Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПРОЗА
/
Таяма Катай. Төсек (Футон)...

Таяма Катай. Төсек (Футон)

12.02.2026

5818

Таяма Катай.  Төсек (Футон) - adebiportal.kz

I

Ол Киситан-дзакадан Гокуракусуйге қарай еңістеу жолмен төмен түсіп келе жатып ойға шомды: «Енді екеуміздің арамыздағы хикаяға біржола нүкте қойылды. Жасым отыз алтыға жеткенде, үш баланың әкесі бола тұра, осындай ойларға берілуімнің өзі – тіпті күлкілі, ұят! Дегенмен де... Дегенмен де... Шынымен бәрі осымен біткені ме? Оның маған деген жылы ілтипаты махаббат емес, жай ғана бауырмалдылық болғаны ма?»

Әлдебір бұлыңғырлау сезімге толы хаттар... Бұл екеуінің қарым-қатынасы әу бастан өзгешелеу еді-ау. Егер әйелі, балалары, қоғам, ұстаз бен шәкірт арасындағы шекара болмағанда – бұлар сөзсіз алапат сезімнің тұңғиығына батып, мына әлемді мүлдем естерінен шығарар ма еді?! Бір-біріне қарасқан жанарларда жасырынған оттар, әңгімелері жарасқан сәттердегі жүректердің дүрсілі – осының бәрінің ар жағында бір тылсым дауыл іштей тынып тұрғандай болатын. Қолайлы сәт туса болғаны – бұл құйын дауыл жолындағының бәрін жайпап өтер еді: отбасын да, қалыптасқан қағидаларды да, адамгершілік өлшемдерін де, тіпті тәлімгерлік деген ұғымның өзін тәрік етуі ғажап емес-тін. Қалай болғанда да ол өзі бұған кәміл сенді. Әйтсе де, соңғы күндері болған оқиғалар бір нәрсені нақты айқындап бергендей: оның сезімі жалған екен. Ол қыз мұны алдап келіпті. Бұл осыны санасында қайта-қайта қайталады.

Алайда, әдебиетші болғандықтан ол өзін сырттай бақылап қарай алатын. «Жас қыздың жан-дүниесін ұғу тіптен оңай емес қой. Бәлкім, оның жылылыққа толы ілтипаты бар болғаны әйел затына тән табиғи болмыстың көрінісі шығар? Оның таңғы шықтай мөлдіреген әдемі көздері, биязы қимылы – бәрі-бәрі аңдаусызда туады, ішіне бүккен сыры жоқ, бейне әдемі гүл секілді, кім үздігіп құмарта қараса, соған қуаныш сыйлап тұра береді-ау. 

Айталық, ол қыз мені ұнатты делік. Бірақ мен оның ұстазымын ғой. Менің әйелім және балаларым бар. Ол болса – жауқазындай үлбіреген, гүл секілді құлпырған әдемі қыз. Осындай жағдайда біз қалайша бұл шекаралардан аттап өте аламыз?

Жарайды, әрі қарай кеттік. Міне, оның тікелей әрі жанама түрде жүрегіне тұнған сырды ақтарған албырт сезімге толы хаты – оқып отырса, бейне табиғат-ананың өзі оны алқымынан алып, осылай ағынан жарылып асық сезімдерін ақтаруға мәжбүр еткендей. Бірақ мен оның тұспалдарын толықтай ұға алмадым. Оның ибалы да ұяң мінезін біле тұрып, әлде де ашық айтуын қалайша талап ете аламын? Бәлкім, дәл осы себептен ол үмітін үзіп, ақыры осындай қадамға барған шығар?»

– Бәрі осымен бітті! Енді ол басқа адамға тиесілі!

Осылай деп айқайлап жіберген ол өзінің шашын өзі жұлқылады. 

Басында сабан қалпақ, үстіне ала сұр костюм киіп, қолындағы таяғына сүйенген ол сәл алға қарай еңкейген күйі беткейден ақырын төмен түсіп келе жатты. Уақыт қыркүйек айының ортасы еді. Жаздың ыстығы әлі де қайта қоймаса да, ауадан күздің қоңыр салқын демі сезіледі, ал түпсіз тұңғиық зеңгір аспан күмбездей төңкеріліп, көңіліңді де көзіңді де арбайтындай. 

Балық сататын ләпкелер, шарап дүкендері, ұсақ-түйек заттар сататын сауда орындары, одан әрі храм қақпасы, қатар түзеп ұзыннан созылған үйлер... Хисакатамити етегінде сансыз зауыттардың құбырынан түтін будақтайды. Осы фабрикалардың біреуі, батыс үлгісінде салынған екі қабатты ғимарат, ол күн сайын түстен кейін бас сұғатын жер.

Он татами еркін сиятын кең бөлменің ортасында үлкен жазу үстелі бар, оның қасында – төбесіне дейін географиялық еңбектер жиналған биік кітап шкафы орналасқан. Ол баспада редактор болып жұмыс істеп, георгафиялық кітаптарды құрастыруға көмектеседі. Әдебиетші – географиялық оқулықтар редакторы! Мұны өзі географияға бейімім болғандықтан, өз еркіммен осы жұмысты атқарып жүрмін деп түсіндіретін, алайда ішінен бұған көңілі қанағат таппады.

Әдебиеттегі тежеліс, ірі шығармашылық туынды жазуға мүмкіндіктің болмауы, жастар журналында ай сайын қайталанатын қорлауға толы шабуылдар – соның бәрі оны қажытып жіберген болатын. Ол өзінің болашағына сенгенімен, жанын жегідей жеген азаптан құтыла алмады.

Қоғам да қарқынды түрде алға дамып бара жатты. Трамвайлар Токиодағы көлік жүйесін түбегейлі өзгетіп жіберді.

Қазіргі студент қыздарды да оның жас кезіндегі қыздармен салыстыруға келмейтін. Жастар махаббат жайында, әдебиет, саясат туралы қызу талқылайды, алайда олардың көзқарастары мен әдеттері бұған соншалықты жат бола бастағаны сондай, олармен екі арада өткелсіз терең шыңырау бардай сезілетін. Ол күн сайын сол бір жолмен жүреді, сол баяғы қақпадан кіреді, даңғұр-дұңғыр еткен дауыстары баспахананы басына көтерген машиналар мен сонын қасында ақ тер-көк тер болып жүрген жұмысшылардың жанынан өтіп, қызметкерлермен амандасады да, тар баспалдақпен өзінің бөлмесіне көтеріледі. Терезелері шығыс пен оңтүстік жаққа қарайтын бұл бөлмеге түстен кейін күннің аптабы еніп кететіндіктен, адам төзгісіз ыстық болады. Кішкентай қызметші бала бөлмені жуып-сүртіп шығуға ерінетін болуы керек, әйтеуір үстелдің үстіне үнемі қалың шаң тұрып қала беретін.

Ол креслосына отырғаннан кейін баппен шылымын шегеді, содан соң орнынан тұрып, шкафтың ішіндегі қалың анықтамаларды, карталарды, жол нұсқаулықтарын шығарып, қолына қауырсын қаламын алады да, кешегі жұмысын жалғастырады. Бірақ соңғы екі-үш күннен бері одан маза қашқан, содан да қаламы оған бағынбады. Ол бір жол жазады да ойланып отырып қалады. Тағы бір жол жазып қайтадан тоқтайды.

Басындағы бытыраңқы ойлары бір арнаға тоғыспай, бойын торығу мен үмітсіздік биледі. Кенет ол Гауптманның «Жалғызсыраған адамдар» деген пьесасын есіне алды. Бір кездері ол қызға осы пьесаны оқуға беріп, Иоганнес Фокераттың трагедиясын, мұңы мен қайғысын түсіндіргісі келген. Ол өзі бұл пьесаны үш жыл бұрын оқып шыққанда, мына әлемде осындай қыз барын түсінде де көріп-білмеген еді. 

Ол өзін Иоганнеспен салыстыруға дәті бармағанымен, оны жан-тәнімен түсініп, «Егер оған Анна сияқты қыз кездессе, бәрібір мұндай трагедияға ұрынбай қоймайды ғой» деп ойлады. Сосын ауыр бір күрсініп, өзінің Иоганнестей бола алмайтынын күйінішпен сезінді. 

Ақырында ол оған «Жалғызсыраған адамдарды» оқуға бермеді, бірақ бір күні Тургеневтің «Алғашқы махаббат» деген әңгімесі жайлы айтып беріп, тіпті кейбір жерінен үзінді де оқыған. Сонда шам жанып тұрған шап-шағын бөлмеде махаббат туралы хикаяның әсеріне бөленген жап-жас қыздың жүрегі атқақтай соғып, ал ойлы көздері барған сайын жарқырап, барған  сайын нұрлана түскен-ді.

Жібек ленталары, сәнді кекілі, жартылай түскен шам жарығымен ағараңдаған бет-әлпеті айқара ашық кітапқа еңкейіп жақындай түскенде аңқ ете қалған жұпар иіс: сөзбен айтып жеткізгісіз әтір иісі, денесінің балғын иісі, әйел затының иісі... Ал қызға кітап кейіпкерінің өзінің сүйіктісіне жан сырын ақтаратын жерін оқып берген кезде жігіттің дауысы дірілдеп, сөздері үзіліп-үзіліп шығып еді.

– Енді бәрі бітті!

Ол қайтадан қолдарымен өз шашын өзі жұлқылады. 

II

Оны Такэнака Токио деп атайтын. Бұл үш жыл бұрын болған, сол уақытта оның әйелі үшінші баласына жүкті болатын, ал жас отбасының алғашқы кездердегі қызығы баяғыда-ақ басылған-ды. Сонда оған бұл дүниенің бүкіл қарбалас тірлігі мәнсіз болып көрінген. Өмірінің өзегіне айналар маңызды бір істі қолға алуға жігері де, дәрмені де қалмаған еді.

Күн сайын қайталана беретін сол бір тірлік. Таңертең оянады. Сосын қызметіне кетеді. Сағат төртте қайтып оралады. Сол баяғы әйелінің бетін көреді. Кешкі асын ішеді. Аздан соң ұйықтайды.

Осы бір сарындылықтан ол әбден мезі болды. Бір жерден бір жерге қоныс аудару да ешқандай қуаныш сыйламады. Достармен әңгіме-дүкен құру да мезі қылды. Тіпті, бір кездері бірінен соң бірін алып құмарта парақтаған шетелдік романдар да оны бұрынғыдай керемет әсерге бөлемейтін болған.

Оны айтасыз, тіпті Табиғат-Ананың өзі – бақтағы қалың жасыл-желектер де, бір қалыпта төгілген жаңбыр тамшыларының тырсылы да, гүлдердің бүршік жаруы-солуы да оған бар болғаны осы таусылмас бір сарындылықтың бөлшегі ғана сияқты көрінетін. Ол өзін соншалықты жалғыз сезінгені сондай, мына дүниеде жанына медеу болар ештеңе таппады. Сондайда көшеден жас, әдемі қыздарды кездестіргенде «шіркін-ай, махаббатты жаңадан бастауға болса ғой...» деген ойға еріксіз беріліп, жан-дүниесі жаңа бір от-сезімді сондай бір құштарлықпен аңсайтын.

Оның жасы отыз төртке толды – осы уақытта көп еркектер жан азабын бастан кешіретіні бар. Дәл осы жаста олар жеңілтек әйелдермен алып ұшпа сезімдерге беріледі, ал кейбіреуі әйелдерімен ажырасып жатады. Мұның бәрі айналып келгенде жалғыздықтың жарасына ем іздеу амалдары ғой. 

Ол күн сайын таңертең жұмысқа кетіп бара жатқанда бір жас мұғалімді кездестіретін. Сол уақыттарда әр күні осы әйелді көрудің өзі оған бір бақыт еді. Сондайда ол туралы шексіз қиялдарға берілетін. «Екеуміздің арамызда махаббат оты тұтанса не болады? Онда бұл оны Кагурадзака ауданындағы шағын лашықтардың біріне алып кетер еді-ау.... Не болмаса, әйеліне сездіртпей екеуі қала сыртында серуендесе... Жоқ, олай бола қоймас. Әйелімнің аяғы ауыр, егер ауыр босанып жатып жүріп кетсе не болады... сосын бұл ол әйелді үйіне әкелсе? Оны екінші жары етіп алуға ар-ұжданы жібере қояр ма екен?» Көшеде келе жатып ол осындай ойларға шоматын.

Дәл осы уақытта ол Ёкояма Ёсико есімді қыздан – Кобэдегі қыздар мектебінің оқушысынан хат алды. Ол Биттю провинциясындағы Ниими деген шағын қалада дүниеге келіпті. Хатында мұның шығармаларын сүйіп оқитынын айтып, ағынан жарылыпты. Такэнака Кодзё деген есім бірнеше әдемі романдардың авторы ретінде белгілі-тұғын, сондықтан ол оқырмандарынан осы тектес хаттарды жиі алатын. Біреулері өздерінің шығармаларын жөндеп беруін өтінсе, екіншісі оқушы етіп алуын сұрайды. Оның бәріне ол еш уақытта кері жауап жазған емес. Сосын да бұл қыздан бірінші рет хат алғанда аса бір қызығушылық сезінбеді, жауап жазуды да ойына алмаған. 

Бірақ Ёсико үш мәрте хат жазды, оның осы табандылығы мұның назар аудармасына қоймады. Өзінің жазуынша, жасы он тоғызға енді толған. Әйтсе де өз ойын жеткізуі мен жазу шеберлігі кәдімгідей қалыптасып қалғанға ұқсайды. Ол қандай жағдайда да мұның шәкірті болып, өз өмірін әдебиетке арнағысы келетінін, соны қатты қалайтынын жазыпты. Жазу үлгісі еркін, одан қазіргі заманғы «батыстық» қыздың мінезі айқын аңғарылатын. Сонда ол фабриканың екінші қабатында, географиялық еңбектерді былай сырып тастап жауап жазды.

Бірнеше беттен тұратын ұзын-шұбақ хат. Ол хатында әйел адамға әдебиетпен айналысу қаншалықты қауіпті екенін айта келіп, одан «аналық парызды» өтеу қандай киелі міндет екенін түсіндірді. Жас қызға жазушы болу өте үлкен тәуекел деп бір қойды. Тіпті еш қысылмастан арасына адамды қорлайтын бірнеше сөйлемді де қыстырып жіберді. «Енді осыдан соң оның есі кіріп, бұл ақмақтығын қояр», – деп ойлап ішінен бір мырс етті.

Сосын Окаяманың әкімшілік бөлігі келтірілген картаны алып, Ниими қаласын іздеп тауып алды. Такахаси өзенінің аңғарында, алыстағы тау қойнауындағы қала... «Осындай қиян шеттегі ит өлген жерде де мынадай заманына сай қыз тұрады екен-ау». Осы бір ойдан кенеттен оның жүрегі жылып сала берді де, әлгі аймақтағы таулардың, өзеннің аумағын мұқият зерделеп қарай бастады.

Енді хат жаза қоймас деп ойлаған, бірақ қателесіпті, арада төрт күн өткенде бұрынғысынан да қап-қалың конверт келді. Көк түсті сиямен, ұқыпты да майда әріптермен жазылған үш парақ. Хатында ол өз өтінішін аяқ асты етпеуін қайта-қайта өтініпті. Ата-анамның келісімін алғаннан кейін Токиоға барып, қолайыма келетін оқу орнына түсемін, сосын өз өмірімді басы бүтін әдебиетке арнаймын депті ол. Такэнака оның бұл батыл шешіміне еріксіз таң қалды. «Тіпті Токионың өзінде әйелдер гимназиясын бітірушілер арасында әдебиеттің құндылығын білетіндер аз кездеседі ғой. Ал бұл... көп нәрсені терең түсінетінге ұқсайды».

Ол дереу жауап жазып, өзінің тәлімгер болуға әзір екенін білдірді. Бұдан соң хат алмасу, шығармалар жіберу жиіледі. Жас қыздың шығармалары әлі толық пісіп-жетілмегенімен, оқуға жеңіл, екіұштылықтан ада, анық таланттың ұшқыны байқалатын. Ол әр хатынан оны бұрынғысынан жақсырақ біле түстіп, жауабын тағатсыздана күтетінді шығарды.

Бір күні ол тіпті оның фотосуретін сұратып алмақшы болып, сол өтінішін хаттың бұрышына жазып жатты да, дереу қайта өшіріп тастады.

«Әйел заты әдемі болуға тиіс қой. Әйтпесе, оған ешқандай талант көрік бере алмайды» деп ойлады ол. Әдебиетке өмірін арнамақ болған әйел көркімен ерекшелене қоймайтынына ол сенімді болатын. Сондықтан, тым болмаса сыртқы түрі сәл реңді болса деп үміттенді.

Келесі жылдың ақпан айында ата-анасының рұқсатын алған Ёсико Токиоға әкесімен бірге келгенде, Такэнаканың үшінші ұлы дүниеге есігін ашқанына тұп-тура жеті күн толған еді. Ёсико Такэнаканың үйіне бас сұққанда әйелі көрші бөлмеде жатқан. Үй шаруашылығына көмектесуге келген әпкесінен жаңа оқушының әдемі екенін естігенде оның мазасы қашты. «Мынадай жас әрі сұлу қызды неге өзіне оқушы етіп алып жатыр?» деп бұған әпкесі де алаңдады.

Такэнака Ёсико мен әкесін қатар отырғызып қойып, әдебиетшінің қоғамдағы орны мен мұраты жөнінде сөзге сараңдық танытпай, егжей-тегжей әңгімеледі. Сөз арасында әкесінің көзқарасын білейін дегендей, абайлап қыздың болашақтағы некесі жөнінде де сөз қозғай кетті. 

Ёсиконың отбасы Ниимидегі ең дәулетті отбасылардың бірі. Оның ата-анасы дінді қатаң ұстанатын христиандар. Әсіресе анасы кезінде Досишадағы әйелдер мектебінде оқыған айырықша діндар адам екен. Үлкен ағасы, әулеттің мұрагері, Англияда білімін жетілдіргеннен кейін елге қайтып оралып, мемлекеттік университетке професор болып орналасқан.

Ёсиконің өзі болса, жергілікті бастауыш мектепті бітірген соң Кобэдегі әйелдер академиясына түсіп, қазіргі заманғы жас қыздарға тән өмір салтын ұстанып күн кешіпті. Сол уақыттарда әйелдердің христиан мектебі өзге оқу орындарына қарағанда, әдебиетке көп еркіндік берді. Әрине, кейін «Махаббат желі, әзәзілдің желі» немесе «Алтын пері» сияқты шығармаларды оқуға тыйым салған тәртіп шықты. Оған дейін, бұл мәселеге Білім министрлігі араласқанша, оқушылар тіпті класстың ішінде қалаған дүниесін оқи беретін.

Мектеп шіркеуі, салтанатты мінәжаттар, рождество кештері... Осының бәрі жас қыздың жан-дүниесінде асқақ сезімдердің оянуына әсерін тигізді. Олар пендешілікті ішке бүгіп, сұлулықты сыртқа паш ете білуді үйренді.

Бастапқыда анасының аялы алақанын аңсап, туған үйін сағынған Ёсико жиі мұңға бататын, алайда көп өтпей бұл сезім мүлдем ұмытылып, пансиондағы көңілді де, думанды өмірдің ортасына сіңісіп кетті. Еркетотай қыздар дәмді асқабақ бермедің деп, күріш толы табаққа әдейі соя тұздығын құйып кетіп, аспазды да талай қорлаған. Мінезі қатал, жасы ұлғайған бақылаушы әйелді алдауды да меңгеріп алған еді бұл қыздар. Осындай ортада аңғал, қарапайым қыз қалпыңда қалу мүмкін бе өзі?!

Сұлу болуға тырысу, асқақ армандарға қол созу, атақ-даңққа ұмтылу – Ёсико Мэйдзи дәуіріндегі қыздарға тән барлық жақсы да жаман қылықтарды бір бойына түгел сіңірген еді.

Әйтеуір, қалай болғанда да, Ёсико келгеннен кейін, іштей жалғыздықта күн кешіп жүрген Такэнаканың тыныш өмірі бұзылды. Қазіргі жары бір кездері оның шынымен сүйіктісі болған, бірақ қазіргі уақыт басқа. Соңғы төрт-бес жыл көлемінде әйелдерге білім беретін оқу орындары жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптады. Әйелдерге арналған университеттер ашылды, жаңа шаш үлгілері шықты, түрлі-түсті шалбарлар киетін болды. Ер адаммен қолтықтасып қатар кетіп бара жатқан әйелдерді көру – үйреншікті жағдайға айналды. Ал бұл болса, дәстүрлі көзқарастағы әйелге байланып қалған. Оның шаш үлгісі баяғыша, жүрісі мамырлап жүрген үйрекке ұқсайтын, күйеуіне мойынұсынып, момындық танытудан басқаны білмейтін әйел. Осының бәрі Такэнаканың жанына бататын. «Басқа еркектер болса, қазіргі заманға сай әдемі әйелдерімен көшеде қыдырып жүреді, қонақта да әйелдері қасында отырып, өзара еркін әңгімелеседі»...

Ал мұның әйелі романдарын оқымақ түгілі, оның жан азабын сезініп, жанашырлық та танытпады, тек басты міндетім – балаларды бағып-қағып өсіру деп ұқты. Содан да ол өзін жалғыз сезінді. «Жалғызсыраған адамдардағы» Иоганнес сияқты, ошақ басына байланып қалған әйелден не үміт, не қайыр деп ойлайтын. Міне, осы жалғыздығын Ёсико келіп бұзды. Өзі сондай әдемі, жаңаша тәрбиеленген оқушы оны «ұстаз!» деп атап, мерейін асырып жүрді, бұған енді кім шыдап тұра алады?

Алғашқы үш апта Ёсико оның үйінде тұрды. Жас қыздың күміс қоңыраудай сыңғырлаған дауысы, сәмбі талдай майысқан дене мүсіні – оның бұрынғы жадағай да жабырқау өміріне қандай айқын қарама-қайшылық еді! Ол босанғаннан кейін енді-енді аяқ-қолын бауырына ала бастаған әйеліне көмектесті: шұлық тоқыды, киім-кешектерді жамап-жасқап, балалармен ойнады – оның ширақ қимылынан да үй ішіне бір жылылық тарап жатқандай болатын.

Такэнака өзін жаңадан үйленген кездеріне қайта оралғандай сезімде жүрді. Бір жақтан келе жатып үйге жақындай бергенде, жүрегі қалай атқақтап кетеді десеңізші! Есікті ашқанда ең алдымен оның әсем күлкісін, гүлдей құлпырып, күндей жайнаған жүзін көретін.

Бұрын үйіне кештеу оралғанда әйелі шамды өшірместен балалармен бірге ұйықтап қалатын. Сондайда абажадай бөлмеде босқа жанып тұрған шам жарығы оның жабырқау көңілін одан сайын жабырқатып жіберуші еді. Ал қазір үйге қай уақытта келсе де, шам жарығында тоқу инелерін епті қимылдатып жатқан аппақ қолдарды, ал тізесінің үстінен түрлі-түсті бір шумақ домалақ жіпті көреді. Үйдің ішін де көңілді күлкі кернеп тұратындай.

Алайда, арада бір айдай уақыт өтпей жатып Такэнака жүрегіне тым жақын болып бара жатқан оқушысын өз үйінде бұдан әрі қалдыра алмайтынын түсінді. Көнбіс әйелі көңіл толмаушылығын ашықтан-ашық білдірмесе де, қабағына кірбің түсірмесе де, оның бет-әлпеті барған сайын түңеріп бара жатыр еді. Ёсиконың сыңғырлаған күлкісінің ар жағынан қауіптің көлеңкесі көрініп тұрғандай болды. Әйелінің туысқандары болса, бұл жағдайды өте салмақты мәселе ретінде талқылап жатты.

Такэнака ұзақ ойлана келе, Ёсиконы әйелінің үлкен әпкесінің үйіне орналастырды. Қайын апасы әскери адамның жесірі, қазіргі уақытта азын-аулақ зейнетақысы мен іс тігуден түскен табысқа күнін көріп жүрген болатын. 

Ёсико осы жақта Кодзимати ауданындағы әйелдер мектебінде оқыды.

III

Содан бері бүгінгі күнге дейін жарты жылдай уақыт өтті. Осы уақыт аралығында Ёсико өзінің туған өлкесіне екі рет барып келді. Бес қысқа әңгіме, бір роман және жаңа үлгідегі өлеңдер мен эсселер жазды. Мектепте ол ағылшын тілін өте жақсы оқыды, сосын да Такэнаканың кеңесімен «Марудзэннен» Тургеневтің шығармалар жинағын сатып алды. 

Ол туған жеріне алғашқыда жазғы демалыс кезінде барды, екіншісінде жүйкесінің сыр беруі және есірік талмаға ұқсас ұстамасы асқынуына байланысты дәрігердің кеңесімен туған жердегі таулы өлкенің ауасымен тыныстап, демалып, біраз уақыт күтінуіне тура келді.

Сол уақытта Ёсико тұрған үй Кодзимати ауданындағы Санбан-те бөгетінің бойында Кобу теміржолы өтетін үйінді-жиектің түбінде орналасқан еді. Ол иемденген бөлме – көлемі сегіз татами болатын қонақ бөлме-тұғын. Терезесінің алдынан өтетін тар көшеден үнемі адам арылмайды, оған қоса асыр салып ойнаған бала-шаға да күні бойы у-шу болып жататын.

Беті лактелген жазу үстелінің жанында батыс елдеріндегі кітап шкафының кішірейтілген нұсқасы сияқты шағын кітап шкафы тұрды. Дәл осындай шкаф Такэнаканың бөлмесінде де болды. Үстел үстінде шағын айна, опа және далап қорапшалары мен әлдебір дәрі салынған тағы бір үлкен құты жатты. Айтуларынша, Ёсико бұл дәріні жүйке талшығы үзілердей болып шыңылдап, басы қатты ауырып шыдамай бара жатқанда ішеді екен. Кітап шкафынан Такэнака Коёнің шығармалар жинағы, Тикамацу пъесалары, ағылшын тілі оқулықтары мен жақында сатып алған Тургеневтің кітаптары көзге бірден түседі.

Болашақ жазушы мектептен келгеннен кейін шығармадан гөрі хатты көбірек жазды. Дос-жігіттері де көп еді, олардан келетін хаттар да аз емес. Солардың ішінде біреуі Жоғары педагогикалық институтының студенті болса, екіншісі Васэда университетінде оқып жүрген жігіт. Екеуі де Ёсикода бір-екі рет қонақ болып үлгерген. Кодзимати ауданындағы қыздардың арасынан ол ерекше көзге түсетін. Әсіресе, ескі салт-дәстүрмен тәрбиеленген жергілікті саудагерлердің қыздары арасында бірден назарға ілігетін. 

– Ёсико-сан менің бас ауруыма айналды деп жатыр әпкем, – деді бірде әйелі Такэнакаға. – Жігіт-достары мейлі келе берсін. Бірақ кешкілікте солармен «Нинити», Фудо жаққа кетіп қалып, түн болғанда оралады. Әрине, Ёсико-сан жаман әдетке бейім қыз емес, алайда жұрттың өсегі деген оттан бетер, оған бір іліксең құтылу қиын ғой.

Мұны естіген Такэнака бірден өз оқушысын қорғауға көшеді:

– Сен сияқты ескіше ойлайтын адамдар оны бәрібір түсінбейді! Еркек пен әйел бірге кетіп бара жатса немесе сөйлессе болды, бірден күмәнмен қарайсыңдар. Шындығында өздеріңнің көзқарастарың мүлдем ескірген. Қазіргі қыздар саналы, және қалай дұрыс деп есептейді, солай істейді. 

Ол осындай ойларын Ёсиконың өзімен де қызу талқылайтын: Қазіргі әйелдердің өзіндік сана-сезімі болуы керек. Өткен ғасырдың әйелдеріндей әлдекімге тәуелді болуға тиіс емес. Зудерманның кейіпкері Магда айтқандай, қыз баланың әкесінің қолынан бірден еріксізден күйеуінің қолына өткені жарамайды. Жаңа жапон әйелдері бәрін өздері ойлап шешіп, өздері әрекет етуі қажет. 

Содан соң ол оған Нора Ибсен, Елена Тургенева, орыстың және немістің еркін әйелдері туралы әңгімелейді.

– Бірақ өзіндік сана-сезім дегеніміз өзіндік сынды, тәрбиені де қалыптастырады. Еркіндіктің жөні осы екен деп тіпті ерсі қылықтар жасауға болмайды. Әрдайым өз іс-әрекетің үшін жауапкершілік арқалауға әзір болған абзал.

Ёсико үшін бұл тәлімді әңгімелердің маңызы христиандық өсиет-уағыздардан әлдеқайда жоғары еді – бұл тәлімдер оған еркін де, салмақты көрінетін.

Ол өзге оқушы қыздарға қарағанда еркіндеу киінді: қолында алтын сақина, белінде сәнді әдемі белдік, сымбатты дене мүсіні – соның бәрі өткен-кеткеннің назарын тартпай тұрмайтын. Оның бет-әлпеті сұлулығымен емес, ең әуелі мағыналығымен ерекшеленетін – бірде адамның көзін қарықтырардай ажарланып кетсе, кейде керісінше аяқ астынан сиықсыздау көрініп кетеді. Әсіресе жарқ-жұрқ етіп тұратын отты көздері айырықша әсер қалдыратын. Бұрын әйелдер ашу, қуаныш, мұң секілді бар болғаны үш-төрт қарапайым көңіл-күйді ғана білдірумен шектелетін болса, Такэнаканың байқауынша, қазір көпшілігі ішкі сезімдерін бет-әлпетіндегі қимылмен әсерлі жеткізе білуді үйренген. Ёсико солардың бірі еді.

Ёсико мен Такэнака бір-біріне тым жақын болғандықтан, олар ұстаз бен оқушыға ұқсамайтын.

– Ёсико келгелі сіздің күйеуіңіз мүлдем өзгеріп кетті, – деді бірде әйеліне бөгде бір әйел. – Олар әңгімелесіп жатқан кезде бейне жан-дүниелері тұтасып кеткендей сезіледі екен. Бұл шынымен де қауіпті.

Сырттай қарағанда, әрине, бұл шынымен де солай көрінетін. Бірақ олар расымен де бір-біріне жақын болды ма?

Жас қыздың алып ұшпа көңілі біресе аспанға шарықтап, біресе аяқ астынан төменге құлдилайды; болмашыға қайғырып, түкке тұрмайтын нәрсе үшін мұңға батады. Бұл махаббат емес, бірақ одан былай да емес, әйтеуір соған ұқсас әлдебір түсініксіздеу нәзік сезім. Такэнака осы бір жұмбақ күйді түсіне алмай үнемі басы қатып жүретін. Егер бір күні сондай сәт туа қалса, моральдың матауын, әдептің ала жібін үзу жібек матаны жыртқаннан әлдеқайда оңай болуы мүмкін еді. Ең қиыны – сол бір мүмкіндікке жеткізетін сәттің өзі ғой.

Осы соңғы жылда, Такэнаканың ойынша, сондай сәт кем дегенде екі рет туған болатын. Біріншісінде Ёсико бұған ұзын-шұбақ хат жолдап, өзінің мұның жасаған жақсылығын өтеуге шамасы келмейтінін айтып, сол себептен туған жеріме барып, мүлдем ұмыт болу үшін осы жақта бір шаруаға күйеуге шығуды ойластырғанын жазған еді. Екіншісінде бір күні кешкілікте Такэнака оған кіріп-шығу үшін барғанда ол үйде жалғыз болды.

Иә, біріншісінде ол хаттың астарын өте жақсы түсінді. Бұған не деп жауап берсем екен деп, түні бойы кірпік ілмей ауыр ойға шомып шыққан сонда. Жанында жайбарақат ұйықтап жатқан әйеліне көзі түскенде, өзін «мен ар-ұяттан әбден безген екенмін» деп жазғырды. Таңертең тұра сала оған қатаң түрде ұстаз ретінде жауап жазып жіберді. Екіншісінде, көктемнің жайма-шуақ кеші еді, арада екі айға жуық уақыт өткен. Такэнака келгенде бетіне опа-далап жаққан Ёсико әп-әдемі болып, темір пештің жанында жалғыз өзі отыр екен.

– Не істеп отырсың? – деп сұрады ол. 

– Үйге бас-көз болып. 

– Әпкеміз қайда? 

– Ёцуеге сауда-саттық жасауға кеткен. 

Сөй деген ол жанарын Такэнакаға қадады – сондай сүйкімді көзқарас еді бұл. Өң-бойына әлдене өтіп бара жатқандай сезініп, еркісіз жүрегі бүлк ете түсті. Екеуі бір-екі ауыз тіл қатысқан болды, әдеттегі қарапайым сөздер, алайда осы бір қарапайым әңгімелесудің ар жағында әлдебір беймәлім бірнәрсе бұғып жатқандай. Енді бір он бес минут сөйлессе, не боларын кім-кімге де болжау қиын-тұғын. Оның жанары оттай жанып, жұмсақ дауысы сырлы естілді, ал қимыл-қозғалысы біртүрлі еліктіріп, ерітіп бара жатқандай ма, қалай...

– Сіз бүгін тіпті әдеміленіп кетіпсіз, – деді ол өзі де аңдамай.

– Мен жаңа ғана моншадан келгем.

– Ал бетіңдегі опа-далап... 

– Аһ, ұстаз! – ол басын наздана еңкейтіп күліп жіберді.

Такаэнака келген ізімен кері шықты. Ёсико оны жібергісі келмегенімен, ол бұдан әрі бөгелмеді. Амалсыздан қыз оны шығарып салуға шықты, сонда ай жарығы астында бозарыңқы көрінген қыздың жүзінде жұмбағы шешілмеген тұңғиық бір тылсым сыр тұнып тұрғандай көрініп еді-ау. 

Онсыз да аурушаң Ёсико сәуір айы туғанда одан сайын жүдеп, жүзі бұрынғысынан да солғын тартты. Жүйкесі әлсіреп, тіпті үлкен мөлшерде қабылдайтын дәрі-дәрмегі де көз ілуіне көмектеспей жүрді. Еңсерілмес құштарлық пен бүр жарған сезім оның жанын азапқа салды.

Сәуір айының соңында Ёсико туған жеріне кетіп, қыркүйек айында қайтып оралды. Сол уақытта бір болар іс болды. Ол былай: Ёсиконың сүйіктісі пайда болыпты. Олар бірге Киото мен Сагаға барып, бірнеше күн қыдырған. Алайда, олардың сапар шеккен уақыты мен кеткен және келген күндері бір-бірімен сәйкеспеді, соған байланысты Токио мен Биттю арасында хат алмасулар жүріп, ақырында шындық ашылды: бұл киелі де қастерлі махаббат екен. Олар ар-ұяттан аттаманғандарын айтып, ант-су ішті, бірақ ендігі жерде бірге болуға аса құштар екендіктерін жеткізді. 

Такэнакаға қыздың ұстазы ретінде құданың рөлін атқаруға тура келді. Ёсиконің ғашығы – Танака Хидэо, жасы 21-де, Кобэдегі діни мектептің дарынды оқушысы, Досиша университетінің студенті. Ол Ёсиконың ұстазы алдында өздерінің сүйіспеншілігі шынайы екеніне ант берді.

Алыстағы қыздың ата-аналары болса, болашақ студенттің ер адаммен Сагаға сапар шегуінің өзі рухани құлдыраудың белгісі депті. Ёсико көзіне жас толып тұрып, ешқандай жаман әрекетке бармағандарын айтты: «Киотода бір-бірімізден ажырағаннан кейін барып, біз өз сезімімізді ұғынғандай болдық. Токиоға оралғанда одан ыстық сезімін білдірген хат алдым. Содан бастап біз бір-бірімізге сөз бердік» деді ол.

Такэнака бұл үлкен құрбандықтың ауырлығын жан-жүрегімен сезінсе де, екі жастың «киелі махаббатын» қолдауға мәжбүр болды. Бірақ жүрегі қайғы-мұңға толды. Менің сүйіктімді алып кетті деген ойдың өзі табанын ұстарамен тілгілегендей жанын азапқа салды. Әрине оның өз оқушысын көңілдесіне айналдырмақ ойы болған жоқ. Егер оның ондай ойы болса, осының алдында бір емес, екі мәрте туған мүмкіндікті қалт жібермес еді ғой. Әйтсе де, өзінің жалғыздықта жабырқап жүрген өміріне нұр болып енген, жүрегіне жаңа леп берген Ёсиконың енді басқа біреудің жетегіне кеткеніне қалай көндігеді?

Ол екі мүмкіндікті жіберіп алғанда көп толғанды; сол сәтте жан-жүрегінің терең бір қалтарысында үшінші немесе төртінші мүмкіндікті күтуді қалайтындай білінер-білінбес бір жылы үміт пайда болып еді – сонда тағдыры өзгеріп, жаңа бір өмір бастайтындай көрініп еді. Такаэнаканың ойы шатасып, сеңделіске түсті. Қызғаныш, өкініш пен опық жеу сияқты сезімдер бір-бірімен сеңдей соғылысып, басында құйындай ұйытқып жатты. Бұған ұстаз ретіндегі парызы қосылғанда ішіндегі алау отты біреу одан сайын үрлеп жатқандай күй кешті. Оның бақыты үшін өзімді құрбандыққа салып жатырмын ғой деген ой да оған жұбаныш болып жарытпады.

Көз байланар шақта кешкі астың үстінде мас болып ұйықтап қалғанша мөлшерсіз іше берді, іше берді...

Келесі күні, жексенбіде, жаңбыр толассыз жауып, Такаэнаканың жабырқау көңілін одан сайын мұңға батырды. Шегіршін жапырақты кәрі ағаштардан саулаған жаңбыр тамшылары еш уақытта таусылып бітпейтіндей. Оның бірдеңе жазуға да, оқуға да шамасы келмеді.

Күз де келіп қалыпты... Ол шиден тоқылған салқын креслоның үстінде арқасын қарып бара жатқан суықты сезінген күйі ұзыннан созылып жатты. Үздіксіз сорғалаған жаңбыр тамшыларына қарап отырып, соңғыда болған оқиғаларды – әлі жартысына жете қоймаған өз өмірін түгел ой елегінен өткізді. Ол тағдыршешті өзгерістерге қаншама рет таяп келмеді, бірақ соның бәрінде, бір ғана қияс басқан қадамының салдарынан үнемі шеттеп қала беруші еді. Шеттеп қалған адамның шеңбері – жалғыздық! Осы жалғыздықтың қасіретін қаншама рет басынан өткізбеді. Әдебиетте, қоғамда, махаббатта болсын – қайда барса да оны ешуақытта жолы болып көрмеген бір бейбақтың ащы тағдыры күтіп тұратынын қайтерсің?! Қазір ойлап қараса, ол әлі де сол болымсыз тағдырдың жетегінде жүргендей. Өзінің осы бір дәрменсіздігі мен бейшара күйін сезінгенде жүрегі өз-өзінен қатты қысылғандай болды. «Артық адам», – деп ойлады ол Тургеневтің бір сөзін есіне алып, содан соң оның кейіпкерінің зая кеткен қып-қысқа өмірін ойша өзі басынан өткерді.

Жанын тілгілеген азапқа шыдай алмаған ол түс болмай жатып сакэ сұратып алды. Әйеліне ісің өңбейтін жайбасарсың деп біраз бұрқылдап сөйледі, ал әкеліп берген тамағы дәмсіз болып шыққанда тіпті көтеріліп кетті, сосын ащы суды аузына ызалана төңкере берді. Бір стақан, екіншісі – босаған бөтелкелердің саны өсе түсті, ақырында Такэнака ес-түсінен айырылды. Әйелін балағаттауын доғарды. Алайда, бөтелкенің түбі көрінсе болды: «Сакэ, тағы да сакэ» деп қоймастан айқайлайды, әкелгенді шөлден аңқасы кепкен адамдай қомағайлана жұтады. Не болғанын түсінбей зәреші ұшқан қызметші оған көзі бақырайып таңдана қарады.

Бастапқыда бес жасар ұлын айналып-толғанды, қолына көтеріп, басынан сипады, бетінен түгін қалдырмай шөпілдетіп кеп сүйе берді, бірақ ол қыңқылдап жылай бастағанда аяқ астынан ашуланып, май құйрығынан шапалақпен ұра бастады. Өзге балалар, әдеттегіден түрі адам танымастай болып өзгеріп кеткен әкелерінің бетіне шошына қарап, алысырақтау барып бір-біріне тығылып үрпейісті.

Тұтас үш литрдей ішкен ол отырған жерінде кенеттен гүрс етіп құлағанда, аударылып түскен үстелге тіпті назар аудармады. Сосын күтпеген жерден он жыл бұрын танымал болған әнді созылыңқы дауысымен әндетіп айта бастады:

Қақпамның алдында сеңделіп,

Құйынды күшті деп ойлайсың.

Ол дауыл жүз есе әлсіз ғой –

Мендегі құйынды жойғайсың.

Мендегі құйын да өзге бір,

Махаббат жырына тоймайсың...

Әнін аяқтамай жатып орнынан атып тұрған ол әйелінің үстіне жапқан жамылғысын оранып алған қалпы кішігірім тау сияқты қонақ бөлмеге қарай тәлтіректеп кетіп бара жатты.

– Қайда, қайда бара жатырсыз? – әйелі шошына айқайлап, соңынан жүгірді.

Артына бұрылып та қарамаған ол жамылғыға оранған күйі әжетханаға қарай бет алды. Әйелі жанұшырып:

– Қымбаттым, қымбаттым, сіз массыз, ол жаққа болмайды. Ол жуынатын жер! – деп айқайлады.

Құлақ асар түрін байқамаған соң әйелі оның үстіндегі жамылғысына шап беріп оқыс тартып қалғанда шығар есік алдында үстінен сыпырылып қалды. Такэнака екі жаққа шайқалып тұрып қажеттілігін өтеген соң кенеттен әжетхананың еденіне жалп ете түсті. Әйелі жиеркенішпен бетін тыржитып жандәрменмен жұлқылай бастады, орнынан тұрғызып көрмек болған, ол жатқан орнынан қозғалмады. Әйтсе де, ол ұйықтап жатқан жоқ еді, мастықтан қыздарып кеткен жүзі, кеңірек ашылған өткір көздері есіктің ар жағында тоқтаусыз құйып тұрған жаңбырға қозғалмастан қарап жатты.

IV

Такэнака әдеттегі уақытында Усигоэдегі өз үйіне асықпай аяндап жетті. Ол жанын жегідей жеген азапты ойлармен үш күн бойы арпалысты. Жаратылысынан өзін ессіз құмарлыққа да, алдамшы сезімге де еліктірмейтін тылсым күш бар еді бойында. Сол тылсым күштің өзін қалай билеп-төстейтінін де әрдайым қынжыла сезінетін, бірақ оған қалай қарсылық танытса да, түптің түбінде бәрібір өзінен үстем боп шыға беретін. Ол сол күштің ырқына көнді. Мойынұсынды. Сосын да тағдыршешті сәттерде үнемі шеттеп қалды, соның салдарынан сан мәрте күйініштің кермек дәмін татуға мәжбүр болды. Ал сырт көз оны сенімге лайықты мінсіз адам ретінде бағалайтын. Үш күнге созылған азапты ойлардан соң ақырында бұдан шығар жолды тапқандай болды. Екеуінің ара қатынасы осымен бітті. Енді ол ұстаз ретінде өзінің парызын атқарып, сүйікті әйелдің бақытты болуын ғана ойлауы керек. Жүрегің қан жылайды бұған, – бірақ өмірдің өзі де осындай жүрегіңді қан жылататын өкініштерден тұрмаушы ма еді? Үйге жеткенше оның басынан осындай ойлар арылмады.

Қақпаны ашқан бойда өзін қарсы алуға шыққан әйелін көрді. Күннің ыстығы әлі қайта қоймаған шақ, пиджактың ішінен киген көйлегі терден малмаңдай болыпты. Дереу киімін ауыстырып, қарапайым матадан тігілген жеңіл кимононы киіп алып, қонақ бөлмедегі темір пештің жанына жайғасқаны сол, әйелі кенет есіне бірдеңе түскендей комодты ашты да:

– Ёсико-сан беріп жіберіпті, – деп мұның қолына конвертті ұстатты.

Ол асығыс конвертті ашты. Қағаздың қалыңдығынан-ақ әңгіме әлгі бір жайға қатысты екенін жүрегі құрғыр бірден сездірген. Сосын да Такэнака хатты мұқият оқуға кірісті. Хат әдемі әріптермен ауызекі тіл стильінде еркін де, жеңіл жазылыпты.

«Ұстаз! Мен шындығында бәрін сізбен ақылдаспақшы болғам, бірақ шұғыл жағдай оған үлгертпеді де, барлығын өзімнің қалауыммен шешуге тура келді.

Кеше сағат төрттер шамасында Танакадан жеделхат алдым. Ол Симбаси стансасына сағат алтыда келетінін хабарлапты. Сонда менің қалай таң қалғанымды көрсеңіз ғой! Өйткені мен оның қандай да бір себепсіз асығыс жолға шыға салатын жеңіл ойлы адам емес екенін білемін, содан да толқынысымда шек болмады. 

Ұстаз, мені кешіруіңізді өтінемін! Мен оны қарсы алуға бардым. Сөйтсем, ол менің бар шындықты бүкпесіз жазған хатымды оқыған соң қатты уайымдапты. Егер осы жағдайға байланысты сені үйіңе алып кететін болса, мен өзімді өмір-бақи кешірмеймін деді. Сондықтан Сізге жағдайды ашық айтып түсіндіріп, кешірім сұрай отырып, бәрі бейбіт жолмен, ойдағыдай шешілуіне қолдау көрсетуіңізді өтіну үшін оқуын тастап дереу астанаға жол тартқан.

Сол сәтте мен оған Сіздің жақсылығыңызды – біздің киелі де кіршіксіз махаббатымыздың куәгері ғана емес, қорғаушысы болуға қалай келісім бергеніңізді айттым. Сонда ол қатты толқып, риза болғаны сонша еріксіз көзіне жас алды.

Шамасы, шарасыз күйде жазған хатым Танаканы қатты абыржытқан-ау, ол іштей бәріне де дайын болып, егер іс насырға шауып жатса, өзіміздің ешқандай күнә жасамағанымызды дәлелдеу үшін Сагага бірге барған досымызды куәгер ретінде осында ала келген ғой. Ол ең бірінші Сізге ағынан жарылып, бәрін басынан аяғына дейін баяндап берген соң, Сіз арқылы менің алыстағы ата-анаммен түсінісіп кешірім сұрамақ болды. Бірақ дәл қазір, менің таяуда жасаған ақылсыздығыма әкем мен шешем қатты ренжіп жатқанда, олардың алдына бару мүмкін бе? Сондықтан біз бұл мәселені уақытша жылы жауып қоя тұру керек, бар ойымызды оқуға бұрып, қолайлы сәтті күткен дұрыс деп шештік. Тіпті бұған бес, он жыл уақыт қажет болса да күтуге тура келеді. Сіздің бар айтқан ақыл-кеңестеріңізді мен оған жеткіздім.

Негізі, бұл іс бір ыңғайға келкендіктен мен оны кері жөнелткенім дұрыс еді, алайда оның қалжырап-шаршаған түрін көргенде бірден кері жөнелтуге дәтім бармады (әлсіздігім үшін кешірім өтінем!)

Сіздің оқудан басқа нәрсеге көңіл бөлмеу жөніндегі ақыл-кеңесіңізді мен бар ынта-жігеріммен орындаймын. Ақыры ол келіп қалған екен, мен оны қонақ үйге орналастырып, «тым болмаса бір күн болып, қаланы аралаңыз» дедім.

Ұстаз, мені кешіріңіз, өтінемін! Біз қазір алапат сезімнің құшағында жүрсек те ақылымыздан адаса қойған жоқпыз. Әдептен асып, Киотодағыдай күдікке ілікпейтінімізге сөз беремін. Ондай жағдай қайталанбайды, сеніңіз! 

Жұбайыңызға менен сәлем айтуыңызды өтінемін». 

Ёсико.

 

Такэнака хатты оқып шыққанша іші алай-дүлей болып, кеудесін қып-қызыл шоқ қарып бара жатқандай сезінді. «Мына Танака, жиырма бір жастағы боқмұрын, қазір Токиода! Ёсико оны қарсы алуға барыпты. Екеуі не істеді – бір Құдайға ғана аян. Бәлкім, Ёсиконың бұдан бұрын айтқандарының бәрі өтірік шығар? Мүмкін бәрі өткен жазда Сумеде басталған болар, ал Киото оқиғасы соның жалғасы болуы кәміл. Содан соң әлгі боқмұрын Ёсиконың өзінің қасынан кетіп қалғанына шыдай алмай, соңынан салып ұрып астанаға келіп тұрған беті ғой».

Екеуі қалай бір-бірінің қолдарынан ұстап, жақындаса бергенде құшақтары қалай айқасқанын көз алдына елестетті... «Сол қонақ үйдің екінші қабатында, көзден таса жерде олардың не істеп жатқанын кім біледі? Ар-ұяттың шекарасын аттамағандарына кім кепілдік бере алады? Бәрін санаулы секундтар шешеді емес пе?!» Такэнака өзегін өрт жайлап бара жатқандай сезінді. «Бұл мәселеге ұстаз ретінде мен жауаптымын!» – деп іштей айқайлады ол. Бұлай жалғаса беруге тиісті емес. Рухы шыңдалмаған қызға еркіндік беруге болмайды. Оны қараусыз қалмырмау керек, қорғау керек! «Бізде құштарлық та бар, дегенмен саналы ақыл да бар» – деп жазады Ёсико. Неге «бізде?» Неге ол «менде» деп жазбайды? 

Оның жүрегі кеудесіне сыймай алас ұрды. «Олар кешкі алтыда кездескен. Егер қайынапасына барып оның кеше түнде нешеде оралғанын сұрап білсе ше? Бүгін не істеп жатыр? Қазір қайда?»

Әйелінің бар ықыласын салып дайындаған кешкі асы да алдына келіп қалды: жаңа піскен тунец, салқындатылған соя сүзбесі, әртүрлі тұздықтар. Бірақ оның тамаққа тәбеті шаппады, тек қайта-қайта сакэ құйып іше берді.

Кішкентайды ұйықтатып тастаған әйелі оның қасына келіп, темір пештің жанына отырды. Содан соң күйеуінің қасында жатқан хатқа көзі түскенде:

– Ёсико-сан не жазыпты? – деп сұрады.

Ол үндеместен хатты қолына ұстата салды. Хатты алған әйелі күйеуінің жүзіне барлай қарағанда дауылдың жақындап келе жатқанын бірден сезе қойды.

Хатты оқып болып, қайыра бүктеп салды да:

– Демек, ол келген екен ғой, – деді.

– Иә.

– Токиоға ұзақ уақытқа келген бе?

– Хатта жазылған ғой – жақында кетеді...

– А-а, кете ме?

– Бірақ оны кім біледі!

Күйеуінің жеки сөйлегенінен ол қайтып аузын ашпады. Арада біраз уақыт өткенде ғана барып:

– Расын айтқанда, жас қыздың жазушы боламын деп әуреленуі ақымақтық қой. Құр қиялдың соңынан жүгіріп, ата-анасын да алаң қылады, – деді.

Ол: «Бәрінен бұрын сенің көңілің орнына түседі» дей жаздап барып, бар болғаны:

– Бәрібір сіз оны түсінбейсіз... Одан да тағы да сакэден құй.

Момын әйелі қолына бөтелкені алып, киотолық тостағанды бетіне дейін толтырып құйды. Тек шарап қана ішіндегі өрттің бетін қайтара алатындай ол қомағайлана жұта берді. Үшінші бөтелке босауға таяғанда әйелі алаңдаушылық білдірді:

– Соңғы уақытта сізге бірдеңе болып жүрген сияқты.

– Неге олай дейсің?

– Мөлшерден тым көп ішесің.

– Онда тұрған не бар?

– Бір нәрсе жаныңа батып жүр, демек... Ёсико-сан үшін осынша уайымдауға бола ма екен?

– Не деген ақымақтық! – деп дүрсе қоя берді ол.

Бірақ әйелі қайта қоймады:

– Көп ішкен зиян. Жетер енді. Әйтпесе, жуынам деп барып тағы да ұйықтап қаласың. Біз қызметші Оцуру екеуміз ап-ауыр денеңді көтере алмаймыз.

– Жарайды, жарайды. Тағы бір құйып жібер, сосын жетеді.

Ол тағы бір бөтелкенің жартысын тауысты. Масайғаны сондай, беті нарттай қызарып, көздері әйнектене бастады, кенет ол орнынан атып тұрып:

– Белдігімді әпер! – деді.

– Қайда барасың?

– Санбантеге.

– Әпкеме ме?

– Иә.

– Онда бармай-ақ қой, өтінемін, бұл қауіпті...

– Қайдағыны айтпа! Мен өз оқушымды қараусыз қалдыра алмаймын! Біреудің қызын қамқорлығыма алған екенмін, енді оның бөтен бір еркекпен Токионы шарлап жүргеніне көз жұмып қарап отырмақпын ба? Бұдан әрі оны әпкеңнің үйінде қалдыру қауіпті. Тура бүгін барамын да, егер Ёсиконы ертерек кездестірсем, үйге алып келемін. Екінші қабатты тазалап-жуғызып қой.

– Біздің үйге ме? Қайтадан ба?

– Әлбетте солай.

Әйелі белбеуін беруге асыға қоймады.

– Жарайды онда, осылай да бара беремін! – Ол басына қалпағын да киместен ақ түсті жазғы кимоносының белін мыж-мыж болған белбеумен буа салып, үйден асығыс шыға жөнелді.

– Тоқтай тұр, қазір беремін... Адамды бекер әбігерге түсіріп! – деген дауысы естілді соңынан.

(Жалғасы бар).

Аударған Меңдолла Шамұратов

Жанын жалаңаштап жазған жазушы

Жапон әдебиетіндегі натуралистік бағыттың негізін салушылардың бірі –Таяма Катай (1872-1930) есімі арада бір ғасырдай уақыт өткенде бұрынғы кеңестік елдер арасында қайта жаңғыра бастады. Оның себебі, өткен жылы ғана, яғни 2025 жылы әйгілі жазушының «Футон» (Төсек) және «Ауыл мұғалімі» романдарын ресейлік жазушы-аудармашы Павел Соколов алғаш рет орыс тіліне аударды. 

Кеңестік дәуірде Катайдың көп шығармасы советтік цензурадан өтпей қалған екен. Соның салдарынан оның небәрі бір-екі әңгімесі ғана аударылған. Міне, сондықтан да Таяма Катай есімі бүгінгі күнге дейін бізге аса жақсы таныс емес.

Осы арада кеңестік жүйе Катай шығармаларын неліктен қабылдамады деген заңды сұрақ туары сөзсіз. Оның себебі, Катай шығармаларында өзінің моральдық құлдырауларын да, пендешілік әлсіздіктерін де, күнәлі ойларын да еш бүкпесіз ашық жазады. Әсіресе, «Төсек» романы (жазушының жаңа «ватакуси сёсэцу» (өзі туралы роман) жанрдағы алғашқы туындысы) кезінде жапон әдебиетінде ерекше құбылыс болды. Басты кейіпкер жазушы Такэнака Токио (жазушының өзі) әйелі, үш баласы бола тұра, өзінен әдебиеттің қыр-сырын үйренуге келген оқушысы – жас қызға ғашық болады. Ол моральдан, қоғамның дәстүршіл құндылықтарынан аттай алмаса да, біржола бас тартуға тағы ерік-жігері жетпейді. Оны көңіл білдіріп жүрген жігітінен қызғанып, моральдық тұрғыдан өзінің құлдырауына жол береді.

Көпшілік оқырмандар, әдеби орта бұл романның кейіпкерлерінің өмірдегі прототиптерін жазбай танып, жазушыны осыншалық ашықтығы үшін кезінде қатты сынға да алған. Әйтсе де, Таяма Катай түгелге дерлік шығармаларын натуралистік бағытта жазып, өзінің бүкіл жан-дүниесін оқырмандарына жалаңаштап көрсетуден танбаған. Оның шығармаларында ойдан құрастырылған сюжет жоқ. Бәрі өмірдің шындығы, өзінің шындығы. Әлбетте, өзің жайлы барлық кемшіліктерің мен қателіктеріңді, моральдық қарама-қайшылықтарыңды ашық та батыл жазу, оның зардаптарынан, қоғамның аяусыз айыптауларынан қорықпай бар болмысыңды боямасыз көрсету – екінің бірінің қолынан келе бермейді ғой. Бұған қандай ерік-жігер керек екенін өзіңіз де шамалап отырған шығарсыз. Бір сөзбен айтқанда, Таяма Катай – жаңаша ойлауға, өзгеше жазуға үйрететін, біздің ой-санамызға өзгеріс әкеле алатын жазушы.

Аудармашыдан

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan