Қазақ әдебиетінің кең өрісінде, әсіресе шетелдегі қазақтардың рухани мұрасын байытқан қаламгерлер аз емес, солардың бірі – Сейітхан Әбілқасымұлы. Ол - тағдырдың талқысы мен қуғын-сүргіннің ауыр салмағын арқалап жүрсе де, өз халқының сөз өнеріне ерекше үлес қосқан дарынды жазушы ретінде танылды. Оның шығармалары туған халқының жан дүниесін, шекара сыртындағы қазақтардың тағдыр-тауқыметін, көшпелі өмірдің қасіреті мен қайратын дәл бейнелеуімен оқырман жүрегіне жол тапты. Моңғолиядағы ғана емес, күллі қазақ оқырмандарының ыстық ықыласына бөленген қаламгердің еңбегінің бір дәлелі — Алматыдағы «Жазушы» баспасынан қазақша жарық көрген «Хар шуурга» («Қара боран») романы. Бұл туындыға белгілі ғалым, сыншы Рахманқұл Бердібаевтың «Күре жол» деп жоғары баға беруі Сейітхан шығармашылығының көркемдік қуаты мен тереңдігін айғақтайды. Сейітхан Әбілқасымұлының әдеби мұрасы – ұлт руханиятының шетелдегі жарқын бір тармағы әрі қазақ әдебиетінің қазынасына қосылған құнды үлес.
Қазақтың көрнекті ақыны, жазушы – Сейітхан Әбілқасымұлы 1925 жылы, 18 қыркүйекте Шыңжаң қалалық Алтай аймағына қарасты, Жеменей ауданының Топтерек ауылында дүниеге келген. 1934 жылы мектепке барған Сейітхан жетінші сыныпты бітірісімен бейбіт өмірі үзілді. 1938 жылы әкесі Әбілқасым жалған жаламен Үрімжі түрмесіне қамалғаннан кейін, отбасын асырау үшін оқуын жалғастыра алмай, егіншілікке, жүк тасуға ерте араласты. 1944-1945 жылдары Шығыс Түркістан ұлт-азаттық көтерілісіне қатысып, партизан болды.
1947 жылы Жеменей аудандық жастар ұйымының хатшысы, 1948–1954 жылдары Шығыс Түркістан ұлт өкілдерінің бостандық жолындағы ұйымы бастығының орынбасары, кейін Алтай аймақтық атқару комитеті бастығының орынбасары қызметін атқарды. Одақ жабылған соң 1954-1957 жылдары ҚКП Алтай аймақтық комитетінің үгіт-насихат бөлімін басқарды, 1958–1964 жылдары “Алтай” газетінің бас редакторы болды.
1958, 1961, 1963 жылдардағы «ұлтшылдыққа қарсы» науқандарда Сейітхан қуғындалып, ұрып-соғуға, азаптауға ұшырап, 1964 жылдан «ревизионистерді тәрбиелеу» лагерінде ауыр еңбекке салынды. «Мәдениет төңкерісі» кезінде оған «ұлтшыл, бөлінуші, ревизионист» деген жалалар жабылып, қорлау мен ауыр жұмысқа жегіліп, бірнеше ай бойы көпшілік алдында масқаралау шараларына түсірілді.
«Төрт көнені құрту» науқаны басталғанда, Шығыс Түркістандағы ұйғыр-қазақ зиялыларымен бірге астыртын ұйым құрып, ұлт-азаттық күреске дайындалды. Алайда сатқындардың әшкерелеуімен өміріне қауіп төнді.
1969 жылы қыркүйекте ұсталған Сейітхан әскери сотқа өткізілер сәтте қашып шығып, Алтайдың қарлы орманында бір айдан аса шөптің тамыры мен қара сумен күнелтіп, ақыры Моңғолия шекарасына жетеді.
Дүниенің қай бұрышында жүрсе де қаламын серік еткен жазушы Моңғолиядағы 28 жылында қазақ әдебиетіне өз қолтаңбасын қалдырып үлгерді. Әдеби шығармашылық жұмысы жолында сілтеген қаруы тек қаламы болды. Соның нәтижесінде моңғол, қазақ тілінде үш роман бастаған сегіз кітабы жарық көрді.
1981 жылы «Қара боран» – «Хар шуурга» романы моңғол тілінде, «Селебелі ойран» – «Түйвээн» моңғол тілінде, «Махаббат киесі» – «Хайрын онгон» моңғол тілінде, «Мұңлы мүсін» – «Гунигт бүсгүйн хөөрөг» моңғол тілінде жарық көрді.
Сейітхан шығармашылығы көптеген жанрды қамтып, оның шебер суреткер екенін айғақтайды. Солардың ішінде ерекше орын алатыны – «Қуғын» романы.
«Ұлтшыл элемент» деген жаламен лагерьге айдалып, өлім аузынан қашып шыққан қаламгер Алтайды жаяу кезіп, хунвейбиндердің қоршауын бірнеше рет бұзып Моңғолияға жетеді. Сол жерде тыныстап, ес жиғаннан кейін өміріндегі ауыр кезеңдерді суреттеген «Қуғын» романын жазады. Жазушы бұл ғұмырнамалық шығармасын «өмірбаяндық роман» деп атайды.
Романда Сейітхан Әбілқасымұлы мен ақын Қызырбек Ораловтың Қытай түрмесіндегі көрген азабы, қашуы және бастан өткерген қиындықтары бейнеленеді. Шығарманың басты идеясы – еркіндік, адам азаттығы, ақыл-ой бостандығы.
Онда қызыл империя қуғынына түскен тағдыр мен туған елінің қиын кезеңдері айқын суреттеледі. Жазушы аталмыш шығарманың басында:
«Қазақ елі –
Ғажап еді.
Ұядан сұңқар кергіткен,
Қиядан тұлпар өрбіктен,
Сұңқарына тор жазылды, өрт төнді.
Тұлпарына ор қазылды, мерт болды.
...Азаптылар – азатқұмар білсек оның не екенін.
Азап тынар – азат қылар төнсе де өлім мекенін.
Құртуды көздеген құлдық қамшысынан, аяусыз езіп қорлаудан құтылып, босандық. Тәуекелге бел буып, тәуелсіздік жолында күрестік. Осы барыста айдаһардың аранына іліктік. Ажал оғының түйреп өтер сағаты таяды. Өлімді кешіп, тіршілік арқалығына қол артуға тура келді. Ақыры, ыстық ұя, шикі өкпе бала-шағадан (тірі) айырылып, қашып шығуға мәжбүр болдық. Коммунистік қатігез өктемдіктің қанды шеңгел, темір торынан сытылып кету – қиынның қиыны. Ұлы данышпан бабамыз Абайдың «Қайрат пен ақыл жол табар, қашқанға да қуғанға» дейтін ғажайып терең мағыналы тұжырымын ұстандық», - деп жазады.
Түрмеден қашып шыққан екеудің қуанышы ұзаққа созылмады. Бұл — алдарынан бұдан да қиын, бұдан да қатерлі күндердің туатынын сездіргендей еді. Алтайдың жыныс орманына бекініп алған сол сәттік жеңіл тыныстары — тек көңіл жұбатар бір үзік қуаныш қана болатын.
Арып-ашып, күндіз тасада тығылып, тек түнде ғана жол жүріп жүрген күндердің бірінде Қызырбек Оралов ауыл шетінде жайылып жүрген сиырлардың ішінен бір тайыншаны ұстап, сойып алайық деп ұсыныс айтады. Бұл оқиға романда былай баяндалады:
« – Мына кішкене тайыншаны құлдатып әкетіп сойып алайық, – деді Қызырбек.
– Ана шамын жарқылдатқандар біздің келе жатқанымызды сезіп, бір-біріне хабар беріп, жанталасып жүр ғой. Мұны қайтеміз? Ептеп әрі асып кетуді ойламаймыз ба?
Қызырбек көнбеді.
– Бізге мұндай иенде жатқан мал оңай табылмайды. Жетектеп алып кетейік. Судағы балықты азық етеміз деу құр қиял ғой, Секе, – деп отырып алды. Оның меселін қайтармадым.
– Тәуекел онда, – дедім. Сол-ақ екен, шалбарының белбеуін суырып, тайыншаның мойнына тақты да, жетелей жөнелді. Мен құйрығын бұрап, итшелеп артынан айдадым». Міне, шығарманың ең қайшыласқан тұсы осы жерде болады. Тарығып, ашыққан екеуі тайыншаны сояды: Қызырбек су әкелуге сай табанына кетеді, ал Сейітхан ет әзірлеуге кіріседі. Шығарманың дәл осы тұсында екі кейіпкердің жолы екіге айрылады.
... Ол енді Қызырбексіз жалғыз қалды. Қанша өкінсе де, алдағы жолын жалғыз жалғайды. Осындай қилы кезеңдер мен соқтықпалы жолдарды бастан өткере жүріп, Сейітхан ақыры Моңғолияға жетеді. Орта жолда өз жолдасынан айырылып, сергелдең күйге түсіп, ауыр жолды артта қалдыру қиынның қиыны екені сөзсіз. Бұл туралы жазушы романның соңында: «...опасыздардың әшкерелеуімен басымызға өлім қаупі төнді. 1969 жылы қыркүйекте қолға алынып, әскери сотқа өткізілерде қамаудан дәрет сындыруға шығып, ымырт қараңғыда қашып бір айдан астам уақыт жабайы адам тәрізденіп, Алтайдың қарлы орманында шөптің тамырын жеп, қара су ғана жұтып аш жүрдім. Ақыры Моңғолия шекарасына ілініп сол елді паналап, 28 жыл тірлік кешірдім», деп жазып, түйіндейді.
Сейітхан тек проза ғана жазған жоқ, ол поэзияда да қалам тербеген қаламгер. Тар жолда тайғақ кешуден өтсе де, жігері мұқалмаған ақынның жалпы саны 100-ге жуық өлеңі бар. Сондай-ақ, осы өлеңдері енген өлең жинақтары «Көңіл пернелері» (1983) және «Сапар сазы» (1979) деген атпен Моңғолияның Баян-Өлгий қаласында жарық көрген.
Тағдырлы қаламгердің «Қазақстан топырағына табаным бір тисе», – деген арманы 28 жыл өткен соң орындалып егеменді ел болған соң сағынышпен отанына оралады.
Қарт Алтайдың күңгейінде туып, жарты ғұмырын теріскейінде өткізген ақынның өлеңдері мен прозасы қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған асыл мұра. Сейітхан шығармалары Отанға деген сүйіспеншілікті, туған жерге деген махаббатты, ұлттық рухты ерекше бейнелейді.
Ақынның өлеңдері шексіз сағыныш пен арманның, өткен мен болашақтың, өмір мен өлімнің шекарасында өріліп жатады. Оның шығармашылығы әрдайым қоғамдағы әділетсіздік пен жақсылықтың арасындағы қақтығыстарға, ұлттық мұраның ұмытылмай сақталуына арналады. Әсіресе, ақынның туған жері — Алтайға, қазақтың кең даласына деген махаббаты ерекше.
Кешегі қиын кезеңдерде шет елде жүріп, қазақ әдебиетіне баға жетпес мұра қалдырған Сейітхан Әбілқасымұлының шығармашылығы тек жеке тұлғаның ғана емес, тұтас ұлттың да әдеби жолы. Оның қазақ әдебиетіне қосқан үлесі, ұлт алдында арқалаған жауапкершілігі, адалдығы мен ерлігі ұмытылмайды.
Арманбек Жакейхан
