Қазақ тарихшыларының сұлтаны
Ермұқан Бекмахановтың рухына арнаймын.
«Ермұқан Бекмаханов – қазақтың бертінгі тарихында
Мұхтар Әуезов пен Қаныш Сәтбаев сынды ұлылардың қатарында тұрған тұлға»
Бауыржан Момышұлы
Ермұқан
Елдіктің оздырғанда ерен көшін,
Ерліктің қоздырғанда делебесін,
Көз жетпес көкжиекке асырғанда
Кермиық кеңдігімнің керегесін.
Нар туған нарқасқалар нартәуекел
Намыстың суырғанда селебесін.
Жасындай жарқылдамай қалған ба ерлер
Бір Алла қолдап, аруақ жебегесін.
Кеудесін қазағымның қас дұшпанға
Бастырмай қасық қанын төлегесін.
Қастерлеп Хан Кенені ту көтерген
Ермұқан – сеңгір биік, серек есім.
Жампоздың асыл тегі қаракөктен,
Жанында ән салатын дана көктем.
Баурында Баянауыл балалығын
Нәубеттің нөпіріне садаға еткен.
Сұм өмір сұмдығымен алысқанда
Сабырдың сәруарын санаға еккен.
Аждаһа ашаршылық аранында
Тұрмыстың тауқыметін сабақ еткен.
Түбінен тұңғиықтың жарып шығып,
Тағдыры тарихымның дарағы еткен.
Жырымда желдей ескен жеткізсемші
Еңбегін Ермұқанның саралап мен.
Тәңірден тылсым пәрмен келді ме екен?
Сол үшін тәлейіне көнді ме екен?
Айырған анадан да, бауырдан да
Аштықтан бір әлемет көрді ме екен?!
Алаштың тақсыретін жіпке тізіп
Айтуға бар пейілін берді ме екен?
Кешегі арыстардың жалғап ісін,
Шындыққа шырқыраған сенді ме екен?
Жанында қазағының қасіреті
Жылқыдай тебіндегі өрді ме екен?
Халелге* Құдай өзі кезіктіріп,
Көмбеден керемет сыр терді ме екен?
Тым терең тұңғиықта жатқан нәрі,
Қазақтың тарихының қатпарлары.
Тәптіштеп, тасқа басып тартылмаса,
Кәдік қой ел есінде сақталмағы.
Ол өзі кенен тарих, терең тарих,
Аз да емес шежіре-жыр ақтарғаны.
Иесіз талапайға түсіп кетсе –
Киесі тарихыңның тапталғаны.
Толымды кітап болып жазылмаса,
Зая ғой жадында құр жатталғаны.
Зейінді зерек көкірек зифа жасқа
Алаштың ақыл салды қарт тарланы.
Тарихтың толқын дәуір тербелісі,
Таңбалы талыс өгіз көн терісі.
Шым бойлап шымырлатқан Шоқан бабаң,
Шынайы сырлы толғам – ен-белгісі.
Хас сақтан – қазағыма дейін жеткен
Толағай тарихымның сенделісі.
Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп баян еткен
Қазақтың хандарының өлмеді ісі.
Тарихқа түрен салған хакімдердің
Санжар мен Мұхамеджан* зерделісі.
Халекең күрсінбей де қайтер енді
Құласа төменшіктеп төрдегісі.
Аршылмай жатыр тарих соқталанған,
Алысқан «Азаттық» деп ноқталы арман.
Заманның запыранды зарлық ері
Кем бе еді Кенесары бақ-таланнан?!
Қамытын бодандықтың киді-ау қазақ
Соғуы сол жүректің тоқтағаннан.
Тарихын тірілтпесең, не мәптақа
Құр көкіп, көкірек керіп оттағаннан.
Өшірмей қоламтасын үрлеп, маздат,
Оянсын ел намысы көп таланған.
Тұлыпқа мөңіресін, ішті берме,
Болмайды жан-жүрегің жатта қалған!
Көзіңнен, балам, сенің от көремін,
Тұңғиық асылзада тек көремін.
Алаштың аманатын айтып кетпей,
Айдауда мен неліктен текке өлемін?!
«Жастарға сенем» депті Мағжан ақын,
Аллаға шүкір айтам, жетті өренім.
Сұрқылтай заманыңның сұры жаман,
Кешерсің сен де талай өткелегін.
«Бас кеспек болса дағы тіл кеспек жоқ» -
Дегенге сенуменен өткен едім.
Тіліңді тірлігіңде байлатқызба,
Текті сөз – саналарға еккен егін...
...Сабағы Халел аға қалды есінде:
Аялап арды сақта, зарды өшірме!
Ермұқан зерде көзін жіті салды
Елінің тауқыметті нар көшіне.
Қамымен қара қазан, сары баланың
Ерлері жортқан талай қан кешуде.
Арыстар арға жанын садаға етсе,
Аянып қалады екем мен несіне?!
Ғылымды меңгергені неге керек,
Жұртына жарамаса селбесуге?
Тарата тұтастырып жазылмаса,
Тарихың бет алып тұр енді өшуге.
Қамтылған ақиқат ой, анық дерек,
Қазаққа салиқалы тарих керек.
Қараңғы қатпарларға түсіретін
Саулаған самаладай жарық керек.
Түбіне бойламаған тұлдырыңды
Түбінде тарих емес, танық демек.
Бостан жұрт болғаныңды ұмытқаның
Бетіңе салынатын салық демек.
Ермұқан ер мақсатқа бекінгендей
Ей, Тәңір, сабырымды сарықпа деп!
Тірлікте бар қызықтан баз кешердей,
Тарихын жазып берсе халыққа тек.
Тұяқты бір серіппей өле ме арман?
Жолы да жігіттерше бола қалған.
Сұм соғыс қиямпұрыс күндерінде
Болар деп әлдеқандай мазаланған,
Сау етіп ту Мәскеуден Алматыға
Тарихтың тарландары келе қалған.
Ғұлама ғалымдар-ды бәрі бұлар,
Алдынан Ермұқан да сабақ алған.
Анна Панкратова* әпкесіндей,
Саңлақтар ішінде де сараланған.
Іш тартып ізеті мол Ермұқанға,
Талапты тек-тұрпатын көре қалған.
Ермұқан алақанын ысқылады,
Бойына бұла жігер, күш тұнады.
Тарихы Қазақстан жазылар сәт
Туды деп алақайлап ұшты жаны.
Тайпалған тарих-ілім жорғалары
Сақадай сайлы келген күш-құрамы.
«Құдайдың бергені осы емес пе?!» деп,
Орнына үш отырып, үш тұрады.
Тез барып Мұхамеджан* әз ағаға,
Жоспарын жедел айтып іс қылады.
«...Келді олар бағымызға тағдыр айдап,
Тарихтың тас қазанын енді қайнат!
Салатын салбурынға сәті туды,
Тәуекел, кіріселік белді байлап.
Мәскеулік марқасқалар әлеуетін
Кәдеге жараталық, алдын ойлап.
Олар да нанымызды босқа жемей,
Тарихты қазар болсын, кенді бойлап.
Бір жерге бас қосқанда өңшең жүйрік,
Бізге серт, шаба алмасақ Абылайлап!»
Балаша қуанғаннан көзі жайнап,
Деп салған ажарында ақ нұр ойнап.
Ермұқан бір ғажапты бастап берді.
Мұхаң да сөзге келмей қостапты енді.
Жазуға Қазақстан төл тарихын
Емеурін меймандарға тастап көрді.
Ұшқыннан жүре берді жалын лаулап,
Аймалап әу бастан-ақ асқақ төрді.
Ермұқан ел мұратын өрге тартып,
Атасы Абылайша аспақ белді.
Аламан бәйгесіне әлем-жердің
Алаштың төл тарихын қоспаққа енді,
Бекінген Бекмаханов берен ердің
Қажыры қоламтаға от сап берді.
Шежіре тамырына қан береді,
Жылнама жүлгесіне жан береді.
Бел асып ұлан дала ұлы көші,
Бүкпесіз ақиқатпен әрленеді.
Ғұн-сақтан, әлімсақтан бермен қарай
Сарыарқа – ата қазақ сар белі еді.
Мәскеулік ғұламалар ғылымға адал,
Ақиқат, тек ақиқат – нәр-қорегі.
Қазақтың тұңғыш тарих кітабына
Кең тыныс – Ермұқанның нар көмегі.
Азаттық күресінің ақкөз ері –
Көтерді шамшырақтай Хан Кенені.
Құлады бұған барлық құлқыменен,
Сүрді өмір Кенесары рухыменен.
Уа, неткен берік еді тарамыстай
Көнбейтін тағдырына сілкілеген.
Қоқанды қоқаңдатпай шапқан кезде
Қосыны жауар бұлттай күркіреген.
Қайран ер қайсарлығы қара ағаштай,
Ақ патша – әзірейілден де іркілмеген.
Боданға бостан елді бермеймін деп
Жорықта күн-түн қатып сүркілдеген.
Халыққа құрмалдық қып қиып жанын,
Бәйгеге басын тігіп, жұртым деген!
Ермұқан, ел сүйінген жаңалығы,
Хан Кене – тарихының тәбәрігі.
Еркі бар елдік үшін күресуге,
Ол да бір запыранды заман ұлы.
Хақы бар халық үшін тіресуге,
Тайғақта тайдырса да тағалыны.
Бастаған батыр Кене баһадүрлер
Болмаған кеуілде бір алалығы.
Сұмпайы Гитлермен соғысқанда
Солардың батырлығы болар үлгі.
Ермұқан тұңғиықтан сүзген маржан
Сілкінтті талай-талай саналыны.
Толайым тұлғаланды тұтас тарих.
