Мектебімізде бір оқушы қыз болды. Кескін-келбеті әлі күнге көз алдымда. Ешкіммен тіл қатыспай, ешкімге мезірет жасап, ишара да қылмай, жалғыз өзі меңірейіп жүретін де қоятын. Оның бір де бір рет күлімдегенін, әлдекімді жақын тартып сөйлескенін көрмеппін. Қашан көрсең, томаға-тұйық қалпында, өз-өзімен бұйығы тартып, мектеп дәлізінің бір бұрышында терезеге көз салып, ойға шомып тұратынын байқайтынмын. Кейде, дәл осы ұстынына қарап, оны не мылқау, не ақыл-есі кембағал деп те ойлап қалуыңыз мүмкін еді. Алайда, оның тағдыры сіз бен біз көретін көкжиектен, біз еститін кеңістіктен тым ары, тым тереңде жатқанын мен кейін барып білдім...
Үндемес қыз
(баллада)
Мектепте “үндемес”
бір қыз жүретін,
Көзінде күн жылайтын, түн күлетін.
Еш адам ұға алмайтын оның хәлін,
Ұққаны шын мүсіркеп үлгеретін.
Жалғыз сөз айтпаса да, жан адамға,
Ол қыздың мұңын күллі ел білетін.
Жанарды жалт қаратар,
жәудір ме еді?...
Қарашығы,соншалық мөлдір-еді.
Қою қара қасында бұлт іркіліп,
Көзінде көктемге ұқсас сел жүреді.
Маңдайын сипамаған жазмышындай,
Маңдайдағы кекіл тек селдір еді.
Жалғыздықтың ұққан кім жан-жүрегін?
Анасы, жесір еді, бар білерім...
Бірге туған бауыры бар болатын,
Сол еді,
көңілінің жалғыз емі.
Бір күні сол анасы мұны тастап,
Тұрмыс құрды,
О, неткен тағдыр еді?
Інісі бірге кетті анасымен,
Секілді ғайып болған таң тілегі.
Анасы ерте кетіп, күн шығардан,
Сол таңнан оянған қыз,
үнсіз қалған,
Аспаны астаң-кестең төңкеріліп,
Жетім боп, жар астында тілсіз қалған.
«Ана» дейтін ең тәтті сөзді ұмытып,
Жапырағы жұлынып, гүлсіз қалған.
Есімде, бар болатын әжесі оның,
Дейтін ол, жалқы қызды
«Тілсіз, қарғам»
Шамшырағы бір күнде жанып, сөнген,
Көздерінен мен оның «ғаріп» көргем.
Тақсірет пен тағдырдың қас-қабағын
Қаршадай сәттерінде танып, көнген.
Ойынның баласы боп ойнамаған,
Шаттықтың шұғыласын тойламаған,
Үндемес есіміндей күбірлеген,
Жалғыздықтың мұңына қанықпын мен.
Дейтіндей, дүние, шын тасимысың?
Мұңлық қыз тағдырына бас иді шын,
Анаңның «айналайын» дегеніне,
Дүниеде қандай бақыт татиды шын?
Ең жақын екі адамың тастап кетсе,
Айтшы өзің, күлемісің,
жасимысың?
Күн сайын шырқырайтын жаны оның,
Күн сайын сыздаушы еді тәні момын.
Өмір дейтін ең ұлы ұстазының,
Күн сайын алатын ол тағылымын.
Шарқ ұрған шындығындай тағдыр анау,
Қай қолдар кесті бұлай бақ-ырымын?...
Сезініп сағыныштың ащы зарын,
Сарқып-сарқып алатын жан шуағын.
Әжесі кейде сипап арқасынан,
Сүйетін пәк көзінің тамшыларын.
Сонда ғана,
Ол үнсіз егілетін,
Тәңірінен сұрайтын тамшы бағын.
«Анам болса, қасымда,шіркін,арман?!
Арылар ма ең, дүние-ай, бар күнәңнан?»
Інім болса, қасымда, беу, дариға,
Иіскеп шығар ма ем бар құмардан...
Балалықтың несібін қайта теріп,
Алдар ме едің бір сәтке, түлкі жалған?
Өксіктей тамағында тұнып қалған,
Бақыттай мәңгі есігі құлыпталған.
Осы ма дүниенің бар қызығы?
Тар жол,
тайғақ кешумен тұйықталған?
Осы ма балалықтың бар шындығы,
Мен туғанда бармағын бүгіп қалған.
Сырласып дәл осылай тағдырымен,
Сырласып, жылдар дейтін жан мұңымен.
Қоңыр үйден шығатын мектебіне,
Үнсіз- тілсіз жүздесіп барлығымен,
Үйге қарай қайтатын содан кейін,
Жалғызаяқ жол кешіп жаңбырымен.
Шіркін-ай,
Үндемес қыз үн қататын,
Күн туса екен Жаратқан жарлығымен.
Жетімнің көзі айтатын қасіретті,
Жесірдің сөзі айтатын тақсіретті.
Үндеместің үні боп естілмейтін,
Әлдекімге кіжініп ес білмейтін.
Мен де нала құшқанмын,
Үнсіз жылап,
Құлағымда қалғандай тілсіз сұрақ.
Анасын күткен қыздың бейнесіндей,
Бауырын тосқан бейбақ жейдесіндей.
Үндемес сол бір қыздың тағдырының,
Ерте үзілген ең қымбат түймесіндей.
Жазмышыма үн қатқам,
Арзу айтып,
Сол қызға тіл бітіргей, күй кешіргей!
Ей,бейбақ, аналар-ай, ағыл-тегіл,
Түскендер аз емес қой күйге сендей.
Сәбиіңді ешқашан тастап кетпе,
Үндеместің күйреген күймесіндей.
Бақыт іздеп, баз кешіп кетсең дағы,
Ана бағы - ең ұлы үйлесім ғой.
Көз алдымда сол қыздың кескіні әлі,
Жетімдіктің бейдауа бейнесіндей.
Ұлылық
Ар алдында айнымаған сертінен,
Жанның бәрі шынайы.
Жан мен тәннің арпалысы, өртінен,
Ол жеңеді ұдайы.
Ол жеңістің сондай ғажап шаттығы,
Желбірейді туы нық.
Ол аңсардың басылмайды еш аптығы,
Күн кеше алмас суынып.
Жалқы сөзі дәтке қуат,Тәңірдей,
Тіл қатқаны жылылық.
Жүрегімді жаулап алған Әмірдей,
Тәнті етеді ұлылық.
Тынысы оның ауада жүр, өмір боп,
Әміршісі ол сезімнің.
Ол жымиса, жарқырайды көгімде от,
Тамыршысы ол төзімнің.
Адалдық деп оған өзім ат қойғам,
Құп алғанмын шешімін.
Құдірет пе ең?!
жанарымда қап қойған,
Ғұмыр болсын,
енді екінші есімің!
Өлеңнің періштесі
Қарашы, әне!
Өлеңнің періштесі,
Аңғалдығын ғаламның сеніп кешіп,
Адалдықты сүюден жалықпайды.
Қанатымен қауырсын қалықтайды.
Алданбаған арманның иесіндей,
Мөлдір таза бір мұңның киесіндей,
Жараланып жатса да нәзіктігі,
Іздеймейды ол,кінәлі, жазықтыны.
Сатқындықты сезінсе, жылап қалып,
Тағдырының әр сәтін сұраққа алып,
Сол періште күйімен кешірімді,
Өлең болып тербейді бесігіңді.
Өмір болып оятып сәби күнді,
Өмір болып жұбатып фәни мұңды.
Саф ауасы секілді ғаламыңның,
Тұнықтығы секілді жанарыңның.
Аңғырттығы күн кешіп бала шақта,
Үміт сыйлап барады болашаққа.
Көзің салшы, періште жыр құсына...
**
Жүз жыл уақыт,
Болсаң да көзден жырақ,
Бойымда әлі, сол бір күн сезген қуат.
Өмір сүрдің жүректің түкпірінде,
100 жыл уақыт,
дәл бұлай күтті кімдер?!
Құрсақтағы сәбидей ең кінәсіз,
Кеудемдегі сенімдей ең шүбәсіз,
Өмір сүрдің, жазықсыз өлеңімде,
Саған сенген риясыз әлемімде.
Мен ұнатқан аяулы таң шығында,
Жанарымнан сырғыған тамшы мұңда.
Мезеттерде алғаусыз ғашық болған,
Сәттерімде бақыттан тасып, толған.
Үміт артқан кезім боп елжіреген,
Қарашықта сезім боп мөлдіреген.
100 жыл уақыт- өлмеген ғасырымдай,
100 жыл бойы аңсаған асылымдай.
Сыр сандықта жасырған алтынымдай,
Жанардағы сөнбеген жарқылымдай.
Өмір сүрдің мәңгілік арман болып,
Мені алдаған ең сұлу талғам болып,
Мен өзіңе серт берген сағыныштай,
Қалай жүргем, сонша жыл алып ұшпай?
100 жыл уақыт ,
Аз емес тағдырыма,
Жасынына, жүректің жаңбырына.
Сен мәңгілік екенсің, Құдайым-ау,
Мен тағы да тәнтімін жарлығыңа!
***
Бір күндері,
Біз жәй ғана малтатасқа айналып,
Жәй тастардай уақыт мүжіп, шайналып.
Көзден ұшып,
бал-бұл күндер шалқыған,
Арқыраған қуат кеміп нарқыңнан.
Географтың картасындай қолдағы,
Жер бетінің секілденіп соңғы әні.
Біз жәй ғана өткен болып қаламыз,
Біздер жайлы айтыла ма бар аңыз?
Солтүстіктің ендігіндей жырақтап,
Варварлардың мұздағында тұрақтап.
Біз бір күні жәй елестей мұнартып,
Өткен күнге,
кеткен күнге мұң артып.
Күмілжумен күрсінгенде даламыз.
Біз жәй ғана сағыныш боп қаламыз.
Сағымға ұқсап із жатады артыңда,
Өлгендердің болар ма құн даңқында?!
Ұрпағымыз бір ұлағат іздесе,
Үркердейін бір үмітті үзбесе.
Кім біледі,
артар мүмкін бағамыз?
Ал, әзірше,
өткен күннің бәрі аңыз.
***
Көрдің бе анау,
қараңғы кәрі ағашты?
Қатал күзге бар тәнін жалаңаштап.
Жапырағын жоғалтқан жесір қалпы,
Көз жасымен ұқтырып өмір даңқын.
Дат айтпақшы болады мына әлемге,
Қайран жастық,
ол мәңгі тұра бермес.
Біз кейде байқамаймыз айналаны,
Кәрі ағаштар тербелген қайғы алаңын.
Мәңгі сұлу болардай, мәңгі жасыл,
Ұшырамыз көңілдің қарлығашын.
Қанатынан қайрылған өмір құсын,
Көрсең дағы сен қалай, көңілдісің?
Сезбейсің бе,
Тым қатал өмір заңын,
Көз алдыңда мезгілдер құбылғанын.
Анау кәрі ағаштай ертең бәрі,
Қуаныш пен
бақыт та, келтең дәмі.
Құлпырып бүгін жүрсең,
көктем болып,
Қартайғанда күдікке өкпең толып.
Қимай-қимай іздейсің жастығыңды,
Сұлулыққа, сезімге мас күніңді.
Оралмайды ол көктем,
жаз да сұлу,
Жылап қалған өмірде аз ба сұлу?!
Неге, ендеше, қашамыз ақиқаттан?....
***
Ештеңе жоқ,
ішімде тек бұрқасын,
Жан бұрқасын, тән бұрқасын, бұрқасын.
Жылы жаққа ұшпай қалған құспын мен,
Мекендейтін жаз бен қыстың ортасын.
Жүректе тек Тәңір қалды, тілекте,
Жалғыздықтан дейсің бе сен қорқасың?
Күн қабағын керсін мейлі, түн қасын,
Елеместен, жанның шерін, көз жасын,
Тәрк еткенмін сағыныштың күйін мен,
Шанағына құйып тастап қорғасын.
Шертілмеген қобыз сарын ішімде,
Жалғыздықтан дейсің бе сен қорқасың?
Соқсын дауыл,
Соқсын боран, жел мейлі,
Деуші едім мен,
«Мендік жалын сөнбейді»
-Сол сертіңнен қалай ғана тандың? деп,
Жалғыздығым күні-түні тергейді.
Селт етпеймін, бұрқасыным ішімде,
Уіліне уіл қосқым келмейді.
Сағыныш па?
Тәрк етілген аңсар ма?
Сол аңсарға, болушы еді жан сауға.
Астаң-кестең арманымдай айыпты,
Жүрек енді бата алмай жүр аңсауға.
Жан мен тәнім дат айтатын жалқы күн,
Болар ма екен,
бақыт дәмін тамсауға?...
Жүрексіз
Селт етпейтіндер жүрексіз келер,
Жүрексіз келер бәрінен,
Қорқатын болсаң, шын қорқу керек,
Жүрексіздердің кәрінен.
Кеудесіндегі жұмыр етінде,
Сезім болмаған жандардың,
Тозақтың оты жылтыңдап қарар,
Жанары, жүзі, әрінен.
Сыртқы кескіні адам секілді,
Ішінде бірақ, жануар.
Таң менен кештің, жүрексіз кешкен,
Тірліктің қандай мәні бар?
Гүлдерді жұлып, гүлзарды жұлып,
Жау болып нәзік мейірге.
Жүрексіз кешкен ғұмырдың кейпі,
Ұқсайды бекер сейілге.
Тікенектері…
онсыз да мынау көп болған мінсіз заманың,
Сүйе алмайтындар мен сенбейтіндерден,
құрылған құнсыз қоғамың,
Арман да жырақ, аңсар да алыс,
Жүрексіз жанға бәрібір.
Жаныңмен өртеп сүймейтін болсаң,
Өтінем, менен әрі жүр!
Көз жасымменен қайта маздатып,
сенімнің сөнбес шырағын.
Жүрексіздерді көзіммен жасқап,
қасқайып қарап тұрамын.
Тұнық
Ақын Айдын Байысқа
Жалт еткен жалған ғұмыр көшіндегі,
Шын тұнық сағындырды, досым ба еді?
Жып -жылтыр адамдардан жалықтым мен,
Кей достан жалғыздығым көш ілгері.
Баз кешкен бигімінен мұң құласын,
Жұбатпа, жүрек бүгін шын жыласын,
Жұбана алмас сәттердің жалқылығын,
Ұғасың, себебі, сен сұңғыласың.
Жаныма жақын осы тұнықтығың,
Тұнықтың шын қадірін ұғыпты кім?
Тұнжырап өлең сүйген қарашықтай,
Аспан да байқайсың ба, тұнық бүгін.
Жалғыздықтан мың жылдық аршып алған,
Бір бақытым бар еді, жан суарған.
Шын күліп, шын жадырап, шын сүйінген,
Ол көзде бүгін тұнық тамшы қалған.
Ол көзде шат күндердің жоқ ұшқыны,
Ол көздің суық бүгін шын ұстыны.
Ол көзде қанат қағып ұшпайды арман,
Ол көздің түн күзетер тыныштығы.
Түсінер бар мұңымды тілсіз ғана,
Зеңгір тұр, кеудесінде күн сыздаған.
Жан сырын ұғынатын жалқы сөзсіз,
Өлең мен өзің бәлкім, үнсіз, дара.
Шын тұнық сағындырды, досым мені,
Жалт еткен жалған ғұмыр көшіндегі,
Жып -жылтыр адамдардан жалықтым мен,
Кей достан жалғыздығым көш ілгері.
