(әңгіме)
-Тағы да гәлстүк тағып алыпты, ел-жұрттан ұялмайды ғой, ұялмайды, – деген сексенге тақаған шешемнің кінәмшіл даусын естідім.
- Тақса таға берсін. Ауғанстаннан ауру қосып келді ғой, не жынды емес, не сау емес. – Бұл – Құдай қосқан қосағым Нәзипаның даусы.
Отызға жетіп, екі баланың әкесі атансам да, мойнымнан қызыл галстукті тастағым келмейді. Шүберек те оңайын деді, енді апта сайын суға салып, шоқ үтіктің табанымен таптай берсе... шүберек түгілі адамның да бет-бейнесі жыл озған сайын тозбай ма? Жиырма жыл мойныма тағыппын, арада төрт жыл октябрят төсбелгісі, сосын ВЛКСМ төсбелгісі, ең соңынан қалтама қып-қызыл ғып партбилет салып жүріппін. Маған ең ыстығы – қызыл галстук. Он жасқа дейін бес бұрыш октябрят төсбелгісін тақтым, ол кезде түкпен ісім жоқ, тек сабақ оқып, сиясауыт тазалап, 1-мамыр мен 7-қарашада «Ленин біздің атамыз, саясында жатамыз» деген тақпақты мүдірмей айтып шықсаң болғаны. Ал өз басым он жасымда пионер қатарына өткен шағымды ештеңеге айырбастай алмаймын. Алаңдауы жоқ алаңсыз өмір, айналаңның бәрі ғажап - бәрі тамаша, алаңда доп тепсең де, пионер лагерінде лаулатып алау жақсаң да, 8-наурызда сыныптас қыздарды открыткамен құттықтасаң да – бәрі жан-дүниеңнен тап-таза боп шыққан мөлдір көріністер. Он үш жасымда парталас Ұлбиге «Мен сені сүйемін!» деп сутартқышқа хат жазып, бір партада отырсам да, жақынды алыс ғып жан досым Өменнен беріп жібердім. Келген хатты көргенде төбем көкке екі елі жетпей қалды, мен осы жауапты бір күн бойы дегбірсізденіп күттім ғой. Ұлби сабақты жақсы оқитын колхоз парторгінің қызы, өзі сұлу, өзі ақылды. «Не депті?» – дедім Өмен бүктелген бір парақты қолына ұстап тұрғанда. «Өзің оқысайшы», – деді хатты ұсынып. Парақтың бүктеуін жазсам, «Мен де...» деген көп нүктесі бар аяқталмаған бір-ақ сөйлем. Сол күнгі қуанышым мен лепірген көңіл-күйімді сұрама. Сыныпта да, үйде де аяғымның ұшымен билеп жүрдім. Шешем: «Бүгін саған не көрінді?» деп еді, «Иә, солай...» дедім де, галстугім тап-таза болса да тағы бір жуып тастап, үстінен үтік жүргіздім. Ұлби тек менің мойныма, галстугіме қарайтын секілді. Қолымның епсегі бар, үйдегі тірліктің бәрін өзім істеймін, алды-артымда ешкім жоқ, бір үйдің жалғыз тұяғымын...
- Пионер галстугіңе қарай бермей анау үш қой, екі ешкіңді жайып кел, әйтпесе аштан өлеміз, – деді қосағым Нәзипа. Тілі удай ащы, бұл да бірге оқыған сыныптасым. Түйекештің қызы, әкем қит етсе болды: «Кеулімжайдың жекеменшігінде он бес түйесі бар, соның қызын айттырып, құда түсейін», – деп айтады да отырады. Бір күні мен де тура кеттім.
- Әке, Кеулімжайдың қызын алам ба, түйесін алам ба?
- Қызын алсаң, түйе қайда кетеді дейсің... – әкем баппен сөйлеп, байыбын айтты.
Шешеме бар сырымды жайып салдым.
- Әкеме «қой» деші, мен Кеулімжайдың қызын ұнатпаймын. Мінезі шадыр, ұрысқақ, мен Ұлбиді ұнатам.
- Оның әкесі парторг, сенің әкең әшейін ушетшік, бізді менсінбейді ғой. Ол қызын берсе, райкөмге береді.
- Өзің әкеме ұрысқанда «райкөм тышпай ма?» деп айтып ең ғой. Олар да адам ғой біз секілді.