Қазағың емес, тіпті, ұсақ халық.
Көргісі келетіндей бәз біреулер:
Ру-руға бөлінбеген пышақталып.
Терезең тең болғаның, ел болғаның
Талайды тіксіндірді тұсап қалып.
Ермұқан бабалардың ұлы жолын
Ерледі шығарғандай ұшпаққа алып.
Ғылымның бір белесін бағындырып,
Шоқандай шамшыраққа ұқсап қалып.
Еңсегей Ер Бауыржан Момышұлы
Мәскеуде «Бауырым!» деп құшаққа алып...
Ескертпелер: * - 1930 жылдардың орта шенінде Воронеж пединститутының тарих факультетінің студенті Ермұқан Бекмаханов осы қалаға жер аударылған «Алаш» қайраткері Халел Досмұхамедұлымен жиі кездесіп, әңгімелесіп тұрған.
* - Санжар Асфендияров, Мұхамеджан Тынышпаев – Қазақ тарихын жазуға талпыныс жасаған зиялы оқымыстылар.
* - Анна Михайловна Панкратова, академик, 1943 жылы шыққан тұңғыш «Қазақ КСР тарихының» жауапты редакторы әрі авторларының бірі.
* - Мұхамеджан Әбдіхалықов – Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы, 1943 жылы шыққан «Қазақ КСР тарихының» жауапты редакторы.
МАХАББАТ
«Ермұқанмен 1946 жылдың мамырында Ташкентте, Әлішер Науаи атындағы кітапханада кездестік»
Е.Бекмахановтың сүйген жары
Халима Бекмұхамедованың «20 жыл бірге»
атты естелік кітапшасынан.
Өмірдің нұр шуағы шашылғандай,
Өзгеше қуат-тыныс қосылғандай,
Ермұқан бақытты еді сол шақтарда
Алдынан ақ болашақ ашылғандай.
Кернеген көкірегін бір құдірет,
Көктеген сезімінің бүрі гүлдеп.
Ерте-кеш елден ерек елегізіп,
Махаббат тілейтіндей сырлы жүрек.
Таңменен талас тұрып бау-бақ еккен,
Ташкенттің шаһарында арда көктем.
Залында кітапхана көзайым боп,
Аруды кезіктірді арман еткен.
Сол ару мөлдіреген тұнық таңдай,
Көңілін көз шуағы жылытқандай.
Қолаң шаш, аққу мойын, бота жанар
Байлады тағдырына жолыққандай.
Себепсіз сезіктідей тіл қатар ма?
Қайдан жүр қазақ қызы бұл шаһарда?!
Ордаға күнде келген, күнде көрген,
Отырар Ермұқанмен бір қатарда.
Ол қыз да отырғандай білім іздеп,
Ермұқан екібастан ғылым көздеп.
Көңілі – махаббатта, көз – кітапта,
Таппаққа жұмбақ ару тілін тездеп.
Бір-бірін көптен, тегі, білетіндей,
Жымиып, көз түйіссе, күлетіндей.
Таныспай жатып таныс болғандай-ақ,
Көздері жеңгелікке жүретіндей.
Жүрегін қыз да қалай сеніп бермек?
Сезімге қалай бірден ерік бермек?
Жігіттің сұлтаны еді, десек-тағы,
Жетерлік бір басына көрік-келбет.
Байқайды, қыз көңілі құлайтындай,
Аруға жігітіміз ұнайтындай.
Мұңайып қалар кейде тұнжыр көздер
Мазасыз тұнған іште сыр айтылмай...
Сұңғыла сұлтан жігіт ондай ретте,
Танысты жұмбақ қызбен созбай көпке.
Біледі бірер күнде барлық сырын,
Түскенін ордалы ошақ қандай кепке.
Ермұқан Халиманы демей берді.
Арудың асыл тегі Семейден-ді.
Әкесі Адамбек те* елге мәлім,
Аруағы жалғыз қызын жебей ме енді?!
Мүшесі «Алашорда» болған еді,
Халқына, қазағына қорған еді.
Кеңестің құрған торы көрге тығып,
Жары Айша жалғызымен қалған еді.
Жанына жара салып, жала таққан,
Көрсоқыр, үрейі ұшып алапаттан.
Күн бермей, көзге шұқып, қоймағасын,
Ташкентке келіп ақыр пана тапқан.
Қос мұңлық... қыз бен ана... құрбыдай-ды.
Кеудені нала-толқын ұрғылайды.
Сыртына сырбаз қалып, сыр білдірмес,
Жар етіп, жайды жапырақ, бір Құдайды.
Тағдырдың алмағайып өткелдері.
Ташкентте тұрып жатыр көптен бері.
Қос мұңлық талпынады күншуаққа,
Өмірдің оралса деп көктемдері.
...Шер-тарих шыдатпады шоқтай қарып,
Жан-жүрек лапылдады оттай жанып.
Асықты жұбатуға асық жарды
Ермұқан тар көшеде тоқтай қалып.
Толқыды тыңдағандай арман-жырды,
Тәлейі бойжеткеннің толғандырды.
Сұлуын одан сайын сүйікті етіп,
Жұлдыздан жұтқандай-ақ саумал нұрды.
Мұңайған көңілдері жарасады,
Махаббат шаттығына жол ашады.
Жетімдік жұлып жеген Ермұқанды
Бақытқа бастайтындай болашағы.
Дем берді жаңа көрген «Фархад-Шырын»*,
Аққуы махаббаттың алқап бүгін.
Сезімін сүйген жардың серілерше
Шіркін-ай, Ермұқандай тарқатты кім?!
Ақырын Халиманың қолын алды.
Алқынған асау қаны сабырланды.
Сызылтып «Айттым сәлем, Қаламқасты»,
Сұлуға тарту етті сол бір әнді.
Аспанда ай нұрымен шүпілдеген,
Ақ сезім қос жүректе лүпілдеген.
Жарасып жан күйіне Абай әні,
Жауқазын ақ тілекпен үкілеген.
Аңсаған ән тілімен сәлем етті,
Аттамай әдептен де, әдемі етті.
Естелік мәңгілікке болсыншы деп,
Сыйлады «Абай» роман, Әуезовті.
Жігітің жаулағандай жарты әлемді,
Сабырын салауаттың сарқады енді.
Тербетіп әлдилеген тәтті әуезбен,
Махаббат тұңғиығы тарта берді.
Лап еткен ғажайыптың бүр жаруы,
Шаттанған сылқым бұлақ, сырғалы үні.
Алдынан анасының өтеміз деп,
Болса да, батылданды, түн жарымы.
Бұл сәтті күткен еді Айша ана да,
Мехнатқа мойымаған қайсар о да.
«Қазақтың етегінен ұста, балам», -
Деп қана отыратын байсалдана.
Тыңдады Ермұқанның тілхатын да,
Ұнатты жан сарайын, тұрпатын да.
Аналық ақ батасын береді енді
Ақ жолда өмір әнін шырқатуға.
Уақытты рәсуа қылмас албатыға,
Балаған жар сезімін жан хатына,
Мәскеуде кездеспекке уағда қылып,
Ермұқан қайтып кетті Алматыға.
Ескертпе: * - Адамбек Бекмұхамедов – «Алашорда» қайраткері.
• - «Фархад пен Шырын» операсы.
МӘСКЕУДЕ
1946 жылдың 14 қазанында Е.Бекмаханов КСРО Ғылым академиясы Тарих институтының үлкен залында «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40-жылдарында» атты атышулы докторлық диссертациясын қорғайды.
Жадырай, жалқын нұрмен жанаттанып,
Мәскеуге келді Ермұқан қанаттанып.
Ғылымның биік шыңын бағындырса,
Еңбегі болады ғой қазаққа құт.
Етектен ілгешектер тартады әлі,
Азабын ізденістің арқалады.
«Жүк қалмас нар жолында» дегендейін,
Жусатты қиындықты тау талабы.
Тамызық тақырып та – дауға талай,
Сезбессің соққаныңды жарға қалай?
Өресі ерен тұрды Ермұқанның
Алдырмас жөпшеңдіге бел-жотадай.
Дем беріп алшы түсер асығына,
Ташкенттен жетті сұлу ғашығы да.
Мұрат – зор, кеуде – биік, көңіл – тасқын,
Алла – жар қазағымның хас ұлына.
Мақсат пен махаббаты қатар келді,
Көмбеге қос арғымақ қатар желді.
Тас түйін бекінгендей берен жігіт
Көруге талайынан татар демді.
Ойы жоқ Халимадан жанды аямақ.
Ақша бұлт, аққу аңсар жайды қанат.
Айрықша алағызып адал жүрек,
Ақ құсын алақанға алды аялап.
Жол қалмай, бой алдырмай әр күдікке,
Сырғызып шымылдығын арлы үмітке.
Мәскеуде,
Мейманхана тар төсегі,
Тоғысты тілектері мәңгілікке.
Махаббат мақсатына күш қосады,
Маздағы ғажайыпқа ұштасады.
Ғылымның асқары оңай алдырар ма,
Түн қатып тұлпар қайрат, түс қашады.
Кеудеде шыбын құрлы жаны барда,
Мұраттан темірқазық жаңылар ма?
Қажыры қия шыңды бұйым көрмес,
Қасында Құдай қосқан жары барда.
Өмірдің көріп өскен талқы, жөнін,
Халима айтпай ұққан жар тілегін.
Пір тұтып Ермұқандай азаматын,
Риясыз ізгілігін тартты керім.
Қалтқысыз еңбегінің өнді гүлі,
Қорғайтын мәртебесін келді күні.
Ғылымның бас ордасы Мәскеудегі,
Бас қосқан бағлан, қасқа, кермиығы.
Салтына бағып елдің мұндайдағы,
Сабылған қазақтың да кіл қаймағы.
Шашбауын көтеруге Ермұқанның
Алаштың ашылғандай бір майданы.
Жүрмелік, дегендейін, қапы қалып,
Полковник Момышұлы, батыр Мәлік*,
Аймаңдай Қанекеңді* алға салып,
Кең залда Кәрім*, Ерден* отырды анық.
Алқалы төрде ғылым абзалдары,
Әйгілі академик, маңғаз бәрі.
Ізетпен амандасып, изеді бас,
Қанекең кіріп келіп озғанда әрі.
Қуанып, таңданып та қалғандай-ақ,
Қанатын тілеуқорлар жайғандай-ақ.
Сенімге серпін беріп, жігер құйып,
Қолдаушы берік қамал болғандай-ақ.
Ермұқан тұрса дағы толқып іштен,
Сірә да сыралғы емес қорқынышпен.
Мағына, мәнін ашып еңбегінің,
Байыпты баяндады кең тыныспен.
Уақыттың аққан ұлы өзендері,
Азаттық күресінің кезеңдері.
Хан Кене – замананың запыраны,
Халқына қалқан болған кемеңгері.
Қазылық, Қарқаралы, Есіл, Нұра,
Қалғанда жат қолында есіл мұра.
Атойлап атқа қонбай, қалай жатпақ,
Ағызса қазақ қанын жосылдыра.
Көксеген ел болуды еркіндікте,
Көктеген атамекен, жер кіндікте.
Аңсары азаттық боп өткен шері,
Бұғаусыз, бұғалықсыз ен тірлікте.
Дәуірдің толғағымен туған күрес,
Салтанат сахарада құрған күрес.
Шеңгелін салған елге самұрықты
Бостаншыл бүлігімен буған күрес.
Күрестің айтты Ермұқан әділдігін,
Озбырдың қиянаты кәміл бүгін.
Халқы үшін шәйіт кеткен боздақтардың
Артының берсін дәйім сабырлығын.
Тайсалмай ажал аран зеңбіректен,
Ақ туын азаттықтың желбіреткен.
Хан Кене – қайсар баба намыс отын
Ермұқан ел-жұртына үлгі де еткен.
Жорығын ұлы күрес жалау етті,
Жүрегін ашып тастап алау етті.
Сілкініс саналарда тудырардай,
Самғауы таңырқатты тамам көпті.
Азаттық толғауында астар жатты,
Алынбас алда талай асқар жатты.
Мәскеудің қақ төрінде сабаз ерің
Аруағын Хан Кененің аспандатты.
Дәлелдеп даулы жерін дерекпенен,
Аптығын басты небір өрекпіген.
Әсіре, арзан атақ жанына жат,
Ермұқан биік тұрды желөкпеден.
Бұлқынған, бұқпай айтып бұла сырды,
Мерейін қазағының бір асырды.
Қуанды Қаныш, Баукең, Мәліктер де,
Тап бүгін танығандай шын асылды.
Ерледі осылайша ерен дарын,
Бел асты Бекмаханов берен ғалым.
Бойлады тұңғиыққа өжеттеніп,
Тарихтың суыртпақтап терең мәнін.
Мипазды маңғазсыған мысы басты,
Жандайшап жабырлардың түсі қашты.
Ақиқат алдаспаны Бекмаханов
Мәскеумен бетпе-бетте ұшырасты.
Ескертпе: * - Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті Қаныш Сәтбаев, биолог Кәрім Мыңбаев және химик Ерден Әзірбаевтар.
МЕХНАТ
1950 жылдың 20 желтоқсанындағы «Правда» газетінің «Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» деген ызбарлы мақаласының солақай сынынан кейін Е.Бекмаханов партия қатарынан шығарылып, барлық ғылыми дәрежелері мен атақтарынан айырылып, адам айтқысыз қудалауға ұшырайды.
Халықтың айналды деп ардағына,
Жұлдызы Ермұқанның жанғанына,
Күншілдер күйігіне тұз жалатып,
Сұңқардың сұқтаныпты самғауына.
Қарсылас қара жүрек зілі басым,
Қанденнің шәуілдемей кімі қалсын?!
Алысқан ата жауы Ермұқандай,
Ал енді әкесінің құнын алсын.
Барар ма оңайлықпен басы жерге,
Көтерсе тауқыметпен тасын өрге,
Тасада тұрып тағы тас атады,
Жаудырып қара аспанды асыл ерге.
Өмірді сүргізбейді – сүрем десе,
Жарқылдап күлгізбейді – күлем десе,
Отырса – опақ, тұрса – сопақ қылар,
Еліме қызмет қылып жүрем десе.
Достар да жоқ емес-ау,
Дұшпан басым.
Қаныш* пен түсіп жатыр Мұхтарға* сын.
Шалағай шалдуарлар асыққандай
Шалуға құрбандыққа құтпан басын.
Көзіне түк көрінбес дүмше дүлей,
Қасекі кереңдіктің бір шебіндей.
Жалаға байлап беріп жақсыларды
Жалақор, пәлеқорлар тұр шегінбей.
Тымырсық қара күштер құтыртады,
Ер басын Ермұқанның тұқыртады.
Дақпырттың дағырасын дүңкілдеткен
Таянып қалғандай бір тықыр тағы.
- Ешқандай бұл Ермұқан ғалым емес,
Ғылым деп дәнсіткені тәлім емес.
Көшіріп алыпты ғой басқалардан,
Өзінің бір сөзі де мәлім емес...
- Молдадай ақ таяқты әліп деген,
Бұл дағы хан, билерді дәріптеген.
Көксеген ескілікті екіжүзді,
Қазақты ұлтшылдыққа әдіптеген...
... Жаныққан өре тұрды дұшпандары,
У-зәрін төге тұрды мыстандары.
Мәскеу мен Алматыда талқыға сап,
Болмады қаралаудан тыс қалғаны.
- Мақтаулы Хан Кенесі ол да жаман,
Халықтың маңдайына сор жамаған.
Азаттық күресінен әдірем кетсін,
Бүлдіргі, барымташы сол оңбаған.
- Бұқара оған, сірә, қосылмады,
Белгілі о бастан-ақ шошынғаны.
Зиянкес, керітартпа Кенесары,
Содан ғой ойыны да осылғаны.
- Тарихқа қосам дейді талапайды,
Халыққа лаң салған ала тайды.
Әуелден Бекмаханов ойы бұзық,
Аңсаған хан заманын Асанқайғы...
... Мінгізді Ермұқанды ағаш атқа,
Таңады миға келмес сан атаққа.
Сұм заман сұрқиясы билегенде
Адамдық қалды былай, парасат та.
Жылы бір рай күтіп әр қабақтан,
Құлауға шақ қалғанда жарқабақтан,
Жақтасқан дауыстар да шықты бір кез,
Шағында бетпақ сұрлар шалқалатқан.
Жеткізбей жалмауызға жалмап алар,
Жандәрмен дос-жолдасты қорғады олар.
Ілімі дұрыстығын айтты талмай,
Кіршік те қалдырмастан арға қонар.
Ермұқан әз сабырын жоғалтпаған,
Жақтастар қолдауымен қанаттанған.
Тұрғызған қара дауыл қарсыластар
Табанды тойтарыс пен жауап та алған.
Шаршаған шығар, бәлкім, қуғыншы жақ,
Саябыр тартты азырақ сүргін сынақ.
Кейінге қалдырыпты бар сұмдығын,
Шөлмек те бір күн сынар, мың күн шыдап.
Бір-екі тыныш жылдар болды ма екен?
Ғылымда алтын таққа қонды ма екен?
Бақытын жар мен бала көрді ме екен?..
Әйтеуір, буа берген белді бекем.
Жау аз ба қойнына тас тығып жүрген?
Боларын бір сойқанның біліп жүрген.
Қазақта Батыраштар құрып бітпес,
Қапыда Құлагерді сүріндірген.
Жарылды бомба бір күн ұрандаған,
Советтің бас жалауы «Правдадан».
Сылқ етіп қалды отырып Ермұқан да,
Өзіне күл шашқандай түгел ғалам.
Ызбары мақаланың бет қаратпай,
Жүрегі дүрсілдеді шапқан аттай.
Әр әрпі айыптайды Ермұқанды,
Әр сөзі Хан Кенеге атқан оқтай.
- Тарихты Бекмаханов бұрып айтқан,
Анықты танық қылып жұлып айтқан.
Кәззапты ұлы орысқа қарсы шыққан
Мадақтап, қасақана біліп айтқан...
... Жаралап құйтырқысы жанды жұлып,
Кеңестің кер пәлесі салды құрық.
Ермұқан еткен еңбек, алған абырой
Болғандай бір-ақ сәтте барлығы ұмыт.
Басталды «Правдадан» бар пәлекет,
Қылуға болмай қалды түк те әрекет.
Бұйрық пен пәрмен, нұсқау бәрі сонда,
Тастап бір жібергендей құрдымға әкеп.
Айрылды тіршіліктің тынысынан,
Қуылды жаны сүйген жұмысынан.
Суынып сыйластығы дос-жаранның,
Қағылды нәсібі мен ырысынан.
Қайысып қабырғасы Халима да,
Қара бұлт үйірілді жанұяға.
Жер түбі...Нарынқолда... жай мұғалім...
Болмайды шығуға еш жарияға.
Ақыры, мұны дағы көпсініпті,
Жайсызын шекараның кеш біліпті.
Қытайға қашып кету қаупі бар деп,
Шудың бір мектебіне көшіріпті.
Халима жар қосағы «жаным» деген,
Көтерді тауқыметті сабырменен.
Ол дағы бөпесімен бейімделді
Алдағы арпалысқа тағдырменен.
Ескертпе: * - 1948 жылдың 14-19 шілдесінде Алматыда, Ғылым академиясында Е.Бекмахановтың «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» атты жеке кітап болып шыққан монографиясы бойынша бес күн бойы пікірталас жүрді. 15-тен аса сөйлеген адамның жетеуі Бекмаханов идеяларын қолдап шықты.
СОТ
1952 жылдың 4 желтоқсандағы сот үкімімен Ермұқан Бекмаханов 25 жылға еңбекпен түзеу лагерінде қамауда ұсталуға кесілді.
КГБ көптен бері құрған ауды,
Тұтқындап Ермұқанды Шудан алды.
Тергеудің не де болса беті қатты,
Төндірмек басына сор, зобалаңды.
Төбеде сұрқай аспан боямалы,
Төменде ер жігіттің қаяу жаны.
Тергеуші қара тастай қатып қалған,
Тағатын айыбы да баяғы «әні».
Үйін де үш қарасұр тінтті мөрлеп,
Шашылған қағаз-кітап, тіпті, өңмеңдеп.
Болғанын бір жамандық сезіп дереу,
Халима қоя берген іштен еңіреп.
«Ермұқан қайда?!» – десе, үн қатпайды,
Сұрланып суық қана сырдақтайды.
Әп-сәтте меңіреу, мерез бола қалар,
Осындай сұрқасқаны ұнатпайды.
Жүгірсе жылап-сықтап түрмеге енді,
Итеріп кеудесінен, керме керді.
Ерінің жайын айтып жалынса да,
Бір ас-су бір ай жүріп әрең берді.
Сабаздың айналдырып бағын сорға,
Сұрларың Ермұқанды алды қолға
Айыбын қойып жатыр мойынына
Куәлар дайын тұрған оң мен солда.
Қорқытып қораздану, қоқан-лоққы,
Алдау мен арбау, өтірік одан да өтті.
Мұхтар мен Қанышты да қаралаған
Азғынға алар қайдан атар оқты.
«Соларды қаралағын сен де» дейді,
Өткеннен сыпсың өсек термелейді.
«Өзіңді ұстап берген жауыңды аяп,
Өкініп өрем қауып өлме» дейді.
Сұрлардың сұм пиғылы жеркенішті,
Жаққаны аққа қара өртеді ішті.
Адалдан арам жасар сұмпайылар
Өрлігін Ермұқанның келте пішті.
– Шын сөзге табылмаса сенер ешкім,
Мәні де бола ма бұл кер егестің?
Өзімді соттасаң да, өзгелерге
Өтірік жала жабар мен емеспін!..
...Тигендей, тулап бұдан, шабына шоқ,
Советтік шамырқанды дабыра сот.
Кер заман қағидасы сол еді ғой:
Мен – бастық, басқалардың бәрі де есек.
Өзінше сияқтанып жер тәңірі,
Қазымыр дүлей соттың жүрді әмірі.
Құр көкіп күпсінгені болмаса егер,
Көрінбес құдіреттің бұл да құлы.
Алдына «Правданы» жайып сапты,
Әр әрпін алып содан айып тақты.
Кесімін керауыз сот оқығанда,
Естіді жұрт мынадай қойыртпақты:
– Бұл ма, бұл – нағыз әбілет басқыр екен,
Басбұзар бүліктігі тасқын екен.
Жағдайын ғылымдағы пайдаланған,
Жамылған қой терісін қасқыр екен.
Арамза молда болып аңқау елге,
Азғырып үгіт айтқан жас-кәріге.
Ана бір «Алашорда» алапестің
Сұмырай салып жүрген ескі әніне.
Тарихты – лай сулы көлшік деген,
Мүлкіндей әкесінің меншіктеген.
Жабысып жалғандыққа тас кенедей,
Көңілін кеңестік сөз көншітпеген.
Пікірге құлақ аспас астамдығы,
Бай-құлақ, буржуаздық қастандығы,
Қайдағы Хан Кенені дәсерлетіп,
Ғылымға қасақана қосқандығы.
Болмаған ел де, жер де Хан Кенеде,
Кім өзі ол табынардай сол немеге?!
Қашаннан қаны бұзық Бекмаханов,
Қазақты шақырып тұр әлденеге.
Ұлттар достығының іріткісі,
Қормалдың құмалақтай шіріткісі.
Айыбы айта берсе толып жатыр,
Әзәзіл Бекмаханов бүлік кісі.
Көрбілте, көңірсітіп дауды кілең,
Ішмерез, өрісінің тарлығымен.
Әшкере әрекеті жылдар бойғы,
Кеңестер Одағына жаулығымен!..
...Үкімді сипаттады сот осылай,
Сұғынан айыпкерді таса қылмай.
Қуалап құлататын қазулы орға
Құланның қасарысқан қашағындай.
Естіртті:
Жиырма бес жыл!
Сот кесігін.
Бізімен қадап өткір өтті сұғын.
Безбүйрек қатал үкім қаныпезер
Бұзып-ақ жүре берген беттің сынын.
Күтпеген мұндай сұмдық ол дағы әлі,
Жабырқап жан дүниесі қорғалады.
Ермұқан ер жүрегі шайлыққандай,
Бір сәтке көзден жасы сорғалады.
Халима не болғанын ол да білмей,
Қуарды өңі-жүзі солған гүлдей.
Ауды есі аспан жерге құлағандай,
Жүйкесін жаншып езіп батпан зілдей.
Дәл қазір айдан бетер алыс арман,
Күн қайда басым түсер бағы сордан?
Көңілі бір-ақ сәтке босады да,
Ермұқан езілмеуге жанын салған.
Болса да өлген жері әділеттің,
Дейтіндей іште бір үн: сабыр еткін!
Тағдыры тас тамұққа тастаса да,
Өмірге айтпай тұрды лағынетін.
ШЕР КЕШУ
«Армандайтыным – тек азаттық, ойлайтыным – өздеріңмен қайта қауышудың бақытты сәті. Жанды жегідей жеген, көп күттірген бостандық қашан жетер екен! «Бостандық» деген сөз мен үшін барлық кезде де қасиетті, қастерлі, қымбатты еді ғой...»
Е.Бекмахановтың жары Халимаға Сібірдің Иркутск облысы, Бодайбо қаласынан 1953-1954 жылдар жазған хаттарынан.
«Жаным, қымбатты Ермұқан менің! Сабырың мен сеніміңді жоғалтпа, үмітіңді үзбе. Жақсы күнді сабырмен күт. Сізге тілейтінім – тек бостандық. Өзіңізді сүйетін Халимаңыз».
Жары Халиманың хаттарынан.
Қысса да Ібір-Сібір тас суығы,
Азаттық – Ермұқанның басты мұңы.
Өзегін өртегендей ұрт өкініш,
Тас түнек, зіл запыран басты мұны.
Кеудесін күйдіреді шер қамалып,
Бір қате әділ сотта болғаны анық.
Өмірін өксітердей не жазыпты,
Жазғырып жерге салып, жерден алып.
Қалса да секемшілден басы дауға,
Серт етті сергелдеңде жасымауға,
Ездерше езіліп те басылмауға
Құтын да қор-қорқақтай қашырмауға.
Бір ғана жұбанышы – Халимасы.
Асық жар – аят, хадис, кәлимасы.
Арман мен үміт, тілек, ғашық жүрек –
Сол ғана қапас өмір мағынасы.
Және де Ерік, Серік қос құлыны,
Тар шақта таянатын қос тұғыры.
Сенімнің серіппесі солар болып,
Тағы да ер күреске қосты мұны.
Тұрса да өмір өзін қатты сынап,
Бодайбо бейнетіне бақты шыдап.
Кетердей ұмытылып бар тақсырет,
Жетердей қыдыр-әулие бақ құсын ап.
Жүрсе де азабына налып қанша,
Жарыққа тозағында зарыққанша,
Жан жарға, бауыр еті балаларға
Күдерін үзбек емес жолыққанша!
Келмейді ешкімге де кектенгісі,
Өнбейді торыққанмен өткен ісі.
Арзуын Тәңірге тек айтқандай-ақ,
Ұлыды айға қарап көк бөрісі:
– Тәңірім, кешір мені, қайғыландым,
Сотынан Ардың ғана айбынармын.
Алдында Ұлы аруақ айыптымын,
Қателік жасадым деп мойныма алдым.
Қателік, дұрыстықтың бәсі неде?
Алатын әлі жеткен бәсіре ме?
Айырар ақ-қараны төреші кім,
Көз сүзбес қоғам бар ма әсіреге?!
Жорықты жолдарында Хан Кененің
Жарлаудан ақиқатты танбап едім.
Ұлытау жотасында ұлар құстай
Ұшпаққа жетпей қалған зар көремін.
«Жақсы деп Кенесары жаза бастым» –
Амалсыз айтып осылай қара бастым.
Атуға кесер ме еді әйтпегенде,
Күйттедім қамын мен де қара бастың.
Бұғалық буындырған кездерінде,
Баяғы қала алмадым сөздерімде.
Таразы басын ұстап тұра алмадым
Тарихтың таза шындық безбенінде.
Тағдырдың татқам талай кермегін де,
Талансыз кімге керек өлмегім де?
Жылымы тұңғиықтың кетті тартып,
Өрмекші өлді өзінің өрмегінде.
Керек пе соның үшін енді өшуім,
Өмірден баз кешуім, кер кетуім?
Сібірдің өкпе тескен суығы емес,
Жазылмас жан жарасы – шер кешуім!..
Қорғанбек Аманжол, халықаралық "Алаш" сыйлығының иегері
Шілде-тамыз, 2015 жыл
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.