Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ
/
Құралай Омар. Қисық шәугім...

Құралай Омар. Қисық шәугім

05.12.2025

4037

Құралай Омар. Қисық шәугім - adebiportal.kz

Кеше Қалибек Қуанышбаев атындағы музыкалық драма театрында «AMANAT» партиясы жыл сайын ұйымдастыратын дәстүрлі «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы қорытындыланды. Сол байқауда Құралай Омардың балаларға арнап жазған ертегісі жүлделі үшінші орынға іліккен еді.  Бүгін Құралайдың қиялынан туған “Қисық шәугім” ертегісін оқырман назарына ұсынып отырмыз. 

Ертегі

Ерте-ерте, ертеде емес, беріректе болса керек, асүйде көп ыдыс-аяқ өмір сүріпті. Солардың араларында бір қисық шәугім де болыпты. Әрине, ол кезде бұл шәугім қисық емес, жылтыраған, көркіне көз тоймас әдемі екен. 

Ол заманда үйден қонақ үзілмейді. Әрі отбасында да адам көп болғандықтан, ыдыс-аяқтарға тыным жоқ. Тіпті демалуды да білмепті. Бірақ ыдыстардың бір де біреуі шағым айтып, налымайды екен. Әр күндері той сияқты өтіп жатыпты. 

Күндердің бір күнінде дәл осы шәугім мінез көрсетіпті. Кеселденіп, кеселерге ұрсып, қасықтармен қақтығысыпты. Сондағы айтатыны «Сендер 

көпсіңдер. Мен жалғызбын. Оттан түспеймін. Белім бүгіліп, иілем де тұрам. Менің жұмысымды сендер істесеңдер, баяғыда қашып кетер едіңдер» екен. 

Кеселер де, қасықтар да оған қарсы келмепті. Не десе де, үндемей құтылады. Ал шәугім болса, күннен күнге өрши беріпті. 

– Осы сендер-ақ шуылдайсыңдар да жүреді екенсіңдер. Жұмыстарыңды тыныш жасасаңдар болмай ма? Мазаны алып біттіңдер ғой, – деп қасықтарға қарадай тиісіпті. 

– Шәугім-ау, біз саған не жаздық? Жұмысымыз солай болса, қайтеміз енді? – депті үлкен қасық.

– Керемет іс тындырып жүргендей боласыңдар екен. Дайын асты алып ауызға дейін жеткізуді де жұмыс деп, – деп ернін сылп еткізеді.

– Бізді осы қызметке бекіткен соң, соны орындаймыз. Сенің жұмысыңды тартып алып отырған жоқпыз ғой. Үндемеген сайын ауыз өзімдікі екен деп сөйлей беретін болыпсың. Доғар енді! – деп айқайлайды үлкен қасық.

– Түріне қарамай, менің аузымды жапқысы келеді. Менің жұмысымды атқарсаң, көрер едім, – деп бұлқан-талқан болады шәугім.

«Бұнымен сөз таластырғаннан пайда жоқ» деді ме, қасықтар үнсіз өз тірліктеріне кірісіп кетеді. Шәугімнің сөзіне мән бермей қояды.

Тағы бір күні шәугім гүлді кесемен сөзге келіп қалады. Әрине, бәрін бастаған шәугім еді. Таңғы шайдың уақыты. Үй-іші енді шайға отырған кез. Шәугім әдеттегідей бұрқылдап келіп, гүлді кесеге шайды төгіп-шашып, қалай болса солай құяды. 

– Абайлап құйсаңшы, – дегені сол еді, шәугім ашуға мінеді.

– Маған ақыл айтатын сен кім едің? Басымды иіп шай құйған сайын басыма шығып барасыңдар ғой. Дайын шайды құйып алып, ауызға жеткізгенге мәзсіңдер. Ыстық-суыққа шыдап, күніне бәлен рет отта тұратын мен. Ал сендер өтірік беттерің жылтырап, үнемі үстел үстінде тұрасыңдар, – деп айқайға басады шәугім.

– Енді ол... ол біздің қызметіміз ғой, – дейді гүлді кесе.

– Қызметің болса, үндемей істе. Шайды қалай құям, оны сенен сұрамаймын, – дейді ашулы шәугім. 

– Сұра деп тұрған жоқпын. Бірақ сен де қызметіңді дұрыстап атқарсаңшы. Бүкіл жұмысты өзің ғана істеп жүргендей болмашы. Күні-түні отта тұрса да, ешқашан дастарханға келіп көрмесе де, қазан үндемейді ғой осы, – дейді гүлді кесе де беріспей. Басқа кеселер де шулай кетеді. 

– Соны айтам. Бұл болмаса, дүние төңкеріліп кетердей қайтеді өзі, – дейді алтын жиек кесе. 

– Көппіз деп жабылуды бастадыңдар ма? – деп шәугім кекесінмен күледі.

– Бәрін бастаған өзіңсің ғой. Тып-тыныш өміріміздің берекесін қашырып, – дейді алтын жиек кесе.

– Берекелеріңді алып жүрген мен бе?» деп әбден ашуға булыққан шәугім сол жерде төбелес шығарады. Ыдыстар бір-біріне соғылып, әп-сәтте үстел үсті быт-шыт болады. Шай төгіледі. Нанның үстіне тосап құйылып кетеді. 

Майдың ыдысы төңкеріліп, дастарханның беті май-май болады. Содан төбелес әрең тоқтайды. Үй иесі ыдыстарды жуып, орын-орнына қояды. Кеселер шкафқа, ал шәугім болса, пештің үстіне кетеді. Пештің үстіне орналасқан шәугім «қай жерден кесел шығарсам екен?» дегендей жан-жағына барлай көз тастайды. Абырой болғанда пештің үстінде ешқандай ыдыс болмайды. 

Қанша тұрғаны белгісіз, ұйықтап кеткен екен. Көзін ашса, түс болып қалыпты. Үй иесі түскі тамақ қамына кірісіп жатыр. Шәугімді аздап ысырады да, жанына қазанды қойып, тамақ пісіре бастайды. Пешке отынды көп қылып салады. 

Бұл кезде шәугім құр тұрмай, қазанға соқтығыса бастайды. 

– Күніне бір-екі рет тамақ пісіріп бергеніңе мәз боласың. Сол да мақтан ба? Жұмысың жұмыс емес қой сенің. Оп-оңай. Тамақ піскен соң тұрғаның сол мелшиіп, – дейді шәугім.

– Ойбу, сенің жұмысың қиын екен ғой. Жұмысыңды айтып неменеге бәрімізге міндетси бересің, – деп сөзбен түйреп алады қазан. Қасықтардан да, кеселерден де бұндай ауыр сөз естімеген шәугімнің ашуы басына шығады.

– Мен сияқты өзің отта тұрып, өзің дастархан басында жүрсең, көрер ем. Сен бе, сен, ондай болса, жүнжіп кетер едің. Менің еңбегімді ешқайсың да бағаламайсыңдар. Бір күн мен жоқ болайыншы, қалай өмір сүрер екенсіңдер, – деп бұрқ-бұрқ етіп ашуланып тұрған шәугім бір кезде тарс етіп атылыпты. Ашуланып, сөйлей берген шәугімнің суы таусылып қалып, содан атылып кеткен екен. 

Тарс еткен дыбысты естіп, үй иесі жүгіріп келсе, бір жағына қарай қисайып, түбі тесіліп қалыпты. Қисық әрі тесік шәугімнің ештеңеге жарамасын білген үй иесі шәугімді қораға әкеп тастапты. Содан бері шәугім ешкімге керексіз боп жатыр екен. Әлі күнге дейін өзінің ісіне өкінеді дейді. 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan