Сен шығарсың маңдайға жазылған бақ
Дәурен Тілеухан - 2000 жылы 28 қазанда Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Көрпе ауылында дүниеге келген. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Сағыныш сыбыры», «Жаңа Қазақстанның әдеби панорамасы» жобасы аясында жарық көрген «Нәзік түндегі ноктюрн» (Жетісу облысы) кітаптарының авторы. Сондай-ақ, «Шабыт» халықаралық фестивалінің Гран-При иегері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты.
ЖЫРТЫЛҒАН ПАРАҚТАР
Алматыдағы Ұлттық кітапхананың сирек қорында Ілияс ақынның «Құлагер» поэмасы алғаш рет басылған газет нөмірлері («Социалистік Қазақстан» газеті, №260 (3964), 12 қараша, 1936 жыл) сол қалпында сақталған. Алайда үнпарақ беттеріндегі поэма басылған кейбір парақтарды әлдекімдер қиып тастаған.
Тілгілеп жүрегімді жыр әуелгі,
Тұрған сәт есіме алып «Құлагерді»,
Ұлттық кітапхананың қақпасынан,
Ертай досым елпілдеп шыға келді.
Асығып келген бетім Алматыға,
(Мен күткен бір құпия бар да, сірә.)
«Сирек қорға» жетелеп жетті Ерекең,
Әдепкі кірісіп кеп шаруасына.
Қала анау –
тоқтамайтын көші мәңгі,
Мен мұнда Ертайға еріп, есім ауды.
«Келгенің дұрыс болды,
көптен бері
көрсетсем деп жүр едім осыларды…»
Көненің көрдім небір көң басқанын,
Бұл бірақ басқа тарих…
Бұл басқа мұң!
Жыртылған парақтардың жанайқайын,
Алдыма жайып салды жолдас ғалым.
Әп сәтте ететіндей күлкімді ойран,
Күмілжіп,
күрмеуі көп мың түрлі ойдан –
Қолыма ап «Құлагердің» түпнұсқасын,
Қобалжып тұрғанымды ол білсін қайдан?!
Қырқылған қиянаттың сынығымен,
Қолымда –
Ілиястың жыры кілең.
Қатігез саусақ табы сезіліп тұр,
Сарғайған газеттердің дірілінен.
Тұрса да тауқіметтер құйып көктен,
Дүние-ай,
сөздің құны биік неткен!
Алқынам...
алақанда – қос Құлагер,
Қайшысы қараулардың қиып кеткен...
Көргендей түнегі мол түстер ғана,
Қайтейін, қаусатады іштен нала.
Қағазға түскен сызат…
қағазға емес –
Қазақтың жүрегіне түскен жара!
...Жазықсыз оққа қиған кешегі ерді,
Жанардан жендет жылдар өшеді енді.
Жоғалған жазуларға мұнара қып,
Орнына орнатсам ғой осы өлеңді!
ДАСТАНҒА ТҮЗЕТУ
немесе
ӨМІРБҰЛАҚ БАСЫНДА
Талдықорған мен Текелі қалаларын жалғап жатқан күрежол бойындағы бұлақ Өмірбұлақ деп аталады. Ел арасында «Өмірбұлақтың көзін ашқан алғашқы адам Шоқан Уәлиханов болған» деген аңыз бар. Өмірәлі-Қашипа атты қос ғашық тұңғыш рет осы бұлақ басында танысқан. Бүгінде олардың отау құрғанына жарты ғасырдан аса уақыт өтіпті. Баянды махаббат белгісіне айналған жерге 2019 жылы Өмірәлі Шакарапұлы арнайы ескерткіш орнатқан.
Қарабұлақ, Текелі,
Ғашықтардың мекені.
(Шөмішбай Сариев,
ескерткіштегі өлең )
Адасар асқақ арман,
Соңына жетпей жатып,
Эпостан,
дастандардан –
Таппадым титтей бақыт.
Торығып,
Тоңса жаным,
Торлаған түнек-мұңмен,
Қиссаны қаншама күн,
Қиялмен түзеттім мен!
«Шынымен, шын өмірде,
Ғашықтар қосылмай ма?!»
Ой қамап жүргенімде,
Тап болдым тосын жайға.
Шарықтап шабыт нұрлы,
Кез болған көңілге ұнап:
Алғаусыз ағып тұрды –
Өзгеше Өмірбұлақ.
Құшағын созып аспан,
Күн нұрын шашып күлгін,
Шоң Шоқан көзін ашқан,
Кәусардан татып тұрмын.
Мөп-мөлдір бұлақ көріп,
Мен содан өлең өрдім.
Жырынан жырақ кетіп,
Жібек пен Төлегеннің.
Ой тауып осы арадан,
Сәт туды сезбес мұңды.
Қасірет «Қособадан»,
Қарсы алмас енді ешкімді.
Аңдымай қайғы алыстан,
Жолығып қалмай мұңға.
«Аспанды айнала ұшқан
Алты қаз» қонды айдынға.
Ұлағат ұнағасын,
Жырыма қосып та алдым,
Мәңгілік мұнарасын –
Қосылған ғашықтардың!..
Ғажап қой,
Дер кезінде –
Табылса тағдыр теңі.
…Ерке қыз, енді өзім де
Есіме алдым сені!..
ТАМШЫБҰЛАҚ
Ақсу ауданындағы Тамшыбұлақты зерттеп, артында мол деректер қалдырған, 1859-1865 жылдары Жетісуды аралаған ұлы саяхатшы, этнограф Шоқан Уәлиханов көнекөз қариялардан мынандай аңыз жазып алған екен: «Күн сәулесіне құбылған Тамшыбұлақтың тамшылары бірін-бірі сүйген сұлтанның қызы мен шопанның ұлының көз жасы екен». Сұлтанның қызы Баян әр түн сайын осы қасиетті Тамшыбұлақ шипалы суына келіп, өзінің ауыр тағдырын айтып жылаған екен. Міне, тамшылап тұрған тамшылар – Баян қыздың көз жасы...»
(2018 жылы 19 қарашада жарияланған qazir.kz сайтынан)
Тыңдашы, шерлі дала шертті нені?..
Беткейден Баян даусы естіледі.
Өрт жаққан өзегіме өкініштен,
Бұл аңыз –
өткен күннің өксігі еді…
Өткен күн...
қайтем сенің қорлығыңды?!
Бәрібір баяны жоқ, болды мұңды.
Бақытын бұлдап тұрған, жалған бес күн,
Жылатпай қойсаң етті сол ғұмырды?!
…Ізінен іздеп келіп бір аңыздың,
Басында тұрмын бүгін құла құздың.
Көз жасын ішке жұтып,
үнсіз қалған,
Булыққан жасын көрдім бұла қыздың.
Кетердей қайғысынан құлап аспан,
Қосылмай сүйгеніне мың адасқан,
Арман-ай,
арзуындай сол арудың,
Тамшы боп жар басынан жылап аққан!..
Жүрекке тұна қалып сезім бөтен,
Түндерде тынши алмай көз ілмесем,
Мөп-мөлдір Өлең болып,
Сағыныш боп,
Тамшы ма,
Тамып кеткен өзім бе екем?!
ҮСЕК
Көне түркі тілінде «Үс» – су, «ек» – ана, яғни «Су ана» деген мағынаны береді екен...
Күміс нұр тайғанатқан,
Тарқайтын көңіл шері,
Жаркентті айнала аққан,
Сулардың сен –
үлкені!
Шыңдарды суара кеп,
Ағысын төмен өрер.
Атыңды «Су ана» деп,
Қойыпты-ау көреген ел!
Көшсе де неше заман,
Ізі боп өткен шақтың.
Ентікпей,
есен-аман –
Ілеге жеткен бақсың!
Ойнайды сені көрсем,
Көзді арбап көркем арай.
Кербезім,
Керім,
Еркем,
Келмеппін ерте қалай?..
Күні-түн кірпік ілмей,
Жүзіме толтырды арай.
Жүректің дүрсіліндей
Жөңкіген толқындары-ай!
Арман боп,
аңыз болып,
Есіме түседі ертең.
Үмітім тәрізденіп,
Үлбіреп Үсек еркем!..
Ананың өсиетін,
(Айт деме,
ішің білсін!)
Қай пенде қасиетін,
Тіл жетіп түсіндірсін?!
Анасы еміренген,
Бейкүнә бөбектейін.
Сүйсініп,
сені көрген –
Сәт еді сөз еткенім.
Қоштасып дала-құмға,
Елжіреп еттім үміт.
…Мөлдір шық жанарымда –
Үсекке кетті үзіліп!..
АЯҚТАЛМАҒАН ЖЫР
Артта қалып алғашқы арман-сағым,
Ауыл жаққа ауатын мәңгі аңсарым.
…Қалың ойдың қойнында қалушы едім,
Бейіт маңын бетке алып барған сайын.
Сол бейітте –
жанымның бір бөлшегі!
Жаза алмадым, қайтейін, жырды еңселі.
Өлім ғана күтетін ең түбінде -
Өмір маған секілді мұңды ертегі.
Көңілшек күн көшіріп көп өлеңге,
Жамау жүрек жетелер сол әлемге.
Марқұм әжем мәңгілік байыз тапқан,
Кім сағынар бұл маңды менен өңге?
Түмен ойға тартқанда сол көне көш,
Тіріледі көзімде сөнген елес.
Жанарымнан сырғыды
жалғыз тамшы –
«Бұлт қой анау жылаған…»
Ол мен емес!
Мен секілді мөлдіреп қос жанары,
Боздауық бұлт көшпей жүр бастан әлі.
Түсіне алмай тірі жан хәлімді осы,
Тастап шыққым келетін тас қаланы.
Өлең жазып оңаша ойға медет,
Ақын болдым ақыры,
ой, керемет!
Анам алаң болатын кенже ұлына:
– Балам,
аман жүргейсің қайда да, – деп!..
Жылы жауып жылдарды жылыстаған,
– Қалаға бар, – дейді әкем,
– дұрыс, балам!..
Еңкіш тартып барады екі асқарым,
Дүниенің тұтқасын кім ұстаған?!
Еркеліксіз өткенде жылдар әрең,
Табысқалы тасбауыр бұл қаламен:
Жалғыздыққа жұтылған көпшіл де – мен,
Сағыныштан сенделген сұлба да – мен.
Аңсап келген ауыл-ай,
амалым жоқ,
Қоштасарда көңілсіз қарадым көп.
Тас қамалға тоғытып мені де ертең,
Қарсы алады қатігез қала-дүрмек!..
НӘЗІК ТҮНДЕГІ НОКТЮРН
...Сені ойлап келемін де,
Сені ойлап кеткем қайтып.
Жұматай Жақыпбаев
1.
Жұлдыз аңқып жұпарлы қала мына,
Көрінеді Сен болып жанарыма.
Көрінеді Сен болып нәзік түні,
Көшіп алған өлеңдей қаламыма.
Сабыр қалмай өзіңді сағынғанда-ақ,
Жан-дүниемді алады жалын қармап,
Мені осындай бөлеген ғажап күйге,
Сен шығарсың маңдайға жазылған бақ?
Тыныштық бар момақан қалада бұл,
Сол тыныштық сезімге бола ма ауыр?
«Ләйлә» дейді сенің де есіміңді,
Жұматайдың көзіменен қараған ұл.
Күз жақындап келеді…
Сол күзгі бақ...
Екеумізді күтердей жол сызғылап.
Ақтөбеге аттанам ертең,
айнам,
Тоңып қалмас па екенсің менсіз бірақ?..
2.
Талдыға* тағы келдім,
Сен болып іздегенім.
Жүдеткен жанын елдің,
Үйірсек бізге де мұң.
Ол бірақ тәп-тәтті мұң,
Жетелер саған мені.
Хатыңды сақтап, күнім
Келемін содан бері.
Мөп-мөлдір, гөзәл қарақ,
Гүл ме едің,
адам ба едің?
Бізге, айнам, жазар ма бақ
Маңдайдың қаламгері?
Жаныңнан жырақтасам,
Жүрегім неге шерлі?
Жазылған бірақ саған
Жырымның бәрі әсерлі.
Жеткізіп жолдар тура,
Күлкіңмен жанды ысыттың.
Қала гөр, сол қалпыңда,
Сіңлісі таңғы шықтың!..
*Талдықорған
