Айбек деген бала болыпты. Ол тәттіні жақсы көреді екен. Тәтті жей берген соң, оны Тәттібек деп атап кетіпті.
Ата-анасы тәттінің бәрін тығып тастаса да, Тәттібек оларды тауып алып, жеуін қоймапты.
Бір күні Тәттібек анасының бір тортты тоңазытқышқа салып жатқанын көріп қалады. Анасы жұмысқа кете салысымен тоңазытқыш жаққа барып, тортты жемек болады.
Тоңазытқыштың есігін ашып, тортқа қолын соза бергенде қолынан біреу бас салыпты. Ештеңе түсінбеген Тәттібек қолын тартады. Бірақ үлкен қол оның қолын жібермейді. Қанша жұлқынса да, қолын босата алмайды.
Бір кезде қол сөйлей бастапты:
– Осы күнді қанша күттім? Қолыма әйтеу түстің ғой, – дейді.
– Сен кімсің? – дейді оған Тәттібек.
– Менен қорықпа. Мен тәттілер патшасымын.
– Тәттілер патшасы? – деп таңқалады Тәттібек.
– Менімен бірге Тәттілер патшалығына барғың келе ме? Ол жақта саған ешкім тәтті жеме деп айтпайды. Бәрі ағыл-тегіл. Қалаған тәттіңнің бәрі табылады.
– Ол алыста ма? – деп сұрайды.
– Алыс та емес, жақын да емес, – дейді қол.
– Ата-анаммен барсам бола ма?
– Жоқ, ол жаққа жай адамдар бара алмайды. Жолды менен басқа ешкім білмейді.
Қалаған тәттіңді жейсің деген сөзді ұнатып қалған Тәттібек көп ойланбастан, қолмен бірге Тәттілер патшалығына баруға келісім береді.
Қол оны қатты тартып қалып, тоңазытқыштың ішіне сүңгіп кетеді.
Қанша уақыт өткенін білмейді. Көзін ашса, Тәттібек басқа бір жерде жатыр екен. Бағанағы үлкен қол да, тоңазытқыш та көрінбейді.
Орнынан тұрып, жан-жағына қараса, міне ғажап! Үй, гүлдер, жер, барлығы торттан жасалған екен. Ал аспанда бұлттың орнына тәтті мақта тұр. Тастардың бәрі жай тас емес, кәмпит. Тіпті бұл жақта судың орнына тәтті шырындар мен сусындар ағады. Тәттібек қуанып кетеді. Енді тәтті іздеудің қажеті жоқ. Жатқан жерінде тәтті жей береді.
Тәттібек патшалықты аралай бастайды. Патшалық өте үлкен екен. Кәмпиттен тұрғызылған сарайға кіреді. Бұл кәмпит пе екен деп, тілін тигізіп көреді. Шынымен де тәп-тәтті. Үйдің ішіндегі жиһаздардың бәрі тәттіден жасалған. Тәттібек өз көзіне өзі сенбей, барлық жиһазды тістеп дәмін көріп шығады. Бәрінің тәттіден жасалғанына көзі жеткен Тәттібек қуанғаннан секіріп, айқайлап өлең айтады. Кәмпит сарайда асыр салып ойнайды. Тәттілерді отырып та жейді, тұрып та жейді, жатып та жейді. Өзі тойса да, көзі тоймай жей береді.
Осылайша күндер өтіп жатады. Тәттібек қанша жесе де, тәттілер таусылмайды. Тәттілер патшасы оған өмірінде көрмеген тәттілердің бәрін дайындатып береді. Тәттібек ештеңе ойламастан, күні бойы ойнап, тәттіге тойып алаңсыз өмір сүріп жатады.
Бір күні Тәттібек ойнап отырған кезде аузындағы барлық тісі бірден сау етіп түсіп қалады. Ол шошып кетеді де, бақырып жылай бастайды. Енді қараса, қолдары шалдың қолы сияқты әжім-әжім болып кеткенін байқайды. Шошып кеткен ол түрін көрмек болып айна іздейді. Әрең дегенде айнаны тауып алып қараса, шашының бәрі аппақ, беті әжім-әжім, тістері жоқ шалға айналып кетіпті.
– Жоқ, бұл мүмкін емес! – деп айқай салып, айнаны лақтырады да, басы ауған жаққа қаша жөнеледі.
– Қайда қашып барасың, бала? – деп Тәттілер патшалығына алып келген қол оны тұра қуады.
Тәттібек қаша береді, қаша береді. Алды-артына қарамай қашады.
Бір кезде қатты шаршаған ол аяқ-қолы икемге келмей, құлап түседі. Ол жерде қанша жатқаны белгісіз, оянса, мүлде таныс емес жерде жатыр екен.
– Су, су, мен қатты шөлдедім, – деуге шамасы әрең келеді. Осылайша ол ұзақ жатады. Есін жинап, көзін ашса, жанында бір торғай ұшып жүр екен. Кенет торғайға тіл бітіп, сөйлеп кетеді:
– Ата, сізді бұл жерге кім әкелді? – дейді торғай.
– Мен ата емеспін, – дейді Тәттібек.
– Мен көріп тұрмын ғой, сіз атасыз, – дейді торғай қайтадан.
– Мен шөлдедім, маған су әкеп берші, содан кейін бәрін саған айтып берем, – дейді торғайға.
Торғай жақын маңдағы өзеннен аузына толтырып су алып келеді де, Тәттібекке ішкізеді. Тағы да су алып келіп, тағы да ішкізеді. Сөйтіп бірнеше рет су ішкізген соң, Тәттібек орнынан тұрады.
Өзінің бала болғанын, Тәттілер патшалығына келіп, тәттіні жей берген соң шалға айналып кеткенін баяндап береді. Торғай басын шайқап, таңдана тыңдайды.
Торғай екеуі Тәттібекті бала қалпына келтірудің амалдарын қарастыра бастайды.
– Таптым! Таптым! – деп торғай мәз болып ұша жөнеледі. Ештеңені түсінбеген Тәттібек торғайдың соңынан ілеседі. Торғай тынымсыз ұшып, бір бақшаға келгенде ғана тоқтайды.
– Бұл бақша ғой. Ол мені қалай балаға айналдырады? Бұл жерде сиқыршы жоқ қой, – дейді Тәттібек.
– Мына алманы жеп көр, – дейді торғай.
Тәттібек алманы алғанымен, жей алмайды. Жейін десе, аузында бірде-бір тісі жоқ. Жаны ашып кеткен торғай тұмсығымен алманы тістеп, ұсақ-ұсақ қылып бөліп береді. Тәттібек алманың бір кішкенесін жұтқаны сол екен, аузында бір тіс пайда болады. Қуанып кеткен Тәттібек алманы жей бастайды. Алманы толық жеп бітіргенде тістері түгелімен қалпына келеді.
Екінші алманы жегенде қолындағы, бетіндегі әжімдер кетіп, үшінші алманы жегенде шашы қарайып шыға келіпті.
Қуанышы қойнына сыймаған ол билей жөнеледі. Торғай да оған қосылып билепті.
Билеп жүріп «менің үйім қайда осы? Ол жаққа қалай барам» деп ойлапты.
– Торғай, торғай, мен үйімді қайтіп табам? – деп сұрапты.
– Сен үйіңнің жанында жүрсің ғой? – дейді торғай.
– Қалайша? – деп таңқалады Тәттібек.
– Бұл сенің үйіңнің артындағы бақша. Бірақ бұрын сен бұл жерге ешқашан да келіп көрмегенсің. Келгің де келмейтін. Ылғы тәттілер дүкеніне жүгіретінсің.
– Мен енді ешқашан тәтті жемеймін, – деп Тәттібек торғайға сөз беріпті.
Сөйтіп Тәттібек бақшадан өтіп, үйіне келіпті. Жол-жөнекей бақшадан түрлі жемістер де теріп алыпты. Үйіне келген бойда тәттілердің бәрін қоқысқа тастап, оның орнына дастарханға жеміс-жейдектер қойыпты. Содан бері Тәттібек тәтті жемепті.
