Ойы сан-саққа жүгіріп, дөңбекшіп жатып таңға жуық көзі ілінген Айдар күн шықпай оянады. Кешкі жауған қар аралас жаңбыр суынан ысынған бөлмесінің желдеткіші де шала жабылған тәрізді. Мал қора жақтан шыққан көңнің қоңырсығы мен дымқыл шөптің иісі көктемнің салқынымен қатарласып, ұйқының соңғы жұрнағын да қуып жібереді. Таңғы ауылдың дыбысы әдетте көп болмайды: алыстан бір иттің қырылдай үргені, бір сиырдың мөңірегені, есік ілгегінің сақ еткені. Сол аз дыбыстың өзінде тірліктің салмағы бар.
***
Алакөлеңке, жұпыны үйдің іші тым-тырыс. Тек төр жақта әкесінің кешеден бері тымауратып жатып қалған тынысы ауырлап-жеңілдеп естіліп қояды. Әке бұрын бұлай емес еді. Қазір кірпігі әлсін-әлсін дір етсе де, көзін ашуға ерініп жатқандай. Айдар әкесіне қарап тұрып, «аурудың өзі емес, ойдың салмағы басып жатыр-ау» деп ойлайды.
***
Түндегі әңгіме қайта-қайта есіне түседі. Ол үйдегілерге өзінің енді ауылдық жерде қала бергісі келмейтінін, қалаға барып нәпақа іздеу ниетін білдіргенді. Анасын дауыстап сөйлетпейтін, өзі қысқа жауаппен ғана құтылатын әке алғаш рет ұзақ үнсіз қалды. Сосын пештің жанына жақындап, мұқият бүктелген бір қағазды ішкі қалтасынан алақанымен сипап өтті. Қағаздың шеті мыжылып қалған. Шам жарығы түссе, жазу анық көрінетіндей.
– Бұл – мен алған қарыз жазылған «қолхат», - деді әке жай ғана күмілжіп.
Сол сөз Айдардың төбесіне тас болып түсті. Өйткені ауылда біреуден қарыз алу деген – оның қол астына кіру. Ал қолхат деген – қиянат жасай алмайтын аманат. Оның өтеуі – біреудің малы, біреудің еңбегі, біреудің ұяты, тіпті біреудің жаны да болуы мүмкін. Қолхат деген – сөздің қағазға байланып қалған түрі. Қағаз жыртылып жазуы өшсе де, уәде жыртылмайды, қарыз өшпейді.
***
Айдар ауыр ойдың салмағымен ақырын басып сыртқа шықты. Есіктің алдына қойылған ескі легеннің беті қаймақшып мұз қатып қалыпты. Қолын тиізіп көріп еді, сықыр етіп ойылып кетті. Ол осы дыбысқа ұқсас бір нәрсе өз ішінде де қатайып келе жатқанын сезсе де, әдеттегідей сиырларды суарып жемдеуге қора жаққа беттеді.
***
Күн көтеріле бергенде, бұл ауылда күнделікті гу-гу әңгіме де көтеріледі. Кеше ғана біреудің қорасынан екі-үш ешкі жоғалғаны жайлы сөз шығыпты. Бүгін соны айтып отырғандар кешкісін басқа әңгімені айтады. Ауылдың сөзі мал қораның көңі секілді: бүгін тазалап күреп тастасаң да, ертең бұрқырап қайта шығады.
***
Айдар ауылдың әңгімесі секілді бітіп бермейтін қайталанбалы күнделікті күйбеңнің бүгінгісінің біразын реттеп, су әкеліп, от жағып, төсектен аяғын салбыратып отырған әкесіне шай құйып берді. Әкесі ыстық кесені ұстап тұрып, бір сәтке ғана көзіне жас толғандай болды. Бірақ ол жас сыртқа шықпай, қайта ішке жұтылғандай.
– Балам, - деді әкесі басы салбыраған қалпы, - өз намысымды сақтаймын деп жүріп, енді сенің намысыңа салмақ салып қойдым-ау…
Айдар жауап қатпады. «Жоқ, әке, сен кінәлі емессің» дегісі келді. Бірақ сөздің өзі әлсіз сияқты. Не деп айтса да қолхат жоғалмайды, қарыз өшпейді. Көңілдің мұзы ерігенмен, қарыздың салқыны қалпынша қалады.
***
Екі қарындасы сабаққа кеткен соң ол күн найза бойы көтеріле бере ауылдық әкімшіліктің бас жағындағы көшедегі дүкендерге беттеді. Дүкен дегені – ауылдың ортасын қақ жарып өтіп жатқан шаңдақ жолдың бойындағы ығы-жығы орналасқан тамдар. Ол әкесінің орнына бірнеше күн жұмыс істеп әрі қарыздың мән-жайын анықтауға ауылдағы белді алыпсатар Мырзабайдың дүкеніне кірді. Оның дүкені солардың ішіндегі кеңдеу біреуі. Есігінің алдында әрқашан ауыл адамы үзілмейді. Бірі шылымын тұтатып, бірі қарыз сұрап, бірі жаңалық аңдып, бірі басын жазудың қамымен тұрғаны.
Мырзабайдың аты ауылда көп айтылады. Бірақ төл құжатындағымен емес. Біреу қарыз алмақ болса – Мырзекең. Біреу той жасайтын болса – Мырзекең. Біреуге көші-қонға жанар май керек болса – сол баяғы Мырзекең. Қарыз беріп жақсылықты көп жасайды, бірақ жақсылықтың көлеңкесі ұзын.
Айдар дүкенге кіргенде, Мырзабайдың даусы сырттан-ақ естілді.
– Е, біздің Айдар келді ғой, - деді ол даусын көтеріп. – Әкең қалай? Кеше тағы мазасы болмай жатыр деп еді… Бұл сөздің астарында «ауылдың жай-жапсарын мен білмесем, кім біледі» деген бір мағына жылт етіп тұрды. Дүкен ішіндегілердің бәрі Айдарға қарап қалды. Бірінің көзінде аяушылық, бірінің көзінде қызығушылық, бірінің көзінде «енді не болады?» деген сұрақ.
Айдар басын изеді.
– Жақсы, - деді қысқа ғана.
Мырзабай жымиып қойды. Жымиғаны мейірімнен емес, өз сөзінің орнын тапқанына разы болғандай.
– Жақсы болса, жақсы. Дегенмен… - деп кідірді де, даусын жұмсартып, – адам баласы бір-біріне сүйеу ғой. Ел болып күн көреміз. Қол ұшын бермесек, кім боламыз? Әкеңнің орнына сені жұмысқа алайын, - деді.
Сөзі дұрыс сияқты. Бірақ дұрыс сөздің өзі кейде пышақтың сабындай болады: сырты жылтыр, іші темір.
Айдар дүкеннің ортасында ығы-жығы үйіліп жатқан ұн, шай, қант, тұз қаптарын көз қиығымен шолып өтті. «Ел болып» деген сөздің ішінде «елдің алдында» деген мағына да бар. Мырзабайдың айтқаны ертең міндетті түрде елге тарайды. «Әкесі науқас болған соң Айдар көмектесіп жүр» деген емес, «Енді Айдар қарыздар» деген болып тарайды.
***
Мырзекең мен бәйбішесінің берілген бұйрықтарды орындай жүріп, түскі жарты сағаттық үзілістен басқа уақытта дұрыс тізе бүкпеген Айдар кешкі салым уақыт болып қалғанын да сезбеді. Дүкеннен шыққанда аспан ашық еді. Бірақ Айдар соны байқамады. Кеудесінде бір ауырлық бар. Ол ауырлық қарыздың өзі де, жұмыстың ауырлығы да емес сияқты. Қарыз – есеп. Есептің жолы табылады. Ал бетке басылған жақсылық дүкенге келген-кеткеннің барлығына дерлік: «Малдары жұтап ауыл орталығына көшіп келгеннен банктегі өтей алмаған қарызын жауып мен қарайласып отырмын. Әкесі ауырып қалса да, баласына қарасып жатырмын», - деген сияқты Мырзабайға жеңіл, Айдарға ауыр сөздер еді. Бәрінен соның салмағы басқаша.
***
Үйге қайтып келе жатып, Айдар тоқтап тұра қалды. Жердегі майда қиыршық тасқа аяғы тиіп, бір-екі тас домалап кетті. Сол домалаған тастай болып, бір ой да домалап шығып келе жатты:
«Қарыз төлем деген тек ақша емес… Кейде адам төлемді өз намысымен төлейді. Бірақ намысты құнға айналдырмаудың жолы бар ма?»
Айдар сол сұрақты өзіне қойып тұрып, бір-ақ шешімге келе бастады: Саудагердің міндетсіген сөзін күде естіп жалшы болғысы жоқ, қашып та құтылмайды. Үндемей жүріп те құтылмайды. Құтылудың бір-ақ жолы бар: қарыз төлемді өз шамасымен бітіріп, еркіндігін ешкімнің аузына қаратпау.
***
Айдар үйге жеткенде күн еңкейіп, көлеңке ұзарып қалған еді. Қораның іргесіндегі ескі талдың бұтағы қабырғаға түскен сызықтай созылып, үйдің жұпыны түрін одан сайын жүдетіп көрсетеді. Есік алдына келгенде ол бір сәт тоқтап, ішке кіргісі келмей тұрып қалды. Ішке кірсе – әкенің күрсінген ауыр демі, ананың аяушылық танытқан үнсіз көзқарасы, қолхаттың салқыны тағы қарсы алады.
Бірақ қашып айналып өтетін жер жоқ. Үйдің іші бұрынғыша алакөлеңке. Пештің түбі қызарып, күлдің үстінде әлсіз жылу жылтырайды. Анасы қазан-ошақпен шұқыланып жүр екен. Даусы шықпайды, тек шымшуырдың тықылы ғана естіледі. Айдардың кіргенін көріп: «Келдің бе?» дегендей бір қарады да, қайтадан пештің аузына үңілді. Сол қарастың өзінде «мен де білем» деген бар еді. Ауылда кейде сөзден бұрын көз сөйлейді.
Айдар төр жаққа көз тастады. Әкесі қалың көрпеге оранып жатыр. Көзі ашық. Бірақ бір нүктеге қадалған. Түндегі «қолхат» деген сөз олардың үйінде көрпеден де қалың болып қалыпты.
Айдар киімін шешпестен, бір шетке отырып қалды.
– Мырзабайдың дүкеніне бардың ба? - деді әкесі, даусы біртүрлі солғын.
Айдар «бардым» деп басын изеді.
Әке үнсіз қалды. Сосын баяу ғана күрсінді.
– Ол… - деді де, сөзін жалғауға батылы жетпегендей тоқтады. – Ол сенің бетіңе бірдеңе айтты ма?
Айдар бір сәт ойланды. «Айтты» десе, әке одан сайын жабығар. «Айтпады» десе, өзі өтірікке жығылар. Айтса өзіне, айтпаса әкесіне қиянат тәрізді. Бір ауыз сөздің екі ұшы да өткір.
– Жасаған жақсылықтарын айтты, - деді ол ақырын. – Келген-кеткен елге де айтты.
Әке бәрін түсінді. Қайта сұрамады. Айдар жоқта байдың сырын толық білетін кемпірі екеуі ақылдасып қойды ма әлде жалғыз ұлдарының көңіліндегі қаяуға төзе алмады ма, тек: «Егер қаламасаң, ертең Мырзабайдың дүкеніне жұмысқа бармай-ақ қой. Оған ауылда қарыздар адам көп, басқасын тауып алар», - деді.
***
Сол түні Айдар тағы ұйықтай алмады. Төбедегі тақтайдың сызынан бірдеңе тамшылағандай болады. Сыртта иттер үріп қояды. Жел терезенің саңылауынан ызыңдап кіріп, бөлмені аралап өтеді. Бірақ Айдардың ішінде одан да суық жел жүріп тұрғандай.
«Қарыз ол – бейне бір құн төлеу…»
Ол бұл сөзді өзіне қайталап айта берді. Бірақ қарыз – біреудің қолына қарап қалмау. Қарыз – елдің алдында еңкею емес. Қарыз – есепті бітіріп, қаңқу әңгіменің аузын жабу.
***
Ертесіне таң ата салысымен Айдар ауылдың алдындағы өзен бойындағы қысқа қарай шабындыққа барып-келетін соқпақ жолмен тартып келеді. Ол жақта Қарасай деген көрші тұрады. Жасы үлкен, бір тоға мінезді, тура сөзді адам. Қолында тіркемелі тракторы бар. Кейде отын әкелетін кезде, шөп-шалаңда жалдап алатын.
Айдар қораның сыртына тоқтап, дауысын шығарып амандасты.
Қарасай сыртқа шықты. Үстінде қара шапан, басында бір құлағын жымыра киген малақай тымақ. Қолында темекі.
– Е, Айдар, - деді ол көзімен шолып. – Ерте жүрсің ғой.
Айдар бірден айналып сөйлемеді.
– Аға, жұмыс бар ма? - деді турасына көшіп.
Қарасай «жұмыс» дегенді естігенде бір сәт ойланып қалды. Ауылда жұмыстың өзі бар, бірақ ақысы жоқ екені белгілі еді. Көп нәрсе ағайынға, көршіге, туысқа, танысқа «жәрдем» болып кетеді. Ал Айдар «жәрдем» сұрап тұрған жоқ еді. Дауысында «есеп» бар.
– Бар, - деді Қарасай ақыры. – Ертең анау қырдың бергі бетінен отын артып келу керек. Бірақ оңай емес. Қардың астынан шыққан жер дымқыл. Трактор батып қала береді.
Айдар басын изеді.
– Болсын. Қанша төлейсіз?
Қарасай Айдарға қарап, алғаш рет анық күлді. Бірақ батылдығын іштей бағалағандай.
– Әй, сен… ақша сұрайтын болыпсың ғой, - деді кеңкілдеп.
Айдар күлмеді.
– Сұраймын, аға. Ауадай қажет.
Қарасайдың күлкісі солып қалды. «Қажет» деген сөздің ішінде басқа әңгіме жатқанын сезді.
– Жарайды, - деді ол. – Келісейік.
***
Айдар сол күннен бастап ауылда әркімнің жұмысына жалданды. Бір күні біреудің күл-қоқысын артысады. Бір күні біреудің көші-қонына көмектеседі. Бір күні біреудің қорасының қарын күрейді. Бір күні базарға мал айдап апарады. Қайда барса да, «ақысы» алдын ала айтылады. Айдар әр теңгені санап алатын болды. Әр теңгенің салмағын сезінетін болды. Ауыл адамдары мұндай жаңалықтан да құр қалмайды.
– Айдар ақша жинап жүр екен, - деді бірі дүкенде.
– Қайда барады екен? - деді екіншісі.
– Әкесінің қарызын жабады ғой, - деді үшіншісі, сөзін сыбырлап.
Сыбырдың өзі де жазғытұрымның желі сияқты. Бір үйдің шатырынан ұшып, екінші үйдің құлағына қонады.
Айдар олардың сөзін естісе де, тоқтамады. Себебі бұл жолы ауылдың әңгімесі оның жолын кесіп өте алмайтын еді. Ол әңгіменің ішінен емес, әңгіменің сыртынан шығатын жол іздеп жүрді.
Бір кеште, қолына азын-аулақ ақша жиналғанда, Айдар үйдің төріне отырып, қағаз-қалам алды. Ол бұрын есепке онша жақын емес еді. Бірақ қазір әр нәрсе есепке айналып бара жатқан. Орта мектепте математика пәнінің мұғалімін тыңдамағанына іштей өкініп, сырттай езу тартып қояды. Енді өмір мектебінің алдында есеп беруге тәуелді.
Қолхаттағы соманы есіне түсірді. Әкесі айтқан санды ойында қайта-қайта қайталады. Сосын соңғы күндері тапқан ақысын жазды. Алдында ұзын жол жатқанын көрді. Ұзын жолда адам шаршайды. Бірақ жолдың ұзындығы емес, мақсаттың анықтығы алып жүреді. Айдар белгілеу дәптерінің ең соңғы бетіне өзіндік қағидасы болдырып бір-ақ ауыз сөз жазды:
«Қарыздан құтылу – еркіндіктің бастамасы.»
Осы сөзді жазғанда, оның ішінде бір шымырлаған нәрсе болды. Қорқыныш емес. Ашудан да басқа. Бұл – адам өзіне өзі уәде бергендегі сезім болатынды.
Сол түні әкесі алғаш рет Айдарға ұзақ қарады.
– Балам, - деді ол, – сен…
Айдар әкесінің сөзін аяқтатпады.
– Әке, - деді ол жай ғана. – Мен барлық қарызды жабам. Бірақ бір нәрсені ұмытпаңыз: біз ешкімнің «аузында» қалмауымыз керек.
Әке көзін төмен салды. Көрпенің шетін қысып ұстап, бір сәт тістеніп қалды.
– Ол үшін… - деді әке ақырын. – Ол үшін көп күш керек…
Айдар басын изеді.
– Бірақ тырысамын, - деді өз-өзіне жігер беріп.
Ал сыртта ауыл баяғыша. Ит үріп жатыр. Сиыр мөңіреп жатыр. Есіктердің ілгегі сақ етіп жатыр. Бірақ Айдардың құлағына енді басқа дыбыс естілгендей: өз жүрегінің бір ырғаққа түскен соғысы.
