Қош келдің қайта айналып, қараша күз!
Нұржан Науатбекұлы 1985 жылы Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Мыңқазан ауылында дүниеге келген. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Республикалық «Асқақ рухты әулиеата» шығармашылық байқауының жеңімпазы. «Аққыз» жыр жинағының авторы.
Актриса
Ол жылады, айналып тәні гүлге,
Қанат қағып, пәктіктің әні күнге.
Өзі жайлы өмірде бәрі басқа,
Ал оның кейіпкермен жаны бірге.
Аядым кейіпкерді, оны емес,
Өксіген өмірінде толып егес.
Екі жан бар бір тәннің бесігінде,
Тербелді көңілде тоңып елес.
Ол жылап тұр тәні гүл, сезімі өлең,
Өзі емес кейіпкердің көзіменен.
Айналды оның жаны әппақ нұрға,
Ғашып болдым дәл осы кезіне мен.
Жанарына үйірген жасты үнемі,
Ішіндегі кейіпкер басты рөлі.
Тағдырынан түңілген ол өзінің,
Оған себеп алаңсыз жастығы еді.
Simbioz
Қош келдің, қайта айналып, қараша күз!
Кел, екеуміз көктемге бал ашамыз?
Шашыңа үкі тағайын ақ үлпадан,
Өзіңізге құрметім қаласаңыз?
Жапырақпен ойнайды желің кезіп,
Бақтарды тербеп, самал — қоңыр сезім.
Қалтырап, сен де, сәулем, тұрсың ба әлде,
Қара суық қаңтардың демін сезіп?
Жазда қайтты аяқтап көңіл кешін,
Қазда қайтты айтамыз оның несін?
Қоңыр әнмен жұбатып жүрегімді,
Мен де отырмын көктемнің жолын тосып.
НЕКҮЙЯ
Жығылған соң жастықтың жалауы да,
Бастағандай өмірдің жолы ауырға.
Құрдастардың алды да кетіп жатыр,
Біз білмейтін белгісіз ана ауылға.
Ол ауылда не барын түсінбедік?
Өңім түгіл білмедім түсімде ұғып.
Асықты ғой әйтеуір олар сонда,
Қысты ма екен бір жұмбақ ішін желік?
Ердос қайда досым-ау, Талғат қайда?
Өмір сүріп енді олар жан бақпай ма?
Құдайдың алдындағы қу басымыз,
Жел айдаған шөлдегі қаңбақтай ма?
Бізден сәлем айтыңдар ол жақтағы,
Халыққа хат жазар ем жол жоқ бәрі,
Жабық тұр достарды ерте шақырмасын,
Тірілер өлгендерін мол жоқтады.
Қорымдармен қоршалып ауыл жатыр,
Арқалаған адам көп ауыр ғапыл.
Дүниенің есігін енді ашқандар,
Неге есігін сыртынан жауып жатыр?
Мінәжат
Мен бір күні тастаймында кетемін,
Айналғанда тастай мұңға мекенім.
Айналамның бәрі өтірік күледі,
Іштерінде жасырынған бөтен үн.
Сәбилердің жанарына жылынып,
Тұр әзірге үзілердей гүл үміт.
Жарылқашы қазір? Келер уақыт жоқ,
Бұл өмірге қайта-қайта туылып.
Жалынғам жоқ. Мені өзің жараттың,
Кешіп жүрмін қабағыңа қарап күн.
Қу дүниең татымайды құнына,
Қолымдағы қалам менен парақтың.
Күнәлімін. Кінәлауға қақым жоқ,
Әр жырымды оқы жазған хатым деп.
Менің жалғыз жүрегімде ғанасың,
Мешіттерде аталғанмен атың көп.
Қали ана
Баллада
Қызылсайдың қырында аңыз қалған,
Кешегі жеткен бізге абыздардан.
Жексенқұл, Қосшығұлын күткен екен,
Анаға сағым болып сан ізгі арман.
Зарлаған тауы жесір, тасы жетім,
Жырлаған Қали ана қасыретін.
Қос ұлын күткен майдан даласынан,
Келер дер сақтап қойып бәсіресін.
Қызылсайдың сайында аңыз қалған,
Қызғалдағы қан жұтты қауыз жарған.
Қали ана зарына куә дала,
Бұл қырда гүлдей солды сан ізгі арман.
Қалидың ұл біткенде құрсағына,
Қайғыны кім тілеген ұрпағына?
Ананың жасы толды аңыраған,
Қызарған Қызылсайдың қыр-сайына.
Қызылсай гүліменен қызыл еді,
Жас Қали сол қырдан гүл үзіп еді.
Қос боздақ Әлімбайдан қалған тұяқ,
Қалидың қалған жалғыз қызығы еді.
Қалидың қанат қақпай қайта арманы,
Күтті ол, күдігінен тайсалмады.
Күйеуі Әлімбайды жұтқан соғыс,
Майданнан қос ұлында қайтармады.
Қартайтты жас ананы өмір майдан,
Қайғырса нұрланады көңіл қайдан?
Жексенқұл, Қосшығұлы қос қанаты,
Тараған ұрпағы еді Қоңырбайдан.
Қойы мен қоржын тамға ие күші,
Күн сайын жүрер жолы үйі, өрісі.
Атанған жынды кемпір Қалидың жоқ,
Таяғынан басқа оның сүйеніші.
Сүйеніп таяғына қойды бағып,
Қойменен қоса Қали қайғы бағып.
Құдайдан үміті бар қос ұл келсе,
Ауылда дүркіретіп той қылалық.
Бұл соғыс кімге керек? Кімді аяды?
Құшағын дұшпанына кім жаяды?
Алдамшы сол үмітке алданумен,
Күтумен өтін жатыр күн баяғы.
"Сүм соғыс, қарғыс атқыр, жауыз майдан"
Айтады жақсы сөзді ауыз қайдан?
Жылаған жетім бала, жесір әйел,
Бүтін жан табыла ма Қызылсайдан?
Талайдың жақындарын жұтқан майдан,
От шашқан айдаһардай жұтқа айналған.
Бірі ұлын, ал біреуі жарын жоқтап,
Қайғыдан жүрегіне жүк байланған.
Қайғысы ауылдағы әр үйдің бір,
Тағдыры қасіретті Қалидың бұл.
Қарт ананы жынды кемпір атандырған,
Пендеге тозақ па еді пәни құрғыр?!
Айтатын ай астында сызылып ән,
Айырылды Қызылсайы қызығынан.
Жетімі ерте есейді, келін кемпір,
Қалидың да бұл күні күзі тұман.
Аттанып қыз күнінде Таласынан,
Жар тапқан Қоңырбайдың баласынан.
Бұл Қали қайдан білсін қос боздағын,
Жоқтайтынын Қызылсай даласынан.
Дауыс
Құса болдым қамалып үнсіздікке,
Айналамды қоршаған мұңсыз нүкте.
Өз дауысым өзіме дұшпан қазір,
Өз арқамды тосқан соң құнсыз жүкке.
Тәтті шақты бейнелеп түсімдегі,
Өмір сүрдім өлеңмен түсін мені.
Шындық жайлы сұрап ем адамдардан,
Білмейді екен, өтірік пішіндеді.
Содан кейін күн кештім үнсіз ғана,
Ақиқатқа беріліп құнсыз баға.
Күннің көзін қара бұлт жапсадағы,
Жабықпайды, мұңсыз жан, мұңсыз дала.
Содан кейін қамалып қабырғама,
Мен шындыққа іздедім қадір-баға.
Туралықты табар жол табыт қана,
Ақиқатқа барар жол қабір ғана.
Қарға
Сен де ғаріп, мен де ғаріп қарғам-ау,
Сенде де аппақ, менде де аппақ бар қалау.
Сен қарқылдап қар сұрайсың Құдайдан,
Ар сұраймын арда бірақ арман-ау.
Сен де ғаріп көктемі мен жазы мұң,
Мен де ғаріп жыры менен сазы мұң.
Өлексе ғой сенің өлім азығың,
Өлең ғана менің өмір азығым.
Азығы бар басқалардан бөлекше,
Қар мен арды қадір тұтар ерекше.
Ашынғанда мен жазамын өлеңді,
Ашыққанда сен шоқисың өлексе.
Екеумізге бұйырғаны сол ғана,
Мекеніміз қиырдағы шөлдала.
Сені, орман-мені-қоғам, түсінбей,
Ала алмадық біз олардан оң баға.
***
Ішімдегі жанартау жарылардай,
Отырмын мазаң күйден арыла алмай.
Байқамай жұтып қойған ашу үсті,
Өкпемде бір залымның зәрі бардай.
Қонақтаған құстыда үркітпедік,
Жерде жүрсе жем шашып, іркіт беріп.
Обалым жоқ ұсынған залымдарға,
Жүрегімді кеудемнен жыртып беріп.
Неліктен көлден безіп, шөлді кешем?
Қайтпады надандардан нөлдік есем.
Расында жүрегінен өледі екен,
Көп ақын неге ертерек өлді десем.
Әркімге бір ұсынып ол жүрегін,
Таба алмай өледі екен мөлдір емін.
Кеудеумді енді ашпаймын ешкімге де,
Бүгіннен бастап әркез сол білерім.
Мөлдір шақ
Сенің мұңлы жанарыңнан,
тамып кеткен мөлдір шақ.
Мөлдірейді қаламымнан,
мөлдірейді сол бір сәт.
Менің мұңлы ғаламымнан,
арылмады сол бір сәт.
Қатқақ мұздай қабағымнан,
Жауған қардай-ол бұршақ.
Сенің мұңлы жанарыңнан,
тамып кеткен мөлдір шақ.
Сол бір шақты тағы мұңдап,
Еске аламын мен бұл сәт.
Өткен шағым сағым көктем,
Өлшенбейтін асылмен.
Жастық күнім тамып кеткен,
Жалғыз тамшы жасыңмен.
Жалғыз тамшы көздеріңнің,
Жасыменен мөлдіреп.
Тамып кеткен сол кез мұңлы,
Жастығым бұл соңғы рет.
Петроантос
Гүлсара Байдановаға
Тәңір оған тағдыр берді тым ауыр,
Күресетін майдан көп.
Ақынға да, жазушыға бұл ауыл,
Күліп құшақ жайған жоқ.
Ол әлемнің бір есігін ашты анық,
Сәуле шашып түнектен.
Тауда, шыңда өсетұғын тас жарып,
Тәңірі оны гүл еткен.
Мен кей кезде түсінбеймін тәңірді,
Неге кешті гүл сынақ?
Арқалап жүр оларда ауыр тағдырды,
Әй, біздерге тылсым-ақ?!
Таста гүлдер күйік, мұңы ішінде,
Тағдыры бар тым ауыр.
Пенделерден биіктігі үшін бе,
Оған қатал мына ауыл?
