Телефондағы дауыс:
– Сенi iздеген мен – Мүсiрепов. Адрестi бiлесiң бе? Келсiн деп едiм ғой. Қазiр күтем.
Үстiне спорт костюмiн, көзiне қара көзiлдiрiгiн киген Ғабең тың көрiндi. Бiр парақ қағаз, ұшталған қарындаштан басқа ештеңе жоқ, жалаңаш столдың қасына келiп, бетiме үңiле қарады:
– Солай де. Солай, – дедi созып. Бұл «солайлардың» астарында не жатқанын ұққам жоқ.
– Жастар түгiл, қырықтағылардың өзi арабшаға суқараңғы, өзiң оқып шықтың ба, әлде бiреу көзiлдiрiк болды ма? – дедi. «Көзiлдiрiктiң» астарында не жатқанын да ұққам жоқ.
Ғабең суық жымиды:
– Өзiң меңiреу адам секiлдi сыңқиып, iшiмдегiнi тап деп, үндемейсiң ғой. Өзiң тартып оқи алатын қауқарың бар ма, жоқ әлде, ескiше танитын бiреуге оқытып, тыңдадың ба деп сұрап тұрмын.
Осы кезде ғана оянған болсам керек, жауап қолма-қол айтылды:
– Жарты қарыс кiтапты маған кiм оқып бередi? Митыңмен жүрiп, аяғына шықтым. Университетте Мәрзия Мәженова есiмдi Ленинградтан араб бөлiмiн бiтiрiп келген қарындасыңыз оқытқан.
Ғабеңнiң түсi ендi ғана жылыды:
– Е, е. Ол анау Махамбеттiң падиша өкiметiне баламды оқуға ал деп жазған хатын тауып, соны ажыратып оқып берген Мәженова болды ғой. Солай де. Солай.
Тағы алдымнан шыққан «солай де, солай» ендi қайда бұрар екен деп ойладым.
Ғабең стол тартпасынан сырты қапталған кiтап шығарды да, ыңыранғандай үнмен сабырлы сөз сабақтады:
– Бұл өзi жазылып бiткен күннен бастап тағдыры ауыр болған шығарма. Бурабайдағы ауылшаруашылық техникумының оқытушылығынан аяқ астынан көтерiлiп, Қызылордаға, сол кездегi Қазақстанның астанасына, үлкен қызметке, Қазақстан баспасына бас редактор болып дiк ете түсейiн. Мұхтардың жаңа шығармасы турасында көп әңгiме, дау-шар бар екен. Екi жақ дай-дай. Бiрi аспанға шығармақ, екiншiсi жермен-жексен етпек. Оқи бастап едiм, тартып әкетiп барады. Бұрын пьесаларын, әңгiмелерiн бiлушi едiм. Журналдарда басылған (жиырмасыншы жылдары қазақша басылым қаулап кеттi ғой), кiтап боп шыққандары бар. Мұхтар қалай күрт өскен деп таңғалдым. Бар болғаны отыз-ақ жаста. Соншалықты ауыр да терең, күрделi де қиын тақырыпқа қаймықпай барып, орасан көркем туынды жасаған. Ресми қызметте отырған кiсiге, әсiресе ол кезде қоңырауы бар адамның шығармасы туралы ағынан жарылып пiкiр айтуға болмайды, мақтау жағынан сақтық қажет. әсiресе қызыл көз пәленiң бiрi байбалам салып, аттандап шыға келсе, бiреуге жақсылық iстемек түгiл, өз басыңды қорғай алмай қаласың. Содан анау «алғы сөздi» ойлап таптық, – деп барып Ғабең маған сұстана қарады. – Сен мақалаңда қадала сынап отырған сол «алғы сөз» болмаса, ол кезде «Қилы заманның» басылу-басылмауы екiталай. Дүние төңкерiлiп түсiп, астан-кестен болған аласапыран уақыттың мiнезi де шатақ, асау. Ал Мұхтар шығармасы шалға бармаймын деп жылаған қыз, байдан қорлық көрген кедей хикаясы, ауыл арасының үйреншiктi итжығысы емес, Ресей мен Қазақстан қарым-қатынасының күрделi кезеңiн көрсетiп отырса, ондай намысты туындыға қалай ара түспейсiң? «Қилы заманның» басылуына бел шешiп, бiлек сыбанып кiрiсiп кеткенiмдi қазiрдiң өзiнде жас кезiмде жасаған бiр батылдығымдай көремiн, – деп Ғабең тұнжырап, қабағы қоңыр тартып барып тоқтады.
– Осы уақытқа дейiн осындай туындыны түсiнбей... – дей бастағанымда сөзiмдi аяқтатпай, кесiп кетiп, қатқыл сөйледi:
– Пәлi деген. Түсiнген. Сендерден артық түсiнген. Бейiмбетке байланысты менiң бiр айтқан сөзiмдi естiп пе едiң? Естiсең сол. Уақыттан, мезгiлден үлкен ешкiм жоқ. Соңғы сөздi, әдiл сөздi қашанда солар айтады. Және кейiнгi ұрпақ аузымен айтпақ. Мiне, сен «Қилы заманның» жоқшысы, жанашыры болып, ақтаушысы болып келiп тұрсың ғой. Түсiнгендерiң дұрыс, ендi Мұхтар атымен қазақ елiне тек бәйге, тек жақсылық, тек абырой-атақ, махаббат-даңқ келедi деп бiлемiн. Солай, – деп Ғабең мақаламды қолыма ұстатып, ендi хош бол дегендей сыңай танытқан.
Сөздiң қапелiмде аяқталғанына сасқандық па, әйтеуiр аяқ астынан мiнез шығарып:
– Қол қойып берсеңiз жақсы болар едi, – деппiн. – Ахмет Жұбанов пiкiр жазып, қол қойып бердi.
Ғабең шұғыл бұрылып, бетiме ажырая қарап, қатқыл үнмен:
– Немене, саған «Ғабит Мүсiрепов басылсын деп айтты» деген сөз жетпей ме? Әлде редакторың қағаздатып, мөр бастырып, заңдастырып әкел деп пе едi? Жүре бер. Нығметке айтам, қажет болса, – деп сөздi шарт үздi.
Жазушы үйiнде екен. Телефоннан егде адамның қарлығыңқы таныс даусы естiлдi.
– А, а, солай ма? «Жалын» альманағының тапсырмасы дейсiң бе? Жолықпай жазу мүмкiн емес дейсiң бе? Үй-iшiмнiң жағдайы қиындап тұр. Бәйбiше қатты сырқат. Көп уақыт бөлуге шамам жоқ. Сен ертең сағат он бiрде кел. Сұрақтарыңды дайындап жазып әкел. қош. Келiстiк.
Уәделескен уақытта есiктi Ғабит Мүсiреповтiң өзi ашты. Бiр қалада тұрсақ та, көрмегенiме жарты жылдан асып кетiп едi. Өңi жүдеу, қабағы салыңқы көрiндi. Үстiнде жеңiл ғана үй киiмi. Бөтен адам жоқ екен.
– Шешiн де, кабинетке бара бер, – дедi. – Көз ауырады. Мен қазiр басқа көзәйнек киiп келейiн.
Залда сiресiп, жарқырап, адамның мысын басып тұрған жиһаз-дүние, асыл мүлiк жоқ. Бiр қабырғада И.И.Левитанның әйгiлi «Владимир жолы» деген картинасы, екiншi қабырғада маған белгiсiз суретшi салған қазақ әйелiнiң бейнесi, сiрә, Ұлпанды келтiргенi болу керек.
Залдан кабинетке шығады. Бұрын келгенiмде кiтаптан белдерi қайысып тұрған сөрелер ендi босап-босап қалған екен. Оның себебi түсiнiктi: көп кiтап «Жаңа жолға» жеткен. Қабырғадағы А.К.Саврасовтың «Ұзақтар ұшып келдi» дейтiн картинасы кабинетке жылылық берiп тұрғандай көрiнедi.
Жазу столының үстiнде араб графикасымен жазылған қағаздар, ұшталған қарындаштар, өшiргiштер жатыр, басқа еш нәрсе жоқ.
Жазушы столына келiп отыра бергенде, телефон шылдырлады. әуелi үнсiз тыңдады. Артынан жауап бере бастады:
– Архив қызметкерлерiнiң ол қамқорлығына рақмет. Бiрақ қазiр суретке түсетiн жағдайым да жоқ, көңiл-күйiм де жоқ. Таяуда «Қазақ әдебиетiнен» келiп түсiрiп әкеткен, аса қажетсiнсеңдер, солардан алыңдар. Сөйтiңдер.
(Ғабит Мүсiрепов – әлеуметтiк күреске, қоғамдық қызметке, көркем шығармашылыққа ХХ ғасырдың басында келген, революция қуатымен түлеген, мәдениеттiң барлық саласында халқымызды мол олжаға кенелткен ғажайып талантты буынның өкiлi. Әдебиет тарихында Ғабит есiмi Сәкен, Iлияс, Бейiмбет, Мұхтар, Сәбиттермен қатар аталады. Бұлар – өнерiмiздегi жаңа арналардың көш бастаушылары. Әрине, кемел суреткерлiк, үлкен жазушылық – бақыт, ал көш басы – одан зор абырой. Iргетас қалау миссиясы осыларға бұйырған. Ғ.Мүсiрепов шығармашылығы – қазақ өнерiнiң сұлу бiр арнасы. Ғабит әнi – таза үндi, әсем әуездi шырқау ән. Ғабит арнасы – мөлдiр, тұнық арна. Ғабит шығармалары ұзақ баптап, әбден жаратып, жал-құйрығын сүзiп барып, бәйгеге қосқан жүйрiктердi еске түсiредi, оның шығармалары әдебиетiмiзге мәдениет, көркемдiк, тереңдiк әкелдi, ұлттық және интернационалдық сипаттарды тұтастырды).
Телефонмен сөйлесiп бiткен жазушы жымиып күледi:
– Несiне мелшиiп отырсың? Келген шаруаға кiрiс. Телефонда ұят-аят деген болмайды. Тағы бөлiп кетедi. «Жалын» альманағының оқушылары ненi бiлгiсi келедi?
– Неше жаста хат таныдыңыз? Кiмдердiң әсер-ықпалы болды? Өзiңiздi кiмдермен сарындас санайсыз?
Жазушы бiрталай үндемей отырды. Сөзiн ақырын бастады:
– Әрине, бұл қысқа қайырып, тез тоқталатын әңгiме емес. Күнi бүгiнге дейiн есiмде, бәрi көз алдымда тұр. Алты жасымда ауыл молдасынан оқи бастадым. Аты – Уәйiс едi. Бiздiң ел орыс шаһарларымен ерте араласқан, тұрмыс-салтына, өмiр тiршiлiгiне қала салты бұрынырақ кiрген жұрт. Шай-қант, киiм-кешек қана емес, кiтап, қағаз дегендер келе бастады. Сән-салтанат, жайдақ мақтан үшiн емес, кедей ауылдардың өзi бiрiгiп, арнайы ақы төлеп молда ұстайды. Бес-алтыға келген балалардың тiлiн сындырып, мұсылманша хат танытады. Шамасы жеткен әлдi, ауқатты кiсiлер балаларын орыс мектептерiне бередi.
Бiр жылдан кейiн Уәйiс кетiп, Балағұр деген молда келдi. Кейiн башқұрт Мұқаметқалидан оқыдым. Не бiлдi дейсiң ғой? Қазiргi тiлмен айтқанда, арабша графика негiздерi, араб-парсы, шағатай сөздерiнiң қазақша баламасын табуға машықтандық. Ең бастысы, хат танып алған соң, ерекше, ғажап, бай дүниеге кiрдiм де кеттiм. «Қазақ әдебиетiне» жазған мақаламды оқыған шығарсың. Революциядан бұрын қазақ тiлiнде 500-ге тарта кiтап басылып шыққаны белгiлi ғой. Кешке жақын, әсiресе қыстың ұзақ түндерiнде үлкендер бас қосқанда хат танитын балаларды ортаға алады. Дауыстап хисса-хикаят оқытады. Негiзiнен татар баспаларынан шыққан қазақ кiтаптарында бөтен, қос сөздер көп болушы едi. Мен оларды қолма-қол iштей аударып, қазақшалап саулата жөнелем. И.Ильминский бастырған «Ер Тарғыннан» бастап, «Қобыланды», «Қыз Жiбек», «Алпамыс», «Шора», «Едiгейлердi» талай рет дауыстап оқып жүрдiм. Баланың таза, тұнық санасында олар тайға таңба басқандай болып, мәңгi ұмытылмастай жатталып қалды. Тыңда:
Астыңдағы Тайбурыл
Арандай аузын ашады.
Аяғын топ-топ басады,
Бiр төбенiң тозаңын
Бiр төбеге қосады.
Жаңбырдай терi сiркiреп,
Жауған күндей күркiреп,
Қар суындай тасады.
Құлан менен құлжаның
Ұзатпай алдын тосады.
Көл жағалай отырған –
Көк құтан мен қарабай
Көтерiлiп ұшқанша
Белiнен кесе басады...
Бұдан кейiн «Шаһамран», «Бәдiғұл – Жамал», «Сал-сал», «Зарқұм», «Көрұғлыға» түстiк. Олардың да көп жерiн күнi бүгiнге дейiн жатқа бiлем. Шамамен айтқанда, революцияға дейiн шыққан қазақша бес жүз кiтаптың жүз елу – екi жүзiн мен ауыл шалдарына бiр емес, бiрнеше рет оқып бердiм. Ауыл арасының өлеңшi, әңгiмешi, жыршыларының, ата-анамның, көршi-қолаңның аузынан естiген әңгiме, ертегi, жыр, ескi тарих, аңыз өз алдына, мен негiзiнен көп нәрсенi оқу арқылы алдым ғой деп ойлаймын. Көрдiңiз бе, орыстың көркем әдебиетiн жиырма-жиырма бiр жастарымда еркiн оқитын, кемел түсiнетiн халге жеттiм. Көп нәрселер жатталып қалған: «У судьи губы находились под самым носом», Гоголь ме?
Печально я гляжу на наше поколение! Его грядущее – иль пусто, иль темно.
Меж тем, под бременем познанья и сомнения, В бездействии состарится оно.
Бұл Лермонтов шығар, а? Қазақтың көп дүниесi есте.
Түскендей әуе жерге қырық күн шiлде,
Iшкен мас, жегендер тоқ күнде-күнде.
Қысқа түн қымқырылды, таң көрiндi,
Кел, шық деп, иек қағып, жарық күнге,
Ән салды таңды мақтап сансыз торғай,
Бас иiп, бәйек болып, жерге қонбай,
Қағылып таң желiне тербетiлдi,
Көк майса көзi iлiнiп тұрған сондай... Сұлтанмахмұт қой.
Бас-басына би болған өңкей қиқым,
Мiнеки, бұзған жоқ па елдiң сиқын?
Өздерiңдi түзелер дей алмаймын,
Өз қолыңнан кетпесе, ендi өз ырқың.
Ағайын жоқ нәрседен етер бұлтың,
Оның да алған жоқ па құдай құлқын?
Бiрлiк жоқ, береке жоқ, шын пейiл жоқ,
Сапырылды байлығың, баққан жылқың,
Баста ми, қолда малға талас қылған,
Күш сынасқан күндестiк бұзды-ау шырқын.
Абай ғана осылай айта алады.
Ең сүйiп, тұшынып оқыған жазушыларым – Гоголь мен Горький. Әсiресе, Гоголь ықпалында ұзақ уақыт болғанымды жасыра алмаймын. Кейiнiрек Марк Твен, Джек Лондонды айрықша құмартып, ұзақ берiлiп оқыдым. Жюль Верн, Виктор Гюголар оқылды. Лев Толстой, Федор Достоевскийлер баурады. Бiрақ маған әдеби әсер еткен, шығармашылық сарындас қаламгер дегенде, ең алдымен – Гоголь мен Горькийдi бөлiп айтар едiм. Әрине, ешкiм басқа бiреудiң әсерiмен, ықпалымен жазушы болмайтыны анық.
Қазақ әдебиетiнде Мұхтар Әуезов екеуiмiз, әсiресе, драматургияда Вильям Шекспирден көп өнеге алдық, көп елiктедiк деп ойлаймын. Өз басым сол арнамен жүргенде, «Қозы Көрпеш», «Ақан серi» тұсында көркемдiк олжа таптым-ау деп санаймын. Ал ол дәстүрдi бұзған кездерiм белгiлi ғой, табысқа жеткен емеспiн. Айтпақшы, әңгiмелерiмде Чеховтың сарындары жоқ емес. Мен оны жақсы бiлем: я далеко и не Шекспир, и не Гоголь, и не Чехов.
(Ғабит Мүсiрепов тiлiне шешендiк, мақал-мәтелдердегiдей ықшамдылық тән. Ол аткөпiр көп жазудан қашқан қаламгер. Бұл автордың керенаулығы емес. Классикалық әдебиет үлгiлерiн нысана етiп ұстау – алғашқы күннен бастап-ақ тiзгiн тартып отыруға үйреткен. Мүсiрепов палитрасындағы ерекше жарқын бояу – күлкi; ескiнi де, жаңаны да, жақсыны да, жаманды да, өмiрдi де күлкi арқылы беру. Ғабит қашанда сөздiң шұрайлысын iздейдi, оның жазу машығы қара тасқа жан бiтiретiн мүсiншiнi еске түсiредi. Астарлы ой, қалжың, юмор – негiзгi пафос. Символ, емеурiн, философиялық меңзеу соңғы жылдар шығармаларында, әсiресе бел алды. Оларды әлемдiк шедеврлармен үзеңгiлес деген тұжырымда қате жоқ).
– Шығарманың туу процесi қалай болады? Қойын дәптерлерiңiз, күнделiк дегендер бар ма?
Жазушының көз қиығында кекесiндi күлкi туды.
Тұнжыраңқырап отырып барып, ыңырана, баппен тiл қатты. Ара-арасында терезеге қарап, үндемей қалады, қайта жалғайды:
– Болашақ шығарманың сүйегi көп арналардан жиналады. Әр түрлi кiтаптар, материалдар қарайсың. Арнайы көрiп, аралап, зерттейтiн кездерiң де болады. Олардың бәрi әсер берерi, ассоциация тудырары хақ, бiрақ мыңнан бiрi де шығармаға енбей қалуы мүмкiн. Жеке сөйлем, дайын абзац дегендер менде болмайды. Ондай жиған-терген баста, жүректе жүруге тиiс. Әйтпесе, қолбайлау, бөгесiн. Қойын дәптерден көшiрiп отырып, көркем туынды жасаймын деу бекершiлiк шығар.
Шығарма деген кейде бiр жылда, кейде он жылда қаламгер жүрегiнде пiсiп шығады. Iшкi ағыстар әбден күшейген кезде қағазға түспек. Менде шығарманы машинкаға бiрден басу, яки стенографисткаға айтып шығу деген әдеттер жоқ. Әрине, ондай тәсiлдердi қолданған жазушылар бар екенiн бiлемiн. Өз тәжiрибемде ол машықтар жоқ. Тiптi, күнi бұрын жазып алмасам, ауызша сөйлегенде, берекем кетiп, қиналам. Қарындашпен неге жазам? Өшiргiш неге керек? Баз бiреулер шығарманы әр жерiнен оңтайы келген тұстан жаза бередi. Мен олай iстей алмаймын, көңiлде дық қалады. Сондықтан ұнамаған нәрсенi өшiрiп, қайта жазам. Мүсiрепов шығармашылығының болашақ зерттеушiлерi сөйлем варианттарын iздеп таба алмас. Қолжазбаларымда қандай азап шеккенiмдi өзiм ғана бiлем. Түптеп келгенде, оқырман үшiн керегi шығарма. Қай шимайдың тарихын қуа беруге болады? Шимайлар өшiргiш табанында кетсiн, сол дұрыс.
Ал әбден пiскен туындылардың дүниеге келуi ұзақ уақыт алды дей алмаймын. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Ақан серi – Ақтоқты» трагедиялары – ұлттық драматургияның iнжу маржаны. Әуелден сөздi шекеден шертiп қолданатын жазушы драматургияда әлемдiк ұлгiлерден терең сабақ ала отырып, өнерiне өнер, шабысына шабыс қосты. Қайталанбас образдар жасады, ана тiлiмiздiң тамаша кестесiн төктi, ақ өлеңнiң өлмес нұсқаларын жасады.
– Жазу үстiндегi машық, дағдыларыңыз қандай?
– Көрiп отырсың ғой, мiне. Алпыс жылдан бергi кәсiп осы. Кәдуiлгi жұмсақ қара қарындаш. Күнi бұрын ұштап, найзадай етiп дайындап қоямын. Өшiргiштiң бiрнешеуi әзiр тұру керек. Мынау оқушы дәптерiнiң тор көз бетi. Бiлетiн шығарсың және әлгiнде айттым ғой, мен сауатымды араб графикасы бойынша ашқан адаммын. Әрi отызыншы жылға дейiн қолданып келдiк ғой. Әбден сiңiстi болып, үйренiп кеткендiктен шығар, мен көркем шығармаларымның барлығын араб графикасымен қағазға түсiрем. Әрi тез, әрi сыйымды. Мына оқушы дәптерiнiң бiр бетiнен машинкада бiр жарым бет шығады.
Жазып кеткен кездерiмде тәртiп, режим дегендi мен бiлмеймiн. Басқа әрекеттерден мүлде тыйылып, күн демей, түн демей, тек жазу соңында ғана боламын.
Бiз қалам тартқан кезде қазiргiдей жағдайлар түске де кiрмейдi. Күндiз кеңсе қызметi, аласапыран заманның ауыр шаруалары. Аядай бiр бөлме үй, бала-шаға, қонақ. Сен бiрдеңе шимайлайды деп олар ұйықтай ма? Қайтсең де жазу керек. Сондықтан абыр-сабыр басылып, ел жатқан соң, шымылдықтың артында бiр бұрышта, түңгi сменадағы жұмысшы секiлдi жазуға отырасың. Сол қиын кездегi өмiрдiң дағдысы, кейiн жағдай түзелгеннен кейiн де қалмай қойды. Көз жанарым нашарлаған соң, дәрiгерлер түнде жазуға тыйым салды. Қазiргi әрекет тек күндiз ғана.
– Демалыс жағы қалай болады?
– Ә, ә, қолым босап, уақыт табылса, далаға, тау-тасқа, өзен-көлге тартар едiм. Далада не көп: отын көп, су көп. қамыс, шеңгелдi, сай-жыраны, жартас-тұғырды шарлап, әбден қара сирақ болып ең кемi 14-15 километр жаяу шарлап, шаршадым-ау дегенде, қоналқыға бiр жерге тоқтайсың. Ағаштан иiп, қос жасайсың. Жаңбыр жауса, конус секiлдi қос жаса. Күрекпен iргенi сыза салсаң, су өз жөнiне кетедi. Қазаншық, шайнегiм болатын. Айдалада, иен табиғат құшағында төрт-бес күн жүрген соң, құлжадай ойнап, құлпырып, түлеп шыға келер едiң. Өттi ғой ол күндер.
Жетпiске келдiм. Демалысқа көштiм. Курорт-санаторий дегендер шықты. Ыңқыл-сыңқыл содан кейiн басталды.
– Шығармаға дайындық кезiндегi материалдар сақтала ма?
Жазушы орнынан тұрып барып, суырманы ашып, бiрнеше папка алып келдi.
– Мынау – «Оянған өлкенi» жазуға әзiрлiк кезiндегi қағаздар. Сен көре бер. Мен есiк ашып келейiн, бiреу келдi ғой.
Қалыңдығы жарты қарыс дәптерлердiң бәрi де тап-тұйнақтай екен. Бiреуiн алып қарай бастадым. Жазушының өз қолымен жазылған. «История горной техники», «Горноспасательное дело», «Карагандинское угольное месторождение», «Киргизский край, т. ХVIII» деген кiтаптардың беттерi көрсетiлген, үзiндiлер алынған, конспект жасалған.
Москвадағы тау-кен департаментi архивi, Алматыдағы мемлекеттiк архив, Ақмола архивi материалдары қаралып, қажеттi цифрлар, фактiлер көшiрiп алынған.
Шахта құрылысы, ондағы әр түрлi атаулар, солардың қазақша баламасы – бәрiн жазушы жiпке тiзгендей етiп, қағазға түсiрген. Сан алуан суреттер, схемалар, диафрагмалар, цифрлар, тау-кен породаларының аттары, техникалық терминдер.
Көрiп болсаң, менi тыңда дегендей қабақ бiлдiрген соң, тағы үй иесiне қарадым.
– Әрине, бұлар «Оянған өлкеге» кiрген жоқ. Бiр қарағанда, сырттай айтқанда кiрген жоқ. Шындығында мен бұларды бiлмесем, арнайы зерттемесем, роман да тумас едi. Екiншi кiтап неге созылып кеттi. Бiрқыдыру себептер айтылды. Оның үстiне үлкен коллектив, жұмысшылар ортасы туралы жазу бiр семья, бiр ру, бiр ұрпақ тағдыры жөнiнде жазу емес қой. Қашанда қоғамдық тағдырлардың ең үлкенi – революция, сол революцияда басын жоғары көтерiп жүретiн тап – жұмысшылар екенiн сен жақсы бiлсең керек...
Сондықтан да қазақ жұмысшы табының қалыптасуын көрсететiн романның екiншi кiтабын аяқтауды өзiмнiң азаматтық, жазушылық парызым, борышым санаймын. Қазiргi негiзгi жұмыс сол романның үстiнде. Мiне, мынау – сол шығарманың қолжазбасы.
(«Қазақ солдатында» қаһарлы соғыс шындығы қазақ әдебиетiнде алғаш рет реалистiк шыншылдықпен бейнелендi. Негiзгi оқиғаларды басты қаһарман төңiрегiне жинақтай суреттеу үстiнде қаламгер еуропалық романтистика дәстүрлерiн жақсы меңгергендiгiн көрсеттi. Романтикалық стиль, психологиялық талдау тәсiлдерi жаңа көркемдiк дамудың белгiлерi болатын. Кейiн қазақ әдебиетiнде үлкен бағытқа айналған соғыс туралы әдебиеттiң алғашқы зор шығармаларын тудырған. Қазақ жұмысшы табының тууын бейнелеген әлеуметтiк-психологиялық «Оянған өлке» романының күрделi характерлерi, сом образдары оқырмандар жүрегiне жол тартты).
– «Оянған өлке» романының жалғасын, екiншi кiтабын қашан бiтiресiз?
– Бұл сұрақ кәрi қызға неге күйеуге шықпайсың деген секiлдi. Жазбайын деп жүрмiн бе? Жазбай жүрмiн бе?
– Шығармаларыңыз толық басылды ма? Жарияланбаған дүниелер бар ма?
– Бәрi де басылған. Анау соңғы қалың үш томдыққа прозаның таңдаулы, өзiм әбден ұнатқан үлгiлерiн ғана қостым. Әр түрлi қолжазбалар, бастап, аяқтамай тастаған 6-7 повесть, бiрталай әңгiмелердi әдейi кiргiзбедiм. Менiң оқырманға ұсынатыным осылар. Ғабиттiң анасы бар, мынасы бар деп, өзге нәрселердi тықпалап менi ешкiм байытпай-ақ қойсын. Менiң прозам – осы үш том.
– Алдағы жоспарыңыз қандай?
– Тiршiлiк болып, нәсiп қылып уақыт жетсе, жоспарлап жүрген шығармаларым бар, неге жоқ болсын. Әуелi естелiк, мемуар түрiндегi туынды бергiм келедi. Анау «Достар қалжыңы», «Жаңбырлы түнде» циклы стилiнде, сол ырғақта жазсам деп жүрмiн. Талай дәуiрлердi, талай адамдарды бiлген ескi көз, кәрi құлақ дегенiң ендi мен болып қалдым.
Ұлпанның Ұмсын деген сiңлiсiнiң тағдырын жазғым келедi. Ол – Александрияға барып оқыған, елге келген соң, бiлiмiне орын таба алмаған орасан зор қайғылы тарих. Өзгелердей емес, мойны ашық жүредi, шашын жаппайды. Сиыр сауу қолынан келмейдi, тезек тере алмайды. Өзенге барып, жiбек көйлекпен суға түседi. Сөйтiп, жүрiп мезгiлi өтедi. Ерiксiз қатын үстiне тиедi. Арғы жағы белгiлi трагедия.
Бұл – жоспар, ниет секiлдi нәрселер. Ал өмiр не бұйырады? Күнiбұрын не дерсiң...
Сұрақтарың бiткен шығар дегендей жазушы орнынан тұрды.
– Айттым ғой мана. Бәйбiше сырқат. Ауруханада жатыр. Бүгiн шай iшпей кетесiң. Тағы хабарлас. Жөнiмен қойылған сұраққа жауап беруге болар. Ал, қош. Кел.
– Сау болыңыз, Ғабе!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.