Көлеңкеден күншуаққа ұмтылған қарекет жолы басталды. Бірақ байдың көлеңкесі де осал емес еді.
***
Келесі күндері Айдардың қолы босай қалса болды, ауылдың бір шеті «Мырзабай шақырып жатыр» деп сыбырлап шыға келеді. Ал шақыру дегені – өтініш емес, бұйрыққа жақын.
Бір күні түске таман Айдар Қарасайдың күзеулігінен қайтып келе жатқан. Иығында күрек, үсті-басы шаң. Аяғы талып, кенезесі кеуіп үйге жетсем деп келе жатқанда, жолдың бойындағы дүкен жақтан бір бала жүгіріп шықты.
– Айдар аға! - деді ентігіп. – Мырзабай аға шақырып жатыр. «Қазір дереу келсін» деді.
Айдар тоқтады. «дереу» деген сөздің өзі ауылда басқа мағына береді: өз шаруаңды жина да, бөтеннің шаруасына бар.
– Не үшін? - деді Айдар.
Бала иығын қиқаң еткізді.
– Білмеймін. «Келсін» деді.
Айдар жолын жалғастырды. Бірақ аяғының ырғағы баяулады. Ішіндегі әлгі қатайған нәрсе тағы да сықыр етіп қозғалғандай болды. Ол дүкенге бармауға да болар еді. Бірақ бармай қалса, ертең-ақ әңгіменің басы басқа жаққа бұрылады.
«Айдар әкесін асырап отырған Мырзекең шақырғанда келмей қойыпты…»
«Қарызын ұмытқан ғой…»
«Көрдің бе, жақсылықты білмейді…»
Айдар соны ойлап, бұрылды.
Дүкеннің алды баяғыша ығы-жығы. Бірі шылымын тұтатып, бірі орындыққа шалқая жайғасып шақшасын қағып насыбай атып, бірі біреудің сөзін аңдып тұр. Айдар көрінгенде бәрінің көзі бір сәтке соған ауды да, қайтадан «жәй әңгімеге» көшкендей болды. Бірақ ол «жәй әңгіме» емес екенін Айдар сезді. Бұл – күту. Тамашалау мүмкін болса табалау.
Мырзабай есік алдында тұр екен. Қолында жуықта алған «УАЗ-469» машинасының кілті. Түрі жайдары, әдеттегідей ең қымбат арақтан «шамалапп» тартып алған.
– Е, біздің жігіт келді ғой, - деді даусын көтеріп. – Кел, кел. Ішке кір.
Айдар ішке кірді. Дүкеннің іші тұнжыраңқы. Қап-қап ұн, қант. Қабырғаға жақта таразы. Сөренің бір шетінде несие дәптері жатқандай көрінді. Айдардың көзі соған еріксіз түсті де, қайтадан басқа жаққа бұрылып кетті.
– Мына қаптарды арғы бөлмеге тасып таста, - деді Мырзабай еш айналдырмай. – Ертең жұма орталыққа адам көп келеді. Көрнекі болсын.
Айдар қапқа жақындады. Ауыр. Бірақ ауырлық қаптың салмағында емес, сөздің салмағында еді.
– Жұмыс болса, ақысы қалай? - деді Айдар жай ғана.
Дүкеннің іші бір сәтке тым-тырыс болып қалды. Сыртта тұрғандар да бірдеңені сезгендей, даусы бәсеңдеп кеткендей болды. Құлақ түрісе қалған. Мырзабайдың қабағы түйіліп кетті. Бірақ ол өзін тез жинап алды.
– Әй, Айдар… - деді жымиып. – Сен не, менімен саудаласатын болғасың ба? Біз бір ауылдың баласымыз ғой. Ел болып әкеңнің борышында өтегеміз…
Айдар Мырзабайдың «ел болып» деген сөзін бұрын да естіген. Сол сөздің артынан міндетті түрде бір ілмек тасталатынын да біледі.
– Ел болып дейсіз, - деді Айдар. – Ендеше еңбектің де есебі болсын.
Мырзабай өтірік жымиған күйі таразыға сүйеніп тұрды.
– Есеп дейсің бе? - деді ол. – Есеп дегенді мен де білем. Бірақ кей есеп қағазға сыймайды. Кеееей есеп…
Ол сөзін әдейі созды. Сосын сыртқа қарай бір қарап қойды. Дүкеннің алдына қарағаны – «куә» жинағаны еді.
– Білсең кей есептің құнын еңбегіңмен төлей алмайсыңдар…- деді.
Айдардың арқасынан бір нәрсе қарып өткендей болды. Ол қапқа қолын тигізіп тұрып, баяу қайтарды:
– Ақшаға қарыз шығармын. Адам болып жүргенімнің құнын ешкімге қарыз емеспін.
Сыртта біреу жөтелді. Біреу тамағын кенеді. Біреу «ой» дегендей дыбыс шығарды. Бірақ бәрі де үнсіз.
Мырзабайдың жүзі суып көзі үлкейіп кетті. Ол енді жай сөйлеспеді, ақырын ғана, бірақ тісімен айтқандай сөйледі.
– Сенің әкеңнің қолхаты менде, Айдар. Ұмытпа. Қолхаттың көлеңкесі ұзын.
Айдар қаптың жанынан шегініп, тік қарады.
– Ұмытпаймын, - деді ол. – Сол үшін қарызды өтейін деп әркімге жалданып жұмыс істеп жүрмін.
Мырзабай алғаш рет тосылды. Бірақ ол да оңай берілетін адам емес.
– Өтей алсаң, тез өте, - деді де, дауысын қайтадан «жақсылыққа» бұрды. – Ал бүгін менің әкеңе талай жақсылық жасағанымды ескеріп, мына қаптарды ақы-мақы демей-ақ тасы. Жұрттың көзінше «жұмысым көп» деме. Ел сөз қылады.
Айдар сыртқа көз тастады. Дүкен алдындағы адамдардың бәрі бір сәтте терс айланып басқа жаққа қараған болды. Бірақ құлақтары осында.
Айдар сол кезде түсінді: Мырзабайға қаптың тасымалдануы маңызды емес. Маңыздысы – Айдардың бүгін «аяғыма жығылды, өзі келді» дегені. «Көнді» дегені. «Қарыздарсың» дегені. Мырзекеңе тәуелді екенін мойындағаны.
Айдар қапты көтермеді.
– Жұмысыңызды басқа адам істесін, - деді ол. – Менің бүгінгі еңбегім келісілген жерде. Ақысын айтып келіспесеңіз, мен басыбайлы құлыңыз емеспін.
Сыртта біреу: «Паһ!» деп сыбырлап жіберді. Сол сыбырдың өзі отқа түскен ұшқын сияқты еді.
Мырзабайдың түрі өзгеріп кетті. Бірақ ол сыртқа сыр білдірмей, қайтадан «жымиып» қойды. Жымиғаны енді мейірім емес, мысқыл еді.
– Жарайды, - деді ол. – Бар. Бірақ есіңде болсын, Айдар: қарызды ақша жабады, ал сөзді…
Ол сөзін аяқтамады. Аяқтамаса да, бәрі түсінді: «сөзді» ауыл өсіреді.
***
Айдар дүкеннен шықты. Аспан ашық. Бірақ ауада бір салқын бар. Сол салқын енді қарыздың салқыны емес. Бұл – алдағы күрестің салқыны еді.
Айдар дүкеннен шыққан күні-ақ ауылдың аузына от түскендей болды. Кешке қарай бір үйдің түтіні басқадан бұрын бұрқ ете қалса, «бір жаңалық бар» деген белгі. Сол кеште түтін де көп шықты, сөз де көп шықты.
Алғашқы сыбыр шай үстінде басталды.
– Айдардың мінезін көрдің бе? - деді біреу. – Мырзабайдан ақы сұрапты дейді ғой.
Екіншісі дереу іліп әкетті:
– Ойбай, ол не дегені? Мырзабай әкесі малы жұтап жеп шөп үшін банкке борышты болғанда қарызын Мырзекең жауып берген жоқ па еді?
Сол «жоқ па еді?» деген сұрақтың өзі жауап емес, Айдардың құлағына үкім сияқты естілген кекесінді өсек ауылдың жіпсіз телефонымен лезде тарқап үлгерді. Мырзабайға әзірге керегі де осы еді.
Ертеңіне таңертең Айдар қорадан шығып келе жатқанда, көрші кемпір қақпаның ар жағынан «амандық-саулық» сұраған болып, сөздің ұшын іле салды.
– Балам-ау, адамға жақсылық жасағанның да обалы бар ғой… Елге сөз болмай жүр… — деді ақылгөйсіп.
Айдар «иә» демеді, «жоқ» демеді. Тек басын изеп өте шықты. Бірақ кеудесінің бір тұсы шым ете қалды. Ауылдың «обал-сауап» деп сөйлейтіні бар да, «қарыз-парыз» деп бұғаулайтыны бар.
Айдар кезекті бір жұмыспен Қарасайдың гаражына барған. Трактордың даусы гүрілдеп тұр. Жұмыс қызған. Бірақ адамдардың көзі жұмыста емес, Айдарда.
– Айдар, бері келші, - деді Қарасай бір шетке шығарып. Даусы баяу. – Естіп жатырсың ғой?
Айдар үндемеді.
– Мырзабай кеше кешке дүкеннің алдына отырып алып, әңгімені «жақсылықтың қадірі» деп бастапты. Сосын «кейбіреу жақсылықты ұмытып, ақшаға саудаласып жүр» депті. Атын айтпапты, бірақ бәрі түсініпті.
Айдар күрегінің сабын қыса түсті. Аты аталмаса да, атының орнына «кейбіреу» деген таңба басылып тұр.
– Ол ақы пұлсыз жақсылығымның бодауы деп текке жұмыс істетпекші, - деді Айдар ақырын ғана.
Қарасай басын шайқады.
– Ауылдың сөзі қиын, балам. Сөздің желі тез… Бүгін сені «ақы сұраған» дейді. Ертең «қарызын мойындамайды» дейді. Бүрсігүні «әкеңді де тыңдамайды» дейді. Сөз домалай береді.
Айдар сол «домалай береді» дегенді жақсы түсінді. Өткенде өзі жолда домалаған тасты көріп еді. Енді сол тас ауылдың аузында домалап бара жатыр.
***
Кешке үйге қайтқанда, Айдар ауыл ортасынан өтуге мәжбүр болды. Бір-екі адам әдейі амандаспай бұрылып кетті. Бір-екі адам тым артық жылы сөйлеп, «жақсылықтың қадірін білу керек қой» деп қояды. Екеуі де бір: сырттай басқа, астары бір.
Үйге кірсе, анасы үнсіз отыр. Қолындағы орамалдың шетін ширата береді. Әкесі қабағын түйіп жатқан. Бүгін оның үнсіздігі басқа еді: ауыр емес, ызаға жақын.
– Мырзабай бүгін бізге адам жіберіпті, - деді әкесі бірден. – «Ұлдарыңа дұрыстап ақыл айтыңдар» депті.
Айдар тоқтады.
– Кім айтты? - деді.
– Кім айтсын… - деді әкесі. – «Елдің сөзі» деді. Бірақ елдің сөзін кім жасап отырғаны айдай анық еді.
Анасы алғаш рет даусын көтеріңкіреп:
– Балам, жұрттың сөзі жүрекке батпайды деп ойлама… Бірақ бізге ең ауыры – әкеңнің аты… Сенің атың…
Айдар анасының сөзін тыңдап тұрып, бір нәрсені анық түсінді: Мырзабайдың құн төлемі ақша емес екен. Оның құн төлемі – абырой. Адамның атына салынған таңба.
Сол түні Айдар тағы қағаз-қалам алды. Есебін қайта қарады. «Қанша күнде бітеді?» деп емес, «қанша сөзге шыдаймын?» деп ойлады. Бірақ бір жерде ол өзіне күліп жіберді: сөзге шыдаудың да есебі болмайды екен. Оған тек төзімі мол жүрек керек.
***
Ертесінде Айдар әдейі ауылдың ортасына барды. Дүкеннің жанынан өтті. Мырзабайдың көзіне түсу үшін емес, ауылдың көзіне түсу үшін. Себебі енді бұл күрес екі адамның арасында ғана емес: Айдар мен ауылдың аузының арасында еді.
Дүкен алды бұрынғыша. Ер адамдар бұрынғыша. Бірақ бүгін бәрі «кездейсоқ» тыныш. Сол тыныштықтың өзі «күтіп отырмыз» деген сөз еді.
Мырзабай да сыртта екен. Айдарды көре сала жымиып жіберді.
– Е, Айдар! - деді даусын созып. – Қалай, жұмыс жүріп жатыр ма? Елдің баласы еңбекқор ғой.
Айдар тоқтамады. Бірақ тоқтамай кету де кейде әлсіздік сияқты көрінеді. Сондықтан ол бір сәтке бұрылып қарады да, жай ғана:
– Еңбек жүріп жатыр, - деді. – Есеп те жүріп жатыр.
Мырзабайдың жымиысы бір сәтке қақ айрылып кеткендей болды. Бірақ ол қайтадан жамап алды.
– Есеп… - деді ол. – Есепті мен де білем. Тек бір нәрсе бар, Айдар: елдің есебі деген…
Айдар сөзін бөлмеді. Тек көзін тайдырмай қарап тұрып:
– Елдің есебі әділетпен жүрсе, ел болады, - деді. – Әділет болмаса, ол есеп емес. Ол – өсек.
Осы бір ауыз сөз дүкен алдындағы тыныштықты сызып өткендей болды. Біреу ернін жалады. Біреу көзін төмен салды. Біреу «ей» деп іштен дем шығарды.
Айдар бұрылып жүріп кетті.
Жүріп келе жатып, ол алғаш рет сөзден қорықпайтынын сезді. Өйткені ол енді «сөзге» жауап қайтармайды. Ол сөзді есеппен жеңеді. Ақшамен емес, армен қарсы тұра алады.
Ал Мырзабайдың сөзі тоқтамайды. Ертең тағы бір сөз айтады. Тағы бір қара таңба басқысы келеді. Бірақ Айдар да тоқтамайды.
Өйткені қарыз төлемнің соңғы жолы жақындап келеді.
Ертеңіне Айдар ерте шықты. Күздің алғашқы қары түсіпті. Ауылдың шетіндегі қырға қарай жүрді. Қардың беті күнге шағылысып, бір жері жылтырап, бір жері күңгірт тартады. Аяқ астындағы қар сықырлайды. Сол сықырдың ішінде оның кешегі дүкен алдындағы сөзінен қалған бір діріл әлі бар сияқты.
***
Қарасай «қора салуға адам керек» деген. Қыста малға ықтасын болатын жаңа қора. Шаруасы ауыр: топырақ қазу, тас көтеру, бөрене тасу, лай илеп сылау. Бірақ Айдарға керегі де сол ауырлық еді. Ауыр жұмыс адамның ойына орын қалдырмайды.
Қора салынатын жер ауылдан біршама алшақ. Ықтасын жақ, сайдың аузы, желдің өті. Айдар жақындағанда, алыстан ер адамдардың даусы, балтаның тақылы естілді. Бір-екі адам күрек сілтеп жүр. Біреуі арқан тартып, бағананың орнын белгілеп жатыр.
– Әй, Айдар келді! - деді Қарасай көре сала.
Айдар амандасып, атынан түсті.
– Қолыңнан келсе, бүгін мына жерді қазамыз, - деді Қарасай. – Ең бастысы, сөзі аз, үндемей істейтін адам керек.
Айдар «үндемеу» дегенге ішінен біртүрлі жымиып қойды. Үндемеуді ол да біледі. Бірақ енді үндемеу қорған емес екенін де біледі.
Жұмыс басталды. Қарды ысырып, қатқан жерді күрекпен ою оңай емес. Сүймен темір тастай топыраққа тиген сайын «тыңқ» етіп қайтады. Бір сағат өтті, екі сағат өтті. Айдардың алақаны ашып, саусағы домбығып бара жатты. Бірақ ол тоқтамады.
Түс ауа жел сәл тыйылды. Қарасай бір бұрышта шай қайнатып, ас-су әзірледі. Ер адамдар бір-біріне қарап отырып, шаршағанын сөзбен жеңілдеткісі келеді.
Сол кезде Айдар бірінші рет анадай жерде үнсіз отырған бір қарияны байқады. Қимылы асықпайды. Бірақ әр істегені дәл. Екі-үш адам бір бағананы орната алмай немесе тасты ығына келтіре алмай әуреленсе, осы кісі бір қарап алып, нұсқау беріп орнына келтіреді. Содан кейін бәрі оңай болып кетеді.
Қарасай Айдардың көзі соған түскенін сезіп:
– Бұл кісі – бұрынғы ағаш шебері Сағынай ақсақал, - деді сыбырлап. – Ауылдың ескі сөзі де, ескі жолы да осы кісінің аузында. Бірақ әр сөзді айта бермейді.
Айдар шай құйып беріп, ақсақалға жақындай отырды.
– Ассалаумағалейкум, ақсақал.
Қария басын көтеріп, Айдарға бір қарап алды. Қарасы өткір емес, бірақ терең. «Адамды адам қылып тұрған нәрсені» көретін көз.
– Уағалейкумассалам, балам, - деді. – Еңбегіңе береке.
Айдар «әумин» деді де, үндемей шайын ұрттады. Біраздан соң ақсақал өзі сөз бастады.
– Сенің қолың ауыр жұмыстан қашпайды екен, - деді. – Қазір көп жастар ақысы мол, жұмысы жеңіл жер іздейді.
Айдар бір сәт ойланып қалды. «Жеңіл жер» дегені – тек жұмыс емес екенін түсінді. Жеңіл сөз, жеңіл жол, жеңіл ақталу.
– Қашсам, жеңіл болар еді, - деді Айдар. – Бірақ жеңілдің салмағы кейін ауыр болады екен.
Ақсақал көзін сығырайтып, «мынау жай сөз емес» дегендей тыңдай түсті.
– Ауылда сөз көп, - деді ол. – Сөздің бір ұшы біреудің қолында, бір ұшы біреудің мойнында. Кейде мойынға ілінеді де, адамды еңкейтеді.
Айдар шайын дастарқанның шетіне қойды. Ақсақалдың айтып отырғаны дәл өзі екенін жасыратын қажеті жоқ еді.
– Мен шамам келгенше еңкеймейін, еңсемді түсірмейін деп жүрмін, ақсақал, - деді. – Бірақ еңкеймеймін деп жүріп, ата-анамды еңкейткім келмейді.
Сағынай ақсақал басын жай ғана изеді.
– Дұрыс. Ер жігіттің ең үлкен қайраты – өзінікі емес, үйінікі, ата-ананыкі, - деді де, аз кідірді. — Бірақ бір нәрсені ұмытпа: қарыздың құнын ақша жабады. Ал қорлықтың құнын тек адамдық жабады.
Айдар бұл сөзді ішінен қайталап алды. Қорлықтың құны. Демек, «қарыз төлем» деген тек қолхаттағы сан емес екен.
***
Шайдан кейін жұмыс қайта қызды. Енді Айдар бұрынғыдан да тістеніп кірісті. Өйткені ол бүгін тек ақша үшін емес, өзіне дәлел үшін де істеп жүр: «Менің қолым бос емес, менің жолым бар» деген дәлел.
Жұмыс аяқтағанда Қарасай ақыны есептеп, Айдарға бір уыс ақша ұстатты. Айдар санап алмады. Тек қалтасына салды. Бірақ сол қалтасына салғаны ақша емес сияқты көрінді: бұл – алғашқы үлкен қадам. Көлікпен келген азаматтар әлдеқашан қайтып кеткен.
Үйге қайтарда Айдар Сағынай ақсақалдың да атын ерттеп берді де, екеуі әңгімелесіп бірге қайтты. Қырдан түскенде ауылдың шамдары жылт-жылт етеді. Сол шамдардың арасында сөз де жылтырайды. Ертең бұл ауыл тағы сөйлейді. Айдар тағы естиді.
Ақсақал жолда тоқтап, Айдарға қарады.
– Балам, - деді. – Бір күні мына ауылдың аузына «сөз» салатын кез келеді. Бірақ ол сөз ашумен айтылмасын. Ашумен айтылған сөз – өзіңді күйдіреді. Сөзің есеппен айтылсын. Есеппен айтылған сөз – елді ойлантады.
Айдар басын изеді. Ол «есеп» дегенді енді ақша сияқты емес, тәртіп сияқты түсінетін болды.
***
Сол түні үйде әкесінің демі бұрынғыдай ауыр естілмеді. Анасы да бір нәрседен үміттенгендей. Ал Айдар төсегіне жатқанда, ертеңгі жұмысты ғана емес, ақсақалдың сөзін де ойлады. «Қорлықтың құнын адамдық жабады…»
Айдар көзін жұмды. Бұл жолы ойы сан-саққа жүгірген жоқ. Ойы бір жерге келіп тоқтағандай болды: қарыз ақша жиналады. Бірақ ең соңғы «құнды» төлеу үшін оған сөздің де, сабырдың да керек екенін сезді.
Келесі күндері Айдардың қолы босай қалса болды, ауылдың бір шеті «Мырзабай шақырып жатыр» деп сыбырлап шыға келеді. Ал шақыру дегені – өтініш емес, бұйрыққа жақын.
***
Арада бірнеше апта өткен соң, ауылға ел назарын аударатындай жат бір жаңа көлік келіп кірді. Шаңдақ жолдың үстімен баяу жылжыған дәу ақ «Джип» Сағынай қарияның үйінің қақпасының алдына келіп тоқтады. Ауылда мұндай көлік көп көріне бермейтін. Көршінің иттері бірден үріп, бір сәтке ауылдың тыныштығы серпіліп кетті.
Айдар ақсақалдың бүркіт салатын қарагер атын суарып әкеп шөп салып байлап, қора жақтан шығып келе жатқан. Көлікті көріп, іштей біртүрлі тосылды. «Тағы бір сөз, тағы бір өсек басталмаса екен» деген ой жылт етіп өтті. Бірақ ол ойдың өзі бұрынғыдай қашқын емес еді. Енді Айдар сөзден емес, сөздің артындағы ниеттен сақтанатын болған.
Көліктен алдымен орта бойлы, ширақ қимылды отызды жаңа ғана еңсерген жігіт ағасы түсті. Үстінде қарапайым ғана күртеше. Қолында үлкен сумка. Жүзінде сенімділік, көз жанарында қуаныштың лебі, жүріс-тұрысында қаланың дағдысы бар, бірақ көзінде ауылдың сағынышы тұрғандай.
Ол есікке жеткенде, Сағынай сыртқа өзі шықты. Қарияның көзі әлгі жігітті көре сала жұмсарып, бір сәтке тіпті жасарып кеткендей болды.
– Е, келдің бе, қарағым… - деді Сағынай даусы дірілдеп. – Ерт-а-ай…
Жігіт құшақтасып сәлемдесті де, қарияның қолын қос қолдап алып, ұзақ ұстап тұрды. Ол қол алысу емес, аманат алған адамның қолын қайта тапсыру сияқты еді.
– Ата, - деді ол жай ғана. – Кеш келдім. Кешіріңіз. Ауылымды, әсіресе ардақты атам мен апамды ұмытпадым.
– Иә, балам шаруаң қауырт болса да қолың қалт етсе хабарласып, қаладан келген кеткеннің бәрінен сәлемдеме жіберіп тұрдың емес пе, балам, - деп қария разылығының көз жасын жасыра алмай оның маңдайынан иіскеп, үйге бастады.
– Төрлет, балам. Ел аман. Сен аман. Соның өзі – шүкір.
Олар үйге кіріп, дастарқан басына жайғасты. Қайталап амандық-саулық сұрасып болған соң Сағынай:
– Мынау үнсіз отырған азамат – Айдар, - деді. – Өзіміздің ауылдың баласы. Еңбектен қашпайды. Тек… қазір бір есептің ішінде жүр. Содан болар сөзге сараң.
Қонақ Айдарға ілтипатпен бұрылып қарады. Өйткені Сағынай ақсақал азамат деп бағалаған екен, осал болуға хақы жоқ. Көзі тік. Бірақ қатал емес, жүзі жылы. Көп тауқымет тартқан, басқаны түсінгісі келетін көз.
– Ертай - деді ол өзін таныстырып.
Айдар күлімсіреп қолын ұсынды.
– Есімім Айдар. Танысқаныма қуаныштымын.
Сол сәтте Айдардың көкірегінде бір жеңілдік пайда болғандай болды. Ертайдың дауысында «мен сенен жоғары тұрмын» деген мақтан жоқ еді. Керісінше, «біз бір топырақтың өніміміз» деген салмақ бар.
Шай үстінде де Ертай көп сөйлемеді. Тек Сағынайдың әр сөзін қалт жібермей тыңдап отырды. Қария кейде әңгімесін алыстан бастап, ара-арасында күрсініп қоятын.
– Бұл бала… - деді Сағынай бір кезде Айдарға қарап. – Баяғыда маған сен келгендей ағаш шеберінің көмекшісі болып келді. Үндемейтін. Өзі жүдеу, сырт келбеті жұпыны болса да, ішінде өзіндік сенім, көзінде бір жалын бар еді.
Ертай төмен қарады. Сағынайдың сол «баяғыда» дегені бір-ақ ауыз сөзімен бір тұтас өмірі көз алдынан өте шыққандай.
– Ата, - деді Ертай. – Мен сол сіз берген сенім, жаққан ұшқынның арқасында адам қатарында жүрмін. Енді соны басқа біреудің жүрегінде жаққым келеді.
Сағынай басын изеп, бір сәт үнсіз қалды да, әңгімені нақтыға бұрды.
– Сен ауылға кәсіп ашамын деп келдің. Жұрттың бәрі «Ертай келді» деп сырттан қарап отыр. Бірі нені жасай алады, бірі нені жасатпаймын деп. Ал саған сеніміңе селкеу түсірмейтін, іштен тірек болатын төзімді адам керек. Мынау Айдар балам сондай.
Ертай тамақ ішілген соң әңгімесін жалғастырды.
– Мен жуықта ауылдың шетіне шағын цех ашқалы отырмын, жүк көліктері де жуықта келеді, - деді. – Құрылыс материалын шығарамыз. Ең алғаш сен сияқты адам керек: уақытқа да, сөзге де берілмейтін.
Айдар бірден «иә» демеді. Тек әдеттегідей:
– Еңбек ақысы? - деді.
Бұл сөзді ол Мырзабайға да айтқан. Бірақ ол жақта «саудалас» болып естілсе, мұнда «тәртіп» болып естілді.
Ертай жымиып қойды.
– Ақысын Сағынай атамен ақылдасып келісіммен. Айлық тұрақты. Еңбекақы уақытында. Құжатпен. Сенің қолың босқа кетпейді, Айдар інім.
Айдардың іші «інім» деген өзіне балаған жылы сөзге жылып қалғандай болды. Бірақ сол жылудың астында сақтық та бар: «ертең ауыл не дейді?» деген сақтық.
Ертай оның ойын сезгендей:
– Ауылдың сөзіне тоқтау салатын бір-ақ нәрсе бар, - деді. – Таза еңбек пен таза есеп. Басқа ештеңе емес.
Сағынай қарт шайын бір ұрттады да, жай ғана:
– Мырзабайдың көлеңкесі ұзын, - деді. – Бірақ көлеңкені жарық қысқартады, қарағым.
Ертай үнсіз басын изеді. Айдар да сол сөзді ішінен қайталады: «жарық».
Сол түні Айдар бірінші рет қолхатқа тек «қарыз» деп қарамады. Ол қағаз енді бір «соңына жететін жолдың» басы сияқты көрінді. Ертайдың ұсынысы – жай жұмыс емес еді. Бұл – Айдардың ауылға өзі сияқты тік жүріп қалуына мүмкіндік беретін бір есік.
Ертеңінен бастап Айдар басқалармен уәделескен ауыл ішіндегі жұмыстарын тез бітірді де межелі уақытта Ертайдың құрылыс алаңына да барды. Қолына қолғап киіп, құм-қиыршық тас тасып жүргенде, оның құлағына біреудің сыбыры жетті:
– Ертай келген екен… Баяғыда Сағынайдың қамқор болып оқытқан тоңды баласы екен… Құрылыс инженері болды деген. Айдарды жұмысқа алыпты…
Бірақ бұл жолғы сөз бұрынғыдай қарып түспеді. Себебі бұл сөздің ішінде қорлау жоқ еді. Бұл сөздің ішінде таңдану бар еді. Ал таңдану бір күні ойға айналады.
Айдар кешкісін үйге қайтып келе жатып, тағы да бір тасқа аяғы тиді. Тас домалап кетті. Бірақ бұл жолы ол тас емес, өз ойы домалап түсті:
«Қарыз – тек қайтару емес. Қарыз төлеу – қайта тіктелу екен.»
***
Ертайдың цехы ашылған күннен бастап ауылдың тынысы біртүрлі өзгере бастады. Таңертеңгісін бұрынғыдай дүкеннің алдына жиналып, біреудің сөзін аңдып тұратындар енді ауыл сыртындағы жаңа құрылыс алаңына қарай ағылатын болды. Бірі жұмыс сұрайды, бірі жүк тасиды, бірі құм төгеді. Ең бастысы, еңбектің есебі бар: кешікпейді, кемімейді.
Айдар да солардың ішінде. Таңғы салқынмен шығып, кешкі қаракөлеңкеде қайтады. Қолына алған алғашқы айлық ақшасын үйге әкелгенде, анасының жүзінде бір үміт пайда болды. Әкесі де күн сайын ауыр күрсінгенімен, енді көзінің түбінде «жол табылар» деген от маздай бастаған.
Бірақ дәл сол от маздаған сайын, Мырзабайдың көлеңкесі де қимылдайды.
Бір күні түс ауа Айдар жұмыстан үйге келсе, есіктің алдында бөтен кісі тұр екен. Қолында қара папка. Қасында Мырзабайдың дүкенінде жалданып жүретін бір жігіт.
– Ассалаумағалейкум, - деді әлгі. – Қолхат бойынша келдік.
Айдардың жүрегі бір сәтке шым ете қалды. Қолхаттың суығы тағы да үйге кіріп келгендей.
Әкесі таяғына сүйеніп сыртқа шықты. Бөтен кісі папкасын ашып, қағазды көрсетті.
– Мырзабай қарыздың мерзімі өтті дейді. Ертеңге дейін өтемесеңіздер, «басқа шара» қолданамыз дейді, - деді ол мемлекеттің жүрегі өлген қатаң қызметкерінің әдетімен.
«Басқа шара» деген сөздің өзі қорқыныш емес, қорлау еді. Айдар әлгі қағазға қарады да, үнсіз қалды. Бұл үнсіздік әлсіздіктен емес, тістенгеннен.
Сол кеште Айдар туған ағасындай болып кеткен Ертайға барды. Ештеңені жасырмады. Қолхаттың барын да, қысымның басталғанын да түгел айтты.
Ертай тыңдап болды да, көп ойланған жоқ.
– Ертең бірге барамыз, — деді. – Қарыздың құнын жабамыз. Бірақ бір нәрсені алдын ала айтайын, Айдар: мен сенен ешқандай қолхат алмаймын.
Айдар тосылды.
– Неге?
Ертай бір сәтке Сағынай отырған үй жаққа көз тастады.
– Себебі мен де бір кезде қамқоршым жоқ жетім қалғанда, Сағынай ата мені асырап бақты. Тіпті азамат болып жоғарғы оқу орнына аттанарда зейнетақысын қарызға алып төлемімді төлеп аттандырғанда, маған қолхат жаздырған жоқ, - деді. – Қолхат – сенім жоқ жерде керек. Ал сенім бар жерде қолхат – адамның қадірін кемітеді.
***
Ертеңіне екеуі Мырзабайдың дүкеніне бірге кірді.
Дүкен іші бұрынғыдай. Бірақ бүгін ауа басқа. Бүгін мұнда «ақша» емес, «ниет» тексеріледі.
Мырзабай Ертайды көре сала екі езуі ырсиып, жымиып қарсы алды. Бірақ жымиысының астында бір тіс қайрау бар.
– Оу, Ертай! - деді даусын созып. – Ауылға игілік әкелем деп жүр екенсің ғой.
Ертай дауыстап жауап бермеді. Тек сәл ғана басын изеді.
– Айдардың әкесінің қарызы қанша? - деді тікелей.
Мырзабай бір сәтке ойланып тұрғандай болып, қағазын ары-бері ақтарды. Әдейі сызданып созып отыр. Бәрі «менің қолымда» дегенді сездіргісі келеді.
– Мынау, - деді ақыры санды айтып. – Оның үстіне пайыз төлесін.
– Неге үстеме ақша, - деді Ертай жай ғана. – Қолхаттағы құн төлем осы, егер банкте болса онсызда үстеме өтер еді. Ал әкесінің сіздің көлеңкелі жақсылығыңыздың бодауына текке еткен еңбек ақысы ше, оның есебі ше? - деді Ертай сұраулы жүзбен.
Мырзабайдың көзі шағырайып кетті.
– Ал сен неге араласасың? - деді ол. – Бұл біздің ауылдың ішкі есебі.
Ертай Мырзабайға тура қарады.
– Ауылдың ішкі есебі – әділет, - деді. – Әділет жоқ жерде есеп «ішкі» болмайды, ол біреудің мойнына салынған ноқтаға айналады.
Сосын Ертай ақшаны саудагер сұраған үстемесімен қосып санады да, үстелдің үстіне қойды.
Мырзабай ақшаны алды. Бірақ жеңілгенін мойындағысы келмей, соңғы сөзді айтқысы келді.
– Енді Айдар маған қарыз емес болғанымен, бәрібір саған қарыз, - деді кекесінмен. – Көрейік, сенің шыдамың қаншаға шыдайды екен…
Ертай еш күлмеді.
– Айдардың маған қарызы жоқ, - деді. – Мен сенім бердім. Сенімнің құны – қағазбен өлшенбейді.
Осы сөз дүкен ішін бір сәтке тып-тыныш қылып тастады. Сыртта тұрғандар да естіді. Естіп қана қоймай, ойланды.
Сол күннен кейін Мырзабай Ертайға бөгет болуға тырысты. Бір күні құм таситын көлікті тоқтатпақ болды. Бір күні «мына жер – менің танысымның жері» деп, құрылысқа рұқсат туралы сөз шығарды. Бір күні «Ертай арзан береді екен, бірақ сапасы…» деп күмән таратты. Бірақ бұл жолы ауылдың сөзі бұрынғыдай Мырзабайдың ыңғайына жүрмеді.
Себебі ауылдың бір шеті алғаш рет тұрақты айлық көрді. Бірі үйіне ұн әкелді. Бірі баласына киім алды. Бірі бұрынғыдай «қарыз» сұрамай, «еңбекақы» күтетін болды. Ал Ертайдың құрылыс материалы Мырзабайдікінен арзан шықты. Арзан болғаны – «алдау» емес, пайдақорлықты қысқартқан адал баға еді. Ауылдың сөзі Мырзабайдың алса кем берсе артық тартатын таразысы емес әділдік таразысына айналды. Кеше ғана дүкеннің алдында тұрып сөз аңдығандар енді:
– Ертай келгелі жұмыс бар, көзіміз ашылды, - дейтін болды. – Мырзабайдың бағасы баяғыда-ақ шектен асып кеткен, - дейтін болды.
– Сағынай шалдың баласы жақсылықты бетке басып, міндетсінбейтін адам екен, — дейтін болды.
Мырзабай дүкен алдында отырды. Бұрын ол отырған жерде бәрі тыңдайтын. Енді бәрі жанынан өтіп бара жатып қана ұзақтан амандасады. Сөздің салмағы оның қолынан сырғып, ауылдың жүрегіне көшкендей.
Ал Айдар сол күні үйге келіп, әкесінің қолына баяғы қолхатты ұстатты. Енді ол қағаз қорқыныш емес еді.
– Әке, - деді Айдар. – Мен қарызды жабам. Бірақ бір нәрсені ұмытпаңыз: біз ешкімнің «аузында» қалмауымыз керек.
Әке көзін төмен салды. Көрпенің шетін қысып ұстап, бір сәт тістеніп қалды.
– Ол үшін… - деді әке ақырын. – Ол үшін көп күш керек…
Айдар басын изеді.
– Бірақ тырысамын, - деді өз-өзіне жігер беріп.
Ал Айдар үйіне кіргенде, төрде әкесі ескі бір сандықтың аузын ашып отыр екен. Ішінен баяғы қолхаттың орнына, әбден ескірген, бірақ таза бүктелген ақ матаны шығарды.
– Балам, - деді әкесі даусы нық шығып. – Мырзабайдың қағазы жыртылғанымен, менің ішімдегі қарыздың дағы осы бүгін ғана өшкендей болды. Саған қалдырар аманатым – ешкімге ақшалай қарыз болмауға тырыс, бірақ жақсылыққа мәңгілік қарыздар болып өт. Өйткені ақшалай қарыз – мойындағы жүк, ал жақсылыққа қарыз болу – жүректегі нұр.
***
Ауыл шетіндегі Ертайдың кәсіпорны толық қуатында жұмыс істей бастады. Шағын өндіріс маңы жұмысшылардың көші келіп қоныстануымен кәдімгідей бір топ ауыл болып қалған. Айдар да жер меншіктеніп, өз баспанасын тұрғызып жатыр. Ол сол жердегі сенімді серік қана емес, ауылдың жас жігіттеріне жөн сілтейтін аға болды. Ол енді біреуден қарыз сұрап еңкеймейтін, біреуге жақсылық жасаса, оны бетке баспайтын жаңа бір буынның бастауына айналды.
Бір күні кешкісін Мырзабайдың дүкенінің қасынан өтіп бара жатып, Айдар тоқтады. Дүкеннің алды бос. Ешкім жоқ. Мырзабай жалғыз өзі орындықта отыр екен. Көзінде баяғы «менмендік» жоқ, тек шаршау мен жалғыздық қана байқалады. Айдар қасына барып, баяу ғана амандасты.
– Мырзаке, - деді ол. – Жақсылықтың көлеңкесі ұзын болса, ол адамды қорғайды. Ал жақсылықтың бұғауы ұзын болса, ол адамды тұншықтырады. Біз сіздің қарызыңыздан құтылдық, бірақ сіз өз ішіңіздегі «бәрін мен жасадым» деген қарыздан құтыла алмай жүрсіз.
Мырзабай үндемеді. Тек Айдардың ұзап бара жатқан нық қадамдарына қарап қала берді. Ол алғаш рет ақшаның емес, беделдің, биліктің емес, адамдықтың жеңгенін түсінгендей болды.
***
Ертайдың цехы ұлғайып ауылға тірлік әкелген сайын, Айдардың үйіндегі тыныс та жеңілдей бастады. Әкесі енді таңертең тұрып, сыртқа шыққанда бұрынғыдай еңсесі түскен адамға ұқсамайтын таяғын тастаған. Анасы да пештің қасында үнсіз отырмай, анда-санда әндетіп қоятын болды. Үйдің іші әлгі бір «қолхаттың» салқынынан бірте-бірте арылып, орнына тіршіліктің жылуы келе бастады.
Сол жылумен бірге ауылда тағы бір әңгіме көтерілді. Бұл жолы ол әдеттегі «өсек» емес, іштей күткен шуақты әңгіме еді.
Айдарды үйлендіретін кез келді, - деді бір күні Сағынай қария.
Бұл сөзді ол жай айта салған жоқ. Ауылда үлкен кісінің «үйлендіреміз» дегені бір ғана той емес, бір адамның тірекке тұрғанын білдіретін. Еңсесін тіктеген үйдің ендігі қадамы – шаңырақты бекіту.
Айдар үндемеді. Бірақ ішінен бір нәрсе шым ете қалды. Қарыздың құнын төлеп, сөздің ноқтасынан босанғандай болғанымен, оның жүрегінде әлі бір ауыр жүк жатқан: «Үйленіп үй болуға қомақты қаржы керек әкемнің басымнан өткенді үйге қайта кіргізіп алмаймын ба?» - деген қорқыныш.
Сағынай Айдардың ойын сезгендей, қолындағы шайын асықпай қойды.
Балам, - деді ол, – сен енді жалғыз емессің. Бірақ ертең одан да жалғыз болмауың керек. Жаныңда сөзіңді түзейтін, жүрегіңді тірейтін адам болсын. Ондай адамды мен білем.
Ертай да сол жерде отыр еді.
– Кім, ата? - деді Ертай.
Сағынай қария көзін сәл қысып, алыстағы бір үйді елестеткендей болды.
– Ауылға қаладан жаңа оқу бітіріп келген мұғалима Тұмар, - деді. – Қайратты қыз. Тек әкесі жоқ демесең. Сөзі өткір, бірақ тілі – пышақ емес. Адамның жүрегін жараламай, ойын оятады. Ең бастысы: жақсылықты саудаға айналдырмайды.
Айдар алғаш естігенде тосылды. «Келін» деген сөздің өзі ауылда кейде әлсіздікпен айтылатын. Ал Сағынайдың «қайратты қыз» деуі басқа.
Қазір ол бос уақытында Ертайдың өндірісінде есеп-қисап шаруасын реттейді. Тұмарды Айдар кеңседе көріп танысқан. Қимылы ширақ, көзі түзу қызды сырттай ұнататынын Ертай сезген. Әдеттегі ұялшақ келіндердей бұғып сөйлемейді. Бірақ даурығып та кетпейді. Бір сөз айтса, жұрт бір сәтке кідіріп қалады. Себебі ол сөздің ар жағында мақтан емес, әдеп тұрады.
***
Көп ұзамай Сағынайдың «білем» дегені шынға айналды. Құда түсу, сөз салу ауылдың жолымен жүрді. Әдеттегідей дастарқан жайылды, үлкендер сөйледі. Екеуі өз ара келісті де өзге елге еліктеп қарызданып аспа-төк, ысырап пен мақтанға толы той жасамады. Ауыл жиналды. Ән айтылды. Бата берілді. Айдар мен Тұмар жаңа шаңырақ көтерді. Шағын той өтті.
Ал Мырзабай сол тойда алғаш рет бұрынғыша көпіріп көп сөйлемеді. Себебі көп сөйлеуге ауыл да құмар емес еді. Ауыл енді сөздің емес, істің соңынан еріп бара жатқан.
***
Бірде Тұмар алғаш рет мектептегі бір жиында жұрттың есінде қалды. Әйелдер жағы «келін қалай екен?» деп сынай қарап отырған. Мырзабайдың бәйбішесі әдейі сөз тастады:
– Қазір жастар қала көріп келген… ауылдың сөзін көтере алмайды… үйренісе алмайды, кетеді…
Сол кезде Тұмар күлімсіреп отырып:
– Әпке, ауылдың сөзі ауыр болса, көтеру керек. Бірақ ауыр сөздің бәрін көтере беру де дұрыс емес. Кей сөзді көтерсең, ол ертең басыңа шығып алады, - деді.
Сөзі жұмсақ. Бірақ мәні қатты.
Жиналғандар бір-біріне қарап қалды. Бір сәтке тым-тырыс болып, артынша әлдекім:
– Дұрыс айтады екен, - деп күбірледі.
Тұмар дәл сол күні-ақ Айдардың үйіндегі ең үлкен уайымды түсінгендей болды. Ол уайым – Мырзабайдың тілі мен ауылдың өсегі еді.
Бит шаққанды ит қапқандай болдыруға әуес Мырзабай тағы қимылдады. Ол бұрынғы әдетімен «жақсылықты» сөз қылып, «мен болмағанда» деген көлеңкесін қайта созғысы келді. Бірақ бұл жолы оның алдынан Тұмар шықты.
Мырзабай бір күні дүкеннің алдында отырған жұрттың ортасында:
– Айдар да түзелді. Енді үйленді бірақта бастарында дұрыс баспана да жоқ. Ел болып қолдасақ… мен қалағанынша қарыз берер едім, - деп бастады да, астарын дайындап келе жатқан.
Сол жерде Тұмар да бар еді. Ол үнсіз тыңдап тұрды да, Мырзабай сөзін аяқтай бергенде жай ғана:
– Би аға, - деді. – «Ел болып» деген сөзді көп айтасыз. Ел болу үшін ең алдымен адамның қадір-қасиетін міндет етпей бағалау керек. Ниет түзу болмайынша, «ел болып» дей беру – елді емес, өзімізді өсіреді.
Мырзабай Айдарға жақын емес, тек рулас болатын сондада әккі қулығына басып..
– Әй, келін, жеңілдім батамды берем, - деді кекесінді үнмен.
Тұмар оның сөзін бөліп жібермеді. Тек сәл ғана жымиып:
– Үлкеннің сөзі – бата болса, бас иеміз. Ал бетке басу болса, оған бас ию – бата емес, бұғау болады, - деді.
Бұл сөзді ол қатты айтқан жоқ. Бірақ ауылдың сол баяғы жіпсіз телефонымен өсек емес өнеге болып тарап, ел естігені аздай, ішінен таразылап та үлгерді.
Сол күннен кейін ауылдың аузы бірте-бірте басқаға бұрылды: енді «Мырзабай не деді?» емес, «Тұмар қалай айтты?» дейтін болды. Себебі Тұмар біреуді жамандап, біреуді мақтап жүрген жоқ. Ол жас болса да ауылдың жанашыр ақылшысына айналды. Әсіресе кәрі-құртаң ата апаларға шамасынша қамқорлығын аямады. Бір көршісінің сиыры сауылмай, іркіті пісілмей жатса томпаң қағып Тұмар табылады.
***
Айдар бір күні сырқаттанып қалған Сағынай қарияның көңілін сұрауға келді. Үйдің ішінде қария жалғыз отыр екен. Терезеден түскен күн сәулесі оның қолындағы ескі домбыраның бетіне алтын түсті көлеңке түсіріп тұр.
Айдар абыз қариямен әңгімелесін қас қарайғанша отырып қалды.
– Айт, балам, - деді сезімтал қарт оның бір шаруамен келгенін біліп.
Айдар терең дем алды.
– Ата, мен бұрын «қарыз төлеу» деп ақшаны ғана ойлаппын. Енді түсіндім… адамның құны кейде сеніммен, кейде сөзбен өлшенеді екен. Сізге өзімді қарыздар сезінем, қалай өтесем екен, - деді.
– Менің аманатым бір үйдің емес ауылдың келіні бола білген Тұмар, ол саған бір өмір бойына берілген қарыз, - деп Сағынай жымиып қойды.
Тұмар тек сенің жолыңды ғана жеңілдетпейді, - деді қария. – Бірақ сенің жолыңа дұрыс бағыт бағдар бере алады. . Адал жар – ең үлкен нығмет. Сол нығметке қиянат жасамасаң, менің қарызым өтелгені.
Айдар басын изеді. Көңіліндегі бір түйін сол сәтте босағандай болды.
Айдар үйіне қайтып келе жатып, аспанға қарады. Бұл аспан баяғы аспан. Бірақ оның астындағы адам басқа еді. «Қарыз төлеу» енді оның өмірінде бір ғана қарыздың аты емес. Ол – өз қадіріңді сақтап қалудың жолы.
***
Айдар үйіне жақындағанда, алдынан Тұмар шықты. Қолында кішкентай бесіктің жабуы.
– Айдар, - деді ол күлімсіреп. – Ертең Сағынай ата келіп бата берем деді. Айдар Тұмардың құйып берген қымыранын ұрттап отырып, терезеден сыртқа қарады. Ауылдың үстіндегі ай бұрынғыдан жарық көрінді. Ол енді ешкімнің көлеңкесінде емес, өз тағдырының жарығында тұрғанын сезінді.
Айдар терең тыныс алды. Күздің суық ауасы енді өкпесін қарып емес, жанын сергітіп өткендей. Ол енді білетін: қарызды ақшамен жабуға болады, бірақ адамдық парызды тек бүкіл өміріңмен, адалдығыңмен өтейсің.
***
Арада бірер жыл зымырап өтті. Баяғы шаңдақ жолдың бойындағы шағын өндіріс енді алыстан менмұндалайтын үлкен кәсіпорынға айналды. Сонымен бірге ауылдың келбеті де өзгерді: жұпыны тамдардың орнына еңселі баспаналар бой көтеріп, берекелі мекенге айналды.
Айдардың да қазір өз алдына зәулім үйі, берекелі шаңырағы бар. Баяғыда «ойдың салмағы басып» жата беретін әкесі дертінен айығып, тыңайып кеткен. Анасы болса, айналасына үйірілген немерелерінің қылығына тоймай, солармен әуре-сарсаң. Ал Тұмар – тек Айдардың жары ғана емес, бүкіл ауылдың ақылшысы, әйелдердің құқығы мен қадірін қорғайтын, сөзі өтімді беделді тұлғаға айналды. Ол бар жерде әділетсіздік пен өсекке орын жоқ еді.
Күздің бір шуақты күні Ертай Айдарды оңаша шақырды. Оның жүзінде бір жағынан қимастық, екінші жағынан нық сенім бар еді.
– Айдар, бауырым, - деді Ертай салмақты үнмен. – Сағынай ақсақалдың денсаулығы сыр беріп жүр. Дәрігерлердің кеңесімен оны шет елге апарып емдетуім керек. Сондықтан бұл кәсіпорынды, осы үлкен істі саған аманат етіп тапсырамын. Бұған келін екеуіңнен басқа лайықты иені таппаспын.
Айдар тосылып қалды. Ертайдың жасаған жақсылығы, сол баяғы Мырзабайдың қолхатынан құтқарған сәті көз алдынан тізбектеліп өтті. Ешқандай қағаз, ешқандай қолхат жазылмаса да, Айдардың кеудесінде бір үлкен «қарыздың» бары сезілетін.
– Ертай аға, - деді Айдар даусы дірілдеп. – Сіз маған сенім арттыңыз, жолымды аштыңыз. Ешқандай қолхат болмаса да, мен бұл жақсылығыңызды қалай өтеймін? Бұл қарыздың өтеуі не болмақ?
Ертай күлімсіреп, Айдардың иығынан қақты.
– Менің саған қояр бір ғана шартым бар, - деді ол. – Бұл – сенің мойныңа жүктелген парыз болсын. Осы ауылдағы, осы аймақтағы өзің тәрізді тағдыр тәлкегіне түскен жетім-жесірлерге, қолтығынан демейтін адамы жоқ шамаң келгенше мұқтаждарға әрқашан тұрақты көмек қолын созасың. Оларды Мырзабайлардың суық «көлеңкесіне» қалдырмай, еңсесін тіктеуге себепші боласың. Менің қарызымның өтеуі – осы.
Айдар терең тыныс алды. Ол енді түсінді: қарыз – бір адамға берілетін есеп болса, парыз — бүкіл адамзатқа, өз халқыңа жасалатын қызмет екен.
– Бұл менің өмірлік борышым болады, аға! — деді ол нық сеніммен.
Ертай ауылдан ұзап бара жатқанда, Айдар биік төбеде тұрып, өз ауылына қарады. Ол енді тек кәсіпорынның иесі емес, ол – үміттің иесі еді. Күн шуағы ауылдың үстіне төгіліп тұрды. Ол жарықта ешқандай ауыр көлеңке жоқ болатын.
Cоңы.
(Тілек Қайырдынұлы. 2026. Наурыз айы)
