Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

07.04.2023 2436

Телегей Темірбек 14+

Телегей Темірбек - adebiportal.kz

 

Өткен ғасырдың отызыншы жылдары «Темір-Нарком» атанған Темірбек Жүргеновтың есімі бүгінде иісі қазаққа етене таныс. Ол – Қазақстан мен Орта Азия республикаларындағы оқу-ағарту, мәдениет, әдебиет және өнер саласының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, сыншы-көсемсөзші. Өткен ғасырдағы қазақ руханиятына қатысты келелі жұмыстардың барлығын Темірбек Жүргеновпсыз елестету мүмкін емес. 

Биыл Алаштың асыл азаматы, бір туар тұлғасы Темірбек Қараұлының туғанына 125 жыл толып отыр.

Бүгін Қазақ Ұлттық өнер университетінің 25 жылдығын аясында мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтың 125 жылдығына орай «Темірбек Жүргенов – қазақ өнерінің жанашыры» атты дөңгелек үстелі өтті. Дөңгелек үстелді Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Қазақ ұлттық өнер университеті «Театр өнері және өнертану» факультеті «Өнертану» кафедрасы «Музыкалық драма және қуыршақ театр өнері» кафедрасы ұйымдастырды.

Дөңгелек үстелді Қазақ ұлттық өнер университетінің аға оқытушысы, ақын-жазушы, кинодраматург, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Ұларбек Нұрғалымұлы жүргізіп отырды.

Қайраткердің еңбек жолы мен тұлғалық қасиетін ашуға арналған ғылыми конференция ең әуелі Қазақ Ұлттық өнер университеті «Музыкалық театрдың артисі» мамандығының 2 крус студенттерінің жазушы-драматург Р. Отарбаевтың «Нарком – Жүргенов» пьесасын сахналаумен басталды. Студенттердің жетекшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Музыкалық драма және қуыршақ театр өнері» кафедрасының меңгерушісі Жанқалдыбек Муфтиұлы Төленбаев.

Іс-шара барысында Өнер ұлттық университетінің ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор Мұхтарова Ғайни Сейсенқызы, Темірбек Жүргенов қоғамдық қорының төрағасы, Қызылорда облыстық Қоғамдық Кеңес мүшесі Сәби Әбдіқадырұлы Аңсат, «Театр өнері және өнертану» факультетінің деканы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақыш Омар Қоңыртайұлы,  Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты, ҚР журналистер одағының мүшесі, жүргеновтанушы-ғалым Бауыржан Иманғалиев, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Әбдіжәлел Бәкір, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, өнертану кандидаты Мұқышева Назира Рахманқызы, Phd докторы, ҚазҰӨУ-нің доценті Нартай Рамазанұлы Ескендиров, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық  университетінің докторанты, «Әлеуметтік гуманитарлық пәндер» кафедрасының аға оқытушысы Атанакова Қарлығаш Мұратбековна қатысып, Қ.Т.Жүргеновтің қайраткерлігіне, ел үшін жасаған еңбегіне шолу жасап өтті. Сонымен бірге Темірбек Жүргеновтың туыстары қайраткер туралы естеліктерімен бөлісті.

Шараның соңын ала «Өнертану» кафедрасының студенттері Т.Жүргеновтың ұлт өнеріне жасаған қызметі жайында баяндама жасады. Айталық, «Театртану» мамандығының 3 курс студенті Айзада Агидоллаева «Ұлт жанашыры – Т.Жүргенов», «Кинотеледраматургия» мамандығының 3 курс студенті Аяулым Қайратқызы «Қазіргі қоғамда қайраткер тұлғаның қай қыры қатты керек» атты тақырыпта өз ойларын ортаға салды.

Темірбек Жүргеновтың рухани мұрасына арналған дөңгелек үстел барысында баяндамалар мен ғылыми пайымдардың арасында Өнер унеиверситетінің шәкірттері әнмен әрлеп, күймен көмкеріп отырды. 

Айталық, «Дәстүрлі ән» кафедрасының 1 курс студенті Шерхан Тұяқ Қуанышұлы «Паровоз» әнін әуелетсе, «Домбыра» кафедрасының 3 курс студенті Аяна Сатаева Қазанғаптың «Күй шақырғыш Ақ желең» күйін нақышына келтіріп орындады. 

Мемлекет және қоғам қайраткері, саяси қуғын-сүргін құрбаны Темірбек Қараұлы Жүргеновтің қазақ өнері, әдебиеті, мәдениетіне және білім саласына қосқан зор үлесін дәріптеу. Мемлекетке сіңірген еңбегі мен күреске толы өмір жолына шолу жасау арқылы өскелең жас ұрпақтың санасына мемлекетшілдік ұғымын және ұлттық мүддені қорғауды, ұлтқа қызмет етудің азабы мен абыройын сіңіру мақсатында ұйымдастырылған ғылыми талқы отырысы осылайша өз мәресіне жетті.

 

Дөңгелек үстелге қатысқан университеттің шәкірттеріне қайраткер Темірбек Жүргеновтың күрескерлік өмір жолы айрықша әсер еткені анық. Жас шығармашылық иелерінің Жүргенов мұрасына деген жауапкершілігі мен құрметін ескере отырып, «Әдебиет порталының» оқырмандарына «Театртану» мамандығының 3 курс студенті Айзада Агидоллаеваның «Ұлт жанашыры – Т.Жүргенов» атты баяндамасын арнайы ұсынғанды жөн санадық. 

Ұлт жанашыры – Темірбек Жүргенов

Бүкіл ел болып даңқты мерейтойын атап өтіп жатқан Темірбек Жүргенов – жан-жақты білім иесі, ұлттың ұлт болып қалыптасуына, өзгелермен терезесі тең іргелі ел болуына барын салып, сол жолда жанын пида еткен ұлы тұлғаларымыздың бірі. Біздің қайталанбас тұлға жайлы айтатын нәрсе өте көп. Бірақ мен, ең маңызды қазіргі қоғамда өз орнын жоғалтып жатырған тіл мен өнер жағын айтқым келеді. Ұлтты ұлт ететін басты критерий – тіл демекші, Жүргеновтың ең басты мақсаты өз ұлтына өзінің ана тілін сіңіру болды. Бастың қайда қалғанын мойын білмейтін қиын шақта Т.Жүргенов өмір мен өлім арасында жүріп елінің ертеңіне алаңдады. Өз халқын оятудың, еңсесін көтерудің, күш-жігер берудің бірден бір жолы – халықтың рухын көтеру деп білді. Ол үшін жаппай сауаттылық, жоғары білім, мәдениет керек еді. Т.Жүргенов осы армандарын іс жүзінде жүзеге асырып Голощекинге былай деп хат жазады: “Қазақстанға 7-10 жылдық мектеп жүйесін құру керек, үлкен білім ордалары қажет. Қазақ тілін жете білудің өзі мәдениет деп ашуланады. Д.Исабеков айтқандай “Ол кезде бұлай жазу, қасыңнан өтіп бара жатырған ажалды шақырып алғанмен тең” -  деп Т.Жүргеновтың батылдығын, қайсарлығын сөз еткен. Қалай болған күнде де, Жүргеновтің қанатты сөздерін қазіргі қазақ тілін менсінбейтін қандастарымыздың маңдайына жазып қойса артық болмас еді.Темірбек Жүргенов термин сөздерді аудару және жасау мәселесінеде қатысты талаптарды анықтап, тіл тазалығын сақтауға шақырған. Тілдің қоғамда атқаратын рөлі, ойыңды таза жеткізу бүгінгі күнге дейін сақталып келеді. М.Жұмабаев айтқандай  “Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болу керек” Бүгінгі күнде бір-екі басұа ұлттың өкілі отырса Бәрімізге түсінікті тілде сөйлейік -деп мәжілістерді орысша жүргізуді әдетке айналдырған. Дәл бүгінгі Тәуелсіздігімізді алып етек жеңімізді енді жиған кезде, Темірбек Жүргеновтей Сіз Қазақстанға келдіңіз екен, егерде мұнда жұмыс істегіңіз келсе, республиканың мемлекеттік тілін білуге міндеттісіз – деп батыл ашық айтатын тұлғалар жетіспейтін секілді. Тұлға демекші, жалпы тұлға деп кімдерді айтамыз. Тұлға, данышпан, ғұлама, қайраткер деген сөздердің парқын түсініп жүрміз бе. Кейбір журналистердің айтуынша  олардың барлығы бірдей. Бәлкім сол үшінде шығар бүгінгі біздің қоғамда кез-келген адам қайраткер  аталып, сөздің құны кетіп қалған секілді.                               

ХХ ғасырдың 1930 ылдары қазақ халқы тарихындағы ең ауыр жылдар болды.   Аштықтан әбден есеңіреп қалған ел жұрттың басын жинау Т.Жүргеновтың ғана қолынан келді. Мәдениет пен білім беру саласында қайта құрулар жасады.   Өкіметтің театрға байланысты қаулыларын негізге ала отырып барлық облыс орталықтарында театр труппалары мен студиялар ұйымдастырылды. Соның нәтижесінде 1937 жылы Қазақстанда жалпы саны жиырма екі театр жұмыс істеді.Т.Жүргенов театрдың ұлттық кадрларын режиссерлер мен актерлерді, суретшілерді, музыканттарды даярлауға мол еңбек етті. Музыкалық театрды ұзаққа созбай, әуелі музыкалық студия құрып, қазақ драма театрынан ән биге икемі бар актерлерді өзі іріктеп шығарған. Олар Ә.Қашаубаев, И.Байзақов, Қ.Жандарбеков, К.Байсеітова, биге икемі бар Ш.Жиенқұловаларда бар. Тағы бір ескере кететін жайт, режиссер Ж.Шанинмен бірге тығыз қатынаста болды. “Айман-Шолпан” туралы пьеса жазуды М.Әуезовке, музыкасын И.Коцыкка, режиссерлік жұмысын Ж.Шанинге зор сеніммен  тапсырды. “Айман-Шолпан” пьесасының талқылау мәжілісіне қатысқан А.Жұбанов: “Темірбек көп сөйлеуді жек көретін,нағыз істің адамы еді. Ол екі суық сөзбен мәжілісті ашты да Мұқаңа пьесаны оқытты. Сол кездің өзінде жиырмадан астам пьесасы бар М.Әуезовтің бұл туындысы да  тыңдаушыларды қанағаттандырды. Т.Жүргенов соңғы сөз сөйлегенде былай деген, Мұхтар Осы Басыбар демей-ақ, сол шалдың азан айтып қойған Көтібар атын өзіне қайтарсаң қайтеді. Қаншама мәдениетті ат қоямын десеңде, басы бар болса да адамның басқа да жақтары бар екенін бәрі біледі ғой” ‘– деді. Отырғандар біраз күлісіп, М.Әузеов ұсынысты қабылдап өзгертеді. Осы тұста Т.Жүргеновтың әзілге жақын екенін де байқаймыз.    1934 жылы 13 қаңтарда М.Әузеовтың “Айман-Шолпан” комедиясы Т.Жүргеновтың тікелей басшылығымен қазақтың музыкалық театры өз  шымылдығын ашты. Бірі білсе, бірі білмес,  сол кездерде Т.Жүргенов Бүкілқазақстандық өнерпаздар слетін өткізіп,  Қазақта би жоқ, болмады деген түсініктің тас-талқанын шығарып, бидің небір түрі бар екенін жайып салды. Ел ішінен жиналған тума таланттардың күшімен өнерді өсіруге болатынын Т.Жүргенов осылай іс жүзінде іздестіріп тауып, олардың шеберліктерін шыңдауына қамқорлық жасап отырды. Тек осымен тоқтала қоймай ол Ғ.Мүсіреповке “Қыз-Жібек” лиро-эпосы жазуды тапсырады. Сол кезде спектакль музыкасын жазатын сазгер таппай жүрген кезінде К.Байсейітованың таныстыруымен Ленинградттан келген Е.Г.Брусиловскиймен жолығып, Құрманғазының Серперін тыңдап, табиғи дарынын байқап, “Қыз-Жібектің” музыкасын жазуына сенім білдіреді. Т.Жүргеновтың адам тани білетін сұңғылығының арқасында Е.Г.Брусиловский қазақтың ұлттық операсын жазған алғашқы адам болып, қазақ театр тарихында қалды. 

Т.Жүргенов өз қолымен пьеса жазбаса да, спектакль қоймаса да, режиссерге тән қабілетін байқаймыз. Оның музыкалық театрды ұйымдастыру қарсаңында істеген істері,режиссердің жұмысымен бірдей. дәлірек айтатын болсақ, пьесаны авторға оқытып,оны бірнеше адммен отырып талдауы режиссердің үстел басындағы жұмысынан еш айырмашылығы жоқ. Екіншіден: Ж.Шанинмен бірлесе отырып, рөлді жаңылыспай бөлуге қатысуыда режиссерлік жұмысқа жатады. Үшіншіден: репетиция кезінде музыкалық театрдың ерекшелігі туралы ой салып, спектакльде халықтың ән мен музыкалық мұрасын талғаммен пайдаланудың жолын да өзі нұсқап отырған. Спектакль костьюмдері де оның назарынан тыс қалмаған. Т.Жүргеновтың сахна өнерінің қыры мен сырын театртанушыдай жетік білгендігін бірден аңғарамыз. 1936-1941 жылдар аралығында кеңес үкіметі көп ұлтты туысқан халықтар мәдениеті мен өнерін жақындастыра түсу мақсатында Москвада көркемөнерінің онкүндігін өткізуге кіріседі. Енді ғана еуропалық үлгіде көшін түзей бастаған қазақ өнерінің сан ғасырлық мол мұрасын, өзгелерге таныту мүмкіндігі туды. Бұл сыннан сүрінбей өтуге Т.Жүргеновте ықпал етті. Ол театр қайраткерлерімен тікелей кеңесе отырып, Москваға музыкалы театрдан “Қыз-Жібекті’ апару жөн деп ой тастады.    Спектакль дайындығын күшейтіп, оны тікелей өзі бақылады. К.Байсейітова: “Бір қарасаң,Темекең театрдан шығып барады, енді бір кезде айнала көз салсаң, сенің қалай ойнап жатқаныңды қадағалап дәл қасыңда отырады” – дейді. Ал Қ.Жандарбеков: “Олар Ораз Исаев екеуі бір ай бойы музыка театрының үйінде, спектакльдердің концерттің репетициялардың ертеңнен кешке шейін отыратын.” – дейді. Бұл айтылғандардан Т.Жүргеновтің темірдей қатаң тәртіп орнатып, репетициялардың үздіксіз өткізілуін қадағалағаны байқаймыз. Тіпті Москваға бара жатқан кезде де Т.Жүргенов поезд составына екі вагон-клуб тіркетіп, күндіз-түні репетиция жүргізуді тоқтатпаған екен. Бұдан шығар қорытынды – Т.Жүргеновтің театр ісі мен шығармашылық үрдісті терең түсінетіндігі. Өнердің өріне шығу үшін талант пен бірге еңбек қажеттігін өзгелерге ұқтырып отырды. Бүгінгі бізді қоғамға осындай темірдей қатты, жан-жақты, елінің ертеңіне алаңдайтын режиссерлер мен нағыз қоғам қайраткерлері жетіспейтінін айта алуымыз керек. Менің ойымша, көптеген адамдар қоғамға қатысы болсын, өнерге қатысы болсын Т.Жүргеновтен үлгі тұтып сол жүрген жерлермен жүру керек деп ойлаймын. Қазақтың қазақ болып қалыптасуына зор еңбек еткен, білгенімен бөліскен Темірбек Жүргеновтей екі-үш адам болса, біздің қоғам, өнерсүйгіш болып өсіп өнетін еді.

Осы жүлгемен Кинотеледраматургия мамандығының 3 курс студенті Аяулым Жақыпованың  “Қазіргі қоғамға қайраткер тұлғаның қай қыры қатты керек?” атты баяндамасын ұсынамыз.

Қазақ өнері мен мәдениетінің өркендеуіне аса зор үлкес қосқан Мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтың еңбегі жайлы бұрын дерліктей терең біле бермейді екенмін. Қайраткер тұлғаның 125 жылдығына орай университетімізде өткізіліп отырған осы шараға қатысу барысында біраз ізденуге тура келді. Сол ізденіс барысында тек қайран қалумен, таңданумен болдым деуге болады. 

Жазушы Ғабит Мүсірепов: «Жүргенов – тілді де тісті, жігерлі де іскер адам», – деген екен бір сөзінде. Бұл тұрғыда Темірбек Жүргеновтің  бойындағы ең ұлы қасиеттерін түртіп өткенін байқаймыз.  «Біз қазақ мәдениетінің шырқау шыңдары үшін Темірбек рухының алдында қарыздармыз» - деген екен Әбіш Кекілбаев. Сол жігерді біз жастар сезіне алдық па? Сол қарызды өтей алдық па? 

Ендеше, мұндай тұлғаның атына көптеген мектеп, көше атаулары, Алматы  қаласындағы өнер академиясының аты беріліп, оның алдына орнатылған ескерткіш орнатумен ғана шектелсек ұлт өнеріне өлшеусіз үлес қосқан қайраткердің шын арманына жақындай алмаған болар едік. Менің ойымша сол Темірбектей тұлғалар тәрбилеу жолында оның өнегелі ісін, батыл шешім жасауағы қадамдарын көбірек нәсихаттау керек секілді.

Жалпы, қазіргі қоғамда дәл Темірбек Жүргенов секілді жігерлі, адал зиялы тұлға аз. Жастар қауымына Т.Жүргеновтің өмірін, қиын да қилы жолын көрсеткен жөн деп есептеймін. Әрине, бұл тұрғыда фильмдер мен қойылымдар көбейгені абзал. Қазіргі таңда тек қана деректі фильмдермен шектеліп тұрғаны қынжылтады. Режиссер Еркін Рақышевтің «Темір нарком – Темірбек» атты екі сағатқа жуық деректі фильмінде Жүргеновтің жұбайы Дәмеш Ермековамен өткерген қызықты сәттері мен халық үшін атқарған жұмыстарынан естеліктер көрсетілген. Әрине, деректі фильмдердің болғаны қуантады. Кем дегенде өмірінің естеліктерімен таныс боламыз. Әйткенде де, тарихи тұлғалық сериал не болмаса толықметрлі фильм жарыққа шықса, көрермен көзайымына айналары сөзсіз еді. 

Өйткені, ғылыми деректік танымды зерттеу ақиқатты көрсету болса , көркем дүние – сол шындықты  жүрекке жеткізуші. Егер бұл тұрғыда толықметрі фильм түсірер болса, кем дегенде шығармашылық және саяси өмірін көрсетуге болар еді. Ал телесериал болса  толық 8-10 серияға 30 минуттан беріп саяси еңбектері әрі шығармашылық жолы  мен жары Дәмеш Ермекованың берген қолдауы мен махаббатын көрерменге жеткізіп, қазіргі жастарға үлгі етер едік. 

Тахауи Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық  драма театрында Рахымжан Отарбаевтың «Темір Нарком» атты тарихи драмасын сахналапты. Қойылымда көптеген қазақ жазушылары мен қоғам қайраткерлерін көреміз. Диалогтар арқылы Т.Жүргеновтің мінезін танимыз, сонымен қатар әкесі Қара Жүргенұлының тектілігі мен маңдай терімен жеткен жетістіктеріне куә боламыз.  Декорациялық жұмыс пен актерлық шеберлік спектакльді жоғары деңгейде алып шыққан. Тәнті боласыз. Осындай драмалық сахналардан жастарда егемен еліміздің қандай қиын жолдардан өткенін ескерер еді және тек қана Т. Жүргеновтің емес, соның ішінде Жамбыл Жабаев, Ғабит Мүсіреповтің секілді зиялы тұлғалардың да көп көрсетіле бермейтін өмір жолдарына куә болар едік.  

Темірбек Жүргенов ұлттық тілімізге деген құрметі, тілге деген сүйіспеншілігі мен қамқорылығын белгілі композитор Е.Брусиловский өзінің «дүйім дүлдүлдер» атты мемуарлық кітабында айтып кеткен екен. Кітапта Борис Орлов Темірбек Жүргеновке қазақша сөйлемеуін, орысша түсіндіруін өтінгендігін, ал Темірбек Жүргеновтің  Қазақстанда отырып орысша сөйлеуін өтінгендігін дұрыс санамай, ана тілін құрметтеуін сұрап ұлт намысын аяққа таптатпаған асқақ бейнесі туралы естелік айтылады. Бұл «қылышынан қан тамшылап тұрған» деп суреттелетін Кеңес үкіметі тұсындағы жағдай. Ал, бүгінгі Тәуелсіздікгіміз бар бола тұра, оған 30 жылдан астам уақыт өтсе де қазақша білмейтін, қазақша сөйлеуді ар санайтын ақ жағалы шенеуніктер қаншама? Ішің ашиды! Өз қатарымыздағы жастар да аз емес.

Жүргенов десе елдің бәрінің есіне түсе кететін жәйт 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнері онкүндігі. Иә, бұл шараның бас ұйымдастырушысы Темірбек Жүргенов болды. Қазақ халқының рухын, қазақ деген ұлттын бар екенін, мәдениетіміз бен өнеріміздің қандай екенін Темірбек Жүргеновтің ықпалымен КСРО кеңістігіне көрсетілді. Міне, көпшілік тек осы тұсқа дейінгі ақпаратпен ғана шектелетін секілді. Темірбек Жүргенов қорының президенті, белгілі қаламгер Сәби Аңсатов дәл осы жағдайдың терең бір мәні туралы жазады.  «Онкүндіктен кейін Кеңес үкіметі 1931-1933 жылдары өткен ашаршылыққа себепкер болғандарын іштей сезінгендей болған. Бұдан кейін араға үш жыл уақыт салып 1936 жылы Қазақ Кеңестік Социалистік Республика деп қайта құрылған болатын. Әрине, бұл жағдай 1991  жылы алған Тәуелсіздігімізге үлкен жемісін берді. Яғни, Темірбек Жүргенов – тәуелсіздігіміздің себепкері» дейді. Міне, егер бұл тұтас елдің тәуелсіздігіне себепкер іс болса, онда Темірбек Жүргеновтың бұл еңбегі неге мемлекеттік деңгейде айтылып, дәріптелмейді?

Темірбек Жүргенов кішкентай кезінен білімге, өнерге құштар болған. Әкесі Қара тіл білуіне, оқып білім алуына жағдай жасаған. Орыс тілін жетік меңгеріп, Кеңес үкіметімен тығыз байланыс жасай отыра, Қазақстанның дербес халық болуына үлес қосты. Сонымен қатар, Халық ағарту комиссары болып қызмет істеген шақтарында, Қазақстандық студенттерді назарынан тыс тастамай, қолынан келгенше көмек көрсеткен. Білім, ғылым, мәдениет, өнер салаларына елеулі үлес қосып, қазіргі белгілі оқу орындары мен театрлардың кірпішін қалауға, іргетасы қалануына себепкер болды. Тәжікстанда жүрген уақытында көптеген өзбек мектебін ашып сауатсыздықты жойды. Қазақстанға келгеннен кейінде осы жолмен жүріп, көптеген мектептердің ашылуына себеп болды. Жағдайы жоқ, жетім қалған балаларға арнап балалар үйін де ашқан. 

Т.Жүргеновтің  жұбайы Дәмеш те оның революционер екенін, ірі реформалар талай жасайтынына сеніп, махаббаты арқылы шабыт пен жігер берген. Дәмеш Ермекованың  бір сұхбатында «біз танысқан күннен бастап, маған деген махаббатын  күніге 3 хат жазып, қағаз бетіне түсіріп отырыпты. Мен Ташкенттен  келе салысымен  тұрмысқа шығуға ұстыныс  жасады» дейді. Кейін ұлдары дүниеге келеді. Дәмеш Ермекова екеуінің  махаббаты 14 жыл бойы баянды өтеді. Әрине, Темірбек Жүргенов бұл уақыттарда отбасының жанында ұзақ уақыт бола алмайды. Алматының өзінде 3 жыл ішінде  18 мектеп салынады. Тіпті, бір күні жары Дәмеш Ермековамен  серуендеуге шығып, жолай өзінің опера театры ашатынын айтып таң қалдырған. Сәйкесінше арада бірнеше ай өтіп жаңа опера  театрдың іргетасы қаланады. Осы тұста Темірбек Жүргеновтің әкесі Қара Жүргенұлына ұқсаған бірбеткей, әр сөзді мақсатпен айтатын білікті де дана тұлға екенін білуге болады. Сонымен 1934 жылы алғаш рет «Айман-Шолпан» музыкалық қойылымы қойылып, тұсаукесерін жасайды.

Темірбек Жүргенов Қараұлы өмірінің соңғы күндеріне дейін қазақ халқына адал қызмет жасады. Ең өкініштісі осындай зиялы тұлға өз замынында бағаланбай, жала жабылып, ату жазасына кесілді. «Халық жауы» деген жалған айыппен 1937 жылы 3 тамызда ұсталды. Ақыры атылды.

Темірбек Жүргенов қорының президенті Сәби Аңсат «Qazaq adebieti» газетіне берген сұхбатында «Жүргеновтің түбіне көреалмаушылық жетті» дейді. Расында Темірбек Жүргеновтің жасаған еңбектері мен жұмыстары ел арасында көп айтылып, атағы кеңінен тарады. Сәйкесінше  көреалмайтын адамдарда пайды болды. Кейін КСРО Жоғары Кеңесінің депутаттығына үміткер болды. Бұдан кейін жаулары одан әрі тіс қайрары сөзсіз еді. 

Қорытынды ретінде айтарым, дәл бүгінгі жастарға Темірбектей тұлғаның термірдей қайраттылығы, қылыштай өткір мінезі, ұлт ісі екіталай күйге түскен алмағайып уақытта жылдам шешім қабылдап, мүлткісіз атқаратын қарым-қабілет, біліктілік, ең бастысы істеген істің барлығы ұлттық мүдденің үддесінен шығатындай болуын өлшейтіп парасатты ұлтшылдық қажет дер едім.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар