Туған тілден басталған ұлы поэзия

Расул Ғамзатовтың алғашқы өлеңдері 1930-жылдардың басында жазыла бастаған екен. Ал ақынның алғашқы жыр жинағы 1943 жылы небәрі жиырма жасында жарыққа шығыпты. Тұңғыш поэзиялық жинағы авар тілінде дүниеге келеді. Бұл – ақынның шығармашылық жолындағы алғашқы баспалдағы болатын.   

Туған тілден басталған ұлы поэзия - adebiportal.kz

Әлемге есімі танылу үшін – қаламгер әлемнің тілінде жазу керек деп жатамыз. Алайда бұл ұстанымға Расул Ғамзатовтың тағдыры өзгеше жауап берді. Ол әуелі еңбектерін өзінің ана тілі – авар тілінде жазды. Ғамзатов үшін туған жердің шекарасы – өлең-жырларының шекарасы болған емес. Уақыт өте оның поэзиясы Дағыстан тауларынан асып, адамзаттың мұң-мұқтажын, қуанышын, асқақ арманын жырлаған кең тынысты әдебиетке айналды. Қаламгер шығармашылығы туған тілдің қасиетін танып, өз халқының үніне құлақ асудан бастау алғандай. 

Ақын Дағыстанның таулы өлкесіндегі шағын Цада ауылында 1923 жылдың 8 қыркүйегінде дүниеге келеді. Ақынның әдебиетке келуі кездейсоқтық емес – қанмен берілген қасиет. Оның әкесі – белгілі авар ақыны Ғамзат Цадаса. Әкесінің жырларына қанық болып өскен бала Ғамзатов ер жете келе өзі де әдебиетке бір табан жақын бола түседі. Ол – өлеңді кітаптан бұрын халық ауызынан тыңдап өскен жан. Әкесінің жырлары, тау аңыздары, ертегілер мен шешендік сөздер ұлы ақынның әдеби әлемдегі алғашқы мектебі десек те болар. Қаламгер жайлы кей деректерде оның бала кезінде әкесінің авар тіліндегі аңыз-әңгімелері мен ұзақ-ұзақ жыр-дастандарын тыңдап өскені жайлы айтылады.

Осылайша таудан басталған тағдыр, ұлы поэзия әлеміне жол ашады. Нағыз өнердің жарқын үлгісіне айналған ақын жырлары әлемнің 80-нен аса тіліне аударылып, адамзатқа ортақ тақырыпта жазылған еңбектері шартараптағы оқырман жүрегінен жол таба білді. Оның поэзиясынан ескен тау самалындай еркіндіктің лебі – Ғамзатовқа ғана тән ерекшеліктердің бірі еді.

Жаһанға жетелер шығармашылық жолы туған тілінен бастау алған қаламгерден «Ақынның тілі – оның ұлтының жаны» деген ұғымды анық көруге болады. Себебі Ғамзатов үшін туған тіл – шексіз бір әлем еді. Адам анасының әлдиін алғаш қай тілде естісе, жүрегіндегі ең ыстық алғашқы сезімдер де сол тілде қалыптасатыны белгілі. Туған жер мен ұлттың тарихы –  сол ана тілімен астасып, адамның жадында орнығады дейміз. Ақынның туған тілге деген құрметі дәл осыны аңғартқандай. Ол рухани тамырынан алыстамай, ана тілінің тереңіне бойлай отырып, әлемге өз дауысын өлеңдері арқылы жеткізе білді. 

Расул Ғамзатовтың алғашқы өлеңдері 1930-жылдардың басында жазыла бастаған екен. Ал ақынның алғашқы жыр жинағы 1943 жылы небәрі жиырма жасында жарыққа шығыпты. Тұңғыш поэзиялық жинағы авар тілінде дүниеге келеді. Бұл – ақынның шығармшылық жолындағы алғашқы баспалдағы болатын.   

Кейін ол Мәскеудегі М. Горький атындағы Әдебиет институтында білім алады. Осы кезеңнен бастап, орыс және әлем әдебиетін тереңірек зерттеп, Пушкин, Лермонтов, Есенин, Маяковский сынды классик ақындардың шығармашылығымен танысады. Кейін олардың өлеңдерін авар тіліне аударады. Әлем әдебиетін оқып, тану оның өз тамырынан алшақтауына емес, қайта төл әдебиетінің мүмкіндігін тереңірек ашуға зор ықпалын тигізеді. Ақын – әлемдік поэзияның биігіне авар әдебиетінің үнімен көтерілген бірегей жан. 

Расул Ғамзатов шығармашылығының жаһанға кең таралуында аударманың да рөлі ерекше болды. Оның өлеңдерін орыс тіліне Наум Гребнев, Яков Козловский, Роберт Рождественский, Андрей Вознесенский және өзге де танымал аудармашылар аударған. Кейінірек шығармалары әлемнің өзге тілдеріне де тәржімалана бастайды. Нақтырақ айтсақ, туындылары түрік, қырғыз, өзбек, ағылшын, неміс, француз, испан, поляк, болгар, әзербайжан, татар, башқұрт сынды көптеген тілдерге аударылған. Ал авар ақынының шығармаларын қазақ оқырманына таныстырып, төл тілімізде тәржімә жасаған – Сағи Жиенбаев, Қадыр Мырза Әлі, Ғафу Қайырбеков, Сырбай Мәуленов, Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова сияқты майталман сөз шеберлері еді.

Бала кезінен сөз қадірін түсініп өскен қаламгер үшін әдеби әлемдегі ұстазы халық болды десек артық айтқандық емес. Расул Ғамзатовты тек авар халқының ғана ұлы ақыны деу жеткіліксіз. Ол –  әдебиеттің әлемдік деңгейге көтерілу мүмкіндігін анық көрсеткен ақын. Оның еңбектерінен ұлттық мүдде мен жалпыадамзаттық құндылықтарды, көне дәстүр мен жаңашылдық жайлы ойларды оқи аламыз. Қаламгер туындыларын парақтап отырып, терең мағыналы күрделі тұжырымдарды қарапайым тілмен оқырманға шебер жеткізгенін көруге болады. Тау жайлы жырлап отырып, туған жерге деген сағынышты, ана жайлы айта келе, шексіз махаббаттың өлшемін, тіл туралы жазып, ұлттық құндылықтар мен тарихтан сыр шерткендей әдемі әсер қалдырады. Бұл да ұлы ақынның шеберлігі дер едім. Бәлкім, содан да болар, Ғамзатов поэзиясы уақыт өткеліне бағынбастан, қай ғасырда болмасын өз биігінде қалды.

Ғамзатов шығармашылығында ақынға танымалдылық әкелген тағы бір ерекше әлем – соғыс тақырыбы. Ол соғыс тақырыбын майдан даласындағы кезекті оқиға ретінде емес, адам жүрегіне жаралы ізін салған мұң ретінде жырлаған. Соғыс бір адамның ғана өмірін талқан қылмайды. Ол ананы баласынан, әйелді азаматынан, баланы әкесінен айырып, отбасын толық күйретіп кететін ауыр жағдай. Содан да болар автордың соғыс туралы өлеңдері тарихи деректен гөрі адам баласына ортақ эмоционалды күйге жақын. Оған дәлел – әлемге кеңінен тараған «Тырналар» атты өлеңі. Бұл шығарма өз дәуірінде соғыс құрбандарының рухын еске алу символына айналып, көпшілік оқырман жүрегінен орын тапты. Ақынның ұлы поэзиясы соғысқа қатысты тақырыпты ұлттық шеңберден асыра, жалпыадамзаттық қасірет деңгейіне көтергені де ақиқат. 

«Тырналар» өлеңіндегі:

Кейде маған – қайтпай қалған майданнан,

Қайран ерлер – ерте үзілген гүлдердей,

Қабірде емес, сонау биік заңғарда

Аппақ-аппақ құс боп ұшып жүргендей, 

- деген жолдарынан майданнан қайтпай қалғандарды заңғар биікте қалықтаған аппақ құсқа теңеп, жаралы жүректерге басу айтқандай. Көкте қалықтаған құстардың тізбегінен үлкен философиялық астар мен терең ой алып шығу – Ғамзатов шығармашылығының тағы бір әдемі әдісі еді.

Авар халық ақыны, әлемдік деңгейдегі жазушы Расул Ғамзатов 2003 жылы өмірден өтті. Бірақ оның әлемге қалдырған ұлы мұрасы – шығармаларында көтерген тақырыптар бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Оның өлеңдерін жас ұрпақ жаттап, шығармаларын жаңа буын оқуда. 

Қарап отырсақ, Ғамзатовтың әдеби мұрасы оқырманына қарапайым, бірақ маңызы жоғары ақиқатты еске салатындай. Ол – әлемдік әдебиетке апарар жолдың өз ана тілінен бастау алатындығын көрсете алған тұлға. Әр ақынның ана тілі – оның алғашқы мектебі десек, туған жері – тұңғыш кітабындай. Ал ел-жұрты – оның алғашқы оқырманы. 

Қаламгер еңбектері – бір халықтың ғана мұрасы емес. Ол – ана тілінен бастау алып, барша адамзатқа жеткен ұлы поэзияның жарқын үлгісі.

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan