Жақында демалыста болып, А. Чеховтың «Шие бағы», «Үш апалы-сіңлілі», Тургеневтің «Деревнядағы жаз» дегендерін қайта қарап шықтым. Арада жүз жыл өтіп кетсе де бүгінгі уақыт пен сол дәуірдің ұқсас күйінен сондағы атмосфераны қайтадан сезінгім келді ме... Шамасы бұрынғының бәрі маңызын жоғалтқан, шын жаңа нәрсе әлі пайда болмаған осындай өтпелі кезеңде адам баяғы оқығанына қайта оралатын болу керк, өйткені дәл осы шығармалар ғана қазіргі уақытты түсіндіруге көмектеседі.
Қызық, ия, Чеховтың кейіпкерлері ертеден кешке дейін, жазда да, қыста да, жылдар бойы Мәскеуді армандайды. Біз де кейде өз «Мәскеуімізге» барғымыз келеді. Бірақ, біз оған жете алмай жүрген жоқпыз, біз тіпті соған қарай әлі шықпадық та...
Жас кезіңде сюжет қызық болады, ондағы дуэль, махаббат желісі... Ал қазір сол кейіпкерлердің неге жалығып, шаршағанын түсінесің. Әсіресе, бір кезде үлкен арманы болған, бірақ тұрмыс пен жағдай, ішкі қорқыныштары сол армандарын өшірген Андрейді түсінесің. Өзің де біртіндеп бәріне немқұрайлы қарайтын, ішкі күйзелісін цинизммен жасыратын Чебутыкинге айналып бара жатқан сияқты болып...
Олар да жүр екен
Кешегі саяси науқанға көп адам жұмылды. Жұмылдырылды. Олардың арасында Чеховтың кейіпкерлері де жүрді. Әсіресе, Ольгалар көзге көп шалынды. Ольгалар – мұғалімдер, дәрігерлер, қарапайым қызметкерлер үлкен идея айтпай-ақ, міндеттерін атқарып, ешкіммен, ештеңемен күреспей-ақ күнделікті өмірдің ауырлығын көтеріп жүрген, осы қоғамды үнсіз ұстап тұрған, тіпті артық жауапкершілік алып, кейде өле шаршап жүретін адамдар. Ия, қоғамды ұстап тұрғандар – сол Ольгалар, бірақ сол қоғамның өзгермей тұрғаны да – сол Ольгалардың «арқасы».
Тузенбахтар да жүрді кеше. Білімді, ойлана алатын, әңгімесі дұрыс адамдар ғой. Университеттерде, мәдени ортада жүрген, қоғамның мәселесін жақсы түсінетін, бірақ нақты билігі де, ықпалы да жоқ бұл топ қазір өздерінің білімінің пайдасыз екеніне көздері жеткендіктен көбіне бейтарап. Вершининдер келмеген шығар деймін, өмірдің күрделілігін түсінетін, бірақ өзінің тап қазір сүріп жүрген өмірін болашақтың құрбандығы ретінде қабылдайтын, содан да бүгінгі күнді емес, екі жүз жылдан кейінгі адамзатты ойлайтын адам өзгерімпаз мақсаттағы референдумге қатысуы мүмкін бе?
Айтпақшы, біздің ұғымда идеямен өмір сүретін адамдардың көбі, қоғамның болашағы жайлы, өркениеті, технологиясы туралы ойлайтын интеллектуалдар Алматыда көп шоғырланған, бірақ оның қатысу көрсеткіші төмен болыпты. Бір кезде оты бар, рухты еді деген адамдардың өзі «әй, қойшы» деп қолын бір сілтейтінін көріп жүрміз. Неге деген сұрақ артық. (Адамның мақсатқа бірнеше рет әрекет жасап, ақыры нәтиже шықпағаннан кейін кезекті әрекетті мағынасыз санауын Селигман «Үйреншікті дәрменсіздік» деп көрсетеді).
Ал Машалар ше? Ішінде ирония, сарказм, тіпті протестігі бар сондай адамдар бізде аз ба, көп пе, қалай ойлайсыз? Қоғамның екіжүзділігін сезетін, бірақ оны өзгертуге нақты механизм таппай жүрген Машаларды өзім де онша танымайды екем.
Ал, Ирина біздің жас буынға ұқсайды. Қарым-қабілеті жетерлік, шетелден оқып келіп жұмыс таппай, уақытша курьер болып жүрген жастардың қоғамнан не күткені бар? Ирина да пьесаның басында еңбек арқылы өмірдің мәнін табамын деп сенген, бірақ пьесаның соңына қарай өзіне-өзі сыймай кетіп, «В этом городе знать три языка роскошь. Даже и не роскошь, а какой-то ненужный придаток, вроде шестого пальца. Мы знаем много лишнего» , -дейтін еді ғой. Әрине, өмірінің мағынасына қатысты күмән әр адамның басында болуы мүмкін, бірақ, кейде адам не үшін өмір сүріп жатқанын анық түсінбей қалатын кездер де болады.
Наташалар келгенде...
Наташа! Уақыт соныкі! Пьесаның басында қоғамның «жоғары мәдениетіне» жатпайтын Наташа ұяңдау, тіпті күлкілі көрінген. Үш апалы-сіңлілі осынау киімі де, сөйлеуі де, талғамы да дөрекілеу көрінетін келіндеріне менсініңкіремей қарайтын. Бірақ пьеса жүре келе сол мәдениетті, білімді адамдар отырған үйдің шын иесі Наташа болып шыға келді. Әне! Алдымен ұсақ-түйектен, бөлмелерді ауыстырудан, үйдегі тәртіпті өзгертуден бастаған Наташа біртіндеп бұрыннан сол үйде өмір сүріп келе жатқан адамдарды ығыстыра бастады. Мысалы, күтуші кемпірді енді пайдасы жоқ деп үйден қууы да.... мейлі, ол ескі өмірдің қалдығын тазарту мағынасы десеңіз де, ақырында ол бүкіл үйдің билігін толық өз қолына алды. Ольга, Маша, Ирина бәрін түсінеді, бәрін көріп отыр, бірақ ештеңе істемейді. Кейбір әдебиет зерттеушілері Наташаны Ресейге көп ұзамай келетін жаңа әлеуметтік күштің символы деп түсіндіреді, яғни ескі интеллигенттік мәдениет әлсіреген кезде оның орнын мүлде басқа типтегі адамдар басқаны, сол кезде билікке көбіне дәл осындай типтегі адамдар келгені рас. Олар бұрынғы мәдени элитаға жатпайтын, бірақ ұйымдастыруға, бұйрық беруге, билік жүргізуге шынымен-ақ қабілетті адамдар еді. Наташа да біздің жоғарғы эшелондағы бір адамдарды еске түсіреді: басқаруға қарым-қабілеті жете ме, жоқ па, оның шешімі халыққа жаға ма, жоқ па, ештеңеге күмәнданбайтын, ұлт мүддесі үшін ештеңе армандамайтын, қолынан келсе қонышынан басып билей беретін тип. Сондықтан оның күші басқалардан артық. Көрдіңіз бе, Чехов осы арқылы кейде тарихта мәдениетті, білімді, жаны нәзік адамдар емес, ең батыл және ең қатал адамдар жеңіске жететінін көрсетіп отыр.
Жеткізбейтін «Мәскеу»
Пьесадағы апалы-сіңлілер шынымен Мәскеуге оралуды армандай ма? Бұл жерде қала символ ғана, шын мәнінде олар өздерінің осы өмірлерінен жалыққан, қашып кеткісі келеді. Бірақ, құр армандай бергеннен не өнеді, одан да тез жиналып, «Мәскеу қайдасың» деп тартып отырмай ма? Жоқ, олар өйтпейді, мың рет аңсайды, айта береді, бірақ, ештеңе өзгертпейді. Бұл біздің осы қоғамға, жүйеге көңіліміз толмай, бір күні бірдеңе болатындай күтетінімізге, бірақ, сол өзгеріс тезірек болуы үшін өзіміз ешқандай әрекет қылмайтынымызға ұқсайды. Оларды да, бізді де тоқтатып тұрған нәрсе – сыртқы жағдай емес, өзіміздің ішкі күйіміз, үйреніп қалған өмірді өзгертуге қорқу, шешім қабылдай алмау, ертең бір нәрсе өзінен-өзі өзгеріп кетеді деген соқыр үміт қана. Адам табиғатындағы қайшылық қой: өзгерісті қалайды, бірақ тұрақтылықтан кеткісі келмейді, сосын мақсатын кейінге қалдыра береді, бітпейтін прокрастинация. Осылай Чехов адамдардың бақытты болғысы келсе де, сол бақытқа апаратын қадам жасаудан қорқатынын көрсетіп отыр. Бүгінгі адамдар да көбіне осындай күйде: жұмысы бар, бірақ көңіл толмайды, армандары бар, анық емес, қоғамды өзгерткісі келеді, бірақ нақты қадам жоқ Біз күту режимінде өмір сүріп жатырмыз. Ал бұл қашанға дейін?
Бірақ, өмірдің мәні дайын күйде келмейді дейді Чехов. Оны тек әрекет қана жасайды. Арман анық болмайынша әрекет болмайды, әрекет болмаса, өміріңді қалай өзгертесің? Ал өзгеріс болмаса адам өз ішінен үңірейген бос қуысты сезінеді. Кейде бұл ностальгиялық санадан да. Адамдардың өзі өткен уақытты тым идеалдандырып жіберетіні бар. Өткеннің бейнесі қазіргі өмірден әдемірек болып көрінеді, мысалы, біздің алдымыздағыларға совет кезі керемет сияқты, қылмыс аз еді, бәрі арзан еді, жұмыс бар, баспана тегін еді деп, біз, мүмкін, қартайғанда Назарбаев дәуірінің естелігін айтып отыратын шығармыз, кім біледі? Ностальгиялық санадағы қоғам болашақты құрудан гөрі өткенді еске алумен көбірек айналысады.
Бүгінгі әлем де дәл осындай өтпелі кезеңде тұр. Ескі жүйенің бәрі: саяси құрылымдар, экономикалық модельдер, мәдени құндылықтар дейсіз бе, бәрі өзгеріс тілейді. Мысалы, Чехов жазған осы пьесаның жазылған уақыты – Ресей империясының соңғы кезеңі. Артынша 1905 жылғы оқиға болды.
Енді не істеу керек?
Чехов пьесада адамдарды айыптамайды, тек олардың жағдайын көрсетеді. Адам өз өмірінің бос өтіп жатқанын түсінген сәттің өзі үлкен трагедия болуы мүмкін. Оның кейіпкерлері де өмірдің мағынасыз тұстарын көргенімен, қоғамның әділетсіздігін түсінгенімен, болашақтың басқаша болатынын сезгенімен, сол жаңа өмірді жасауға қажетті ерік, механизм болмағандықтан, рефлексияға ғана тұтқын болып қалған. Өйткені ең қауіпті түрме – адамның өз ішіндегі дәрменсіздігі.
Бұны бізге жат дей алмайсыз. Адамдардың қоғамдағы белсенділігінің төмендігі, ай сайын үстемдік алған қымбатшылыққа, өзгермейтін бюрократияға, тамыр жайған коррупцияға әбден еті үйренуі – әлеуметтік апатияның бірінші белгісі. Біз соны жасырғымыз келеді. Сөйтеміз де келешекке қатысты жасанды сенім жаратамыз. «Енді бұрынғыдай болмайды, бәрі өзгереді, жаңа қоғам, жаңа…» . Жаңа деп айта берсек, өзінен-өзі жаңарады деп ойлайтын болуымыз керек.
Вершинин айтатын сөз бар еді: «Шамамен екі жүз-үш жүз жылдай уақыт өткенде біздің осы өміріміз сыртынан қарағанда біртүрлі ауыр, қораш, ыңғайсыз, ерсі, тіпті қорқынышты, сонымен бірге күлкілі де көрінетін болады».
Енді не істеу керек? Оның жауабы да пьесада тұр. «Адам жұмыс істеуі керек. Қандай адам болса да, ол жұмыс істеуі керек. Бақыт деген сол жерде ғана». Осы өте қарапайым сөз пьесаның ішінде неге ерекше естілді? Себебі ондағы кейіпкерлер әрекетсіз. Тек үміт пен арман ештеңе шешпейді, қоғамдағы өзгеріс әрекет арқылы ғана болады.
