Шапағат ӘБДІРҰЛЫ – «Астана ақшамы» газетінің журналисі. Республикалық «Алтын Тобылғы-2021» әдеби байқауының Гран-При иегері. Халықаралық «Шабыт» фестивалының лауреаты.
Метасинтеизм автор (өзі солай атап) зерттеп жүрген, әдебиет тарихында осыған дейінгі ағымдардың тоғысынан пайда болған, ішкі иірімі мен көбінде оқиғалы мазмұнға ие, ұлттық рух пен еркіндікті қатар өріп, ізгілік пен махаббатты бүкпесіз түрде, кейде жеке адамның трагедиясын көрсете отырып, тұтас ұлттың қайғысы мен қасіретін ашатын жаңа ағым. Төменде автордың осы бағыттағы өлеңдерінен бір үзік...
Көктемнің терезесінен
Біз барлық қателіктерді кешіргіміз келеді,
Тіпті айырылғысы келеді ол өз есінен.
Біз өткенімізді өшіргіміз келеді,
Көктемнің терезесінен.
Тарих бетіне қалдырып тек үнсіздіктерді,
Ештеңе жазбай «болашақ» ақ парағына.
Біз барлық көңілсіздіктерді,
Жапсырып кетейік жарнама тақталарына.
Көбелектерін даланың қуып қаңғырып,
Немесе айғайлап,
көз жасымызды да бір сәтке құрғатып алсақ.
Автобустың ішінде ұмыт қалдырып,
Сағынышымыздың өзін де Ұрлатып алсақ.
Қандай жақсы еді!
Қандай жақсы еді,
берген серттерге сәл аздап қосып өтірік,
Бақшаға барып сырласып бақ құсы өзгерген.
Балмұздақ жасап жесек қой, сосын отырып,
Суық көңілде сақталған, тәтті сөздерден.
Құдайдың құпиясы
Ақиқат іздеймін деп бұл күндері,
Мен неге өз ізіме жүрдім кері?
Адам – Құдайдың құпия бөлмесі ғой,
Сол құпия бөлмеге кіргім келді.
Біреу оның алыпты жұртын шауып,
Біреу оның кіріпті құлпын шағып.
Мен де ішіне кірсем деп армандадым,
Сол құпия бөлменің кілтін тауып.
Кілтін тауып, ақыры көл-көсірін,
Көріп алып, жиіркендім кем-кетігін.
Мен күткенде – сонда екен сол кешірім,
Қылмысы да – сонда екен жер бетінің...
Біліп алып жасырған пенде сырын,
Кіріп алып өкіндім мен де шыным...
Сол құпия Құдайдың бөлмесінің
Таппай жүрмін шығатын енді есігін...
Есіксіз түрме
Жолбарыстай жортуылда жол табатын түнде де,
Аттиладай айбынды ер ем, ат суарған Нілге де.
Оқиғатта сені көріп, деп таңғалып гүл ме, не?
Сом жүрегім солқ етті де, қадалғандай бір жебе...
Байқаусыз да түсіп қалдым,
Есігі жоқ түрмеңе...
Сол түрменің адастым мен іздеймін деп есігін,
Түрмем әрі болдың солай менің жұмақ бесігім.
Қара түндей бұл зынданның,
Құлпы сенің – елесің де,
кілті сенің – есімің...
Бұл түрменің жолы сондай, бізге жақын, сізге алыс.
Менің бастап келген мұнда – бір белгісіз із, дауыс.
Қарауылы – бақыт,
қандықолы – уақыт,
Жерлеушісі – махаббат та,
Тергеушісі – қызғаныш...
Үміттермен күдіктерге кім жауапты, ал біздік?
Жараланған сезімдерді ар мен ұятқа таңғыздық.
Қарсы алдыңда жазалаушы – өкініш,
Жалғыз ғана жанып өшкен жарығы: ол - жалғыздық.
Шығамын деп шыға алмайтын танытқанмен кісі ерлік,
Махаббаттың зынданы бұл – тірі пенде түсерлік.
қалып қойғам менде ішінде өз- өзіме түрме боп,
Салып қойған жүрегіме ол қос жанарын кісен қып.
Жошы ханның жұмбағы
Аласапыран тынып, жан-жақтан бейбіт қақпа ашып,
Ақ сауытын балалар ойнап ап қашып.
Алшы мен тайкы тағдырын болжап бейуақта,
Жошы хан шашқан жұлдызға айналып жатты асық.
Құдіреттісіз деп табаны көрмеген тах басып,
Құлдары тұрды қаумалап оны мақтасып.
Рас дегендей мыңбасы, түменбасылар,
Бастарын изеп жақтасып.
Бозоқта тұрған жеткізіп жатты Жошыға,
Қарлығаштарым Қарақорымнан хат тасып.
Орданың алды оқтан да жылдам жарау ат,
Ай емес туған, тұрған қолбасы жалау ап.
Сауытын шешуге үлгермей ұйықтап кетеді,
Сарайшық жақтан кеп тұрған сардар хабар ап.
Қабағы ханның ашылмағаны несі екен,
Қан төгіссіз-ақ, жатса да сонша қаланы ап.
Жұмбағын сол бір шеше алмады ешкім Жошының,
Жүрегін кеткен жаралап...
Құбыла жақтан жап-жарық қылып жер үстін,
Жұлдыз емес аққан, оты да емес соғыстың.
Түркістан жақтан атылып сарай алдына,
Келіп түскен ол жебесі еді жеңістің.
Теріс қарап жатып алды бірақ Жошы хан,
«Мазаламаңдар» деп жарлық шығарып «мені үш күн»...
Сол күні оны батыстан келген елші де,
Қуанта алмады шығыстан келген көрші де.
Себебін білмей Самарқаннан келген тәуіп де,
Емін таппады Шираздан келген емші де.
Қуанта алмады хорезімдегі жеңіс де,
Қуанта алмады бұқарадағы көп істе.
Орданың сырты қуаныш тойлап жатқанда,
Ешкім білмеді жылап жатқанын ол іште...
Бір жан болмады сол күйін сезіп дір еткен,
кім екен дейтін көңілін оның кір еткен...
Дауасын тауып ала алмады олар дертінің,
Жарасын таңып жаза алмады олар жібекпен.
Мұң өткен дейді деп бірі болжап сұғы өткен,
Аластап жатты біреуі арша, бірі отпен.
Үш күнде өтті,
бас көтермеді төсектен,
ешкім білмеді ауру екенін бұ неткен?
Жебе ноянмен жорықтан келген Сүбедей,
Тұтқынға алып қаған Шыңғысқа күң еткен.
Қыпшақ қызының қадалған сол бір жанары,
Шаншу боп ұстап қалып еді оны жүректен...
Менің махаббат теориям
Менің қамал жүрегімді,
Әскерсіз-ақ басып алдың.
Менің қақпа жүрегіміді,
Кілтсіз-ақ ашып алдың.
Мен жауынгер көздеріңе,
Шабуылсыз берілдім.
Һәм қаһарман сөздеріңнен,
Тағы да үнсіз жеңілдім.
Бұл мендегі махаббат теориясы:
Еш дерексіз сағынып,
Еш себепсіз егілу.
Ажалсыз-ақ өлу де,
Топырақсыз көмілу.
Шабуылдау қарусыз,
Қарсылықсыз шегіну.
Айқассыз-ақ берілу,
Шайқассыз-ақ жеңілу.
Сөйте тұра-
Жеңімпаз боп көріну...
Күту
Вокзалдарда күттім сені аяулым,
Автобустың бірінен сен түсер деп.
Кафеден де екі стакан шай алдым,
Біреуін сен келіп қалса ішер деп.
Сені ойлауен, көз ілмедім кеше мен,
Сен келесің, сенем оған шүбәм жоқ.
Тағы да гүл сатып алдым көшеден,
«Қалқам келіп қалса алдынан шығам» деп.
Көз жасымнан алқа жасап жинағам,
«Ол кеп қалса мойынына тағар» деп.
Екі орын алып келдім кинодан,
Меніменен бірге еріп, ол, барар деп.
Сен келмедің, келу сондай ауыр ма?
Өзім жалғыз күтіп алып достарды.
Екі билет-ап аттандым ауылға,
Қасымдағы бір орындық бос барды...
Алғашқы қар аңызы
Таң,
қыраулы терезе,
Әлі қар,
жас.
Қарды көріп, ақынның жаны қалмас.
Тағдырымның бейуақты сәттерінен,
Тәбиғаттың талы да, қары да аумас.
Дәл осындай мастанған бәрі де алғаш,
Дәл осындай басталған бәрі де алғаш.
Түсті ме ерте, білмеймін, түсті ме кеш,
Түскен қардың шимайлар үстін елес.
Кірпігіме кеп қонған алғашқы ұшқын,
Алғаш көріскен жандай ыстық емес.
Ыстық емес, сезімдей сол - әу - басқы,
Сол әу басқы, із өшті, жол алмасты.
Алғашқы қар жауып тұр,
Алып ұшқан,
Көңілдердей де емес ең алғашқы.
Әппақ болған ең алғаш оның бәрі,
Таппақ болған, тапқам жоқ жолымды әлі.
Алғашқы қар, қар емес, саған жазып,
Жыртқан хаттың қиқымы қолымдағы.
Алғашқы қар – қар емес, ол – ескі мұң,
Сол ескі мұң – арманым, кеңістігім.
Алғашқы қар жауып тұр, бірақ, бірақ,
Бәрі де алғашқыдай емес бүгін.
Сені
Жапыраққа жазған хатым кей уақта,
Қайта-қайта оқылады, дейді ғой.
Бақша да ылғи мені күтіп бейуақта,
Орындықта отырады, дейді ғой.
Сені!
Құспен бірге қонды ма деп жанарын,
Су бетіне көп қадайды, дейді ғой.
Көз жасының білмей тіпті тамарын,
Суретіме көп қарайды, дейді ғой.
Сені!
Сағынышы күлкісін де күнде ұрлап,
Қайтқан қазбен бірге іздеді, дейді ғой.
Мен сыйлаған қалмасын деп гүл қурап,
Күзді үйіне кіргізбеді, дейді ғой.
Сені!
Ғашықтық ғазалы
Мені тұтқын қылды екенсіз, қалай сіз?
Сонша қызыл мен үзетін гүл ме ернің?
Ғашықтықтан қашып жүріп абайсыз,
Тағы саған ғашық болып үлгердім.
Сен жымисаң, әлем жылып кетеді,
Күлкің сенің жағылған шам түнекке.
Кеудемдегі жұдырықтай ет еді,
Сені көріп айланды ғой жүрекке.
Сұлуларға кешірімді жанары,
Ғашық болмау – бұл өлімнің бір түрі.
Енді сенің есігіңді қағады,
Қолым емес, жүрегімнің дүрсілі!
Бұл қалаға бәрібір
Өмірім сияқты өткен бір,
Жазылмас дертім мен өкпем бұл.
Жолдары – естелік дәптерім,
Көпірі – күнтізбем, өшкен жыл.
Бәрін де ұмытқан бұл қала –
Көзімнің жасындай, мөп-мөлдір.
Аяқталмай қалған әңгімем,
Бастай алмай жүрген эссем бұл.
Ғашық кездерімдей мына кеш,
Жастық шағым – анау еккен гүл.
Бұл қала –
Бәрін де біледі,
Мейлі сен жолмен жүр, шөппен жүр.
Бұл қала бәрін де сезеді:
Ұнататыныңды,
Жылайтындығыңды кештерде.
Оны ойлап ұйықтамайтыныңды,
Елдердің шамдары өшкенде.
Бәрін де біледі,
Сезеді,
Сен оған ақталма,
Серт берме тек сендір.
Жасыл көйлек-ті бұл қалаға
Көбелек емес, сен от қондыр.
Бұлттары – қыз сынды жылауық,
Қала емес – мәңгілік көктем бұл.
Көктем бұл,
Өштесіп, достасып,
Жүрсең де кешірер,
Оқ атып, от шашып...
Бәріне көнетін қала бұл,
Түсінсе болғаны қос ғашық.
Бейуақта біреуді қарсы алып,
Ымыртта біреумен қоштасып...
Жатады,
Тып-тыныш,
Білмеген,
Көрмеген,
Ештеңе сезбеген кейіпте.
Үйің жоқ болса да басыңда,
Ақшаң жоқ болса да сейфте.
Кінәлап жатқан жоқ бұл қала,
Дұғасын гүлдерге жұқтырып,
Күнәсін түндерге жұттырып.
Мөлдіреп жатады тып-тыныш,
Маралдың көзіндей тұп-тұнық.
Тұп-тұнық қала бұл,
Тілеуін тілеген әр аудан, әр ауыл.
Көшесі – өз тағдыры сияқты,
Бұрылыс-қиылысы мың қатпар.
Мұнда көп ашылмас құпия,
Мұнда көп шешілмес жұмбақ бар.
Бәрін де сезеді бұл жолдар,
Бәрін де біледі бұл бақтар.
Көктемде жасаған
Қылмысын,
тек қыста-
Жасырмақ болады қырбақ қар...
Жауын суы шайып, қар басып,
Жылдардан жылдарға алмасып,
Орысша ойланып,
Қазақша тұрсаң да дауласып.
Үш рет атылып, немесе
Өзіңді өлсең де дарға асып –
Бұл қалаға бәрібір,
Жатады,
Тағдырмен тұтасып,
Өмірмен жалғасып.
Бұл қалаға жалғыздығың ұнайды
Ештеңе де өзгермейді
Алтындаған үстелден,
Қымбат BAR мен кафелерден
Тамағыңды ішкеннен.
Ақорданың алдына кеп,
Жарты беті тістелген
Қарызға алған айфоныңмен
Сен суретке түскеннен.
Қайырымсыз шала сауат,
Шала дін –
Не күтесің бұл қаладан,
Бұл елден?
Ауылдағы жалғызбасты
Ананың
Жалғыз ұлын қайыршы қып жіберген.
Таныс қылды өзіме-өзім
Жат едім.
Түңілесің бұл қоғамнан
Түнерген.
Көрші үйдегі, онсыз да
Алқаш әкенің
Өгей қызын жезөкше қып жіберген.
Қылмыс жасап,
Жинап жүрер сауабын –
Саудагердің тағдырына
Күлем мен.
Бұл қалада қасқырынан
Даланың
Қадірлірек ит, мысықтың
Құны өлген.
Казинода, клубтарда
Ең ірі,
Бильярдта ұтылғанмен –
Шахматта ұтумен.
Одан қалса, адамдардың
Өмірі –
Өтіп жатыр автобусты
Күтумен.
Біреулерді қызғандырып,
Біз артық,
Біреулерді ішке тартып,
Біреулерден іш тартып.
Біреулердің бос уақытын
Ұзартып,
Біреулердің ғұмырларын
Қысқартып.
Біреулердің жолын ашып,
Кеңейтіп,
Жесірге бай, жетімдерге
Шеше боп.
Біреулердің қайғы-мұңын
Көбейтіп,
Біреулердің қуанышын
Еселеп.
Өтіп жатыр уақыт солай
Аялсыз.
Келгендер де, кеткендер де
Өте көп.
Біреулерге махаббат боп
Баянсыз,
Біреулерге бұзылмайтын
Неке боп.
Соңғы ақшасын құмарға
Әкеп тігетін,
Шарапқа айтып сар қыз
Мұңын жылайды.
Суық су мен, жоқ болса да
Жылы отын –
Кінәлаймыз, ал біз бүгін –
Құдайды.
Жетпесе де өміріңе
Сүретін.
Пәтер ақы – әр жүз күнің
Бір айғы.
Айды аяқтап көшіп-қонып
Жүретін –
Бұл қалаға жалғыздығың
Ұнайды.
Өтіну...
Мейірімге көмекші боп алайық,
Жауыздыққа жол бермей.
Қалуына себепші боп қалайық,
Қылыштардың сермелмей...
Себепші боп
тапаншадан қол тайып,
Соңғы атылмай қалуына бір оқтың.
Тасқа айналып кетуінен қорқайық,
Сол бір жұмсақ жүректің.
Ізді айналып
Өкінгенде болмайық,
Еске алғанда артта қалған өмірді.
Мұзға айналып
кетуден де қорғайық,
Сол бір ыстық көңілді.
Суық қарулардың тілін меңгермей,
Қалуына білімнің.
Жер шарыны құрту үшін жол бермей,
Дамуына ғылымның...
Біз тұрайық
құстарына жем беріп,
киігіне даламның.
Бір-біріне түрткі болып
дем беріп,
Сүйюіне адамның.
Қимай қорғап,
қимастықты
жылайық,
Қоштасуды кемейтіп.
Біз азайған
сыйластықты тұрайық,
Махаббатпен көбейтіп...
Сол кемейтіп
жамандықты тосыннан,
Жерге бірге
көміп тастап тұрайық.
Қастандықпен есеп болса қосылған,
Енді өмірде
бөліп тастап тұрайық.
Қаламайық тіпті гүлдің солғанын,
Мына өмірде тым қысқа.
Аяқталған
сезімдердің болғанын,
Бастаушы жол
қылмысқа...
Күрсінісін жеткізгенше күз гүлге,
Және гүлден кеткенше бір шық тамып.
Сәбилерді
қалайықшы біз бірге,
Алайықшы жетімдіктен құтқарып.
Кел екеуіміз еш нотасыз күйді ойнап,
Бастайықшы жаңбырдан.
Бақытсыздықтардың бәрін шимайлап,
Тастайықшы тағдырдан...
