СӨЗ БАСЫ
Бастайын «бисмилла» деп сөздің басын,
Тағдырым таланыма кез қылғасын.
Жазайын ақиқаттың сиясымен,
Қаламға қоса құйып көздің жасын.
Саралап адамзаттың дос пен қасын,
Аралап туған дала тау мен тасын.
Даралап ерлігі мен еткен ісін,
Айтайын Кейкі батыр хикаясын.
Байын да, батырын да, өңгесін де,
Бөлмеген періштесін, пендесін де.
Тарихтың хатталмаған парақтары,
Ғасырдың қалып қойған көмбесінде.
Соларды айту маған болған міндет,
Сол үшін адам тегі өмір сүрмек...
Отырдым Кейіпкерге жаным ашып,
Оқушым айтпасын деп: «Мынау кім?!» деп.
Жүргендей ертегінің ішінде сен,
Болдың ба, тағы да оқы түсінбесең!
Оқушым, саған – шаттық, маған – бақыт,
Кейкінің кейпін беріп, мүсіндесем.
Аттамай ақиқаттың кермесінен,
Еледім Ер еңбегін Елге сіңген.
Кей сәтте шамырқанып, шыға шаптым,
Шабыттың қағып қойып делбесінен.
Оқушым, құр қалдырмас бұл хатымды,
Өткеріп зобалаң мен зұлматыңды.
Шым батып, шыңырауға кетіп қалған,
Шығардым жарық күнге бір Батырды.
Сұмдықты, сол баяғы сұрқиянды,
Ақынның айғақтайды бір қиялы...
Қорықпай жауға шапқан,
Қолда найза – Атасы Қобыландының бір тұяғы!
Десек те, оны пенде жұмыр басты,
Өткізді арпалыспен ғұмыр жасты.
Бағы да, байлығы да – Батырлығы,
Басқаның бәрі одан қырын қашты!
Ақиқат атой салды – жеңді де ақыр,
Тарихтың таңбасындай – белгі жатыр.
Кененің кегін қуып, Шейіт болған –
Қазақта осы шығар соңғы Батыр.
Болашақ болса еңбекті бағалар шын,
Танытар әлі талай дана халқым.
Аз емес, өзек тілген өкінішім,
Оқушым өткен істен сабақ алсын!
Болғанда қиын асу, терең өткел,
Ел-халқым Ер ісіне елең еткен...
Қазақта Батыр көп қой... десек-тағы,
Кейкідей сирек туар Кереметтер!
КЕЙКІ БАТЫР ХИКАЯСЫ
***
Торғайдың ұлан-байтақ даласында,
Жыланшық-Жайылманың арасында.
Керемет Кейкі деген батыр өткен,
Қазақтың ондай жан жоқ баласында.
Қалдырмай хикаясын айтып берсем.
Тыңдаушым, рас сөзге нанасың ба?
Еткен аз ондай ерлік бұл өлкеде
Жылдардың он алтыншы шамасында.
Жасында атышулы ұры болған
Байлардың кәсіп қылып панасында.
Алғанын алаламай бөлін берген
Малы жоқ – кедей-кепшік, шарасызға.
Сандалтқан садақ оғын бала күннен
Сарторғай, Қараторғай саласында,
Қашқан аң құтылмаған атқан оқтан,
Білгенге мергендіктің мәні осында.
Досына қылша мойнын кесіп берер
Қылаудай қиянат жоқ санасында.
Қастасса қабағынан қар жаудырып.
Қалың ел қорқады екен жанасуға.
Бетінің бедірейіп түгі шығып,
Шаншыған қаны сыймай қанасына.
Көгеріп тұла бойы кетеді екен,
Көзінің қара қалмай шарасында.
...Содан соң жортуылға шығады екен,
Қалдырмай жолдасын да, жорасын да.
***
Жайлаған Торғай бойын Арғын, Қыпшақ,
Көктемде Қырға шығып, Сырды қыстап.
Жерінің шұрайының арқасында,
Өлмеген лағы да жаман тышқақ.
Мыңғыртып осы өлкеде мал айдаған,
Қарасып бір-біріне қарайлаған.
Ұры ұстап ірі байлар бесеу-алтау,
Байлықтың бүтіндігін және ойлаған.
Біреуі сондай байдың Әбдіқапар,
Байлардан мойны озық өзі қатар.
Сарторғай айдын-шалқар тасығанда,
Көш келіп қонады екен ақар-шақар.
Өргізіп осы арадан туған төлін,
Көшеді қайыстырып жердің белін.
Жарты күн сауылмаса сиырлары,
Тырсиып шыдатпаған сыздап желін.
Кешкілік ұбап-шұбап байдың малы,
Құлындар жалт-жұлт етіп құйрық-жалы.
Биелер бір-біріне иек артса,
Азынап шыға келер айғырлары.
Биыл да келіп қонды Маятасқа,
Ойлама жайлау жоқ деп одан басқа.
Әркімнің өзіне тән жұмысы бар,
Ешкім жоқ дайын тұрған даяр асқа.
Бағады біреу құлын, біреу бота,
Той болса тарайды екен ел таң ата.
Аттылар ағылады әр қай жақтан,
Желдіртіп, бірі шауып құйындата.
Бұл жерде жылқышы да, қойшы да жүр,
Айғайшы, сайқымазақ, тойшы да жүр.
Білекті балуан да, батыр да бар,
Қарайлап тоқталайын қайсына бір.
Бұл жолғы бас қосудың бар мәнісі,
Қалмады жұрттың басқа алданышы.
Қарадан хан сайланбақ – үлкен үрдіс,
Сол еді Әбдіғапар арман – ісі.
Бұл күнде Әбдіғапар байдың байы,
Шалқыған абыройы айдындайы.
Барады соңғы кезде сабырлы Ерді,
Көбірек алаңдатып елдің жайы.
Жарасар бай десең де, Ер десең де,
Тарихқа терең тартып тергесең де.
Көрейін ел сөзімен сүгіреттеп,
Қазақтың соңғы ханын көрмесем де.
Аққұба, дөңгелек жүз, жазық маңдай,
Сыпайы, көз қарасы сөз ұққандай.
Сол кездің айналасы аз ғана әжім –
Соқпағы соңғы жылдың қажытқандай.
Емес ол ебедейсіз, еңгезердей.
Жақындап, жұғысқанды жөн көргендей.
Білмейді ұсақ-түйек пыш-пышыңды,
Қаймана қайдағы бір пенделердей.
Оншама бойшаң да емес, тапал да емес,
Ақжүрек, тым мейірбан, қатал да емес.
Кетпейді тым иіліп, тым шүйіліп,
Ашушаң жасамайды беталды егес.
Көрінер қайратты да, айбатты да,
Қолдайды кедейді де, бай жақты да.
Батыр боп алма-ғайып заман туса,
Дайын ол көтеруге байрақты да.
Халқының қай кезде де иегері,
Сол үшін отқа түсіп, күйер еді.
Күн туса ел басына екіталай,
Кейкі мен Амангелді сүйенері.
Оқушым, осы жайды біл ұғынып,
Әдейі тұрғаным жоқ ірі қылып.
Түбінде бір керегі болар-ау деп,
Ұстаған екеуін де «ұры» қылып.
Үйреткен ұрлыққа да, қарлыққа да,
Темірдей тәртіпке де, жарлыққа да.
Мәпелеп, дәл осылай тәрбиелеп,
Үйреткен шәкірттерін барлық дана.
Сарторғай, Қараторғай мекенінде,
Мерген боп өсіп-өнді екеуі де.
Қасынан қалдырмады Әбдіғапар,
Кетпеді әлдекімнің жетегінде.
Бірі – қол, енді бірі – көз мерген боп,
Пікірі көпке дейін өзгерген жоқ.
Әзірге екі мерген той ішінде,
Дүбірге «он алтыншы» кез келген жоқ.
***
Айтылар асыл сөздің мәні бөлек,
Бұл тойдың басқа тойдан жөні бөлек.
Жөні бар Әбдіғапар хан сайланбақ,
Тұрған соң жұрты қоштап, елі демеп.
Көрсетіп жатыр жұртқа әркім өнер,
Бірі – әнші, бірі – жыршы сөзге шебер.
Кейкі мен Амангелді жан-жағына,
Жиылып, шоғырланып қапты көп ел.
Бұл тойдың өзге тойдан мәні бар ма,
Әркім-ақ алаңдаулы соны ұғарға
Бір ұрып белдескенін шыдатпайды,
Атақты жас Таңатқан палуан да.
Әуені әзер тынды түн аудара.
Мынау бай демеді ешкім, мынау қара.
Сол тойда қалың елді риза қылды.
Атақты Нұрхан деген жырау бала.
Сапырып осындайда он салатын.
Оның да өнері бар тамсанатын.
Есілтіп есті сөзден есе бермес,
Келіпті Есіл жақтан Қарсақ ақын.
Байлар жүр жағаларын құндыздатқан,
Кедей ме, жай шаруа ма келе жатқан.
Біразы Ұлытау мен Қарсақпайдан,
Бар тағы – Қарабұтақ, Ырғыз жақтан.
Бәріне сый-сыбаға беріп бірдей,
Ортада Әбдіғапар тұрған дүрдей
Алдына ақ орданың шығып алып,
Қарайды кең далаға кемеңгердей.
Ат жарыс, бір жағында атан жарыс,
Бәрі де болып жатыр бет алған іс.
Күлкіге қарық қылып Жолдас та жүр,
Қалыпты мұндай тойдан қашан алыс.
Күмпілдеп балдай қымыз саба-саба,
Кемпір-шал бәрі сонда, бала-шаға.
Бәрінің жүзі – жайраң, жаны – мейрам.
Бір ғажап жолыққан соң тамашаға.
Ақыры орындалып ойға алғаны,
Осылай Әбдіғапар той қамдады.
Торғайдың өзі болды нағыз байы,
Жиылмай жататұғын жайған малы.
Ойлантып малдан гөрі халық қамы,
Ау-жайын ел-жұртының анықтады.
Елінің басын қосып, асын тосып,
Көңілі шағаладай шарықтады.
Көңілі – ақ шағала, халқы – айдын,
Куәсі болды жұрты талай жайдың.
Той болып жатты сонда ұлан-асыр,
Арасы Маятас пен Көртоғайдың.
***
Жалғасын Серік Тұрғынбекұлының кітабынан оқуға болады
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.