Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПРОЗА
/
Қуаныш Жиенбай. Құдайдың көзі...

Қуаныш Жиенбай. Құдайдың көзі

18.12.2025

6209

Қуаныш Жиенбай. Құдайдың көзі - adebiportal.kz

  Әңгіме

Мүйіз шықса талай шипажайдың табалдырығын тоздырды ғой. Санай бастаса он саусағы жылдам бүгіледі. Соларға жұмсалған қаражатқа үш қабатты коттедж салып алуға болар еді... Жә, мұнысы немкеттілеу айтылған әншейін күңкіл-дағы, турасына көшкенде ешкімге қажеті жоқ пенделік әуей. Әйтпесе, Әбілмәжіннің коттедж несін алған. Қала орталығындағы соңғы үлгімен салынған бес бөлмелі пәтері жұмағыңмен пара-пар. Қыста жылы, жазда салқын. Әр бұрышқа қойылған шетелдік жиһаздар көздің жауын алады.

Осы дәулеттің оңай келмегендігін Әбілмәжіннен артық білетін пендені тапсаң, кәне?! Кешеге дейін есеп-қисаптың айналасында жүріп, бір тиынды екі тиынға қалай айналдырудың жөн-жосығын жатқа білетін сұңғыла кісі бүгін де қара жаяудың қатарына қосылмайды. Қаздай тізілген топан цифрларыңды қосып-алуға келгенде калькуляторыңды жолда қалдырады. Әттең, уақытының өтіп кеткендігін мойындамасқа амалы қайсы. Десе де әлі әлдекімдерге керек болғандығына шүкірлік айтады. Ара-тұра кіші келінінің отбасылық бюджет жайлы атасымен жеке-дара пікірлесетіні бар. Жеке-дара дейтіні, бұл екеуінің арасындағы құпия. Ал Әбілмәжіннің кенше ұлы, яғни Айкүмістің сүйікті жары  –  Жасағанбергенге екі дүние бір қадам. Жеке фирманың қожайыны, осы күнгі өлшеммен безбендегенде тапқан табысына өкпелеу күпірлік. Ұртыңды томпайтып айтуға таптырмайтын-ақ жалақы. Бірақ... кімге ұқсағанын қайдам, кітап беттерінде кездесетін жағымды кейіпкердей көздері жәутеңдеген әлдекім жағдай айтса, қалтасындағысын сөзге келместен шашып жіберетін әпендінің өзі. Оу, қаражаты барларды сыртынан аңдып, бақылап жүретін жәдігөйлер қаншама. Олардың өз «рөлдеріне» шеберленіп алғаны сондай, алақаныңа қарап бал ашатын сығандар қазір жолда қалды. Табан астынан бейшараның кейпіне еніп, аяқ астынан ағыл-тегіл жылай салу олар үшін түкке тұрмайды, немесе Жасағанбергенге арыдан қосылатын ағайын екендігін айтып, әлдекімдердің алаяқтығынан осындай күйге түскендігін толымды деректермен тұздықтап және балаларының бірнеше күннен бері тойып тамақ ішпегендігін араға тықпалағанда, сахнадағы айтулы әртістеріңді он орайды.

Ай, Жасағанберген, Жасағанберген-ай, осынша ақ жүректігіңді ақымақтыққа оп-оңай айырбастап жіберетіндердің төңірегіңде толып жүргендігін аңдамайтын аңқаулығына береке берсін! Бір «пақырға» жәрдемі тиген күні Жасағанбергеннен асқан жомарт жоқ. Екі езуі екі құлағында, бірнәрсені қиратып тастағандай үйге де алдыр-салдыр дабырлап кіреді. Бір шаңырақ астында түтін түтеткен соң Әбілмәжін қалайша соқыр болуға тиіс. Бәрін байқайды, байқаса да дымы ішінде. Ондайда жұмыстан келген күйеуін күліп қарсы алуға дағдыланған келіні әлденені сылтауратып, қабағының дір ете қалғандығын сездірмей, асүйге кіріп кетеді де, содан жуық маңда шыға қоймайды. Жасағанбергеннің қожанасырлығына тойып біткені сондай, бұған қашан ақыл кірер екен деп алаңдайды. Соның арасында «ұлыңа бірнәрсе десеңші» дегендей, телевизор көріп отырған атасына да немкеттілеу назар жығады. Оу, үйлі-баранды, бір-екі қарадомалақтың әкесіне ақыл айтқаннан ұпай түгенделе ме? Жалпы, Әбілмәжін ретсіз жерге кірісе бермейтін, аз сөйлеп, көп тыңдайтын, әсіресе, біреуге білгішсініп, өзін одан биік санап, жөн-жосық көрсетуден ат-тонын ала қашатын, бір тоға тұйық адам. Ал келінінің әлгіндей тосын мінезіне іштей риза. Айдалада дүние шашылып жатса, әркім керегінше ала бермей ме? Айналайын келінінің «төрт құбыласы түгел» тұрса да, сол үшін аздап әлденеге қамығатын секілді ме қалай? ...Бәйбішесі екеуі алыс ауданда, әйдіңгірдей үйде ың-шыңсыз өмір сүріп жатқан-ды. Ел арасындағы абырой-беделі аспан тірейтін. Әбілмәжінсіз бір кәделі жиынның өтпегені ақиқат. Жоғары жақтан келетін дөкейлер «сәлем берейікті» сылтауратып, алдымен Әбілмәжінді іздейді; «Әбеке, Әбең... біздің Әбекең». Мұның қасында алтын жалатқан сылдырмағың мен мақтау-марапатың әдірем қалар. Сөйткен Әбілмәжін сыйлы ортаның жас-кәрісімен қимай қоштасты да, осында көшіп келді. Жасағанбергенжанның бітім-болмысы өзіне ежелден белгілі ғой, көпшілікке аян жаттанды сөздерді қайталай бастаса, бір қыңыраюға қыңыраяр еді. Жоқ, кенже ұл кейбір әпенділеу әрекетіне қарамай, әкесінің морт сынатын осал тұсын тап басты: «Немерелеріңіз атам қайда, өзгелердің аталары секілді атамыз бізді мектепке неге апармайды, ата-аналар жиналысына неге қатыспайды, біздің қызығымызды өлген соң көре ме?!» дегенде құлағымызды сарсытып бітті, ендігісін өзіңіз шешіңіз!..» Араға немерелерді қалай қиюластырады-ай әлгі бар болғыр?! Әбілмәжіннің амалсыз мойын ұсынған сәті осы болды, бәлкім соңғысы...

Аз айт, көп айт, шаңырақтың іргесін шайқалтпай, атойлап елдің алдына да шықпай, артында да қалмай, тірлік көшін ілгері сүйреген келініне кейде көңілі толғандығы сондай, еркелетіп арқасынан қаққысы келеді. Бірақ ұстамды кісі ондай арзанқол жарамсақтықты ұнатпайды. Үйге келген табысты кездейсоқ олжадай, оңды-солды есепсіз шаша берсе не болмақ? Әрнәрсенің орнын біледі. Орнын білгені сол, Әбілмәжінді бәйбішесімен жылына екі мәрте, күзде-көктемде шипажайға жөнелту – бұл үй үшін бұлжымайтын заң. Және шипажай болғанда қандай, әлдекімдердің түстеріне кіретін өңшең кереметтер. Түркияны түгел аралады, Дубайдың екі мәрте дәмін тартты, Балқан тауға да барып қайтты. Байқауынша келіні осы күздегі кезекті сапардың қам-қарекетімен әржерге телефон шалып, қымбат-арзанына қарамай, тиімді жолдаманы шарқ ұрып іздеп жүрген сыңайлы.

                                                         ХХХ

Әбілмәжіннің меншіктеп алған жасанды көл жағасындағы сыры ұшқан ескі орындығына тірі жан жоламайды. Табиғатқа жаны ашитын екі-үш әйел мен күрек пен сыпыртқы ұстауға шамасы жететін екі-үш еркектің ертеңді-кеш күйбең-күйбең тірліктеріне өзгелер де рақметтерін айтар-ау, ал Әбілмәжіннің оларға деген ықылас-пейілі ерекше. Қашан көрсең де тас төселген төңіректің айнадай жалтырап жатқаны. Әлдекім, бәлкім бала-шағаның білместігі –  балмұздақтың не жылтырақ конфеттің қағаздары жазатайым шашылып жатса, әлгілердің біреуі жетіп келеді де, дереу дорбасына салып әкетеді. Әлде олар әлдебір қуыс-қалтарыста жүргіншілердің жүріс-тұрыстарын бақылап отыра ма, кім білсін.

Жасыл аймақтағы аумағы атшаптырым жасанды көлдің жарасымдылығын айтып-тауысуға төтенше шабыт керек. Сағат сайын орта тұсынан субұрқақ атқылайды. Түнге қарай онысы түрлі-түсті шам жарығымен әдіптеледі. Жағалауға келгендер бұрын-соңды мұндай кереметке кезікпегендей жалма-жан жылт еткізіп, телефондарымен суретке басады. Ертеңді-кеш жағалаудан адам аяғы арылмайды. Үлкен қаланың жарты тұрғыны осы маңнан табылатын тәрізді. Таза ауамен тыныстайды, мың-сан мәшиненің салдыр-гүлдірін де көлден көтерілген дымқыл ауа жұтып қояды. Бір-бірінен ажырамауға серттескен ғашықтарың да, сәбилерін қоларбаға салып алып, өздері әлдекімдермен телефон арқылы сөйлесуден ауыздары босамайтын көздері тостағандай небір сұлуларың да осында. Әрине, көптің аты  -- көп, араларында бұқпантайлап тамақ жібітуді ұмытпай, қойындарына тығып келген жартылықтарын жасырып ішетіндер де кезікпей қалмас. Бірақ табиғи сұлулық, табиғи жаратылыстан ала алмай жүрген өші бар безбүйрек біреу болмаса, көзге түсер бұзақылыққа бара алмайды.

Жасанды көл мен үйінің арасы мықтағанда жүз қадам, тиіп тұр. Бәйбішесінің артық-кем айтатын әңгімесіне құлақ үйренді ғой, ашуланудың өзі артық: «Уақытыңның көбін көл жағасында өткізесің. Кездесіп жүрген біреуің бар ма?..  Оларға балконнан да қарауға болады ғой, көлді көрмесең тамағыңнан ас өтпейтін болса оныңды айт, тамақ ішпестен сені күтумен-ақ шаршадық!..» Аш масадай құлақ түбінен ызыңдайды кеп, ызыңдайды; «ал, ондай ессізге не уәж айтарсың. Мынадай ғажайыпты балконнан қарап та кісінің айызы қанама, ақымақ неме?!» «Үйрек ұшып, қаз қонған...» көлді әлдебір күлдібадам көрініспен ауыстыра салмақшы! Былтыр бірнеше көк бас үйрек жылы жаққа ұшып кетпей, осында қалып жұмыртқа басты. Тілеуіңді бергір, біреулер жанашырлық танытып, үйіндегі ескі-құсқы матрасты осында әкеп тастаған. Үйректер сонда жатып балапан шығарды. Әрбірі жеті-сегіз балапанын ертіп, қаздаң-қаздаң құрлықтан суға түсіп бара жатқан жанды суретін айтсаңшы? «Ай, ақымағым-ай, ақыл-есің түгелімен сандықтың ішін қоқыр-соқырмен толтыруға ауса, саған не айта қояйын!» 

Көлдегі кішкентай балапандардың көзді ашып-жұмғанша қалай темірқанаттанып үлгергенін өзі де аңғармай қалды. Оларға тамақ кеңірдектен. Балалар көл жағасына келерде қалталарын толтырып, нан қиқымын сала келеді де, сонысы таусылғанша орындарынан тапжылмайды. Балапандар да соларға үйреніскен. Қашпайды, үрікпейді. Сырттарынан  меншіктеп алған «иелері» барын олар қайда білсін. Балалардың ара-тұра шақылдасып, «ол сенікі емес, менікі» деп, келіспей қалатын тұстары да кезігеді. Міне, сондайда ара түсіп, балаларға тән мінез-құлықтарын қызықтап, ақыл айтатын Әбілмәжін секілді ақсақалды қайда табады. Көл жағасындағы хикая мұнымен түгесілмейді, Әбілмәжіннің немерелері де әркез атасының жанында. Нан қиқымы түгесілсе, атасы жақын маңдағы дүкеннен картоптың кепкен қытырлағын сатып әкеле қояды.

Көл жағасы әсіресе, осындай күз айларында тіпті құлпырып кетеді-ай! Көлге ентелеп, жапырақ жайған теректер айдын бетінен «суреттерін көріп мәз». Уақыт шіркін олардың қиналғандарына қарай ма, сарғайған жапырақтар өкпек желдің әсерімен оқтын-оқтын үзіліп түседі. Үйректің балапандары мұрындарын шүйіріп, ондайларға мойын бұрса не дейсің. Шағала байғұстар тұс-тұстан жетіп келгенімен сарғыш жапырақтардың тамақтан өтпесін білген соң, қанаттарын сабалап қайта ұшады. Жасанды көлге шағаланың да өкпесі жоқ, бармақ басындай балықтар шоршып түскенде әлгілердің тұмсықтарында салақтап кете барады. Сәбилердің суға тастаған тағамдарына үйрек пен шағаланың таласы жалқы сәт толастамайды. Айдындағы арпалыстың көкесі сонда. Оны тек Әбілмәжін секілді көз жанарын сұлулыққа суарудан жалықпайтын ақ пейілді адам ғана аңғарады.

Екіндіге таман жауырынға түскен күн сәулесі тұла бойын одан бетер әдемі әсерге бөлейді. Бешпетін шешіп қолына алады, сыры ұшқан ағаш орындықтың арқалығына басын қойып, он-он бес минут қалғып кетеді.  Соның арасында түс көре ме немене, көлге құятын кішкене бұлақтың сарылы таудан құлаған сарқыраманың сарынындай естіле ме немене; кенет ауылға деген сағыныш иектейді, мәшинелердің толассыз гүрілі сауынға келген інгеннің ботасын іздеп боздағанына еріксіз орын ауыстырады... Мұрынға ошақ көмейіндегі бықсып жанған тезектің иісі келеді. Әйтеуір, осыған ұқсас үздік-создық көріністер... Құраттай тыңайып қалатындығын кімге жарнамаласын. Иығына қонған сарғыш жапырақтардың да Әбілмәжінге айтары бар: «Сенің өмірің де менің тағдырыма ұқсас». Осы арадан тоқтайды... «Тіршіліктің көбі кетіп, азы қалды». Онысын қайталағысы келмейді. Сары жапырақтар, сары жапырақтар... Өзін-өзі қинап, көңілді кейіпке көшеді. Мизамшуақ. Бұл Әбілмәжіннің бастан кешкен несінші мизамшуағы, алда әлі қаншасы бар? Оған жауап бере алмайды. Қолдан келсе, ең құрыса немерелеріне шуағын төгіп, әлі де қатардан қалмай талтаңдап жүргісі, жүре бергісі келеді. Өзіне салса жасанды көз жағасындағы осы бір адамды арқа-жарқа сезімге бөлейтін мизамшуақты ешбір шипажайыңның ем-домына айырбастағысы жоқ. Сірә, Айкүмісжанға да осы ойын сыналап жеткізер.

                                                            ХХХ

Телефонына бәйбішесінен басқа кім қоңырау шалушы еді.

 ̶  Иә?

̶  Палатка тігіп, көлдің басына көшіп алсаңшы.

̶  Ол да қолдан келеді.

̶  Сенен бәрі шығады.

̶  Аманшылық па?

̶  Қайдағы аманшылық, аманшылық болса саған телефон соғып не жыным бар.

 ̶  Айта бер.

̶  Жүрегің тоқтап қалмасын.

̶  Не, не пәленің басын шатып тұрсың?!

̶  Бұған да мені кінәламақпысың?

̶  Әй, былжырамай,  турасын айтсаңшы?!

̶  Жасанжан, Жасанжан...

̶  Жасағанбергенге не болды? Мен үйден шығарда келіншегімен асүйде шай ішіп отырған.

̶  Отырса не дейсің, қате  аяқ астынан. Балаларын мәшинеге салып алып, бүгін демалыс қой деп, келіннің төркін жұртына кеткен.

̶  Келіннің төркіні осы маңда емес пе?

̶  Осы маңда болса қайтейін, жазатайым жүк мәшинесімен соқтығысқан. 

̶  Өздері аман ба?

̶  Полициясы түскір, о жағын толық айтпады. Бәрін «жедел жәрдеммен» ауруханаға әкетіпті... Солай, сенің жүрісің мынау. Көлдің түбінен түбі алтын тауып аларсың!

̶  Тоқта, аурухананың телефон нөмірін айт.

̶  Аурухананың телефон нөмірін білсем, сенімен салғыласқанша өзім-ақ такси жалдап, сонда бармаймын ба?! Уһ, ах!..

̶  Жаман ырым шығарма!

̶  Оларды азаптағанша бізді алмай ма Құдай шебер!

̶  Құдайдың сенімен есептескенін қайдан көрдің!

̶  Аузыма одан басқа сөз түспесе қайтем.

̶  Ендеше, аузыңа ие бол!

Әбілмәжіннің ежелден бойға сіңген ұстамды мінезі аяқ астынан асып-сасуға жол бермейді. Бой-сойын тік ұстады. Ойына қайдағы-жайдағылар оралды. Манағы жауырын қыздырған мизамшуақ айдалада қалды. Сыры ұшқан ағаш орындықтан ұшып тұрды да «не істеймін, мұндайда не істеу керек?» дегендей, екі жағын уақалап біраз тұрды. Сөйтті де үйіне қарай асығыс аяңдады. Келді де жау тигендей, бір-екі киімді шифонерден жұлып-жұлып, жол дорбасына умаждап салған күйі сыртқы есікті тарс жапты.

                                              ХХХ

Жасағанбергеннің аяғы сынғанын, келінінің бет-аузы жараланғанын, ал немерелерінің періштесі қақты деген сол  –   аз-кем денелерінің ауырғаны болмаса дін амандықтарына анық көзі жеткен соң, Әбілмәжін бәйбішесі айтқандай, жын қаққан кісіше алқын-жұлқын теміржол вокзалынан бір-ақ шықты. Аудан орталығының үстінен өтетін жүрдек пойызға да іздегенге – сұраған, жалғыз билет оп-оңай табыла кетті. Жолаушылар вагонындағы абыр-сабыр тірлік ежелден белгілі; күн батпай  ас-суларын ішіп алуға қам жасаған кемпір-сампыр алмалы-салмалы протездерін шықырлатып, әлденелерді асықпай шайнайды, ара-тұра шай ішкен құрлы болмадық, титан суып кетті деп жолсерікке ескерту жасайды. Бес биенің сабасындай, бір өзі жайлы орындықтың тең жартысын иемденген қараторы келіншек омырауын ашып тастап, торсық шеке баласын емізіп отыр. Сірә, пойыз келгенше билет таппай ары-бері сабылса керек, самайдағы бір уыс шаштың арасынан тер тамшылары жылтырайды. Әлде бұл шырағым да қара шайға қанып алған ба, кім білсін. Көрші купеден қыз бен жігіт қосылып айтқан әдемі әуеннің қайырмасы құлағына майдай жақты. Әбілмәжіннің көптен бері жолаушылар пойызына тырнақ іліктіргені осы. Бәлкім, бес, не он  жыл. Ілгеріде ауданнан облыстағы іргелі мекемеге есеп беру үшін тоқсан сайын қатынайтын еді ғой. Әрине, жұмсартып айтқанда солай, ал арғы жағын қазбаласаң, «қатынайтын едісі» кішігірім мерекеге пара-пар-ды. Бұған әйел байғұсты жазғырудың керегі не, үлкен жерге барған соң елден келдік деп дастарқан жаюға тура келер, оған мәселе шешетін өңкей марқасқалар қонақ болар, сондайда жүзі жарқын болсын деп, Әбілмәжіннің жол сөмкесі жылы-жұмсақтан жарылып кетуге шақ қалатын. Қайран, ол күндердің естелігі осындайда жаңғырып, сенің алабұртқан көңіліңе қарамай, жан дүниеңді аспандатуға шебер ғой. Әбілмәжіндер пойызға табандары іліккеннен «дүбірлі тойды» бастап кеп жіберетін, вагонда бөтен адамдар бар-ау, бөгде жолаушылардың мазасын алдық-ау дейтін күпірлік ой миға кіріп-шықса не дейсің! Содан келесі күннің ертеңінде «қырық құмырсқа кіріп кеткен» жазған басты қайтіп жазарын білмей, облыс орталығынан өтіп кетпегендеріне шүкірлік айтып, пойыздан қисалаңдап түсіп жататын.

Аңсары ауғанымен ол дәурен енді Әбілмәжіннің қолына оңайлықпен түсе қоймас! Қарын шұрқыраса да амал нешік, алдағы қауырт жұмысты неден бастасам екен деп ойланып жатты да, түн жарымында ұйықтап кетті. 

                                            ХХХ

Ауданға шұғыл келгендігін тірі жанға сездірмеймін деп шешті. Әйтпесе, күтіп алушылар шаштың түгінен көп-ті. Осы өңірдің өркендеуіне бір кісідей атсалысқан атпал азаматқа кез-келген үйдің төрі дайын. Әбілмәжін есеп-қисаптың төңірегіндегі талай мансапты қызметті абыроймен атқарып, пенсияға шығарда «өзіме осы ыңғайлы болар» деп аудандық қамсыздандуру бөліміне ауысқан-ды. Онысы тұтынушылар одағының бас есепшілігінен бір мысқал кем болса кәні! Еңбек демалысына шығатындардың құжаттарын даярлап, жоғары жаққа жөнелтеді. Заман көші әлдеқашан түзелсе де, сонау ілгеріден шалғайға жабысып, сүйретіліп келе жатқан қазақы мінездің бір ізге түсе қоймағандығына, өзгермегендігіне таңданбасқа шараң қайсы. Әбілмәжіннің қақ-соқпен шаруасы жоқ, біртоға, өз жауапкершілігіне алған тапсырманы тап-тұйнақтай орындауға барын салатын әтібірлі кісі екендігін әңгіменің басында айтқанбыз. Әлдекімнің құжаты әлдебір себептермен кері қайтса, Әбілмәжін ұяттан өртеніп өле жаздайды. Сондықтан қағазға келгенде тас түйін мәттақан. Құжаттың үтір-нүктесі өз орнында тұруға тиіс. Олар ойдағыдай түгелденбейінше іс ілгері жылжымайды.

Қазақ десе бәрімізге тиеді. Осы бір түкке тұрмайтын кідірістің арғы астарына сабырмен, салқынқандылықпен ой жіберіп, безбендеуге келгенде алдымызға жан салмайтын шалағайлығымыз-ай! Бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, көпшілік айтатын жаттанды «жарапазанның» ұзын-ырғасы мынадай: «Әбілмәжін құжатты анау жетпейді, мынау жетпейді» деп әдейі сылтауратып ұстап отыр. Сірә, бірнәрсе дәмететін болар. Пенсиясыз да күнелтіп келдік қой, бір айлық жәрдемақы алмағаннан өлмеспіз. Алғашқысы Әбілмәжіндікі-ақ болсын, келер жерін кең қылсын» деп бір қойды кештетіп Әбілмәжіннің қорасына кіргізіп кетеді-міс. Оның үйреншікті дағдыға айналғаны сондай, кәкір-шүкірге есеп бергендей болмайыншы деп, бәйбішесі ол жайлы отағасыға құлағдар етуден аулақ-ты... Осы жай ойға оралғанда Әбілмәжіннің ешбір кінәсі болмаса да, бәйбішесін атарға оғы болмай қиналатындығы содан. Ауданнан үлкен қалаға қоныс аударғанда біраз қаражаттың жиналып қалғандығын кейін байқады. Алас-қапаста бұл қайдан келген «байлық» деп бас қатырып жатпады. Кейін естен шығып кетті ме белгісіз, белгілісі бұл топан ақшаны қайтесіз деп, Жасағанбергенге «сәбетский» жеңіл мәшине сатып әперді. Ой, Жасағанбергенжанның несін сұрайсың, осы заманда да осындайлар ың-шыңсыз өмір сүре береді, ә?! Тіпті айтудың өзі артық, фирма басқарып, табысты күреп тапқандығын қайтейін, әлі күнге дейін әкесі сатып әперген сырқылдақ мәшинемен бала-шағасын анда-мұнда тасығандығына тәубе. Оу, шетелдік су жаңа көлік мінсе Жасағанбергенді күстаналайтын біреу бар ма?! Өзі би, өзі қожа. Оған салсаң адамның ит-жыны тырысатын қайдағы-жоқты шатып-бұтады: «Өстіп көзге түспей, қарапайым боп жүргенім өзіме  ұнайды. Америкада миллионерлердің шалбарларының тізелері жалтырап жүреді!..» Уәжінің түрін! Ал сырқылдақ мәшинемен барар жеріне барып жетісті! Қалғанын металломға өткізгеннен басқа іске аспас. Жә, Әбілмәжіннің кешеден бері ойынан шықпаған кесепат-кесел қай қиырды шиырламады дейсің! Сол құрып кеткір мәшинеге жұмсалған қаражат қайдан табылып еді? Міне, мәселе қайда?!

Бүгін ойға алған шаруаны түгел бітіремін де, кешкі пойызбен кері қайтамын деп ұйғарды. Алдымен өзі барда пенсияға соңғы шыққан қарт теміржолшының үйіне апың-гүпің жетіп барды. Ертеңгі шайын аузына ала берген қарт теміржолшы Әбілмәжінді көргенде көзі шарасынан шығып, бір ұрттам сұйықтың өзін қақалып-шашалып әзер жұтты.

̶   Әбе, Әбекеңбісіз, ау, апақ-сапақта бұл не жүріс?!

̶   Сендердің амандықтарыңды білейін деп...

̶  Мә, сіз секілді кісі де өстіп... алдын-ала хабарласқанда... бүйтіп қам-қаракетсіз отырар ма ек. Қазан көтеріп, пойыздан күтіп алып дегендей... шүкір, сіздей қонақты қабылдауға әзір шамамыз жетеді... ұят болды-ау, айдың-күннің аманында... осындағы шал-шауқандарды шақырып, сізді ортамызға алып, біз пақырдың бір жасап қалатындығымызды көпсінгеніңіз бе?!

̶  Ешнәрсеге алаң болма, нан ауыз темін де...

̶  Әбеке-ау, сізге не болған, сонша жерден келіп тұрып... нан ауыз тиемін де шығамыныңыз не?! Сізге қолымыз жетпей, зарығып жүргенде. Жол түсіп келген екенсіз, асықпай өзіңізге тиесілі сыбағаңызды жеп, жата-жастанып... Көз көргендерге телефон шалайын...

̶  Ешкімді мазалама.  ̶ Дастарқанның жиегіне тізе бүгіп, таба нанның бір шұқымын аузына салды.  ̶ Далаға шығып кетші, шұғыл шаруа бар...

Теміржолшы әйеліне көзін қысты:  ̶  Бұл  не отырыс сенікі?! Кәне, тез жинал, қайтадан дастарқан жайып, қазан көтер. Әбекең астан әулие емес ... әлі де ойланар.

Әбілмәжін осы құрметтеріңе де ризамын дегендей, жылы жымиып, үй иесімен бірге қапталдасып дәлізге шықты.

̶   Мынау не?!

̶  Дымың ішіңде болсын.  ̶  Елу мың теңге салынған көгілдір конвертті қолына ұстатты,  ̶  Мен сені, сен мені көрген жоқсың! Алдағы уақытта амандықпен көрісуге жазғай!

Есік алдындағы оты өшпеген таксиге отырды да, тағы біреудің мекен-жайын сұрап ап, ілгері жылжыды. Орталықтағы пошташы кемпірдің үйін бірден тапты. Кемпір дейді-ау, о кезде екі бетінен қан тамған өңді, құлағынан айсырғасы түспейтін, «менің әйелім болсыншы» дейтін-ақ топ-толық келіншек-ті. Әбілмәжінге келген хат-хабарды тірі жанның қолына тигізбестен, иесіне тапсырғанша тыным таппайтын елгезектігін ұмыту  –  көрер көзге қиянат. Әбілмәжін де пошташының осы еңбегін ескеріп, құжаттарын күні бұрын әзірлеп, ылдым-жылдым облысқа жөнелтпекші-тін. Табан астынан еңбек кітапшасынан бір кінәрат табылғаны. Пошташы ары-бері шапқылады, бір мекеменің мөр табаны дұрыс басылмапты. Ел ішіндегі сыпсың әңгіме желден жылдам. Дәл осыған келгенде Әбілмәжіннің қылдай кінәсі жоқ-ты. «Бірдеме дәметіп жүрмесін!» Пошташы байғұс та жұрттың жүгіртпе сөзіне құлақ қойған тәрізді...

̶   Бұл кім?  ̶   Пошташы кемпірдің көзі көруден қалған ба кім білсін, есіктің сықырын естісе де, терезеге қарап мізбақпай отыр.

̶   Мен  ̶   Әбілмәжін Дәулетбаев.

̶   Кім, кім дейсіз?!  ̶  Пошташы қалбалақтап, қабырғаға сүйеніп, орнынан құмбыл тұрып кетті:  ̶  Сізді бізге мойын бұрғызған қай әулие?!

Ойына әлдене түскендей, сәл үнсіз қалды:  ̶  Қап! Мұндайда абыройсыздық болады, ә?! Әлгі келіні түскір де шошаңдап, жұмысына кетіп қалмасы бар ма?! Сізге дастарқан жаюға біздің қауқар шамалы. Дегенмен төрге шығыңыз, әзірге ептеп аяқ-жолымды көре алам...

̶   Әуре болмаңыз, ауданға келіп тұрып, сізге жолықпағаным қалай?

̶  Әбеке-ау, сіз шынымен Дәулетбаевсыз ба?! Жалғызбысыз?.. Осындайды сарыла күтіп жүретін бастықсымақтар қайда?

̶   Өзім шиырлаған таныс көшелер ғой баяғы. Көп нәрсе өзгермепті.

̶   Өзгерген мына біз, көз көрмейді.

̶   Сізбен жүздестім, көңіл марқайды... мен жүрейін. Шаруа бастан асады.  ̶  Әбілмәжін екінші конфертті де пошташының қолына табыстады:  ̶  Бұл не, жарағыр-ау... бізге қарыз болмаған секілді едіңіз ғой... айма-ай, күнбе-күн... кешікпей пенсиямыз келіп тұр. Сіздің ол жақсылығыңызды ұмытады демеңіз... шай ішіп, жайланып кететін ретіңіз еді. Әлгі келіні түскірді айтам да... түс ауғанша жатып-жатып... жын қаққандай жұмысына жүгіргені...

Есікті сыртынан жапты. Үшінші үйге де тізе бүкпестен асығыс кіріп шықты. Пенсияға құжаттарын дайындаған соңғылардың бірі  ̶  балықшы қария екі жыл бұрын қайтыс болыпты. Ұшқыр уақыт деген әне сол, немересінің өзі соқталдай жігіт. Оларға да тіс жармады. Аман-есен конверт табыстағанына жетер не бар?!..

                                                     ХХХ

Кешкі пойызбен кері қайтарда Жасағанбергенмен қалта телефоны арқылы ауызба-ауыз сөйлесіп, хал-жағдайын білді:  ̶  Алаңдамаңыз әке, сынған аяқ орнына түсті... Түнде дәрігерлер жоқта орнымнан тұрып, бір-екі қадам ілгері басым ем, тіпті ауырғаны сезілмеді. Құдайдың қолдағаны былай тұрсын, құдай бізге оң көзімен қарап тұр-ау деп ойладым. Мұным қалай?

̶   Дұрыс-ақ, құдайдың көзі оң болғай! Мұнан былай да осы айтқаныңды ұмытпа!  ̶ Әбілмәжін батыстан келетін жүрдек пойызды тағатсыздана тосып тұр.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan