Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЭССЕ
/
«Қорқау жұлдыз» неге қорқау?...

«Қорқау жұлдыз» неге қорқау?

03.04.2026

148

«Қорқау жұлдыз» неге қорқау? - adebiportal.kz

 

Әкім Таразидің «Ауыл шетіндегі үйі» қазақ оқырманына таныс. Оның ішіндегі әңгімелерден оқырман өзінің баяғы ауылының ажары тозбаған кездегі келбетін, ауылдасының бейнесін тануы мүмкін. Осының ішінде астары терең әңгімелер де бар. «Ол құрт еді. Ақ құрт еді. Күріштің дәнінен айнымайтын» деп басталатын «Тарихи тұлға» аталатын әңгімесі мен «Сұқ саусақ» атты әңгімесі жайлы бөлек айтуға болар еді. Мысалы, басқа саусақтарға қарағанда тынымсыз келетін сұқ саусақтың нұсқамайтын бағыты, кезелмейтін кезі, кіріспейтін мәселесі бар ма? Осы сұқ саусақ қой ақыл айтатын, жөн көрсететін.  Әсіресе, бұл сұқ саусақ билігі бардың саусағы болса. Осы  сұқ саусақтың нұсқауымен зауыт салынады, бүтін бір қаланың, халықтың тағдыры шешіледі. Осы сұқ саусақтың сілтеуімен, пәрменімен, кезеуімен, нұсқауымен қаншама бұйрық жазылып, қаншама залал жасалып, қанша адамның өміріне үкім кесілгенін де тарихтан білеміз ғой.  Ойланасың. 

 

Дегенмен, қалың оқырман үшін жазушының «Қорқау жұлдыз» романының орны бөлек.  Жоғарыда айтып өткен «Сұқ саусақта» биліктің күші ашық көрінсе, «Қорқау жұлдызда» адам өмірін билеп-төстеуге жасырын үстемдік көрінеді. Біз бұны тоқсаныншы жылдардың басында оқыдық, ауылдың кітапханасына келген жаңа кітаптардың ішінде осы кітап жатпайтын.

 Әкім Тарази осы романымен сол кезеңнің совет азаматтарын бір қалыптан құйып шығаруға деген құлшынысын ғана емес, адамның ішінен күйреу механизмін де ашып берген. Бұл одақ құлауының алдында жазылған шығарма, былайша айтқанда феодализм жоқ, баяғы патриархалдық қоғам емес, «нан болса, ән болған», совет әйелі мұңсыз» жаңа заманда да әйелдің психологиялық қысымға түскенін көрсеткен сирек шығарма болуымен де, бәлкім, жаңалық болған шығар. Ия, шығарма бүгінгі күні де өзекті, өйткені уақыт өзгергенімен, адамдардың бір-біріне жасайтын қысасастығы баяғыдай ғой.

Бұл шығарманы неге ұмытып қалмайсың?

  Шынымен де несімен есте қалады? Адамды қалай сындыруға болатынын айтатыны үшін шығар. Байқасаңыз, Лиманың өзі басында түсініксіздеу, оның қыз ретінде сезімінің жетілуінде ойланатын тұстар бар. Мысалы, Лима мен Арасанбай арасындағы қатынасты түсіну қиын. Басқа адамның ой-пікіріне тәуелділіктің өзі «басқа жұрт мен жайлы не ойлайды»  дегеннен басталады екен. Мұртының бір шетін аузына салып жүретін, көзі қылиланып , үсті тер сасыған Арасанбайға бүкіл ауыл сұлу қыз екен деп  қызыққан Лима қалай келді?  Түнімен мияулап, Лиманың есігін тырмалап шығатын Арасанбайдың әрекеті ше... бұны сөйтті, қысым қылды деп дәлелдей де алмайсың. Денеңде көгерген, сыдырылған ештеңе жоқ, іскен, қанаған жерің жоқ, қалай дәлелдейсің? 

Мұрнынан сүйгізетін, екінші әйелім бол дейтін Сәрсенбай ше... осының бәріне төзетін әйел ше... Ақырында Лима өзін-өзі өртеп жіберді. Бұл соңғы нүкте ғана. Ал негізі ол өзін баяғыда жоғалтқан адам еді...

 

Бүгінгі жас қыздар қалай қабылдайды?

Жақында жас қыздармен отырғанда тақырып солай бұрылды да,  осы шығарманы әңгімеледік. Шығарма мазмұнын айтпасам да, оларды толғандыратын тақырып болғасын оқуға кеңес бердім. Өйткені, жастардың бұл шығарманы қалай қабылдайтынын білу өзіме де қызық болды. Олар бұл шығарманы қалай көреді, не байқайды, Лиманы түсіне ме?  Түнғатар оларға қандай жігіт болып көрінеді? 

Байқағаным, олар бәрібір де басқаша қабылдайды екен. Бұрынғы оқырман яғни біздің өзіміз Лимаға көбіне аяушылықпен қарайтын едік қой, бүгінгі қыздар оның өзін жазғыратын секілді, «ол неге кетпеді?» дейді. Бұлар баяғы қыз-келіншектер сияқты емес, шыдағанша шыдау деген ұғымнан алыс, егер әйел қандай да бір қысым сезінсе, ол жерден тынысы тарылса ол дұрыс емес, «редфлаг» деп шыға келеді. Бұл жақсы да. Қалай болғанда өз шекараларын тез арада анықтап, сызып алуға бейім буын. Оның үстіне бүгінгі жастарда ақпарат көп, біз естімеген терминдерді, мысалы, газлайтинг, абьюз деген сөздерді біледі. Кез келген жағдайға төреші сияқты қарайды, Бірақ, оларға сендердің пікірлерің ұшқары деп айта алмайсың, өйтсең сені моралист деп шығады, бірақ, өмірді көрген, жасы үлкен әйел ретінде ішіңнен түсініп отырасың, дереккөздерден алынған ақпарат, білім әрқашан пайдаға аса бермейді, оның бәрін ішіңе салып, салыстырып қараған кезде бір пайым жасауға болады. «Ол неге өзіне төнген қатерге қарсы тұрмады?» деген сұрақ дұрыс, бірақ,  Лиманың жағдайын сырттан қарау мен оның ішінде болу –  екеуі екі түрлі дүние. Лима бір күнде сынған жоқ. Ол біртіндеп, байқалмайтын қысыммен өзгерді. Шынында адам бір сәтте емес, біртіндеп сынады. Ал соңында өз шешімі сияқты көрінетін әрекетке итермеленеді. Себебі, өмірде эмоциялық тәуелділік логикаға бағына бермейді, адам өзінің сол мезетте қалай кетіп бара жатқанын байқамауы мүмкін,  сол үшін де бұл шығарма бүгін де ескірмей отыр, ал оны ашу тек оқырманның өмір тәжірибесіне, ішкі сезімдеріне байланысты.

 

«Қорқау жұлдыз» нені ескертеді?

Романда жан ауыртар тұстар жетерлік.  Бірақ ең ауыр жері Лиманың жеке адам ретіндегі ішкі үнінің құмығып, бірте-бірте өше бастауын көрсететін жерлері ме дейміз, үш бөлімнен тұратын романның бөлімдері есіңізде болса бір кезде ол әділетсіздікке қарсы тұра алатын, өзіне не керегін сезіне алатын болса,  кейін өз сезіміне сенбейтін болды. Және осы өзгеріс оның өзіне ғана емес, осының бәрін оқып отырған оқырманға да байқалмай өтеді. Лима өзін неге сол жағдайға жеткізді, шығарма соңында неге өзін құрбандыққа шалды? Өйткені әуелі оның өзіне, өмірге деген сенімі жоғалды. Сосын өзіне деген құрметі әлсіреді. Артынша таңдау қабілеті көмескіленді де, ақырында Лима бір сәтте «менің өмірім осылай болуы керек шығар» деген ойға да көнді. Көрдіңіз бе, бұл жерде ең қауіптісі зорлық емес (бұнда зорлықтың өзі жоқ),  өзінің осы жағдайына үйреніп кету. 

Осы кезге дейін бізде де адамдар, әсіресе, әйелдер жағы романдағы Үндемес кемпір сияқты үнсіз болды, бұғып келді, тек соңғы жыдары ғана тұрмыстық зорлық-зомбылық жайлы көп айтыла бастады. Қазір әйел затына жасаған харассмент, сталкерлік әрекеттер жайлы екі күннің бірінде естиміз. Неге? Бұның бәрі кеше ғана пайда болған жоқ қой. 

Діңкештер көбіне әйелдің өзінен көреді, ал бірақ, періште қыздардың қысымға ұшырауын қалай түсіндіреміз? 

 Кейде әлеуметтік желіден ер адамның әйелін аттың құйрығына байлап сүйрегенін оқығанда, мұғалімді күйеуі мектептің алдында бензин шашып өртеп жібергенін оқығанда оның астындағы  «әйелдің өзі де қарап жүрмеген шығар» деген пікірлерді оқығанда көзің тас төбеңе шығады. Бұл жерде әйелдің бәрі періште деп отырғамыз жоқ, бірақ, адамның жалғыз ғұмырына үкім қылу шектен шыққандық. Ер адам әйелді «меншігім» деп қабылдаған кезде, шектен тыс бақылау құралға айналады. Осыдан келіп Лиманың жеке тағдыр ғана емес,  жүйенің, ортаның, адамдардың үнсіз келісімінің құрбаны екенін көреміз . Өйткені Лиманың тағдырының тас-талқан болуы тек бір адамның қатыгездігінен емес, бүкіл әлеуметтік ортадан туындап отыр ғой. Оның артында үндемеген туыс, Арасанбайларды ақтаған орта, «шыда» деген төзу «мәдениеті» тұр. Бұл – зорлықтың әлеуметтік жақтан қалыпты деп қабылдануы. Шығармада жәбір көріп отырған да, өзі кінәлі болып отырған да әйелдің өзі. Және тексоны кінәлау бар. Өйткені «өзі кінәлі» деген көзқарас – қай-қайсысы үшін де қорғаныс механизмі. Бұл жерде алғаш рет  келген кезде қазақы, бауырмал, өте жылыұшырай көрінетін қазақ ауылының біртіндеп көрінетін надандығы өз алдына, өзін қауіпсіз сезіну үшін қорғанатын қоғамның да бейнесі бар. 

Агрессорлық мінез де танк сияқты, ол Лима сияқты кез келген аңқау, аңғал адамды таптап өтіп, илей салады. Бұл жерде автор ппсихологиялық қысымның терең механизмін ашу арқылы сол кездегі жүйені ашып отыр деп те қисын жасауға болар еді.  Әрине, кітапты оқып отырғанда Лиманың жағдайын бүгінгі тілмен газлайтинг, эмоционалдық тәуелділік, еріксіз қинап  оқшаулау деп шешім жасап, «Мен өйтпеймін, мен Лима сияқты болмаймын» деу қиын емес. Дегенмен, бізге кейіпкердің ішкі жағдайы маңызды. Көп қыздар таңдау жасағанда өзін алдайды, «мен оны өзгертем» деген иллюзиясы болады, Лима да солай етті. 

Сәлима-Лиманың тағдырын кешкен қаншама әйел заты жүр?  Осыдан 4-5 жыл бұрын БҚО Тасқала ауданында күйеуі өзінен ажыраспақ болған әйелін өртеп жіберді. Екі қызымен үйде болғанда сыртынан от қойды. Бұл жеке трагедия ғана емес, дабыл қағатын әлеуметтік құбылыс.  Мұндай оқиғалардың көбі  бір адамның жындылығынан болып жатады деуге болмайды, бақылаудың жоқтығы, жазасыздықтан есіру, оның бергі жағында  «қайтып келді» деген ұят, «балалар үшін шыда» деген қалыптасқан «мәдени» төзімділіктен де туындап жатады. Бұл жерде ең қорқыныштысы – әрекеттің өзі емес, оған дейінгі «қалыпты» зорлықтың осыған дейін жалғасып келуі. Романдағы Лима да  жазушы Әкім Таразидің баяғыдағы бір  кейіпкері емес, бүгін де өмір сүріп жатқан мыңдаған әйелдің бейнесі. Лиманы өзін өртеуге мәжбүр еткен де айналасындағылардың ымырашылдығы еді. Бұндай оқиғалар жаман адамдардың көптігінен  емес, біреудің шаруасына араласқанды артық санайтын жақсы адамдардың үнсіздігінен де болып жатады.

Алдамшы жарық

«Шығарманың атын неге қорқау жұлдыз деп қойған» деп сұрақ қойды сонда кітапқұмар қыздардың біреуі. «Жұлдыз бен қорқау деген сөздердің мағынасының өзі бір-біріне қарсы емес пе?». Шынымен де. Жұлдыз дегеннің мекені аспанда, ай сияқты жап-жарық болмаса да сәулесі бар, ал қорқау дегенді жыртқышқа қатысты айтады. Мысалы, қорқау қасқыр дейді.  Сонда бірін биіктегі жарық, бірін жердегі түнек деші.

Құрметті оқырман, жастардың пікірін тыңдап отырып бір жағы таңғалдым, бір жағы сүйсіндім (олардың жасында менің өзім дәл осылай ойланбаппын да ғой. Миым шектеулі болды ма, әр атаудың мәніне үңілер әдет те, шама да болмаған ба, қолымызға кітап түссе оқиға қуып оқи беріппіз. Бізде ойланып оқу деген қалыптаспаған ба...  Бұлар бізден гөрі ақылды, ой-сезімі жетілген, салыстыра алады екен. Жасым осыншаға келгенде барып, автордың шығарма атын неге осылай қойғанын ал кеп ойлайық..). 

Автор адамның жолына жарық түсіріп, бағыт берер жарық жұлдызды бір жағы үміт ретінде алады, ал қорқау дегені сол жарықты жұтып қойған тас түнек, қайғы мағынасында. Бұл жерде адамның сенгені, үміт артқаны, жақсылық деп ойлаған нәрсесі ақыр аяғында оның өзін жұтып қоятын күшке айналғанын көреміз. Лима үшін махаббат – шынымен де анық жарық жұлдыз еді. Соған қол созған жас еді ол. Бірақ сол махаббат деп ұққанының ішінде қауіп барын яғни қорқау отырғанын ол білді дейсіз бе? Оның өзінің сенгені, үміт еткені, иланғаны ақырында өзі тап болған тұзақ болды. Көп адамның  қателігі – жарқыраған нәрсенің бәрін бақыт деп ойлайтыны. Ал кейде ең қауіпті нәрсе – ең әдемі көрінетін нәрсе болып шығатынын да өмірден көріп жүрміз. Лиманың трагедиясы – ол  жарыққа қол созамын деп  күйреді. Осы қисынмен келсең  қорқау деген тек Арасанбай, Сәрсенбайлар емес, бейтарап қоғам, айналадағы адамдардың әділетсздікке үнсіз келісуі… 

 

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan