Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады

5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күні. Сондай-ақ бұл күні ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы дүниеге келген ұлы күн. Дәл осы күннің ұлт ұстазының туған күнімен сабақтасуының өзі символдық мәнге ие. 

Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады - adebiportal.kz

Кейде бір сөздің салмағын түсіну үшін бір ғұмыр жетпей жатады. «Ана тілі» дейміз. Осы екі-ақ сөздің астарында адамның балалық шағы, бесіктегі әлдиі, ата-әженің әңгімесі, әкенің ақылы, ананың мейірім-шуағы, туған жердің топырағы, тіпті халықтың ғасырлар бойғы тарихы бар. Ғажап дерсің. Тіл – біз дүниеге келгенде қарсы алатын, өмірден өткенде соңымыздан қалатын ең қымбат рухани мұрамыз. Адамның кім екенін көп жағдайда сөйлеген сөзінен танып жатамыз. Ал халықтың кім екенін оның тілінің тұтастығынан тануға болар. Сондықтан тіл туралы әңгіме – сөз туралы ғана әңгіме емес. Бұл – ұлттың жады, мәдениеті, әдебиеті, жалпы болмысы.

5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күні. Сондай-ақ бұл күні ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы дүниеге келген ұлы күн. Дәл осы күннің ұлт ұстазының туған күнімен сабақтасуының өзі символдық мәнге ие. Ахмет Байтұрсынұлының бар саналы ғұмыры қазақтың тілі мен руханиятына қызмет етуге арналды. Ол әліпби түзді, оқулық жазды, тіл білімінің ғылыми негіздерін қалыптастырды, әдебиеттануға қатысты іргелі еңбек қалдырып кетті. Ең бастысы – ұлттың тілін оның тағдырымен бірге қарастырған жан. Байтұрсынұлы үшін тіл – жай ғана қатынас құралы емес, елдіктің өзегі еді. Оның «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген көпке әйгілі тұжырымының салмағы бүгін де еш кеміген жоқ. Қайта ақпарат ағыны күшейіп, жаһандану үдеген сайын мағыналы сөздің мәні тереңдей түскендей.

Бабаларымыз сөздің құдіретіне аса мән берген. Аталы сөз, баталы сөз деп, қолын жайып, бір ауыз айтылған қария сөзі терең ұғымды батаға айналған. «Жақсы сөз – жарым ырыс» дейтін қазақ үшін әр сөздің салмағы мен қасиеті ерек. Өткенге көз жүгіртсек, жыраулар елдің мұңын жырға қосып, ақындар халықтың қуанышы мен қайғысын суырып салма сөзбен, қара өлеңімен жеткізе білген. Шешендер дау түйінін бір ауыз сөзбен тарқатып, тоқтам айтқан. Батырлар ел шетіне жау шапқанда, жорық алдында рухты сөзге мән берген. Атадан балаға жеткен ауыз әдебиеті – осының айғағы.

Қазақтың тілі ерекше шұрайлы. Ертегі, аңыз-әңгіме, жыр-дастан, мақал-мәтел, шешендік сөздер, тағысын тағы жалғаса береді. Жазу-сызу кең таралмаған уақыттың өзінде-ақ халық өзінің тарихи жадын кезең-кезеңдерімен ауыздан-ауызға жеткізіп, сақтап келді. Бір буынның мұрасы келесі буынның жадына жетіп отырды. Осылайша тіл халықпен біте қайнап, қазына толы мұраға айналды. 

Сөздің қадірі мен тілдің қасиетін ерекше бағалаған Абай өз дәуірінде қазақ тілінің мүмкіндігін бұрынғыдан да кеңейте түсті. Ол халықтың күнделікті ауызекі тілін философиялық тұңғиық ойдың, терең психологиялық толғаныстың, көркемдік ізденістің тіліне айналдыра алды. Абайдың қара сөздерін оқып отырып, қазақ тілінің қаншалықты бай, қаншалықты көркем екендігін айшықты сөздері мен орамды ойларынан бағамдай аламыз. Абай сөзі – халықтың сөзі. 

ХХ ғасырдың басында, ұлт тарихындағы ең күрделі кезеңдердің бірінде, қазақ зиялылары дәл осы ана тіліміздің тағдыры үшін құрбан болуға дейін дайын болды. Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы және сол дәуірдегі өзге де зиялы қауым өкілдері сөзді қоғамдық ойдың маңызды қаруына айналдыра білген. Газет-журнал шығарып, кітап жазды. Елге білім таратты. Тіл дегенде әдебиеттің рөлі айрықша екені анық. Міржақыптың «Оян, қазағы!» сол кезеңдегі ұлттық сананың жаңғырған үніндей естілсе, Мағжан поэзиясы адамның ішкі әлеміне үңіліп, қазақ өлеңінің эстетикалық мүмкіндігін кеңейтті. Жүсіпбек Аймауытұлы адамның жан дүниесін, қоғам мен тұлға арасындағы қайшылықтарды көркем тілмен бейнелей жеткізді. Бертін келе Мұхтар Әуезов қазақ әдебиетін әлемдік деңгейдегі көркем ойдың кеңістігіне алып шықты. «Абай жолы» – бір ғана адаммен байланысты тарих емес. Ол қазақ қоғамының тұтас бір дәуірін, оның салт-санасын, мінезін, дүниетанымын тіл арқылы сақтап қалған ұлы эпикалық дүние. Кез келген көркем шығарманы оқығанда біз тек сол кітаптағы оқиғаны емес, қазақтың сөйлеу мәнерін, ойлау жүйесін, мінез-құлқын, тұрмыс-тіршілігін танып, сезіне аламыз. Өйткені әдеби шығарма – тілдің тірі зертханасы.

Бүгін біз өзгеше дәуірде өмір сүріп отырмыз. Бұл ғасырда қазақ тілі тек кітап пен газет-журналдың, мектеп пен қызметтің тілі ғана болмауы керек. Ол ғылымның, технологияның, бизнестің, кино әлемінің, шексіз музыканың, цифрлық кеңістіктің, әлеуметтік желінің, заманауи мәдениеттің тілі болуы аса маңызды. Бұл – бүгінгі ұрпақ алдында тұрған басты міндеттердің бірі. Қазіргі төл әдебиеттің бүгінгі заман адамының болмысын толық жеткізуге қауқары бар. Жалғыздық, урбанизация, цифрлық тәуелділік, экология, жасанды интеллект, әлеуметтік теңсіздік, адам мен технологияның қарым-қатынасы сынды тың тақырыптар қазақ әдебиетінің кеңістігіне енген сайын тіл де жаңа бір деңгейге көтеріліп, өз мүмкіндіктерін аша түспек.

Тіл дамуы дегеніміз – оның мүлде өзгермеуі емес. Уақытқа сай кез келген тіл жаңа сөздерді қабылдайды, кейбір сөздерді қайта жаңғыртады, соны мағыналарға ие болады. Бірақ осы өзгерістердің арасында тілдің табиғи әуезі мен ішкі заңдылығын сақтау маңызды. Мысалы, жазушы кейде халық қолданбай кеткен бір көне сөзді шығармасына енгізіп, оны қайта тірілте алады. Кейде жаңа ұғымға қазақша атау тауып, сол сөздің әдеби айналымға енуіне жол ашады. Сондай-ақ, қарапайым сөйлеммен тілдің көркемдігін оқырманға тірілте отырып, қайта сезіндіру құдіретіне ие. Мұның бәрі сөздің құдірет-қасиеті. 

 Әрбір көркем шығарма – тілге жасалған қызмет дер едім. Өйткені тілдің беделін көтерудің ең тиімді жолдарының бірі – сол тілде қызығарлық көркем дүниелердің көп болуы. Тілдер күні мерекесі туралы айтқанда 130-дан астам ұлт пен ұлыстан құралған еліміздегі тілдік әралуандылықты да ұмытпауымыз керек-ау. Біздің қоғамда әртүрлі этностардың тілдері мен мәдениеттері қатар өмір сүріп келеді. Әр тіл – белгілі бір халықтың тарихи тәжірибесі мен рухани жадын сақтайтын құндылық. Өзге тілдерді құрметтеу ана тілінің беделін әлсіретпейді. Керісінше, өз тіліңнің қадірін арттырады. Бүгінгі өмірде көптілділік, көп тілді меңгеру – әлемге айқара ашылған мүмкіндіктер. 

Тіл тағдыры дейміз-ау. Қол сермеп мінберге шығып, тілге жанашыр болып, ол туралы айтатындар да жетерлік. Бірақ кейде ең қарапайым шындықты ұмытып кетіп жатамыз. Тілдің тағдыры – өз үйіңнен басталады. Тілді жанұя сақтайды. Ғылым оны байытады. Әдебиет тереңдетеді. Ал қоғам оның болашағын қалыптастырады. Егер адам отбасыда ана тілін құрметтемесе, онда тілдің қадірі жайлы Отанға жар салудың қажеті жоқ. Өз үйінде баласына қазақша кітап оқып берген ата-ана тілге қызмет етеді. Қазақша сапалы шығарма жазған жазушы да тілге қызмет етеді. Ана тілінде ғылым жазған ғалым да тілге еңбегін сіңіреді. Қазақ тілінде фильм түсірген режиссер де, ән жазған композитор да, сапалы мақала жариялаған журналист те тілдің кеңістігін кеңейтеді. Тілге қызмет ету – міндетті түрде ұраннан басталмайды. Кейде ол бір кітаптан бастау алады. Ахмет Байтұрсынұлы өмір сүрген дәуір мен бүгінгі заманның айырмашылығы орасан. Бірақ бір нәрсе өзгерген жоқ. Ол – тілдің ұлт өміріндегі маңызы. Біз жаңа ғасырда өмір сүріп отырмыз. Технология өзгерді, коммуникация тәсілі өзгерді, әлем бір-біріне бұрынғыдан да жақындай түсті дейміз. Бірақ адамға өз болмысын түсіну үшін ана тілі  керек. Өз тарихын тану үшін оның сөзі керек. Өз сезімін жеткізу үшін де туған тілі мен сөзі қажет. Тіл өмір сүрсе – халықтың үні өмір сүреді. Әдебиет өмір сүрсе – сол үннің жаңғырығы ұрпақтан ұрпаққа жалғасын табады. Ал ұлттың ең ұзақ жасайтын мұрасы – оның сөзі. 

Сондықтан Тілдер күні – күнтізбедегі тағы бір атаулы дата ғана емес. Бұл – сөз қадірін қайта бағамдайтын күн. 

Ал біз ұрпаққа қандай сөз қалдырамыз?

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan