Иуданың сүйісі
Жүрек – ауру, миғұла ойда – ми іші.
Мына жердің қайда жұпар иісі?
Ию-қию дүниеден көргенім –
Иуданың сүйісі!
Соның еріні өбіп мені –
Өлтірді!
Мына ел соған мәз боп, неге желпінді?
Социализм капитализммен сүйісіп,
Екеуінен екі естілеу ел туды.
Қара жолдар тас жолдармен қиысты.
Қарсы заряд бір-бірімен түйісті.
Коррупция дейтін Мекер шықты да,
Жатып алып Мемлекетпен –
Сүйісті!
...Қайтем, мен де Тәңіріме қайтам мен,
Оған сонда не бетімді айтам мен?!
Қолына ұстап Қасиетті Құранды,
Уақаптар да сүйісіп тұр – Сайтанмен!
Тілі де жоқ, ділі де жоқ, бесігі,–
Нәсіл шықты, мұндай жұрттың несі ұлы?!
Поэзия Сальеримен сүйісіп,
Сайқал туды, – Халтуратай есімі!
Жүрек – ауру, миғұла ойда – ми іші.
Мына дүние – Иуданың сүйісі!
Мен де дарға өз еркіммен барар ем,
Бесіктегі немеремнің иісі-ай!
Періштенің иісі...
***
Балалық – балдай һәм қызық!
Әрі – күлкілі!
Шыбық қой ол бір жарылған жаңа бүртігі.
Он үште едім. Он алтыдағы көрші қыз:
–Қыз сүйіп осы көрдің бе?!-деді бір күні.
–Жоқ... дедім мөлдір көзіне көзім түйісіп,
Лүпілдеп жүрек, лапылдап қаным, ми ысып:
– Кел!– деді ол – онда! Ешкімге егер айтпасаң,
Екеуміз күнде тұрайық өстіп – сүйісіп!
Шарбақтың алды.
Қоңыр күз еді.
Ай – жарық.
Ерінге ерін тиді де, қалдық байланып:
Дүние кетті геометриядағы ғажайып,
180 градусқа айналып!
(Көп жайды көрген кісіміз көрші үйден біз,
Елжіреп, сонсоң, еріннен талай сүйгенбіз!).
Терезесіне телміріп қарап отырам,
Есіктен қашан шығар деп , шіркін, сүйген қыз!
Бір жылдай жүрдік ерінге ерін түйісіп,
Лүпілдеп жүрек, лапылдап қаным, ми ысып.
Бір күні үйге алаңсыз келе жатқанда,
Бір жігітпенен тұрғанын көрдім сүйісіп!
Баяғы жерде...
Баяғы тұрған шарбағы...
Мен емес екем, – басқа екен мұның ардағы!
Сол күні күллі қыздарды кеттім жек көріп!
... Кейіннен бұлар қалай кеп мені арбады?!.
Адам
Сайтаны азғырып,
Жұмақтан құлғанадай қуылып,
Тентіреп кеп Жерге тіреген табанды;
Бастан кешіп қауымдық,
Федальдық-патриархальдық,
Капиталистік,
Фашистік,
Коммунистік заманды;
Орысша – "Человек",
Испанша – "Personas",
Ағылшынша – "Human",
Французша – "Personnes"; –
Қазақ қана: "Адам" деген –
Адамды!
Көрген жұртпыз көресінді, жоқтықты.
Көрінген ит бізге неге соқтықты?!
"Інжілдегі" "Адам" деген асқақ сөз –
Қазақтікі!
Басқа тілде жоқ, тіпті!
Дүниенің ғажабы да –
Біздікі!
Азабы да –
Біздікі...
***
Бәріміз қияндағы ауылданбыз.
Өлеңмен қаршадайдан ауырғанбыз.
Дүркіреп үстіменен шаңды ауылдың,
Сіркіреп жауып өткен жауындармыз.
Там да – өлең.
Тау дағы – өлең,
Жартас та – өлең,
Арқаны көктей шолып, Балқашпенен; –
Ақынбыз дегеніміз бос сөз екен,
Атымыз шықты аспандап "алқаш" деген.
Жасыннан жаралғанбыз, – , дауылдан біз,
Бір жауса басылмайтын жауындармыз...
Атағы жерді жарған бір кездері,
Біз деген – Алкаш деген ауылданбыз!
Бүгін біз – Ұрымда, ертең – Қырымдамыз.
Қалтаға ақша түссе бір ырғармыз.
Советтің заманында қаулап өсіп,
Қынадай қайта-қайта қырылғанбыз.
Көңілдің көктем еді хошы нағыз.
Біз жайлы көшеді әлі жосып аңыз.
Есенин дейтұғын бір әулиеге,
Желігіп жеті атадан қосыламыз.
Ақын да – арам қазір...
Қара да тұр,
Таяп-ақ қалғаны ма заманақыр?
Үндістің тайпасындай, бізден-дағы,
Тігерге тұяқ қалмай бара жатыр...
***
Нағашыммен анда-санда сөйлесем,
Көмейінен Тәңірі лебізін
Төгіп-төгіп жібереді:
Сөйлесу Құдайменен қахың болған,
Шығыстың шайырлары хакім болған.
Өйткені ең соңғы бір текті тұяқ,
Ең соңғы пайғамбарға жақын болған.
Алланың Алаш ұлы құлы болған,
Аспаннан алатынын іліп алған.
Шариғат*,
Мағрифат** пен Тарихаттан*** –
Хақихат**** шығатынын біліп алған!
*Шариғат,**Мағрифат,***Тарихат,****Хақиқат – Исламның төрт ұстыны.
Әр заман өзі туар ұлы ақынын,
Кезі көп кейде ішінен тынатұғын.
Орыста Пушкин бар да, – Доспамбет жоқ,
(Жусандай – біздің елден шығатұғын...)
Мұнай заманы
Күнім түсіп қайдағы бір жаманға, –
Өзек жалғар талшығымды табам ба?
Өмір сүрген мендей ақын бар ма екен,
Мұнай деген құдай болған заманда.
Көктей өтіп Көк Түріктің өр елін,
Өз елімді келді-ау, нұрға бөлегім.
Иномаркалардың маторларында,
Бензин болып жанып кетті өлеңім!..
Мұнай – Тақсыр өртке қарай тақымдап,
Қайдағы бір қу мен сұмда хақым ғап;
Мен де жандым, (бензиннен де тез жандым), –
Лаулап!
Заулап!
Өршіп өрде –
Лапылдап!!!
Мөлт-мөлт еткен көздің жасы жанарда, –
Жанып кетті – тамшы болып тамарда!
...Отқа оранған мендей ақын болған жоқ,
Мұнай келіп құдай болған заманда.
Түрік шәйірімен сұхбат
Назымының жақтырмайтын өлеңін,
Неткен сонша тәкаппар ең, өр едің?
Хикметті берсең егер – маған бер,
Мен сендерге Шөмішбайды берейін?
Үзілген жоқ бізде жырдың қоры әлі,
Атой салса, арқаға аруақ қонады;
Егер Шөкем сайрап берсе түрікше,
Бұ Түркия бұлбұл бағы болады!
Алашқа да, ақынға да өкпе жоқ,
Тәңірімен сөйлеседі бетпе-бет:
Ұлықбек пен Ғалым келген кезде де,
Елп етпепсің екі көзің көкте боп?
Біздің елде ақын деген жетеді,
Бірде – жерде, бірде – көкте мекені.
Тыныштықбекті өзім ертіп келейін,
Тіл табысса Ердоғанмен екеуі?
Мәңгі өлмейді Хафиздерден қалған жыр.
Қайда Сұлтан Сүлеймендей тарлан бұл?
Біздің елде Күлтегіннің басында,
Темірхан жүр, –
Көк Түрік деп, зарлап жүр!
Назымының жақтырмайтын өлеңін,
Неткен сонша тәкаппар ең, өр едің?
Хикметті берсең егер – маған бер,
Мен сендерге Шөмішбайды берейін?
***
Алматы аэропорты.
Пернегүлмен, –
Сырласып қол ұстасып мен де жүргем.
Бетке алып Қарағанды қалың жұртын,
Ұштым мен, айхой, дәурен, –
Пернегүлмен!
Ұштық біз көкте "Сәулем-айға..." басып,
Сомолет Күнге тақап, Айдан – асып!
Салонға кіре бере аймаласып,
Саланнан түсе бере аймаласып...
Жүрдік біз бұ шаһарда айдан асып,
Шалықтап күнде "Сәулем-айға..." басып;
Көшеге шыға бере аймаласып,
Көшеде жүре бере аймаласып!
...Алматы аэропортына ұшып кеп мен,
Аң-таң ғап жүрем жерге түсіп – көктен:
Перінің Қызы екен ғой Пернегүлім,
Қай жаққа мені тастап...
Ұшып кеткен?!.
Кеткен із көрінбейді, келген ізбен,
Боран да одан кейін... сел де жүрген.
Аңғалақ Ақан сері атам құсап,
Перінің қызыменен мен де жүргем...
Марина Цветаевадан
«Из строгого, стройного храма...»
(М. Ц.)
"Құдайдың үйі – Храм» - деп жүр ғой ел оны,
Сол жерден шығып, басында – гүл-тәж үкілі, –
Азаттық Ару жымиып күліп келеді,
Ар менен Ұят – Адами Болмыс – Бітімі.
Біз тұрмыз күтіп, жауып сол жүрер жолды да,
Тоқтатып көзін қадар деп кімге ол енді?
...Ару дегенім – алаяқ қатын болды да,
Аяр мен Сұмның соңынан ере жөнелді...
Қоршаған орта
Қойлыбай Асанға
Бұлт ішінде мен саңқылдап жүргенде,
Қырт ішінде мен қарқылдап күлгенде, –
Дәлдүріштер қиналады бір жерде,
Дәлдүріштер жиналады бір жерге.
Кеше соның бәрі маған «дос» болған,
Көңіліміз көктем сынды хош болған.
Көрінгенді ертіп жүрген соңына,
Бұл көкең де мықты емес қой?!
Бос болған...
Сайқалмен де болып небір ашына,
Ертіп талай дәлдүрішті қасыма;
Есалаңды еркелетіп неге осы,
Өлімтікті шығарғам өр-басыма?!
Қалай осы бұ да елдің құты - деп,
Шартық қуға шапан жапқам үкілеп?!
Түк көрмеген көргенсізі, сонан соң,
Былш еткізіп бетіме кеп түкірет...
Бұлт ішінде мен саңқылдап жүргенде,
Қырт ішінде мен қарқылдап күлгенде,
Дәлдүріштер қиналады бір жерде,
Дәлдүріштер жиналады бір жерге!
Ғұмыр деген – қас-қағым сәт, өтпелі.
Оларға – жем,
Маған – уақыт жетпеді.
...Қарға біткен қарқылдайды соңымда,
Қайда, жаным, мен көкке ұшып кеткелі...
***
ХХ-шы ғасыр елден неге жеріді,
Көрмей біздей серіні һәм періні?
Жаңа ғасыр келе салып, о, ғажап,
Ойлап тауып әлеуметтік желіні, –
Алқымдағы Айсберг еріді...
Дүрс-дүрс еткен етіктердің ізінде,
Қалды Тарих –
Қара таңба жүзінде.
Әне, Юнна Мориц те отыр Фейсбукте,
(Елу жылдай болған "Қара тізімде!")
"Қара тізім" қалды өткен ғасырда.
Болған онда Қасым да.
Бәріміз де жүрдік "Қара тізімде",
(Мағжан жүрген, бірақ, оның басында!).
Жаңа ғасыр, – басылмаған желігі,
Ойлап тауып әлеуметтік желіні, –
Айсберг еріді...
Жүре берсін халтурщик те, қайтесің?
Үре берсін, кешші кеще-періні?
Ресейде – Юнна Мориц отыр ғой,
Қазақстанда – Ақсұңқардың Серігі...
Шәмшінің вальсі
Алаштың жүздесе алмай арысымен,
Құйылып запранды зар ішінен;
Қу басты сүйреп шықтық кер заманнан,
Шәмшінің билеп шықтық вальсімен!
Шәмшінің билеп шығып вальсімен,
Тамұқтан –
Жұмағыңа ауысып ем!
Шәмшінің вальсімен,
Не бір Айдай арумен танысып еп;
Шәмшінің вальсінен мас боп шығып,
Сіміріп сілекейін, –
Бал ішіп ем...
...Шұрқырап табысса да арысымен,
Ыңылдап ағылшынша бәрі ішінен, –
Қазақстан қайрылып тұр қанатынан,
Шәмшінің айрылып вальсінен...
Қазақ әдебиеті
Марал Ысқақбайға
Көкем, бүгін айтары да көп енді,
Сексенге кеп, сеңгір көкке бөленді.
Кімге айтып жүрміз, бірақ, сөзді осы,
Кімді көздеп жазып жүрміз өлеңді?
Жан-тәнімен берілетін – берілсе,
Егілетін ғашық болып – егілсе, –
Қазақ халқы қалды Эпоста қалжырап,
Басқа жерде жоқ қой енді ол, меніңше?
Көке, менде арман көп қой, арман көп,
Хикметше әлі лаулап жанғам жоқ?*.
Бұ дүниені қазақ қалай дөп айтқан:
"Бір бес күндік жалған"-деп.
Қу фәниге қайта келмес жандай ғып,
Көке, өзіңді енді күтсең – хандай күт?
Елден бұрын, біздің қазақ, құдай-ау,
Екі Дүние барын білген...
Қандай жұрт?!
Қазақ деген – зар заманның боздағы.
Боздағанда одан ешкім озбады.
Жетпіс жылдай Едіге** боп, жалғанның
Жарығына шыға алмай,
Не ішінен тына алмай,
Боздады...
Туа тәнті Құдірет пен құс-үнге,
Қазақ өзін көреді ылғи түсінде.
Көрінгеннің түрткі болмай көзіне,
Қалып қойды Эпосының ішінде.
Ақ жүрегі бір Аллаға аян боп,
Ғарышыңа қанатымды жаям деп, –
Күнге қарап, – Күлтегін боп күңіренді,
Тебіренді – Қозы Көрпеш-Баян боп.
Көрінгенде коммунизм елесі,
Дір-дір етіп кетеді әлі денесі.
Қазақ халқы қалды Эпостың ішінде.
Қазақстан –
Соның бұлдыр елесі...
Кілемменен көкке де ұшып көлеңдеп, –
Дүниенің ойын санға бөлем деп;
Қазақ-Әдебиеті-Дейтін-Ұлттық-Банкте,
Қазынасы қалды Эпос боп,
Өлең боп!
Асан Қайғы болып қанша боздады,
Абай болып қайдағыны қозғады...
Қазақ Әдебиетінде... қалды оның,
Ақыл-Ойы, Абыройы, Ожданы.
Халқым қалып, – алтын қалып жырақта,
Көзім менің – көлбеңдеген шырақта.
Қара Өлеңмен қазақты қоса жұтардай,
Ғаламзаттың түсі суық бірақ та?!.
Ол сөйледі толықсып бір толғанда,
Аруақ кеп арқасына қонғанда.
Жер бетінен сенің ұлтың жоғалса,
Менің ұлтым жоғалса, –
Қандай ұлыс қалар екен сонда онда?
* "Если я гореть не буду, Если ты гореть не будешь, Если мы гореть не будем, Кто тогда развеет тьму?"(Назым Хикмет).
**Совет өкіметі "Едіге батыр" жырын 70 жыл бойы жалғанның жарығына шығармаған.
Юнна Мориц
"Десятки миллионов граждан русских Россия бросила..."(Юнна Мориц).
Юнна Мориц Ресейдің тәжіне,
Жырдан ылғи құшақ-құшақ гүл өрді,
Кейін ол да тығырыққа тірелді.
Империя құлаған соң, о дағы,
Бозінгендей боздап-боздап жіберді!
Орман жұрты, бізді өзі ғой жат қылған,
"Жолдас..." деген үні де оның сап тынған.
Феодализмнен –
Социализмге көшіріп,
Социализмнен –
Капитализмге лақтырған!
Түркістан тұр – боз жусанды боз далам,
Менің Тұран-Рухымды қозғаған.
Бір жұбатса, сені Тәңірі жұбатар,
Юнна Мориц, –
(Боз інгендей боздаған)...
Күн астында Күнекей Қыз
-1-
Күн мен түн күнде келіп қырқысқанда,
Дүние дүр етіп кеп, гүл құшқанда; –
Арқадан мен іздеген Күнекей Қыз,
Жүр екен күлімсіреп Түркістанда.
Жерде – су.
Тас төбеде – Күн тұрады.
Түркістан, сонсоң, күнде құлпырады.
Күлімдеп Күн астында Күнекей Қыз,
Ұмсынып Муза, саған, ұмтылады.
Армысың, Күн астында Күнекей Қыз,
Көктейін әлі біз де дүр етерміз?
Егіліп табыса алмай, қауыша алмай,
Екеуміз екі жақта жүр екенбіз.
Кетпеші, жүрші осыноу Түркістанда,
Дүние дүр етіп кеп, гүл құшқанда.
Көзіме қара болып өзің қалғай,
Күн мен түн күнде келіп қырқысқанда?
-2-
Жерде – су.
Тас төбеде – Күн тұрады.
Түркістан, сонсоң, күнде құлпырады.
Ұмсынсаң сен Музама, құстай ұшып,
Муза да саған қарай ұмтылады.
Арқама өрілген қырық бұрым батып,
Оқиын Хафизіңнің жырын жатып?
Адасқан Батыс жақта ақынды осы,
Шығысқа алып келші шырылдатып?!.
Келмеген кісідеймін әлі өмірге,
Осыған жаның тәнті, зар едің де?
...Кірпігім бір ілініп кетсе болды,
Жүремін "Мың бір түннің" гаремінде.
Бір емес мұнда, ал, енді жүз келемін.
Ғалия, түк өкпем жоқ сізге менің:
Мен жүрмін "Мың бір түннің" бір елінде,
(Осыдан шықпай қалсам, іздемегін?).
Патшаға –
Менен гөрі ақылы көп,
Шәйірдей дүнияда жақыны жоқ.
Түрейін түріктің бір түңілігін,
Жүрейін сонда сарай ақыны боп?
***
Кеудеде алатын бір тыныс барда,
Әйтеуір, жүру керек бір Станда;
Кетейін Гүлстанға керуен тартып,
Барайын...
Қалайыншы Гүлстанда!
Құдай-ау, көңілімнің күйі неде,
Ел түгіл, сымай қойдым үйіме де.
Көзді арбар гүл екен ғой мынау жалған,
Тікені тіксіндірген дүниеде.
Асуын Гүлстанның асқанымда,
Ақ бұлттар асыр салды аспанымда.
Гүлдер бар,
Аралар бар,
Өзім бармын,
Жоқ екен үшеумізден басқа мұнда!
Гүлдер-ай, небір қилы заман көрдім,
Арадай саған ылғи алаң болдым;
Адамнан іздегенді таба да алмай,
Абдырап жүріп-жүріп,
Саған қондым.
Ғаламның ғажабына сендім барып,
Қалай бұл қалың гүлді келдім жарып?
Гүлдерден бал іздеген арадайын,
Алаштан жыр іздеген мен бір ғаріп...
Бұ заман – өткен анау замандай жат.
Шегеді саған да айбат, маған да айбат.
Дүниеден бірдеңені іздеп келіп,
Қайтейін...
Кетіп барам таба алмай ғап...
***
Өртеген өмірдегі қызу жанын,
Лаулатып, лапылдатып қызыл қанын;
Мен онда – он үште,
Ол – он алтыда,
Мен өстіп қыршынымда-ақ бұзылғамын!
Жасымнан өксіп өмір сүріп, арып,
Шерлі едім,
Көрген күллі күні – ғаріп;
Алыстан Ақжарыққа келіп сол қыз,
Арбады қарсы алдымда тұрып алып.
Менің де арқамда бір шалық көп-ті,
Мына қыз соны көктен танып кепті:
Құдай-ау, қалай қарай мына сұлу.
Қолымнан жетектеп ап алып кетті?!
Соңынан еріп соның, өре көштім,
Не тірі емеспін, не өлі емеспін;
Барға да соныменен бірге барып,
Көрінген көкдолымен төбелестім...
Биікке өрлеп,
Талай аласардым,
Алдыма Муза дейтін қара салдым;
Отыз жыл күтіп соны...
Көнбеген соң,
Бір қызды соған ұқсас ала салдым.
Осы әйел маған енді болар тұлға,
Ұмсынған иығыма қол артуға.
Ойнатып немересін о дағы мәз.
...Муза Қыз әлі, бірақ, он алтыда...
Нағашы жұрт
(Мадақ жыры)
"Алланың өзі де – рас, сөзі де – рас" (Абай).
Түркістанннан Қожа алдырып,
Құранды қазақша сөйлеткен,
Түркіден шыққан кемелім;
Ханның қызы секілді Һалифа шешем бой жеткен,
Нағашы Жұртым сен едің!
Құдіретін сезіп Құдайдың,
Құбылаға қаратып бетімді;
Ақ қағаздың алдына кеп отырғам,
Алланың алдында отырған, –
Нағашы жұртым секілді!
Тасқа табынып, шоқынып... тобыр шуласа,
Тəңіріге жат – ол, мұсылман маған, саған – жат;
Арабтан Нұр боп Мұхаммед пайғамбар тумаса,
Түнекте лағып жүрмей ме мына адамзат?!.
Құдайы көп заманда,
Құдіретті пірің еді бір Аллаң,
Замана қайда қуса-дағы иіріп;
Қолыңдағы Құраннан,
Тұла бойыңа Құдайдың нұры құйылып, –
Тоқсанға келіп, Нағашы,
Отырсың топта алқалы,
Атырау-Арқа-Алатау-Алтайға жетіп беделі!
Сізді Алла – алқады,
Аруақ – жебеді!
Қытай асып кетсең де,
Жат жұртта да сұлтан боп,
Алашың мен Абайға,
Әуезовке іңкар боп;
Тартып бір туған тегіне,, –
Арғымақтан туған тұлпар деп, –
Бір ұлыңа ырымдап,
Атын қойдың Мұхтар деп!
Жалғыз Тәңірі Ием боп,
Сүйемін!
Кейде күйем кеп...
Мұхаммедтің – үмбеті,
Мұхтарларға – жиен боп...
Махаббат пен Ғаділет –
Хикметі Алланың!
Жанымды жасыныңа жаны кеп,
Жаһанамға ұшқанда жан сезбейтін салмағын.
Құрдымға сіңіп құса-мұң,
Құдайдан келіп бір қуат, –
Өзіңді бетке ап, өлең боп көкке ұшайын,
Шыбын жаным шырқырап!
Теріс қарап дойыр заманға,
Іргеден Көк Бөрі ұлып, –
Алаш—Алланы мойындағанда,
Алдынан Абай көрініп;
Шар тарапқа шарқ ұрып,
Ақыры, міне, Саған кеп, –
Алаш тұр жүрегі алқынып,
Арсы менен гүрсіге қанат қағам деп!
Семейден өтіп, көк ала бұлттан әрі асам,
Көз ұшында көрінер-көрінбес нүкте боп;
Алла мен Алаш-Абайдың арасына қарасам –
Мұхаммед с.ғ.с. тұр!
Басқа түк те жоқ...
Тәңірім тұрса тағдырыңды таңда- деп,
Гүлге қондым бал жинаған арадай?!
Аппақ нұрын маған төкті Алла кеп, –
Аярларға – қарамай!
Алладан басқа Тәңірі жоқ!
Сонікі – Жаһан,
Жанат – бұл.
Жасаған Ием ғаламға кірпігін қақпай қарап тұр!
Хабардар бергі ол, арғыдан,
Ессізді күллі елемей;
Кім шығар Оның алдынан,
Өзі кеп алқап,
Жебемей?!
Біздерге дейін не болған?
Бізден де кейін не болмақ?!. –
Біледі Жалғыз Өзі Оның.
Алланың ақихатымен ашылды күнде өзегім!
Қайда екен алтын тағы Оның?
Қайтесің, жүргей құлы боп?
Адамзат,
Ғаламзатыңда Алладан асқан ұлы жоқ!
Түркістанннан Қожа алдырып,
Құранды қазақша сөйлеткен,
Түркіден шыққан кемелім;
Ханның қызы секілді Һалифа шешем бой жеткен,
Нағашы Жұртым сен едің!
Қараменде,
Жидебай,
Жанғұттыдан тараған,
Қаз Дауысты Қазбектен бата алып, -
Қалмақ, шүршіт шапқанда шаңырағы шалқақтамаған, –
Ата Жұрт!
Біреудің болып боданы,
Сайын далада сандалған;
Ақсұңқар мен Һалифа, –
Адамзаттың асылы еді о дағы,
Олар да өтті-ау, осыноу опасыз жалғаннан.
Айласы қалмай, амалы,
Баспақ боп өткен басына төніп қара бұлт;
Әлхамдуллаға тілін келтірмей заманы,
Әлихан туған топырақтан жаралып!
О, сұм заман, әкем мен шешем түгілі,
Он сан жұртты оңдырмай алдаған,
Шерімді қайдан қозғадың?
Бір атадан тоғыз туса да,
Бір бауырын – аштық,
Біреуін – арыз...
Біреуін соғыс жалмаған!
Қайран да, қайран боздағым,
Соңыңда қалып боздадым...
Тозаққа көніп, азапқа,
Әзәзілменен керіскен,
Бір жұтып уды ел ішкен;
Жеті атаға жетпей қыз алмайтын қазаққа,
Жетпіс жеті атадан асырып,
Мені әкеп қосқан есіл де, екі періштем!
Созсам бір қолым жетер ме менің, сандалған,
Сансыратқан миын дүниенің теке-тіресі?
Бір жетсе саған жетер-ау, фәни жалғаннан
Мен оқитұғын Құранның "Фәтиха" сүресі...
Айдай Ару –
Артық туған хор қыздан,
Албыраса одан бекзат түк те жоқ;
Ділінен жұпар аңқытып,
Тілінен бал сорғызған,
Қайын Жұрт тұр көз ұшында нүкте боп...
Жаһанға сіңіп, аялдап соңын шолғанда,
Жақсыда маздап тегінен қалған сөнбейді от.
Кіндігімнен туған үмбетім,
Күндердің күні болғанда,
Нағашы жұртын аңсар ма ма екен мендей боп?
Сары уайымға салынып,
Сарынар менде жағдай жоқ:
Осы Үш Жұрттың үлдесі мен бүлдесіне малынып,
Қара өлең қалды –
Қарадан шыққан хандай боп...
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.