Ерте заманда бір бай көпес өмір сүріпті. Оның үш ұлы, үш қызы болыпты. Қыздарының ең кішісінің аты – Перизат екен.
Айналасына қайырымдылығы, мейірімділігі үшін жұрттың бәрі бұл қызды жақсы көретін. Бірақ сол себепті әпкелері оны ұнатпайтын еді. Саудасы жүрмей, қарызға батқан көпес бір күні балаларын шақырып алып:
– Балалар, бәріміз енді ауылға барып, фермада жұмыс істеп күн көретін боламыз, - дейді.
Фермаға барған соң Перизат үй шаруасының барлығын өзі атқарады. Тіпті егістікте жұмыс істеп жүрген ағаларына да көмектесіп үлгеретін. Ал әпкелері жұмыс істемей, күні бойы босқа сенделіп жүреді.

Осылайша бір жыл өткенде көпеске тосыннан бір сүйіншілі хабар жетеді. Көпестің жоғалған кемелерінің бірі табылған екен. Демек бұрынғыдай шалқып өмір сүруге үміт бар деген сөз.
Көпес өзінің қаржысын қайтарып алу үшін қалаға бармақ болады. Ол қыздарынан: «Үйге қайтарда сыйлық не әкеліп берейін?» - деп сұрайды. Үлкен екі қызы әдемі көйлек, ал кенжесі раушан гүлін әкелуді өтінеді.
Қалаға барып, ақшасын алған көпес, алған қарыздарын қайтарып бере-бере, тіпті бұрынғыдан да кедей болып қалады.
Үйге қайтып келе жатып, ол жолдан адасып кетеді. Жүре-жүре ну орманның ішіне еніп, мүлде адасып кетеді. Айнала қап-қараңғы, аш қасқырлардың ұлыған дауысы естіледі. Қар бұрқай жауып, суық жел сүйектен өте азынап соғып тұр.
Кенет алыстан бір жылтыраған от көрінеді. Жүре-жүре жақындап келсе, ескі қамалдан шыққан жарық екен. Қамалдың қақпасын ашып ішіне кіріп, атын атқораға жайғастырып, залға өтті. Залда бір адамға арналған дастарқан жаюлы үстел бар екен. Камин маздап жанып тұр. Бірақ мұнда ешкім көрінбейді. «Мүмкін, қазір үй иесі келіп қалар», - деп ойлаған көпес оны бір сағат, екі сағат, үш сағат күтті – ешкім келген жоқ. Ақыры күте-күте жалыққан көпес дастарқанға отырып, асықпай тамақтануға кірісті.

Тамақтанып алған соң өзге бөлмелерді аралап көрді. Жатын бөлмеге кіріп кереуетке жантая бере ұйықтап кетті. Сөйтіп ол терең ұйқыға батты.
Таңертең ұйқысынан оянған көпес кереуеттің жанындағы орындыққа қойылған су жаңа киімдерді көрді. Төменге түскен кезде, ыстық кофе мен жаңа піскен тоқаштары бар дастарқан әзір тұр екен.
– Мейірімді сиқыршы! - дейді көпес. – Бұл жасаған қамқорлығың үшін көп рақмет!
Аулаға шыққан кезде, аты ерттеулі дайын тұр екен. Атына мініп алып, үйіне қарай жолға шықты. Саяжолмен өтіп бара жатып, көпес раушан гүлінің шоғын көрді. Осы сәтте кенже қызының өтініші есіне түсті. Ол саяжолға кідіріп, гүл шоғындағы әдемі гүлді үзіп алды.

Кенет өкіріп-бақырған қорқынышты дауыс естілді. Жалт қарап еді, алдында бір зор денелі, жиіркенішті құбыжық тұр екен.
– Мен сенің өміріңді сақтап қалдым, ал сенің сондағы жақсылық жасаған түрің осы ма? Гүлді сұраусыз неге жұласың? Бұл ісің үшін сені өлтіремін! - дейді құбыжық.
– Мәртебелі тақсыр, мені кешіре көріңіз, - деп жалынады көпес. – Мен бұл гүлді қыздарымның бірінің өтінішін орындау үшін жұлып едім. Ол осы гүлді тауып әкелуімді соншалықты өтініп еді.
– Менің атым Мәртебелі тақсыр емес, - деп күркірейді әлгі ұсқынсыз. – Менің атым – Құбыжық. Үйіңе барып, қыздарыңнан сенің орныңа өлуге дайын ба, жоқ па дегенді сұра. Егер сен үшін жан беруден бас тартатын болса, үш айдан соң осы араға өзің келетін болсаң. Мен сенің жаныңды аламын.
Өзінің қыздарын өлімге қиюды көпес тіпті де ойлаған жоқ. Ол іштей: «Үйдегілерге барып қоштасып келейін, үш айдан соң жан беру үшін құбыжыққа келермін», - деп ойлады.
Сонда Құбыжық оған былай деп бұйырды:
– Енді үйіңе қарай аттан. Сен үйіңе жеткен кезде, іші алтынға толы сандық жіберетін боламын.
«Бұл өзі бір мезетте мейірімді әрі қатал болатын – қалай бір түрлі құбыжық еді?» - деп аң-таң болады көпес. Сөйтіп ол атына мініп алып, үйіне қарай беттеді. Аты үйге апаратын төте жолды тез-ақ тауып, көпес тіпті күн батардан бұрын жетіп үлгерді. Балаларын көріп көзайым болған соң, көпес кенже қызына раушан гүлін беріп тұрып:
– Бұл гүл маған тым қымбатқа түсті, - дейді.
Сөйтіп көпес балаларына өзінің басынан өткен оқиғаларды түгел баяндап береді.

Әпкелері мұны естіген соң кенже сіңлісіне жабыла кетеді:
– Осының бәріне сен кінәлісің! – деп айқайлайды, олар. – Өзіңше өзгеден ерекшеленемін деп мына бір жаман гүлді әкелуді тапсырған – сенсің. Осы гүл үшін енді әкеміз өмірімен қоштаспақ. Ал сен болсаң тіпті көзіңе жас та алмастан міз бақпай тұрсың.
– Неменеге жылайсыңдар? - дейді сонда сабырлы үнмен Перизат. – Құбыжық солай айтқан болса, мен әкемнің орнына жан беруге барамын. Мен мұны қуана-қуана жасаймын.
– Жоқ, - деп қарсылық білдіреді ағалары, - біз бірге аттанып барып, ол құбыжықты өлтіреміз.
– Бұл мүлде ойға сыймайтын іс, - дейді көпес. – Құбыжық алапат сиқырлы күшке ие. Оған мен өзім ғана барамын. Мен жасым жетіп қартайған адаммын. Онсыз да аз өмірім қалды. Тек сүйікті балаларым, сендерді жетім етіп тастап бара жатқаныма ғана өкінемін.
Бірақ Перизат өз айтқанынан қайтпады:
– Жаннан артық көретін әкешім, менің өтінішімді орындаймын деп жүріп ажал құшар болсаңыз, өзімді ешқашан кешірмеймін! - деп кесіп айтты.
Әпкелері болса, осы жағдайды пайдаланып сіңлісінен құтылуға асық болып тұр еді. Әкелері кенже қызын шақырып алып, оған алтын тола сандықты көрсетті.
– Қандай жақсы! - деп қуанышпен үн қатты мейірімді Перизат. – Әпкелеріме күйеу жігіттер ұсыныс жасап келетін болады. Бұл алтындарды әпкелерімнің жасауына жұмсайтын боламыз.
Келесі күні Перизат жолға шықпақ болды. Ағалары қимай жылап қалды. Ал әпкелері болса ащы пиязды көздеріне жағып алып, олар да өтірік жылап-сықтаған болып тұрды.

Қыздың мінген аты қамалға баратын жолға өз-ақ түсіп, аяңдап отырды. Қамалға жетіп, залға кіргенде, қыз ондағы шарап пен тәтті-дәмділерге толы, екі адамға арнап жайылған үстелді көрді. Перизат барынша қорықпауға тырысты. Ол іштей: «Құбыжық мені жер алдында, осылай тамаққа тойдырып алайын деген болар», - деп ойлады.
Түскі астан соң залда ақырып-бақырған дәу Құбыжық пайда болды. Ол қыздан:
– Сен бұл жерге өз еркіңмен келдің бе? - деп сұрады.
– Иә, - деп жауап берді Перизат бәсең үнмен.
– Сенің жүрегің мейірімге толы екен. Сондықтан мен де саған мейірімділік танытатын боламын, - деді де Құбыжық көзден ғайып болды.
Ертеңінде ұйқыдан оянған Перизат: «Тағдырыма не жазды, сол болады. Сондықтан, босқа қорқып қобалжуға болмас. Құбыжық мүмкін, мені ертең таңертең жемек болған шығар. Сондықтан әзірге бақта серуендей тұрайын», - деп ойлады.
Сөйтіп ол бақта асықпай, ұзақ серуендеді.
Қамалдағы бөлмелердің бірінің маңдайшасында «Перизатқа арналған бөлме» деген жазу бар екен. Қыз бөлмедегі кітап толы сөре мен күйсандықты көрді. Қыз болса: «Егер Құбыжық мені түнде жегісі келсе, мені мұнда не үшін алып келді?» - деп тіпті таң-тамаша болды.
Үстелдің үстінде бір айна жатқанын көрді. Оның сабында: «Перизаттың қалаған нәрсесінің бәрін орындаймын» деген жазу бар екен.
– Дәл қазір әкемнің не істеп отырғанын көріп білгім келеді, - дейді Перизат.
Сөйтіп айтқан соң ол айнаға қарап еді, үйдің табалдырығында отырған әкесін көрді. Оның жүзі өте қайғы-мұңлы көрінді.
«Қалай болғанда да бұл бір мейірімді Құбыжық екен, - деп ойлады Перизат. – Мен енді одан соншалықты қорқа қоймаспын.
Кешкі асқа отырған кезде Перизат тағы да Құбыжықтың даусын естіді:
– Сұлу қыз, сенің қалай тамақтанып отырғаныңды көруге рұқсат еткейсің!
– Бұл жердің қожайыны өзіңіз емессіз бе, оған несіне рұқсат сұрайсыз, - дейді қыз.
– Жо-жоқ, бұл қамалдың ішінде сенің қалауың – талқыланбайтын заң. Шыныңды айтшы, мен соншалықты ұсқынсызбын ба?
– Иә! – деп жауап қатады Перизат. – Мен өтірік айта алмаймын. Бірақ, меніңше, сіз ұсқынсыз болғаныңызбен, өте мейірімдісіз.
– Сенің ақылдылығың мен мейірімділігің менің жүрегіме керемет жылылық сыйлайды. Сол себепті де түрімнің ұсқынсыздығы мен үшін соншалықты жан азабы емес, - дейді Құбыжық.
Бір күні Құбыжық:
– Сұлу қыз, маған тұрмысқа шығасың ба! - деп қызға ұсыныс жасады.
– Жоқ, - деді қыз сәл үнсіз ойланып тұрды да, - мен саған тұрмысқа шықпаймын!
Бұл сөзді естіген Құбыжық жылап-еңіреп көзден ғайып болды.

Осылайша күнде кешкі аста Құбыжық Перизаттың ас ішкенін қызықтап қарап отырумен үш ай өтті.
– Сен менің жалғыз көз қуанышымсың, - дейді Құбыжық, - сенсіз маған мына өмірдің мәні жоқ. Маған: «Сені ешқашан тастап кетпеймін», - деп уәде бергеніңді қалаймын.
Перизат уәде берді.
Бір күні Перизат айнаға қарап, әкесінің ауырып жүргенін көрді. Қыз әкесіне барып, оған деген сағынышын басып келгісі келді. Сөйтіп қыз Құбыжыққа:
– Сені тастап ешқайда кетпеймін деп уәде бердім ғой. Бірақ хал үстінде жатқан әкеме барып келе алмасам, ешқашан жаным тыныштық табатын түрі жоқ, - дейді.
– Үйіңе баруға рұқсат, - дейді Құбыжық, - бірақ мен сен келгенше мұнда жалғыздықтан, сағыныштан сарғайып өліп қаламын ғой.
– Олай деме, - деп қарсылық білдіреді Перизат. – Қайтып ораламын деп берген уәдем – уәде. Айна маған әпкелерімнің тұрмысқа шыққанын, ағаларымның армияға кеткенін, ал жалғыз қалған әкемнің үйде ауырып жатқанын көрсетіп баяндап тұр. Барып келуге бір апта уақыт бер.
– Таңертең ерте өз үйіңде ұйқыдан оянатын боласың, - дейді Құбыжық. – Кері қайтқың келген кезде мына жүзікті кереуеттің қасындағы үстелдің үстіне қойсаң болғаны. Ал, қайырлы түн, Перизат.
Сөйтіп Құбыжық жылдам көзден ғайып болды.
Келесі күні ұйқыдан оянып, көзін ашқан Перизат өзінің үйінде жатқанын көрді. Ол өзінің қымбат киімдерін киіп, гауһар тастан жасалған тәжін киіп, әкесінің жанына барды. Қызының аман-сау оралғанын көрген әкесі қатты қуанды. Жүгіріп жанына жеткен әпкелері сіңлілерінің бұрынғыдан да сұлуланып, әрі ханшайым сияқты киініп алғанын көргенде, бұрынғы көре алмаушылық сезімдері тіпті де өрши түскендей болды.
Перизат өзінің басынан өткен жағдайдың бәрін отбасы адамдарына баяндап беріп, сөзінің соңында міндетті түрде қамалға қайта баратынын айтады.
Бір апта өтті. Перизат қамалға қайтуға жинала бастады. Зұлым әпкелері сіңлісіне әдейі жылап-сықтап, жата жабысып, үйде тағы да бір апта қала тұруын өтінеді. Тоғызыншы күн өткенде Перизат түс көреді. Түсінде Құбыжықтың бақтағы көгалда өліп жатқанын көреді. Ол түсінен шошып оянған соң: «Тезірек қамалға қайтып барып, оны емдеуім керек!» - деп ойлайды. Қыз жүзігін шешіп, үстелдің үстіне қойды да, ұйқыға бас қойды.
Келесі күні қыз қамалда ұйқысынан оянды. Сән-салтанатты киімдерін киіп, Құбыжықты асыға күтіп отырды. Бірақ Құбыжық келіп кіре қоймады. Өз үйінде көрген бір түрлі түсі есіне түскен Перизат баққа қарай жүгірді. Расымен де Құбыжық бақтағы көгалдың үстінде ес-түссіз жатыр екен. Қыз бұлаққа жүгіріп барып су алып келіп, Құбыжықтың бетіне бүрікті. Қыздың жүрегі аяныштан езіліп кете жаздады. Құбыжық кенет есін жинап көзін ашты. Ол Перизатқа қарап әлсіз сыбырлай сөйледі:
– Мен сенсіз өмір сүре алмайды екенмін. Енді жаныма өзің келген соң, алаңсыз өлетін болдым.
– Жоқ, сен өлуге тиіс емессің! - деп жылайды сонда Перизат. – Мен сені жақсы көремін және сенің жарың болғым келеді.
Қыз осы сөздерді айтып аяқтай бере-ақ, күллі қамалдың іші жарқыраған нұрға бөленіп, айналаны музыка әуені кернеп кетті. Көгалдағы Құбыжық та көзден ғайып болып, оның орнында көркем жүзді ханзада жатты.
– Бұл не болып кетті өзі? Құбыжық қайда? - деп айқай салды Перизат.
– Ол – менмін ғой, мұндамын - деді ханзада. – Бір қаскүнем пері сиқыр дуа жасап мені құбыжыққа айналдырып жіберген еді. Күндердің күні бір жап-жас сұлу қыз мені жақсы көріп қалып, маған тұрмысқа шығатынын айтқан сәтке дейін солай құбыжық болып қала беруге тиісті едім. Сол сәт мінеки, жаңа ғана туды! Мен сізді сүйемін және маған жар болуыңызды өтініп сұраймын.

Перизат ханзадаға қолын ұсынды. Сөйтіп олар қол ұстасып қамалға беттеді. Қамалдың ішінде өздерін күтіп отырған әкесі мен әпке-ағаларын көріп, қыз қатты қуанды.
Осы сәтті мейірімді пері пайда болып, Перизатқа былай деп тіл қатты:
– Сен бұл сый-құрметке әбден лайықсың, сұлу қыз. Бұдан былай сен осы қамалдың ханымы боласың!
Бұдан соң пері қыздың әпкелеріне бұрылып былай деді:
– Ал сендер өз зұлымдық, іштарлық мінездерің үшін сарай қақпасының алдында тас мүсін болып қатып қалатын боласыңдар. Қашан өз кінәларыңды мойындап, жүректерің жұмсарғанша сол тас болған қалыптарыңда тұратын боласыңдар. Бірақ мұндай күн ешқашан тумай ма деп күдіктеніп тұрмын.
Осылайша Перизат ару ханзадаға тұрмысқа шығып, екеуі бақытқа бөленіп ұзақ ғұмыр сүріпті.
