Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Төлеген Жанғалиев. Көкейімде көбейеді көп сұрақ...

03.01.2024 2515

Төлеген Жанғалиев. Көкейімде көбейеді көп сұрақ 12+

Төлеген Жанғалиев. Көкейімде көбейеді көп сұрақ - adebiportal.kz

Төлеген Жанғалиев – Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Мәдениет қайраткері, Абай ауданының «Құрметті азаматы», Қарауыл гимназиясы жанындағы Мерғали Ибраев атындағы «Ақсұңқар» ақындар сыныбының жетекшісі.

ҚОСОБА

Жарым көңіл быт-шыт болып шыныдай,

Жалбарынып, жалынғанмен біз ұдай.

Пайғамбарға алпыс үш-ақ жас берген,

Біздерді де жарылқамас бұ Құдай.

 

Ұзақ жасау керек пе өзі, біздерге?

Жұлқынғанмен, бұлқынғанмен құр кеуде.

Күңкілдеген тіршілігің не керек,

Күндіз-түні түскеннен соң күйбеңге.

 

Қауқылдасар қарттарың да аз қалды,

Көздің ұшы көлеңкеге айналды.

Тұстастарың тұздай еріп, жоғалған,

Өздерімен ала кетіп арманды.

 

Мұң шертісіп, сыр бөлісер кісің жоқ,

Жалғыз өзің қалғандайсың тұқыл боп.

Буындарды буындырып қара қан,

Сирақтарың сықырлайды күтірлеп.

 

Артқы өмірің – айтып бітпес ертегі,

Кей күндері елесіне ертеді.

Жердің жүзін жеті айналып шықсаң да,

Жеткізбейді мәңгі-бақи жер шегі.

 

Ұлар құстай жаса, мейлі, жасама,

Ғұмырда да болу керек шекара.

Төлеген боп төрде жүрген мені де,

Аңдып жатыр, «Бекежан» мен «Қособа».

 

ШАЙТАН

Күндіз-түні түйтігіңді түрткілеп,

Шыдамыңды тауысатын піскілеп.

Қанша жерден «адамбыз» деп жүргенмен,

Қаны бұзық шайтан бізден күштірек.

 

Азғырады ол ақылдының өзін де,

Қызықтырып, теңгеге де темірге.

Аяқасты булықтырып ашуға,

Оп-оңай-ақ орай салар кебінге.

 

Араз қылып ағайынның арасын,

Ағаның да жыртқызады жағасын.

Осы шайтан жалғыз ұлды жат қылып,

Кеудесінен бір тепкізген анасын.

 

Шайпау мінез шайтандарды жоқ деме,

Жаныңда жүр жаның шығып кетсе де.

Өкіндіріп өлтіретін тағы сол,

Өз-өзінен бүлінбейді ештеңе.

 

Көз көрмейтін жауың да сол көбінесе,

Жеңгізбейді ақыл – мінез жеңбесе.

«Сабыр түбі – сары алтын» деп жатамыз,

Сабырыңды сарқа көрме, ендеше!

 

САТҚЫН

Сатқын адам көрінбейді көп көзге,

Бірге жүрер келгенде де, кеткенде.

Төредей боп төріңе де шығады,

Төс қағысып, төбең көкке жеткенде!

 

Дастарханнан тойып ішіп адал ас,

Адам болып көрінеді аралас.

Жауыңды да жайратқысы келеді.

Жалаңдатып ақ сапысын жалаңаш.

 

Құдай қосқан «достығын» да көз қылып,

Айтқанына алар әбден көндіріп.

Көп алдында мақтауыңды асырар,

Көбік ауыз сөздеріне сендіріп.

 

Аңқау жүрек, аңғал көңіл не білсін,

Сол айтқандай сезінеді өзін шын.

Адам байғұс періште емес, пенде ғой,

Арам адам қайдан көзге көрінсін.

 

Сатқындар да керек бізге тегінде,

Сақтанып бір жүру үшін өмірде.

Біздің қоғам – сатқындардың қоғамы,

Бірін-бірі дайын жүрген көмуге.

 

Қарауылдап саптаяқтың сабынан,

Қан жұтқызған сатқынға мен жарығам.

Ол өзінің сатқындығын біледі,

Мен де білем, білгенменен не қылам!

 

Не қыламын, жүре берсін ол дағы,

Жұғып қалған кір сияқты қолдағы.

Сатқындығын бір адамға жасаған,

Мың адамға жұқтырмаса болғаны...

 

ҚАҢТАР

Қалбалақтап қарсы алушы ек Қаңтарды,

Хан көтеріп Аяз ата-кәрі шалды.

Былтыр қаңтар быт-шытымды шығарды,

Бытырадай шашыратып ортамды.

 

Отыз жылғы Егемендік қолдағы,

Қолымыздан сусып кете жаздады.

Аңқау жұртқа аяқ асты бас салды,

Аждаһалар алпыс екі айлалы.

 

Туыстықтың нұры шалқып туынан,

Ел едік қой, ақ айрандай ұйыған.

Қайдан ғана суық қанға айналды,

Жылдар бойы бой жылытқан жылы қан.

 

Қайдан ғана қатігездік басталды,

Қызыл қанға айналдырып ақ қарды.

Артымыздан жүгіретін аңқылдап,

Қалай ғана жазғырамыз жастарды.

 

Қалай ғана жау етемін баламды,

Көш түзесем көбейтетін қарамды.

Онда менің білмегенім сауапты,

Онда менің білмегенім обал-ды.

 

Қауға сақал, кең балақтың ісі ме,

Қара құрттай кіріп алған ішіме.

«Балық бастан шіриді» деп жатамыз,

Тақта отырған тақсырлардың күші ме?!

 

Көкейімде көбейеді көп сұрақ,

Оны ойласам, қаным кетер атқылап.

Қаңтар кетті, «тәубәмызға» келтіріп,

Қайғы-шері ұмытылған жоқ бірақ...

 

ҚАСҚЫР

«Қасқыр жауыз» дейміз-ау, «қасқыр жауыз»,

Қасқырдан да қанды ғой біздің ауыз.

Бір адамды жек көрсек, жеп қоямыз,

Бір адамға кектенсек күл қыламыз!

 

Бөлек-бөлек жортамыз бөрі құсап,

Бөлінбесек, қалардай бәрі жұтап.

Бауырларды бас салып, сүйіп, құшып,

Бауырына басатын, кәне, құшақ?!

 

Қасқыр екеш қасқыр да аймаласып,

Бір үйір боп кетеді тауға қашып.

Ал, адамда аяу да, қайыр да жоқ,

Қапын тапса жіберер қан жалатып.

 

Зорлайтын біз  бес жасар қыз баланы,

Қорлайтын біз – ер кіндік ұл баланы.

Сабайтын біз – өсірген ата- ананы,

Тонайтын да халықты – біз баяғы.

 

Қасқыр жесе адамдар атып алар,

Бассыздықтың құны боп басы қалар.

Адам кетсе түрмеге, аз-ақ жылда,

Ағайындар гүлменен тосып алар.

 

Біздің қоғам барады бассыз болып,

Жауыздықты айта алмай, жақ күрмеліп.

Бара-бара адамның барлығы да,

Кете ме деп қорқамын қасқыр болып.

 

ТЕЛЕФОН

Телефонды қайдан алдым «Жүз» деген,

Сөйлесе алмай жүріп едім кімменен.

Елдің бәрі бүгін соның бетінде,

Ала таңнан алысады түймемен.

 

Түйме басса, кісі шығып кіл өгей,

Түймедейден пәле жасар түйедей.

Тұлпар болып кісінейді құлындар,

Сұңқар болып сұнқылдайды шүрегей.

 

Ақылды да, ақымақ та осында,

Ауызына келгендерін шатуда.

Салар ма еді, шіркін, бәрін көкпарға,

Салаңдатып салып алып тақымға.

 

Өсек, өтірік өрши соққан дауыл дау,

Мүмкін емес бәрін ойға қабылдау.

Мүмкін емес мұндай кезде жұқармау,

Мүмкін емес мұндай кезде ауырмау.

 

Кіріп кетсең «Ютуб» пенен «Ватсапқа»,

«Күмп» етесің түпсіз терең батпаққа.

Қыз-келіншек көпе-көрнеу арт ашып,

Көпе-көрнеу жібереді боқтап та.

 

Құлақ сарсып құр уәде, құр сөзден,

Жалығасын жақ ауыртып күйсеуден.

Адамзатты жаулап алған соғыссыз.

Алақандай телефоннан үркем мен.

 

Беу-беуіне бесіктегі сәби зар,

Жылап жатса соны тыңдап, дамылдар.

Адамзатты байлап, матап тастайтын.

Алақандай телефонға таңым бар.

 

Таңданамын, қорғанамын, қорқамын,

Аяқ асты қалатындай аңсарым.

Ыбылыстай ішке кіріп барады,

Жұдырықтай телефоны қалтаның...

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар