Ақын Саят Қамшыгер жақында Әлем ақындары ПЕН клубының Австралияның Сидней қаласында өткен фестиваліне Қазақстанның атынан барып, қатысып келді. Сиднейдің атақты Опера театрында «Qarabaq» атты әзербайжан тілінде Баку қаласынан шыққан поэма-кітабы үшін ақынға «Жылдың үздік кітабы» сыйлығы тапсырылды. Бұл – Қазақ елінің мерейі мен мәртебесі. Саят Қамшыгерді осы халықаралық жетістігімен құттықтаймыз! «Қарабақ» поэмасы ең алғаш «Әдебиет порталында» жарияланған болатын.
Сондай-ақ Австралияға сапары барысында Саят Қамшыгер Әлем ақындары ПЕН клубы Бас хатшысының орынбасары болып сайланды.
10 күндік сапардан ерекше көңіл күймен қайтқан ақынның «Сидней топтамасын» оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Сиднейге ұшқан ақындар
Жымиып жаһан қарады,
Ізгілік нұры тарады.
Ақындар құстай топталып
Сиднейге ұшып барады.
Бұл сапар міндет жүктейді,
Бір Хақтан үміт күт дейді.
Жиірек ұшсын ақындар,
тірлікте күйбең бітпейді.
Өлеңсіз көңіл салқындар,
Жырменен жүрек жақындар.
Гуанчжоуда ұшақ ауысып,
Сиднейге ұшты ақындар.
Күркіреп өтіп күндерден,
Жалғасар өмір түндермен.
Стамбул мен Нью Йорк, Венеция,
Сиднейді бірақ кім көрген?
Ұшырды Қытай ұшағын,
Кернесін бойды күш – ағын.
Бекзаттар жеңген Сидней ғой,
қарсы алар жайып құшағын.
Орнымда үнсіз тұра алмай,
Қараймын жаймен сыр аңдай.
Сиднейге ұшқан ақындар
көктегі бір-бір қырандай!
Болады жиын ғаламдық,
Жырлауға біздер жаралдық.
Сиднейге бастап барады
Өлеңге деген адалдық!

Балморал жағажайы
Сидней – қала көздерінен сыр ұққам,
Аңсап келіп су ішкенмін тұнықтан.
Тасман теңіз жағасында көсілген
Балморалға барған кезді ұмытпан…
Мен сол күнді күткен едім көз ілмей,
Дәл сол бір сәт ең бақытты кезімдей.
Тасман теңіз – Тынық мұхит баласы,
толқындары өмірдің дәл өзіндей!
Мүлде басқа көрініс қой шынында,
Жан сергітер ерекшелік суында.
Мен заманның сезген едім жылуын,
жатқан кезде Балморалдың құмында.
Оралғандай болам сәби шағыма,
Дәл сол сәтті еске аламын сағына.
Қу тірліктен пана таппай барып ем,
ағаштары сая болды жаныма.
Осы екен ғой көңілге ең керегі,
Бәрі сыйған құшақ неткен кең еді!
Жанға жайлы тыныштықты аңсасам
көз алдыма Балморал бич келеді…

Бумеранг
Австралия музейіндегі аборигеннің суретін көргенде
Сидней. Музей.
Әз басының сорына,
Абориген түсті тағдыр торына.
Өмір бізді бумерангтай лақтырған,
айналып кеп түсіретін қолына.
Мына сурет кеңсірікті ашытты,
Бордай үгіп,
жігерімді жасытты.
Абориген бумеранг боп ұшты да,
мекендеді аяқ баспас қашықты.
Ағызады жан дүниенің жасын мұң,
Отаршылға мың күйініп, басылдым.
Жанарына үңіліп бір қарап ем,
өгейлігін сездім мынау ғасырдың.
Мына сурет талай нәрсе айтады,
Австралия – абориген байтағы.
Қара да тұр,
жазықсызды қырғанға
зұлымдық та бумеранг боп қайтады!
Сиднейдегі ағаштар
Әрбіреуің маған биік тау асқар,
Гүлдегенің уайым-мұңды аластар.
Қарсы алдыңдар маңдайы әжім әжемдей,
Сиднейдегі ағаштар.
Куә болып жазған кезде жырымды,
Тілектес боп тұр, ағаштар бұрымды.
Үнсіз ғана құрбымдайын бас изеп
тыңдайсыңдар сырымды.
Жакаранда болып мен де гүлдегем,
Эвкалиптей тік тұрамын күнде мен.
Қуанғанда фикус болып жайылып,
Агатистей бүрлегем.
Саяқ жүріп саябаққа барамын,
Мен сендерден жанға шипа табамын.
Бірің сары, бірің күлгін, ағаштар,
сәнісіңдер қаланың.
Сендерменен өзгергендей танымым,
Бәрің бірге үндесуің – тағылым.
Жапырақ – жыр, әр бұтағым бір кітап,
заманалар – тамырым.
Бабалардың жас ұрпаққа мұрасы,
Діңдеріңе жетпес батыр құлашы.
Сендерсіңдер Сиднейдегі ағаштар,
ғасырлардың куәсі!
Зообақтағы кенгуру
Үйірің қалып тым жырақ,
Тұрсың-ау қарап тұнжырап.
Қамдалса дағы жем-шөбің,
еркіндік жетпей тұр бірақ…
Кенгуру дала сәні дер,
Көруге бәрі әбігер.
Сен дағы бүгін бейне бір
музейде тұрған жәдігер!
Жайыңа мен де алаңмын,
Аңсайсың желін далаңның.
Басқалар еркін жүрсін деп
еріксіз, әттең қамалдың…
Мен үшін сен бір дегдарсың,
Сиднейге келсек сен барсың.
Көруге біздер құштармыз,
сен бірақ бізге енжарсың.
Өмірдің бұл бір кем тұсы,
Көңілдің келмес сенгісі.
Аман жүр, торға қамалған
Австралияның белгісі!

Қош бол, Сидней!
Сидней, сенде өткізген он күн қандай!
Қайтам, бірақ көркіңе көз тұр қанбай.
Көшелерің қол бұлғайды қоштасып,
барлық гүлің қайта кел деп тұрғандай.
Қайтып келем,
ал қазірше тұр аман,
Қаласың ғой қаншама ұлт құраған.
Ғимараттар сұлу қыздай тәкәппар,
саябағың баладай пәк күнәдан.
Қош бол, Сидней!
Елге қайтып барамын,
Тұра берші төресіндей қаланың.
Өз көзімен көрсе шіркін, басқалар,
үр бейнеңді жеткізе алмас қаламым…
Көліктерің көшелерді жалғайды,
Ұшса құсың қанаттары талмайды.
Толқындары туласа да асаудай,
Тынық мұхит тынышыңды алмайды.
Көңіліме шуақ беріп ұзаттың,
Сидней, сенен менің қалам ұзақ тым.
Қимастықпен қол бұлғаймын мен саған,
әйнегінен қарап қойып ұшақтың!
3 – 14 желтоқсан, Алматы – Гуанчжоу – Сидней,
Сидней – Куала Лумпур – Алматы.
