Салтанат Ерланқызы - 1995 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ұзынағаш ауылында дүниеге келген. Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік Университеті филология факультетінің түлегі.
Өлеңдері республикалық «Жыр маржаны», «Жауқазын жылда гүлдейді», «Дала дарыны» жобасымен шыққан «Сарыарқа сазы» антологияларына енген және республикалық басылымдарда жарияланып тұрады. Бүгінде Қазақ технология және бизнес университетінде магистрлік білім алуда .
⠀⠀ ⠀⠀⠀⠀⠀⠀
⠀⠀ ⠀⠀⠀⠀⠀⠀ ***
Махаббатты қарашы, жасқана қалған.
Құдайым өзі сақтасын, саспаған ардан.
Жырлай бермейміз, әйтпесе мұндай ғашықтық-
Өлеңші жұртқа, және де басқаға арман.
Қуыстана бергесін жырақтайды үміт.
Адамдық болмыс сезімді құлатты-ай күліп.
Жазалап жүріп жүректі жазбаймыз өлең,
Тәңірдің сыйын біз бәлкім, сынақтай көріп.
Білмеймін енді сезімнің несі қалғанын,
Жаныма батты еттен ет кесіп алғаның.
Жүрегімді ұстап қарсы алдым таңды да міне,
Адамдық болмыс. Махаббат. Есіл арманым.
⠀⠀ ⠀⠀⠀⠀⠀⠀***
Қандай көңіл, ойларың қандай ғалам?
Табиғатыңа сенің таңдай қағам.
Көздерім, сөздерім де өзгермеген,
Білдірмей қалай іштей самғайды адам.
Танымай-ақ пейілің ақ қой маған.
Әлденені сеземін, қатты ойланам.
Күйген жүрек сүюге жарамайды-ау,
Тосын сыйы тағдырдың тәтті ой маған.
Тіл қатарға өткеріп жеті ғалам,
Сөз талғайсың, арамыз екі қадам.
Қарай-қарай өзіме оралайын,
Өз арнама сүрінбей жетіп аман.
Білінбейтін қуаныш, алаңдары.
Үндемейтін адамдар, ғалам кәні?
Ақ әлемде олардың өздері емес,
Тебіреніп билейді қаламдары.
⠀⠀ ⠀⠀⠀⠀***
Армандар асқақтап тұрғанда, өмірге сеніп.
Көңілдің көлі арнадан тасып тұрғанда.
Жаныма медет болмадың, көңілге серік.
Жүрегім ашық тұрғанда.
«Сезімің қайда?» дегенде ел «жоғалды» дейін.
Биіктеп тұрып құлап түсті үміт.
Солайша жүрек жасықтау боп алды кейін,
Өлеңнің ішін пыстырып.
Өлең жетектеп жүргенде алаңдадым да.
Жаныңнан бірақ табылдым. Мен пайда болдым.
Тоналып гүлім, құстарым қамалғанында,
Сен қайда болдың?
⠀⠀⠀⠀⠀***
Сындардан кейде құлағың келеді.
Қиратып ойды.
Оңбай тым.
Тізерлеп тұрып жылағың келеді –
Рөлің үшін сомдайтын.
Өмірің үшін, болмайтын.
Сезімдер үшін, сөз беріп кеткен,
Армандар үшін, құрама.
Болмысың үшін өзгеріп кеткен-
Тәңірден көмек сұрама.
Жүрегім жаурап дір етті жаңа.
Доғардым кімге сенгенді?
Тілеуге рұқсат тілекті ғана,
Тілеуді ұқтым, енді-енді.
Бұ жолғы тағдыр сынағы бөтен,
Өлеңге өмір әкеліп.
Теріске расы шығады ма екен,
Жүрекке адал қателік.
⠀⠀⠀⠀⠀⠀⠀ ***
Дамылсыз ойларға қамалып қалдым ба?
Өзіңнен барамын алыстап.
Мен жайлы өлеңді ел-жұрттың алдында
Оқышы дауыстап.
Мен солай көрейін сезімнің бейнесін.
Естиін сағыныш саздарын.
Бәрі ұмыт болса да, қалаймын кейде шын.
Мен жайлы ғана тек жазғанын.
Мені тек ойлар деп ойлаймын, несі бар?
Сағынта ала ма басқа адам?
Менің көзқарасым түскенде есіне әр,
Мен жайлы ойларын жастаған.
Сағынта алмайды басқа адам.
Бұл ішкі ой ғана. Тағы үнсіз қалдым ба?
Тағы іштей жақындап, алыстап.
Сол үшін өлеңді ел-жұрттың алдында,
Оқышы дауыстап.
⠀⠀ ⠀⠀⠀⠀⠀⠀ ***
Сөзін ойлап достардың, туысқанның,
Тәтті өлеңді шығардым уыстан мың.
Көңілімнің үні мен гүлі үшін
Келмейді қуыстанғым.
Жүрек – көл,Сезім – кеме тіліп өткен.
Маған қарай жүгірді ұлы көктем.
Жүрегімді қарайып бара жатқан-
Жылытты жылы леппен.
Бар ойымды бұзады бір ғана мұң.
Сүймеймін деп сүйемін, ырғаламын.
Өз жолыммен жүрем деп, өзің жаққа-
Келеді бір қарағым.
Осындай бір ғана мұң.
⠀⠀ ⠀⠀⠀⠀⠀⠀
⠀⠀⠀⠀⠀⠀⠀⠀⠀⠀ ***
Сезімім тоналды, өлеңде қап қойды.
Үмітсіз елеңдеп қалдым ба ақ таңға?
Дәрменім жетпеді, күнәсіз тәтті ойды –
Жадымда сақтауға.
Жүректе жүруді білесің, сенем де.
Сыпайы. Әдеппен. Баппенен.
Сен мендік жетесің биікке, тереңге,
Ақ көңіл –ақ кемең.
Аз ғана естелік ойымда жаңғырып,
Көп болса қондырам қағазға бір өлең.
Солай-ақ, өзімді жоғалтпай мәңгілік-
Өмірді сүрер ем.
Өздері көрмеген жүрсе де жүз барып,
Көкорай шалғынды, бақтарды,
Өзіңнен сезімді жүргендер қызғанып,
Құлатпақ. Шақ қалды.
Тірліктің қу қамын құйыңдар толтырып.
Ішейін, түсейін.
Бұдан не өнеді?
Мендегі сезімді өздері өлтіріп –
Өзіме көмеді.
Соңғы рет толқындар жағаға асығар,
Жарыса ағады жұлдыздар.
Бұл сезім өшкесін гүл тірлік басылар –
Көңілде түнгі ызғар.
⠀⠀ ⠀⠀⠀⠀⠀⠀ Назеркеге
«Қырандардың ұшатын биігі» деп
Ақылыңды айтушы ең, тыйымы көп.
Сен айтқан сөздің бәрі өнегелі,
Алайда алып берген биігі жоқ.
Өлең үшін өмірді төлеп келіп.
Шаршадық та өмірді өбектедік.
Жаураған жыр жүректен пана таппай,
Бізді тастап барады, бөлектеніп.
Қаламсаптың тамбаған сиясындай.
Жасырын жыр. Жүректің күйі ашылмай.
Өзінен басқа ешкімге панасы жоқ,
Біздің өлең қарлығаш ұясындай.
⠀⠀ ⠀⠀⠀⠀⠀⠀ ***
Ол мені жұлдызға, айға да теңемес,
Бейқамдық емес бұл, емес бұл ерегес.
Іңкәрлік қанамын өлеңнің жолында,
Жолында өмірдің мен емес.
Өлеңді, өмірді талғаммен татқаннан,
Сеніңіз, көңілі ақ десем ақ қардан.
Сұлулық іздейді ерекше көздермен,
Бақытты іздейді мезеттен, шақтардан.
Шын сүйер кім оны, кімдер шын уайымдар?
Қамалым ішінде өз отым, жайым бар.
Жабырқау жүректер сияқты назданып,
Тұрыңдар дауылдар,шулаңдар қайыңдар.
Ол мені жұлдызға, айға да теңемес,
Бейқамдық емес бұл, емес бұл ерегес.
Көзінде тұр оның, өзінше сүйеді,
Қайырым күтпейді менен еш.
⠀⠀ ⠀⠀⠀⠀⠀⠀ ***
Жырым болса жатқа мәлім,
Ақынға атақ балдай ды.
Жағып қалса мақтағаның
Тәуекелге бармайды.
Төгіп салып арнауымды,
Сөзден шапан кигізем.
Ағатайлап, бар қауымды
Маңдайымнан сүйгізем.
Дос қып алып дұшпаныңды,
Кештен ерте қайтпаймын,
Достың жарын құшқаныңды-
Өзім үшін айтпаймын.
Биік болып көрінетін,
Жоталарда өрлеймін.
Шығып алып төріне тым
Бөктерімді көрмеймін.
Тығып бәйге тайларымды,
Жасырынып баптаймын.
Айту керек пайда-ілімді
Сары майдай сақтаймын.
Аңдып ымға сай ұққанды,
Шіркіндерді жақтаймын.
Іштей жекіп байытқанды-
Жұрт көзінше мақтаймын.
Жанға жақын жарқындар бар,
Ісімді алға бастайтын.
Ісім үшін тартылғандар-
Көлеңкем ғой қашпайтын.
Адам болып өрлесе олар,
Істің күтем оңбауын.
Ішім қалап төрге солар,
Менен озып қонбауын.
Аңдамаймын дос қабағын,
Қуанбаймын бағына-ай.
Досқа көрсем қоспағанын,
Намыстанам, налымай.
Аңғалдардан бас тартамын,
Жайсаңдарға жуыспан.
Жаюлы емес, дастарқаным
Үшін тума-туысқан.
Сөз дегенде болып сараң,
Ішімдегін тап деймін.
Туыстарды бөліп-жарам,
Сенің, менің жақ деймін.
Үйіме де сия алмаймын.
Өлеңімде жат адам.
Сәтсіздікке қиялдаймын.
Айырылғандай сақадан.
Ер өрлігін құлатамын.
Керек мәнді түйгізем.
Кешірімді сұратамын.
Солай ғана сүйгізем.
Срым болса жатқа мәлім...
Сезім әсте құбылар.
Өліп-өшіп мақтағаным-
Сәл сындардан жығылар.
Махаббатың жөні тұрақ.
Жүрек сирек жырлайды.
Сырлы өлеңнің көбі бірақ,
Бөлісуге тұрмайды.
Жүруі үшін елеп досы-
Болмысыңнан бөліну.
Жалпы адамға керек пе осы,
Бақытты боп көріну?
⠀⠀ ⠀⠀⠀⠀⠀⠀ ***
Мен жайлы білмейсің ештеңе,
Сен жайлы білмеймін мен де дым.
Шегінуге енді кеш деме,
Мұң шығар қасыма келгенің.
Мұң шығар көзіме қарауың.
Мұң шығар, сезгенім барлығын.
Білмеген жүректің қалауын,
Мұң шығар әр айым, әр күнім.
«Мұң»дейміз өмірдің жұмбағын,
Білмейміз себебі жауабын.
Бақыттың көрпесі тым қалың,
Білмейміз соры не сауабын.
Қауышпай-ақ мүмкін кетерміз.
Ұялам өзімді танудан.
Негізі қорқады екенбіз,
Біз мұңсыз қалудан.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.