Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЭССЕ
/
Сұраған Рахметұлы. Алтайдың асқарында арғымақ-дүр ...

Сұраған Рахметұлы. Алтайдың асқарында арғымақ-дүр (эссе)

22.01.2026

5113

Сұраған Рахметұлы. Алтайдың асқарында арғымақ-дүр (эссе) - adebiportal.kz

Шыршадағы шырақтай

 

Шығыстың таңы шыршалардың шыра шашағын желпіп, Күннің жалқын шапағымен көкке шаншылған найза шыңның самайымен сырғып келіп, қоңырқай да момақан таулардың алақанына қонатын-ды. Қалай қарасаң да пәнидің заңы һәм жан дүниесі түгел өретін осы өңірден. Шырақтай ғана жұлдыздың ақырғы сөңі осы түстіктен сөгіліп, кешкі жылт өңі осы паң Шығыстан көрінетін әуелі. Ғұмырлы тірлік иелерінің құт мекені, оның мың жімілеуи сүгіретінің өң беті де осы өңірдің еншісі секілді еді. Сонау бір жылы осы өңірдің кілгейіндей керім де бірегей әңгімелер қолға ілінген кезде  өзіміз өскен жердің тауларына қарайтын едік. Жетпісінші жылдардың соңында шетін жүрген һәм Алтай тауының арғы бетіндегі Екіашада туған жазушы Әлібек Асқардың «Құт мекен» кітабы жеткен-ді. Алтайдың арғы жағындағы ұйық Моңғолияның Қобда бетіндегі байтақ Баян-Өлгейге қарасты кең жайлау Көлдіашада көбік бұлттарды жамылып отырып осы кітапты ақтарғанда қатты толқығанбыз. Біз де сол кезде Әлібек аға сықылды Бессаланың «Төртінші бригадасы» құрылған жерде туып-өскендер едік. Алдымызда Тойлыбай Құрмандолда, Солдатхан Орайхан, Жақсыбай Шәпеш, Қуанған Жұмахан сықылды ағаларымыз болды.

 

Қарағайдың бұтағындағы Ай

 

 Алтай тауының Ресей жағындағы бүйірінде туған Василий Шукшиннің (1929 – 1974) «Қыр адамдары» мен Мұхтар Әуезовтің «Қыр суреттерінің» әсерімен жүргенде сол кездегі тыңнан түрен көтерген жас жазушы Әлібек Асқардың бұл шығармасы алыстағы бізге ғажайыптардың біріндей әсер бергені бар. Ақ шаңқан Алтайдың тәкаппар тынысын саумалдатқан – «Тайга толғауы» (1981) және «Ерте түскен боз қырау» (1989) өте етене жақын аңсарымыздай болған. Әлібек ағаның Алтаймен еңіреген, еміренген тынысы ерекше әңгімелерінің желісінен өзі көрінеді де тұрады. Қарапайым тұрмыстағы тамаша тағылымды да қарабайыр харекеттер оның қаламының ұшында ұршықша ойнайды. Ерекше суреткерлігі, таугерлігі, шыңкезбелігі оған әулие таудың киелі табиғатының көркемдігінен жұққаны байқалатын. Қарағай ағашындай қасиетті қылқанды ағаштың айналасы майқарағай, балқарағаймен толысады. Әлібек ағаның қарағай еңкіген ерекше әңгімелерінен сағыныштың саумалы саулап тұратұғын.

 

Боз қыраудың озаны

 

Аруақты таулардың тіпті тірі ағза екенін сезінесің. «Ерте түскен боз қырау» әңгімелері шың басынан шуағын төккен шырақ, шырағдан жарығы секілді. Шығыстың өшпес мәңгі шырағы – осынау нәзік жанды прозаиктің ой ошағындағы от ұшқынындай шашырай береді. Қарапайым образдардың арасынан тау жүлгелерінде жасырынып жатқан мұнарлы да керемет тылсыммен кездесесіз, тілдесесіз. Алтайдың зау асу басынан көтерілген Айдың «арғы жағын» көрердей ұмсына түсесіз. Іңірдің жұлдызды аспанын айпара жамылған ауылдың жылы қорасындағы түліктің бейғажайып ұсқыны, дыбысы... Қойнаудағы қой қораның Ай бүркеген қоңырқайың иісі мұрыныңа келгендей. Аңыздағы ай мүйізді ақ серкенің сүгіретін дәйім еске аламыз. Құдыретше бейғайып елеспен... Әлібек ғайып шың басында тек өзі ғана жүргендей, зау ішінде өзі ғана оңаша. Тау шыңдарының қайсысы өзі, қайсысы өңге... Әйтеуір жүрек сықылды кері қызыл төбенің қып-қызыл қызғалдақтай бір шоғыр реңі жазбаларынан байқалады. Алтайдың аршасынан жұққан тамырдың түгелі Асқарұлының жантамырымен үндес, реңдес сықылды.

 

Алтайдың арқар романтизмі

 

Бізге бағзы Алтайдың өзі өзінен жыртып берген реакциялық романтизмінің тылсым діңінде оянған Оралхан Бөкей, Қалихан Ысқақ, Дидахмет Әшімхан, Марат Қабанбай, Ұлықбек Есдәулет секілді геошедеврлерді беруі Алтай аңғарының тәңірлік киесінен болса керек-ті. Шығыстың шапағымен қыраулы шықтың мың қырлы жауһарындай шашыраған өңшең мөлдір толғамының түгелі Алтайдың ақырғы ақық дыбысы іспетті. Алтайдың бітімі мен жаратылысы мүлдем бөлек. Осынау орқаш-орқаш шыңдарының бір шетінде – кербұғыдай кербез шың Оралхан тұрса, екінші жағындағы серек-серек зеңгірдегі серкелер –  Әлібек Асқар сынды ағалар.     

Сонымен, не керек!? Әуеден ұшып жеткен әруәйдің отындай әсірекейіп әр өңінде бір ерекше бояуы байқалатын байтақ даланың сүңі. Шың үстінен төгілген үйіржұлдыздың тура осы тұсын earthrise (туған жер) деп атап келді қазақ көкірегінде. Осы сүгіретті жинап сөзбен сызуға машықтанған Шығыстың бір ұланы Әлібек Асқар ағаның бұдан кейінгі кезігуі таныстығымызға ұласқан.

 

Кейіптеуден байыптауға

 

Әлібек аға бір сапарында Моңғолияға ат басын бұрған. Қасындағы нөкерлері – жақсы баспагерлер. Осы сапарында «Қиғаш Хикясы» (2018) шеттегі кітапқұмарларға берілген-ді. Жанрды жаңадан жарқырата таңдаудың соны хас сырын осы кітаптан байқауға болады. Кейіпкер Сәдудің образы дөп қойылған мұнда: «...мұрынының жебесі тікірейіп, жыртық көзі жайнаң қағып, қызара бөртіп Сәду келді...» –  деп бастай жөнеледі. Кейіпкер мен оқырманның «жекпе-жегі» осыдан өріледі. Түйдек-түйдек ойлардың,  үйлесімді әрі ерсілі-қарсылы мінезді кісілердің ішінде араласып жүресіз.  «Задаш пен Байғаным» деген кейіпкерлердің ішкі психологиялық өзекті бейнесі де өзгеше берілген. Әсіресе, Задаштың сыртқы пішінін аударып, төңкеріп суреттегенде: «...оның беті бырысқанша, еріні тырысқанша...» – кетпейді деп келістіре шенеп өтеді. Расында, әр кейіпкердің мінез-құлқы бөлекше типтік реңкпен сызылады. Таңданып қаласыз... Осындағы «Қалжан мен Ләзизә» туралы кейіптеулері жан дүниеңді қозғап, кезіндегі ескі бір тауыриһаттағы керемет біреуге ұқсас жандарды оқырман ойында жаңғыртып, тірілтіп жібереді. «Қалжан мен Ләзизә» әңгімеде: Кержабағы деген қиырда қыстайды. Қалжан – белсенді... Шаршап, жалықпайсыз. Алтай  аңғарларындағы ескі сілемдердің жаңаша өрнектері – Әлібек ағаның тас бәдізіне жабысқан шытырман зооморфы...

 

Таудан жұққан  құлықcана

 

Осындағы біртүрлі шайқытекті тақуа адамдардың өзара бірыңғай қарым-қатынасындағы түрлі жағдаяттарды қазақ әдебиетінде кең қолданылатын нақтылап баяндау тәсілімен қызықты етіп еңсеріп шығады. Тіл байлығы мен ой өрісі өз алдына, Әлекеңдік ілкі стильдік ерекшеліктерге бейжай қарауға болмайды. Әсіресе, «Социализм әңгімелері» жинағында өте сәтті өрілген «Мона Лиза» шығармасындағы сұрқы қызықты кейіпкер –  Төлеужанның ішкі арпалысы мен әредіктегі эпитеттік шешімдері ойпыл-тойпыл, жан-жақты мөрленеді әсілінде. Жазушы оқиғаларды өрбіткен тұстарында қарапайым адам санасындағы кілтеңді параллельді жайларды өте ұғымды да ұтымды қолданып, шебер сомдайды. 

Қазақ халқы – әрідегі дәстүрінен әнші, күйші, саяткер. Түрлі  әңгімелердің түбін түсіретін инфлюенсер секілді қызықты да ерене түйімдерді Әлібек Асқар аға –  «Аңшы хикаясы», «Қойға шапқан қара аю» туындыларында керемет әрлейді. Әсіресе Голландиядан келген аңшылардың шытырман андағайлаған һәм саятшылаған кезіндегі жайларын сабақтауы бек ғаламат. Бұны енді осы төлнұсқа күйінде өз табиғаты біздің Алтайға тіптен ұқсас емес голландиялықтарға сөзбе-сөз аударып, апарып ұсынса ғой... Қысы-жазы темір ат мініп (белесипет), қызғалдақ гүл өсіретін, ауа райын жанынан да жақсы көретін етектегі еңселі елдің оқырмандары қызығар еді. Алтай тауларының тамаша сүгіреттеріне жан бітіре өрімдеген жазушы қарт Еуропаға тек осы мұқым Мұқырымен ғана қазақы қайырымы арқылы менмұндалап  жетер еді... Голландықтар осынау Шындығатайдың шыңдарына шығарманың желісімен қарай салса да – әбден қайран қалары сөзсіз-ді. Төңірегі төмпешіктей тапал, төбешігі дөңгелек кепештей ғана, бойы мыртық, ергежейлі «таулары» бар голландиялықтардың өкілі – Ян мен Саския Снайдерстің шын мәніндегі бейнесі осы шығармада жақсы суреттеледі.  Кейде сюжеттердің ағысы болса, кейде бір өзі тұтас романның өзегіне тең келетін қып-қысқа тұжырымдары өңге. Шығарманың жүлгесі көңілде тұнады да, көрер көзге  «мұнартып» көрінеді.

 

Аңшыға ерген ақ өлең

 

Әлекең аңшылармен бірге саятта келе жатқанын кейде ұмытып кеткендей баяғы Алтайының элегиялық сымбатын сылап, сындарлап көрсете береді. Ой, керемет сүгірет, ғажайып теңеу: «...Түн өркешінен Ай табағы сығалап еді... Сәлден соң аңғар бойын сүт мұнарға бөлеп, толған Ай айқайлап шыға келді...» Туған жерінің биігінің өзін өзінің кішкене аяулы інісіндей сезінетіні бар, оны ерекше сүйетіні де осыдан. Құт мекенінің ең ерке де ерен тұрғыны болып келе жетқан мұндай ақ еспе ақын мінезді хас жазушы кемде-кем болу керек...  

Жер аттарының өзі –  жеке-жеке ақ өлең сықылды таңғайып... Шақабай  шыңының алқымы, асау Күртінің көбесі, Аршатының Сары беті, Ақшоқы, Құндызды көл дей ме, әйтеуір ақ өлең! Тіпті, қайдан екенін Тәңірі білсін, кейде осы маңда сары мұнарды сағалап сарлық айдаған бір топ моңғолдар да жүреді!? 

Әлекең сырттай қарағанда сыпайы болғанымен, шынтуайтында, алқалы қайран Алтайымен іштей қайта-қайта сырласады. Алтайдың көмескі сілемдері оның ерекше қолтаңбасы іспетті. Шындығайтының шыңына маңдайын тіреп тұрып әрдайым шынайы жүрекпен сағынады. «Аюдың өті қайда?» деген бір керім әңгімесінде сонау шалғай теңіз көбелеп кешіп жеткен жапондық интураңшы Кацудо Мураскидің кейіптемесін де алуан түрмен өте сәтті сомдап, өңдеп шығара алады. Ертегідегідей досы Ерен Жұмағұлдың ең қызықты риторикалық әңгімелерін өңдеп, кестелеп береді. Керемет!  Әсіресе, қойға шапқан қара аюды тұмсығынан бір теуіп құлатқан Өрікбайдың өзі қандай типтік кейіп! Достоевскийдің «Нақұрыс» (1868) романындағы Швеция таулы аймағының бір шағын ауылындағы даужайда емделіп жатқан кейіпкер жігіттің тағдырындай өте қызықты жайларды осы Алтай хикаяттарынан жолықтыра аласыз.

 

«Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді...»

 

Расында, бұл шығарма жанрлық тегінен роман болмай тұрғанда (1997) ықшам повесть еді. Соңыра «Алданған ұрпақ» деген ел тауқыметін ерекше еңсерген қосындысымен 2018 жылы қайта басылған. Табиғатпен жанасқан жандардың тағдыр-талайы қамтылған және ерекше ашылған сықылды. Ел басынан өткен өктемдік пен алмағайып ахуалдардың бүтінгі көш-керуени суреттемесі... Қоңырқай ауылдың қорасындағы түмен түлік, ошарлы басын шырмап, отарлы қойын тәркілеген отызыншы жылдардың ойраны. Екінші мәрте соққан сойқан алапес өкімдік пе, астамшылық па немесе сол дәуірдің орашалаң да бошалаң іс-әрекеті болар ма, тіпті әлде нешінші реткі қаймана жұрттың өз ұйығынан босуы ма, әйтеуір зілмәуір лаңды зиянкес бәлекеттің бел ортасындағы оқиғалар түрені көрінеді. Арғысы – «Ақтабан шұбырынды» аштық, ауа көшу, қашып-пысу, арып-шаршаудың жалғасы... Ең бергісі  – ХХ ғасырдағы жаңа жүйе мен байырғы ескі де ғажайып санааралық тартыстан таңбаланған тағылымды философиялық сұлбалардың көркемделген кестелі палитрасы өрнектеледі. Соғыс жылдарындағы аянышты өмірдің толық баяны... Өткен шақтың елесі немесе кеше мен бүгіннің тартысты сәттері, ертеңнің болжамы. Көпті көрген куәгердің көкірегінен төгілген қиянбұрышты, ұйтқымалы да қым-қуыт мұңлы сыр мен түрлі шер. 

Қызық та қыран-топан күлкілі, қылықты әрі қытықты юморға толған қилы-қилы ғұмырияттар сұлбасы... Қызыл жұлдызша ойылған тақтайшаның бетін бояу үшін қызыл бояу іздейтін бір көрініс метафорасы бейкүнә Байғонысқа тән... Өмір болғасын сықақты хикаят, шалдуар шал-шауқан, шарапаты мол мейірман аналардың күрделі бет-бейнесі көз алдыдан өтеді. Ошақтың басынан басталған орасан қимылдардың түгелі образды түрімен жаңа жаманға қарай ептеп ойысады... Жақсы образ көп, жанды мысқылдар да бар – «Жабағы бет», Талдыбұлақты мекендейтін Метрей атайдың «у ішкені», Мелс (Мэлс) мұғалім мен Сәлима, «бұдан да күштірегі жоқ па!?» деп танауына насыбай ататын Қабден ақсақал, Лексей мен Дәулетхан – бір типтес, екі бөлек кейіп. Ал, әр хатында шаблонсыз тума тақпақтары бар ақын Сәрсеннің күллі іс-қимылдары өте сәтті де тартымды шыққан.

Жалбыздыбұлақтағы кәрлен құйып қой тоғытқан жеріндегі сәл ғана форманың мазмұны Мұқырдағы Мырзахметтің тайып жығылған жерінен көрінетіні байырғы оқырманға оқыс ой салады. Осындағы Орынбайдың образды оралымдары, «тіліңе теріскен шықсын!» дейтін Қанапияның оғаштап салатын саңғал «ойбайы» – жанды да бейнелі.

 

Жүректің шүңеті

 

Жазушы қоғамның өзгеру тұсындағы шежіресін көркемдеп жазған сәтінде сан қилы психологиялық сынақтардан өтетіні сезіледі. Шығарманың өн бойындағы қылап жобаланған эскиздердің (esquisse) соңыра шыңдалып, жіктеліп, әдіптеліп, текті оқырманның ең түпкі ойына сіңісіп сом идеяға айналуы да тіпті психолингвистикаға келетін тәнік афоризм іздеріндей орнығып қалуы – шеберліктің арқасы. Жазушының жалғыздығына жанашыр  болатын киесі – туған жерінің жарқалы жанды таулары. Бірнеше жыл бұрын осы паң Шығыстың бірегей жазушысы Асқар Алтайдың «Алтай новелласы» (2001) бұйырған. Осындағы ілме ретімен берілген жалғыздық туралы жазған жазушының жан сезімі де метадүние бейнесімен ерекшеленеді.

https://anatili.kazgazeta.kz/news/64897

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan