Баяғы бір заманда, өте ерте кезде Қыс-Әке мен Көктем-Ананың қызы дүниеге келіпті. Кішкентай қыз боран соқтыра алатын болғандықтан оның атын Қар Ханшайымы деп атапты. Ол қар ұйытқып соққан кезде ортасында шыр айналып билегенді ұнатады екен. Бастапқыда бұл бар болғаны жаяу борасын болғанымен, бірақ Қар Ханшайымы өсе келе қарды олай да бұлай боратқан нағыз бұрқасын шақыра алатын болды.
Жылдар өтіп, кішкентай Қар Ханшайымы керемет қыз болып бойжетіпті. Ол өзінің ғажайып қасиетін ақылмен басқаруды үйренеді. Бір күні Қар ханшайымы солтүстік шеттегі туған үйін тастап, жердің жүзін өз бетінше аралап, көзімен көргісі келетін мезгіл жетті деп есептеп, әкесі мен анасынан өзін саяхатқа жіберуді сұрайды.
Олар келісім бере отырып, оған бір ғана шарт қояды.
«Есіңде болсын, қызым, – дейді оған Көктем-Ана, – сен ешкімді, оның ішінде адам баласын жақсы көрмеуге тиіссің».
«Ия, – деп қостайды Қыс-Әке, – Махаббат сезімі жүрегіңе еніп кетпесе болды, саған өлімнің өзі қорқынышты емес».
Бұл сөздерді естігенде Қар Ханшайымы селк ете түсті, бірақ оның қалайда жер жүзін өз көзімен көргісі келді, сөйтіп ол ата-анасымен қоштасып жолға шықты. Саяхаттауға Қар ханшайымы жалғыз аттанған жоқ. Ол шетсіз-шексіз созылған мұздар мен қар жапқан кеңістікті ақ аюлармен бірге жүріп өтті. Солтүстің бұғылары оны өздерімен бірге оңтүстікке ала кетті. Ормандағы жолдардан оны дыбыссыз сақшылар ретінде қасқырлар қорғап алып жүрді. Түні бойы полярлық үкілер ай сәулесінде қаракөк көлеңкесін серпи Қар Ханшайымын басқа қауіптен қорғады. Қар Ханшайымы барлық аң мен құсты жақсы көретін, бірақ, бәрібір де адамдардың арасына барғысы, олардың қалай өмір сүретіндерін түсінгісі келді.
Ақырында Қар Ханшайымы шағын деревняға кез болды. Ол қардан аққала илеп жасап жатқан екі балақайдан көз алмай қарап тұрды.
Үйшіктің қасында қарулы, жиренсақалды қарт кісі отын жарып, ал бозбала айырмен қойлардың қашасына шөп лақтырып жатты. Екі жас бала оны қармен атқылаған кезде жігіт мәз болып күлді. Күннің батқан мезгілі қар біткенді алтын шапаққа бояған кезде, үйшіктің есігі айқара ашылып, мейірімі жүзінен көрінген әйел бүкіл отбасын тамақ ішуге шақырды.
Қар Ханшайымы бірнеше күн бойы орманға жасырынып жүріп, бұл үйдің адамдарының тіршілігін сырттай бақылай бастады. Кейде жас бақташы жұмысын бітіргеннен кейін сыбызғыда ойнап, оның кішкентай інісі мен қарындасы қар үстінде би билейтін. Олар өте бақытты көрінетін.
Бірде үйшіктің жанынан сәнді киінген қыздар мен жігіттер өтті. Кейбіреуінің қолында музыкалык аспаптары бар еді. Бозбалалардың ішінде біреуі: «Сергей, тез бол, әйтпесе мерекеге кешігеміз!» деп бақташыны шақырды. Бақташы сыбызғысын алып, достарына қуып жетіп қосылды.
Олар деревня ішімен асықпай жүрді, ал Қар Ханшайымы болса орман жиегімен жүріп отырып олардың соңынан ілесті. Оған олардың осыншама көңілденіп, не айтып жатқанын білу қызық болып көрінгені сондай, Қар Ханшайымы тіпті сақтық туралы ойлауды да ұмытып кетті.
Сергей оны алдымен байқады, бұрылып бұған қарап: «Соқпақ жолмен жүру анағұрлым ыңғайлы. Бізге қосылғың келмей ме?» деп сұрады. Жігіт тоқтап, жымиған күйі оған қолын созды. Әуелі Қар Ханшайымы біртүрлі шоши қарағанымен, бірақ оның білмекке деген құштарлығы өз дегенін жасатты. Ол жігіттің қолынан ұстап, орманнан шығып соқпақ жолға түсті. Жігіт оның есімінің кім екенін сұраған кезде «Қар Ханшайымы» деген есімнің кәдімгі адамдардың есіміне ұқсамайтынын қыздың өзі де байқаған еді. Сондықтан бұдан бұрын бақташының өзінің қарындасын «Катя» деп дауыстай шақырғанын естіген ол бұл жолы өзінің есімін айтқан кезде: «Менің есімім Катя» деді.
Қысқы мерекеде көңілді соншама көтерген қаншама ойын-сауық болды десеңші! Бұғы жегіп жарысу, конькимен сырғанау, ән және би сайыстары. Музыканттар күні бойы адамның делебесін қоздыратын ойнақы әуендерді ойнай берді. Сергей мен оның достары барлық жұп алау айналасында билеуден шаршағанша ойнаудан жалықпады. Мереке аяқталған кезде Сергей Қар Ханшайымына жақындап келіп, оны үйіне шығарып салуға бола ма деп сұрады.
Қар Ханшайымы өзінің үйінің қысқы орман екендігін, ал қардың төсек жамылғысы болатынын қалай түсіндіре алсын? Ол тек басын шайқады. «Онда біз жақында қайтадан тағы кездесе аламыз деп үміттенем» деді Сергей.
Сол түні Қар ханшайымы түсінде ата-анасын көрді. Қыс-Әке оған: «Есіңде болсын, адамға деген махаббатың жүрегіңе енбей тұрғанда сен үшін өлімнің өзі қорқынышты емес» деп қайталаумен болды. Қызға бұл түі тегін еместей, біртүрліс үрейлі көрінді. Таңертең Қар Ханшайымы Сергейдің қойға шөп салғанын, ал оның інісі мен қарындасының қар үстінде ойнағанын көруге бармай қалды. Ол адамдар әлемін ұмытуға серт етіп, солтүстікке, жабайы орманның жықпыл жеріне аттанды.
Енді Қар Ханшайымы орманда өзін жалықтырмайтын аңдардың қасында күн кешіп жатты. Ол түлкімен ойнап, қояндарды қуды, ал орман бұғылары Қар Ханшайымы орманда серуендеген кезде оның соңынан ілесіп жүрді. Ол алай-дүлей боран шақырып, билеуге тырысты, бірақ бұдан жанына жұбаныш таппады.
Күндер мен апталар өтті, ал Қар ханшайымы болса бұрынғыдан да гөрі мұңая берді. Ақыры жалғыздық оны жан төзгісіз жағдайға жеткізді. Сол кезде ол қайтадан оңтүстікке, деревня жаққа, үйшікке барды. Сергей терезенің қақпағын оңдап жатыр еді. Қар ханшайымы оны серуендеп қайтуға шақырды. «Қуана қуана серуендейміз, Катя» – деп жауап берді Сергей, сол кезде Қар ханшайымы жымиып күлді. Оған өзінің адамның есімін иеленгені ұнаған еді.
Алаңқайда Катя тоқтай қалып, Сергейден өзі үшін сырнай ойнап беруін өтінді. Сергей сырнайда ойнаған кезде қызға бұрын-соңды ешуақытта болып көрмегендей жылылық сезілді. Осылайша бақташы мен Қар Ханшайымы дос болды. Күн сайын Қар Ханшайымы кездесуді ынтыға күтті. Осылайша ұзақ қыстың қалай тез өткенін байқамай қалды. Қар Ханшайымының бақытты болғаны сондай, өзіне ата-анасының ескерту жасағанын да естен шығарып алды.
Бір күні түнде Катя қорқынышты түс көрді. Түсінде Қыс-Әке ренжи тіл қатты: «Есіңде болсын, адамға деген махаббат жүрегіңді жаулап алмайынша өлімнің өзі саған қорқынышты емес» деді. Осы сөздерді айтқан ол қызының жүрегін тоңдыру үшін оған қар бұрқасынын жіберді.
Қар Ханшайымы қорқыныштан дірілдеп оянды. Оның өлгісі келмеді. Ұзақ өмір сүруі үшін ол әкесінің тілін алып, жүрегін мұзға айналдыруы керек, сол кезде мұз боп қатқан жүрекке махаббат ене алмайды. «Енді менің жүрегім мұз сияқты салқын» деді өзіне-өзі Қар Ханшайымы.
Ол қарлы бұрқасын тұрғызып, бір сәтке ұйытқымалы жел мен қар ұшқындарының арасында ұмыт қалғандай болды. Ол үлкен кәрі ағашқа жасырынды да, таңға дейін өзі шақырған боранның қалай құтырына соққанын естіп жатты. Ал таңға жақын қыз сүйектеріне дейін тоңып қалғанын сезді. Ертесіне дабыр-дұбыр дауыстардан оянды. Адамдар Сергейдің атын атап, оны іздеп жүрді. Қар Ханшайымы бір адамның Сергейдің отардан бөлініп қалған қойды іздеп боранда адасып кеткені туралы айтып жатқанын естіді. Қой өзі қорасына келген, ал Сергей әлі оралмаған. Енді бүкіл деревня болып бақташыны іздеп шыққан. Катя басқалармен қосылып, Сергейді іздеуге аттанды. Сағаттар өтіп жатты, ал бақташы табылар емес. Қар Ханшайымы оны басқалардан гөрі алабөтен уайымдады, сол кезде оның кеудесіндегі сап-салқын қар түйіршігі де ерігендей сезілді. Қыздың сезіміне жауап ретінде оның айналасындағы қар атаулы да ери бастады. «Мен өліп кетсем де, ол табылса екен» деп дұға қылды Қар Ханшайымы. Оның жүрегі одан сайын ысып, ал айналасындағы қар біткен одан сайын күштірек ери берді.
Қар ханшайымы оны ұзақ іздеді. Ақыры қардың бәрі еріп біткен кезде ол өзінің сүйіктісін көрді. Жігіт ес-түссіз болатын. Шамасы қараңғыда Сергей ағаштың тамырына шалынысып, құлап, сол кезде оны қар басып қалғанға ұқсайды. Катя оған еңкейіп, қатты жылап жіберді. «Есіңді жи, Сергей, өтінем, есіңді жи»! – деп қайталай берді ол.
Сергей көзін ашты. «Бұл сен бе, Катя? – деді ол. – Сен менің түсіме кірдің бе? Әлде мен қайтыс болып, жұмаққа кірдім бе?»
«Жоқ, сен емес, жақында қайтыс болатын – мен. Өйткені, мен Қыс-Әке мен Көктем-Ананың қызымын. Олар маған егер адамды жақсы көретін болсам, көп ұзамай өлетінімді ескерткен болатын», – деп жауап берді Катя.
Қыз жігіттің бетіне қолын тигізген кезде бір жылуды сезді. Оның мұз секілді бозарған өңі алабұртып, одан тараған қызыл арай бетін қыздыра бастады. Расын айтқанда, Қар Ханшайымы өзін нашар сезінген жоқ-ты, тіпті бұл ешқандай да өлім белгісін байқатпайтын еді.
Қардың бәрі еріп кетті, қары еріп аршылған ойдым жерлерге шөп шыға бастады, ағаштар бүршік жарды. Катя айналасына таңдана қарады. Ал жас өскін бұталар арасынан ол өзінің анасын, Көктем-ананы көрді.
«Анашым, қара, мен адамды жақсы көріп қалдым, бірақ әлі өлгенім жоқ!» – деп айқайлап жіберді.
«Ол ерте ме, кеш пе, сенің соңыңнан бәрібір келеді, – деп жауап берді Көктем-Ана, – себебі махаббат сенің жүрегіңе енді. Сен адамға айналдың, енді сен де адам сияқты әйтеуір бір күні келетін өлімге душар болмақсың». Осы сөздерді айтқаннан кейін Көктем-ана көзден ғайып болды.
«Сен кіммен сөйлестің? – деп сұрады Сергей. – Маған бір дауыс естілгендей болды, бірақ мен ешкімді көре алмадым».
Катя жымиып, оған тұруға көмектесті. «Мұнда ешкім жоқ, – деді ол, – бұл жер бетін ұзаққа созылған қысқы ұйқыдан оятуға ұшып жеткен көктемнің самалы».
Сәлден соң Катя мен Сергей бір-бірінің қолынан ұстап, көктем күнінің алтын шапақты шуағына шомылып, орманнан әрірек ұзай берді.
Аударған Ж.Ғазиз