- «Тең теңімен, тезек қабымен», заман солай боп тұр ғой, – деді де, әріге бармады...
Пионер кезімнің қызығын сұрама, ол мен үшін бір ертегі әлем. Үш ай жаз каникулдың екі айы ауыл баласы үшін далада су кешумен өтеді. Күріштің арамшөбін отаймыз. Таңғы сегізден белуардан су кешіп, қол орақпен арам шөпті «чапаевша» арлы-берлі ойқастап жүріп өлтіріп, кешке дейін атызда атой саламыз. Біз кең балақ түрсік киеміз, қыздар жаңа ғана үрдіске енген спорттық «трико» киіп шығады. Сонда алғаш рет осы күнгі жан жарым Нәзипаның толысқан денесін көрдім, спорт шалбары су-су боп жуан санына жабысып тұр екен. Көңілім дыз ете қалды, қыздың толысқан денесін алғаш көруім ғой. Мен ғана емес, басқа балдардың да көздері арбалып қалды, аузы жеңіл Өмен досым: «Нәзипаның фигурасы күшті екен» деп айтып салды. Маған керегі Ұлби еді, оны парторг әкесі «ревматизммен ауырады, қол-аяғы сырқырайды» деген дәрігерлік анықтамамен күріш отақтан құтқарып қалыпты...
«Мә-ә!» деп маңырап, мал қораны жіңішке әуенге бөлеген қозы-лақтың үні шықты. Енесін өріске айдаған кезде қозы-лақ күнұзаққа көзден таса болар енесін қимай осындай жіңішке дауыс шығарып қалады.
- Атауыңды ішіп болдың ба? Екі ешкі көшеге шығып кетті, көлік басып кетсе, одан да айрыламыз. Қайта құру сені асырай ма?! – Жұбайымның тілі ащы, бірақ құлағым үйренген, күнде естіп жүрген әуен ғой. Көңілінде бір кіді бар, солай сөйлемесе әйел бола ма?
Кесенің бетін жауып, галстугім желмен желпілдеп, үш қой, екі ешкіні қызыл жыңғылмен шықпыртып, ауыл шетіндегі өріске айдап келе жатырмын. Өрістің де өмірі қысқа боп тұр, біреу сатып алыпты, дейді. Көреміз. "Мен не көрмедім, октябрят, пионер, комсомол да болдым, партия..." дей бергенімде, жарты қап жүгеріні арқалап, базарға шыққан әйелімді көрдім. Былтырдан қалған жүгеріні сатып, пұл қылмақшы. Автобустан қалып қоймайын деп жол бойында бүлкілдеп бара жатып қасымнан кекетіп сөйлеп өтті.
- Пионер галстугің далада қалып қоймасын...
Әйелді сөйлеп жеңе алмайсың.
Тіл қатқан жоқпын.
***
Пионер боп келіп, он алты жасымда комсомолға өттім, бірақ бұл өзгеріс жанымды жадырата қоймады. «ВЛКСМ уставын мойындайтын...» деп басталған жұқа кітапшадағы сөздерді күндіз-түні жаттадым, бірақ миыма кірмей-ақ қойды, өйткені жаным сүймейтін нәрсеге елжіреп, еліге алмаймын. Амал жоқ, тәрбие завучы апайдың айтқанын істеп, тәбетің тартпаған тамақты зорлап ішкендей боп бір нәрселерді ішіме түйдім. Ең бірінші «ВЛКСМ уставын мойындайтын» деген сөз ұнап тұрған жоқ, оу, мойындамай қайда барамыз? Біз осы елдің тәлім-тәрбиесін мойындамай бір жаққа көшіп кетпейміз ғой. Аудандық комсомол комитетіне барарда завуч апай: «Бірінші хатшы: «Болашақта кім боласың?» деп сұрай қалса, «Шопан боламын» деп жауап бер, ол сенің қолыңнан келеді, сонда сұрақ қоймай тез өткізіп жібереді», – деді. «Мақұл» деймін бас изеп. «Ел тілегі – елу миллион» деп қазақ жастарын жаппай қой бағуға жіберіп жатқан кез, сірә, соның бірі – мен болармын. «Мейлі, мен әке-шешемді тастап, алысқа кете алмаймын, райком болмай-ақ қойдым» дедім өзімді-өзім тоқтатып. Айтқандай-ақ, комсомолдың бірінші хатшысы Өмен екеумізге осындай сұрақ қойды, мен – шопан, ол – механизатор боламын деп жауап бердік.
- Міне, біздің жасампаз елдің құрылысшылары - өздеріңсіңдер, – деп бірінші хатшы тістеніп тұрып сөйлегенде мәз боп қалдық. Сөйтіп, кеудемізге Ленин бейнесі бар төсбелгі тағып, ауылға қайттық. Жолай базардағы кәріс кемпірден бір стақаннан шемішке алып, үш шақырым жолмен жаяу тарттық. Кеудемде қып-қызыл төсбелгі, бірақ тұлабойым бұрынғыдай жеп-жеңіл емес, зіл тартып келеді. Мына түймедей төсбелгі желп-желп етіп, кейде сүйір ұшы ерніме тиіп кететін қызыл галстуктей емес, жеңіл болса да ауыр сезініп, әрең адымдап келемін.
- Көңілсізсің ғой, – деді Өмен дос. – Комсомолға өткеніңе қуанбайсың ба?
- Пионер кезге жетпейді ғой...
- Нәзипаны алатын болдың ба?
- Иә...
Әкем дос-жар Кеулімжаймен стақан соғыстырып отырып, бауыздау құда боламыз деп Нәзипа екеумізге сыртымыздан ен тағып қойыпты.
Маған керегі – Ұлби. Оның әкесі қызметі өсіп, аудан орталығына көшіп кеткен. 8-сыныпта Ұлби жоқ, мен комсомолға өтсем де көңілсізбін. Оның галстук тағып ап күлімсіреген бейнесі бүгін де көз алдымнан бір кетпей қойды. Үйге келдім де, төсбелгі таққан кәстөмімді шегеге іліп, галстугімді тағып алдым.
- Осыған бірдеңе көрінген-ау деймін, – деді шешем жүріс-тұрысыма қарап. Анам болса да менің жан-дүниемді түк түсініп тұрған жоқ. Уақыт – төреші, кейін бәрін де түсіне жатар деп анамның бетіне кешіріммен қарадым.
***
Комсомолда міндет көп екен, «сендер партияның сенімді ізбасарысыңдар, барлық жерде белсенді болуларың керек» деп, бір жеті сабақтан босатып, қияндағы қыстауға қой қырқымға келдік. Ерден шопанның жапандағы жалғыз үйі, парылдаған моторлы құдық, құдықтың ішінде секең-секең етіп құрбақа шоршып жүр, осы құдықтан су ішіп, мейірін қандырып отырған шопан отбасын көрдім. Біз, Нәзипа екеуміз, сыныптас болсақ та бір-бірімізге суықтау едік, осы жолы етене араластық, екеуміздің де көңілімізде лып етіп май шамның пілігі тұтанғандай болды. Мен электр қайшымен қой қырқам, ол бұйра-бұйра сабалақ жүнді жиып-теріп қапқа салып, аузын буып тұрады. Өзі сондай жарамды, іске мәттақам, шешесі пысық деп естігем, үйде жұмсалған қыз екен, түбі шешеме жаман келін болмас деп ішіме ой түйіп қайттым. Өзім жалғыз баламын, үністетте оқып, райком болмай-ақ қойдым, әке-шешемді бағып-қағып, аузына қарап отырсам, сол жетеді. Әнеукүні телевизордан "Тамаша" ойын-сауық отауында қартайған әкесін қарттар үйіне өткізген жігітті көрсетті, Мейірман - әкесі, Құдайберген - баласы боп ойнады. Бір айдан соң перзенті әкесін қарттар үйіне іздеп келеді.
- Көке, жағдайыңыз қалай? – дейді.
- Балаң осы жерге өткізгенде білесің, жағдайдың қалай екенін,- дейді әкесі.
«Беті аулақ, өзімен кетсін» деп тым алыста жүрмесем де, әке-шешеме деген бір сағыныш тұлабойымды шымыр еткізді. Осы қой қырқымның кезінде мен де өзімнің ержетіп қалғанымды сезінгендеймін. Түнде төсекке жатар алдында ұрланып шығып, Нәзипамен кездесіп жүрдім. Қолынан ұстадым, артық қимылға барғаным жоқ, күнде бірге жүрген қыз ешқандай сезімімді қозғамады, тек бір сөзі жүрегіме инедей қадалды.
- Сүйген қызың тастап кетті ме? – деді қараңғыда қағыта сөйлеп. Бетін көре алмадым, жүзінде күлкі мен мазақтың ізі жортып бара жатқан шығар. Әнеукүні аудан орталығына моншаға барғанда Ұлбиді кездестірдім. Жуынып-шәйініп шығып, жаңа таралған дымқыл шашын саусағымен сипап тұрып маған күлімсірей қарады.
- Ауылдарыңда монша ашылған жоқ па? - деді.
- Жоқ. Өзің білесің ғой.
- Деревня...
Бұл, сірә, өмірден қалыс қалғансыңдар деген сөзі болар, анда-санда қаладан үйге қыдырып келген нағашымның балдары бізге «деревня» дейтін. Бас-аяғы жарты жылда Ұлбидің осылай өзгеріп шыға келгені ме? Әкесі талай жыл біздің ауылда парторг болды, сонда неге монша соқтырмады екен? «Сенің де әуселең белгілі болы, сенен гөрі дөрекі болса да, адамды төмендетпей тең ұстайтын түйекештің қызы Нәзипам тәуір екен» деп ішім шым етіп, бұрылып жүре бердім. Сөз жата ма, соны бетіме басып тұр ғой.
- Ол пионер кезіміз еді, енді комсомол болдық, – дедім қою түнде күбірлеп...
Қой қырқымнан кейін ұзамай мектеп бітірдім. «Жастар – жасампаз күш» деп мен қойшының таяғын ұстадым, қыздар да қой мен тракторға шыға бастады. Нәзипа трактор айдауға барғысы келген екен, әкесі «атастырған адамың қайда жүрсе, сонда боласың» деп көнбепті, екеуміз бір күнде бір отар қойға ие боп аға шопанға көмекші атанып шыға келдік. Бір үйде жатып-тұрамыз, күндіз-түні біргеміз, қой төлдету науқаны басталмай-ақ Нәзипаның аяғы ауырлап қалды. Комсомол тойын жасап, некеміз қиылып, отау тіктік. Осылайша мен малға ие боп – отарда, ол жанға ие боп – шаңырағымда қалды...
- Менен сүт шықпай қалды, мына баланы емізетін сүт жоқ, анау Әбдуәлінің үйіне барып сүт әкел! – деген әйелімнің әдеттегідей ащы даусы естілді. Дөңес қауашақты дөңгелете ұстап, галстугім желпілдеп, жолға шықтым. Күн болса желкем, галстугімнің ұшы үйіріліп кеп ерніме тие береді. «Рахат шақтың бәрі артта қалды ғой, сүт пен айран іздеп шапқыламайтын, уайымы жоқ қандай алаңсыз кез еді» деп Әбдуәлі бақташының үйін бетке алдым. "Егер сүт болмай қалса Нәзипа галстугімді мысалға алып, тағы не дер екен?" деп мимырт басып келемін.
***
Ауылым мені «Пионер қойшы» деп келеке қылады. Айта берсін, кімнің аузына қақпақ боласың, тек кеше мен бүгінге мойын бұрып, дұрыстап қарамай ма? Қойшы боп жүріп шопандардың облыстық слетіне қатыстым. Сонда мені алып барған комсорг Елтай үш күн бойына бұғының суреті бар қызыл галстугін мойнынан шешкен жоқ. Ақ көйлектің омырауында қызыл шүберек кіндігіне жетіп салбырап тұрады, еңкейе қалса, кіндігінен де асып кетеді. Түнде қонақ үй бөлмесіне кәйіп боп келгенде де көйлегінің алқым түймесін ағытып, галстугін шешпей төсекке құлай кетеді. Мен комсоргтің қылқынып тұрған сорайған мойнына аянышпен қараймын.
- Елтай, сен райком емессің, неге галстугіңді тастамайсың – деп едім:
- Болмасақ боламыз, соған дайындалып жүрміз ғой. Кешегі екі күн жиналыста төрде отырған дәулерді көрдің бе, екі күнде екі түрлі галстук тағып келді. Бәрінікі жарқырап тұр, кісі қызығады. Біздікі әшейін шүберек қой. Ех, біз де сондай галстук тағар ма екенбіз, – деп айналасына әрі армандап, әрі өкінішпен қарады. Тіпті, қайтар жолда, автобус толы қойшы-қолаңның ортасында да галстугін шешпеді.
Жол үстінде тағы да сұрадым.
- Автобуста галстуктің не керегі бар, жиналыс емес... мойныңды қысып кетпей ме?
- Сен қара қойдан басқа не көрдің? Қарасайшы, автобустың үштен бірі қыз-қырқын емес пе? Олар сені көргенде бетіңе емес, мойныңа қарайды, – деп жымың етті.
Осы қойшылар слетінен партия мүшелігіне өтуге кепілдеме алып қайттым. «Еңбектегі озық көрсеткіштері үшін, үлгілі тәртібі мен комсомолға тән адалдығы үшін КПСС мүшесі болуға лайық» деп слет жалпы жиналысы кепілдеме беріпті. Мен баққан қойды басқалар да бағып жүр, қора бүтін, жем-шөп мол болса, көрсеткіш те жаман болмайды. Үлгілі тәртібі дейтін не бар, біреудің басын жарып, көзін шығарған жоқпын, әйтеуір біреуді жұрттың көзінше мадақтап, алға шығару керек болған шығар.
Жүз жиырма шақырым жолда жолай кездескен кафеге тоқтап, тамақ іштік, комсорг Елтай екеуміз ащы судан ұрттадық.
- Сенің партия мүшесі болуыңмен! Біздің ауылда сенің алдыңа шығар қойшы жоқ. Сол үшін алып қояйық, – деп білегі дірілдеп, галстугі селк-селк етіп тост айтты.
Ол қырлы стақанды түбіне дейін тартты, мен жартылай іштім, өмірімде бірінші рет арам асқа ауыз былғадым. Үйге теңселіп, кәйіп боп келдім. «Осы жүрісімді әкем көрмесе екен. Оның үйге тәлтіректеп келгенін ешқашан көрген емеспін".
- Өлә, пионер қойшы мас боп келді, – деп Нәзипа сүйінші сұрағандай боп енесіне естіртіп айтты.
- Ішсе, еңбегіне сай ішкен ғой, – деп шешем жуып-шайды.
- Аузыңды жап! – деп жұбайыма тап бердім. Ішіп келген еркек қатын сабайды дегеннен хабардар ол дымын шығармай зыта жөнелді.
***
Коммунист деген аузына ие болу керек, бұрынғыдай не болса соны айтып, бей-жай сөйлесең алдыңнан қыл шылбыр тартылып, сөздің де сұрауы болады екен. Парторг қыстауға келіп, партия шешімдерін тәптіштеп, «кім көрінгенге жем-шөп аз деп айтпа, қора бүтін, жағдай жақсы» деп сөйле дегендей, сөздің парқы мен нарқын түсіндіріп кетіп жүрді. Анда-санда отарға автоклуб келетін болды, әнші жігіт «Жезкиікті» дірілдеп айтып, бір тоқтыны жеп, кәйіп ұстап кетеді. Бұл – ұлттық дәстүр, әйтпесе қазақ қонаққа берген ас-суын сөз қылмаған халық. Анда-санда бір бума газет әкеп тастайды, бір ай бұрын шықса да, ел-жұрт не істеп жатқанын аудандық «Өскен өңірден» оқып, мәз боп қаламыз. Бір күні автоклуб меңгерушісі оншақты кітап әкелді, арасында «Үлкен Түркістанның күйреуі» деген мұқабасы алабажақ кітап бар. Қой жайып келгесін темір пеш түбінде отырып, осы кітапты бас алмай оқыдым. Өйткені, ауылдасымыз Мұстафа Шоқай туралы екен. Әкем Мұстафаның көз көргені, бір ауылда туып, қарадомалақ кезінде бірге ойнаған, "кейін ол қалада оқып, ел ісіне араласып, ақыры, сүйегі жат жұртта қалды ғой" деп айтып отыратын. Әкемнің аузынан Мұстафа түспейді, «оқығанда сен де сондай болар ма едің, елге сыймай кетті ғой» деп күйінетін кездері де бар. Әкем баласының болашағына көңілі толмай ма, әркез өзі айтқан сөзден өзі сескеніп те қалатын тәрізді. Оқысам, несі бар, кімнен кеммін, өзі ғой, он бес түйесі бар түйекештің қызына құда түсіп, он жеті жасымда аяқтандырған. Осы кітапты оқып болғасын:
- Әке, Мұстафа, Мұстафа дейсіз, ол Отанын сатқан сатқын екен ғой, – деп едім, әкем тосылып қалды.
- Балам, – деді баяу ғана, –әкеңе сенесің бе, кітапқа сенесің бе, әлі заман көрсетеді кімнің кім екенін, өзің коммунистсің, орынсыз сөз айтпа, – деп тоқтап қалды.
- Коммунист тек шындықты айтпай ма? Мына кітапты да коммунист жазған жоқ па?
- Білмеймін, кім жазғанын. Мұстафа ондай емес, – деді де, орнынан тұрып кетті...
Коммунистер жаттанды сөзден жалықпайды екен, мені де «100 саулықтан 120 қозы алып, жоспар мен міндеттемені асыра орындаймын» деп жиналыста мінбеге шығарып сөйлетті. Жем-шөп мол, қора бүтін болса, онсыз да қара қой қоздамай қалмайды, бар гәп қошқарда ғой. Қолдан ұрықтандырған қозы мал боп жарытпайды. Қошқар атырылып тұрса, қозы қайда кетеді дейсің. Айта берсең, сөз көп. Өмір шіркін де өтіп барады, таң атса, күн батады...
19 мамыр – Пионерлер күні, сұқ саусағыңды шекеңе қойып, «Әрқашан дайынбыз!» деп салют беретін сәт қандай тамаша еді. Бұл – бүлдіршін кездің соңы, есейіп, кәмелетке түсер жолдың басы екен ғой. Шын сөзді ысырып қойып, жалған сөйлеу де осы жолдан басталды ма деп қаласың...
Әкем сол екеуара сөзден кейін біраз күн томсарып, іштен тынып жүрді, сірә, қарасирақ шағын бірге өткізген досына қаратып айтқан баласының сөзі жүрегін жаралап кетті-ау деймін. Сол бұйығы күйде, бір күні тал түсте тіп- тік отырып, «Жүрегім!» деп шалқасынан түсті де, жөнеп кетті. Қазір әкемнің қапияда көз жұмуына себепші болған жоқпын ба деп өз-өзімнен жауап алам, коммунист болсаң да, болмасаң да байқап сөйлеу керек екен. Шолжың басым өмірі көзімнен жас шығармап едім, әкем өлген күні өкіріп тұрып жыладым...
***
Бұрын озат қойшы атанып, бір рет әскерден қалып едім, енді жаңа туған перзентім мен қалыңдығымды шаңырағыма тастап, Отан қорғауға аттанып барамын. Әкем өлгесін біздің үйдің бағы таяйын деді ме, білмеймін, көлденең келген тосын әрекеттер көбейіп кетті. Әскери комиссариат шақырып, «Өзің коммунист екенсің, бір балаң бар екен, жұрт екі жыл болса, сен бір жарым-ақ жыл служит етесің» деп, томпақ автобусқа мінгізіп алды да кетті. Бір отар қой күйсеген күйі қалды, оған кім ие боларын өздері білсін, қазір өзі қой түгілі адамның қадірі болмай тұр. Елге бір топалаң келді. Он бес жеке түйесі бар қайын атам да қоғам мүлкіне қол салғаны үшін істі боп, бір жарым жылды арқалап, темір торға тоғытылды.
Колхоздың іргесі шайқалып, түйе түгілі қара қойдың ешкімге керегі болмай қалды. Әскерге аттанарда қызыл галстугімді мойнымнан шешіп ап, өз қолыммен жуып, жалбыратып жайып кептіріп, қыртыс қалдырмай үтіктеп, қызыл сандыққа салып кеттім. Осы үп-үшкір ұшы бар үлбіреген қызыл шүберекті көрсем, қашан да жаным жадырап қалады, көз алдыма өзімді «деревня» деп кемсіткен бала махаббатым Ұлби, «трико» киген Нәзипаның тырсиып тұрған жуан саны мен томпиып шыққан кеудесі, сутартқышқа жазған алғашқы хатым, пионер лагеріндегі лапылдап жанған алау – бәрі-бәрі бөтен сөзден хабарсыз тұп-тұнық таза кез екен. Енді, міне, коммунист боп Отан қорғауға аттанып барамын.
- Жынды да болсаң қасымда жүре бергенің дұрыс еді, – деп Нәзипа жолға шығарда жыламсырап қалды. Сүйіп қоштасу деген біздің салтымызда жоқ, «аман бол» деп арқасынан қағып, аттанып кеттім. Шешем жолыма жеті шелпек пісіріп берді, осылай қызыл галстукті үйде қалдырып кете бардым. Үш ай оқытып, жаттықтырып, Ауғанстаннан бір-ақ шығарды. Тағы да коммунист екенімді баса айтып, интернационалдық борыш дей ме, қойшы әйтеуір, қара қойдан басқа түк көрмеген қазақты тау-тастың арасына апарып, ала орамал тартқан дұшмандармен айқастырып қойды. Менен басқа, мектепті алтын медальмен, үністетті қызыл дипломмен бітірген небір «сен тұр, мен атайын» қазақтың бозбалалары өмір мен өлім арасында жүр. Орыстардың көбі үй-жайы жоқ қаңғыбас, шала сауатты маскүнем, ал өзбек пен қырғыз атаулы жоқтың қасы. Біз бес қазақ болдық, оның екеуі оққа ұшты, мен жол үстінде минаға ұрынып, үш ай далалық госпитальда жатып, бір жыл, бір ай дегенде елге оралдым. Әйтеуір қол-аяғым сау, шыққан тегімді сұраса жаңылыспаймын, бірақ екі аяғын тең басқан көрікті азамат емеспін, жүйкемде іске қосылмай қалған бір тетік бар секілді.
Алыс жолдан келген бетте кәрі шешемді де, сүйген жарым мен екі жасар перзентімді де көзге ілмей:
- Галстугім қайда?! Тез тауып әкеліңдер! – деппін.
- Мынау бұрынғысына қосып кепті ғой,– деген Нәзипаның қитұрқы даусын естідім.
Мен үшін ұшы үп-үшкір бір тұтам қызыл шүберек бәрінен қымбат көрінді. Көз алдымнан кетпей қойып еді, қазір-ақ мойныма тағамын...
***
Комсомол кезімде қойшылар слетіне қатысып, «бісімілла» деп зәһардан дәм татсам, коммунист боп Ауғанстанды қорғағанда сол ащы судан аузым босамады. Күнде азанда жүз грамм спіртті жұтқыншақтан өткізгеннен кейін бойың қызып, тау-тасты аралап, ажалдан да сескенбей сергек жүреді екенсің. Тіпті, жолын тауып, «жынды шөп» алдыртып, қайнатып ішіп, қайғы-мұңды сейілткендерді де көрдік. Жаралы боп госпитальда жатқанда да дәрігерлер спірттен ұрттатып, тән жарасын жеңілдетуге жәрдем беретін. Осы әдет ауылға келгесін «ауру қалса да әдет қалмайдының» кебіне ұшырады. Нәзипа пысық қой, колхоз быт-шыт боп тарағасын ауылдың дәл ортасына картон мен қалған қарағайдан дүңгіршек тұрғызып, орталықтан «самопал» арақ, тұрып қалған сыра, солып қалған сәбіз бен өніп кеткен картоп әкеліп сатты. Дүңгіршектің кілті – соның қолында, күнұзақ тапжылмай отыру – менің мойнымда, жан серігім – қызыл галстугімді жылы желмен желпілдетіп отырам. Сықырлатып ағаш есікті ашқан бетте 100 грамды тартып алам, өзім деп келген ауылдасқа құйып берем, олар аузын алақанымен бір сипап тастап, риза боп кетіп бара жатады. Бұл отырыс мен үшін жұмақ болды, ауылдың бір айтқышы «Қызыл галстуктің қымызханасы» деп ат қойыпты. Мейлі, «ит үреді...». Пионер кезімнен кейін ештеңеге алаңдамай күй кешкен отырысым осындай-ақ болсын.
Бүгін әлгі бала махаббатыма хат тасыған Өмен досым келіп, бір емес, екі бөтелкенің басын кесіп, маужырап үйге келе жатырмын. «Үйге жүр», – деп едім, «Әйелің татар сияқты тілі ащы, бірдеңе деп жүрер» деп бас тартты.
Өмен қазір аудан орталығында қара жұмысқа жегіліп жүр, бір күн базарда арба сүйрейді, бір күн біреудің кәрізін қазады, әйтеуір күнкөрісі бар.
Үйге жақындағаннан жүрегім дүрсілдей бастады, бұрын мұндайым жоқ, бір шаңырақты уысымда ұстаған уытты жігіттің бірі едім, әлде Нәзипаның мысы басайын деді ме?
...Түнде түсімде әкемді көрдім. Мен: «Мұстафа, Мұстафа дейсіз, ол Отанын сатқан сатқын екен ғой» деймін. Ол сұлық тұр. «Осы әкем маған ренжіп кеткен жоқ па екен? Оның да балдәурен балаң шақтағы досы ғой. Егер де біреу Өмен туралы жаман сөз айтса қолында өлмеймін бе? Мен кітаптан оқығанымды айттым. Кітапты коммунистер шығарып отырған жоқ па?». Есіктен кірген бетте төсекке құладым. Қызыл галстугім мойнымда, осыны тағып жатсам уайым-қайғысыз тәтті ләззатқа бөгіп, рахат күй кешем. Бір оянғанда галстугімді тағы бір тартып, оң қырыма аунап түстім. Ащы судың әсері ме, тым қатты қорылдасам керек, Нәзипа шамды жағып, қылқындырып байлаған галстугімді шешіп ап, өрнегі көп текеметке қарай өршелене лақтырды.
- Осы, сен, осы галстукпен бір күні қылқынып өлерсің. Тастасайшы енді, онан да екі балаң мен екі қой, екі ешкіңнің қамын ойламайсың ба? – деп «екі» деген сөзімен басымды ұрғылап тастады. – Мен болсам, үшіншісіне жерікпін,-деп томпиып шыға бастаған ішін алақанымен сипады. -Галстугіңді тағып ап бір қоймайсың ғой. Галстукте басың қалғыр!
Ол менің пионер кезімді қарғап-сілеп тұр, уайым-қайғысы жоқ, өтірік сөйлей алмайтын бұла шағыма тіл тигізіп отыр. Сөйлейін десем, сөйлей алмаймын, бірақ ой дегенің шаршап-шалдыққан санамда шыр айналып жүр.
Нәзипаның тілі шошаңдап, тыным табар емес.
- Енді галстугіңді дүңгіршекке апарып байлап қой. Онсыз да жұрт «Қызыл галстуктің қымызханасы» деп жүр ғой.
Айта берсін, күнде естіп жүрген сөз ғой, «қатынның ашуы қазан қайнатқанша...».
Басымды әрең көтеріп қарасам, бір тұтам қызыл шүберек жерде жатыр. Қолымды созайын десем, дәрмен жоқ.
Нәзипа шамды өшірді. Мен көрпені тартқыладым.
- Әрі жатшы-ей, – деп тағы да бұрқ ете қалды.
Санам сергек, сөйлеуге тіл жоқ. Нәзипа лақтырып жіберген галстугімді мойныма тақсам деймін, бірақ оң қолым көтертпейді. Айнала тастай қараңғы. Бөліп жамылған жұқа көрпе де бойымды жылыта қоймады. Жәймен қызыл шүберекке қарай жер бауырлап жылжыдым.
- Жыбырлай бермей тыныш жатшы-ей, – деген Нәзипаның даусын естідім.
Іле орнынан ұшып тұрып, шамды жақты да, бір уыс боп жатқан қызыл шүберекті ортасынан қақ бөліп, тысқа атыла жөнелді.
– Галстугіңді ошаққа тастадым. Жұрт бұғысы бар, қызыл гүлі бар галстук тағады, сенің пионер галстук тағып жүрісің мынау. Жат енді!
«Галстугім ертең ошақта от боп лаулап жана ма? Енді мойным сорайып галстуксіз жүрем бе? Қазір қызыл галстук еш жерде сатылмайды. Қош, мойныма байлаған серігім! Мен сені бұғысы бар галстукке айырбастай алмаймын. Оны басқалар таға берсін».
Тілім жоқ, санам сайрап тұр. Қасымда жатқан жұбайымның бөксесіне жәйлап сау қолымды тигіздім. Бұрқ етіп, қарсы сөз айтпады. Бұған да шүкір.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.