Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
ҚР Қарулы Күштері күні құтты болсын!...

05.05.2023 1755

ҚР Қарулы Күштері күні құтты болсын! 14+

ҚР Қарулы Күштері күні құтты болсын! - adebiportal.kz

7 мамыр – Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің құрылған күні. ҚР Президентінің 1992 жылғы 7 мамыр күнгі Жарлығымен Мемлекеттік қорғаныс комитеті аталған ҚР Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылған болатын. Содан бергі отыз бір жыл ішінде Қазақстанның Қарулы Күштері құрылып қалыптасу кезеңін бастан өткеріп, еліміздің құрлықтық, суайдындық және әуе шекарасын қорғауда қалтқысыз қызмет етуде. 

«Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштер туралы» ҚР Заңының 5-тарауы, 18-бабының 1-тармағында «Қарулы Күштер агрессияға тойтарыс беруге, Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығы мен егемендiгiн қаруланып қорғауға, мемлекеттік және әскери объектілердi күзетуге және қорғауға, әуе кеңiстігін күзетуге, заңсыз қарулы құралымдарға қарсы күресуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес мiндеттерді орындауға арналған», - деп көрсетілген.

Осы заманғы соғыс техникасы, қару-жарақтары, қорғаныс жасау мен ұрыс жүргізу тактикасы мен технологиясы қандай деңгейде дамып кеткенін посткеңестік аумақта соңғы үш жыл ішінде жүрілген, жүріліп жатқан әскери іс-қимылдар анық көрсетіп отыр. Осыған сәйкес күллі әлем елдері өздерінің әскери доктриналарын қайта қарауға мәжбүр болуда. Қазақстан Республикасы да бұл заманауи үрдістен кейіндеп қалмауы тиіс. Аумағы жағынан әлемдегі тоғызыншы орынға ие кеңбайтақ елдің шекара сызығы қарлы-мұзды шыңдар, көз жеткісіз жазықтар мен құм шөлдер, өзен-көл, теңіздердің айдындары арқылы өтеді. Құрлықтық  – 13398, суайдындық – 1730, жалпы ұзындығы 15128 шақырымды құрайтын осынау ұзыннан-ұзақ шекараның сызығын қас қақпай күзету – Қазақстан Қарулы Күштерінің Отан алдындағы борышы. Тәуелсіз Қазақстанның экономикалық әлеуеті де Қарулы Күштерін жыл өткен сайын нығайта түсуге толығынан жететіні анық. Солай болуы да тиіс. 

Ежелден ер деген,

Даңқымыз шықты ғой.

Намысын бермеген,

Қазағым мықты ғой!

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Әнұранында айтылатынындай, біздің халқымыз расымен де ежелден ер болмаса, осынау ұлан-байтақ жерге бекерден-бекер ие болған жоқ қой. Соңғы бірнеше ғасыр жүзінде ғылым-білімі алға шыққан халықтарға есеміз кетіп бодан болып, қайта түзелгеніміз болмаса, Еуразия төсін ен жайлаған бағзы бабалардың ел қорғау үрдісі, майдан даласындағы қимыл-әрекеті ерек болғанын көне тарихтың өзі растайды.

Заманында: «Аттан түс, амандас, сөйлес!» - деген өр қазақтың ата-бабалары – бес мың жыл бұрын ен даланың жабайы хайуаны жылқыны қолға үйретіп мінді. Қолға үйретілген жылқыны мініп, алыс қашықтарды бағындыру, жаудан қорғану, қарсы шабуылдау үшін үзеңгі мен шалбар ойлап табылды. Шайқасқа арналған соғыс әбзелдерін атына жауып, жал-құйрығын шарт түйіп мініп, бесқаруын асынған жауынгердің айбаты қазіргі күнгі алпыс-жетпіс тонналық темір тажал танкілердің сұсынан артық болмаса кем түспеген. 

Бұл өз кезегінде әлемдік соғыс әдіс-тәсілдері тұрғысындағы үлкен төңкеріс болатын. Осының арқасында тапқан арғы бабаларымыз ондаған ғасыр жүзінде Еуразияда еркін үстемдік жүргізді. Бүгінгі орасан зор туристік нысан Ұлы Қытай қорғаны – тұтқиылдан шабуыл жасап, қуса жетіп, қашса жеткізбей, кең сахараға ағымдай бұлдырап сіңіп кетіп қайырылып қайта соғатын көшпелілерден зәресі ұша қорқатын отырықшы жатақ жұрттың өз бас амандығын қорғау үшін ғасырлар бойы бейнеттене соққан алып құрылысы. Найзасының ұшы алтын бағзы бабалар заманы солай болған. Өткен дүниенің мақтанышы.

«Дәл қазір, осы сәтте күшті болуың керек. Сонда ғана мақтаның – мақтан. Сонда ғана бұрын да мықты болғаның мойындалады. Қазір күштінің мың жыл бұрынғы тарихы кеше ғана болған шындық сияқты да, сіздікі – ертегі сияқты. Ешкім сенбейді, ешкім тыңдамайды. Бүгінгі түріңді көріп, кешегі қалжаңнан түңіледі», - дейді, қазіргі дәуірдің ойшыл қазағы Тұрсынжан Шапай. Бұл да есте ұстарлық есті сөз. Қазіргі кезең – асыра айтудың, құр мақтанның заманы емес. Құр мақтан, «бөрі арығын білдірмес, сыртқа жүнін қампайтардың» кебімен әлемде теңдесі жоқ қарулары барлығын әйгілеп әйдік әскери парад өткізуге құмар жұрттардың да сыры ашылып жатқан заман бұл.

«Өз елінің армиясын тамақтандырғы келмеген халық, өзге елдің армиясын тамақтандыруға мәжбүр болады» дейтін айтылымның иесі – француздың әйгілі қолбасшысы әрі императоры Наполеон Бонапарт (1769-1821) делінеді. Бұл – кешегі-бүгінгі өмірдің өзінен алынған ақиқат. Күштінің әлсізге әлімжеттік жасайтыны, ал әлсіздің өзінің барлық мүмкіндігіне сай қорғаныс әрекеттеріне көшетіні – күллі тіршілік иесінің, оның ішінде адамзат баласына да тән үрдіс. Бұл үрдіс арғы дәуірде де, кеше де жалғасқан. Бүгін де жалғасып жатыр, ертең де солай болмақ. Тіпті көз жүгіртіп қарар болсақ, адамзаттың соңғы үш мың жылдық тарихында ірілі-ұсақты соғыстар мен шайқастарсыз өткен, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт жылдар тым аз екен. Демек Жер ғаламшары тұрғындары үшін ауадай қажеттіліктердің бірі – бейбіт өмір сүру жағдай десек болады. «Аспанымыз ашық, дұшпанымыз қашық болсын!» - деген ізгі тілек қашанда өзекті болып қала бермек. Себебі қазіргі күннің өзінде Жер шарында аспанын соғыстың қара бұлты торлаған, күн сайын бейбіт тұрғындар, оның ішінде аналар мен жас сәбилер мезгілсіз қаза тауып жатқан ыстық нүктелер баршылық. Бұл – біз үшін үлкен сабаққа шақыратын, асқан сақтыққа үндейтін жағдайдар. Елдің амандығы, тыныштығы бәрінен қымбат. Қазақстан Қарулы Күштері күні құтты болсын!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар