Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
/
«Соңғы көш» – қазақ тарихының танымдық жылнамасы...

«Соңғы көш» – қазақ тарихының танымдық жылнамасы

24.04.2026

135

«Соңғы көш» –  қазақ тарихының танымдық жылнамасы - adebiportal.kz

Қабдеш Жұмаділовтің туғанына 90 жыл. 

Алпысыншы жылдардың басында Қытайдан Қазақстанға ауған ұлы көштің бел ортасында болған қаламгер қазақ руханиятына тарихи туындыларымен мол үлес қосты. Жазушының «Соңғы көш» романы Шығыс Түркістан қазағына қойылған рухани ескерткіш  десек те болады. Жалпы, шеттегі тарыдай шашылған қазақтың атамекенге оралуына қатысты екі көш тарихы бар. Оның бірі – 1962 жылы Қытай шекарасынан небары жиырма күн iшiнде екi жүз мыңнан астам этникалық қазақтың бергі бетке өтуі болса, екіншісі – еліміз өз азаттығын алғаннан кейін атамекенге жан-жақтан ағылған көш тарихы-тұғын. 

Біз бірінші көш тарихын көрнекті қаламгер Қабдеш Жұмаділов өмірімен байланыстыра отырып, осы тақырып төңірегінде аздаған сөз өрбітсек  дейміз.

 Сөз жоқ, 1960 жылдардың басындағы көш қазақ халқының ХХ ғасырдағы ең маңызды тарихи кезеңдерінің бірі болды. Бұл көш Қытай топырағындағы қазақтардың атажұртқа оралуымен ерекшеленеді. Сол көштің бел ортасында болып, оның тарихи әрі әдеби бейнесін жасаған жандар сапында Қабдеш Жұмаділов, Төлеубек Жақыпбайұлы, Жәркен Бөдеш, Қажытай Ілияс, Серік Қапшықбайұлы сынды қаламгерлер болды. Олардың барлығы да тарихи көшті өз көзімен көріп, кейін сол заманның кермек шындығын әдебиет арқылы бейнелеген айтулы тұлғалар еді. Сонымен көш көбесінің сөгілуіне қатысты көптеген себептер бар. 

Тарихшылар соның басты себебіне мынадай факторларды жатқызады. Қытайдағы саяси қысым, ұлтқа жасалған шектеулер мен әлеуметтік қиындықтар қазақтардың тарихи Отанына оралуына негіз болды. 

1962 жылғы көші-қон тек географиялық орын ауыстыру ғана емес, ұлттың рухани қайта түлеуінің көрінісі еді. Міне, аталған көш арқылы атамекенге оралған  қаламгерлер өздері көрген ауыртпалықтарды, үміт пен күдікті, сағыныш пен сенімді шығармаларына негізгі арқау етті. 

Дау жоқ, Қабдеш Жұмаділов  бұл тақырыпты кеңінен қаузаған қаламгердің бірі болды. Оның шығармаларында шекара сыртындағы қазақтың тағдыры жан-жақты суреттелсе, Жәркен Бөдеш пен Қажытай Ілияс поэзиясында адамның мұңы мен қуанышы, сондай-ақ олардың туған жерге деген алапат сағынышы ерекше өрнек табады. Әсіресе, Жәркеннің кіндік қаны тамған «Жайыр» тауы – ақын поэзиясының ең бір биігі. Жайыр мен Жәркен бірігіп кеткен  есімдер десек әсіре айтқандығымыз емес.

«Жайырді бек сағындым,

Көкірегім толған мұң.

Тірі жетім етерлік,

Тағдырым саған неғылдым.

Ашынғасын айтам да,

Жайырден басқа Анам жоқ,

Жайырден басқа панам жоқ.

Дертінен кеттім жауыр боп,

Жәйірден басқа жауым жоқ...» деп жырлайды Жәркен жырау.

Ал, Қажытайдың алуан тақырыптарды қамтыған сыршыл өлеңдерін айтпағанда, жүрек қылын шертетін ғажайып әндерінің өзі неге тұрады десеңізші. Сол секілді Төлеубек Жақыпбайұлы мен Серік Қапшықбайұлы да осы тарихи кезеңді өз шығармаларына арқау етті. Бұл қаламгерлердің қайсысын алмайық, олар өз шығармалары арқылы кешегі тұтас ұлттың басынан өткен ауыр ахуалды ашалалап көрсете отырып, көштің адам тағдырына әсер еткен қырларына үңілді. 

Сонымен қайыра қаперлеріңізге салайын. Шеттегі тарыдай шашылған қазақтың атамекенге оралуына қатысты екі көш тарихы бар. 

Әлеуметтану ғылымында идеялар миграциясы немесе қоныстанушылар феномені деген жекелей түсінік бар. 

Енді сөзді күлбілтелемей бірден ашып айтайын. Сырттан келген қазақтың әлеуметтік атауы «оралман» немесе  «қандас» болғанымен, ішкі мазмұны жаңа қан,  тың түсінік, қуатты импульс деген ұғымдарға саяды. 

Себебі олар – орыстың отарын көрмеген, мүлде метрополиядан ада азат ұрпақ. Бұл жағынан, сырттан қоныстанушылар феноменін араға ғасырлар салып оралған қазақтың өз құты мен ырысы десек те болады. 

Ең өкініштісі, содан бері әлгі екі көштің алғашқысына аттай алпыс жылдан астам, ал екіншісіне отыз жылдан астам уақыт өтсе де әлі күнге дейін ғылыми баға берілмей келеді. Кейде егер осы көш болмағанда ұлттың бүгінгі сапасы қандай болар еді деп ойлаймын. 

Қалай десек те осы көш арқылы елге оралған айтулы тұлғалардың қалам қуатымен ұзақ жыл отарлықта болып түсі оңған, соның салдарынан солғын тартқан қан түсі қайыра қызылкүрең өңге шыланып шырайы кірді.  Шынын айту керек, бұл ұлы көшпен бірге көркем тіл, кесек зерде, ұлт рухы қайта тірілді. 

Жалпы исі қазақтың көрген құқайы мен шеккен бейнетін әр территорияға бөлмей біртұтас қарау керек деген пікірдемін. Бұл жағынан келсек, кеше шекара сыртында болды демесеңіз, біздің аталарымыз көрген «Өрікті гүл», анығырақ айтсақ Жалама оқиғасы мен Гималай асқан ұлы көш те біздің ортақ тарихымыз. Осы жерде мына дүниені де айта кетсем деймін. Қазақтың қайғысы қағазға ептеп түскенімен әлі күнге дейін экранға толығымен айналған жоқ. Шіркін, осы оқиғаларды кино бейнесіне айналдырып, біздің қасіретімізді  төрткүл дүниеге түгел танытар ма еді. Бұл біздің бүгін болмаса да күні ертең айналып соғар негізгі тақырыбымыз болуы керек.

II

Сөз басында көш тарихын жетер жеріне дейін жеткізіп жазған Қабдеш Жұмаділов, ал оның «Соңғы көш» романы қаламгердің Шыңжаң жұртына қойған мәңгілік ескерткіші дедік. 

Қос кітаптан тұратын автордың бұл шығармасында Шығыс Түркістан жұртының тартқан жәбірі мен көрген қорлығы роман желiсiне негізгі арқау болады. Қытайдағы жаңа өкiмет армиясының Шәуешек қаласына кірген мезетінен  басталатын оқиға желісі жайлап ширай отырып алпысыншы жылдардағы ел басына төнген зобалаңмен аяқталады. 

Романдағы Қанағат ауылы жазушының туған ауылы болса, ал ақын жiгiт Естай жазушының өз прототипi. Осы жерде прототип дегеннен шығады ғой. Жазушы өзінің ілгерідегі бір сұхбатында осы романның жазылу жайына қатысты былай деген еді.

«Мен 1962 жылы Қытайдан келгенде «Соңғы көшті» жазам деп жинақтаған материалдарымның бәрі өзімде болды. Сол кезде жазылған қолжазбалар әлі де бар. Шығармаға қатысатын кейіпкерлердің ұлты, қызметі, жасы, аты бәрі сақталған.  Міне, осыдан кейін «Соңғы көшті» жазуға басы бүтін кірісіп кеттім. Бірінші томын 1970 жылы бітірдім. Бірақ оның шығуы тіпті қиынға соқты. Ол кезде «Жазушы» баспасында істейтін едім. Сол кезде Жазушылар Одағының төрағасы Әнуар Әлімжанов, екінші хатшы Ілияс Есенберлин болатын. Одақтан ақша бөліп, екі адамды арнайы дайындап романды орысшаға аудартты. Ғаббас Жұмабаев пен Төлеу Шаханов бұл жұмыстарын сәтімен орындап шықты. 

Үш айдан соң аударманы Әнуар Әлімжановтің хатымен Мәскеудегі Қиыр Шығыс институтына жіберді. Хат Мәскеу жақта шамамен алты айға жуық жатып қалды. Бір күні Қазақстанға жауап келді. Керемет жазылыпты деген. 

Ол жазылған жауап менде әлі күнге сақтаулы тұр. Мәскеу рұхсат еткен соң «Жұлдыз» журналының бірден 9,10,11 сандарына  жедел басып шығарды. 

Бұл 1973 жыл болатын. Ол кезде Шерхан Мұртаза «Жұлдыз» журналының Бас редакторы еді. «Жұлдыздың» сол кездегі таралымы 196 000 еді. 

Осылайша ел арасында бірден танымал жазушыға айналып шыға келдім. Романдағы кейіпкерлерімнің көбі өмірде бар адамдар. Кейбірін тіпті атын өзгертпей бердім. Этнограф ақсақалымыз Жағда Бабалықұлын полковник Жағыпар деп өзгерттім. Башпай деген сол өлкедегі атақты уәли болды. Бір өзінде бір совхоздың малы бар еді. Ұлттық төңкеріске қатысқан адам. Қатысушылардың астарына ат беріп, қару жағынан көмектескен жан. Осы кісіні де кіргіздім. Шығармада Оспан батыр да бар. Бірде біреулер үстімнен арыз жазыпты. Атақты байды жазды деп. Ол кезде шығарма «Жұлдыз» журналына теріліп жатқан еді. Содан өзгертуге тура келді. Башпайдың атын Жасыбай деп өзгерттім. Оспанның атын Қосай батыр деп бердім. Кейін кітап шыққанда басты кейіпкерлердің атын сол күйінде қалдырдым. Міне, роман осындай қиыншылықпен жазылған еді», – дейді қаламгер.

Жалпы, Қабдеш Жұмаділов есімі қазақ әдебиетінде тарихи тақырыптарды терең меңгерген қаламгерлер есебінде белгілі. Оның эпикалық тынысын көрсететін ең елеулі шығармаларының бірі осы «Соңғы көш» роман-дилогиясы десек те болады.

Жазушы бұл шығармасымен тәуелсіздікке дейінгі кезеңдегі ұлтымыздың қиыр шеттегі бір бөлшегінің тағдырын,  олардың бастан кешкен қуанышы мен қайғысы арқылы тұтас халықтың ерік-жігерін сомдады. Содан шығар «Соңғы көш» қазақ әдебиетінде ең көп оқылған әрі көп талқыланған туындыға айналды. Бұл роман ұлттық әдебиеттімізді жаңа мазмұн, тың түсінікпен толықтырған ерекше шығарма болды.

Романның негізгі өзегі  – ХХ ғасырдың орта шеніндегі саяси өзгерістер, қысым мен қуғын-сүргін салдарынан атамекеннен алыста қалған қазақтардың азаттыққа деген айрықша ұмтылысы. Шығармада көптеген кейіпкер тағдыры арқылы тұтас бір халықтың өмірі көрсетіледі. 

Жазушы әрбір образды жеке даралай отырып, олардың ішкі жан дүниесін, қорқынышы мен үмітін, арман-мақсатын барынша шебер ашады. 

«Соңғы көш» – тек тарихи оқиғаларды құр баяндап қана қоймайды, ол – ұлттық рухтың, еркіндікке деген ұмтылыстың көркем шежіресі. Жазушының тілі бай, қиялы шексіз, кейіпкерді жан-жақты суреттеуі де ерекше әсерге бөлейді. Ол деректі материалдар мен көркем қиялды шебер ұштастыра отырып оқырманды терең ойға қалдырады.

Дәлірек айтсақ, роман тек өткенді танып-білуге ғана емес, қазіргі ұрпаққа ұлт тарихын  етене түсінуге де айрықша үлес қосады.

Шығарма кейіпкерлерінің бірі батыл болса, бірі күмәншіл, енді бірі тағдырдың тәлкегіне мойынсұнған жан болып келеді. Айталық, шығармадағы Нұғыман, Ермек, Шөншік, Қожан Хамитовтар тек бақай есеппен  ғана өмір сүретін мансапқұмар жандар ретінде суреттеледі. Осы арқылы автор адам психологиясын, қиын-қыстау сәттерде олардың мінез-құлқын өзара салыстыра отырып терең ашады. Әсіресе, көшуге бел буған халықтың ішкі жан күйзелісі, үміті мен күдігі, қорқынышы мен сенімі қатар беріледі.

Жалпы, Қабдеш шығармашылығының аумағы үлкен. Айталық, тәуелсіздік кезеңінде де әдебиетке зор үлес қосқан жазушының бірі де осы  Қабдеш Жұмаділов болды. Тәуелсіздік тұсындағы ел өмірінде орын алған рухани келеңсіздіктер, 1990 жылдардың басындағы экономикалық жоқшылық жазушы қаламынан еш тысқары қалған емес. Нарықтық қоғам келіп құндылықтар күрт өзгерген жаңа формацияның бет-бейнесін көрсететін «Ит базары», Әкпар молданы оқырманға өзге қырынан танытатын «Құдайдың үйі», сонымен бірге «Дөңгеленген дүние-ай», аудан әкімі Нұрсаған Бектұрғановтың шынайы бет-бейнесін ашатын «Жемдеген қырғауылдар», өз бала-шағасын тастап, басқа әйелдің құшағынан жылу тапқан Баймырзаның тірлігін айтатын «Жалдамалы күйеу», егемендік алған алғашқы жылдары сауданы күнкөріс қылған жұрттың ахуалын баяндайтын «Бұқарбайдың бұқасы» әңгімелері осы сөзіміздің бұлтартпас айғағы. Мысалы, Бұқарбайдың жаңа кәсібі өзіне берілген бұқаны ауылдастарына саудалаудан басталады. Әрине, бұған Сәбден ақсақал секілді наразылар да табылады. 

 «Бұқарбай шырағым, мен сенің әкең Сүйіндікті, атаң Сүлейменді көрген кісімін. Екеуі де бастарына бақ қонып, осы елдің ырысы болған адамдар еді. Сол жақсылардың ұрпағы мына сен елде жоқ ырымды бастап, бұқаның шыбығын сатқаның қалай? Оның өзі де бәрімізге ортақ кешегі колхоздың бұқасы емес пе?», – дейді.

Бірақ ақсақал ренжіді екен деп Бұқарбай о бастағы мақсатынан еш айнымайды, керісінше саудасын жалғастырып, ақыры елді сол түсінікке үйретіп тынады. Қабдеш Жұмаділов қаламы еш тоқтаған емес.

«Соңғы көш» роман-дилогиясы жазылып біткеннен кейін де жазушы бұл тарихи тақырыпты ары қарай жалғастырды. Өз кезегінде циклді бұл оқиға  «Тағдыр» романына ұласты. Бұл жағынан келгенде Қ. Жұмаділовтің «Соңғы көші» мен «Тағдыр» романдарында да  өзара ортақ  байланыс бар. 

Ол қандай дейсіз ғой!? 

Қос романда да оқиға орыны Шығыс Түркістан топырағында өрбігенімен, айналып келгенде екі романның да алтын өзегі мен арқалаған жүгі ата- бабаларымыздың азаттыққа деген шексіз ұмтылысы  десек те болады.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan