Серік СЕЙІТМАН – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «ALQA» радиосының негізін қалаушы, PhD кандидат.
ДОМБЫРА
Нағыз қазақ арғы атамның баяғы
Арғы өмірге аттап кетті аяғы.
Арғы атамның көзін көрген қауымнан
Көзі тірі – домбыра ғой аялы.
Тақымыңа тайғақ-кешу жолда сын,
Мықты болсаң, сонда рухың солмасын.
Қоңыр даусын жоғалтқан жоқ домбыра,
Қақ төбесін ойғанда да қорғасын.
Сол домбыра қасиеттім, киелім,
Одан артық кімді қалай сүйемін?
Төрімдегі бас қонақ қып сүйегін,
Мойнымдағы тұмар еттім тиегін.
Домбыраның пернесінде ән ғажап,
Домбыраның шанағында зарлы азап.
Қазақ болып қалды мәңгі домбыра,
Домбыра боп қалса екен-ау әр қазақ.
ОТАРБАДАҒЫ ОЙ
Терезеге телміртіп қайран уақыт,
Тағы бір таң маңайға қойған атып.
Қиылады көрші қыз – көркем ару,
Отарбада мен келем ойға батып.
Үш күнменен ілесіп үш түн өтті,
Бұрымдыдан басқасы түсті, кетті.
Бір купеде қамалып біз келеміз,
Аядай қыз аязды ыстық етті.
Өзен аттап, көл кешіп, таудан астық,
Артта қалып вокзалдар, алға бастық.
Жүрісіміз өнсін деп, уақыт созып,
Сағыз сатқан апаймен саудаластық.
Рельске жабысып дөңгелегі,
Пойыз-дағы ерініп ол келеді.
Жылжымалы түрмедей отарбада
Төзім, сабыр адамға ең керегі.
Көрген жанның жібіген тоң жүрегі,
Төнген жаудың шіріген көн білегі
Таңдандырған керімнің келбеті емес,
Таң қалдырған Жерімнің кеңдігі еді.
Көсілесің керіліп, Далам, қалай?
Адам қалай өзгерген, заман қалай?
Жол бастауға қаймығам кеңдігіңнен,
Қол бастаған деймін-ау Бабам қалай?!
АҚ ШАШ
«Ол, мейлі, некелі немесе байсыз ба,
Құрықты салсаң да қай әйел, қай қызға,
Бауырым, шашыңды ақ қырау шалыпты,
Білмедім, үйдегі қатының жайсыз ба?» –
Деп досым, аңдамай кеудемнен жасынды,
Ентелеп құшақтап әңгелек басымды,
Әзіл-шын аралас сынға алды оңдырмай
Отызға жетпей-ақ ақ түскен шашымды...
Ауасын сіміріп, жүрген соң нанын жеп,
Туған ел бағы үшін өртенсін жаным бек.
Азамат алжымас қатынның сорынан,
Шын еркек қажиды халқының қамын жеп.
Бойымда түгел ғой бар мүше, бар дене,
Басымды қатырып, елітпе әрнеге.
Елі үшін шаш беру сөз бе екен еркекке?
Қазақтың қамы үшін бас берген Хан Кене!..
КӨК СЕРКЕ
Қарсы алдыңда дәу тұрса да не көрім,
Бойыңдағы намыс еді сенерің.
Қарағайдай мүйізі бар көк серке,
Бір отардың көшбасшысы сен едің.
Малдың жауы шибөрі де шибөрі
Мысың басып, отарыңа тимеді.
Саған сеніп, жамыраған қозы-лақ
Өрісінде ойнақтады, биледі.
Кер ешкінің сенен туған лағы бар,
Лақ та болса күжірейген жалы бар.
Бақылдаушы ең,
Бақырдың да бұл жолы,
Бауыздалып кете бардың, жануар.
Тулақтай боп тапталдың да аттарға,
Лезде айналып кеттің солай көкпарға.
Отарыңда топ бастайтын дәстүрді
Аманаттап қалдырдың ба лақтарға?!
Қой бастаған қоңыраулы көк серке,
Тарихымды еске салдың ескерте.
Қарап тұрып көкпардағы кейпіңе,
Ойға оралды-ау Алаштағы Көп Серке!..
ЕР-ТҰРМАН
Ер жігіттің жасауындай ер-тұрман!
Саған қалай теңеу табам мен тыңнан?
Елім – Алаш, ал босағам ағаштан,
Тегің – ағаш, атам кескен бел-қырдан.
Арғымақты сұлы беріп баптаған
Алты алаштың атсыз таңы атпаған.
Қазақ айтса саған айтсын алғысын
Ат арқасын жауыр қылмай сақтаған.
Көзіндейсің бағзыдағы бабамның,
Сол бабаммен егіз болып жаралдың.
Ер тақымын берік еткен басқа емес,
Сенің ғана тастай мықты таралғың.
Сені мінсін ер жігіттің серісі,
Сені білсін ен дүниенің тегісі.
Сен арқылы таққа айналар әп-сәтте
Түкке тұрмас түйенің құр терісі.
Ер-тұрманым, тұнып тұрған ғылымсың,
Қасиетіңді күллі ғалам ұғынсын.
Тақымы тоқ сенің басың сынғанша
Ақылы жоқ менің басым жұлынсын.
Ер-тұрманым, бағым сенсің, нарым да,
Тұғырым да, астымдағы тағым да.
Сен өлмейсің ат бар кезде
Және де
Атқамінер азаматтар барында.
БАС ҰСТАУ
Асығын сынағам жоқ,
Ақсарбас дәп семіз-ді.
Сүндет дос сыбағаң деп
Үйінде бас жегізді.
Әдепті құп санаймын,
Аспасын қатем дарға, –
Дедім, – бас ұстамаймын
Асқар шың әкем барда.
Тауларға Аспан ата,
Әкеңмен жұмысым жоқ, –
Сұрады басқа бата, –
Халықтың ұлысың, – деп.
Ұрпаққа тірі барша
Салтыңды нақ сүй дерсің.
Ұлым ел ұлы болса,
Рұқсатсыз бас жей берсін...
КІТАП ЖАЙЛЫ ХИКАЯ
Асыл әкем мәңгілікке тынықты,
Кімде қандай ойдың барын кім ұқты?
Жан бергенде жастығының астынан
Баласының жыр кітабы шығыпты.
Жалған емес, солай болған расында,
Тағзым еттік төсек тартқан асылға.
Астанада арман қуып жүрген ұл
Қарт әкенің бола алмады қасында.
Қойған кезде тағдыр қилы сұрағын,
Қамқоршымның ақылы еді шырағым.
Естігенде кітап жайын ел-жұрттан,
Естен танып, егіл-тегіл жыладым.
Сезім кешпей өткен адам адам ба?
Пәк сезіммен арта түсер бағаң да.
Маған деген махаббатын әкемнің
Көзін бұлап мойындады анам да.
Оянғанда әр таңымда қас қағып,
Ойлай берем жанарымнан жас тамып.
Қанша ақынның жыр кітабын қанша әке
Жұрттан тығып жатыр екен жастанып?..
АНА
Көкмарданның кермиығы,
Қиды бізге көктемін.
Көру екен ең қиыны
Асылыңның шөккенін.
Жанға жара уақыт салды,
Қос жанары отты еді.
Төсек тартып жатып қалды
Шатақ шалы кеткелі.
Болады апам қалай бекем?
Бүгінгі ісі – тек жату.
Бір ғұмырға оңай ма екен
Он бір мəрте толғату?!
Мейірімі зор дем берді
Құлыншағым деп бізді,
Құрсағынан өргендерді
Құрт-майымен жеткізді.
Бал бұлағым, балқып кеудең,
Балаңа тұр иіп шын.
Ғаламдағы тау біткеннен
Жатсаң-дағы биіксің.
МЕНІҢ ЖАРЫМ
Биіктердің қарын күреп мен шығар,
Тілеуімді тілеген.
Жан жарыма арнағаным жөн шығар
Тым болмаса бір өлең.
Қызыл құмның бір мергенін нар көрді
Бақытым деп ең семіз.
Кәмілетке толған жылы жар болды,
Бала емес қой Он сегіз.
Ата-әженің батасынан дәмелі,
Алласына сыйынып.
Жан біткенге дайын әркез сәлемі
Салатұғын иіліп.
Мақтануды, баптануды білмейді,
Сол әдебін сүйген ел.
Абырой деп автокөлік мінбейді,
Көрем десең үйге кел.
Құс төсекте жатпай таңда еркелеп,
Ептей жүріп мың ісін,
Азаматын оятады ертерек
Артсыншы деп ырысым.
Жүрері бар сақтау үшін тыныштық
Іштей ғана демін ап.
Ер опынса, қашпайды ма ырыс-құт,
Айтқаным заң менің-ақ.
Сертті сөзін ісіменен дәлелдеп
Баққан жігіт – мықты жан.
Елдің заңын айта алмаймын пәлен деп,
Ердің заңы – құтты заң.
ҚАРЛЫҒАШТЫҢ ҰЯСЫ
Сүйіншілеп оралғандай даладан,
Таңдайынан бір тамаша тамады ән.
Біздің үйдің биігіне ұшып кеп,
Қос қарлығаш ұя салды жаңадан.
Саудыраған сабан қосып лайға,
Үй тұрғызды жеткізбей-ақ бір айға.
Байыз таппай бұлай бейнет кешуге
Айтыңдаршы, кім көрінген шыдай ма?!
Аталығы аналықтың ғашығы,
Аналығы аталықтың асылы.
Аз күннен соң құрылысшы қос тұмсық
Шөжелерге шыбын-шіркей тасыды.
Азық іздеп кезіп жүрген Аспанды
Құсқа қарап жанарымнан жас тамды.
Әрбіріміз осылардан үлгі алсақ,
Ешбір сәби болмас еді-ау тастанды.
Емінгенде балапандар сарыауыз,
Еске түсті балапандай баламыз.
Біздер-дағы жем тасыған Әкеміз,
Біздер-дағы ұя басқан Анамыз.
Көзге әкелген көңілімнің дүрбісін,
Әр жыл сайын оралса екен жыл құсым.
Адамзатқа алып-ұшқан кейпімен
Адамдықтың көрсеткендей үлгісін…
АДАМ МЕН АҚБӨКЕН
Қойдың құны төмен екен өгізден,
Ойдың түбі терең екен теңізден.
Қиялымда ақбөкендер жөңкиді
Бір-бірінің төлін теліп емізген.
Мүйізі алтын, өз бағасы тиын-ды,
Талай тағдыр жебе ұшында қиылды.
Жануар-ай, жаны сұлу жезкиік!
Балажан ғой, бөкен қандай мейірлі!
Төбесінен төнсе-дағы зеңбірек,
Төлдеріне тұратұғын елжіреп
Ақбөкенде неткен адамгершілік!
Жезкиікте, о не деген, кең жүрек!
Адамдардай олар бала сатпайды,
Ешбір лақты өгейсітіп жатпайды.
Құралайдың қай-қайсы да сондықтан
Жетімдіктің кермек дәмін татпайды.
Шарасызды шарпытатын жалынға,
Пенделігім сорым ба, әлде бағым ба?
Қаладағы адам қандай қатыгез,
Даладағы ақбөкеннің жанында…
КІТАПХАНА
Кітапхана!
Оқу залы!
Тыныштық!
Тыныштықтың өзі-дағы тым ыстық.
Тұлғалар тұр бір-бір томға айналып,
Ұлылармен үнсіз ғана ұғыстық.
Кітапхана!
Күбірі жоқ – үнсіздік,
Үнсіздіктің теңізінен сыр сүздік.
Ойынхана, сырахана – ханалар
Ер қадірін ішіп-жеді құнсыз ғып.
Кітапхана!
Жан дүниемді жұтатпа,
Атам айтқан: «Артық білім – кітапта».
Адамзатқа алтын тұғыр – Білім бұл,
Бұлбұлдар да бақыттырақ бұтақта.
Кітапхана!
Табанымда кілем көк,
Көк кілемді даққа басып жүрем тек.
Ұлылық-ай!
Ұлылығың сол болар:
Біле тұра мақтанбайсың «Білем!» деп.
Кітапхана!
Ұлылықтың аралы,
Жырақтаған кісі жаны жаралы.
Көз суарған көзәйнекті бір жігіт
Көз ұшында тұлғаланып барады...
