Тізбек
Ұлытау облысы Сәтбаев қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен рухты публицист, жазушы М.Иманжанов пен Б.Бұлқышевтің 110 жылдығына арналған «Заман біздікі» республикалық проза байқауы жарияланғаны белгілі. «Әдебиет порталы» аталған байқауға платформа ретінде ақпараттық қолдау көрсетуде. Байқауға келіп түскен шығармалар бүркеншік атпен жарияланып отыр. Оқырмандар порталымыздың әлеуметтік желілердегі парақтарында шығарма авторына емес, жазған шығармасына пікір білдіріп отырса деген өтініш бар.
Наурызбай ауданына қарасты сот залын зілді тыныштық басқан. Менің ауыр демалысым айналасындағыларды беймаза күйге түсіріп, әрі аянышын тудыратындай. Бәрі судья Айнаш Жолдасқызының алдындағы ғақлиясында қатталып тұр. Залдан арагідік «қан-қасап қылғаны несі», «сауап бопты өзіне», «пышаққа жоламауы керек еді» деген сипаттағы пыш-пыштаған сөздер құлағыма шалынады. Оны тыңдағым келмей, құлағымды шетке қарай ала қашам. Ақырласар сәтім келді ме, сүт пісірім уақыттан соң судья сөз алды:
– Ұлпа Қамбашқызы, соңғы тілегіңіз, соңғы сөзіңіз?
Менің өз-өзімді қорғауға, әлдене деп мәлімдеме жасауға тілім келмеді. Тіпті аузыма сөз түспеді. Тісім-тісіме тиіп, селкілдеген күйі тұрмын. Жанарымнан баяғыдай мөлдірліктің емес, үрей табы сезіледі. Қарсы тұруға әл-дәрменім жетпей, сот ханымның қай үкіміне де келіскендей болдым.
***
2025 жылдың 10 сәуірі. Мен оған басымнан өткен бар оқиғаны жіпке тізгендей етіп айтып бердім. Көңілі нілдей бұзылғанын желінің ар жағынан сезіп отырдым. Әрине, жасырып қалғандарым да болды. Жасырмасам, тіпті жанына батар ма еді? Ал мен оның алғаусыз сезімін былғағым келмейді. Әлемдегі жақсылық атаулы оның жанына жасырынғандай. Ол да "Түсіндім" деген бір-ақ ауыз сөзге бәрін сыйдырды. Үнсіздік. Арамызды тағы сөзшең үнсіздік бұзды. Айтпақшы, оны маған анам өзі де сезбей жатып, тауып берген еді...
- Қызым, кеше ғана Ғабит Мүсірепов туралы қызық дерек оқыдым. Оны әлеуметтік желіде Бақбуан Шаймерден есімді азамат жазып қойыпты, – деді анам.
- Солай ма, не туралы екен?
- Мүсірепов жан тазалығынан бөлек, сыртқы тазалықты да сүйген екен. Алдымен күтушіге бетіне арнайы массажын жасатады. Содан кейін пудра жағып, тон салады. Ырғала жүріп, еш асықпай киінеді. Француз әтірін себеді. Оның үстіне Ғабеңнен осылай жүруіне жары Хұсни де себепкер болған. Басқалардың әйелі шалбарды су шашып үтіктесе, Ғабеңнің жары әтір сеуіп үтіктеген екен...
- Мама, ол азаматтың сауаты Мүсіреповтың шығармашылығы туралы жазуға жетпеп пе, – дедім менсінбеген кейіп танытып... Өйткені санамда әрдайым мұндай жеңіл өсекке жақын әңгімелерден гөрі салмағы ауыр талдаулар жазылуы керек деген ой тұратын.
- Оның парақшасында бәрі жазылған. Әсіресе, әлем әдебиетінен Хемингуейдің, Мопассанның, Агата Кристидің, Муракамидің шығармашылығы туралы ой-пікірлер де бар деді екілене-екпіндеп.
Сол сәт анамның атыздай жанған жанарына әдеттегіден өзгеше үңілдім. Ай дидарында бала кезінен «әдебиетші атанамын» деген асқақ арманның табы бар. Әлі күнге дейін «Қазақ әдебиеті», «Жалын», «Ана тілі» секілді газет-журналдарды ақтарады да жатады. Жаңа газет әкелген күні айналаның бәрін ұмытып, қомағайланып, тауысып біткенше әл дәрмені қалмайды. Одан кейінгі марқайған, тойынған, айналасына аса бір ризашылықпен қараған көңілін көрсеңіз ғой. Әлемдегі ең мейірімді анаға айналып кетеді. Бірақ, өкініштісі, анам бүгінде тек үй тұрмысындағы әйел ғана болып қалған. Бізге – ана, әкеме – жар, қоғамда ешкім емес. Әдебиетші атанамын деген арман-құсы тұрмысқа шыққан соң құлдилай құлағанын күнге тотыққан, солғын тартқан жүзіне қарап ұқтым. Көз айналасына аса бір сұлулықпен, еппен ғана жайғаса қалған әжімдеріне кейді өзімді кінәлмаймын. Қараптап қарап жаным ауырады. Біз әдетте анамыздан «шынайы бақыттысың ба» деп сұрамаймыз ғой… Іштей ошақ басында өзімен өзі отырып, күрсініп алатыны да содан шығар, сірә? Есік алдына шығып, жалғыз өзі бір нүктеге қарап, қадалып отыратыны содан болар?! Енді мен де анамды жақсы түсінемін. Бұрындары оның жүрегіндегі жамауды байқап тұрсам да көңіл бөлуге уақытым болмаушы еді. Енді мен де ана болдым, мен де ішімнен тынатын болдым, - деп селқос кейіппен анам айтқан парақшаға үңілдім. Расымен, парақшада қазақ әдебиетінің, қазақ театр өнерінің небір жауһарлары маржандай тізілген. Қызық, жасы нешеде екен? Мұндай белиссимо шедеврлерді тек 50-ден асқан, ақыл тоқтатқан адам жазады деп топшыладым...
Күн артынан күн, ай артынан ай өтіп жатты. Жаңа кәсіп ашып, табанымнан тозып жүрген кезім еді. Көліктің қажеттілігі әбден өткен емес пе? Жаяу-жалпылай қолыма дорба-дорба заттарды ұстай алып, асығыс басып барамын... Демімді бағдаршамның қызыл жанған тұсына келіп, бірақ алдым. Ішімнен: «осы бағдаршамды қойған үкіметке рақмет! Бұлар болмаса, аяғыма тыным да жоқ екен ғой», – деп ойлай бергенім сол еді...
- Сіз Ұлпасыз ба, – деген ашық әрі әуезді шығатын қоңыр үн естілді.
- Иә, Ұлпа Қамбашқызымын. Сізді ұмытып қалып тұрмын, – деймін әдеп сақтаған кейіп танытып.
- Мен Бақбуанмын. Бақбуан Шаймерден. Сізді желіден көріп тұрамын.
- Көз алдымда 50-дегі ағай емес, тепсе, темір үзетін жап-жас жігіт тұр. Қасы-көзі қап-қара. Қабағын жиі түйетін секілді. Оны екі қасының ортасына түскен әжімінен байқадым. Төбесінен түскен елік күннен сәл жиыра қалса, әжімдері менмұңдалап-ақ тұр. Кең иықты, ашаң жүзді. Күннің ыстығынан мұрнының үсті қызарып кетіпті.
Бала кезімнен кісі көрсем, аса бір ізет көрсететін қасиетім бар еді. Есіме кім екені түсіп, қолымды қалай созғанымды білмей қалдым. Қалыңыз жақсы ма, – деймін асыға-аптыға.
Ол да жымия қолын созып, «сұрағаныңызға қуанып қалдым, жақсымын ғой. Сізге көптен бері бір сұрақ қойғым келіп жүр еді» дейді. Сөз ауанында асығу-аптығудың табы да жоқ. Уақытпен жарысып үйреніп қалған менің жаныма бірден тыныштық орнады.
- Иә, сұрай ғойыңыз.
- Сіз осы бәріне қалай үлгересіз?
- Түсінбедім?
- Нағыз универсал жан екенсіз. Біресе, оқушыларға сабақ беріп жатасыз, біресе журналист, біресе ақын, біресе әдебиетші...
- Осы сұрақты елдің бәрінен естіп, үйреніп қалған мен: «Шын мәнісінде әр шаруаның басын бір шалып жүргендіктен ештеңеге де үлгермеймін. Тек әлеуметтік желіде үлгерген кейіп танытамын», – дедім Моно Лизаның жымиысын салып. Бағдаршамның жасылы да жанды. Мен асыққан қалпыммен «жақсы онда, сау болыңыз» дедім де кете бардым. Оның әлдеңе деп күбірлегені нөпірі көп көліктің даусынан естілмей де қалды. Бұл біздің Алматы қаласы Абылай хан Мақатаев қиылысында жолыққан алғашқы көрісуіміз еді.
Дәл сол күннен кейін әлеуметтік желіден салған сторизіме бас бармағын басып қоятынды шығарды. Алғашқысында кеудемде құлын ойнақ салып жатқандай қуаныш жүріп өтті. Бірақ онысы күнде емес. Талғаммен басатындай көрінді. Мен маңызды істер атқарып жатсам, қошеметін аламын. Ал аса ардақты һәм пәкизат нәби жүзіме келгенде аянып қалатын сыңайлы. Оны байқап жүргеніме көп болған еді. Бірақ оған мән бермегенім жөн. Солай 5-6 ай бойы арагідік басылған бармақтарға әбден етім үйреніп кеткен емес пе? Бір күні жасанды интеллект туралы жазған ойыма пікір қосқанына да аса таңдана қоймадым. Интеллектісі жоғары азамат болған соң өз ойын білдіруге кәнік деп қана топшыладым.
- Жасанды интеллект – креативті идеяларды генерациялау құпиясын игеруге көмектеседі. Қазір 3 әлем бар. Біріншісі – сіз бен біз өмір сүріп жатқан әлем. Екіншісі – виртуалды әлем. Үшіншісі – ана әлем (Бірақ ол нақты бар ма, жоқ па, белгісіз) Виртуалды әлем - атының өзі айтып тұрғандай «әрі бар», «әрі жоқ» әлем. Бұрын эмоцияны, креативті ойлауды игере алмайды деген жасанды интеллект қазір оны да игеретін болған. Сондықтан бізге тек ЖИ-ді өзгелерден қалмай, үйрену керек, – дейді Бақбуан Шаймерден.
Дәл сол сәт баспай жүрген қошеметтеріне қарымтамды қайтарғым келді ме, кері сөйлей бастадым. Әрі ер азамат атаулысына қыз-қылаң қылықтылардың кері сөйлеуі мұстахаб амал болып есептелмей ме?!
- ЖИ деген – сіз айтқандай ақылды емес, бірақ жылдам. Оны жылдамдығы үшін ғана бағалар едім. Ол тек адамдардың жазған дүниелерін алдыңызға шығарып береді. Егер бұрын соңды ізденген тақырып туралы ешкім, ештеңе жазбаса, ол да жаза алмайды.
Тағы бір уәж айтар екен деп күтіп тұрсам, «дұрыс айтасыз» деп қоштай кетті. Мен аң-таңмын. Бірақ бұл жолы ұзақ жазды...
– ЖИ креативті ойлауға мүмкіндік алды дегеннің өзінде де, оның креативті ойлау бағдарламалары уақыт өте келе стандартты болып қала береді. Ал адамдардың «креативті, бейстандартты ойлары» өзі уақыт өте келе бәрібір стандартты болып қалған кезде тағы да басқа креативті идеялар ұсынады. Демек, ЖИ – жай ғана плагиатшы. Ол өзі не айтып тұрғанына да тереңінен бойламайды.
Нүктесінің өзі бұл тақырыпты жабайық, - деп тұрғандай қандай әсем көрінеді. Тұжырым тудырып, ақиқатты әйгілеп тұр. Мен де тарыдай белгінің тағдырына үңіліп, көп ой аңғарғандаймын. Осы күнге дейін мен көрген ер адамдардың барлығы «тек менікі дұрыс» деп кісіпсіп тұратын. Ал бұл кісінің мені қоштай кеткені жаныма жағып барады... Әйкенмен, тоқтай тұр, Ұлпа. Бұл әлі оның жақсы еркек екенін білдірмейді,-деді ішімнен бір дауыс.
– Бақбуан аға, сіз сонда өлілердің әлемін мойындамайсыз ба, – деймін қызықты диалог құрған болып. Онымда «көрейік, қай жерге дейін шабатыныңды» деген ой жатқандай...
– Ана әлемнің бар-жоқтығы ғылыми түрде дәлелденбеген. Осы күнге дейін көріп келген бірде-бір адам жоқ.
– Сіз сонда Құдайдан ештеңе сұрамайсыз ба?
– Құдайдан сұрауға ұялам. Лайық емес секілдімін. Сондықтан тек өзіме сенем. Сен ше?
– Неге ұяласыз?
– Қарсы сұрақ қойдың ғой…
– Ол тым ұзақ әңгіме. Әрі оны саған білудің қажеті жоқ, - деді Бақбуан.
Әңгіме ауанын өзге жаққа бұрып жібергісі келіп, бірден:
Қараптан қарап күлкі қысып тұрғаны. Екеуміз тіпті әлеуметтік желіні баяндама алаңына айналдырдық қой, - деді күлген болып.
Ішіме у түскендей ду ете қалса да мүмкін момындығымнан, мүмкін әдеп сақтағаннан үнсіз қалуды жөн көрдім...
– Ұлпа, не ғой... Талдауға жақсы екенсіз. Бір күні отырып, осы тақырыптар төңірегінде әңгімелесуге болады. Тіпті киноға баруға болар еді, қарсы болмасаң…
– Қызық кино болса, неге бармасқа, - деймін. Құдды бір кино қызықсыз болса, бармай қоятындай. Онымды өз-өзіме айтып, күлкі қысты.
– Келіскеніңе қуанып тұрмын.
– Бірақ, менің қызым бар екенін білесіз ғой, – деймін бір жұтынып алып.
– Иә, жүктеген видеолардан көріп жүрмін.
– Өзіңіз ше?
–Үйленбегем.
–Онда балам бар екеніне қалай қарайсыз? Бәрін жағада тұрып, шешіп алғанды жөн санаймын…
Дәл осы сәт құдды бір оған тұрмысқа шығуға ниетім бардай сұрағаныма өзімнен өзім қысылып, қып-қызыл отқа түстім. Ол тек пікірлес жан ретінде менімен тілдесіп, көкжиегін кеңейткісі келген болар. Қазақ әдебиеті, ұлттық жады, тарихи, саяси қала берді әлеуметтік өзгерістер туралы тілдескісі келген щығар. Әдетте өзім де интеллектуал адамдарды құйындай іздеп тұратыным бар емес пе? Қой, бұл сауалымды өшірейін, – деп айтып ауыз жиғанша, телефонымнан тық еткен дауыс шықты.
– Меніңше, бұл тағдыр. Балаң – қайта артықшылығың деп білемін… Өмір болған соң ондай-ондай болады.
Дәл осы жауаптан кейін көз алдымда сол бір алғаш көшеден көріп қалған сәт кілкіп тұрып алды. Оның үнін, дауысын, қара торы жүзін, екі қасы арасындағы әжіміне дейін еске түсіргім келді… Өмірімде бір-ақ рет көрген адамның елесін қармап қалғым келіп, әуре-сарсаңға түстім.
Бірақ қуанғанымды білдірмейін деп, қай жақтансыз деп жылы жымидым.
– Мойынқұмнан.
– Мәссаған, Мойынқұм деген тамаша жер ғой!
– Қай жері тамаша екен?
– Біз отбасымызбен Мойынқұмды жақсы көреміз. Апамның күйеубалаларының бәрі Мойынқұмнан. “Құтты күйеу балалар Мойынқұмнан бұйырады” деп отбасым сол жақты жақсы көреді, – деймін. Деймін де тағы да тілімді тістеп қаламын. Бұл сөздерім де “сіз де бәлкім, құтты күйеубала болып қаларсыз” дегенге көбірек ұқсайтын сияқты. Сеңге соғылған балықтай миымның, жоқ әлде жүрегімнің астаң-кестеңі шығып бара жатқанын түсініп, орнымнан атып тұрып, терезені ашып жібердім. Салқын самалға кеудемді аймалатып, тереңінен бір тыныстап алдым. Бірақ дем алысым сәт сайын ауырлап бара жатқан сияқты көрінді.
– Күшті. Өзіңіз қайдан боласыз? деген жауап терезе алдындағы алашапқың ойларымды бұзды.
– Тарбағатай деймін кеудемді мақтаныш сезімі кернеп…
– Охо-о-о, Дидахмет Әшімханның: “Адамның туған жері қандай болса, өзі де сондай. Туған жері көркем болса, өзі де көркем” деген сөзі ойыма бірден оралды. Сіз Тарбағатайдың алып тауларынан, мөлдір бұлағынан, әсем табиғатынан құралған екенсіз ғой. Бойыңызға бүкіл теңіздің арнасы кеп құйылғанын сезіп едім, – дейді Бақбуан.
– Артық мақтап жібердіңіз-ау.
– Имандай шыным. Менің интуициям “сізді адал жан” дейді.
– Рақмет,–дедім жымия психологымның кім сізді мақтаса да, теріске шығармай алғысыңызды білдірген жөн деген сөзі ойыма оралып.
– Сонда осы тұжырымыңызға салсақ, сартап саз балшық, құмды ауылда өскендерден ешкім шықпай ма? Өзіңіз де Мойынқұмнансыз ғой.
–Адамның қандай болатыны географиялық жағына байланысты. Менің жаным да не бір сарқырап ағып жатқан өзені, не бір жасыл желегі жоқ, қурап қалған, – деді Бақбуан туған жерінде қалған сүреңсіз естеліктерді еске түсіргісі келмей.
Бұл тұжырыммен мен де келісер едім. Себебі бұрынғы жолдасымның туған жері – шекаралас елдің Көкбет деген ауылдық өңірінен еді. Атының өзі қандай жаман. Құдды бір қалаған уақытында жуасытып, ықтырып алатын, сөзімен жаныңды жеп жіберетін өңшең көкбеттердің шоғырланған өңірі сияқты. Ол жерде құм тұрмақ, айналаның бәрінде қаптаған арам шөп, шеңгел, өтіп бара жатсаң шағып алатын қалақайларға тола еді.
Бір күні енем көршілерді қонаққа шақыратын болды. Түнде ой жеп, 2-ден кете ұйықтаған мен таңғы 6-да төсектен тәнімді зорға суырып алдым. Денем ылғи да біреу ұрып тастағандай ауыратын болыпты. Өзімнің уқалағаныма болар емес. Айнаға қарап, Көкбет тұрмақ, даңғарадай Алматыға сыймай жүрген қу басым, орамалға қалай сыйып тұр екен, – деп бір күрсініп алып, жаулығымды селқос байлай жөнелдім. Кенет енемнің “келііін” деген даусынан селк ете қалдым. Осы бір “келіін” деп шақыруы құлаққа түрпідей тиетін. Бірақ ол туралы әлдеңе деуге, тіпті ойлауға өзі тірлікке зорға жетіп жүрген күш-қуатымды сарқығым келмеді. Ең әуелгі жұмыс құдықтың ішінен енем екеуміздің жаз бойы пісірген тосабымыз, салаттарды алудан басталатын. Ал оларды 55 градус шыжып тұрған аптап ыстықта күйіп-жанып қалай қайнатқанымды айтпай-ақ та қояйын. Өйткені бұл үйде тоңазытқыштың орнын құдық іші алмастыратын. Құдықтың ішіне шелек салып, жіппен тағамдарды жіберетінбіз. Керек кезде көтеріп аламыз. Солай суық ішінде тамақтар ұзақ сақталатын. Ал мен құдық ішіне түсуге әуел баста өлердей қорықтым. Әлемдегі түнек атаулының бәрі осы жерде сақталғандай, ең түбінде әлдене күтіп отырғандай сезінуші едім. Кейіннен менің білместігімнен етіміз майдың үстіне қойылып, оның қаны сары майға ағып, ойда-қырда енемнен ауыр сөздер естігенде құдыққа ойнақ салып түсетін деңгейге жеттім. Бұл менің қорқынышымды жеңген жеңісім бе, әлде жеңілісім бе, өзге түгілі, өзіме де түсініксіз. Тіпті кейде құдыққа түскелі жатып, өзімді лақтырып жіберсем бе екен деген ойлар келетін. Осының ішіне түсіп қайтыс болып кетсем, байқұс әке-шешем алғашында сенбейтін де болар. Сосын сонау Алматыдан шекарадан өтіп, мына жаққа жетудің өзі азап емес пе? Ал келді делік, қайынжұрт сыпсыңдап жүріп, өздері-ақ көміп тастайтын шығар. Енем де екі қолын қуана ысқылар. Күйеуім үшін де менен дәл осындай оңай жолмен құтылғаны әлемдегі ең дұрыс шешім болар еді. Мысалы, мен осы ауылда етімнің де, сүйегімнің қалғанын қаламас едім. Онда өмірді босқа кешкен боламын ғой. 18 жыл бойы армандап зорға жеткен Алматымнан жолдасымның ауыз сөзіне сеніп, етегінен ұстап, 23 жасымда қапияда айырылып қалып, енді 25 жасымда мүлдем қол үзсем не болады? Кімнің, қалай кеткенін түсінбей ата-анам қалар. Олар тым жуас кісілер ғой. Менің ақымды сұрауға момындықтары жар бермес. Не қызымды да күресіп жүріп, ала алмас. Ары-беріден кейін жан-жүрегі мейірімділікке толы әкемді уақытынан бұрын көрге сүйреймін ғой? Ал қызым ше? Мына жауыздардың қолында қала ма? Жо-о-қ, әзірге шыдай тұр дедім өзіме. Тағдыр-тәләйім осы жерден тоқтамауы тиіс.
Сонымен күнұзаққа созылған тірліктен кейін қонақтарымыз да келіп қалды. Енем көршілердің алдына жүгіріп шығып, маған тұздықтың пиязын турауды тапсырды. Таңның атысынан аш құрсақ жүгіргеніме ме, әлде күнге тотығып, қап-қара күйеге айналып, күйісім кеткеніме ме, әйтеуір пияздың ащылығын сылтауратып көзімнің жасын төктім-ай кеп... Жанымда отырған бір көршіміз “пияз соншалық ащщы” екен ғой деп таңданып қарап қояды. Көрші тәтелердің аңқаулығына таң қаламын. Пияз үшін жылап отырғаныма сеніп қалды.
Енем шын жылап отырғанымды сезген болса керек, көрші тәтеге әңгіменің тиегін ағыта бастады. “Кеше қайын апамның үйіне қонақтыққа кешігіп бардым. Әгі баласының тойын ақылдасуға шақырған. Қайын апа деген аяушы ма еді. Міне, былай арқамнан қағып-қағып кеп жіберді”, – деп арқамның жүрек тұсынан қатты қолымен жұдырықтап тұрып, 2-3 рет салып қалды. Ауырсынбаған сыңай танытып, жасымды ішке ағызып, отырған жерімде отыра бердім. Ішке аққан жасыңның ауырлығын сезіну қиынның қиыны екен. Неге өйттім? Кімнен жасқандым? Өзім де білмеймін... Көршілер төр бөлмеге аяңдай басқаннан-ақ, кеудеме өксіз толып, далаға атып шықтым. Құлын даусымды үйдің артына жеткенше зорға басып бардым. Бар ойым: өз сезімдерімді көрсетіп, келген қонақтардың шырқын бұзып алмау. Тұла бойым зіл қара тастай ауырлап барып, отыра кетіп едім. Уытты қалайқайлары да аяқ-қолымды шағып-шағып алды. Мұңыма мұң қосқан, қалайқайларға қарап, мойнына бұрау түскен жылқыдай шыңғырып жібердім. Бұл жақтың адамдары қандай, жері де сондай екен… Бірақ Бақбуанның Мойынқұмын ерекше жақсы көріп барамын. Ол жақ менің түсінігімде Бақбуандай азаматтарды тудыратын құдіретке ие қасиетті мекен. Адамын жақсы көрсең, оның туып өскен елін де, жерін де жақсы көресің деген осы екен ғой,– дедім іштей…
Кенет ойымды Бақбуанның төрт жол өлеңі бұзды.
– Кеудемді сезім билеп, сағым қуып,
Қарамай ұзақ күтер жыл-айына,
Жезделердің мен-дағы жолын қуып,
Құтты бір күйеубала болайын ба, - дейді.
Қуанғаным соншалық, осы бір төртжол өлеңді тасбиық тартқандай қайталап оқи бердім, оқи бердім. Тіпті үйімнің төр бөлмесіне рамкаға салып, қоюға дайын едім. Бір жөткірініп алып:
– Ойыңызды сезіммен нықтапсыз да
Менімен бір биікке шықпақсыз ба?
Тарбағатай тауының тамашасын,
Тараз жаққа апарып тықпақсыз ба?
Онда менің жанымды ұқпапсыз да… деймін өзімше қарсылық білдірген сыңай танытып. Әйтпесе Мойынқұм десе, ешқашан көріп-білмеген жеріме тартып кетуге дайын тұрмын. Әй, бір басыма тимейді екен...
– Есіміңізді Ұлпа емес, Періште деп қоюы керек еді.
– Менің қай жерім періште? Бір баласы бар…
– Балаңыздың бар болғаны сізді өзге арулардан тіпті ерекшелендіріп тұр.
Кенет ойымды Бақбуанның «жеке өмірің туралы сұрасам бола ма, ажырасуыңа не себеп» деген нілді сөзі бұзды. Бұл сөз оңай жазыла салғанымен, оның тарапынан ұзақ ойланудың нәтижесінде қойылғанын сезгендей болдым.
– Бақбуан, түсінесіз бе, «бармақтай бағың болсын» деген тілекте үлкен мән жатыр екен. Мен де «бағың ашылсын» деген тілекті бұрындары жиі еститінмін. Тіпті ұйқыға жатар алдында апам «Құдайдан өзіңе бақ тіле» дейтін. Ал мен бала емеспін бе, қатты ұйқы қысқаннан айтпай, әрдайым ұйықтап қалатынмын...
– Мына сөзіңе қарасам, сен осы тілекке әбден сеніп алған секілдісің. Не ойласаң, сол болады ғой. Бірақ сенікі де дұрыс. Әр сөздің энергетикалық қуаты, коды болады. Қай сөзіңді жаныңмен беріліп айтсаң, сол міндетті түрде орындалады, – деді Бақбуан.
Бұл сөзден кейін бұрынғы күйеуіме «түп-тұқияныңмен бірге өнбей қал» деп ащы дауыспен айқайлап жатқаным санамда жаңғыра қалды.
Түскі ас уақыт еді. Қу тәнімді сүйретіп, ас әзірлеген болып тұрмын. Себебі үйде ұзын кеспеден өзге азық-түлік қалмаған. Ұзын кеспелер ойға ұзын құрттарды елестетеді екен. Әсіресе суға салғанда құрттарға ұқсап иреліп қалады. Осы құрттарға жан бітсе, сосын ұйықтап жатқан жолдасымның... деп ойлап бастадым да, өз-өзіме ерекше риза болдым. Жан дүниесі толысқан адамдай өз-өзіме ерекше ризамын.
Кенет есікті асқан сенімділікпен біреу қағып бастады. Соңғы кездері тым қорқақ болып кетіппін. Болмашыға таңдайымды басып, әлекке түсемін. Сөйтсем көрші әжей екен. Байқұс әжейдің баласы мен келіні керек қылмаған соң бізге жиі бас сұғатын. Амалсыздан апаға суға піскен кеспеге қызанақ соусын құйып беруге тура келді. Шанышқымен «ұзын құрттарды» әрі аунатып-бері аунатып отырған болып, дәмін де алмады. Тіпті «дұрыс ас әзірлемейсің бе» деген ым-ишараны әуелі жанарынан, кейіннен әңгімесінен де аңғардым. Жүрегіме оқ болып, қадалып-ақ тұр. Расымен, білдей бір кәсіпкердің әйелімін. Ақша деген жолдасыма құйылып жатыр. Бір тапсырыстан-ақ кемінде 500 000 теңге алады. Менің құр кеспе пісіріп бергенім кімге де болса, түсініксіз еді... Әйтеуір әжейді жылы шыраймен шығарып салған соң кеш қарайғанда жолдасым да келді. Оған да сол кеспені бердім. Тойып келгенін айтты. Әйел адамға күні бойы жол қарап күткен жолдасыңның түн ауа келіп, оның үстіне берген асыңды жемегені батады емес пе? Бірақ менің жүрегім селт етпеді. Жаныма батып-батып болған. Оған жайланып алған соң әжейдің келгенін, тамағымды жақтырмағанын айттым.
– Жақтырмаса, дәмді етіп істемейсің бе енді?
–Істер едім. Бірақ оған азық-түлік керек.
– Неге сен осы жоқтан бар жасамайсың?
Азық-түлік деген сөзді естісе, ашу қыса ма, бірден көзі қызарып кетті.
Осы сөзге әбден тойғанмын. Ештеңе жоқ болса, одан қалай жоқтан бар жасайсың? Майды, картопты, сәбізді, етті көп қабатты үйде тұрып, қалай жасауға болады, – деген ой санамда кинолента сынды қайталанып жатыр. Бірақ дауыстап айтуға батпадым. Айтар едім, оны түсінетін құлақ болса...
– Сенің қолыңнан түк те келмейді. Не еріңді тыңдауды білмейсің,–деп қойып қалды артынша.
–Қалай тыңдамаймын? Біз бір-бірімізбен сөйлеспеймізде ғой... Қашан біз отбасы болып, жадырап отырдық? Қанша үндемеуге тырыссам да аузымнан осы сөздер шығып кетті. Былай қарасаң, мен оны тілдеп жатқан жоқпын. Керісінше диалогқа шақырып тұрмын емес пе? Құдай-ау, ер адам деген диалогқа шақырып тұрған әйелінен айналмай ма?! Бірақ... осы сөзді айтпай-ақ қоюым керек еді. Айналама зер салып үлгерген де жоқпын. Жұдырығымен келген соққыдан көз-жанарым жарқ ете қалды. Тағы да. 26-рет. Екеуміз үйленгелі осы әрекет 26-рет қайталанып келеді. Әрқайсысын есебімнен жаңылыспай санап келемін. Құр шапалағын есепке алмадым. Бәрі әділетті болсын дедім. 23 жасымда әке-шешемнен бір бе бір шапалақ жемей, 2 жыл толар-толмас уақытта 26 рет соққыға жығылыппын. Демек, орташа есеппен 1 айда кемінде 1 не көп болса, 2 жұдырықтан жанышталғам. Мектепте 11 жыл бойы алгебраны 5-пен оқығанымды күйеуімнің соққыларын санауға ғана жарағаны қандай өкінішті...
Тағы да жүзіне қарасам, еш өкініш жоқ. Түк істемеген адамдай бетіме ожырая қарайды. Осы кездегі түрі жексұрын болып кетеді. Көзін бақырая ашып қарағанда бос кеңістікті, жоқ тіпті адам өлтіруден тайынбайтын киізкөкірек адамның кісімсіген бейнесін көремін. Не болғанын айналама қарап бағдарлаған соң ғана дауыстап жылап жібердім. Жылағанымды естіген сайын «жылама» деп ашу-ызамен аузымды буындырумен болды. Булығып барам. Осы сәтте ауа жетпей өлім қалсам ше деген ой санама ауық-ауық оралады. Онымен қасарысатын шамам да жоқ. Салмағым 45 кг ғана. Талықсып барамын. Өзім қылдан нәзік арумын. Бірақ ішімде бір қайсарлық жатыр. Бар әл-дәрменімді жинап, қолын тартып қалып едім, әуелі басымнан ұрып, жерге құлаған соң ішімнен тепкілей жөнелді. Екібеттеп, төстабандап жерде жатырмын. Барлық жеріңнен ұра берсе, сезілмей де қалады екен. «Балам» деймін ішімді әлсіз ұстап... Көз алдымда осы баламды құшаққа алып, құшырлана иіскеп жатқаным кілкіп тұра қалды.
Түсім бе, өңім бе, білмеймін. 25 емес, 30 жаста екенмін, жанымда қызым және ұлым. Қызым 7-де. Ұлым 5-те.
– Айбаршын, жүр анамызға гүлдестеден басына абадок сыйлайық.
– Мен бірінші сыйлаймын.
– Жоқ, екеуміз бірге жасаймыз. Ойлашы, анамыз қалай қуанады. Кенет екеуі тату-тәтті күйде бақ-бақ гүлдерді теруге кірісті. Қызым ұлға ұрсып әлек.
– Олай басын ғана жұлмашы. Олар жарамсыз болып қалады ғой. Кішкене сабағы болсын.
– Жарайды, - деп томпаң-томпаң қағып, бақ-бақ гүл теруде. Екеуі енді жасап болып, басыма таға бергендегі сезімді өмірімдегі үшінші бақытты сәт деп бағалар едім. Алғашқысы, қызым дүниеге келген сәт. Екіншісі, ұлым. Ал үшіншісі, міне осы, - дей бергенім сол екен басымның қатты сынып ауырғанынан ояндым.
Тұла бойым зіл қара тастай ауырлап кеткен. Жанымда жолдасым ауылдағы жеңгесін әкеліп, системасын салғызып жүр. Бұл – оның үйреншікті әдеті. Жағдайым аса қиын кездерде біреулерге өтініш айтып, өзі-ақ емдеп алады. Мен ақымақ бастапқы кездерде оны қамқорлыққа балайтынмын. Өзі ұрып алып, өзі емдеп әлек. Су тері шығып, дәкелерді орай бастағанда ерекше бір махаббат көбен қараймын. Өмірімде жолдасымнан сезінген жылулығым біреу ғана болса, демек осы сәт қана болар еді. Ұрса, байқамай ұрған болар. Ең бастысы жанұшырып емдеп жатыр ғой, - деп неше мәрте кешірдім. Ал қазір... кенет балам есіме түсті.
- Балам аман ба, - дедім ішім бір жамандықты сезіп. Жерге қараған күйі басын көтермейді. Үнсіздігі жанымды отқа салып барады.
- ....
- Балам аман ба деймін... Айтсаңшы енді балам аман ба?
- Түсіп қалды.
- Не? Өз баласын өзі өлтірген хайуан.
Шыңғырып жатырмын. Қолымдағы системаны да жұлып алдым. Қан деген суша ағып жатыр. Мен жатқан диван, кілем, жастық бәрі қып-қызыл қанға боялды. Түп-тұқияныңмен... түп-тұқияныңмен бірге өнбей қал, жауыз. Ертең-ақ осы қастығың алдыңа келеді,–дей бергенім сол екен тағы бір жұдырықтан ұйықтап кеттім. Көз алдыма әлі өмірге келмеген шақалағыммен мәз-мейрам болып жатқан әлгі көрініс қайта оралды...
***
Арада 3-4 ай өтті. Ішімде оған деген өкпе-реніш маздап жатса да әйтеу сүлесоқ күйде күн артынан күн, ай артынан ай зулап жататын. Мен ең алғаш келін болып түскенде жолдасымның жалғыз түйір бауыры бізге ерекше ықыласпен тілек айтқаны есімде қалыпты. Жүзінен шын қуанғаны есім тұр. Ағасына тойдың ақшасын да жинап берген. Осы үшін мен қайныма ерекше бір құрметпен қарайтынмын. Жолдасымнан 1 жас кіші қайнымды қайнағамдай сыйладым. Бір күні жиырманың бесеуіне келген қайным «жеңгелеп» еркелей басып, үйге енді.
– Жеңге, мен үйленгім келіп жүр.
– Үй, мынауың тамаша жаңалық қой. Кімге?
– Міне, мына қыз, - деп телефонын асығыс ақтара бастады. Ақ келбетті, ашаң жүзді, бадана көзді бір кіішкентай қыз мөлдіреп тұр.
– Ооо, сұлудың сұлуы екен. Қашан деп жатырсыңдар енді?
– Үй, жеңге, бұл қыз мені танымайды да. Сырттай ұнатып жүрмін. Соны қалай қаратсам... деп басын қасиды кеп.
– Қай жақтың қызы өзі? Сен оған жазып көрдің бе?
– Жоға, жазуға батылым бармай жүр. Мен оқитын университетте 3-курста. Магистратураға түсуге құжаттарымды алғаш апарған күні көрдім. Жатақханада тұрады екен. Содан бері каридордан жиі байқаймын. Тек құрбыларымен жүреді. Не телефонға да көп үңілмейді. Соған қарағанда жігіті жоғау. Хмхм..жігіті жоқ шығар деп үміттенемін, - деді бір жөткірініп алып.
– Бір күліп алдым да: онда былай істейік деп план сызып бердім.
Әуелі қыздың әлеуметтік желідегі парақшасына барлау жүргізейік. Байқасам, суреттері көп сияқты.
– Ой, суреттері жетеді, жеңге. Бармаған шетелі жоқ. Осы күнге дейін 36 елді аралапты.
– Ойбой, мықты қыз ғой, демек. Онда осы парақшасына қарап, нені жақсы көреді, қайта барады, бәрін жазып-сызайық. Сен соларды біліп аласың. Сосын жақсы бір суретке түсу керек саған. Дұрысы фотосессия жасайық. Ағаңның кәстүмін сықиып киіп ал. Мына суреттерің жарамайды. Мына қойшының түрі сияқты түскен суреттеріңмен 36 ел аралаған қызды қарата алмассың.
– Жарайды, жеңге. Онда сен «не жақсы көретінін» әбден байқап маған жазып бер. Жіпке тізгендей болсын. Мен суретті ұйымдастырайын.
Ақыры бәрі Гитлерлік жоспарымдағыдай болып, қыздың көңілін таптық. Қайным күнде бір құшақ гүл алып, иіс-суын себініп, шырттай киініп кездесуге барады. Қашан көрсең телефонын ұстап, өзімен өзі мәз боп отырғаны...
– Жеңге, осыдан тойым болсыншы, сізге менен алтын, - деп мені де дәметтіріп қойған. Осы үйде өліп қалмай өмір сүріп жүргенімнің 2 себебі болса, бірі осы қайнымның мейірімділігі еді. Шертпелі тығыршықты әйтпесе баяғыда-ақ жібере салар едім. Қай әрекеті де енем мен жолдасымның суық мінезін жуып-шаятын. Есік алдын сыпырып жатсам, жеңгелеп сыпыртқыма таласады. Біресе үстіме су шашады. Біресе істеп жатқан тамағымның картөшкесін, пиязын, сәбізін турап беріп, әңгімесін айтып отырады. Сөйлегені өзі кішкентай балалардың былдырлағаны секілді. Мен өмір сүріп жүрген әлемде мейірім бар екенінің жалғыз дәлелі – осы қайным.
Айтпақшы, бүгін менің туған күнім. Ешкімнен ештеңе күтпесем де «туған күніңмен» деп біреу құттықтаса болды, соның жолында құрбан болып кете жаздаймын. Жолдасымнан еш үміттенбесем де ата-анам құттықтайтын болар, - деп күткенімді несін жасырайын. Жарайды, олар түнгі 12-ні қайдан түсінер, ертең хабарласар, - деп ұйқыға жаттым.
Қабарған өлі тыныштықта кенет жолдасыма біреу қоңырау шалды. Түнгі 3-4 шамасы. Жолдасымның бақырған дауысынан атып тұрдым. Кеудесін ұрып, жылап жатыр. Не болғанын әлі де түсіне қоймадым. Сөйтсем қайным қызымен кездесуден келе жатып, жол апатына түсіп, қайтыс болыпты... Алдынан біреулер кес-кестеп өткен бе?! Әйтеуір түзу жолда жүріп, аударылған. Не рөлді бұрмаған, не алдынан мал-жан шықпаған, жылдамдығы да 60-тан аспаған, әйтеуір көлік жұмбақ жағдайда сайға қарай домалап кете барған. Көліктен де, өзінен де сау тамтығы жоқ. Сол жерде-ақ жүріп кетіпті. Сондай мейірімді қайнымның артында тұяғы да қалмады. Қызы келер деп енем екеуміз есік жаққа қарайлап едік, жаназасы, қырқы, жылдығында да бас сұқпады. Ең қиыны бұл оқиғаның дәл менің туған күнім де орын алғаны еді. Осы сәттен бастап менің туған күнім олар үшін қарғыс атқан күнге айналды. Жыл сайын енді бұл күн аза тұту күні болмақ.
Одан кейін 1-2 айда жолдасымның жан досы асылып қайтыс болды, апасы мен әпкесі коронавирустан қайтты. Бір айналдырса, шыр айналдырады деген осы екен.
– Ұлпа, меніңше, әр сөз адам тағдырына әсер етпей қоймайды, - дейді Бақбуан үнсіздікті бұзып. Мен ұзақ уақыт болған оқиғалаларды сана ағымында жаңғыртсам керек. Әсіресе қарғыс генетикаға бірден тиеді, – дейді менің ойымды оқып қойғандай. Онысына өзімнен өзім қысылып, қарғыс туралы тіл қатпаған едім ғой, – деймін іштей.
2-бөлім.
Онымен кездесер сәтті күтіп жүргеніме көп болды. Тұрмыста қиян-кескі күндерді кешіп, арада табаны күректей 5 жыл өтсе де әлі қалыпқа келмегенімді ойласам, жан-дүнием мұздап сала береді. Әйткенмен Бақбуанмен кездесер сәтті ойлап, қиял-ғажайып әлеміне сүңгігендей күй кешемін. Мысалы, дәл қазір екеуміз әдейілеп тұрып кездессек... Өзімді қалай ұстар едім? 18 ғасырдың ортасында дүниеге келген Англия корольдігіндегі ханшайымындай кеудемді көкке көтеріп тұрсам... Кездесе салып, қолымды сүйіңіз десем, өлім шығар, сірә?
Әлде еңсемді сәл түсіріп, әр сөзіне «ләппайлап» тұрғаным дұрыс па екен?
Иә, дұрыс айтасыз. Осы сөзіңізбен келісемін. Бүкіл әлем сізге бас июі керек, – десем де артық сияқты. Қалай десек те, алтын ортасын ұстағаным жөн. Бірақ өз болмысым басқа ғой. Бетперде киюге болмайды. Ол ақымақ емес секілді. Бетперде екенін бірден аңғарып қояды.
Жарайды, оны қойшы, не деп сөйлесемін? Ол өмірде мүлдем сөзге шорқақ адаммын деген... Демек, маған тақырып тауып, әр нәрсені айтуға тура келеді ғой. Екеуміз оқып жүрген шығармаларды қайта, жаңа қырынан талдауды ұсынсам ба екен? Әлде шетел әдебиеттеріндегі жазушылар туралы не бір ақпараттарды жинап барсам... Бірақ не айтып, не қойғанымды білмей, аузыма сөз түспей, ұятқа қалуым әбден мүмкін. Оданша үнсіздікті таңдағаным дұрыс. Иә, қыз баласына құптағанын үнсіздікпен білдіру жарасады.
Осыншама ойлар жанымды жегідей жегені рас. «Алғашқыдай әсер қалдыруға екі рет мүмкіндік берілмейді» деп Коко Шанель айтқандай бірінші кездесуде мен ерекшеленіп тұруым керек деген ұстанымдамын. Бірақ біздің тілдесуіміз, әр ақын-жазушының тағдырын, шығармаларын талдауымыз, өнер иелерінің сахнадағы образына берер бағамыз 5 айға дейін созылды. Яғни 5 айлық сөйлесуден кейін ғана кездесеміз деп шештік.
Бұл сәтті тым көп күткендікпен бе, әлде... әйтеуір шақырғанда бойымды қуаныш билеген жоқ. Әріптесім түскі асқа шақырғандай қабылдадым. Бірақ қалайда көңілінен шығуым керек деген ой тұрды. Біз кездескен күні жаңбыр себелеп жауып тұрды.
– Біз кездескенше жаңбыр тоқтаса екен.
– Неге?
– Неге десіңіз бар ма, үстіміздің бәрі малмаңдай су болады ғой.
– Ештеңе етпейді. Біз 5 айдан кейін көріскелі жатқанымызға, аспан қуаныштан көз жасын төгіп жатқан шығар, -дейді құдды бір ол емес, мен асықпағандай.
Бұл сөзіне ерекше риза болып, дайындыққа кірістім. Көйлек киемін деген жоспарымның күл-талқаны шықты. Мүсінімді ерекше етіп көрсететін спорттық киіммен баратын болдым. Әрленіп алдым. Кешкі 7-ні күткенше өз-өзіме сыймай барамын. Енді сәл күтсем, пах етіп жарыла салатын шардаймын. Жаңбырдың толассыз жауып тұрғанына да қарамай, үйден атып шықтым. Соңымнан біреу қуып келе жатқандай Алматы көшелерінде желдей есіп барамын.
«Алматының көшесінде келем мен
Алатау тұр ән мен жырға бөленген
Мұнда әншілер әуелетіп ән салып,
Ал ақындар күн кешеді өлеңмен»... деген жолдар ойыма оралады.
Ал енді 49 автобусты күту керек. Мейлі, әйтеуір жаңбыр өртеніп бара жатқан жанымды себезгілеп, басқандай болды. Әйткенмен оның мені ұзақ уақыт кездесуге шақырмай жүруінде нақты бір себеп бар. Неден қорқатынын білемін. Таза, ынтық жүрегімізге қылау түсіріп алудан қорқатын сияқты, – деп өзімнен өзім бал ашып келе жатқанда ақыры ол айтқан кафеге жетіп қалыппын. Бір қуаныш бойымды билесе, тез жүретінімді-ай осы... Бірінші барғаныма өз-өзімді сөгіп отырсам, 10 минутта есіктен кіріп келді. Мен отырған үстелге қарай аяндап келеді. Ал жүрегім... жүрегімнің сол сәтте не кешкенін білсеңіз ғой...
Мен оған кеш бойы қараумен болдым. Не айтқаны, кімдерді сөз еткеніміз мүлдем есімде жоқ. Бірақ бір-бірімізге төрт құбыласы тең адамдай көз тоя қарадық. Тапсырыс берген тамағым да қолқамнан өтпеді. Махаббатқа тойып тұрмын. Ол да ары-бері шұқылап, жей алмады.
Ақыры кафеден шығып, сыртқа бет алдық. Сәл жүріп, орындыққа жайғасқан соң жан дүниемде түсініксіз, сұп-суық сезім жүріп өтті. «Бұл сенің адамың емес қой» деді ішімде бір дауыс. Интуиция деген осы шығар, сірә?! Әдетте жан дүниемнің қалауына қатты құлақ түретін жан болса да. жүрегім қалап тұрған соң мән бермеуге тырыстым. Үйге дейін шығарып салды. Таңға шейін көз іле алмадым. Ол да менімен тілдесіп, ұйқы көрмеді. Сондай бір ыстық сезім денемді бастан-аяқ баурап барады.
2 күннің бірінде Бақбуан менің есік алдымда күтіп тұрады. Бұрын менсіз қалай өмір сүргеніне өзі де таң. «Сенің өткенің маңызды емес, өйткені сен менің болашағымсың» деген сөздерді айтқанда шер құшақта еріп кете жаздаймын. Таңды «қайырлы таңмен» атырып, «спишьпен» батыратыным тағы бар. Бүгінгі кездесуге ең бір қадірлі сәтке деп сақтап жүрген ақ көйлегімді кидім. Себебі бүгін досының үйлену тойы. Достарымен алғаш рет танысуым еді. Бәрі әдемі басталған. Той барысында стаканға ішімдікті қайта-қайта құйғызып, қылқылдатқанда көзім шарасынан шыға жаздады. Көз алдыма әкем келді. Көзімді ашып көргенім әкемнің удай мас болып жатуы еді. Бүгін де ұйқымнан оянсам, әкем есік алдында мас күйде әлденелерді міңгірлеп отыр екен. Арағы киіміне өтіп кеткен кіші дәретімен, құсығымен қосылып, иісі анадайдан ұрып тұр. Сонда да мұрнымды бастым да жанына ақырын барып: Әке, бүгін көшеге шықпа, иә, - деп мықтап тұрып тапсырып кеттім. Негізі таңның сұрықсыз болып атқаны болмаса, мен үшін сәтті күн болды. Алты сабақтың алтауынан да бестік алдым. Оған қоса, өткен аптада қатысқан олимпиаданың жауабы шығыпты. Тағы да ең жоғарғы балл менде. Сот сәтте жауыма айналған Айдананың ішін тырнаған қызғанышын бет-жүзіне қанша жасырып-жасқаса да аңғарып қойдым. Қанжығаң майланды деген осы шығар. Өміріме, өзіме, күнделіктегі бағаға тояттана қараймын. Жанымда бірнеше құрбым бар. Дұрысы, сыныптастарым десем болады. Ортада топбастап жүргенімді жаным ерекше жақсы көреді. Оларға ақылсынып: сабақты қалай 5-ке оқуға болады, байқаулардан жүлдегер болудың жолдары, Райхан апайдың көңілін табу үшін ұят пен зиятқа жүгіну керек пе деген секілді тым ақылгөй әңгімелерді соғып келемін. Үй мен мектептің арасы біршама алыс. Әрі бұрама жолдармен жүру керек. Қасымда әлгі жолдастар. Бұрылысқа келгенде кілт тоқтадым. Көшеде әкем жатпаса екен, - деген ой санама сарт ете қалды. Біздің ауылдың көшелерінде артық-кем ағаш жоқ, нөпірі көп көлік жоқ. Егер көшенің аяғында тұрып, бас жағында ит не мысық жатса, анадайдан аңғарып қоюға болушы еді. Әр көшеге мойын бұрған сайын «әкем жатпаса екен» деп Құдайшылығым ояна қалатын. Іштей әлгі тілекті 5-10 рет қайталап жіберемін. Жатпағанын көрсем, бойымда ерекше бір сенімділік оянып, дауысымды қатты-қатты шығарып, әңгімемді, ақылсынуымды жалғастырып, кете барам. Ал көшеде құлап жатқанын көрсем, аузыма құм құйылғандай нарттай қызарып, тілімді жұтып қоя жаздаймын. Ендігі тілегім жанымдағы жолдастарымның бірі «Өй, мынау әкең емес пе» демесе болды деп тілеп барамын. Кейде жолым болып, басқа көшемен жүруге достарды көндіріп, қолтықтаған күйі мойын бұрғызбай әкететін едім. Бар жиған-терген абыройым да, қуаныш-қызығым да сол көше бойында жатқан әкеме байланысты еді. Егер біреу менен «балалық шағың қайда» десе, бөтелкелердің ішінде жасырулы деп жауап беретінмін. Ең шыжығы, әкем ішпеген күні анам ішеді, анам сау кезде, әкем мас.
Жоғары сыныпта оқып жүрген кезім. Енді бойжетіп, жазғы роза секілді гүлдеп тұрған ерке бұлаң кезім, ең сұлу шағым еді. Бір күні өте тәртіпті, әрі мәдениетті, сабақты кілең бестікке оқитын, қыз баласының көңіліне қылау түсіріп алудан қорқатын сыныптасымның маған деген сезімі барын білдім. Өңшең білімділердің сыныбында оқыған соң сұрақ қойып, омақаса құлату деген көре алмастық әрекетіміз бар еді. Бәлкім, оны бірінші болуға деген ұмтылыс деу керек пе?! Әйтеуір қанымызға сіңген әдетке айналды. Ерік екеуміз 5-пен оқитындардың санатына жатқан соң отырып алып, басқаларға сұрақты жаудырудың шеберіміз. Менің сұрақтарым қуақы, логикаға негізделген, өлсе де өмірі таба алмайтын сауалдар болса, Еріктікі нағыз білімге негізделген ауыр сұрақтар еді. Менің сұрақтарыма сыныптастарымның ашуы келсе, Ерікке екі есе жынданатын. Кейде Ерікпен тату болсам да сол аяғымнан тұрған күні Ерікке де сұрақты қарша борататынмын. Мен сұрақ қойған күні Ерік 3 не 4 алып қайтады. Сонда «саған не болды» деп бір сұрап көрмепті. Жымиған күйі аса сыпайы үнмен «түскі асты бірге ішеміз бе» деп арадағы суықтықты әп сәтті жылытатын. Әрі ешқашан маған қарсы сұрақ қоймапты. Ал сабақ айту барысында білмей тұрған жерімде демеп жіберетін. Байқауға да бірге қатысамыз. Бірге көңілді уақыт өткіземіз. Тіпті ертеңгі күнге қиын сұрақтарды бірлесіп, әзірлейміз. Осылай жүріп, бір-бірімізді ұнатып қалғанымызды аңғармаппыз да. Бүгін де жолығуымыздың мәні ертеңгі сабаққа дайындалу еді. Бірақ ертесінде сабаққа келмей қалды. Ерік болмаған соң күн де көңілсіз өтті. Кешқұрым Еріктің үйіне соға кетуді жөн көріп, Жамбыл көшесіне қарай аяндадым. Алыстан дәл Еріктің үйінің алдында бір топ адам жиналғанын көріп, шошып кеттім. У-шу, қаптаған адамдар арасынан жарып өтіп, алдына шықтым. Сөйтсем полицей, жедел-жәрдем көлігі де келген. Ерікке бірдеңе болған екен деп жүрегім зу ете қалды. Анадайдан анасын көзім шалды. Медициналық каталкада қан жоса болып жатыр. Әкесін екі қолын кісендеген күйі полицейлер әкетті. Ерік мені көріп, ұят қысты ма, әйтеуір үйге кіріп кетті. Ертесінде сынып жетекшіден Еріктің анасы қайтыс болғанын естідік. Бүкіл ауыл Еріктің анасын әкесі ұрып-ұрып өлтіріп қойған деп пыш-пыштап жатты. Еріктің анасының каталкадағы қан жоса, сұлық түсіп жатқан күйі мәңгілік көз алдымда қалды. Тіпті көзімді жұмсам болды, сол көрініс қайта-қайта санамда жаңғыратын. Иә, «Екі адамның бір-біріне тартылу себебі оның жан жарақаттары болуы мүмкін» деген сөздің парқын кейін түсіндім. Бәлкім, азаматымның дәл Еріктің әкесіндей болып жолығуына сол бір көрініс себеп болған болар. Бәлкім түпсанамда жатталып қалған ақпарат шығар. Бәлкім, жай ғана сәйкестік.
Осы оқиғалардың бәрі бірінен кейін бірі Бақбуанның ішімдікке әуестігін көрген соң көз алдыма тізбектеліп келе берді. Әуелі әкемнің ішімдікке әуестігі, кейіннен анамның, кейіннен Еріктің анасының өмірден өткені... Әйтеуір, өзімді өткеннің тұңғиығынан зорға суырып алдым.
Осылайша, 10, 20, тіпті 30 рет кездескен шығармыз. Әр кездесуіміз қызық-қуанышқа толы болды. Бірақ бір күні ажырасуымның нақты себбеін сұрады. Және оны «ертең екеуміз үйленсек, мен білуім керек қой» деді аса сенімді үнмен. Бұл сөзге қалай қуанғанымды білсеңіз ғой. Сол бір сәтте ақ адал некемізді теңіз жағасында қиып жатқанымыз көзіме көлбеңдеп келе қалды. Сондықтан басымнан өткен бар оқиғаны бірін жасырып, бірін айтып, әйтеуір ауыр баяндап бердім. Әр сұраққа жауап берген сайын демалысым ауырлап барады.
– Неге сонша шыдадың?
– Қызым үшін.
– Ақыры ажырастың ғой. 2 жыл бойы соққыларға неге төздің?
– Адам қырық құлаш зынданда жатса да үмітін үзбейді ғой. Үміттендім. Ертең, арғы күні, одан арғы күні өзгерер деп күттім.
– Сонда өзгерсе, сүймейтін адамыңмен тұра берер едің.
– Бақбуан, түсінсеңші. Біздің қазақта мен оны сүймегенім үшін ғана ажырасу деген жоқ.
– Сенің оны сүймедім дегенің жалған онда.
– ...
– Ішті кептірмей айтсаңшы енді...
– Сен мені қалай тығырыққа тірегеніңді білесің бе? Нәп-нәзік әйел заты қалай өзіне қарай көтерілген қолдан кейін азаматын сүйеді? Қалай? Мен оған сеніп, сыртымдағы сауытымды шешіп, тұрмысқа шықтым. Жаным мен жүрегімді бердім. Бірақ әр соққы менің оған деген сезімімді қолмен өлтірді. Соңында қап-қара тасқа айналдым да, одан кеттім.
Бақбуанның қатты ашуланып отырғанын түсініп отырмын. Басын ұстап отырып:
– Тіпті сен оның ернінен мүмкін өзің де сүйген шығарсың. Өзің жабысқан шығарсың, – деді.
– Жетеді енді. Неге мені сонша қинап жатырсың? Мұның барлығын айту, қайтадан сол сәтке оралу маған қандай ауыр екенін білесің бе?
– Сонша шыдағаныңа қарағанда мүмкін әлі...
– Жоқ! Бұл өмірде менде кіршіксіз екі-ақ дүние бар. Біріншісі – қызым, екіншісі – өзіңіз. Бойымдағы басқа дүниенің бәрін былғап алғанмын.
Бір кезде өкініштің қазанында қайнадым-ай кеп... 2 жыл бойы шыдап, оның өзгергенін күтіп, көрпе боп төселіп, жастық боп жайылғанша 1 айда-ақ кетіп қалғанымда ештеңе де болмас еді. Некеде 2 жыл болдым, шыдадым, күттім дегеннен 1 ай деген әлдеқайда жеңіл естіледі екен ғой. Тіпті тұрмысқа шықпағандай. Оны қайдан білейін?! Неғұрлым ұзақ шыдаған сайын әйел заты құрылымын бұзып алады екен. Миының, жүрегінің құрылымы бұзылып, өз-өзін жоғалтып алады. Бұрынғыдай ағылған сөз де жоқ, қылық та, күш-қуат та жоқ. Құрылымы бұзылған әйелдің өзіне деген сенімділігі де төмен болады екен. Мен өмірде өзімді қатты сағынуға болатынын білмеппін. Бұрынғы өзімді сағынам...
Сол күннен бастап, ол өзгергендей болды... Кездесуге шақыруды азайтты. Қоңырау шалуды да. Ал менің жаным отқа өртеніп барады... Өзінен де нақтылап сұрадым.
– Сіз менің өткенімді қабылдай алмадыңыз ба?
– Жоқ, бірақ расымен сіздің көрген қиянатыңыз тым ауыр. Оны көрмеуге тиіс едіңіз ғой...
3-бөлім.
Үйден сүлесоқ күйде шықтым. «Енді бақытымды таптым-ау» деп алға қарай жүгіріп келе жатқанда кеудемнен біреу теуіп жібергендей күйдемін. Әдеттегіше денемді зорға көтеріп жүрген адамдай метроға ауыр аяңдадым. Кіре бере «ух, метроның іші қандай салқын еді» деп өтті бір жолаушы. Жүзінен ерекше ләззат алып келе жатқаны аңғарылады. Қызық, бұл салқындықты мен неге сезбеймін? Әлде ішкі әлемім соншалық өртеніп бара ма, - деп ойлай бергенім сол еді, «сары жолақтан асып кетпеңіздер» деген диспетчердің сөзін естідім. Диспетчердің әр сөзінен жүрегім аузыма тығылуда. Сары жолақ... сары жолақ... Метроға кірсем болды, өз аяғымды басқара алмай қаламын ба деген қорқыныш бойымды билей жөнеледі. Міне, тағы...Тағы да аяқтарым өз-өзіме бағынбай, өзімді құлайын деп тұрған жерімнен ұстап қалдым. Қайта Құдай оңдап, ешкім де байқамады...
Метродан шыққан бойда телефоным дызылдап қоя берді. Сіңілім екен. Кеше ғана өзі сүйетін журналистика мамандығына түскенін хабарлап еді. Енді әдеттегіше ақша сұрап жатқан болар деп бір жымиып алып, тұтқаны көтеріп едім:
- Әпке, әпке...
- Тағы не болды?
- Әпке...
- Не жылап тұрсың?
- Анамызға бірдеңе болып қалған жоқ па?
- Әкем...
- Не болды папаға? Ей, айтсаңшы
- Әкем маған тиісті...
– Телефонымның қолдан қалай түсіп кеткенін аңғармадым. Такси ұстаған күйі үйге қалай жеткенімді білмеймін. Кірсем, есіктен төрге дейін шашылып жатыр. Сіңілім біраз арпалысқан көрінеді. Түрден түр жоқ. Әкем тағы мас. Ас үйден пышақты ұстаған күйі ішіне бірақ тықтым. Өзім құзырлы органдарға қоңырау шалып, істеген ісімді мойындадым. Мен әкемді емес, жылдар бойы жинаған қорқыныштарымды өлтірдім. Осылайша әкемнен басталып, сыныптасымның өміріндегі оқиғаға жалғасқан, кейіннен күйеуімде көрініс тапқан тізбекті мәңгілікке үздім. Енді қызымның өмірінде мұндай ата, мұндай әке де болмайды.
– Судья Айнаш Жолдасқызы, Ұлпа Қамбашқызының көрген азабын саралай келе шартты жаза тағайындады. Жазасын жартылай еркіндікте өтейді. Сот залынан шыға бергенде Ұлпа жігітіне хат ұстатты.
27.07.2024 жыл.
Қоштасу деген осы шығар... Онымен соңғы рет кездесуім – тағы болашақта неше мәрте кездесетіндей, бірге тұрып, мәңгілік қол ұстасып жүретіндей әсер қалдырды. Сыртымыздан бақылап тұрған Құдайдың өзі мыналардың бұл соңғы кездесуі десе, сенбес еді... Екеуміз күрең топырақ, тұңжыр даланың үстінде кетіп барамыз. Әр нәрсені әзілге айналдырып сіз әлек, күміс шашқандай сықылықтап күліп мен әлек. Қайда барғанымыз маңызды емес, сізбен жүргенім ғана маңызды еді. Кейде ойлаймын, мен сізден бұрын, сіздің жаныңыздағы күйіме ғашық секілдімін. Өйткені дәл осы сәтте еліктей еркелеп, қарашығым қуаныштан от шашып тұрады. «Бізде бір ғана мақсат бар. Екеуміз де мені жақсы көруіміз керек» деген секілді жындылығыма жылы ғана жымиып қарайсыз. Әрине, сізде де жындылық жетеді. Маған әуелі қуақы жүзбен үңіліп алып, өз бағасын білетін адамның керілісіне салып келе жатқан «керілгіштерге» қарағаныңызды әдейілеп тұрып айтқанда мен бұлқан-талқан боламын. Жаңа ғана аспаннан күн шайдай ашылып тұр еді. Әп сәтте ышқынған дауыл тұрды да кетті. Бірақ «енді қайталамаймын» деген сөзіңізден соң қайта жадырап шыға келдім. Тағы бұлдана тұруға болушы еді. Бірақ бұлдана-бұлдана қашырып аламын ба деген қорқыныштан әп сәтте тыйыла қаламын. Расымен, мен сізді сіз маған қарағанда қаттырақ жақсы көрген секілдімін. Ал маған өйтуге болмайды. Қанасына сыймай бұлқынған ізгі сезім мен биік құштарлықты су құйып өшіруге тура келеді. Бүгін осындай шешімге келдім.
Әйткенмен ішімде сізге деген өкпеден гөрі алғыс басымырақ секілді. Сіз маған өмірде жақсы азаматтардың болатынын да түсіндірдіңіз. Тек ішпеңізші. Өмірді қайта бастауға мүмкіндік туса, нобайлап осы махаббатты қайтадан бастан кешер едім...
Лақап аты: Ұлпа
