де ұзақ ойландым. Өте орынды әрі уақытында қозғалған мәселе деп білем.

Ғалым Қалибекұлы ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары:

Кешегі Құрылтай сайлауы өте табысты өтті деп санаймын. Көпшілік сайлауға белсенді қатысты. Ал осы Құрылтай сайлауында Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев дауыс беруге барған кезде тосын бір ойын айтты. Ол қазақтың сәлем беру жөн-жоралғысы жайында. Бұл негізінде бәріміздің көкейімізде жүрген дүние еді. Қазіргі еркекпен еркек, әйелмен әйел беттерінен сүйіп, сүйісіп амандасулары өте ерсі. Дұрыс дүние емес. Ежелден ата-бабамыздан келе жатқан сәлемнің жөн-жосығына қайта оралып, кеудемізге қолымызды қойып, бас изеп, ізет білдірудің өзі үлкен құрмет пен сәлемдескенді көрсеткен. Байырғы бабаларымыздың осы дәстүріне бет бұру  – өте жақсы бастама. 

Қансеит Әбдезұлы белгілі әдебиетші-ғалым, сыншы, филология ғылымдарының докторы және профессор:

Президентіміздің бүгінгі сұхбатында Құрылтай сайлауына, еліміздің болашағына қатысты айтылған ой-пікірлер мен толғамдарын, ұсыныстарын мен де қолдаймын. Дер кезінде өте құнды пікірлер айтылды. Соның ішінде қазаққа тән дәстүріміз сәлемдесу мәселесіне жақсы тоқталып өтті. Ата-бабамыздан келе жатқан мәдениетіміздің бір түрі амандасуды қайта жаңғырту дегенге толықтай келісемін. Қасым-Жомарт Кемелұлының сұхбатынан кейін ұзақ ойланып-толғанғаным рас. Елімізде алғаш рет Құрылтай сайлауы өткен осындай тарихи күнде ата салтымыздағы нағыз қазаққа ғана тән амандасу дәстүрі жайында өзекті мәселе көтерілгені қуантты. Мен де сайлауға қатысып, өз дауысымды беріп келдім. 

Нұрлан Оразалин ақын, драматург, мемлекет және қоғам қайраткері:

Адамзат баласымен бірге жасасып келе жатқан адамға ғана тән, адамға ғана жарасатын, бір-біріне деген құрметін аңғартатын үлгілер болады. Солардың бір – амандасу. Амандасу – адамның адамға деген ықылас-пейілінің жарқын көрінісі. Екінші, сол амандасуға жақын көрісу дейтін тағы бір дәстүр бар. Адам баласының бүкіл жан әлемін танытатын құбылыс. Амандасу – кездескен кезде қол беріп, бес саусақпен алақанға алақан тигізіп, жылы ниетін аңғарту. Ал көрісу – қауышу, құшақтасу. Сол арқылы қайтқан адамдарға көңіл айту. Қазақтың ұғымында Наурыз мейрамы қарсаңында «көрісу» деген мереке басталады. Әдетте көрісуде Алладан жерге, елге, көкке, ағайын-туыс пен ұрпағына деген амандық сұрап, дұға-тілек тілейді. Осы екеуінің арасындағы ара-жікті ажырата алмай бара жатырмыз. Оны әсіресе, кейінгі жылдары өте қатты өріс алып кеткен орынсыз құшақтасу, жігіт пен жігіттің, қыз бен жігіттің сүйісіп амандасуынан байқауға болады. Қыздар мен жігіттердің сүйісіп амандасуы өте орынсыз, ыңғайсыз жағдай дер едім. Осы жағдайдың кең етек алып бара жатқанын халық та сезіп, көріп жүр. Құрылтай сайлауының брифингінде Президентіміз ұлттың рухани дамуына кері әсерін тигізетін осы бір құбылысты орынды сынға алған секілді. Сын деп отырғаным, бұл шынында да, қазаққа жараса бермейтін дүние. Амандасқың келді ме, қолыңды созып, жылы ықыласыңды білдіріп амандас. Қоғамда белең алып бара жатқан беттен сүйіп, орынсыз құшақтасып сәлемдесуді уақытында тиып, нағыз ұлтымызға ғана тән үлкен-кішімен ізетпен амандасу жайлы өнегелі, тағылымы мол дәстүрімізді жаңғыртқанымыз өте дұрыс деп есептеймін. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы осы бағытта өте орынды ойын айтқан екен. Бұл бастаманың менің де көңіліме қонғанын жеткізгім келеді.  

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan