(сыни-эссе)
Қуандық... дегенде Түменбай емес, Шамақайұлы туралы шағын сараптама жазудың сәті түсіп еді.
Әрине, бұл әріптесім жайлы әдебиетші де емес, жалпы оқырман да емес, журналист ретіндегі өз жеке көзқарасымды білдірейін дегем-ді.
Себеп, Қуандықтың әдебиет әлеміне журналистикадан келгендігі яғни жазушылығының тамыры журналистігінде жатқандығын, оның осы ерекшелігі қазіргі қазақ көркем әдебиет кеңістігінде қаламгерлік орнын ерекшелеп көрсеткендігін айғақтап айтайын деген ниеттен туды.
Өз басым бұған дейін Қуандық Шамақайұлын журналист әрі шетелдік қазақ қаламгерлері жайлы көптеген сараптамалық зерттеулер жазған публицист ретінде танитынмын. Әрі біраз жыл бұрын Алматыдағы ҚазМҰУ-де қоғамтану саласынан ба, әлде филологиядан ба ғылыми дәреже қорғаған ғалымдығын да білетінмін.
Осыдан бірнеше жыл бұрын «Алтын Орда» апталығының соңғы бетінен «Әріптес» деген шағын әңгімесін оқып қалғанымда шып-шымыр шыққан әңгімеден жазушылығын байқап, «Қуаш, жазушылығың да бар екен ғой!» деп, өзіне телефон соғайын деп ойлағаным қазір есіме түсіп отыр.
Енді, міне, биылғы жылдың басынан бері порталдарда Қуандық Шамақайұлының әңгімелері оқырман назарын өзіне тарта бастады.
Соның ішінде, «Кішкентай адам» деген әңгіме біздің қазіргі қоғамдағы басқарушы мен атқарушының яғни сүйенген «көкесі» ірі, қалталы алпауыт басшы мен аз жалақымен күнелтетін бишара қызметкердің арасындағы ақиқатты айпарадай ғып ашып тастауымен, «әй, мынау қайдан шыққан жазушы?!» дегізді.
Алайда, әңгімеде алпауыт басшы көрінбейді, есесіне аты дардай мекеме атын тағынған болса да кішкентай қызметкер қария мен жас хатшы қыз екеуі ғана қызмет атақаратын аядай бөлме, ондағы «кішкентай адамның» күнделікті атқаратын қызметі, түскі ауқатта көшеде көпшілік көлікпен жүрген кездегі көңіл-күйі, оның отбасы тұрмыс-жағдайы, офисі орналасқан үлкен мекемелік құрылыстың ішіндегі көзге таныс әдепкі қайнаған өмір егжей-тегжейлі суреттеледі. Әңгіме, әлгі күйкі қызметкердің әлденеше жыл бойы көз майын таусып құрастырып, ең үлкен басшы екеуі қос автор болып шығуға тиісті кітабында өзінің аты-жөні жоқ болып шыққанын көргенде басына қан шауып жығылған аянышты жағдаймен аяқталады. Сенесіз, өйткені бәріміз байқап жүретін бүгінгі өзіміздің өмір шындығымызды жазушы дерекпен де, дәлелмен де артық-кемі жоқ айнытпай суреттеп бере алған.
Әрине, шынайы әңгіме қоғам айнасы дейміз. Жазушы сол айна арқылы өзімізді өзімізге көрсетіп өмірімізді танытады десек, қазіргі саясаткерлердің айтып жүрген қазақ қоғамы демократияның атын жамылып монархиялық тәсілмен іс атқарып жатқанын мына әңгіме еріксіз әшкерелеп тұрғанын көреміз. «Сірке сықса да заңмен сығатын» демократиялық үрдіс қалыптасқан елдерден әлі алыс жатқанымызды мойындауға тура келеді.
Осындайда, баяғы патшалық Ресейдің әкімшілік жүйесіндегі бюрократиялық қағазбастылық пен қатігездікті сөз өнерімен сызып кеткен Гоголь, Чеховтардың әңгімесі еске түседі. «Шинельдегі» үсіп өлген аянышты шенеунік пен «Кішкентай адамдағы» күйкі қызметкер екеуінің тағдыры қандай ұқсас дейсің!
Қоғамдар өзгереді, бірақ адамдар сол адам қалпында қала береді. Бұл әңгімеде біздің айта беретін «ұлттық бояудан» гөрі «адамзаттық бояу» артық айшықталғанын айта кету абзал сияқты. Гоголдің баяғы бишара орыс шенеунігі мен Қуандықтың қазіргі қазақтың күйкі қызметкерін әдебиеттану тілімен айтсақ типтік образ деңгейіне жеткізе жазған дей аламыз.
Қуандықтың келесі бір әңгімесі «Бас маман» деп аталады. Бұл да осы «Кішкентай адам» қозғаған қазіргі қазақ қоғамындағы әкімшілік басқару жүйесінің «ішек-қарынын» ақтарып суреттейді. Үлкен мекемедегі қызмет атқару механизмі «бас маман» деген лауазымдағы кейіпкер арқылы егжей-тегжейлі баяндалған. Нақтылы істен гөрі сол жоғары-төмен ағылған ақпарлар ағыны.
Әңгімедегі мәселе онда да емес, осындай мекеменің басшысы төменгілерге көріне де бермейді, қайта менеджер деген біреудің кеңсе-кеңсені аралап қызметкерлерлердің көзіне түссе болды, бәрі әлгінің алдында қоғадай жапырлып бәйек бола қалатыны, өзі бәлендей түгі де жоқ балаң жігіт екені таңдандырады. Ал, біздің бас маман оған бас изеп қана мән де бермейді.
Бұл көрініс ақырындап үлкен бастыққа да жеткен болу керек. Басқалары бастықтың көңілін табу үшін, түк те істемей-ақ мол айлық алып әкесінің арқасында менеджер атанып, еркелеп жүрген еркетой жігіттің көңілін табуға тырысып жүрсе, бас маман дегенің көкке қарайды. Мұнда гәп бар! Үлкен бастық гәпті сезеді, бас маманның сүйенген көкесі өзінен де үлкен біреу болуы ықтимал, олай болса бұл бір күні мемлекеттік мекемені отбасылық пайда көзі қылып отырған өзінің шиін шығарып кетуі әбден мүмкін! Қайту керек!? Мұндайларды төмендетіп жіберу қатер! Құтылу бәрінен жақсы, құтылудың жалғыз жолы өрлетіп жіберу. Әңгіме оқиғасы осыған саяды. Сөйтіп әлгі, өз қызметін адал атқаратын, жоғары жақта көкесі тұр ғой көлеңкесі де жоқ бас маман, жалғыз күнде өзінің бастығының мақтап-мақтап ұсынуымен министрліктің жақсы жалақысы бар, біраз беделді қызметкері болып шыға келеді! Өтірік дей алмайтын өзіміздің етене өмірдің жанды хикаясы, әрине.
«Депутат» атты әңгіме де осы ең жоғарғы басқарушылардың қаракетінен хабар береді. Қарапайым ел ішінде «шіркін-ай, халық қалаулылары!» деп, табынудың аз алдында қалып жүрген азаматтардың, соноооу көп адам көруге қолы жетпейтін ақ сарайда не істеп, не қоятыны көз алдыға келеді. Әңгімедегі бас кейіпкер ретінде суреттелетін жаңа сайланған яки тағайындалған депутаттың жылпос журналистерге сұхбат бермей кергимін деп өкінетіні, телехабарға түстім, көріңдер мені деп, ағайын туыстарын үйіне шақырып отырғанда теледидардан жарты шекесі ғана жылт етіп көрініп масқара болып қорланғаны секілді оқиғаларға не күлеріңді, не жыларыңды білмей «е, депутат деп жүргеніміз осындайлар ма, тәйірі!» деген, ойға қалып әңгімені жабасың.
Яғни, Қуандық жазушы ретінде қазіргі қазақ қоғамының жоғарғы басқарушы тобы мен әкімшілік өмірі жайлы жанды әңгіме жаза алған деп, сенуге болады.
Мұнан басқа қандай тақырыптарға бара алған? Жазушы «Пысық жігіт» деген әңгімесінде біздің елдің университет өмірін ашық алаңға алып шыққан екен. Жайрат атты айнала дүниені «жайнатып жіберетін» әңгіменің бас кейіпкері жарнама арқылы жоқты бар етіп көрсете алатын, қызмет кеңселерінде көңілді көтеретін үстелді ілезде жасап, айнала әріптестерінің көңілін таба қоятын «тума талант» екені ұсақ-түйек деуге келмейтін жанды оқиғалармен жеріне жеткізе баяндалады. Сондай пысық жігіттің көпшілік алдында бағаланып жоғарғы басшылыққа өрлейтіні адамдарды тәнті етеді. Алайда, мұндай ортада адал қызметкерлердің аясы тарылып, ақиқат деген аяққа тапталып жататыны қарапайым бір оқытушының университеттегі оқытушылықтан кетуімен тынады.
Ал, енді Қуандық жазушы қарапайым елі іші жөнінде қандай тақырыптарды қамти алған дегенге келсек, оған да біраз әңгімені атай аламыз.
«Шал» деген әңгімесі оқырманды қатты ойландырған болу керек деп ойлаймын. Сексенге келген селкілдеген шалдың тоқал алып, жас тоқалының басқа біреумен сөйлесіп отырған сөзін естігенде, қақ бастан шоқпармен ұрғандай соққы алып құлайтыны, «антиколарадос» деген сарапшының айтқанындай «кемпірбет шалдардың» қазіргі заманғы характерін түгел қамтитын, қазақ деген халықтың баяғы абыз ақсақалдық хас қасиетінен жұрдай болған бүгінгі азғын шалдарының «трагокомедисы» демеске шара жоқ.
«Қалекеңнің құдағиы» деген әңгіме қазақы ауылда өскен жалпы оқырманның жүрегіне өте жылы тиетін шығар. Өйткені, байынан ерте айырылып қамкөңіл болып жүрген жасамыс жастағы әйелдің, ұлы үйленіп келінді болып қуанғанынан, көңіліне ұнайтын құдалы болғаны одан да асқан қуаныш болғаны әңгімеде әдемі де әсерлі суреттеледі. Айман атты құдағи өз құдасына кәдімгідей ғашық болып қалады, әңгіме бойында үзілмей өрбіген оқиға желісі осы психологиялық ахуалды шып-шырғасын шығармай жеткізе алған. Яғни, әйел адамның жандүниесі жайлы тағы бір жаңалық ашқан әңгіме деуге әбден тұрады.
«Жол үстінде» деген әңгіме біздің Қазақстан дейтін елде сірә, пойызға отырмаған ешкімі қалмаған жолаушылық өміріміздің бір таныс саласы десек, сондағы өзіміз талай көріп етіміз әбден үйреніп кеткен етене тірлікті, «иә, иә пойызда дәл осылай ғой» дейтіндей әсерлі әңгімелей білген.
Ең соңғы жазылған «Мерейтой» дейтін әңгімесі, біздің тойшыл қазақтың ортақ образын жасап, қазақ тойының паноромасы секілді алып суретті алдыңызға жайып тастайды. Мұндағы тағы бір жетістік той иесінің ішкі, сыртқы бүкіл болмысы бүге-шігесіне дейін көз алдыңызда көлеңдеп күлкі шақырса, тойға шақырылған атақтылар мен ауылбайлардың мінез-қылықтары еріксіз езу тартқызады.
«Киікті даласында» және соңғы жазған «Күдікті» әңгімесі көп қаламгер қазір бара қоймайтын біздің қоғамдағы қылмыстық өмірді жақсы ашқан дей аламыз.
Енді, үлкен-кіші, кәрі-жас, ауыл-қала демей, бүкіл оқырман шөлдеген қойдың суатқа бас қойып тырп етпей тұра қалатындай тамсана оқитын махаббат тақырыбына Қуандық жазушы қай қырынан барды деп, «Жиырма жыл өткенде» әңгімесін барлап көрдік. Ұлт таңдамайтын адамзатқа ортақ қыз бен жігіттің сүйіспеншілігі әрине, мұнда да қапысыз жақсы жазылған. Алайда, әңгіменің мәнісі ол емес. Әңгіменің бас кейіпкерлері Медетбек пен Мәдинаның сәтті басталаған махаббат хикаясын, қазақтың менталитеті саналатын «қыз алып қашу» дейтін қырсығы қиып кетеді. Мәскеуден өз еліне қысқы демалысқа барған Мәдинасынан Медетбек сөйтіп айырылып қалады. Ақыры, Медетбек қырыққа таянғанша келін түсірсейші деп күте-күте сарғайған апасын алдаусыратып, алғашқы махаббатын әншейін үйлене салуға айырбастауға ары бармағандай жүре береді. Міне, әңгіменің де айтпағы осы екен, мекеме басшысы ретінде жаңа қызметкер іздестіріп отырғанда, Медетбек үміткердің резюмесінен он тоғыз жасар қызы бар, жалғыз басты әйел деген анықтаманы оқи отырып өзінің баяғы ғашығы Мәдинесін жиырма жылдан кейін тауып алады. Мұндай сюжеттер бұрын да бар болса да, Қуандық оны өзіміздің қазіргі өмірмен әсерлі астастыра алған, ал оқырманның одан не түйгені әрине әркімнің өз шаруасы...
«Ұялас төбеттер», оқыс тақырып! Әңгіменің мүлде басқа астары бар екенін аты да айтып тұрғандықтан, әйтеубір жазушы нағыз иттердің өмірін жаза қояйын демегені де анық сезіледі. Сөйте тұра, кәдімгі иттің тірлігі, қаңғыбас хайуандардың не жеп не қоятыны, арасынан қалай таласып-тармасатыны... тісі, тілі, жүні, қайқы құйрығы (құйыршығы емес!) бауыр-шабы, дейсің бе, бәрі жақсы зерттелген, жобамен қарадүрсін жазыла салмаған. Алайда, жазушы иттің образы арқылы өзіміздің адамшылығымызды яғни «иттігімізді» суреттеген деуге негіз толық бар. Бұл Қуандық жазушының басқа жазған әңгімелерінде қалыптасқан төл қолтаңбасынан бөлекшелеу жаңа ізденісі деуге болады. Басқа әңгімелеріне қарағанда бұл көп жағынан оқырман есінде қатты қалатындай қырлары байқалады...
Жазушы Қуандықтың бүкіл әңгімесін бүге-шігесіне дейін талдап, жан-жақты баға беру мақсаты қойылған жоқ. Тақырыпта айтқанымыздай оның «суреткерлігіне» жариялаған әңгімелері арқылы шолу жасағанымызда, жазған жалпы әңгімесінде тақырып алуандығы бар екендігін әрі қай тақырыпты қозғаса да өзі етене жақсы білетін оқиғаларды арқау еткенін анықтай түсуді нысана еттік.
Тақырып алуандығы дегенде, жоғарғы ығайлар мен сығайлардың тірлігі мен төмендегі қара шобыр халықтың қарекетін түгел қамти алғандығы, Қуандықтың жазушылыққа журналистілік қызметтен келгендігі дер едім. Өйткені, журналист маман жоғарғы, төменгінің өміріне, қаракетіне түгел араласа алатын мүмкіндігі бар бірден бір адам. Және жазушының көп жылдар бойы жоғарғы оқу орындарында оқытушылықта болуы да төңіректің төрт бұрышынан келген жастардың өмірі мен тағдырларына еріксіз куә болатындай мүмкіндіктің көптігі десек, қателеспейтін шығармыз.
Ал, суреткерліктің негізі болып саналатын деректер мен оқиғалардың да дәлдігі осы кәсіби журналистліктен дей аламыз. Журналист адамның қашанда болған жағдайды артық та, емес кем де емес өз эмоциясын қоспай бейтарап күйде айнытпай көпшілікке жеткізуі оның кәсіби шеберлігінің өлшемі екені белгілі. Олай десек, Қуандықтың әңгімелеріндегі шынайылық осы ұстанымнан бастау алып жатқаны анық. Суреткерліктің ең басты өлшемі шынайылық десек, жазушы сол мұратын жақсы орындауда.
Суреткерліктің келесі бір өлшемі дәлдік десек, ол жағы Қуандықтың ғалымдығынан келіп жатқаны күмәнсіз. Ғылым қашанда дәлдік пен дәлелге сүйенетіндіктен жазушының әңгімелеріндегі детальдардың дәлдігі, сюжеттің ара байланысының дәлелді сенімділігі тағы да кәсіби ғалымдығының жемісі демеске шара жоқ.
Ал, Қуандықтың осы суреткерлік жетістігі әр әңгімесінде жарқырай көрінгендігі алғашқы әңгімелері жарыққа шыға сала оқырмандардың назарын тартуынан-ақ байқалды. Өйткені, жазушының тағдырын шын мәнінде сыншы айқындайды десек те, шешушісі оқырман екені айдан анық аксиома.
Алайда, Асқар Сүлейменовтей атақты жазушының оқырманы да таңдаулы оқырман деген санатта десек, ал Мұхтар Мағауиндей даңқты жазушының оқырманы оқымыстылық сапында саналатыны, сапалық таразыда дарындыларды теңесетіретін «шеберлік» деген шегі көрінбейтін тылсым өлшемге байланысты екенін байқатады. Сондықтан, бұл жағдай жалпы оқырман дегеніміз де жазушының шеберлік өлшемін белгілемейтінін, бағалай алмайтынын яки оқырманның да оқырманы бар екенін ескертіп тұрғандай.
Олай десек, Қуандықтың суреткерлігі оның жазушылық шеберлігінің негізгі бастауы ғана. Шеберліктің алғашқы өлшемі, жазушының жазғаны оқырманның есінен кетпестей шеге болып қадалып қалуы немесе оқырманды жазғанын қайта-қайта оқымасқа қоймайтындай етіп арбап алуы. Ең соңғы өлшемі сөз өнеріндегі заң болып қалған «жанр» дейтін шартты шеңберден шығарманың шығып кетуі.
Мәселен, тәуелсіздік жылдары қазақ журналистикасына құбылыс болып келген марқұм Жұматай Сабыржанұлының шап-шағын шығармалары бір қарасаң қаны тамып турған қызу мақала, бір қырынан қарасаң мөлдіреген көркем әңгіме, ал жазған мәселесі кейде романның жүгін көтеріп тұрғандай қайқайып көрінеді! Бұндай шеберлікке не дейсің!?
Дәл сондай, қазақ публицистикасында идеология дейтін «советтік шынжырды» алғаш тас-талқан етіп үзіп, «күртік қарды омбылап» жаңа жол салып көсемсөздің өрісін кеңейтіп кеткен дарынды қаламгер марқұм Марат Қабанбайдың «Таң алдында туған баллада» дейтін туындысын қай жанрға жатқыза аласың!? (Совет заманында балаң журналист Мараттың атақты ақын Өтежан Нұрғалиевпен бірге «қабанжал» терең-терең қалталы тағы бір алып ағаларын ертіп қалың қауыммен қауышуға ақын-жазушы болып алыс ауданға барған сапарындағы әшейін бір оқиғаның шебер қалам ұшынан ғажап болып есте қалуы)
Сондықтан, бүкіл жағынан дер бабындағы Қуандық жазушыға да шеберлік «шедеврлігін» тілейтініміз әріптестік шын тілек.
Өйткені, шеберлік деген бейнеліп айтсақ, көз сүріндірер төбешіктен бастап шырқау шыңға дейінгі жететін аралық болғандықтан шеберліктің дара шыңына ие болу әрбір қаламгердің ақырғы деміне дейінгі жалғыз арманы болған. Оны Абай хакім «сөз өнері дертпен тең» деп айтып кетті. Қыран ақын Қасым Аманжолов болса, «теория деп жүргендерің сөз өнерінің артынан еріп жүрген иті» деп, жаңа бір шеберлік тағы бір тың өлшем тудыратынын тәлім етті емес пе! «Пушкин болмаса, Белинский де болмас еді», дегеннің қазақи варианты.
Олай болса, жазушының ендігі алдында тұрған талас пен жанталасы осы шеберлік ғана демекпіз.
Абай Мауқараұлы
жазушы-журналист.
29.09.2019.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.