(әңгіме)
Күйеуі әйелін ары тартқылап, бері тартқылап көндіре алмады. Сосын даусын көтеріп:
- Қарағым- ау, мен сені Кабминнің ауруханасына жатқызайын деп тұрмын ғой, - деп еді:
- Жатқызсаң қайтейін,- деді сап-салмақты отырып.
Өзі Орталық Комитетке нұсқаушы болғалы осы үлде мен бүлдеге оранған элита жататын жайлы жер, жұмсақ төсекке тіркеулі. Нұсқаушыдан сектор меңгерушісі, онан кейін бөлім меңгерушісі болғалы бұл жерге деген қадірі бұрынғыдан да арта түскен. Енді мынау бір төсекте бастары түйіскен зайыбының сыздауығы жарылмай сызданып отырғанын қарашы. Алып бара жатқан ауруы да жоқ, тек "басым көтертпей тұр" деп етбетінен түсіп, тырп етпей жатады да қояды. Күйеуі "бұныкі қандай кесел?" деп ойға шомады. Жасы болса елудің бел ортасында, өзінен бақандай он жас кіші. Үлкен-кіші рөлді сомдаған актерлігі бар, бірақ алып бара жатқан талант емес, зейнетке шығып, немере бағатын жасқа да тақап қалды. "Немере дейтін менде немере де жоқ қой " деп Кәміл осы сәт өмірден түңіліп кетті.- Жалғыз ұл екінші топтағы мүгедек, жындыхана есебінде тұрады. Қыз қырыққа тақады, әлі сол қасы мен кірпігін сүрме леп ап сүйреңдеп жүр, біреудің етегінен ұстап, бала туып, үй болу дегенді білмейді. Осы мен қызметте жолым болғанмен тұрмыста оңбай сүрінген адаммын. Осыған кім кінәлі?"
Кезекші медбике келіп, Қанымкүлдің білегіне жүйке аурулары бөлімшесі мен палата нөмірі жазылған анықтама-білезікті байлады.
- Мен бәрібір жатпайтын,- деді ол бұлқынып.
- Өй, сен жындысың, неге жатпайсың?!- Кәмілдің даусы бөтен жерде қатты шыққанда тіркеу бөліміндегі медбике жалт қарады.
- Мен жындымын ба? Бәрібір жатпаймын.
Кәміл сылқ түсті. "Осы, бір Қанымкүл деп жүргенде көргенім мынау. Неменеге жақпай қалдым екен осыған?" Зайыбының "Раушан-коммунистегі" Раушанның образын сомдаған ең алғашқы толымды рөлін сахнаға қалай шығарғанын ойлап кетті. Сонда ол түгілі өзі де жаны күйзеліп, қатты қобалжыды, "аман- есен аяқтаса екен " деп жүрегі алып- ұшты. Үйдегі тігінен тұрған айна алдында арлы-берлі жүріп, белсенді әйел бейнесін сомдап, дайындалған кезде зайыбының сыртынан қарап, жаңа көргендей таңырқап, осындай ұрғашыны тапқанына өз-өзіне ырза боп өнбойын масат сезім билеген. Әсіресе, Раушан қалаға сиезге келгенде дәмханада өзіне пиво ұсынған Әбдішке:
- Пивоң құрысын, біз ішпейміз,- деген сөзіне қарқылдап бір күліп алды.
- Бұл кісілерге тәттіден әпер,- деген соң:
- Дәмі тәтті болса, ішіп көрейін,- деп күлімдей қарағанын салғанда Кәміл де шаттана күліп ап, "Коммунистің әйелі осындай коммунист болу керек" деп атылып кеп зайыбының ернінен құшырлана бір сүйіп алған. "Сол сәт те бұлың етіп артта қалды- ау" деп Кәміл
күрсініп қойды. Тату жолдасын зайыбымен ертіп кеп, спектакль біткенше аузынан демалып, тапжылмай отырды. Жұрт Раушан-коммунист- Құрманкүлдің тауып айтқан сөзі мен орынды іс- әрекетіне ырза боп қол соққанда бірінші қатарда отырған күйеуінің қол шапалағы бәрінен асып түсті. Қасындағы жолдасына да: "Қаттырақ соқ, алақаныңды аяма, бүгін алақан аяйтын күн емес"- деп бүйірінен түртіп, пәрмен беріп қойды. Қойылым аяқталып, Қанымкүл Раушан- коммунистің киімін шешіп, өз киімін киіп шыққанша жолдасының әйелі үшеуі театр алдында тапжылмай күтіп тұрды.
- Қанымкүл рөлді қатырды ғой, - деген жолдасының сөзін де іліп әкетті.
- Енді коммунистің әйелі коммунист боп ойнау керек ғой, - деп туабітті жіңішке даусымен сызыла жауап берді.
- Үйің толы коммунист, - деп жолдасы дем берді.
Бір кезде Қанымкүл маң-маң басып, театр есігінен шығып келе жатты. Құдай Кәмілдің зайыбына мүсін сыйлаған. Орта бойлыдан сәл биіктеу, жап-жалпақ ұл туар бәденді, қос сирағы оқтай түзу, көкірегі өзіне шақырып мен мұндалап жатыр, Пугачева әнге қосқан "Ах, какая женщинаның" өзі дерсің. Сол сәт сап-салмақты тұрған Кәміл жақын келген зайыбына тұра жүгіріп, құшағына басып, солқылдай жөнелді. Қанымкүл де солқ-солқ етіп көз жасын бұлап тұр. Жолдасының зайыбы Әсем абдырап қап:
- Не болды, әйтеуір бала- шаға аман ба?- деп еді, Кәміл артына бұрылып:
-Сәтті шықты ғой, - деді жіңішке даусымен жыламсырап.
- Сәттілікті күліп қарсы алады, жыламайды,- деді- ау сонда Әсемнің жолдасы. Сосын "Бәрі оңынан болсын!" деп қосып қойды. Подшипник зауытының бас инженері - ормандай орысты бір шыбықпен айдаған тату жолдастың "Бәрі оңынан болсын!" деген сөзі жаңа ғана айтылғандай құлағының түбінен зу етті.
Кәміл орнына н тұрып, бас дәрігердің бөлмесіне бет алды. Зайыбына ақыл айтып, емделу керектігін өз аузымен ескертсе деп, жеңіл аяқтығына салып жөнеп кетіп еді, бас дәрігер орнында жоқ. "Бәлкім, Қанымкүл райынан қайтқан шығар" деп тіркеу бөліміне келгенде қыздай көрер Қанымкүлінің орнын сипап қалды.
- Қанымкүл қайда?- деді жіңішке даусымен сұрау сап.
- Тұрды да, есіктен шығып кетті. Тоқтата алмадым,- деді медбике.
- Анықтама білезігі қолында кетті ме?
- Иә, сол күйі...
Кәміл де зайыбы шыққан есіктен шықты. Үнжұрғасы түскен, сүлесоқ. Сырықтай бойы иіліп, партия тарап, тәуелсіздік алғалы екі иығы төмен түсіп, көшеде жаяу жүрер көптің біріне айналған. "Қанымкүл де тәлпіштеніп бітті- ау осы. Мен қызметте жоқпын, жалаң аяқ зейнеткермін, бір күні осы жайлы төсек, арқаңды сипаған аялы алақаны бар жерден сызып тастаса не істер едім. Не жаздым мен осы Қанымкүлге?" деп жан жарымен танысқан сәттен бастап, күні бүгінге дейінгі кедір- бұдырдың бәрін көз алдынан тізбектеп, үйіне жаяу тартты. Бұрынғыдай өзіне тиесілі көлігі жоқ, жаяу жүріп үйренбеген басы оншақты адымнан кейін- ақ ентігіп қалды. " Енді жаяу жүріп, жүректі шынықтыру керек. Қанымкүл шынықтырып жатыр ғой" деп өзін- өзі келеке қылды. "Не жаздым осы Қанымкүлге? Ішкені алдында, ішпегені артында, арнайы дүкеннен алар тәуір тамақты өзі жеп, қоймадағы тәуір киімнің бәрін бірінші болмағанмен екінші, үшінші боп өзі киді. Санаторий атаулының ең қымбатында шалқайып жатып, Қара теңізге шомылып, жаз болса Қырымның ауасын өзің жұттың. Партияның бар жақсылығын мен емес, сен көрдің ғой. Не жетпейді екен осы саған? Тапқан балаңның түрі анау" деп қиялы кілт ете қалды да, өткен бір оқиғаны ойлап кетті. "Алғаш рет гастрольге солтүстікке барып келгесін төсекте жатып, маған бір жаман сөз айтты. Сонда не деді? Сонда... "Сен күндіз еркексің, түнде бала сияқтысың. Түнде..." деп сөзін жұтып қойды. Сол күні ұзын бұрымын жайып жіберіп, жастықтан басын көтермеді. Сол күннен бастап, төсекте етбеттеп жатуды шығарды. " Осыны кезінде неге ойламадым?" деп еркек басын кемсітіп, өз- өзіне іштей кіжінді. "Басыма күн туғанда мұңымды шағып, запыранымды сыртқа шығаратын адамым да жоқ. Партия тарап, аттан түскесін дос қалды ма менде. Мен түгілі дүниені бір қамшымен үйіргендердің өзі доссыз қалды. Өзі асыраған күшіктері өзін қауып... Сонда мен не деп жауап бердім әйеліме? Күлдім де қойдым. Осы арсыз күлкі ғой мені осындай ғып қойған. Күлмейтін жерде күлуге үйреткен заман. Әйеліңмен тату болсаң билікке жағып, қоғамға үлгі көрсетесің, әйтпесе моральдық жағынан азғындаған адамсың. Неге сонда бетін тіліп тұрып еркекше жауап бермедім. Ендігі жүрісім мынау. Тек бір рет: "Қанымкүл, сен неге етбеттеп жатасың?" дегенде, "Етбеттеп жатсам сені ойлап жатамын, жеңілдеп қаламын"- деп жауап берді. "Мен қасыңдамын ғой". "Жоқ, сен маған жақындай түсесің" деген сөзіне балаша мәз болдым. Осы мен шынында күндіз де, түнде де бала емеспін бе? Құдай біледі, осының маған көңілі толмай жүр. Оу, елуден асып, алпысқа бет бұрғанда оған не керек? Бірақ, білгіштер айтады, әйел елуден асқанда..." дей бергенде денесі дір етіп, бойын жиып алды. Жиырмасында бастары бір жастықта түйіскен қосағын басқаға қимады. "Бірақ, сол сөз өңменімнен өтіп кетті ғой.Уақтылы шәй де жоқ, ет асып, сорпа сораптамайтынымыз бесенеден белгілі." Бірде есік алдындағы орындықта ұзақ отырып кеп, тамағы кеберсіп тұрып:
- Қанымкүл, шәй қойсайшы, бір кесе шәйді де сұрап ішетін болдық қой,- деді жасқана сөйлеп.
- Өзің қойып іш, сен еркек емессің,- дегенде, жүрегіне қазан пышақты сұғып алғандай сілейіп тұрып қалды.
Талайдың шаңын қаққан партия жиналысында небір арыз- шағымның иелерін талқылап, талқандап жүріп мұндай суық сөзді естіп көрмеген басы:
- Еркек болмасам осылай жүрем бе?- деп күбір етті.
-Еркек емессің,- деп екінші рет қайталады.
Осы дауыс мимырт басып үйіне жақындағанда Кәмілдің құлақ түбінен атқан оқтай боп тағы да зу ете қалды.
ххх
Үнжұрғасы түсіп үйге кіргенде көз алдынан кетпей қойған зайыбын көре алмады. "Бұл қайда жүр екен, а? Өзінің мінез- құлқында біртүрлі өзгеріс бар, бір бәлеге ұрынып қап жүрмес пе екен? Әлде...- деп жамандыққа қимай жылтырап жатқан паркет еденге шұқшиып тұрып қалды. Бірден туған ағасының үйіне телефон соғып еді, көкайыл жеңгесі: " Сенің қатыныңды көрмегелі жарты ғасыр болды"- деп телефон құлағын тастай салды. Амалсыз 102- ге хабарласып, аты- жөнін айтып, түр- түсін сипаттап, "білегінде аурухананың анықтама- білезігі бар" деп қосып қойды. Күн батты, таң атты, еш хабар жоқ. " Осы баяғыда театрға бірге барған тату жолдастың әйелін жақын тұтушы еді, соны іздейінші" деп, ескі қойын дәптерді ақтарып отырып қалалық телефонын әрең тапты. Оның күйеуі қазір түрмеде. Подшипник зауыты жойылып, "осының бәрі заңсыз" деп үкіметке үстін-үстін хат жазып жүріп, түрмеден бір-ақ шықты. Он жылды арқалап кетті. "Ол да ақымақ,- деп бір кездегі тату жолдасын кіналап өтті. - Жалғыз басы бәрін жеңем деп жүр ме? Онан да қатын- балаңа ие боп..." деп тоқтап қалды. - Дәл бір өзім ие боп қарық қылғандай...". Ызаға булығып отырып сол үйге телефон соқты.
- Иә, Анна Каренинаң біздің үйде, - деді тату жолдастың зайыбы Әсем. - Өзіңді күтіп отыр.
"Осы Әсемнің білмейтін бәлесі жоқ. Өзі кітапханашы, оқымаған кітабы қалмаған, қазір күнкөріс үшін Алтын Орда базарында бір рет пайдаланып, лақтырып тастайтын пластикалық ыдыс сатып, нәпақасын тауып жүр.
- Барайын ба?- деді жұлып алғандай.
- Кел, қатын сенікі ғой.
- Бірақ, - деді жіңішке даусымен жалына-жалбарына сөйлеп. - Менің келетінімді айтпай- ақ қой. Қашып кетуі мүмкін.
- Кетпейді...
Салып ұрып жеткенде бір күн бұрын тойған қозыдай топ- толық бәденді әйелінің орнында қоң еттен арылып, құр сүйегі қалған сүмпиген Қанымкүлді көрді. Білегіндегі аты- жөні мен палата нөмірі жазылған анықтама- білезігін шешпепті. Еркек мөлиіп тұрып бір қарағанда әйелдің көзін тұмшалап, құмарлық сезімнің тұнып қалған тұнбасын көрді. Араларына сызат түскелі Кәміл әйел психологиясын зерттейтін ғалымның кездейсоқ қолға түскен кітабын көз жүгіртіп қарап еді, денесі түршікті. Бұрын кітап түгілі "Правда" мен "Казахстанская правдадан" басқа газет атаулыға көз салып көрмепті. Үлкен Үйде жүргенде қазақ газеттерін оқыса біртүрлі басы бәлеге қалатындай сескеніп тұратын. Әлі солай, сүйекке сіңген қасиеттен заман көші өзгерсе де арыла алар емес. "Осы... шынымен-ақ заманымыз өзгерді ме?- деп әйелінің кіртиген көзіне қарап тұрып ішкі бұлқынысы өзіне сұрау салып, арпалыса бастады. - Қайдам, мен өзім тек жарғымен жүретін адаммын ғой" дей бергенде Әсемнің сыпайы үні естілді.
- Шәй ішейік.
Үстел басына жайғасқанда бір түн көрмеген зайыбына айтқан сөзі мынау болды:
- Бір түнде шөпектей боп жүдеп кетіпсің ғой, - дегенде, әлгі психолог жазған кітаптағы "нәпсі буған әйел бір түнде еттен арылып, адам танымастай өзгеріп кетеді" деген сөздер көз алдына тізбектеліп тұра қалды.
- Сені көргім келмейді. Әсем, мынаны неге шақырдың?- деді Қанымкүл жайраң қаққан жұқа келіншекке сұқтана қарап.
- Қырық жылдан бергі қосағың емес пе?
- Көргім келмейді. - Ол орнынан тұрып, есіктен шығып кетті.
Кәміл қонақтық қадірін ұмытып, шалт орнынан тұрып, есікті жауып келді де, жанары оттай жанған келіншекке имене тіл қатты.
- Әсем, сенің білмейтін бәлең жоқ, сен бәрін де білесің, сенің білгеніңді мен білмеймін. Қазақша болсын, орысша болсын, оқымаған кітабың жоқ. "Анна Каренинаң біздің үйде " дедің ғой, мен сол әйелдің кім екенін де білмеймін. Осындай боп қалғаныма өкінем. Күйеуің жігіттің сұлтаны еді, он жылдың жартысын отырды,енді жартысы қалды. Келіп қалар, жеңілдік болса... жаңа Қазақстан деп жатырмыз ғой. Оның айтқаны әділ, қолы таза...
- Қолы тазалар түрмеде, былғаныштар бостандықта жүр ғой.
- Бұл жерде менің кінәм жоқ.
- Сен де сол кезде Үлкен Үйдің баспалдағын солқылдатып басып жүрген жоқ па едің.
- Біздікі әшейін барып кел, шауып кел ғой. Күйеуің кеткелі хабарласа алмадым. Оған кешірім сұраймын.
- Тоқ етерін айтшы. Менің одноразовый пластик ыдыстарым пайдаға аспай тұрып қалатын болды ғой. Тез кетуім керек.
- Сен, Әсем, бұның ауруын сезесің бе? Бұныкі жүйке ауруы.
- Бәрін де білем.
- Осыған біреуді тауып берсейші. Мен бәрін де кешірер едім. Мен оны көрмесем күн көре алмайды екенмін. Кеше бір күнде қарным ашып, өліп кете жаздадым. Картоп қуыруды да білмейді екем. Қырықтағы қыздың әкемен жұмысы жоқ, күндіз жұмысында, түнде қас-кірпігін бояп далада жүреді.
- Кәміл, бұны маған неменеге айтып отырсың? Күйеуі түрмеде жатқан уақытша жесір деп айтып отырсың ба? Мен мұндаймен айналыспаймын, өмірде жеңгетайлықты жек көремін.
- Енді... оқығаның көп қой. Қазақша да, орысша да, ағылшыннан да құр қалмаған шығарсың.
-Қазақшамды
жетістіріп алайын. Ал, сен ел билеген жоқсың ба?
- Елді біреулер биледі, біз қолға су құйып жүрдік. Су құйғанымызға мәз боп жүргенде өмір өтіп кетіпті ғой. Бәрінен құр қалып... мен уставпен жүретін біреумін.
- Сонда не ойлап жүрдің?
- Ойлансам осындай болам ба?
Әсем орнынан ұшып тұрды да:
- Қанымкүл, киін, үйіңе қайт,- деді.
Еттен арылып, құр сүйегі қалған әйел актерлік мақаммен саңқ ете қалды.
- Кете қоймаспын. Сенің қасыңнан қусаң да кетпеймін.
Бұ жолы Әсем май сіңген пілікті өзі тұтатып:
- Сен қайта бер, бармай қайда кетеді дейсің, - деді көздері күлімдеп.
- Әсем, айтарымды айттым ғой, о ғып, бұ ғып Қанымкүлді қасыма жеткізші,- деп жіңішке даусымен ұршықша шыр айналып, шырылдап тұрып алды.
-Қайта бер дедім ғой, - деп түрменің иісін сағынып жүрген төмен етек саңқ ете қалды.
ххх
Кәміл тағы да үйіне жаяу қайтты. Бұрынғы ентіккен ентіккен бе, көкірегі ысылдап, демін зорға алып, әрең жетті. "Осы жаяу жүру пайдалы дейді, бізге жаяу жүруге де мұрсат бермеді ғой мына жұмыс дегенің. Таңғы тоғыздан түннің жарымына дейін арзан анықтамаға факті жинау, баяндама жасайтын көсемнің сөзін дайындау. Жазғаның көсемге ұнай қойса... ақ тер, көк тер боп дайындаған баяндамаңды өзі жазғандай шимайлап, қайтып бергенде қайта шұқшиясың, қандай сөз қолдансам екен деп аспанға бір, жерге бір қарайсың. Неге әркім өз сөзін өзі жазбайды екен? Нағыз көсемдер айтар сөзін жанынан шығарып айтқан дейді, қазіргілер біреудің ойланып- толғанып жазғанын өз сөзі ғып әрең оқып береді. Бізде өзі көсемге лайық біреу бар ма? Осыны енді ойлап отырған мен кіммін? Көз ілінетін шақта үйіме жеткізіп салған кезекші төрт дөңгелекке мінгеніме мәз боп, таңертең сол төрт дөңгелек есік алдында күтіп тұрғанда ел-жұртқа қарап, кеудемді керіп мініп... жеті түнде жүдеп кеп жастыққа бас қойғаннан кейін таң атқанда әйелімнен естіген сөзім анау... "Еркек емессің" деген сол сөз суық желмен бірге тағы да құлағының түбінен зу етті.
"Мынау тормен қоршалған дүңгіршектің терезесі ашық екен. Бас сұғайыншы". Бірнеше газет бүктеулі жатыр. "Караван', "Крыша", "Из рук в руки". Қазақша ештеңе көре алмады. Атын атап сұрайын деп еді, есіне ештеңе түсе қоймады. Жұмыста "Правда" мен "Казахстанская правда" таңғы тоғызда үстел үстінде жататын. Анда-санда "Комсомольская правда в Казахстане" деген қосымша келетін, ол да кейіннен шықпай қалды. Айтпақшы, "Ана тілі" деген газет бар ғой" деп тұрып қалды да, дүңгіршекке қайта бұрылды.
- "Ана тілі' деген газет бар ма?- деді сатушы әйелге орысшалап.
- Бірінші рет естіп тұрмын. Біз ондай нәрселерді алмаймыз. Жалпы, бізге қазақ тілінде ештеңе түспейді, - деп нақты жауабын берді.
Кәміл бір нәрсені бүлдіріп қойғандай екі беті ду етіп, кері бұрылды. "Сұрап нем бар еді, сөз естіп қалдым" деп өзін-өзі сөге бастады.
Үйге қарны шұрқырап келді. Қара шәй болса да Қанымкүл құйған шәй асқазанына майдай жағушы еді. Дастархандағы иір-шиір сосиска, қабығы аршылған ірімшік "Бородино" қара нанымен қосылып, тәбетін ашатын. Түртінектеп жүріп, құманды отқа қойды, екінші топтағы мүгедек бала құрқылтайдың ұясындай бөлмеде қалта телефонға құмарын қандыра алмай дөңбекшіп жатыр, анда-санда шыңғырып, селкілдеп, күлкісін тия алмай қалады. "Осының қарны ашпай ма екен?" деп ойлады әкесі баласының даусын естіп тұрып. -Бұның тамағы үстіне ыстық су құйып, ағызып-тамызып жейтін қытай лапшасы ғой. Мейлі, өзімен-өзі болса болғаны". Тоңазытқышты ашып еді, тізіліп екі жұмыртқа тұр. "Қуырсам ба екен" деп үстел астына үңіліп еді, тұлабойына қара дақ қатқан негрден де қап-қара табаны көріп, жүрегі айныды. " Осы біздің үйде бәрі бар, тек ыдыс жуатын сода жоқ- ау деймін, қайда қарасаң да ағал- жағал" деп табаға тиіспей айныған жүрегін сарымсақ иіскеп басып, иір-шиір боп оратылып жатқан мұсылман шұжығынан кесіп ап аузына салып малжаңдап, телевизор тұрған төргі бөлмеге озды. Телевизорды токқа қосқанда Мәскеудің "Федеральный суд" бағдарламасы басталып жатыр екен. Хабарды көргеннен- ақ Әсемнің түрмедегі күйеуі көз алдына көлеңдеп кетті. "Он жылдың жартысын отырды, босқа кетті- ау, сабазың. Подшипник зауыты әкесінен қалған мұра емес қой, босқа "жауға жалғыз шауып..." Жұртты жарылқаймын деп жүріп, басы шатылды. "Жаны ашымастың қасында басы ауырмастармен" бірге жүрдік қой".
Федеральды сот басталып кетті. Бұл жолғы хабардың өзегі - ауа райы қолайсыз болып, кезегі кейінге қалдырылған ұшқыш үйіне қайтып келсе, төсекте біреумен жатқан әйелінің үстінен түседі. Тыржалаңаш зайыбы:
- Ауа райы қолайсыз болды ма, неге ескертпедің?- дейді түк болмағандай.
- Сен неге ескертпедің?- дейді еркек әйеліне шұқшиып.
- Үлгере алмаған шығар,- деп маңғаз сөйлеп, ауын түймелеп тұрған еркекті заңды некелі күйеуі жұдырықпен бір ұрып, жағын сындырып жібереді. Енді кінәлі көңілдес емес, оның денсаулығына жоғары деңгейде нұқсан келтірген некелі күйеуі боп темір торда отыр. "Осы... Мәскеудің заңы қызық. Моральды неге ойламайды? Біздің заң жетісіп тұрғандай- ақ...". Кәмілдің жүрек тұсы бүлк етті. "Егер осының орнында өзім болсам не істер едім? Тұмсықтан перер ме едім" деп сидам саусақтарын бүгіп-жазды. Қай- дам...". Үйіне сыпайы шығарып салған Әсемді ойлап кетті. "Біреуді тауып бересің бе?" деп өзім айттым ғой, түсінетін шығар". Сосын қырық жыл бір көрпені бөліп жамылған жанжарын ойлады. "Қанымкүл- ау, сені көрмесем тұра алмайтын сияқтымын" деп ішкі өксігін баса бергенде федеральды сот та бел ортасына жетті.
- Мен барлық уақытта күйеуімді сүйемін, бұл бір жастықтың желігі шығар,- деп зайыбы соңғы сөзін сөйледі.
- Жаным, мен де сені сүйемін, сүйіп өтемін. Кешірдім, бәрін де ұмыттым,- деп темір тордың ар жағындағы аспанда қалықтап ұшқан қыран қара жерге томп ете қалды.
- Жәбірленуші не айтады?- деген соттың сауалына "моральдық құқығыма ешкімнің қол сұғуға қақысы жоқ" деп күпініп отырған дударбас жігіт:
- Жағым сынғанмен басқа жерім аман ғой. Кешірдім, - дегенде, қатысушылар қозғалақтап, кейбіреуін күлкі буды.
- Тыныштық сақтайық,- деп сот төрағасы Ресей Конституциясының кейпін берген қалың кітап- макетті ағаш балғамен тоқ еткізді.
" Мен де әйелімді кешірер едім, оны Әсемге айттым ғой. Әйтеуір жаны жай тауып, қасымда қарайып жүрсе болды да". Телевизорды токтан суырмаған күйі мызғып кеткен ашқұрсақ Кәмілдің көз іліндіруі қорыл ұйқыға ұласты. Есік қоңырауы қатты шыр еткенде басын жастықтан жұлып алды. Көгілдір экранның беті айқұш-ұйқыш сызыққа толып, ызыңдап тұр. Пердесі түрулі терезеден ағараңдап атып келе жатқан таң сызаты білінеді.
- Бұл кім,- деді орысшалап (өйткені, бұл қалада есік қаққан адам мен дүкенде орысша сөйлеу үрдіс).
Үнсіздік.
Тағы да ащы шырыл.
- Бұл кім?
-Қанымкүл.
Кәміл апыл-ғұпыл құлыпты екі бұрап, есікті қалай ашқанын білмей қалды. Қарсы алдында қара шашы қобырап, ернінің қызылы оңып, көзі кіртиіп, ұйқысы қанбаған баладай үрпиіп, ешкімге қимас Қанымкүлі тұр. Бүгінгі кейпі кешегіден мүлде бөлек, іштегі шала жанып- сөніп сыртқа шығып, дауылдан кейін дамылдап жатқан тымық теңіздің кейпі. Кәмілдің құлағынына токтан суырылмай қалып, бетінде айқұш- ұйқыш сызық қалқыған теледидардағы ұшқыш еркектің "Кешіремін!" деген соңғы сөзі ызыңдап қоя берді. "Мен де кешіремін деп Әсемге алдын-ала айттым ғой".
- Кел, кіре ғой, - деді бір түн көрмеген зайыбына жалтақтай қарап.
Дәліз шамы жарқ еткенде жарықтан қашып, зу ете қалған қара тышқанды ала мысық тырқыратып қуа жөнелді.
- Зосяны сағындым,- деп Қанымкүл тышқанды қуған ала мысыққа тұра ұмтылды.
- Мені ше?- деп Кәміл күбір етті.
- Сен... сенсің ғой, ешқайда қашпайсың... - деп ерін ұшын жыбыр еткізді.
Қуыстан шыға келген топ- томпақ тарақан кір шалған паркет еденде кіретін тесік таппай томпаңдап барады.
